Ортағасырлық Отырар: тарихи-археологиялық деректер негізінде

Автор: Пользователь скрыл имя, 21 Декабря 2011 в 17:50, реферат

Краткое описание

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақстан аймағында көлемі жағынан ең ірі ортағасырлық қала Отырар болып табылады. Зерттеу жұмысында Отырардың ортағасырдағы тарихы аңыз әңгімелер, жазба және археологиялық деректер негізінде қарастырылады. Отырар-Фараб иелігінің тарихи географиясы, елді мекендері, керуен жолдарының бағыттары, Отырардың ерте ортағасырдағы, ортағасырдың орта беліндегі, кейінгі ортағасырдағы археологиялық белгілері жазба мәліметтермен, аңыздармен салыстырыла отырып, әр кезеңдегі саяси тарихы, қолөнері, егіншілік пен ирригациясы, сауда-саттығы, мәдениет пен наным-сенімдері сипатталады. Көп ғасырлық тарихы бар Отырар қаласының ХVІІІ ғ. ортасында құлдырап босап қалу себептері көрсетіледі.

Файлы: 1 файл

Ортағасырлық Отырар.doc

— 304.00 Кб (Скачать)

    Отырар  егіншіліктің орталығы болды. Отырарлықтар бидай, арпа, тары екті. Алма, өрік, жүзім, мақта өсірді. Қауын, қарбыз дәйнектері қазбада жиі кездеседі [43, с. 185-186]. Орта есеппен алғанда, әрбір орташа үшінші үйде 5-8 тоннадан 13 тоннаға дейін бидай сақтайтын қамбалар болған. Бұл Отырар халқының негізгі бөлігінің егіншілікпен айналысқандығын дәлелдейді. Сонымен қатар көп бөлмелі үйлерде мал ұстауға арналған қоралардың болғаны анықталып отыр. Отырар қазбалары барысында ХVІ ғ.-ХVІІ ғ. жататын жер жыртатын құралдың тісі, орақтар, кетпен табылды [43, рис. 83-85].

    6.4 «ХVІ-ХVІІІ ғғ. сауда-саттық» деп аталатын бөлімде Отырар астаналық дәрежесінен айырылса да аймақтың ірі сауда орталығы болып қала бергені баяндалады. К.А. Ақышев, К.М. Байпақов, Л.Б. Ерзаковичтердің пікірінше, қала халқының 15 пайызы сауда-саттықпен айналысқан [46, с. 6-12]. Сауда дүкендері бар үйлер де анықталып отыр. Қазба барысында Отырарда 2 мыңнан астам мыс теңге табылған. Отырардан 5 мыс көмбе табылды. Отырардың нумизматикалық материалдарын талдаған Р.З. Бурнашева Отырардың ХVІ-ХVІІ ғғ. ақша айналымын төрт кезеңге бөледі: 1. ХVІ ғ. бірінші жартысы; 2. ХVІ ғ. екінші жартысы; 3. ХVІІ ғ. бірінші жартысы; 4. ХVІІ ғ. екінші жартысы - ХVІІІ ғ. бірінші жартысы.

    6.5 «Мәдениет және  дін» деп аталатын бөлімде Отырарда екі кейінгі ортағасырлық мешіт орны табылғаны, басқа да дін мен мәдени өмір көріністері әңгімеленеді. Отырардан әкелінген кітап жөнінде мынадай хабар бар. ХV ғ. аяғы - ХVІ ғ. басында өмір сүрген Камал ад-дин Бинаидің «Шайбани–намесінде» Сығанаққа Мұхаммед Шайбани ханға: «... Отырар уалаятынан Мұхаммед Мазид-тарханнан Әмірбек ата келіп, Мұхаммед Шайбани ханға «Искандер–наме» атты кітапты сыйға тартты. Бұл кітапты Маулена Ахмад руми тілінде өлеңмен жазған» [17, с. 105],- делінеді. Шайбаниге берілген осы сый жөнінде Фазлаллах ибн Рузбихан Исфаханидің «Михман-наме-и Бухара» атты қолжазбасында да айтылады. Отырарға қатысты осы хабарға қарап, «Ежелгі Отырар» монографиясының авторлары «Отырарда кітап сақтайтын орын болған» деп жорамалдауға болады» [4, с. 204], - деген пікір айтқан. Қазба барысында жазуы бар ыдыстар сипатталады.

