Балалардың сүйікті жыршысы

Автор: Пользователь скрыл имя, 13 Февраля 2013 в 21:39, реферат

Краткое описание

Қымбатты достым, қалай ойлайсыз, қазіргі қазақ әдебиеті мен поэзиясында жалпақ жұрттың жаңадан тіл ашқан бүлдіршінінен бастап, аз-көп жасаған ғұмырында әлденеше қыр асқан қариясына дейін жаппай оқитын да танитын қаламгер бар ма? Бар! Ол - қазақтың көрнекті ақыны, балалардың сүйікті жыршысы, Қазақстанның халық жазушысы - Мұзафар Әлімбай!

Файлы: 1 файл

Балалардың сүйікті жыршысы - Мұзафар Әлімбай.doc

— 320.00 Кб (Скачать)

 

Жүргізуші (2):

Кейде шыным, бала болғым келеді,

Бала болғым келеді.

Бала болып қала бергім келеді,

Қала бергім келеді.

Қаламгердің өлеңдерін  жаттап өспеген қазақ баласы, сірә, сирек болар. Мұзафар Әлімбай - азамат ақын ғана емес, әрі ұстаз ақын. Әлімбай поэзиясының өзгеше бай, шұрайлы саласы - балалар әдебиетінің меншігінде. Қазақ балалар әдебиетінде Мұзафар Әлімбайдың шоқтығы биік тұрады. Әсіресе, балалар поэзиясында көлемі, тақырыбы және жанрдың байтақ байлығы жөнінен Мұзафар атаның алдына түсер ешкім жоқ.

 

Жүргізуші (1): Балажүректілік,  болмыс атаулыны балаша қабылдап, балаша сүю немесе балаша ұнатпау сияқты балалар жазушысының басты бағалы қасиеттерін меңгерген М.Әлімбай өмір бойы балаларды үйретіп қана емес, балалардан үйреніп келеді. Оған «Көңіл күнделігіндегі» кішкентай достары туралы «Балалардың ақындық қиялы ұшқыр», «Бала біткен шетінен туасы талант»  жолдары куә. Мұнда ол балалар поэзиясына тән қасиеттердің қандай болуы керектігі туралы 16 ережені жаңғақша шағып, тізіп, түсіндіріп береді.

 

Жүргізуші (1): «Үйлену оңай, үй болу қиын», «Төркіні жақын тулағыш», тағы басқа ел арасына тарап кеткен Мұзафар мәтелдері күн сайын жаңарып толығу үстінде:

  • Қазақтың дәмін татқан бар, қазақтың дәмі атқан бар
  • Жамандамаса, жаудың іші кебеді
  • Кемпарық жарытпайды ел танып
  • Алаш баласының аянкес болуға хақысы жоқ
  • Ұмыту өткен тарихты, болашақ үшін қауіпті
  • Тастанды – ертеңгі қастанды
  • Қымбатты құртпа, кітапты жыртпа
  • Кітаптан аяған пұл құтаймайды

тағы басқа мұндай афоризмдердің ұзын-саны қазір үш мыңнан асып  кетті.

 

Жүргізуші (2): Мұзафар Әлімбай - сан қырлы талант. Ол көркем шығарма жазумен ғана шектелмей, зерттеу, ізденіс жұмыстарымен де беріле айналысады. М.Әлімбайдың зерттеушілік еңбектері де әр алуан болып келеді. Өзіне дейінгі, өзі қатарлы және өзінен кейінгі қаламгерлердің шығармашылық шеберлігіне тереңдеп үңілу, ол туралы ойларын ортаға салу, халық ауыз әдебиетіндегі, классиктер туындыларындағы сөз шеберлігі мен шешендік өнерді, нақыл сөздерді, мақал мен мәтелдерді жан-жақты талдау, өзгелерге өнеге ету, туысқан немесе шет жұрттағы халықтардың нәрлі сөз оралымдарын қазақша сөйлету - осының бәрі Мұзағамыздың ұзақ жылдардағы тынымсыз тер төге білгенінің куәсі болып табылады.

