Ата салтың - асыл қазынаң

Автор: Пользователь скрыл имя, 26 Ноября 2011 в 07:06, реферат

Краткое описание

Асар- бір отбасының қолынан келмейтін жұмыстарды атқару үшін бір ауылдың адамдары «асарға» шақырылады.Мысалы, үйсалғанда, мол егін жинағанда, тағы сол сияқты көлемді, ауыр жұмыстарға шақырылады.Асарға келушілер еңбегі үшін ақы талап етпейді.Оның есесіне асарға шақырушы адам оларға арнайы мал сойып, қымыз құйып, жақсы тамақ әзірлеп, тойғызады. Асар- қазақ елінің ұжымдасып жұмыс істеуінің әдемі бір көрінісі.
Ақ жол (ырым). Бұл ырым бойынша күйеуінің көзіне шөп салмаған әйел жаралы адамның үстінен аттап өтсе, ауру жазылады. Егер аттаған әйел күнәлі болса, ауру табан астында өледі.

Файлы: 1 файл

Ата салтың.doc

— 1.64 Мб (Скачать)

Қараша айында Тастөбе деген жерде шешуші шайқас болады. Қанша ерлікпен шайқасқанымен, көтерілісшілер орыстың отты қаруына төтеп бере алмай, жеңіліске ұшырайды. Жазалаушылар көтерілісті аяусыз басады. Тұтқындарға 500-ден 2000- ға дейін дүре соғып, Сібірге айдайды.

Аман қалған жігіттермен Исатай Жайықтан өтіп кетеді. Хиуаға хан болам деп жүрген Қайыпқали сұлтанмен уақытша келісім жасап, Исатай 1838 жылы Баймұхаммед сұлтанның ордасына шабуыл жасайды. Осы шайқаста Исатай жау қоршауында шабуыл жасайды. Осы шайқаста Исатай жау қоршауында қалып, қаза табады.

ҚАСЫМҰЛЫ КЕНЕСАРЫ ХАН

Қасымұлы Кенесары хан (1802-1847) – Қазақ хандығының соңғы ханы, ұлт азаттық көтерілісінің әйгілі басшысы. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. Бабасы қазақтың атақты ханы Абылай. Арғы аталары Шыңғыс ханның Жошы деген үлкен баласынан тарайды. Абылайдың әйелі қалмақтың Хочу мерген ноянның қызы Топыштан Қасым сұлтан туады. Кенесары осы Қасым сұлтанның баласы.

1822 жылы Ресей өкіметі Кіші жүз бен Орта жүздегі хандық билікті жойып, аға сұлтан мен сұлтан әкімдер билігін енгізеді. Сөйтіп, Ресей өкіметі қазақ елінің ішкі тірлігіне тікелей араласып, өз үстемдіктерін жүргізе бастайды. Осыған қарсы шыққан Кенесары хандық басқару жүйесін қалпына келтіруге күш салады. Ол өз ойын Ресейдің жергілікті әкімшілігіне, сонымен қатар патшаның тікелей өзіне де жеткізеді. Бірақ патша өкіметі Кенесарының талаптарын орындаудан бас тартады. Сондықтан да ол өз мақсатын күшпен жүзеге асыруға кіріседі.

Кенесары көтерілісін жер жерден қолдаушылар көбейеді. Өйткені патша әкімшілігі қазақтардың жерін тартып алып, әскери бекіністер сала бастайды. Көшпелі ел ата қонысынан айырылып, мал жаятын жаңа жер іздеуге мәжбүр болды.Оның үстінен патша үкіметінің алым салығының ауыртпалығы да оларды діңкелетіп біткен еді. Осының бәрі қазақ қауымының наразылығын күшейтіп, оларды Кенесары бастаған көтерілісті жан жақты қолдауға итермеледі. Көпшіліктің қолдауымен Кенесары 1841 жылы Қазақ хандығының ханы болып сайланды.

