Қазақ поэзиясындағы табиғаттың бейнеленуі жан-жақты талданады

Автор: Пользователь скрыл имя, 03 Марта 2013 в 19:56, реферат

Краткое описание

Тақырыптың өзектілігі. Қазақ әдебиеті қазіргі таңда поэтикалық жағынан алғанда әлемдік әдебиет жауһарларына қойылатын талаптардың барлығына жауап береді. Әдеби жанрларды игеру, олардың көркемдік әлемін ашу, кейіпкерлерді даралау, психологиялық талдаулар жасау жағынан алғанда әдебиетіміздегі көркемдік көкжиектері жылдан жылға кеңейіп өзінің поэтикалық жағынан жетілгенін айқындап келеді.

Оглавление

КІРІСПЕ.........................................................................................................3

І ТАРАУ. ЛИРИКА ЖӘНЕ ТАБИҒАТ

1.1. Лириканың көркемдік-эстетикалық табиғаты.......................................5
1.2. Табиғаттың көркемдік компонент ретіндегі қызметі............................8
1.3. Табиғатты жырлаудағы дәстүр және жалғастық..................................12
1.4. Табиғат лирикасындағы кейіпкер.........................................................22
1.5. Бейнелілік және кейіптеу тәсілі..............................................................32

ІІ ТАРАУ. ТАБИҒАТТЫ БЕЙНЕЛЕУДЕГІ КӨРКЕМДІК
ТӘСІЛДЕР

2.1. Психологиялық егіздеу тәсіліндегі табиғаттың қызметі......................45
2.2. Психологиялық егіздеудің метафораға ұласуы.....................................48
2.3. Табиғат пен адам болмысының тұтастықта жырлануы........................63
2.4. Көріктеу құралдарының табиғатты бейнелеудегі эстетикалық-
көркемдік қызметі............................................................................................70

ҚОРЫТЫНДЫ...............................................................................................78
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.................................................................................79

Файлы: 1 файл

Поэзия жане табигат.doc

— 596.00 Кб (Скачать)

                               Сүйдiм мен Iңiр деген перi қызын.

Перi қызының адам бойын тiтiрентер үрейлiлiгiне қоса ғажайып сұлулығы бар. Сұлулығымен адам баласын алдап-арбайтын перi қызы – лирикалық қаһарманның ынтығы. Мұндағы iңiрге тән суреттер қосалқы компонент болып қалған.

                               Ақырын жаныма кеп отырады  ол

  Жасырып жез тырнағын  жеңiне ұзын.        

Хикаялардың қорқынышты бiр кейiпкерi – жезтырнақ. Ол адам баласының ең қауiптi дұшпандарының бiрi. Ақын перi қызының үрейлi сипатын жезтырнақпен бiрiктiру арқылы танытпақ болған. Күннiң қызарып барып батқан суретiн сол перi қызының жез тырнағынан қан саулап, көкжиектi тырнауы түрiнде бейнелеу сәттiк тiршiлiктегi азапты арпалыстарды, қым – қиғаш тартыс пен кереғарлықты аңғарту тәсiлi.

Ұшынан тырнағының қан  сорғалап,

Тырнайды көкжиектi көз алдымда...

Қызыл iңiр суретi трансформацияланып, қаны дiрдектеген көкжиек түрiнде көрсетiледi. Уақыттың бiртiндеп өтуi де келесi шумақтағы бейнелi жолдар арқылы аңғартылған:        

Киедi жадағайын жер қара көк,

Қайтадан жүгiредi жел  бала боп...

Перi қыз жұпар атып жақындайды,

                             «Бәрiбiр, сенi ұғатын мен ғана»  деп...

Алмағайып сезiм құбылыстарын көрсету тәсiлi тым ерекше. Көкжиектегi «дiрдектеген қанды» көргенде сескенген лирикалық қаhарман ойы:

Жер тыныш,

Көл орнында,

Сеңгiр аман.

