Автор: Пользователь скрыл имя, 26 Ноября 2011 в 07:06, реферат
Асар- бір отбасының қолынан келмейтін жұмыстарды атқару үшін бір ауылдың адамдары «асарға» шақырылады.Мысалы, үйсалғанда, мол егін жинағанда, тағы сол сияқты көлемді, ауыр жұмыстарға шақырылады.Асарға келушілер еңбегі үшін ақы талап етпейді.Оның есесіне асарға шақырушы адам оларға арнайы мал сойып, қымыз құйып, жақсы тамақ әзірлеп, тойғызады. Асар- қазақ елінің ұжымдасып жұмыс істеуінің әдемі бір көрінісі.
Ақ жол (ырым). Бұл ырым бойынша күйеуінің көзіне шөп салмаған әйел жаралы адамның үстінен аттап өтсе, ауру жазылады. Егер аттаған әйел күнәлі болса, ауру табан астында өледі.
Абылай хан қазақ халқының саяси әлеуметтік өміріне қырық жылдан астам уақыт ықпал етіп, билігін жүргізді. Бұл ретте, Әбілмәмбет өлген соң ғана Абылай ресми хан болды деп келетін кәуесет Ресейдің аққаптал саясатынан туындаған жалған сөз. Себебі, Абылай сияқты ірі тұлғаны мойындамау арқылы оның беделіне шіркеу келтіреміз деген дипломатия ол кезде осыны қажет етті. Ол жөнінде И.И.Неплюев: « Қырғыз халқында бас ханның болуы пайдалы болмайтыны былай тұрсын, зиянды да болуы мүмкін» деп жазды. Ал, ақиқатында Абылайдың ақ киізді басып, хандық биліктің тізгінін қолына алғаны Әбілмәмбет өлетін 1771 жылдың көп бұрын. Бұл жөнінде Толыбайұлы Арыстан ақынның мынандай өлеңі бар:
Қылады мекережде байлар сауда,
Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда.
Сұрасаң Абылайдың тұрған жері,
Хан болған қырық сегіз жыл Көкшетауда».
«Халық айтса қалып айтпайды», Әбілмәмбет ханның 1744 жылы Түркістанға көшуі хандық биліктің Абылайдың қолына әлде қашан көшкендігінің белгісі. Абылай ханның ордасы Көкшетауда болғанмен, оның ықпалының үш жүзге де жүріп тұрғаны тарихи ақиқат. Бұл ретте, ең беделді айғақ Абылай ханның саяси, әскери, әлеуметтік көреген де тегеурінді қимылдары болса керек. Жоңғарлардан азат болған шығыстағы байтақ алапқа Алтай асырып қазақ ауылдарын қоныстандыруы, елдің батыс шекарасының сыртындағы Пугачев дүбірін қолдап, үш мың жан кешті сарбаздарының орыс бекіністеріне шабуыл жасауы, оңтүстікте қырғыздарға қарсы жорық ашып, Іленің сол жағасы мен Шу бойындағы шұрайлы қоныстарды қазақтардың өзіне қайтарып беруі, жай қайтарып қоймай, осы жолы әйгілі Жайыл қырғынында ел рухын аспандатып, жеңіс туын желбіретуі, сөйтіп қазақ пен қырғыз арасына Нарынқолдан Қордайға дейін шекара тартып беруі, бұл шекараның күні бүгінге дейін сақталып отыруы, міне, осынау, ел тағдырының шешуші сәттері Абылай ханның бүкіл халықтық ұлы хан болғанына бұлтартпас айғақ. Мұның сыртында Ресей патшалығымен және Қытай боғдыханымен жүргізген икемді саясаты өз алдына….
Абылай хан туралы әйгілі тарихшы А.И.Левшин былай деп жазды: «Ол ақыл парасаты жағынан болсын, қол астындағы халқының күші мен санының басымдылығы жағынан болсын сол кездегі қазақ даласын билеген замандастарының бәрінен де басым еді».
