Автор: Пользователь скрыл имя, 21 Декабря 2011 в 17:50, реферат
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақстан аймағында көлемі жағынан ең ірі ортағасырлық қала Отырар болып табылады. Зерттеу жұмысында Отырардың ортағасырдағы тарихы аңыз әңгімелер, жазба және археологиялық деректер негізінде қарастырылады. Отырар-Фараб иелігінің тарихи географиясы, елді мекендері, керуен жолдарының бағыттары, Отырардың ерте ортағасырдағы, ортағасырдың орта беліндегі, кейінгі ортағасырдағы археологиялық белгілері жазба мәліметтермен, аңыздармен салыстырыла отырып, әр кезеңдегі саяси тарихы, қолөнері, егіншілік пен ирригациясы, сауда-саттығы, мәдениет пен наным-сенімдері сипатталады. Көп ғасырлық тарихы бар Отырар қаласының ХVІІІ ғ. ортасында құлдырап босап қалу себептері көрсетіледі.
«Насабнамада» Сырдарияның оң жағалауында жолмен Шашты басып алған араб әскерлері: «Сүткенттің тұсынан дариядан өтіп, Отырарға келеді» делінеді. Н.В. Рудневтың 1903 ж. жария еткен картасында Сүткент тұсында, Тартоғай деген жерде «переправа» - өткел белгіленген. Алайда осы жол бойындағы елді мекендер жөнінде жазба деректерде мәліметтер жоқ. Н.В. Рудневтың 1903 ж. жария еткен картасында «Развалины Чунгурли» - Шөгірлі, Тартоғайдан соң төмен қарай, Ешкіліге қарама–қарсы бетте «разв.» деп белгіленген, оны А.Н. Бернштам басқарған ОҚАЭ зерттеді. М.Е. Елеуов басшылық еткен ХҚТУ экспедициясы құрамында Шөгірліден Отырарға дейінгі көне жол бойы барлау жүргізе отырып бұрын беймәлім болып келген мына ескерткіштерге тап болдық: Төрткүл, Х-ХІІ ғғ., географиялық координаттары: N 42° 14' 44. 99630", E 68° 19' 10.87574", теңіз деңгейінен биіктігі 172. 1905; Төрткүл, ортағасыр, географиялық координаттары: N 42° 15' 45. 66023", E 68° 19' 10. 89045", теңіз деңгейінен биіктігі 168.0619; Төрткүл, ортағасыр. Тақыркөл жағасында, географиялық координаттары: 42° N 14' 44. 99630", E 68° 19' 10.87574", теңіз деңгейінен биіктігі 172.1905. Яғни, Сырдарияның оң жағалауында, қазіргі Арыс ауданы аумағанда Шөгірліні қоса 4 бекініс орнының табылуы бұл жолдың да маңызды болғанын көрстетіп отыр.
ІХ ғ. деректерінде Фараб уалаятының бас қаласы ретінде Кедер аталады және ол өзеннен жарты фарсах жерде орналасқан деп көрсетеді. К.М. Байпақов жазба және археологиялық деректердегі мәліметтерді талдай отырып, Кедер қаласының орны деп Құйрықтөбені санайды [14, с. 86].
1405 ж. Әмір Темір әскері Шілік елді мекеніне дейін барғаны айтылады. В.В. Бартольдтың Шараф ад-дин Әли Йаздидің қолжазбасында және Шахрух анонимінде аталатын елді мекен қазіргі Отырар ауданындағы Шілікке сәйкес келеді деген болжамын К.М. Байпақов қуаттайды [14, с. 87].
Кейінгі ортағасырлық кезеңде Арыстың орта ағысында орналасқан Кенджида уалаятының (Арсубаникет-Қараспан қаласы) Отырар иелігіне қарасты болғанын Хафиз Таныштың Отырарға қарасты елді мекендер ішінде «Карасаман» атты елді мекенінен аңғаруға болады [16, с. 169]. Кейбір нұсқаларда оны «Халадж-Карасман» деп атайды [17, с. 169]. Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевич Карасаманды Қараспанмен баламалайды [2, с.109].