    6.6 «1681-1682 жж. жоңғарлардың  Отырарды қиратуы» деп аталатын бөлімде соңғы қалмақ шапқыншылығы аңыз бен археологиялық деректер негізінде баяндалады. Л.Б. Ерзакович ІІ құрылыс қабатына жататын тұрғын үйлердің бір мезгілде бұзылғанына, осы кезеңнің үлкен, қалалық өртпен аяқталғанына назар салды. Стратиграфиялық және нумизматикалық деректер бұл өрттің ХVІІ ғ. аяғында болғандығын көрсетті [47, с. 106]. Осы арада біз Н.С. Лыкошин жергілікті халық Отырарда тіршіліктің тоқтауын қалмақ шапқыншылығы кезіндегі өртке байланысты деп санайтынын жазған болатын. Біз Отырардың соңғы кезеңі жайлы ел аузында сақталған аңызға назар аударуымыз керек:

    «Ескі Ташкентті басып алған соң, Аляку  Отырар жеріне келеді. Отырарлықтар бір  жарым жылдай ерлікпен қарсылық көрсетті. Ешбір нәтиже шығара алмаған Аляку  күзге таман Ескі Ташкентке кері шегінеді де қыс бойы көп әскермен Дариядан Шыршыққа (Иіржардан Шыназға) дейін арық қазады.

    Көп су таситын көктем кезінде арықтың  басын ашып, Шыршық арқылы Отырар жеріне су жібереді де әскерімен Отырарға бет алады.

    Су  тасқынынан аман қалғандардың бір бөлігін Аляку өлтіреді, одан қалғандарын тұтқынға айдап әкетеді» [48, с. 30]. Жалпы кейінгі ортағасырлық кезеңде Қазақстанның оңтүстігін, Ташкентті қытай әскері басып алды деген хабар жоқ. Аңызда қалмақтардың аталуы бұл жағдай жоңғар шапқыншылығына байланысты екенін көрсетеді. Тарихи зерттеулер 1681 ж. Галдан басшылық еткен жоңғар әскерлерінің Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанға лап бергенін баяндайды. Аңызға қарағанда, Отырарға келген қалмақтар жергілікті халықтан қатты қарсылық көрген. Қалмақтар қаланы бірден ала алмай келесі жылы қайта оралған. Яғни, Отырардағы қазыналардың тығылуы және бүкіл қалалық өрт жоңғар ханының 1681-1682 жж. жорығымен байланысты.

    Жоңғарлар қаланың сыртқы қорғанын жұмсартып  құлату үшін суды пайдаланған. Арыстанбаб шырақшыларының ұрпағы - Шәуілдір тұрғыны Нарымбетов Мамасадық бізге ата-бабасынан естігендерін жеткізе отырып, Отырар қаласын алу үшін қалмақтар омандағы, яғни бас каналдағы суды қалаға күншығыс жақтан жіберген деп айтқан еді.

    Жоғарыда  келтірілген аңыз бойынша Отырарды басып алған жоңғарлар «қалмақ пен қытайдан тұратын әскерінің бір бөлігін Отырарға қалдырады. Олар Отырарда қалғанымен тұрақты тіршілік жасай алмады. Олар Дария суы тасып бұзылған арықтар жүйесін қалпына келтіре алмады» [48,  с. 30]. Отырардың қазақ хандығы құрамына қайтқанын Федор Скибин елшілігінің 1696-1697 жж. есебінен аңғаруға болады.

    6.7 «Отырар қаласында тіршіліктің  біржолата тоқтау себептері»  деп аталатын бөлімде Отырардың соңғы тұрғындарының қала тастап кетуі қарастырылады. Отырардың өмірінің соңғы кезеңі археологиялық тұрғыдан алып қарағанда ең үстіңгі қалдықтармен белгіленеді. Үстіңгі І-ші қабаттың жоғарғы шекарасын анықтауда Отырар жайлы жазба мәліметтер көмектеседі. М. Арапов есімді тілмаштың 1749 ж. қыркүйек айындағы берген мәліметтерінде Барақ сұлтан Иқан, Ташкент, Отырар, Өгізтау, Созақ қалаларына хан тәрізді билік жүргізетіні, олардың тұрғындарынан тек алым-салық жинап қоймай оларды басқа да жұмысқа салатыны, Иқанда өзіне үй салдырып алғаны айтылады.