ДАТҰЛЫ СЫРЫМ
Датұлы Сырым (1712-1802) – Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы күрескен Кіші жүз қазақтары көтерілісінің көрнекті басшысы, атақты батыр, әйгілі шешен. Шыққан тегі – Кіші жүздің Байұлы тайпасының Байбақты руынан. Өзінің асқан ақылдылығы арқасында өз ортасында тым ерте танылып, әділдішімен аты шыққан «Бала би» атанды. Жасы ұлғайған кезінде отарлаушылардың озбыр саясатына қарсы шығып, жерінен айырылып, жайылымсыз қалған, патша әкімшілігінің езіп-жаншуынан, тонауынан әбден титықтап біткен халқының наразылығына үн қосып, қарулы күреске шығады. Ол өзінің Орынбордың генерал- губернаторы Игельстромға жазған бір хатында: «Сіздердің түрлі әдістермен алдап, қолға түсірген ноғай, башқұрттар сияқты бізге де бұғалық салып, езбекші екендігіңіз белгілі» деп жазады. Бұдан Сырым батырдың қолына қару алып, көтеріліске шығып, басын бәйгіге тігудегі мақсатының айқындығы, халқының мойнына түскелі тұрған сол бұғауды үзуге ұмтылғаны анық аңғарылады. 1783 жылы Сырым бейқам жатқан қазақ ауылдарын шауып, кезекті тонауға келген казак-орыс атаманы Чагановтың отрядымен шайқасып, оны ойсырата жеңеді. Атаманның өзін тұтқындап, Хиуаға құлдыққа сатып жібереді. Бұл патша әкімшілігіне үлкен соққы еді. Соған орай Орал қаласындағы патша әскері түгел аттанып, осы жылдың күзінде Cырымды қолға түсіреді. Бірақ оны Нұралы хан қыруар мал беріп, бірер айдан кейін босатып алады. Түрмеден босағаннан кейін Сырым Табын руының старшыны Тіленші Бөкенбайұлының қолдауымен Oрал казак-орыс әскерімен күресін әрі жалғастырады. Бірақ Нұралы хан бұл жолы Сырымды қолдамайды, қайта оған қарсы шығып, шекаралық әкімшіліктен көтерілісшілерді басу үшін арнайы әскер жіберуін талап етеді. Сөйтіп ол былайғы жерде Сырымға қарсы күресте шекара әкімшілігімен бір болады. Міне, осы кезден, яғни 1784 жылдан бастап патшаның отарлау саясатына қарсы күресте ханының да, қарашасының да ортақ ниеттестігіне ие болып келген көтерілісшілер арасына жік түсіп, Сырым бастаған халық қозғалысының күресі енді Әбілқайыр әулетінен шыққан хан мен сұлтандарға қарсы бағытталады. Кіші жүздің көптеген рулары Нұралы ханға бағынбай көтерілісшілер жағына шығады. 1785 жылдың күзінде болған старшындар жиналысы Нұралыны хан деп танудан бас тартады. Келесі жылдың көктемі қарсаңында көтерілісшілердің қысымына шыдамаған Нұралы шекаралық шептегі қамалға қашуға мәжбүр болады. Оның ақыры сол жылы Екатерина ІІ-нің Нұралыны хандықтан түсіру жөніндегі жарлыққа қол қоюына әкеп соғады. Хан тағына Нұралы кетіп, Ералы отырғанымен де жағдай түзелмейді. Халықтың наразылығы одан сайын күшейе түседі. Сырым бастаған көтерілісшілер енді ашық соғыс қимылдарына көшіп, патша қамалдарына шабуыл жасай бастайды. Бірақ олар пәлендей нәтижеге жете алмайды. Елек қамалына жасаған шабуылдың сәтсіздігінен кейін Сырым соғыс тәсілін өзгертіп, партизандық әрекеттер жасауға көшеді. Шекаралық бекіністерге, сұлтандар мен оларды қолдаушылардың ауылына тұтқиылдан шабуылдап, адамдарын тұтқынға алады. 1797 жылы көтерілісшілердің үлкен бір тобы Ералыдан кейін хан тағына отырған Есімнің ауылына тұтқиылдан шабуыл жасап, ханды өлтіреді. Есім ханның өлтірілуі Сырымға тілектес билер мен старшындардың одан ірге ашуына себепші болады. Есімнің орнына Айшуақ хан сайлағаннан кейін, ол Eсімнің кегін алмақ болып, арнайы отряд жасақтап, Сырымға қарсы аттанады. Соңынан індете қуып, маза бермеген патша экспедициясынан ығысып, Сырым Хиуа хандығының жеріне өтіп кетеді. Ел арасына атағы кеңінен тараған батырдан қауіптенген Хиуа ханы оның көзін жоюдың амалын жасайды. Ақыры оның есебін тауып улап өлтіреді. Бұл жөнінде халық ауызында түрлі әңгімелер айтылады.