Солтүстік-шығыста Отырар–Фараб иелігі қай жерлерге дейін барған деген сұраққа жауап іздегенде біз В.В. Бартольдтың оны Сауранның ар жағына дейін апарғанын ескеруіміз керек [18, с.175-176]. ІХ ғ. деректерін қарастырған А.И. Михайлова Тарбад аймағы Фараб пен Шавғарды қамтыды, Тарбад Отырарға сай келеді деп көрсеткен. Таулы жерлердің Фарабқа кіргенін Ал-Истахридің парсыша аудармасынан аңғаруға болады: «Фараб – бұл аймақтың атауы. Оның ұзындығы шамамен бір күндік жол. Алайда барлық жер қорғалған. Аймақ таулы, онда [жайылымдар көп]. Оның шетінде Шаш өзені суымен суғарылатын жазық бар» [19, с.30]. Яғни, қазіргі Түркістан алқабы, Қаратаудың оңтүстік жағы Отырар–Фараб иелігінің солтүстік және шығыс шекаралық бөлігі болған. Махмуд Қашқаридің 1072 – 1074 жж. арасында жазылған «Дивани лұғат ат-түрк» - «Түрік тілдерінің сөздігі» атты еңбегінде «Қарашуқ – оғыздың Фараб шаһарының жанама аты» деген мәлімет бар. Тарихи деректерге қарағанда VІІІ-ХІІ ғғ. Түркістан алқабының бас қаласы «Шавгар» болды. «Шавгардың» байырғы түркішесі «Қарашуқ», қазіргі қазақ тіліндегі аудармасы Қарашоқы - Қаратау. Яғни, Шавгар-Қарашоқы-Қаратау сөздері бір-бірінің баламасы. Сондықтан бұл қала қазіргі Түркістан қаласы шетінен ағып жатқан Қарашық (Қарашоқының өзгерген үлгісі) өзені бойындағы Қарашық қалашығы болуы тиіс. 1255 ж. армян патшасы Гетумның монғол хандары Бату мен Мөңкенің қабылдауына барған жолсапары жөніндегі жазбасында Сауран мен Отырар арасында Харчук, Асон, Саври атты үш елді мекен аталады. Бұл жердегі Харчух – Қарашық қаласы, Асон - Иасы, Саври - Сүйірі.
«Ходжент
қаласының солтүстік-батыс
«Насаб–нама» нұсқаларында: «Қау Тегін Софы Мұхаммад Данышмандқа «Шайхым, Атамсыз» деп Шеттің жер суын берді» [9, 64-б.], - деп оқылып жүрген жер Шытты екені жұмыста қарастырылады. Шытты (Алтынтөбе) қалашығын (Шықты-Алтынтөбе болып жазылып жүр) К.А. Ақышев басқарған ОАЭ зерттеді [4, с.137-138].
2.3 «Отырар қаласының микротопонимдері» деп аталатын үшінші бөлімде жазба деректерде аталатын Отырар қаласының белгілі орындары туралы мәліметтер баяндалады. Арыстанбаб қабірінің Отырарда жатқаны, оның қасында қарахандықтар әулетінің бір өкілінің жерленгені жөніндегі мәліметтерді «Насаб–наманың» Арыс нұсқасынан кездестіреміз: «Абд ар–Рахман - Қылыш Арслан хан ұлы Шах Қасым, лақабы Санжар хан, оның ұлы Шах Абдаллах, лақабы Арслан хан, 50 жыл патшалық қылды. Таласта Ғайып Ата атанды. Оның ұлы Мұхаммад хан, лақабы Татика хан, қабірі Отырарда, Арслан-баб аяғында...» [9, 59-б.].
Арыстанбаб
қабірінің орны Отырар қаласының
қай бөлігінде екенін көрсететін
мәлімет те жоқ емес. Қожа Ахмет Йасауидің
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің
қор бөлімінде сақтаулы тұрған «Дивани
хикметінің» екі қолжазба нұсқаларында
(КП 7740 және КП 6831) Арыстанбаб қабірінің
орны нақтылана түседі. Біздің өтінішімізбен
осы қолжазбалармен танысып шыққан шығыстанушы
З. Жандарбек Арыстанбабқа қатысты жолдарды
қазіргі қазақшаға аударды:
Жүріп кетті Арыстан Баб,
Ақыр онда қалды ол, Бабтар бабы-Арыстан Баб.
Қабұғ Йаруғ алдында,
Маккатуллах жолында, Бабтар
Оң жағында Лашын Баб, сол жағында Қарға Баб.