    Кейінгі жоғарғы қабаттағы үйлердің қайта жөнделіп және жаңаларының пайда болуы Шілік аңызындағы мына сипаттамаға дәл келеді. «Қалмақ пен қытай кеткен соң, Бұқара, Сайрам, Балх, Үргеніш және тағы басқа жерлерді паналап кеткен көне отырарлықтардың ұрпақтары қайта жиналады. Олар жүз жыл шамасында жерді суландыру жүйесін қалпына келтіруге және бабаларының қаласын қайта көтеруге әрекет жасайды. Алайда олардың бұл әрекеті  ешқандай нәтиже бермегендіктен олар қайтадан Ферғана, Бұқара мен Үргеніш жаққа кетті. Ең соңында [Отырардан] өз отбасымен Бабашөл деген кісі кетіпті. Ол осы әңгімені баяндап берген кісінің бабасының досы екен. Бұл шамамен 1750 жылы болған» [48, с. 30-31]. Сонымен қолда бар ХVІІІ-ХІХ ғғ. жазба мәліметтер шоғыры, археологиялық деректер (нумизматиқалық және керамикалық кешен), жергілікті аңыз әңгімелер Отырарда тіршіліктің шамамен 1750 ж. тоқтағанын көрсетеді.

    Талай басқыншылықты бастан кешірсе де тіршілік оты сөнбеген Отырар не себебті  ХVІІІ ғ. ортасында қаңырап бос  қалады? Неліктен жоңғарлар қиратқан Сайрам, Манкент және басқа да елді мекендерде тіршілік қайта жалғасын тауып кетті? Отырарда тіршілік тоқтауының себебі неде?

    Басты себеп - Отырар қаласының ерекше географиялық өңірде орналасуында. Жазық өңірде жатқан Отырар алқабының жағдайында егістік үшін, басқа мақсаттар  үшін Арыс өзенінің төменгі ағысында су шығару үлкен қиындықтар туғызды. «Қалмақ пен қытай кеткен соң ... көне отырарлықтардың ұрпақтары ... жүз жыл шамасында жерді суландыру жүйесін қалпына келтіруге және бабаларының қаласын қайта көтеруге әрекет жасайды» [48, с. 30-31]. Көктемде суы мол арнасынан шығып жататын, жазда биік арнасының төменінде жататын Арыс өзенін бөгеп арыққа су шығару, жер деңгейі жазық аймақта оман-арық қазып суды жүргізу көп күшті, көп шығынды, үлкен есепті, тәжірибені қажет етті. В.А. Грошевтың есептері бойынша ХV-ХVІІ ғғ. салынған Темірарықты қазу үшін 1,5-2 мың жұмысшы қажет болды. Олар күндігінде 3 куб м қазу үшін бір жыл бойы  қызмет етуі керек еді. Ал жоңғар шапқыншылығынан кейін Отырар халқы азайып қалған болатын: «Су тасқынынан аман қалғандардың бір бөлігін Аляку өлтіреді, одан қалғандарын тұтқынға айдап әкетеді» [48, с. 30]. ХVІІІ ғ. бірінші жартысында Отырарда П.И. Рычков келтірген мәліметтер бойынша 40 отбасы ғана тұрды. Ал кейінгі ортағасырда әрбір отбасында шамамен 5-7 адам болғанын ескерсек, Отырарда ХVІІІ ғ. бірінші жартысында 200-280 адам болған [43, с. 190]. Яғни, Темірарықты қалпына келтіруге отырарлықтарда шама болмады. ХVІІІ ғ. бастап Отырарға ертедегі Алтын арық арнасы ішімен жүргізілген арықпен су келеді. Арықтың басына шығыр орнатылыпты. Ал шығыр шығаратын су өзеннен өз бетімен үлкен арықпен ағып шығатын суымен теңесе алмайды. Су тапшылығы сезіледі. Ал тау етектерінде орналасқан Сайрам мен басқа қалалар үшін өзендерден су шығару аса қиын емес болатын, оған Отырардағыдай аса көп адам қажет болмады.