Тек жүрек бұлқынады   шерлi ғалам,

Сүйем мен жезтырнақты  дүниенi

Қайт дейсiң,

Не iсте дейсiң ендi маған!  –

деген жолдармен түйiнделедi. Жаңағы бiз көрген әрекет – ақын жүрегiнiң бұлқынысы екенi ұғымға сiңедi. Өмiрдiң жүрек шымырлатар өкiнiштi, қапалы да қатал сәттерi көп. Бәрiбiр адамзат өмiрдi сүйедi, өмiр үшiн арпалысады. Ақын өлеңiнiң түйiнi осыған саяды. Жалпы, бұл өлеңдi метафоралық өлең ретiнде таныған жөн. Е. Раушановтың iңiрдi бейнелеген бұл өлеңi туралы сөз болғанда Абайдың әйгiлi «Қыс» өлеңi еске түседi. Қаhарлы қысты ақын түрлi мiнездеумен қазымыр да мазасыз кәрi құда бейнесiнде танытады. Есенғали өлеңiнде Абай дәстүрi аңғарылатынын, суреттеулерде өзара үндестiктер бар екенiн айтуға болады. Алайда бұл жерде қайталау мүлде жоқ.  Есенғали  озық дәстүрдi меңгере отырып, тың iзденiс, жаңаша бояумен өзгеше бейне тудырған. Абайдың «кәрi құда» – қысы  мен Есенғалидiң «перi қызы» -  iңiрi табитатты «адамдандырудың» бiр бiрiне ұқсамайтын тамаша үлгiлерi. Iңiр туралы өлеңдер поэзиямыздағы iрi тұлғалар Мағжан Жұмабаев пен Мұқағали Мақатаевта да бар.

           Мағжанның «Iңiрде» атты өлеңi («Ақжол Қазақстан» газетi,№14, 15.11.2002ж.) символдық мәнге ие, көркемдiк өрнегi ерекше туынды. Бiз iңiр суретi Мағжан бейнелеуiнде қандай ерекшелiгiмен көрiндi деген мәселеге назар аударып көрейiк. Суреткер ақын iңiр бейнесiн  сөзбен салғанда өзiнiң айтпақ ойын тың тәсiлмен  өзгеше өрнектейдi:

                                      Амандасып өрiне

                                      Кiрерiне көрiне

                                      Күңiренiп күн жеттi,

                                      Сұр бұлтпен бүркенiп,

                                      Өлгенiне өртенiп

                                      Көк жүзiне қан септi-

деп бейнеленген суреттен трагедиялы жай аңғарылады. Яғни Мағжанда айтылар ойдың өзгеше бағыттағы тереңдiгiн аңғаруға болады. «Көр», «өлу» сияқты сөздердiң эмоционалды мәнi күштiрек. «Ақынның халық тағдырына алаңдаған, заманға наразы үнi осы сөздерге сiңген. Күннiң ұясына қонуы - көрiне кiруi , қызарып барып батуы – «өлгенiне өртенiп, көк жүзiне қан себуi» болып бейнеленедi. Iңiрдегi көл суретi су алған келiншектiң әр қимылы мен көңiл-күйiне сәйкес  әр түрлi  қалыпта көрсетiледi (...Желкiлдеп қамыс желектей, көл қалғыған бөбектей...// Күлiп жатты көл-бөбек...// Тырс-тырс қағып таңдайын... Соғып жарға маңдайын...  Қалғып кеттi көл-бөбек )», - деп тұжырым жасайды Ж.Аймұхамбетова[36,115].

       ХХ ғасыр басында жазылған Мағжан Жұмабаев өлеңiнде «сұр», «қоңыр» түстер ақынның меңзеген ойын айқындайтын белгiлер болса, ХХ ғасыр соңында жазылғаг Есенғали қолданысында да бояулар  ерекше мәнге ие. Боз (Бозарып мен отырам бозаң қырда), қызыл (қызыл қан көкжиекте дiрдектедi), қара көк (киедi жадағайын жер қаракөк) түстер көңiл күй ауанын бейнелеуде маңызды роль атқарып тұр. Табиғат суретiн берудегi кейiптеулер де өз орнын тауып тұрған детальдар. Мысалы, жердiң киiнуi (киедi жадағайын жер қара көк), желдiң жүгiруi (қайтадан жүгiредi жел бала боп) уақыт мезгiлiнiң бiр сәтiн жанды қалыпта әсерлi бейнелеудiң тамаша үлгiсi. Ақынның ойы мен ұғымындағы iңiр, жай iңiр  емес, жез тырнақты перi қызы  -  Iңiр  -  сұлулық пен сұмдықты, қасиет пен қасiреттi бiр бойына сiңiрiп тұрған  өмiрдiң бiр сәттiк бейнесi iспеттес.

Қорыта айтқанда, табиғат  лирикасындағы бейнелілік, кейіптеу тәсілдері ұлттық поэзиямыздағы  поэтикалық дәстүрді тамаша үйлесіммен жалғастыруымен де маңызды.

