Автор: Пользователь скрыл имя, 21 Декабря 2011 в 17:50, реферат
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақстан аймағында көлемі жағынан ең ірі ортағасырлық қала Отырар болып табылады. Зерттеу жұмысында Отырардың ортағасырдағы тарихы аңыз әңгімелер, жазба және археологиялық деректер негізінде қарастырылады. Отырар-Фараб иелігінің тарихи географиясы, елді мекендері, керуен жолдарының бағыттары, Отырардың ерте ортағасырдағы, ортағасырдың орта беліндегі, кейінгі ортағасырдағы археологиялық белгілері жазба мәліметтермен, аңыздармен салыстырыла отырып, әр кезеңдегі саяси тарихы, қолөнері, егіншілік пен ирригациясы, сауда-саттығы, мәдениет пен наным-сенімдері сипатталады. Көп ғасырлық тарихы бар Отырар қаласының ХVІІІ ғ. ортасында құлдырап босап қалу себептері көрсетіледі.
Осы хабар бізге Арыстанбаб кесенесі ішінде жатқан шағын қабірлер туралы назар аударарлық мағлұмат беріп отыр. Арыстанбаб күмбезіне қарға мен лашынның ұшып келуі, оларды Арыстанбабтың шәкірттері деп түсіну байырғы наным–сенімдерге жетелейді. Көне түркілерде осы екі құс - қарға мен лашын киелі болып саналған. Түркі халқының шығу тегі жайлы көне аңыздарда Ашина елін жау шауып кеткенде жалғыз бала аман қалып, оны қасқыр емізіп, аспан әлемінің емшісі саналатын қарға ет әкеліп береді [34, 19-б.]. Үйсін – «у–сунь» иероглифы - «Қарға тұқымы» дегенді білдіреді екен. 647 ж. ашина руынан шыққан батыс түркі қағаны қытай императорына өз белгісін - «Алтын құсты» сыйға тартады. Оның ағаштан ойылып, алтынмен қапталған қарға бейнесінде болғанын қытай деректері арқылы білеміз. Қарғаны ертедегі Қытайда түркі құсы деп санапты [35, с. 23-26]. Оғұздардың бегдили тайпасының пір тұтатын жануары ретінде қарға аталады. Қазақ тілінде қарға сөзімен байланысты мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер оның қасиетті құс болғанын аңғартады. Мысалы, «біздің де қолымызға қарға тышар», «қарға тамырлы қазақ» делінеді, ал «қарғам–ау» деген сөз «қарағым», «қалқам» деген ұғымда қолданылады. Қырандар түркі тайпаларының тотемдері болған. Лашын құсы сұңқар тектестер ішіндегі ең қыраны, атақтысы болып саналған.
Жоғарыда келтірілген Қожа Ахмет Йасауидің «Дивани хикметіндегі» Лашынбаб пен Қарғабабтардың қабірлері аталады. Арыстанбаб дүние салған соң түркі тайпаларының қасиетті құстарының ұшып келуі және оларды Арыстанбабтың шәкірттері деп тану ХІІ ғ. ислам діні мен жергілікті түркі тайпаларының байырғы сенім–нанымдарының қабысуының белгісі деп түсінген жөн. Арыстанбаб қабірінің Отырарда жатқаны, оның қасында қарахандықтар әулетінің бір өкілінің жерленгенін «Насаб–наманың» Арыс нұсқасынан кездестіреміз: «Абд ар–Рахман - Қылыш Арслан хан ұлы Шах Қасым, лақабы Санжар хан, оның ұлы Шах Абдаллах, лақабы Арслан хан, 50 жыл патшалық қылды. Таласта Ғайып Ата атанды. Оның ұлы Мұхаммад хан, лақабы Татика хан, қабірі Отырарда, Арслан–баб аяғында...» [9, 59-б.].
5.
