Ата салтың - асыл қазынаң

Автор: Пользователь скрыл имя, 26 Ноября 2011 в 07:06, реферат

Краткое описание

Асар- бір отбасының қолынан келмейтін жұмыстарды атқару үшін бір ауылдың адамдары «асарға» шақырылады.Мысалы, үйсалғанда, мол егін жинағанда, тағы сол сияқты көлемді, ауыр жұмыстарға шақырылады.Асарға келушілер еңбегі үшін ақы талап етпейді.Оның есесіне асарға шақырушы адам оларға арнайы мал сойып, қымыз құйып, жақсы тамақ әзірлеп, тойғызады. Асар- қазақ елінің ұжымдасып жұмыс істеуінің әдемі бір көрінісі.
Ақ жол (ырым). Бұл ырым бойынша күйеуінің көзіне шөп салмаған әйел жаралы адамның үстінен аттап өтсе, ауру жазылады. Егер аттаған әйел күнәлі болса, ауру табан астында өледі.

Файлы: 1 файл

Ата салтың.doc

— 1.64 Мб (Скачать)

Дәулеткерей өзі  туып, өскен ортадағы ел жұрттың  тағдыр тіршілігіне ерте араласқан. Хан сұлтандықтың өз төңірегіне ғана түгін дүрдиткені болмаса, күні өтіп бара жатқан қаугөрік халін ерте түсінген. Орданың ғана емес, байтақ елдің тағдыры отаршылдықтың қыл тұзағына шырмалғанын ерте сезінген. Дәулеткерейдің ең бір драмалық шиеленіске толы үйлері осындай ахуалмен байланысты дүниеге келген. Ол «Тартыс», «Шолтақ», «Топан», «Жігер» сияқты күйлері арқылы өзі куә болған өмірдің қан сөлін сорғалатып көрсете отырып, сол өмірге суреткер ретінде өз үкімін айтқан. Әсіресе, «Жігер» үйінің жөні бөлек. «Жігер» Дәулеткерейдің ғана шыққан биігі емес, бүкіл қазақ күйлерінің асқар белі.

Егер, дүние шіркіннің  дидарында осынау фәни жалғанға жылап келіп, жылап кететін адамның көңілін жұбататын, жүрегін жылытатын, санасын сергітетін бір құбылыс болса, ол Дәулеткерейдің күйлері. Ұлы күйші қиын заманның қасірет қамауына тап болған бейбақ халқын домбырасымен жұбатқан.

ҚАЗАНҒАП  ТӘТТІМБЕТ

Қазанғапұлы Тәттімбет (1815 – 1860) – қазақтың әйгілі күйші  композиторы. Туып өскен жері Қарағанды  облысының Қарқаралы ауданына қарасты  Дастар тауының етегі, Мыржық ауылы, Қызылжал қыстауы. Бұл жерді Мөшеке бұлағы деп те атайды. Мөшеке Тәттімбеттің үлкен әкесі. Тәттімбет небәрі 45 жас ғұмыр кешіп, дүние салған соң, Қарқаралы жеріндегі Түндік өзенінің бойына, Бабалы мен Арқалық тауларының ортасындағы алқапқа жерленген. Бұл Тәттімбеттің әкесі Қазанғапқа арналып салынған зират. Ішінде үш қабыр бесікше бар. Бірінде Қазанғаптың өзі. Екіншісінде Қазанғаптың бәйбішесі, Тәттімбеттің анасы Қалайы. Үшіншісінде Тәттімбет жатыр.

Тәттімбеттің  шыққан тегі Орта жүз, Арғын, оның ішінде Мейрамнан тарайды. Шежіре бойынша  Мейрамнан Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек (Болатқожа), Шұбыртпалы деген аталар өрбіген. Осылардың ішінде Тәттімбет Қаракесегі болып келеді.

Тәттімбеттің  туып өскен ортасы көшпелілердің  сан ғасырлық музыкалық мәдениетінің дәстүрі орныққан, арқауы бекіген, әсіресе, күйшіліктің тарихи тек тамыры үзілмеген, рухани құнарлы аймақ. Арқа төсіндегі Қоңырөлең, Өлеңті, Домбыралы, Сарын, Қорқыт көлі, Жорға, Мұңлы, Тарғылдың тауы, Зыңғыртау, Ақөлең, Дуана, Саржайлау, Балқылдақ, Қосішек, Күйтөккен сияқты жер су атауларының қай-қайсысы да ән-күймен сабақтас. Ән-күй өмір салтқа айналып, адамдардың тағдыр тіршілігімен біте қайнасқан ортада ғана топонимдік айғаққа айналса керек.