    Бұған қоса ХVІІІ ғ. ауа райы өзгеріп, қуаңшылық  үстем болып [7, с. 251-264] өзендердегі  су деңгейі төмендеп кетеді. Бұл  су шығару мәселесін қиындата түсті. Аңызда айтылғандай отырарлықтар «жүз жыл шамасында жерді суландыру  жүйесін қалпына келтіруге және бабаларының  қаласын қайта көтеруге әрекет жасайды. Алайда олардың бұл әрекеті  ешқандай нәтиже бермегендіктен олар қайтадан Ферғана, Бұқара мен Үргеніш жаққа кетті» [48, с. 30-31].

    Сонымен Отырар қаласында тіршіліктің тоқтауының басты себептері мынада: жоңғар шапқыншылығы салдарынан су жеткізетін байырғы ирригациялық жүйенің бұзылуында, соғыс салдарынан саны азайған отырарлықтардың ең алдымен егістіктерге, қалаға су алып келу мәселесін тұрақты түрде шеше алмауында. Өз күшімен ирригациялық мәселені шеше алмаған отырарлықтарға сырттан көмек беретін күшті мемлекеттік биліктің болмауында, ХVІІІ ғ. бастап климаттың өзгеруінде: қуаңшылық кезеңнің басталып, өзендерде су деңгейінің күрт төмендеп кетуі, су шығару мәселесін одан әрі қиындата түсті.

    6.8 «Отырар қалалық  мәдениетінің этникалық  аспекті» деп аталатын бөлімде этникалық мәселелер талқыланады. Кейбір зерттеушілер Оңтүстік Қазақстанның қалашық пен елді мекендер тұрғындарын «сарт» деп атағанын алға тарта отырып кейінгі ортағасырлық Отырардың мәдениетін тек өзбектерге жатқызуы [49, c. 211–215; 50, c. 196–206] қарсылық туғызады. Сартты тек өзбек деп ұғыну қате. К.К. Абаза айтқандай: «Көшпелі тіршілігін қойып, қаладан үй салып, саудамен не кәсіппен айналысқан, қазақ не өзбектің балаларын бұдан былай сарт деп атайды». Этнограф А.Н. Жилинаның мәліметтеріне сүйенсек, әр текті Созақ қаласының тұрғындарын, оның айналасындағы көшпелі қазақтар «сарт» деп бір ортақ терминмен белгілеген. Зерттеушінің мәліметтеріне сүйенсек, тұрғындардың едәуір бөлігін отырықшы болып кеткен ошақты, сатек, қоралас, мырза тобы атты қазақ руларының өкілдері құраған. Сонымен қатар бұл жерде өзбектілді сарттар және қоқандық жаугершілік кезінде Өзбекстанның ішкі аймақтарынан көшіп келгендер тұрған [51, с. 141].

    ХV ғ. Отырарға қатысты мәліметтерге жүгінсек, онда қыпшақ өкілдері басшылық жасағаны айтылады. Сары Бұғы қыпшақтың ұлы Шейх Нур ад-дин Темірдің бас қолбасшыларының бірі болды. Сары Бұғының екінші баласы Бердібек Отырарда әкім еді. Бұл әулеттің Сырдарияның орта ағысы өңірінің перзенттері екенін Бабырнамадан аңғарамыз: «Темірдің рақымы түскен түркістандық (астын сызған біз – М.Қ.) қыпшақ бегі Шейх Нур ад-дин» делінеді» [52, 22-б.]. Сонымен қатар Отырарда сұрақ белгісі бар мыс сырға табылып отырғанын айту керек. Оның қарапайым мыстан болуы оның билік өкілі емес Отырардың қарапайым тұрғыны тақса керек. Жалпы мұндай сырғалар кейінгі ортағасырлық қабаттардан жиі табыла бастады. Тараз №3 рабадының ХІІІ - ХІV ғғ. қабаттарынан да сұрақ белгісі бар сырға табылған болатын және Т.Н. Сенигова мұндай сырғалардың Орталық Қазақстан аймағындағы обалардан табылып отырғанын тілге тиек етіп қалалықтарға қыпшақтардың ықпалы жөнінде айтты [53, с. 197-198]. Сұрақ белгісі үлгісіндегі алтын сырға Сауранның орталығындағы стратиграфиялық қазбасынан, ХІІІ – ХІV ғғ. қабатынан шыққан [54, с. 81, фото 21]. Біз мұны қыпшақ және басқа далалық тайпалар өкілдерінің қалалар халқының құрамында болғанының  айғағы деп түсінуіміз керек.