«ХІІІ-ХV ғасырлардағы Отырар»
Өрттен кейінгі осы қазба орнындағы өзгерістерге назар аударайық. Өртке дейін «И» орамындағы тоғыз үйдің үшеуінде керамикалық пештері бар бөлмелер, яғни шеберханалар болған болса, өрт болған соң олар жөндеуден өткен, не болмаса қайта көтерілген үйлерде керамикалық өндіріске қатысты ешбір қалдықтар немесе белгілер табылмады. ІІІ қазба орнындағы «Ж» және «И» орамдарындағы алғашқы өртке дейінгі үйлер, көшелер көлемі өрттен кейінгі кезге сәйкес келмейді. Жалпы алғанда көшелердің кеңейіп, үйлердің ауданы кішірейгенін байқаймыз. Бұл соғыс барысында қала халқының қырылғанын көрсетсе керек. Сонымен қатар қолөнершілерді Мауараннахрға көшіру, айдап әкету саясаты да жүргізілген сияқты. Қалай дегенмен де 1411 ж. өрт Отырарды қатты күйзелтіп жіберді.
Алайда сол кездегі Түркістан
уалаятының орталығы болып
5.2 «Қаланың сәулетті құрылыстары» деп аталатын бөлімде Отырардағы Бердібек сарайы, Арыстанбаб кесенесі, монша сипатталады. Бердібек сарайы құрамында болған мешіт пен оған қарсы орналасқан ғимарат ұзындығы 40 м, ені 1,3 м қабырғамен жалғанған. Екі ғимараттардың артқы қабырғалары арасының қашықтығы 72 м. Осыған қарап бұлар Орта Азия сәулет өнеріндегі «қос» деп аталатын құрылыстар кешені үлгісінде салынған. Қабаттардың стратиграфиясы, архитектуралық нақыш бөліктер, табылған заттар кешенді ХІV ғ. аяғы -ХV ғ. басына жатқызады. Жалпы Отырардың осы бөлігінен аса сирек кездесетін қытай мен таяу шығыстық бұйымдар, зергерлік бұйымдар мен алтын дайындамалар табылған. Кешеннің жалпы қызметін анықтауда осы арада табылған заттарды талдау, осы ғимарттардың жалпы қалалық қорған жүйесінде орналасуы, қазылған ғимараттардың құрылымы көрсетеді. Архитектуралық кешен оңтүстік пен шығыстан қалың қорған қабырғасымен қоршалған. Солтүстік құрылыс ғимаратының ашылған бөлігінде сыртқы оңтүстік қабырғасынан мешіт жаққа қарай ашылған есік орындары әлі де табылған жоқ. Солтүстік құрылыс медресе не болмаса мешіт бөлігі болса ол оңтүстік мешітпен ондаған есік ойықтарымен байланысуы керек еді. Солтүстік құрылыстың аршылған бөлмелері Орта Азия мен Қазақстан аймағындағы қамал-сарайлардың жоспарларына жақын. Оның жоспары Ақыртас қалашығында қазылған билеуші қамалы, Луговой қамалы жобаларына ұқсас. Тәжікстандағы Калаи-Боло қамалының дәлізді-тарақты жоспарымен және Калаи-Кахкаха қалашығындағы оңтүстік-батыс ғимаратымен ортақ элементтер бар.