 

Жүргізуші (1): М.Әлімбай естелік, эсселері арқылы өз оқырманымен бірге ұлы Мұхтар Әуезовпен бірге Жетісу аймағын аралайды, әйгілі Сәбит Мұқановпен Солтүстік Қазақстанда болады, Мәскеуге сапар шегеді. Соның барлығында да көп жағдайда халық жазушыларының күнделікті өмірлерінен хабардар болып, өз бойына дарытарлық талай әрекеттеріне сүйсініп отырады. Мұзатаң естелігі арқылы халқымыздың еркесі Бауыржан Момышұлының, дарынды ақын Қасым Аманжоловтың, алыптар тобындағы Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің даналықтарымен қоса, адамгершілік қасиеттерінің тағы бір қырларымен танысамыз. Жұбан Молдағалиев пен Әзілхан Нұршайықов хақында сөз қозғаған сәттерде де Мұзағаң әр қаламгердің шығармашылық та, адами    даралықтарын айқын саралап отырады. Ақын ағамыз құрбылары мен өкшелестері жайлы да жүрек жылуымен жазады. Ізтай Мәмбетов, Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев  туралы ойлары да ақиқаттың ауылынан табылып отырады. Мұнда да Ізтай мен Тұманбайдың нәзік лириктігі, Ғафудың суырып салмалығы сияқты дәл де айқын пікір қозғалады. Сахна саңлақтары Қалибек, Шәкен, ән мен сөздің еркесі Естай, Иса, тағы басқа көптеген естеліктерінде, мақалалары мен эсселерінде қаншама құнды деректер, мәліметтер, ойлы пікірлер бар.

 

“Арманым” әні  орындалады. Әні: Ш.Қалдаяқовтікі. Өлеңі: М.Әлімбаевтікі

 

Ақын:  Саған шексіз сый-құрметін көрсетіп,

Мені халқым аттандырды елші етіп

                  Ал елшілер келеді ғой Тіріге

Тауыспаған өмір жолын  өлшетіп.

Ұлылардың алды деген  оңай ма?!

Кішілерді санатына санай  ма?

Келгендеймін кемел  Пушкин тауына

Өз атымнан емес, өзге орайда.

Оған әсте шамданар да ойым жоқ,

Келгендеймін атқосшы боп Абайға.

Теңін айтсам, Тебіреніп  Пушкин де

Маған мойнын бұратындай  қалайда. («Пушкинге»)

     

Жүргізуші (2): Мұзафар Әлімбай 85 шақты ақынның туындысын қазақ тіліне аударған екен. Олардың ішінде Пушкин, Петефи, Лермонтов, Сағди, Фирдоуси, Райнис, Руставели, Тоқтоғұл, Зелили, Маяковский, Мицкевич, Орбелиани тағы басқалар бар. Егер әр халықта бір-бір классик ақын десек, сөйтіп мақал-мәтелдерін аударып жүрген жетпіс жұртты қоссақ, онда қазақ оқырмандарына таныстырған ақындар саны 150-ге жетеді екен.    Аударманы әрі өнер, әрі ғылым санайтын қаламгердің “666 нақылдан” бастап “Маржан сөзге” дейінгі аудармалық еңбектер шоғырының өзі - бөлек тараулы әңгіме.

 

Жүргізуші (1): Ақындығына зерттеушілігі, бұған аудармашылығы эссе, очерк жазушылығы, балалар жанын зерек түсінушілігі, парасаттылығы ұштасып тоғысқан тарлан талантқа мерейтой үстінде одан әрі құлашын кеңге жазып, ойдың кенін қазып, сөз миуасын теріп, елі-жұртын поэзияның кәусар бұлағымен сусындата берсін демекпіз.

 

“Ақсұңқарым”  әні орындалады.

Әні: Ш.Қалдаяқовтікі. Өлеңі: М.Әлімбаевтікі

 

Жүргізуші (2): Тұлымшақты қыз күнінен білетін Шапау Сүлейменқызымен жарты ғасыр отасқан аяулы жар Мұзафар - өнегелі әке тәрбиесін ұлдары Арнұр, Жаннұр, Баламерге, ақылман ата тағылымын немерелері Ая, Әсел, Бақтияр, Әсет, Жәнібек, Балнұрға сіңіріп, көпке шашқан шапағатты сәулесінің шалқыған нұрына өз шаңырағы мен енші бөлген отауларын бөлеп келеді.

 

Ақын:  О, тоба, қайттым астам райымнан,

Тілеймін  мейір-шабхат құдайымнан...

Деуші еді ақсақалдар (рас екен),

         Ақындар арылмайды уайымнан»

                  Біреудің шаттығынан мұңым қымбат,

                  Жатса да жүрегімнің түбін  тырнап,

                  Менің мұңым туады Ел қамынан

                   Көремін бірінен де бірін қымбат.