Тәттімбет атқа ерте мініп, ел ісіне ерте араласқан  адам. Батыс Сібір генерал губернаторы  генерал майор Фон Фридрихс Тәттімбет  туралы арнайы жинаған мәліметінде мынандай дерек келтіреді: «Тәттімбет ақ сүйектер әулетінен, бірақ көпестер гильдасына тіркелмеген. Қарқаралы округіндегі Нұрбике Шаншар болысында 1842 жылдың 20 қаңтарынан 1845 жылдың 25 қаңтарына дейін болыс болды. Бұл жұмыстан өз арызы бойынша 1854 жылдың 29 шілдесіндегі бұйрықтың негізінде босатылды, қылмыс жасамаған, тергеуде, сотта болмаған» (ООМА, 3 қор, 3 тізім, 3902 іс). Тәттімбет Ресей патшасы Александр ІІ нің таққа отыру салтанатына қатысқан. Сондай- ақ, Шоқан Уәлиханов, Григорий Николаевич Потанин, Адольф Янушкеевич сияқты оқымысты ғалымдармен, Алшынбай, Құнанбай, Шорманның Мұсасы, Жайықбайдың Ыбырайы, Кішкентайдың Аққошқары, Сандыбайдың Ердені, Уәлиханның Шыңғысы сияқты дала шонжарларымен, Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Біржан сал, Жаяу Мұса, Орынбай сияқты әнші ақындармен, Тоқа, Ықылас, Итаяқ, Шашақ сияқты күйшілермен қадірлес сыйлас болған. Бұл адамдар Тәттімбет көкірегінен күмбірлеп төгілген әсем күйлердің тұсауын кесіп, талғампаз сарапшысы болып отырған. Оның өнеріне Біржан сал:

«Тәттімбет ардагерім, Арғын асқан,

Қырық түрлі  күй айналған бармағына», – деп  сүйсінеді.

Тәттімбет талай-талай  додалы күй айтыстарына түсіп, қарсыласын тосылту үшін, домбырада қалыс, шалыс, теріс, қосақ бұрауларын көп қолданған. Бұл дәстүрдің орнығуына мұрындық болған. Абайдың анасы Ұлжанға апа болып келетін Малқара қыз, Шұбыртпалыдан шыққан Итаяқ, Найман ішіндегі Шашақ сияқты дәулескер домбырашылармен Тәттімбет күй айтысына түскенде домбыраны бірде башпайымен қағып, келесіде ұстарамен тартып, енді бірде пернелерін қиып тастап, тартып өнер көрсеткені туралы қызықты әңгімелер ел ішінде күні бүгінге дейін айтылады.

Қазанғапұлы Тәттімбеттің «Саржайлау», «Былқылдақ», «Сылқылдақ», «Бес төре», «Көкейкесті», «Қосбасар» сияқты ондаған күйлері қазақтың музыкалық мәдениетінің асыл айғақтары болып табылады.

АРОНҰЛЫ СҮЙІНБАЙ

Аронұлы Сүйінбай (1815 – 1898) – қазақтың әйгілі ақыны, айтыс  өнерінің майталман жүйрігі. Туып өскен  жері Алматы маңы, Жамбыл ауданына қарасты  Қарақыстақ елді мекені. Осы өңірден  топырақ бұйырған. Шыққан тегі Ұлы жүз Шапырашты тайпасының ішіндегі Екей руы. Шежіре дерегі бойынша арғы атасы Күсеп дәулескер қобызшы болған. Күсептен Арон, одан Сүйінбай туған. Сүйінбайдан туған Малыбай, Бағыжан, Жетібай есімді балаларының ұрпағы өсіп өнген.

Сүйінбайдың ақындық дарының алтын бесігі халқының ежелден қалыптасқан өнерпаздық дәстүрі. Әсіресе, ел ішінің сөз өнерін әспеттеген ұлы дәстүріне жастайынан ерте ұштап, төңірегіне ерте танылады. Ел аузында айтылатын:

«Екейде елу  бақсы, сексен ақын,

Жаратып мінеді екен ерттеп атын.

Қобызға домбырасы  үнін қосып,

Гулейді жын  қаққандай кешке жақын» деген  өлең сол ортаның ән-күй мен  өлең-жырды айрықша дәcтүр еткенін  аңғартса, одан тағылым алып өскен  Сүйінбайдың:

«Атыңнан айналайын  Қызыр бабам,

Түсімде таңға жуық келді маған.