Сондықтан біз кешеннің қазып алынған бөліктері жазба деректерде аталатын Бердібек сарайы орналасқан Отырар цитаделінің, аркінің бір бөлігі деп санаймыз. Онда Әмір Темір қайтыс болғаны белгілі. Жазба деректерде аталатын Бердібек сарайының белгілері осы кешеннің солтүстік құрылысына сай келеді. Шараф ад-дин Әли Йаздидің 1425 ж. аяқталған «Зафар–намесінің» жазбаларында мынадай сипаттама бар: «Сейхун жағасынан аттанған Темір сәрсенбі 12 раджаб күні Отырардағы Бердібектің сарайына (Отрарский дворец Бердибека) келіп тоқтады. Барлық ханзадалар, әмірлер және Темірге жақын болып саналатындардың әрбірі жеке бөлмелерге орналасты. Бір таңғаларлығы, патшаның ордасына айналған сарайда келген күні ғимарат төбесінен от шығып, өрт болады» [39, с. 43-48]. Осы сипаттама сарайдың бөлмелері көп болғанын, өрт болғанға қарағанда оның кейбір бөліктерінің төбесі ағаштан жабылғанын көрсетеді. Біздің құрылыста жеке-жеке орналасқан көп бөлмелердің орын алғаны көрініп тұр. Құрылыстың екінші қатарының төбесі жайпақ болып ағашпен жабылғанын біз жоғарыда айтқан едік. Ортағасырлық цитадельдердің барлығында мешіт болған. Оңтүстік құрылыстың мешіт екені еш күмән туғызбайды. Ол төбесі күмбезделген сәулетті құрылыс болған. Терезе ойықтары панджарамен өрнектеліпті. Мешіт сырты сырлы қыштармен, төртбұрышты майоликамен (олардың ішінде құс бейнесі бар) көмкерілген. Мешіттің бас есігі мұнаралы пештак үлгісінде жасалған [36, с. 108]. Қазба жүргізген археологтар бұл мешіт ХІV ғ. аяғы мен ХV ғ. басында салынған деген тұжырымға келді.
Сарайда арнайы қабылдау бөлмесі – көрінісхана болыпты: «Осы кезде Темірге көптен бері Дешті Қыпшақ даласында бір жерге қаңбақтай тұрақтай алмай жүрген Тоқтамыстың ескі қызметшісі – Қарақожа келді. Сол күні Темір көрінісханаға салтанатты түрде кіріп, биік таққа жайғасты. Оның оң қол жағына Үгедей қағаннан тараған Танзи оғлан, Жошы ханнан тараған Бастемір оғлан мен Шекіре оғлан, сол жағына ханзадалар Ұлықбек, Ибраим сұлтан, Айджеля отырды. Тоқтамыс елшісін әмірлер Бердібек, оның ағасы Шайх Нұр ад-дин, Шах Мелик, Қожа Жүсіп алып кірді» [39, с. 43-48]. Алайда Бердібек сарайының көрінісханасы - салтанатты түрде қабылдау жүргізетін залы әлі де табылған жоқ. Кешеннің солтүстік құрылысынан батысқа қарай 20 м қашықтықта ХХ ғ. 60 жж. трактормен ойылып кірпіш алынғаны белгілі. Бұзып алушылардың бригадирі Е. Брон 2 м тереңдікте күйдірген кірпіштен соғылған қабырғаларға тап болғанын, оның беттері көк түсті өсімдік өрнектермен безендірілгенін айтты. Осы құрылыс Бердібек сарайының көрінісханасы болуы ықтимал.
Цитадельдегі құрылыстарды сол кезде Отырарда әкім болған Сары Бұғы қыпшақтың ұлдары салдырған деп есептейміз. Жазба деректерде Отырар сарайы Сары Бұғы қыпшақтың бір ұлы Бердібектің атымен аталған. Оның басқа бір ұлы - Нұр ад-диннің әскербасы болғаны жөнінде деректер бар. Отырардың сәулет өнері ескерткіштері қатарында Арыстанбаб кесенесіндегі өзгерістер, моншаға қатысты жаңа материалдар қарастырылып сипатталады.