Өлең жолдарында көрсетілгендей Арыстанбаб қабірі қала орталығынан оңтүстік-батыс бағытта - «қорғанның қыбла жағында, Маккатуллах жолында». «Қабұғ Йарық» - «қақпа алдындағы арық» деп аударылуы мүмкін. 2004 ж. Арыстанбаб кесенесінің көрханасында жүргізілген консервациялық жұмыстар барысында Х-ХІІ ғғ. жататын құрылыс қалдықтары табылды. ХІІІ ғ. екінші жартысында өмір сүрген парсы тарихшысы Ала ад-дин Ата Мәлік Жувейни «Тарих–и джахангуша» деген еңбегінде «Отырар ойраны» мен монғол әскерінің Отырарды басып алуын баяндаған бөлігінде Отырар қаласының Суфихана қақпасын атай кетеді [20, с. 111]. Сопыхана атты құрылыс орны «Насаб–нама» нұсқаларында: «Софы Мұхаммад Данышмандтың қабірі Отырарда, Софыханада» делінеді [9, 64-б.]. Шараф ад–дин Әли Йаздидің еңбегінде Отырардағы Бердібек сарайы аталады. Әмір Темірдің Отырарда қайтыс болуы туралы аңызда «арк» деген атау қолданылады. «Арк» деп Орта Азияда ертеден тек ірі, әдетте астаналық дәрежедегі қалаларда ғана болатын, билеушілер, әкімдер тұратын қорған-қамалды атаған. Яғни, бұл атаумен Отырар билеушілері отырған орын аталған.
Сонымен Фараб-Отырар иелігі қазіргі Шардарадан бастап солтүстікте Қарашық-Шавгарды ауданын қоса қамтыған аймақ. Шығыста оның шекарасы Қаратау жоталарымен, батыста Қызылқұммен өткен. Оңтүстік–шығыстағы шекарасы Арыс өзенінің орта ағысындағы Қараспан болды. Деректер оның қалалары қатарында Сүткент, Весидж, Кедер, Зернук, Шавгар - Харчук- Қарашуқ, елді мекендер мен жерлер Ақсулат, Камарши-Ата, Пулқожа, Ұзыната, Султайн-шайх, Рабатуғұз, Шілік, Қарасаман, Шетті болды. Қала ішінде жеке құрылыстар Арыстанбаб қабірі, Сопыхана, Бердібек сарайы, Қабұғ Йарық, қорған болғаны белгілі. Тарихи аңыздар негізінде қала ішінде арк, қала айналасында Темірарық, Ақарық атаулар бар. Бұл атаулардың бір бөлігі қазіргі кезге дейін сақталған.
3 «Ерте ортағасырлық Отырар» деп аталатын тарауда Отырар-Фараб иелігінің ІV-V ғғ. бастап VІІІ ғ. дейінгі тарихы қарастырылады. 3.1 «Аймақтың ерте ортағасырдағы саяси тарихы» деп аталатын бөлімінде 555 ж. түркілердің Жетісуды, Орталық Қазақстанды және Хорезмді бағындырғаны, Отырар өңірі Қаңғу Тарбан деген атпен түркі жазбаларында аталатыны, Түркі қағанаты кезінде Шаш, Испиджаб, Отырар, Тараз өлкелері Тарбанд атты бір иелікті құрағаны, оның саяси-әскери астанасы Тарбанд-Отырар қаласы болған деген пікірлер келтіріледі [21, с.28].
3.2 «Отырартөбенің ІV ғ. - VІІІ ғ. бірінші жартысының қабаттары» деп аталатын бөлімде аталған ғғ. жататын археологиялық қабаттар сипатталады. Археология мәліметтері ерте ортағасырдың басында Отырардың шамамен 15-20 га аумақты алып жатқанын көрсетеді [6, 186-б.]. Стратиграфиялық шурфтағы 14-шы құрылыс деңгейі, 20-шы еден ІV-VІ ғғ. жатады [5, с. 80]. VІІ ғ.