    Отырар  қаласынан оның тұрғындарының  әр жаққа көшіп  кеткені жөнінде  жоғарыда айтқанбыз. Отырар тұрғындарының бір бөлігі таяу жерде орналасқан елді мекендерге көшіп барғаны жөнінде мәліметтер бар. А.К. Кларе отырарлық соңғы тұрғынның Түркістанға көшіп кеткенін, олардың ұрпақтары Түркістан мен Шілікте тұрып жатқанын жазады [48, с. 29]. «Шымкенттіктер өздерін Отырар мен Түркістанды мекен еткендердің ұрпағымыз деп санайтынын және олар таза сарт емес, қазақпен аралас («потомки выходцев из Отрара и Туркестана, и представляют из себя не чистый сартовский тип, а помесь с киргизами») тобына жатады», – деп жаза отырып, А.И. Добросмыслов: «Бұл жағдай шындыққа аса жақын. Шымкент сарттары сыртқы кейпімен де және дәстүрлерінің басым бөлігімен де қазақтарға ұқсайды» («Последнее обстоятельство весьма правдоподобно. Сарты Чимкента как по наружному своему виду, так и по многим сохранившимся обычаям во многом напоминают киргиз») деп түсіндіреді [55, с. 182].

    А.К. Кларе Түркістан  қаласында өздерін  «Отырардың қожаларымыз» деп есептейтін қожалардың барын жазады [48, с. 29]. «Жаңадария мен Куандарияның жоғары бөлігіндегі жазық далада және батпақтарында түркістандықтар Орта Жүзге жатқызатын жартылай отырықшы қожалар мекен етеді. Алайда бұл пікір дұрыс деуге келмесе керек. Қожалар сунақтар сияқты күшті түркіленген елдің байырғы тұрғындарының бір бөлігі деп болжауға болады»- деп жазды ХІХ ғ. аяғында Е. Смирнов.

    Отырардан басқа байырғы  қала тұрғындарының  ұрпақтары да қазақ  халқының құрамына енген. Өздерін Сығанақ  қаласының тұрғындарының  ұрпағымыз деп  санайтын сунақтар бар. Сунақтар жүзге кірмейтін  қазақ тайпаларының құрамында аталады [56, 627-б.]. Сунақтар негізінен Қызылорда облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысының солтүстік бөлігін мекен етеді. Сунақтартың шығу тегі жөнінде В.А. Каллаурдың 1900 ж. мақаласында қызықты мәліметтер бар: «По расспросам моим о народе Сунак, чиракчи Мулла Кош-Мухаммед Татыбаев сообщил, что сам он происходит из рода Сунак. Они, сунаки, считают себя чем-то средним между сартами и киргизами: один из них кочуют, другие живут оседло. По преданию, город Суганак до разрушения был заселен ими, сунакцами. После разрушения Суганака (это было 777 лет тому назад) Сунаки ушли в Булгары – Шары, а после проживали на Караспане по р. Арыси, когда он находился под управлением кипчаков во главе с Капланды. После покорения кипчаков кокандцами сунаки перешли в Перовский уезд, где строили кокандское укрепление Яны-Курган, находящееся около станции Яны-Курган» [57, с. 10]. Сунақтардың қалалық тегі жөнінде Е.А. Смирновтың мақаласынан ұғу қиын емес: «В окрестностях Сунака обитает полуоседлое племя Сунак–ходжи или Сунак, совершенно не исследованное в этнографическом отношении. Тип сунаков и некоторые особенности их быта и языка указывают на то,что это не кровные тюрки, а пожалуй отюреченные остатки тех поселенцев, которые занимали когда-то Саганак и остатки поселений в лощине Ирым». Осы ойын айта отырып арнайы ескертпеде: «По словам окрестных киргизов (роды Кипчак и Кунград) Сунаки–сартовского поколения, что доказывается внешними отличиями (типом лица), обычаями (женщины скрывают лицо от посторонних) и отчасти языком» [58, с. 8].

Информация о работе Ортағасырлық Отырар: тарихи-археологиялық деректер негізінде