5.3 «Қолөнер» деп аталатын бөлімде, археологтар еңбектерінде сипатталған керамикалық өндіріс, темір ұсталығы, мыс ұқсату, зергерлік өнер, шыны өндірісі, тас өңдеу сияқты қолөнердің салаларымен [36, с.129-210] қатар Отырарда басқа да қолөнер болғанына назар аударылады. Отырардың ХІІІ-ХV ғғ. қабатынан өрнектелген сүйектер табылған. Бұлардың арасында пышақ сабын қаптайтын сүйек бөліктері жиі табылады. 1999 ж. қазба барысында сүйектен жасалған пышақ шыққан. Ерекше назар аударатын зат - сүйектен жасалған жүзік. Ол садақпен оқты тартқанда саусаққа зақым келмес үшін қолданылған. Мұндай жүзіктер Алтын Ордадағы қазбалардан табылған. «Патшалық садақтың адырнасын бас бармағына киілген жүзікпен тарта отырып...» деп жазылған «Фатх-намеде» [17, с. 74]. Осы заттар Отырарда сүйекті ұқсату ісінің жақсы дамығанын көрсетеді.
5.4 «ХІІІ – ХV ғғ. сауда-саттық» деп аталатын бөлімде Отырардың ақша айналымы, шетелден саудамен келген заттар сипатталады. 2004 ж. көктем айында Арыстанбаб кесенесіне жақын жерде алтын теңгелер мен теңге сынықтарынан тұратын көмбе табылды. Көмбемен алғаш танысу оның құрамында әуелгі монғолдық алтын теңгелер, қарахандық кезеңнің алтын теңгелері жиналғанын көрсетіп тұр. Бұл - Отырарда алтын теңгелердің ақша айналымы ретінде жүргенін көрсетті. Жалпы алтын теңгелер әлемдік валюта, байлық ретінде, халықаралық ақша қызметін қатар атқарған. ХV ғ. басындағы Отырардың ақша айналымында Әмір Темірдің (һижраның 785-786 жж.) Самарқанд пен Хорезмде соғылған мыс теңгелері, Халил-Сұлтанның (һижраның 807-810 жж.), Шахрухтың (һижраның 819 ж.) теңгелері қолданылды. Сыртқы байланыстардың куәсі ретінде 219 теңгеден тұратын «шахрухи теңге» көмбесі бар. Онда Астрабад, Герат, Йезд, Кашан, Кум, Сабзевар, Шираз қалаларында соғылған теңгелер бар [40, с. 16-17].
Құйрықтөбедегі көмбе «тенге мири» атты теңгелерден тұрды. Мірі сөзі «ескіше бес тиын». Мысал ретінде Майлықожаның нақылында мынадай жол бар: Боза ішіп бір міріге судай тастың. Осымен қатар «Бір мірі кем дүние» деген сөзді естігеніміз бар. Яғни, мірі деп ұсақ тыйынды атаған. Е.А. Давидович оның күміс теңгенің төрттен бірін құрағанын анықтады. Теңгенің «мири» атауы Темірдің әмір деген лауазымына байланысты, ол Темір атынан шыққан теңгелерге бастапқыда әмірлік дегенді білдірді. Кейін ауызекі қолданыста «амири» «міріге» айналды. Жалпы Темір империясындағы барлық теңгелер Отырарда қолданылды. Нумизматтардың анықтауынша, Отырарда 818 ж. (1415-1416 ж.ж) мыс теңге соғылады.
5.5 «Ирригация және егіншілік» деп аталатын бөлімде ХІІІ-ХV ғғ. салынған ирригациялық құрылыстардың ішінде Ақарық каналы сипатталады. Басы Арыс ауданынан, Ақдала мен Дермене ауылдары ортасынан басталады. Арық басталар орынның географиялық координаты N 42° 29΄ 858΄΄. E 068°50΄ 170΄΄. Арықтың басталар жеріндегі ені 25 м. Тереңдігі 9 м. Арыстың көне арнасының бөлігін бөгеген тоғаны бар бастауы жақсы сақталған. Дермене ауылының қасынан өтіп Қостүйін станциясына таяу жерге дейін Арыс бойымен жүреді. Қостүйін станциясы қасында Арысқа артық су тастайтын бөлігі болса керек. Осы орынның географиялық координаты 42 Т 477765 UTM 4710608. Осы жердегі табанының ені 7-8 м, тереңдігі 4 м-дей, жалдарының ені 17-18 м, биіктігі 2 м. Негізгі бөлігі Отырар ауданында орналасқан. Қостүйін төрткүлі қасында шығысқа қарай бұрылып жазық даламен, оңтүстік-шығыстағы қырдың етегімен Бөген өзеніне бет алады. Бөген өзеніне жақын жатқан биіктікке келгенде арық арнасы тереңдей түседі. Бөген өзеніне екі тармақпен қосылады. Арықтың Арыс өзенінен бастап Бөген өзеніне дейінгі ұзындығы шамамен 38 км. Ақарықтың Бөген өзеніне құйылар жердегі географиялық координаты: N 42° 45΄ 266΄΄, E 068° 49΄ 552΄΄.