МЫРЗАҒҰЛҰЛЫ БЕКЕТ
Мырзағұлұлы Бекет (Бекет ата) (1750-1813) – қазақтың әйгілі батыры, ағартушы, сәулетші. Халық әулие тұтқан. Маңғыстауда туып-өскен. Өзі тұрғызған Оғыланды мешітіне жерленген. Хорезмдегі Пақыржан қажыдан оқып, діни білім алған. Бекет жастайынан білмекке құмар боылп, алғырлық зеректігімен көзге түскен. Ол ат жалын тартып мінген, оң-солын тани бастаған кездің жаугершілігі мол болған. Содан да ел қамы, халық тағдырына қатысты істерге ерте араласып, парасат-пайымымен, ерлік-табандылығымен жұрт көзіне ертерек түскен. Ол, әсіресе, медресе-мешіттер салдыртып, халықты имандылыққа, кісілікке, ауызбірлікке баулуға айрықша көңіл бөлген. Үстіртті зерттеген топограф Э. Эверсман былай деп жазған: «Үстірттегі тааудан үңгіп жаалған мешіттер араб, парсы жазуларымен безендірілген. Мұндай ескерткіштерді Бекет төрт жерден жасаған. Оның бірі Маңғыстаудан қашық емес, Оғыландыда. Екіншісі –Бейнеуде, үшіншісі – Жем бойында, төртіншісі – Арал жағасындағы Баялыда» дейді. Мұндай мешіттерде Бекет ата құдайға құлшылық етуге қоса, халықтың сауатын ашып, балаларды оқытатын болған. Тек қана ағартушылық жұмыстары емес, сонымен бірге ел басына күн туған ауыртпашылықта, жаугершілікте халыққа басалқылық жасап, жөн сілтеп отырған. Тікелей өзі араласып, шеп құрып жауға аттанып, небір тамаша ерліктің үлгілерін де көрсеткен. Ел мен жердің тәуелсіздігі үшін ақылымен де, қайратымен де басшы бола білген. Бекет ата салдыртқан мешіттер күні бүгінге дейін біршама тәуір сақталған. Әсіресе, өзінің сүйегі қойылған Үстірттің Маңғыстау жақ ойысындағы Оғыланды мешіті үш бөлме етіп ойылған қалпы әлі тұр. Бекеттің немересі Мұрынның мүрдесі де осында.