Патша өкіметі кесіп алған жерлерді заңды иесіне қайтару жолындағы күресте Кенесары әскери күштерді ұйымдастыру барысында Орта Азия хандықтарының тәжірибесіне сүйенеді. Ол өз әскерін жүзге, мыңға бөліп жүзбасылар мен мыңбасыларды тағайындады. Әскер тәртібін бұзғандар қатал жазаланды.

Кенесарының сыртқы саясатының басты мақсаты Тәуелсіз Қазақ хандығын құру болатын. Ол осы мақсатын жүзеге асыру үшін Орта Азия хандықтарынан өзіне сүйеу іздейді, олардың ішкі ісіне араласып, билеушілерін өз жағына тартуға күш салады. Хиуа ханы мен Бұқар әміріне өз елшілерін жіберіп, байланыс орнатады. Орта Азия мемлекеттерімен сауда көлемін ұлғайтып, олардан өздеріне қажетті қару жарақ, оқ дәрі алып тұрады.

ҚОҢЫРБАЙҰЛЫ АҒЫБАЙ

Қоңырбайұлы Ағыбай (1802-1885) – қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен әйгілі батыр, қолбасшы. Қазақ ханы Кенесары Қасымовтың Ресей отаршылығына қарсы жүргізілген көтеріліс басшыларының бірі. Туып өскен жері Қарағанды облысындағы Балқаш, Бетпақдала алабымен жапсарласып жатқан Арқаның Қызылтау, Ортау, Ақтау, Ұлытау деп аталатын сілемді таулары. Топырақ бұйырған жері – Ағадыр елді мекенінің оңтүстігінде 80-90 шақырымдай жерде ағып жатқан Қаратал өзенінің бойы, Тайатқан, Шұнақ тауларының алқабы. Ағыбай батырдың шыққан тегі Орта жүз Арғын, оның ішінде Шұбыртпалы руынан өрбиді. Нағашы жұрты Орта жүздің ноқтағасы Тарақты елі. Абылай ханның сенімді серігі, әрі ту ұстаушы батыры Наймантайұлы Байғозының Қойсана есімді қызы Ағыбай батырдың анасы. Тарихтан белгілі Абылайханнан тараған ұрпақтың ішінде Қарақалпақ қызы Сайман ханымнан туған Уәлихан бастаған балалары амалсыздан Ресей отаршылдығына мойын ұсынды да қалмақ қызы Топыш ханымнан туған Қасым бастаған балалары Ресей отаршылдарына қарсы бітіспес күрес жүргізіп өтті. Қасым сұлтан өз тұсында Көкшетау өңірінде орыс әскерінен қысым көріп, Арқаның бетпақ даламен жапсарлас өңірін қоныс ететін Қаракесек, Шұбыртпалы, Тарақты руларының жеріне ығысуға мәжбүр болған. Ағыбай батырдың да азаттық күресіне ертерек араласуы осы Қасым сұлтанмен, оның баласы Кенесары ханмен етене аралас, мүдделес болуынан басталады. Ресей империясының отаршылдың саясатына қарсы 1824 жылы Қарқаралы аймағында болған көтеріліске белсене қатысқан ағыбай алғаш рет ерлік-батырлығымен, тапқырлық-табандылығымен көзге түседі. Мұнан екйін де 1826, 1827, 1829, 1832 жылдары Ресей әскерімен болған қақтығыстарда Ағыбай батыр өзін ел үшін белін бекем буған қаһарман батыр, қабырғалы қолбасшы ретінде танытады. Ресей отаршылдығына қарсы Орта Азиядағы түркі тілдес халықтармен бірігіп, күрес жүргізу мақсатымен елшілік келісімдерге қатысады. Қасым сұлтан ташкенттік Бегдербектің қолынан қаза тапқан соң, Шу бойындағы Бесқұлан деген жерде Ағыбай бастаған қазақ қосындары өзбек әскерлерін тас талқан етіп жеңіп, Түркістан аймағын өзбек ықпалынан сейілтеді. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт азаттық соғысы қарқын алған кезде, 1837 жылы Айыртаудың етегінде Кенесарыны Орта жүзге хан етіп көтергенде, Ағыбай батыр да бір ауыздан бас сардар әскер басы болып тағайындалады. Кенесары ханның тікелей басшылығымен Ағыбай батыр бастаған қазақ қосындары Ресей империясының Қазақстандағы тірек орталықтары Қарқаралы, Ақмола, Ақтау, Екатеринбург бекіністеріне шабуыл жасап, орыс әскерлеріне Ырғыз, Тобыл бойындағы ұрыстарда, Қызылжар, Көкшетау шайқастарында талай рет ойсырата соққы береді. Кенесары хан бастап, 1847 жылы Кекілік тауында қырғыздармен болған қанды шайқаста Ағыбайдың қолы шепті бұзып шығады. Осы шайқаста Кенесары өлген соң да Ағыбай батыр Ресей өктемдігіне қарсы күресін тоқтатпайды. Ресей үкіметінің қамалдарына өз бетінше шабуыл ұйымдастырып, кейін Сыздық төре бастаған отаршылдыққа қарсы бағытталған қозғалысқа қосылады. Салт атты әскери тактиға жүйрік Ағыбай батырды замандастары «Ақжолтай батыр» деп атап, оның есімін ұранға қосқан. Ағыбай қартайып бойынан қуат қайтқан шағында ауыл елін егіншілікке, балықшылыққа жұмылдырып, бас көз болған. Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін барлық өмірін арнаған Ағыбай батырдың өмір жолы қазақ тарихшылары мен қаламгерлерінің еңбектеріне арқау болған.