                      («Ақындар арылмайды уайымнан»)

 

Жүргізуші:  Бұл жүрегіндегі жылы сезімдері көңілдегі ойларға ұласып, тілінен тәтті сөздер болып төгілген ақынның ойшыл, уайымшыл табиғатын растайтын бір ғана шумақ.

 

Жүргізуші (1): Мұзафар Әлімбайдың  қазіргі қазақ поэзиясының құнарлы топырағына қаққан қазығы нық, нығыз. Сондықтан оның діңі ғұмырда үзілмейтін, Ғали ағамыздың:

«Қабаққа біткен қарағай

Қарасам, көкке тірелген .

Қалай тұр десем құламай,

Тамырын терең жіберген»-

дегені секілді биік шығармашылық тұлға.

 

Жүргізуші (2):  Өйткені, Мұзафар Әлімбай - тұйыққа тірер таяз ойдың емес, тұңғиыққа жетелер терең ойдың, нақыштап айта білгенін айшықтап жаза алатын кемел ойдың кемеңгері!

 

Жүргізуші (1) : Мұзафар Әлімбай - айлар өткен сайын ойлары көктей түсетін, жылдар озған сайын жырлары тозбайтын тарландар тобынан!

 

Ақын:        Жұлдыздай ел аспанға көптеп ілген,

Ағалар қайдасыңдар  көп көрінген,

Сан жылдар қия шетке  ұзап кетіп,

Оралдым ортаңызға дос  көңілмен.

 

Кешегі қарай қалсам бұла күнге,

Табайын кінә тағып, шүбә кімге,

Сексенге жылдам кіріп  барасыңдар,

Мұзата! Тым асығыс, бұларың  не!?

 

Мұзата! Кетермісің айға да ұшып,

Барасың жылдан жылға  қайрат қысып.

Қасына шақырғандай  “Ақмаңдайлың”,

Бір бәйгең тағы да тұр  сайда пісіп.

 

Балқаштай сарқылмайтын ілесі бар,

Жігітсің көш-керуен үлесі бар,

Батырсың аш бөрілер  ауыз салмас,

                  Ақынсың уәлі сөз киесі бар.  (Кәкімбек Салықов)

 

Балдәурен, шіркін балалық

 Тапқырлар  мен көңілділердің  жарыс-ойыны

 

  Ойынның барысы: Балалар екі топқа бөлінеді. Әр топ өзіне ат қоюы керек. Ұстаздар мен кітапхана қызметкерлерінен әділқазылар алқасы құрылады.Өз топтарын таныстыру үшін 2 минут уақыт беріледі. Ойыншылардың мақсаты татулық пен тапқырлық танытып көп ұпай жинап жеңіске жету.

Өткізілгелі отырған шара мемлекеттік әнұран әуенімен  басталады.

 

Жүргізуші бала: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Осы әнұранның өлеңін кімдер жазғанын білесіңдер ме?

Балалар жауап  береді.

 

Жүргізуші қыз: Бүгін біз әнұранның авторы Мұзафар Әлімбаевтың шығармашылығы бойынша жарыс-ойынымызды бастаймыз. Мұзафар Әлімбай аталарың сонау қырқыншы жылдардан осы қазірге дейін дамыл таппай, құмырсқадай тынымсыз еңбек етіп,  бал татыған шырын шығармаларымен бүлдіршіндерді сусындатып келе жатқан ақын. Өздерің сияқты талай жас ұрпақты өз өлең, ертектерімен сусындатқан сарқылмайтын бастау. Ендеше, бүгін біз де  осы бастаудан мейіріміз қанғанша сусындайық.

“Бесік жыры”  әні орындалады. Әнін жазған: И.Жақанов.

 Өлеңі: М.Әлімбаевтікі

 

Жүргізуші бала: Балалар,  «Балдәурен, шіркін балалық» атты ақын атамыздың  шығармашылығына арналған жарыс-ойынымызды  бастайық!

Жарыс-ойынымыздың бірінші  кезегін  «Көркем сөз» сайысына берсек.

Балалар өз еріктеріне қарай ақынның кез-келген төрт өлеңін жатқа оқиды.

 

Жүргізуші қыз: Енді Мұзафар атамыздың нақыл сөздеріне байланысты сайысымызды бастайық.Әрбір бала өз тобына көп ұпай жинау үшін менің сұрақтарыма ойланып, дұрыс жауап беруге тырысады.

Бірінші топ атамыздың  аңдарға байланысты нақыл сөздерін , екінші топ құстарға байланысты нақыл  сөздерін жатқа айтады.

 

Құстар:

      • Қазым, қазым, қаңқылда,

Суда жүзіп, салқында.