5.6 «Мәдениет пен дін» деп аталатын бөлімде Отырардың үлкен мәдени және діни орталық болғаны археологиялық және жазба деректердегі мәліметтер негізінде көрсетіледі. «Ескендір анонимі» деп шартты түрде аталған еңбекте Алтын Орда ханы Ерзен Отырар мен басқа да қалаларда медресе, ханака, мешіт пен басқа да сауапты құрылыстардың көпшілігін ұйымдастырды (салдырды) деп көрсетіледі [41, с. 129]. 1318 ж. қайтыс болған Мутаууар ұлы Махмудтың құлпытасына қарағанда Отырарда шейх, имам атты лауазымды дін иелері болған. Мутаууар ұлы Махмудты Алла мен дін жауынгері деп көрсетуі оның ислам дінін таратушы болғанын көрсетсе керек-ті.
Қазба барысында Отырар шахристанының солтүстік қақпасы қасындағы V қазба орнында, ХIV ғ. екінші жартысы - ХV ғ. бірінші жартысына жататын үйде бір қола сиясауыт пен керамикалық сиясауыт, қола айна астынан қолжазба қалдығы табылған [36, с. 150-151, рис. 56;]. Осы қолжазбамен танысқан шығыстанушы В.Н. Настичтен сұрап білгенімізде ол бізге табылған кітаптың байырғы географиялық трактат екенін айтты. Отырарда шахмат тасының табылуы мәдениет көрсеткішінің бірі. 2004 ж. күзінде «Отырарды сақтау және жаңғырту» деген ЮНЕСКО/Жапонияның арнайы жобасы аясында жұмыс жасай отырып, ХIV ғ. екінші жартысы - ХV ғ. басындағы Отырар билеушісі сарайының бір бөлігін тазалау барысында шахмат тасына тап болдық. Шахмат тасы көне Отырарда алғаш рет табылып отырған сирек бұйым. Отырардан табылған шахмат тасының жалпы пошымы жоғары қарай шамалы тарыла түскен цилиндр тәрізді. Піл сүйегіне оймыштап жасаған фигураның табанының диаметрі - 2,8 см, жоғарғы бөлігінің диаметрі - 2,7 см, биіктігі - 3,1 см. Тастың үстіңгі бөлігі дөңгелене келіп, диаметрі 0,5 см, биіктігі жартылай сфералық шошақпен аяқталады. Тастың беті геометриялық өрнекпен нақышталған, жұмырланып келген төбесінде он екі жапырақты гүл қашалған, тастың цилиндрлік бөлігінде көпбұрыштардан тұратын өрнекті екі белдеу салынған. Талғар мен Отырар қалаларынан табылған фигуралар пішіндерінің ортаазиялық шатрандж және арабтың шатранг үлгілеріне ұқсастығын ескерсек, бұл олардың осы ойын тастары екенін дәлелдейді.