- VІІІ ғ. орта кезеңінің қабаты. Отырартөбенің стратиграфиялық шурфында VІІ-VІІІ ғғ. қабатына 10, 11, 12, 13 құрылыс деңгейлері, 14, 15, 16, 17, 18, 19 едендер жатады (Х-ХVІ ярустарда). Қабат қалыңдығы 3,5 м. Құрылыс қабырғалары 42 - 45 х 22 - 25 х 10 см күймеген кірпіштен көтерілген. Қазба барысында кездескен қабырға қалындығы 1,65 м, 1,35 м, 1,1 м, 0,9 м. Кейбір қабырғалар беттері сыланған, кейбір еден беттері сыланған. Бөлме іштерінде ошақтар табылған. Қабаттың мерзімін керамика үлгілері және бір бетінде арыстан бейнесі, бір бетінде «І Х» таңбасы бар теңге және бір бетінде арыстан бейнесі, бір бетінде «(□» таңбасы бар теңге көрсетеді [22, с. 65]. Осы қабаттың бір жаңалығы кен - «кан» үлгідегі жылыту жүйесінің алғаш қолдануымен ерекшеленеді. 1999 ж. біз Отырартөбедегі Бердібек сарайын зерттеу барысында осы аймақтан І мыңжылдықтың бірінші жартысына жататын жаңа материалдарға тап болдық. ХІV ғ. жататын сарайдың 7 бөлмесінің еденінен шурф қазып, 1 м терең түскенде жаңа еденге тап болдық. Осы еден бетінен ит бейнелі қақпақ тұтқасының бөлігі, қазан астына қоятын тұғыр бөлігі мен тұтқасының бір ұшы ернеуіне, екінші ұшы бүйіріне бекітілген құмыра бөлігі табылды. Еден бетінен шыққан керамика үлгілері ІV-VІ ғғ. тән. 1969 ж. кесіндіде ІV-VІ ғғ. қабаттары төбе деңгейінен 9-10 м тереңдіктен шықса, 1999 ж. қазбадағы ІV-VІ ғғ. қабаты 4,5 м тереңдіктен шығып отыр. Бердібек сарайы аумағындағы кейінгі ортағасырлық шұңқырларды тазалау барысында мәдени қабаттар астында тор іспетті қабырғалардан тұратын стилобад бары байқалды. Осыған қарап ІV-VІ ғғ. Отырар цитаделі төбенің оңтүстік-шығыс бұрышында деп болжам айтуға негіз бар.
3.3 «Егіншілік пен ирригация» деп аталатын бөлімде негізінен ғылыми әдебиетте жинақталған материалдар сараланады. 2007 ж. ОҚКАЭ-сы бір топ жаңа каналдар тапты. ІІІ-ІV және VІ-VІІІ ғғ. жатқызылған Тостаған каналдары Тостаған мен Айкөл ескерткіштеріне су апарған. VІ-VІІІ ғғ. жатқызылған Көкмардан каналдарының саны 5. Біреуі Көкмардан қалашығы қасына тура барады. VІ-VІІІ ғғ. жатқызылған Пұшық-Мардан каналы Сейтмантөбе, Қостөбелер мен Пұшықмардан ескерткіштерінің қасындағы ескі арналарға су апарған. VІ-VІІІ ғғ. жатқызылған Дүртөбе каналы Дүртөбе, Қойлыбай, Айкөл елді мекендеріне және солардың айналасындағыларға су жеткізген [6, 343-346, 355-357, 365-367-бб.]. Шұбара 3 каналы VІІ-VІІІ ғғ. жатқызылған. Ол Сырдариядан тартылып, оның сол жағасын Баусексеуіл елді мекенінен төмен Сарыкөлге дейін барған. Әрбір 250-300 м сайын арықтар шығарылып отырған [6, 370-371- бб.].
3.4 «Қолөнері» деп аталатын бөлімде Отырар керамикасының жаңа үлгілері- Қаракөншек айналасынан жинақталған керамика баяндалып отыр, олардың арасында бүтін ритон, үш аяқты миска бар. Отырар алқабында қазіргі кезде қазылған ең әуелгі пеш VІІ-VІІІ ғғ. жатады. Ол Қайнартөбе ескерткішінің рабадында қазылды. Ол екі камералы, үстіңгі камера еденінде жалын жүретін кендері бар [6, 127-б.]. Осымен қатар көне түркілердің күміс ыдыстарының жалпы пошымын, ою-өрнегін қайталайтын керамикалық ыдыстар Отырарда VІІ-VІІІ ғғ. тарады. Бұл кұмыралар мен саптыаяқтар қоңыр, шие түсті, сұр-қызыл түсті ангобпен көмкерілген, тұтқалары жұлдызша етіп жасалынған, ыдыс сырты қисық тор көзді өрнекпен, геометриялық сызықшалармен, толқынды сызықшалармен нақышталған [4, с. 189-190]. К.М. Байпақов темір, сүйек, тас өндеу, құрылыс өнері болғанын айтады [12, с. 89-90]. Керамика өндірісімен қатар темір, мыс өңдеу, зергерлік өнер де дамыды [23, с. 60-61, 152].