Білмеймін «өлең» деді, «көген» деді,

Сайрауық құстар келіп төнді маған» деуі, оның ақындық  дарынының ерте оянғанын аңғартады.

Сүйінбайдың даңқын елге жайған, ауыздан-ауызға тараған  шығармаларының бір шоғыры өз кезіндегі  хан-қара, би-төре, бай-манаптарға, көз көрген замандастарына қарата айтылған өлеңдері. Бұл өлеңдері, ол бір жағынан елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, табанды да турашыл азаматтың тұлғасын танытып отырса, екінші жағынан айтар ойын ұрымтал образ, ұтқыр ой арқылы жеткізуге шебер ақынның тегеурінді қарымын танытады.

«Хан емессің, күйіксің,

Қалың елді айдап  жеп,

Теріңе зорға  сиыпсың,

Ұры қары залымның,

Жаныңа бәрін  жиыпсың…

Дүниені жұтса  тоймайтын,

Түпсіз жатқан ұйықсың,

Қадірің жоқ  халыққа,

Аққан судай  сұйықсың», дейді Сүйінбай.

Құнарлы сөз, кесек  ой, келелі уәж оның поэзиясына, эпикалық қарым, көркемдік сипат дарытып  отырады.

Сүйінбайдың, әсіресе, айтысқа түскенде қынынан суырылған  қылыштай жарқылдап, өзінің туа біткен ақындық дарынмен қауышқандай әсерге бөлеп отырады. Оның Майлықожамен, Тезек төремен, Қатағанмен, Арыстанбекпен айтыстары нағыз шашасына шаң жуытпайтын жүйріктің айғағы. Сүйінбай поэзиясы арқылы қазақтың айтыс өнерінің өрісі анағұрлым ұзарып, биіктеді, тақырып аясы кеңейіп, әлеуметтене түсті.

Эпикалық қарымдағы ақын ретінде Сүйінбай халықтың әр түрлі жыр дастандарын таңды таңға ұрып айтып, «Манас», «Көрұғлы», «Рүстем Дастан», «Тотынама» сияқты туындыларды шығармашылықпен өзінше жырлаған.

Оның Сұраншы, Сауырық батырлар туралы циклді өлеңдері мен толғаулары нағыз эпик ақынның өресін танытатын өлмес мұра. Мұнда ежелгі эпосқа тән асқақ рух, алапат теңеулер қарша борап отырады. «Лашын құстай түйілген, ақ тұйғындай шүйілген» батыр тұлғасын, «отыз жылдай алысқан, қырық жылдай шабысқан» дұшпан бейнесін нағыз жыраулық тегеурінмен сипаттайды.