 

      • Балық ілгіш шағала,

Көк теңізді жағала.

 

      • Жарғақ қанат жарғанат,

Қалбалақ та қаңғалақ.

 

      • Хат тасиды көгершін,

Сол хаттарды ел алсын!

 

      • Түйе құсты кем көрме,

Аттан озар желгенде.

 

Аңдар:

      • Аю-туа бал құмар,

Тәттіні іздеп қаңғырар.

 

      • Ұрланып кеп Шибөрі,

Өлексені сүйреді.

 

      • Май басқан Борсық-

    Қампиған торсық.

 

      • Бұлан –орман тұрғыны,

Қораңа келер бір  күні.

 

Нақыл сөздер жарысы осылай жалғаса береді.

ІІ. Мақал-мәтелдер.

Жүргізуші бала: Қазақ халқы үлгі-өнегеге  бай салт-дәстүрі өте көп. Олар халқымыздың ғасырлар бойғы тұрмыс-тіршілігін бойында сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп келеді. М.Әлімбай аталарың халық аузынан жинаған және тәрбие туралы ой елегінен өткізіп түйіндеген төл мәтелдері дерлік туындылары мақал-мәтелдері өте көп. Балалар, мен сондай мақал-мәтелдердің бірнешеуінің алғашқы бір жұбын ғана айтамын, ал сендер оны ары қарай жалғастырып, екінші жұбын тауып айтасыңдар. Ал, қане, кім тапқыр екен?

Ақынның төл мақал-мәтелдерінен:

    • Түзу болса өз ісің-

                   Қисықтардың тезісің.

 

    • Көп сөйлеген мылжың емес,

                  Көкіп сөйлеген-мылжың.

 

    • Елдікті баяндау,

                  Ерлікке даярлау.

 

    • Тәтті жеміс бұтақта,

                  Құттың құты кітапта.

 

    • Отауың тар болса да,

                  Отаның кең болсын.

 

    • Жалқау аға, жасық іні.

                  Жасытады асылыңды.

ІІІ. Жұмбақ сайысы.

Жүргізуші бала: Жарайсыңдар, балалар! Бұл жолы да тапқыр, білімді екендеріңді көрсеттіңдер. Ал енді мен сендермен  жұмбақ  жарысын өткіземін. Ендігі кезек  жұмбақтардыкі. Барлығың дайынсыңдар ма?

 

Балалар: Дайынбыз.

 

Жүргізуші қыз:

                   Су ішінде өскен тау,

Су бетінде көшкен тау. (Айсберг)

 

 Түйістіреді көзіңді  көзіңе,

Жолықтырады өзіңді-өзіңе.  (Айна)

 

     Ешкім ілмеген шымылдық,

     Көкжиекте көлбейді.

Бүктеуіңе көнбейді,

Сипауға да келмейді. (Сағым)

 

Төңкерілмейтін күбі,

Көтерілмейтін күбі.

Шүпілдеп-ақ тұрса да,

Көрінеді түбі. (Құдық)

 

Тұрады көтеріп

Жеңілі ауырды…

Ғұмыры өтеді

Қарық қып қауымды (Ошақ пен қазан)

 

Жауып алсам қақпамды,

Орнатамын ақпанды.

Ашық қойсам қақпамды,

Дей бер шілде боп  қалды. (Тоңазытқыш)

 

Ұзын-ұзын, ұзын жіп,

Ұшына шыққан жан бар  ма?

Ілби басқан ыбылжып,

Ұшына шықпас жалғанда. (Жол)

 

Жұмбақтар  шешіледі

ІV. Жаңылтпаштар сайысы.

Жүргізуші бала: Ендігі кезекті жаңылтпаштар  айтысына берейік. Кәнекей, кім шешен екен! Мықты болсаңдар, жаңылмай қайталай қойыңдар!

Жаңылтпаштар жарысы:

Сең сел емес,

Сел сең емес,

Мен сен емес,

Сен мен емес.

 

Шағай

Ағай,

Жанат ағайға:

Келгенің жай ма?-десе,

Жанат ағай

Шағай ағайға:

“Анау жаңа Ай ма?”-депті.

 

Ұшы үшкір ұшқыр үш жебе алдым

Үшеуі де үшкір, ұшқыр  деп алдым.

 

Шұңғыл шұңқыр,

Шұңқыр шұңғыл.

 

Іске тіл ілесе алады,

Тілге іс ілесе алмайды.

Информация о работе Балалардың сүйікті жыршысы