3.5 «Сауда, ақша айналымы» деп аталатын бөлімде Отырар арқылы өткен ертедегі сауда жолдары баяндалудан басталады. Сауда жолдарымен келген шетелдік заттар баяндалады. ІІІ-V ғғ. жататын Көкмардан мазаратындағы қазбаларымыздан янтарь моншақтар табылды. Янтарь негізінен Балт жағалауынан немесе Карпат-Днепрлік өңірде өндірілген. Археологиялық зерттеулер янтарьдың сауда жолдары Әмудария мен Сырдария өзендері бойымен жүргенін көрсетеді. Орта Азияда янтарь саудасы біздің заманымыздан бұрын бірінші мыңжылдықтың ортасынан бастап б.з. V ғ. дейін кең өріс алған, ал Қытай еліне янтарь бұдан едәуір кейін, тек б.з. ІІІ ғ. бастап қана белгілі болған. Кейбір үш тұғырлы ыдыстардың түрлері Қытайдағы ыдыстарға жақын. Бұл да байланыстардың бағытын көрсетеді.
Отырар өңірінде табылған оймышты геммалар ирандық бағыттағы байланыстарды көрсетіп тұр. Мұндай тастар Жетіасар ескерткіштерінде кездескен. Олар ІІІ-V ғғ. жатады. Отырар ауданының Маяқұм ауылында тұратын Күләш Орынбаева сақтап келген гемманы Отырар қорық-музейіне тапсырды. Әже бұл тасты ақық деп атады, минерологияда мұндай тастар халцедон деп аталады. Оны Қызылқұм ішінен тауып алған екен. Тас бетіне үлкен тарам-тарам мүйізді бұғы бейнеленген. Қоңыртөбе мазаратынан бір топ сасанилік геммалар табылып отыр [24, с. 163-171]. Сыртқы сауда байланыстарының бағыттарын Отырар қазбаларынан табылған VІІ ғ. Соғды ихшидтерінің, Ферғананың түркі билеушілерінің, Қытайдың Тан әулеті мен бұқараның «гитрифи» үлгісіндегі теңгелері, Шаштың VІІ ғ. аяғы - VІІІ ғ. басындағы көне түркі теңгелері айғақтап тұр. Бұлар қала аралық, ел аралық сауда байланыстарының көрінісі еді. Жергілікті сауда-саттықтың дамуының айқын көрінісі деп жергілікті түркі билеушілері соқтырған бір бетінде арыстан бейнелі, екінші жағында таңбалары бар теңгелерді айтуға болады. Осы теңгелер Отырартөбе, Құйрықтөбе, Қоңыртөбе қалашықтарын қазу барысында табылған. Р.З. Бурнашеваның анықтауынша, олар VІІ-VІІІ ғғ. жатады және Отырардың төл теңгелері иеліктің қала мен ауыл-аймақ, отырықшы мен көшпелілер арасындағы сауданы қамтамасыз еткен.
3.6 «Наным-сенімдер мен діндері» деп аталатын бөлімде аталған тақырыпқа қатысты баяндалатын мәліметтер негізінен Көкмардан мазаратындағы (ІІІ-V ғғ.) қазба барысында алынды. Жалпы Көкмардан мазаратында, Қоңыртөбеде және оның мазаратында тұмар іспетті болған қола киік бейнелер шыққанына ерекше назар аудару қажет деп санаймыз. Балаларды суға түсірмей аман алып қалған, екі балаға пана қылып, киікті ана етіп берген Ғайыперен Қаншайымды дарға асқанда «...келіп, дардың арқанын үш мәрте үзген» Хазірет Әлі, Ғайып ерен қырық шілтен. Шөгірлінің тауына аң аулай келген Шаншархан басы алтын, арты күміс киікке кезігіп, оны тірідей ұстап алмаққа әрекеттенеді. Киік ханның басынан секіріп қашып, аңда жүрген Зарлыққа жетеді. Киікті Зарлық та қуады. Бір жартасқа секіріп шығып, ақ сақалды шал бейнесіне енген киік Зарлыққа: «Әкең Шаншархан келе жатыр, сонымен табыс», – дейді. Киік бейнесінде, әкелі-балалы екеуін табыстырғалы жүрген Ғайыперен қырық шілтеннің бірі екен. Осымен қатар әлемдік діндердің де Отырарда тарағаны жөнінде мәліметтер бар. «Насаб-нама» шежірелерінде арабтарға қатты қарсылық көрсеткендер қатарында «тарса» мен «мүгтар» аталады. «Тарса» деп христиан дініндегілерді, «мүг» деп отқа табынушыларды атаса керек. Құйрықтөбеден табылған ағаш тақталар бетіндегі бейнелерді талдау түркілік манихейлік те Отырарда тараған деп санауға негіз береді.
Информация о работе Ортағасырлық Отырар: тарихи-археологиялық деректер негізінде