САҒЫРБАЙҰЫЛ ҚҰРМАНҒАЗЫ

Сағырбайұлы Құрманғазы (1823-1896) –  қазақтың ұлы күйші-композиторы. Туып-өскен жері Бөкей  хандығы, қазіргі  Орал облысының Жаңақала ауданына қарасты  Жиделі деген жер. Топырақ бұйырған орыны – Астрахань (Ресей) облысының бұрынғы  «Шайтани батага», қазіргі  «Құрманғазы төбе» деп аталатын жер. Шыққан тегі – Кіші жүз, он екі ата Байұлынан өрбіген Сұлтансиықтың Қызылқұрт бұтағы. Құрманғазының жетінші атасы Ерші деген кісі от тілді, орақ ауызды, сөз дарыған адам болыпты. Ал, нағашы жұрты – Беріш руы. Қалмақ шапқыншылығы кезінде асқан ерлігімен көзге түскен Ағатай батырдың есімі исі Берішке ұран болған. Одан берідегі Өтеміс би, Махамбет ақын, Исатай батыр бір ғана Беріш руының емес, исі қазақтың ардақты ұлдары. Құрманғазы сахараның даңғыл көкірек дәулескер күйшісі Соқыр Есжанның алдын көріп, Дәулеткерей сияқты жайсаң күйшімен сырлас болып, Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің өнерінен өнеге алған. Құрманғазының ғұмыр кешкен уақыты, әсіресе оң солын танып, өмір-тіршілікке белсене араласа бастаған кезі мейлінше күрделі еді. Бұл кезең патшалық Ресей жүргізген отаршыл саясаттың ең бір қарқын алған, әбден құныққан, шектен шыға басынған кезі болатын. Қашанда ел басына келген нәубеттің ауырлық тауқыметі ең алдымен еңсесі биік ерлердің иығына түсетін әдеті. Замана зобалаңы Құрманғазыны да от-жалынымен шарпып бағады. Оның «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Ертең кетем», «Бозқаңғыр», «Пәбескі», «Терезеден-есіктен», «Бозшолақ», «Бұқтым-бұқтым», «Не кричи, не шуми», «Арба соққан», «Аман бол, шешем, аман бол» сияқты күйлері замана басқа салған зобалаңның бір-бір бекеті сияқты. Ол қатал тағдырдың кез келген талқысына өнерімен жауап беріп, өнерімен белгі қалдырып отырған. Құрманғазы өмірге ғашық күйші. Тіршіліктің нұрлы сәттеріне ол балаша қуанып, қалтқысыз сезімге бөлене алады. Оның «Қызыл қайың», «Ақжелең», «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Серпер», «Назым», «Балқаймақ», «Бұлбұлдың құрғыры», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Қуаныш» сияқты күйлері өмірге іңкәр жанның жүрек лүпілі сияқты. Құрманғазыны суреткер ретінде айрықша даралап көрсететін қасиет – ол концептуалды күйші. Бір ұрпақ емес, екі ұрпақ емес, бірнеше ұрпақтың тағдырына ықпал ететін заманалық құбылыстарға бойлай үңіліп, ой толғау Құрманғазының рухани болмысына тән. Оның «Жігер», «Көбік шашқан», «Кішкентай», «Ақбай» сияқты күйлері өзі ғұмыр кешкен заманның тарихи-әлеуметтік болмысына берілген күйші философтың бағасы. Құрманғазының асқақ рухы бір ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Мұндай тегеурінді дарынның болмысы біртұтас ұлттың рухани болмысына айғақ бола алады. Ұлт тағдырындағы тарихи ұлы өзгерістердің барша қуаныш-қайғысы қашанда біртуар перзенттерінің тағдыр-талайымен шендесіп жатады. Бұл, орайда, Құрманғазы өзінің қайталанбас өнерімен ғана емес, өмірімен де туған халқының бүкіл қасиетіне, сол бір алмағайып аласапыран кезеңнің хал күйіне ең жарқын айғақ бола білді. Ол өзінің қанатты күйлерімен поэзиядағы Махамбет сияқты ғылымдағы Шоқан сияқты, майдан даласындағы Кенесары сияқты, өршіл рухына қылау түсірмей, замана тауқыметін қайыспай арқалап ғұмыр кешті.

УӘЛИХАНОВ ШОҚАН ШЫҢҒЫСҰЛЫ

Шоқан (Мұхаммед Қанафия) Уәлиханов Шыңғысұлы (1835 – 1865) – қазақтың ұлы ғалымы: ориенталист, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы, демократ.

Әжесі бала күнінде  «Шоқаным» деп еркелетіп айтуымен, «Шоқан» аталып кеткен.

Шоқан 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде туған. Әкесі Шыңғыс Уәлиханұлы сол жерде аға сұлтан болған. Өз атасы Уәли де хан болған. Арғы атасы қазақтың ұлы ханы Абылай, Шоқан оның шөбересі. Шоқанның балалық шағы Сырымбет тауының баурайында өткен.

«Жеті жұрттың  тілін білуге тиісті» хан тұқымы болғандықтан, ауыл мектебінде оқып, арабша хат таныған Шоқан араб, шағатай  тілдерін меңгереді. Бұдан кейін 1847-1853 жылдары оны әкесі сол кезде  Сібірдегі ең таңдаулы оқу орны деп  есептелінетін Омбы кадет корпусына береді. Онда әскери сабақтарға қоса жалпы және Ресей жағрафиясы мен тарихы, батыс, орыс әдебиеттері, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері жүрген.

Кадет корпусына  алғаш оқуға түскен кезде Шоқан  орыс тілін білмесе де өзінің зеректігімен тілді тез үйренді. Шоқанның корпуста бірге оқыған Г.Н. Потанин: « Өзінің орыс жолдастарын басып озып, Шоқан тез жетілді… Оған талайлар-ақ назар аударды. Ол сондай қабілетті еді және оқу орнына түспей тұрып-ақ сурет сала білетін», дейді.