НҰРМҰХАММЕДҰЛЫ ЖАНҚОЖА
Нұрмұхаммедұлы Жанқожа (1771-1860) – қазақтың азаттығы жолында арыстандай алысқан атақты батырларының бірі. Шыққан тегі – Кіші жүздің Әлім тайпасының шекті аталып кеткен Жаманақ руынан. Атасы – Киікбай Әбілқайыр ханның батыры, әрі биі болған. Ал әжесі – Тәжі қалмақпен де, орыспен де шайқасып өткен, өлгенде де «табаным тіреп жатсын» деп аяғын Орынборға қаратып көмуді өсиет еткен атақты тама Есет батырдың жалғыз қызы екен. Жанқожа – осы Киікбай мен Тәжіден туған Нұрмұхаммедтің баласы. Ел ауызындағы деректерге қарағанда, Жанқожаның батырлық даңқы тым ерте шыққан. Сыр бойының Қылышбай ханы хиуалықтармен соғысқанда, қазақ батырлары Хиуаның Тықы деген батырын жекпе-жекте жеңе алмай іркіліп қалған бір тұста, 17 жасар Жанқожа өзі сұранып шығып, оны найзамен түйреп түсіреді. Осыдан бастап оның «батыр» атағы жалпақ елге жайылып кетеді. Жанқожа зорлық-зомбылықты білмеген, қара қылды қақ жарған әділ кісі болған. Біреудің біреуге жасаған қиянатын кеше алмаған. Біреудің азғыруына еріп, жазықсыз Бұхарбай батырдың ауылын шабам деп, тілін алмай кеткен інісі Жауқашарға « барғаныңнан оралма» деп бата беруі, артынан қаза тапқанда оның сүйегін ауылына әкелдірмей қоюы соның дәлеліндей. Оның бүкіл мағыналы өмірін Хиуа мен Қоқан бақыншыларына, орыс отаршыларына қарсы күреске арнауы да сол зорлық – зомбылыққа, қиянатқа төзе алмайтын қасиетіне негізделген елін, жерін сүйген алып жүректілігі де себеп болса керек. Ел аузында Жанқожа батырдың Созақ қамалын алмаққа келген қазақтың соңғы ханы – Кенесары қолымен бірігіп жасаған шабуылдары жөнінде біраз әңгіме сақталған. Батыр осы жолы әуелі өзінің жігіттерімен Созақ қамалына көмекке келе жатқан Қоқан әскерінің алдынан шығып, оларды талқандап, кері қуып жібереді. Содан кейін Созаққа қайта оралып, Кенесары қолымен тізе қосып, қамалды алысады. Қамалдың қақпасын бұзып, алдымен ішке кірген осы Жанқожа батырдың сарбаздары болыпты. Елін, жерін азат ету жолына бар өмірін арнап, сырт жаумен арыстандай айқасқан есіл ер қартайған шағында, ауыл сыртындағы төбенің басында намаз оқып, құдайға құлшылық етіп тұрған жерінде өз қандастарының қолынан қапылыста қаза табады.
ҚЫРБАСҰЛЫ ЖАУҒАШ
Қырбасұлы Жауғаш (1738-1787) – Абылай ханның белгілі мәмілегерлерінің бірі, атақты батыр, қолбасшы, өз дәуірінің көрнекті қайраткері. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат тайпасының Ботпай руынан. Қазіргі Алматы облысының жерінде туып, Жамбыл облысының жерін мекендеген. Оның ер-тұрманы, қару-жарағы қазіргі таңда Меркідегі өлкетану мұражайында тұр. Жауғаш та өз замандастары секілді, ерте есейіп, қолына ерте қару алған. Ол қырғыздың сарыбағыш руынан шыққан Есенқұл, Садыр деген батырлардың өз еліне жасаған зорлық – зомбылығына кектеніп, 19 жасында Арқаға Абылай ханды іздеп барады. Сонда жүріп Абылайдың сынынан өтеді. 21 жасынан бастап қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан тазарту жорықтарына қатысады. 1755 жылы ол Абылайханнан бата алып, Алатауға келіп, қырғыз елінің ру басылармен ортақ тіл табысып, солардың жасақтарымен бірігіп, Қорғаты мен Шу бойындағы, Меркі мен Кемін өзендері аралығындағы, Алатаудан Балқашқа дейінгі жерлерді қалмақтардан тазартып, оларды Ілеге дейін қуады. Хан тапсырмасын ойдағыдай орындап келгеннен кейін Жауғаш Абылай ханның қасында болып, талай шайқастарға қатысады. Осындай шайқастың бірінде Жауғаш бастаған сарбаздар жанқиярлық ерлік көрсетіп, жараланған Абылай ханды қан майданның ортасынан суырып алып шығады. Ол – бітімшіл мәмілегер. Қазақ хандығының 1756-1758 жылдардағы Қытаймен келісімге келуіне, 1770-1774 жылдардағы қырғыздармен қақтығысының нәтижелі аяқталуына ерекше еңбек сіңіреді. Абылай ханның арнайы шақыруымен Жауғаш жетпісінші жылдардың аяғында қайтадан Арқаға барады. Хан ордасын Түркістанға көшіргенде Тілеуберді, Бүрге батырлармен бірге соның қорғаушысы болады. Жауғаш қандай жағдай болса да сөзіне берік, досқа адал, әділ кісі болған. Өздерімен соғысқан дұшпаны Садырдың бір баласын ертедегі достығы үшін өлтіртпей, ханнан өтініп сұрап алуы соның айғағы. Оның досқа адалдығын Абылай хан да жоғары бағалайды. Жауғаш батыр 49 жасында өз ажалынан қайтыс болды. Халқы аяулы батырын арулап жуып, сүйегін Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қояды.