ӨТЕМІСҰЛЫ МАХАМБЕТ

Өтемісұлы Махамбет (1804-1846) – қазақтың әйгілі ақыны, күйші композиторы, отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов бастаған көтерілісті (1836-1837) ұйымдастырушылардың бірі, осы көтерілістің жалынды жыршысы. Туып өскен жері Ішкі Бөкей ордасының Бекетай деп аталатын өңірі. Бұл қазіргі Орал облысының Жәнібек ауданына қарайтын жер. Шежіре дерегі бойынша он екі ата Байұлының бір бұтағы Беріш ішінде Нәдір деген кісіден Мәлі (кейбір деректе Құлмәлі, Құлманияз деп айтылады) туады. Мәлінің қазақ әйелінен Өтеміс пен Шыбынтай, қалмақ әйелінен Қобылай туған. Өтемістен он ұл, Шыбынтайдан төрт ұл, Қобылайдан үш ұл туып, Мәлі ұлдың өзінен он жеті немере сүйген адам. Бұл әулет Тайсойған құмындағы іргелі ауылдардың бірі.

Махамбет өзінің барша болмыс қасиеттерімен көшпелілер арасындағы көсем тұлғалардың бірі. Ол өзі туып өскен өңірдің Қамбар батыр, Ер Тарғын, Сыпыра жырау, Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Жиембет, Доспамбет сияқты біртуар тұлғаларының өлмес мұраларын көкірегіне тоқып өсті. Өзі өмір сүрген заманның ағымына жүйрік, қыр сырын жетік меңгерген, көзі ашық, көкірегі ояу, білімдар адам болған. Орыс, татар, араб тілдерін тәуір меңгерген. Мұны ол жазған хаттардан айқын аңғаруға болады.

Махамбет Ресей отаршылдығының барша ауырлық тауқыметін көзімен көріп, оның барша зорлық-зомбылығын басынан өткеріп, ғұмыр кешкен адам. Сондықтан да 1836 жылы әбден шыдамы таусылған халық теңіздей толқып көтерілгенде, осынау тегеурінді дүмпудің дем берушісі Махамбет болды. Ол Исатай батырмен бірге арыстандай ақырып, азаттық туын қолдаса көтеріп шықты. Азаттық үшін күрес Махамбеттің бүкіл өмірінің мазмұнына айналды. Ұлттың азаттығы мен халықтың әлеуметтік теңдігін Махамбет жеріне жеткізе жырлаған әйгілі ақын. Ол поэзияда қандай дара болса, күй өнерінде де сондай дара.