Оған әсіресе  орыс тілі мен әдебиеті оқытушысы  Костылецкий мен тарих пәнінің  оқытушысы Гонсевский күшті ықпал  етті. Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Герцен, Белинский т.б. орыс классиктерін және батыс әдебиетінен Диккенс, Теккерей, Руссо шығармаларын, «Современник» журналын үзбей оқып, әлеуметтік өмірдің және әдебиет ағымының қай бағытта, қалай дамып бара жатқандығын аңғара алатын, өз кезінің саналы азаматының бірі болған.

1852 жылы Костылецкийдің  көмегімен Шоқан көрнекті шығыс  зерттеушісі, Петербург университетінің профессоры И.Н. Березинмен танысады. Березин Шоқан жинаған қазақтың ауыз әдебиеті нұсқаларын, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын алған, ал өз тарапынан Шоқанды ескі жазу ескерткіштерін зерттеу ісіне тартқан. Березиннің тапсырмасы бойынша Тоқтамыс ханның «Жарлығына» талдау жасайды. Бұл оның алғашқы ғылыми еңбегі еді. Жастығына қарамай, оның білімдарлығын, әсіресе, шығыс әдебиеті мен тарихын жақсы білетіндігін сол кездегі орыс ғалымдары да жоғары бағалап, мойындай бастаған болатын.

Кадет корпусын он сегіз жасында бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал губернаторының кеңсесінде қызметке қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарын басқаратын генерал губернатор Гасфорттың адьютанты болып тағайындалады. Осы қызметті атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен жағрафиясын зерттеуге белсене араласады.

1855 жылы Ұлы  жүзді Қоқан хандығының ықпалынан  шығарып, Ресейге қосу бағытында  жұмыс істеу үшін ұйымдастырылған  экспедицияға қатысып, Семей,  Аягөз, Қапал арқылы Іле Алатауына дейін келеді. Жоңғар қақпасына, Алакөл, Тарбағатайға саяхат жасайды. Осы сапарында қазақ, қырғыз, ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинап алады. Қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрып, діни ұғымдары жайында материал жинап қайтады. Бұл материалдар негізінде кейін ол «Тәңірі (құдай)», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбектер жазады. Бұл еңбегін жоғары бағалаған генерал Г.Х.Гасфорт оны наградаға ұсынады, әскери лауазымы бір сатыға жоғарылап, поручик атағын алады.

1856 жылы М.М.  Хоментовский басқарған әскери-ғылыми  экспедицияға қатысып, қырғыз  елін жете зерттеп, Ыстық көл  аймағының картасын жасасады. Қырғыздар  мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер  жинайды, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жазып алады. Жазуы жоқ елдердің өткен тарихы мен салтын тануымыз үшін мұндай ұзақ желіге құрылған, күрделі эпостардың үлкен мәні барын түсінген Шоқан «Манас» үлгісінде көрсетті. «Манас», дейді Шоқан, қырғыздардың ескі мифтерінен, аңыздарынан ертегілерінен жиналып, бір адам Манастың төңірегіне топталған энциклопедия. Бұл жағынан, ол даланың «Илиадасы» тәрізді. Бұл аса зор эпопеяда қырғыз халқының өмірі, әдет-ғұрпы, жағрафиясы, діни дәрігерлік ұғымдары, шетелдермен қарым-қатынасы түгел қамтылған… Екінші эпос «Семетей» «Манастың» жалғасы. Бұл қырғыздың «Одиссеясы». Іле өзенінің басындағы Манас жорық жасады деген жерлерді барып көреді. Сібір мен Тянь-Шань аралығында көшіп жүрген қырғыздар Алатаудың автохонды ежелгі тұрғындары екені тарихта тұңғыш рет анықтап береді. Қырғыздардың көне тарихы жөнінде жазған географы К.Риттердің, А. Гумбольттің, шығыстанушы ғалымдар Шотт пен Клапроттың еңбектеріне сын айтады, Бұдан кейін Құлжа қаласында болып, Жоңғария тарихымен шұғылданады. 1857 жылы тағы да қырғыз елінде болады. Осы сапарларда жинаған материалдарды ол «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы», «Ыстық көл сапарының күнделіктері», «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы» атты еңбектерін жазуға пайдаланады. Табиғатты және ел тұрмысын Шоқан жазушылық шеберлікпен суреттеген. Осыдан барып оны орыс достары «Қазақ тақырыбына жазатын орыс жазушысы» деп атаған. Тарих, география саласындаы даңқы Петербург ғалымдарына да жетіп, жиырмадан жаңа асқан жас Шоқанды Орыс География қоғамының толық мүшесі етіп сайлайды.

Информация о работе Ата салтың - асыл қазынаң