ӘЛІБЕКҰЛЫ СЫПАТАЙ
Әлібекұлы Сыпатай (1782-1867) – Қоқан басқыншыларына қарсы күресте аты шыққан батыр, ерлігі мен шешендігі, әділдігі мен ақылдылығы жадында сақталып қалған үлкен бедел иесі. Шыққан тегі – Дулат тайпасының Ботпай руынан. Әкесі Әлібек момын, етік тігіп, өрім өрумен аймағына аты атынлған адам екен. Бірақ балалары – Андас та, Сыпатай да намысқой, өр кеуделі жігіт болып өседі. Көз көрген қарттардан естігені бойынша Сыпатай батыр кескінін Кенен Әзірбаев: «зор денелі, құлағы сүйемдей, омырау жүні бір түп қамыстай, құлағына тұрған қырауды қамшысымен қағып түсіреді екен. Сөзге де шешен, тапқыр болыпты», – деп суреттейді. Тарихтан ХІХ ғасырдың басынан ортасына дейін Оңтүстік Қазақстан аумағының біраз жерін қоқандықтардың басып алғаны белгілі. Басқыншылардың елге көрсеткен зорлық-зомбылығын көріп өскен Сыпатай Қоқан хандығынан елін азат етуді өз өмірінің басты мұраты етеді. Атқа мініп, қол жинап, елге қырғидай тиіп, салық жинап жүрген Қоқан ханының жасауылдарын айдап шығады. Міне, осы кезде оның ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрініп, ерлік істерімен ел құрметіне бөленеді. Арқадан ығысқан Кенесары хан oңтүстікке келіп, Қоқан Хиуа хандығының бекіністеріне шабуыл жасағанын естіп, содан рухтанып атқа қонған ел азаматтарын бастап, Сыпатай да көтеріліске шығады. Кейін Кенесарыға барып қосылады, оның сенімді батырларының біріне айналады. Бірақ Кенесары қырғыздарға соғыс жасағанда, Сыпатай одан бөлініп, өз әскерін бастап кетіп қалады. Оның өзіндік себебі де бар еді. Жиырмадан жаңа аса берген албырт кездерінде өз елінің жуандары ағайынды екі батырды – Андас пен Сыпатайды сыйғызбай қуып жібергенде, олар көрші қырғыздарға барып паналаған болатын. Қырғыз ағайындар елін Қоқан басшыларынан қорғасқан екі батырға риза болып, өз ұлдарындай көріп, алдарына мал салып, үстеріне үй тігіп, қоныстығына жер береді. Қалың малын төлеп қыз әпереді. Қырғыздың солто тайпасының манабы Қанай Сыпатайдың екінші әкесіндей болып, үлкен қамқорлық көрсетеді. Өзін баласындай етіп өсірген елге Кенесары шабуыл жасамақ болғанда, не істерін білмеген ол қатты қиналады. Ақыры өздеріне адамгершілікпен соншалық жақсылық жасап, екінші отанына айналған елге шабуыл жасауға ұжданы жібермейді, әрі ата жұртының ежелгі көршісі бауырлас елмен қарым қатынасты бұзғысы келмейді. Кенесары көтерілісі жеңілгеннен кейін, Қоқан езгісінен елді құтқарудың жалғыз жолы – Ресей қарамағына өз еркімен ену деп түсінген ол орыстың патшасы Александр ІІ-ге хат жазады. Орта Азияны жаулап алу құлқының тесіп отырған патша өкіметі кідірмей, 1863 жылы Верный қаласындағы полковник Черняевқа Қоқан хандығына қарсы жорыққа дайындалуға бұйрық береді. Бұл жорыққа Сыпатайдың балалары қатысады. Орыс патшасы Сыпатайдың еңбегін жоғары бағалап, шен және бағалы сыйлықтар береді. Сыпатай – сексен бес жыл жасаған өмірінің саналы алпыс жылын күрес-тартыспен өткізіп, шапқыншылықты күнде ерлігін, бейбіт күнде мәмілегер әділдігін танытып, халқына қалтқысыз қызмет еткен ерлердің бірі.