Махамбет көшпелілер өркениетінің осынау жарық дүниемен шарқырап тұрып қоштасқан соңғы  үні. Жалына қол тигізбейтін көшпелілердің  қыл сағағын тағдыр тұзағы қылқындырған сәтте асау рухы Махамбет болып тұяқ серпігендей. Қазақты ұлт ретінде  даралап, тарих сахнасына шығарған көшпелілер мәдениетінің буырқанып келіп, жартасты соққан ақжал толқыны Махамбет тәрізді. Шыны да сол. Егер, қазақ халқының рухани үрдісін кең аяда тарихи құбылыс ретінде елестетер болсақ, онда Қорқыттан Асанқайғыға дейін, Асанқайғыдан Махамбетке дейін, Махамбеттен Абайға дейін, Абайдан бүгінге дейін деп төрт кезеңге бөлуге болар еді. Махамбет заманы көшпелілер рухының айының батып, күнінің тұтылған кезі. Сондықтан да, көшпелілер мәдениетіндегі эпикалық синкреттілік Махамбет болмысымен түйінделеді. Бұдан былай өнер қоғамдық құбылыстарды реттеушілік міндетінен айрылып, эстетикалық алданыш болуға көшкен. Махамбеттің әрі батыр, әрі көсем, әрі шешен, әрі жырау, әрі күйші болуында осындай тарихи әлеуметтік сұраным болған.

ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ АРЫНҒАЗЫ

Әбілғазизұлы Арынғазы (1785-1833) – алмағайып аласапыран заманда өмір сүріп, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі үшін арыстандай арпалысып өткен көрнекті мемлекет қайраткері, көреген саясаткер, төре күйлерінің негізін салушылардың бірі болған дәулескер күйші-композитор. Арынғазы қазақ сахарасына әйгілі болған текті әулеттен. Шежіре тілімен айтқанда, қазақ халқының шаңырағын көтерген Әз Жәнібектің баласы Жәдік сұлтаннан өрбіген әйгілі Батыр сұлтанның шөбересі болып келеді. Батыр сұлтан, одан – Қайып, одан Әбілғазиз, одан – Арынғазы. Мемлекет қайраткері, саясаткер ретінде Арынғазы қос бүйірдегі көршілері Ресей мен Хиуаға тең саясат ұстанып, екеуінің де қорқау ниеттеріне тосқауыл болды. Әкесі Әбілғазиз 1815 жылы дүние салған соң, Арынғазы хан болып сайланғанда, Жанкент қаласында Шекті, Шөмекей, Жaғалбайлы, Төртқара, Жаппас руларының көсемдері оны ақ киізге отырғызып көтеріп, төбесінен алтын мен күміс теңгелер құйған. Ал, Бұқар әмірі Арынғазының таққа отыру құрметіне арнайы хандық мөр құйдырып, алтын оқалы шапан пен арғымақ ат тарту еткен. Тек, Ресей патшасы ғана, Абылайды, Батырды, Қайыпты хан деп мойындамағаны сияқты, аққаптал саясат ұстанып, Арынғазыны хан ретінде мойындамайды. Арынғазы хан тағында болған кезеңде ел ішінің береке-бірлігіне айрықша көңіл бөлген. Ол ел басқару ісінде ақыл-парасаты кемел ру басыларына сүйеніп, қазылар сотын құру арқылы қол астындағы халықтың жарастықты өмір сүруіне жағдай жасады. Халық тынышын алған отыз баукеспе барымташыны өлім жазасына кескізуі Арынғазының ел мүддесі үшін бәріне де дайын болғанын көрсетеді. Арынғазы хандық құрған кезде ру аралық дау-шар тиылып, көрші елдермен сауда-саттық жанданды. Әсіресе, Ресейдің Орта Азия елдерімен арадағы сауда жолдарының қауіпсіздігіне Арынғазы өз тарапынан кепілдік беріп отырады. Бұл ретте ол хиуалықтардың арандату әрекеттеріне тойтарыс беріп, қанды қақтығыстарға да барып отырды. Мұндай саясатқа іш тартқан Ресей өкіметі Арынғазыны Кіші жүздің хандық кеңесінің төрағалығына сайлап, гаухар тас орнатылған алтын медальмен марапаттайды, 500 рубль көлемінде жалақы тағайындайды. Ел ішіне жарастықты ахуал орнатқаны үшін халық оны «Тыным хан» деп атады. Ол Кіші жүз бен Орта жүздің ықпалды адамдарымен ақыл тоғыстырып, дербес хандық құру жөнінде тегеурінді қимылдарға мұрындық бола білді. Алайда, Арынғазының ел ішіндегі беделі мен ұстанған бағыты Ресей өкіметіне секем алдырады. Орынбордың әскери губернаторы генерал-лейтенат П.К. Эссеннің дем беруімен 1821 жылы Арынғазы Кіші жүздің хандық билігін иемденіп қайту ниетімен Санкт-Петербургке аттанады. Көктен тілегенін жерден бергендей, Ресей саясатының қанды шеңгелі Арынғазыны қайтып уысынан шығармайды. Ол 1823 жылы Калугаға жер аударылып, 1833 жылы Шоқан Уәлиханов, Мұхамбет-Салық Бабажанов сияқты, белгісіз жағдайда, белгісіз себептен дүниеге салады. Елім деп еңіреп өткен есіл ердің сүйегі күні бүгінге дейін Калуга топырағында. Жомарт табиғат Арынғазының бойына атты адам түсіп, жаяу адам жатып қарайтындай ғажайып қасиеттер дарытқан. Қатарынан иығы асып тұратын сұңғақ бой, көрген жанның көзін қарықтыратын сұлу пішін, аттылы жаяуға бірдей жауынгерлік шалым, құралайды көзге ататын мергендік, найзағадай шапшаң қылышкерлік…. Осының бәріне қоса Тәңірі оған халқы үшін жанын ойланбай құрбан ететін асқақ рух, сахара сарбаздарына тән мәрт мінез, жомарт пейіл, сұлулыққа іңкәр нәзік сезім, сол сезімді биік өнер тілінде сыртқа шығара алатын бұл дарын берген. Арабша, шағатайша, орысша сауаты кемел болған. Оның беліне таққан қылыш үшін Санкт Петербургтің сайып қыран офицерлері ойланбастан Ресейдің 6 мың рублін ұсынған. 
Арынғазы сахараның сағағынан үзілген төрт аруына үйленген. Алғаш жар еткен Балым ханым Арынғазының артынан Калугаға іздеп барған. Ал, Мәдина сұлу Арынғазымен Калугада бірге болған. Арынғазы қайтқан соң Мәдина Москвада тұрақтап қалады да, одан туған ұрпақ тағдырдың жазуымен орыстанып кетті. Арынғазыны көрген замандастары ол туралы небір таңданыс-сүйсініске толы деректер қалдырған. Бұхар әмірі оның парасат болмысына сүйсініп «мұсылмандар әмәрә» деп атаған. Барон Е.К.Мейендорф ол туралы: «Арынғазының бар болмысы, оның арман-аңсары, оның әрекет тірлігі, оны қатардағы пенде атаулыдан анағұрлым асқақтатып көрсетеді», – деп жазды. Ал, Ресей елшісі А.Б.Негри былай деді: «Бұл сұлтанның тал бойындағы ар-имандылық пен қайраткерлік, ақ ниеттілік пен ержүректік біте қайнасқан». Ресей тарихшылары Арынғазыны бір ауыздан: «қазақ сұлтандарының ішіндегі халқын шын сүйген жалғыз адам, ары кіршіксіз таза адам» деп бағалады. Арынғазының ерекше жаралған болмыс-бітіміндей болып, оның сұлулық пен азаттыққа іңкәр асқақ рухындай болып артында «Арынғазы» күйі қалды. Ол күй аманат-өсиетіндей болып қазақ халқымен мәңгі бірге жасайды.