6. «ХVІ – ХVІІІ ғғ. Отырар» деп аталатын тарауда қаланың соңғы үш ғасырдағы тіршілігі баяндалады. 6.1 «Отырардың Қазақ хандығы құрамына өтуі» деп аталатын бөлімде жазба деректер негізінде қала тарихы қарастырылады. 6.2 «Кейінгі ортағасырлық Отырар қаласының сипаттамасы» деп аталатын бөлімде қала халқының саны жөнінде түрлі есептеулер берілген. Қазба нәтижелерін есепке ала отырып жасалған соңғы есеп бойынша ХVІ ғ. Отырарда 761 үй болып, онда 5212 халық мекен еткен болып шығады [39, с. 53-58]. 6.3 «Қолөнері, ирригация және егіншілік» деп аталатын бөлімде К.А. Ақышев, К.М. Байпақов, Л.Б. Ерзаковичтің енбектеріндегі Отырардың қолөнері жөніндегі мәліметтермен қоса [43, с. 157-166] 1981 ж. бергі жаңа материалдар баяндалады. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі қорына Л.Б. Ерзакович Отырартөбенің ІV қазба орнынан табылған келсап тәрізді темір зат өткізген болатын. Оның құрал екеніне күмән жоқ. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі қорындағы ХІХ ғ. жергілікті етікшілердің құралдарымен салыстырғанда олардың арасында «қоба» атты бұйымдармен (саны 4, біреуі қола, үшеуі темір) ұқсастық бары байқалады. Келсап тәрізді осы құралдардың жоғарғы ұшы жұмыр етіп сомдалған, ол ұстап соғуға оңтайландырылып ыңғайлы етіп жасалған. Құралдың астыңғы жағы кеңейе, жалпая түскен. Олардың асты бірде тегіс, бірде біршама жұмырлана келген. К.А. Ақышев, К.М. Байпақов, Л.Б. Ерзаковичтің 1981 ж. монографиясында қоладан жасалған «келсап» жарияланды. Біздің пікірімізше, осы зат та етікшінің құралы. Оның бойының биіктігі 17 см. Үстіңгі бөлігінің диаметрі 1 см, табан диаметрі 2,5 см. Құралдың ортасы өрілген, үстіңгі мен төменгі бөлігі қырлы етіп жасалған [43, с. 170, рис. 93]. Қазақтардың ішінде осы кәсіпті меңгерген шеберлер көп болған. Баянауыл мен Көкшетау етікшілерінің өнімдері Ташкент пен Бұқара шеберлерінен асып түспесе кем түспейтінін М. Шорманов жазған. ОМАҚМ қорында ХІХ ғ. жататын қоладан жасаған осындай етікші құралдары бар. Отырардағы тоқыма өнеріне байланысты әдебиетте керамика сынықтарынан жасалған ұршықбастар, ши тоқитын өрмек, тоқыма өрмегінің ауыртпалығы аталады [43, с. 172, рис. 106-108]. Осы зерттеудің 111 суретінің 6 санмен көрсетілген өнделген сүйекті біз тоқыма құралы деп санаймыз. Осы арада С. Қасимановтың жазғанына назар салмақпыз: «бұрынғы кезде шұлық тоқу үшін ағаштан, не сүйектен ұзындығы 12-15 сантиметрлік, сымнан 18-20 сантиметрлік қармақты біз жасайтын. Қазақтың халықтық өнерінде қармақ біз кәрі жіліктің шыбық сүйегінен, жарып алған жіліншіктің қыр сүйегінен егеліп істелетін» [44, 62–63-бб.]. Кейінгі қазба барысында мата тоқитын өрмектің бір құралы – ірі қара малдың қабырғасынан жасалған бір қыры ара тістері сияқты етіп жасалған құрал табылды. Ол Пенджикент қазбасынан табылған тоқыма өрмегінің құралына жақын [45, с. 98]. Отырарда кейінгі қазбалар барысында тігуде қолданылатын құрал – оймақ табылды. Оны кесте, көркемдеп тігуде қолданғаны белгілі.
Информация о работе Ортағасырлық Отырар: тарихи-археологиялық деректер негізінде