БӨКЕЙҰЛЫ ЖӘҢГІР ХАН
Бөкейұлы Жәңгір хан (1801-1845) – Кіші жүздің Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққан Бөкей ордасының соңғы ханы, Әбілқайырдың шөбересі, Нұралының немересі. Оның шын аты Жиһангер.
Әкесі Бөкей Еділ мен Жайық арасындағы елін әуелі сұлтандық дәрежеде басқарады да, кейін орыстың қазақ хандықтарын бөлшектеп, әлсірете беру саясатына орай 1812 жылы хан атағын алады. Бірақ ол хандықтың қызығын көп көре алмай, 1815 жылы қайтыс болады. Хан тағы мұрагерлік жолмен Бөкейдің артында қалған үш баласының үлкені сыртта Астрахан губернотары Андреевскийдің үйінде оқып жүруіне байланысты, ол ер жетіп, оң солын жете танығанша билікті Бөкейдің інісі Шығай сұлтан қолға алады.
Еуропалық білім алып, орысша тәрбиеленіп, хандықты әкімшілік жағынан басқару тәсілдерін үйреніп келген жас жігіт 1823 жылдан бастап билік тізгінін өз қолына алғаннан кейін, патша өкіметінің саясатын бұлжытпай орындап, Батыс Қазақстанда жүзеге асырушы қуыршақ ханның бірі болады.
Жәңгір билік еткен кезде Еділ, Жайық өзендері мен Каспий теңізінің жағалауындағы жерлерді қазақ шаруаларының пайдалануына тиым салынады. Олардың бұл өңірлерге мал жаюға, балық аулауға қақылары болмайды. Бұған салықтың көбеюі мен бөлісінде шаруалар үлесінің кемуі келіп қосылды да, осының бәрі жиылып келіп, Бөкей ордасында Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған шаруалар көтерілісінің тууына әкеп соғады.
Жәңгір хан өзі билік құрып тұрған кезде елді отырықшылыққа көшіру, мектеп ашып балаларды оқыту мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Ол ашқан мектептен білім алған алғашқылардың бірі белгілі қазақ этнографы, Орыс география қоғамының қызметкер мүшесі Мұхаммед Салық Бабажанов бұл ретте: «…ханның ықпалымен және жанашырлығымен Ордадағылар білімнің қажеттілігін сезіне бастады. Шәкірттер мен мұғалімдерді ынталандыру үшін марқұм хан ақшасын да, өзінің ынтасы мен ордалықтарға оқу білімнің пайдасы жөнінде түсіндірмек болған ынтасын да аямады. Өзінің сарайында мектеп ашып, 60 адам ислам діні, орыс жазуы және тіл жөнінде дәріс алды. Бұл мектеп сарай маңында осы күнге дейін «Жәңгір мектебі» деп аталып келді. Ондағы 30 бала Орданың шаруашылық қаржысы есебінен білім алуда» деп жазады.