ШЫҒАЙҰЛЫ  ДӘУЛЕТКЕРЕЙ

Шығайұлы Дәулеткерей (1814-1887 ) – қазақтың әйгілі күйші  композиторы, төре күйлерінің негізін  қалыптастырушы. Бұрынғы Бөкей ордасында, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарасты Қарамола деген жерде дүниеге келіп, өзінің ата қонысынан топырақ бұйырған. Ата бабасы Өріс (Орыс) ханнан бері қарай хандық биліктен қол үзбеген. Бөкей хан өлген соң, Дәулеткерейдің әкесі Шығай сегіз жылдай Бөкей ордасына хандық билігін жүргізген.

Дәулеткерей төре күйлерінің дәстүрін біржолата орнықтырып, төре тартысты тұтас бір мектеп ете  алған адам. Сондықтан да болар, Дәулеткерейді  академик А.Жұбанов «төре күйлерінің атасы» дейді.

Әрине, Дәулеткерей  тақыр жерден өнген дарын емес. Ол өскен ортада күйшіліктің әбден қалыптасқан дәстүрі болған. Соқыр Есжан, Байжұма, Мүсірәлі сияқты күйші домбырашылар Орда төңірегіне құлақ түргізген дарын иелері еді. Дәулеткерей осы күйшілердің дәстүрін шабыт тұғыры еткен. Әсіресе, оның күйшілік өнерге елдік мазмұн дарытып, шабыт жанығандай күй кешуіне Құрманғазымен кездесуі себепші болады. Қос ұлы күйші іштей түсінісіп, жан жүректері жарасып, тіптен, бір-біріне күй арнайды.

Дәулеткерей бойындағы  дарынның тек тамыры сөз болғанда өзі шыққан әулеттің өнерпаздық дәстүрін де айта кеткен жөн. Бөкей ордасындағы төре тұқымдарының арасында хандық билікті күйттеуден гөрі өнер мен ғылымға құлай берілгендері де аз болмаған. Дәулеткереймен немере болып келетін Мұхит бүкіл Кіші жүздегі ән мектебінің туын көкке шанышқан дарын.

Сондай ақ Арынғазы, Жантөре, Өрейжан сияқты өкше басар  інілері де төңірегін күймен баураған өнерпаздар болған. Тіптен, бел баласы Салауаттың өзі сұлтандық билікті  тәрік етіп, күйден көбірек жұбаныш  тапқан. Дәулеткерейдің туған жиені  Бөкейханов Науша бүкіл өмірін нағашысының күйлерін насихаттауға арнаса, екінші жиені, Орынбордың кадет корпусын бітірген дарынды түлек Бабажанов Салық бүкіл өмірін халықты билеуге емес, ғылым білімге арнаған.

Дәулеткерей алғаш  рет жастық сезімнің қарлығашы сияқты «Ақжелең», «Қосалқа» сияқты күйлерін шығарған. Дарынды күйшінің жарқын сезімге, сұлу суреттерге бай өзіндік қолтаңбасы осы күйлерінің өзінен ақ айқын аңғарылады. Жастық шағында ұлы күйшінің жақсыға қызыққанын, жүйрікке құмартқанын, сұлуға сүйсінгенін, тіптен жастыққа жарасатын жалын сезімге бой алдырған сәттерінің аз болмағанын байқау қиын емес. Бұған оның «Қыз Ақжелең», «Қосалқа», «Ысқырма», «Желдірме», «Қоңыр», «Құдаша» сиқты күйлерінің тақырыб ғана айғақ емес, ең алдымен осы күйлердің жүрек тербер сазы, қалтқысыз сезімі, бозбаладй елпілдеген мінезі куә.

Информация о работе Ата салтың - асыл қазынаң