Жәңгір хан бойында жақсылығы мен жамандығы жарыса өріліп, атқарған ісінен орайына қарай осының екеуі де көрініс беріп тұратын күрделі тұлға. Жақсысын көріп, асқақтатып, аспанға шығармай, жаманын көріп, жатқа санап, жарға итермей, адамгершілікті биік парасаттылықпен тарихи бағасын берер кез енді келді деп білеміз. Қалайда Жәңгір ханның халқымыздың тарихында өзіндік орны бар екені ешқандай дау тудырмаса керек.
Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін Бөкей ордасындағы хан өкіметі жойылып, басқару жүйесі қайта құрылды.
ТАЙМАНҰЛЫ ИСАТАЙ
Тайманұлы Исатай (1791-1838) – 1836-38 жылдары Батыс Қазақстанда болған халық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшысы, халық батыры. Кіші жүз Байұлының Беріш руынан. Жоңғар шапқыншылығы кезінде атағы шыққан Ағатай батырдың ұрпағы.
Ел ісіне ерте араласқан Исатайдың кемелденуіне қайын ағасы Жабай Бегалиннің көп көмегі тиеді. Ол кісі орысша оқыған, әжептеуір сауаты бар адам болған, старшын қызметін атқарған. Ол өлгеннен кейін оның орнына Бөкей хан Жабайдың тәрбиесін көрген Исатайды старшын етіп тағайындап, оны Орынбор шекара комиссиясы бекітеді.
Күн санап ел арасында беделі асып бара жатқанын көре алмаған хан төңірегіндегілер оның беделін түсіру үшін түрлі жала жауып, ханға шағыстырып бағады. Соның салдарынан бас аяғы 4-5 жылдың ішінде бірінде старшын Өтеміс Құлманиязовты тонады деген, екіншісінде кісі өлтірді деген жаламен түрмеге қамалады. Оның алғашқысынан ақша беріп құтылса, екіншісінен Орынборға конвоймен айдалап бара жатқан жерінде, есебін тауып, қашып кетеді.
Бұл кезде Қазақ хандығының ішкі ісіне тікелей араласа бастаған Ресей отаршылары қазақтардың құнарлы жерлерін тартып алып, өздерін сыртқа қуады. Орал казак-орыстары Жайық бойын иемденіп алады. Мұндай қысымшылықты Исатай старшыны болып жүрген беріш руы да көреді.
Осы кезде Жәңгір ханның Жайық бойындағы руларды екіге бөліп, бірін қайын атасына, екіншісін жұртқа зорлық-зомбылығымен аты шыққан саудагер Қарауылқожаға басқартып қоюы жоқшылықтан ашынған шаруалардың ашу ызасын тудырды. Исатай ханнан Қарауылқожаның озбыр билігіне тиым салуын талап етеді. Оған жауап ретінде хан бес жүздей әскермен Қарауылқожаны аттандырып, оған Исатайды 200 жігітпен оған қарсы шығады. Бетпе бет келгенде Исатайдың батыр жігіттеріне шамасы келмейтінін біліп, Қарауылқожа кейін қайтады.
Осыдан кейін Каспий жағалауындағы халық Қарауылқожа мен Балқы биге бағынудан қашып, Исатай мен Махабеттің төңірегіне тұс тұстан келіп жинала бастайды. Мұның аяғы тарихтан белгілі 1836-37 жылдардағы Бөкей ордасындағы шаруалардың феодалдық қанау мен патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы көтерілісіне ұласады. Көтеріліске Исатай мен Махамбет басшылық жасайды. Көтеріліс бүкіл халықты қамтиды. 1837 жылдың қазан айында Исатай 2000 жауынгермен келіп, хан ордасын қоршап алады. Бірақ көтерілісшілерге қосылғанымен, ханнан қол үзгісі келмеген билердің ықпалымен Исатай орданы бірден басып алмай, хан мен орыс полковнигі Геккемен пайдасыз келіссөз жүргізіп уақытты өткізіп алады. Осы уақытта ханға көмекке жіберілген казак орыс отрядтары ордаға жетіп үлгіреді.