 

 

 

 

 

 

ІІ ТАРАУ

ТАБИҒАТТЫ БЕЙНЕЛЕУДЕГІ КӨРКЕМДІК ТӘСІЛДЕР

2.1. Психологиялық егіздеу тәсіліндегі табиғаттың қызметі

“Параллелизм екі  құбылысты салыстырып қана қоймайды, сонымен бірге біреуіне тән әрекетті екіншісіне телиді. Егіздеудің негізгі мәнін еске алсақ, гүлмен, ағашпен т.б. көрінетін табиғат бейнесі адам өміріне ұқсастырылады” [37, 134], - деп жазады А.Н.Веселовский.

“Параллелизм – екі  нәрсені қатарластыра, жанастыра  алып бейнелеу тәсілі. Екі түрлі ұғымды білдіретін тіл элементтері бір-біріне әсер етіп, тұтас поэтикалық бейне тудырады. Бұл халық ауыз әдебиетінде жиі қолданылады” [2,161].

Кейіпкердің ішкі толғанысын, тебіренісін білдіру үшін қолданылатын психологиялық парллелизмге “Ер  Тарғын” жырындағы Тарғынның монологын мысал етуге болады. Психологиялық егіздеудің лирикалық кейіпкер болмысын танытып, кейіптеумен үндесетінін қалай дәлелдеуге болады? Ол үшін бұл айшықтау үлгісінің табиғатына тереңірек үңілу қажет. Махамбеттің “Қызғыш құс” өлеңін зерттеушілер психологиялық параллелизм үлгісі деп қарастырады. Бұл өлеңде ақынның тағдыры қызғыш құспен салыстырылған.

Көл қорыған сен едің,

Сен де айрылдың көліңнен.

Ел қорыған мен едім,

Мен де айрылдым елімнен.

…Сені көлден айырған,

Лашын құстың тепкіні.

Мені елден айырған,

Хан Жәңгірдің екпіні ” [38, ...],.

Адамдар тіршілігіне  тән әрекеттер табиғатқа көшірілген. Сол арқылы табиғаттағы тіршілік иесі – қызғыш құстың әрекеті, тірлігі, аянышты халі бейнеленеді. Және ақынның  өз тағдыр-талайы, қызғыш құсқа мұң шағып, тіл қатуының астарында оны өз көңіл-күйінің әуенімен түйсіну сезімі жатыр. Табиғат объектілеріне, тіршілік иесіне адамға сөйлегендей сөйлеп, ой айту тағы да олардың жаны, рухы бар деген мифтік санаға барып тіреледі. Бұл сияқты мысалдар Абай, М.Жұмабаев, Қ.Аманжолов т.б. ақындар шығармаларынан кездеседі.

Ақын өзінің лирикалық  кейіпкерінің ішкі әлемін бейнелегенде психологиялық-эмоциялық жағдайларды  танытуға ұмтылады, міне, осыдан келіп  поэтикалық ізденістер, көркемдік тәсілдер, бейнелеуіш құралдардың жаңа мүмкіндіктері туындайды. Шығармашылықты физиологиялық үдеріспен сипаттаған қаламгерлер жазу үстінде өздерін әр түрлі тіршілік иелеріне ұқсатады екен. Біз бұл жерде ішкі әлем бейнесін берудегі көркемдік тәсілдердің шексіз мүмкіндігін аңғарғандай боламыз. Сонымен бірге, ақын өлеңінде өзін ауыстыра бейнелеген заттың немесе құбылыстың табиғатына жақын қасиетті немесе хал-ахуалды ерекше бөліп көрсетеді. Бұлайша суреттеу кейде өлеңнің тұтастай шумақтары арқылы бейнеленіп келіп, соңында сол бейнеленіп отырған табиғаттағы зат немесе құбылыс метафора екені айқындалады. Көрнекті ақын Ф. Оңғарсынованың «Тобылғы қайсар қырда өскен...» деп басталатын өлеңінде осы суреттеу тәсілі пайдаланылған. Ақын әуелі тобылғының күллі қасиеттерін жырлайды. «Жауын мен желге сүрленіп, даланың нәрін еміп, қырда өскен тобылғының» жаңбырлы қарашада «бар мұңды жүректің қанды жасындай жұтатынын», табиғаттың аптабы мен желіне шыңдалғанын өлең тілімен айта келіп, бейнелі сипатта түйін жасайды:

Қарамай жатық еңсеге,

Тайғызбас жерден табанын,

Ақырзамандар келсе  де,

Тобылғысы қалар даланың.

 

Өртеніп, күйіп құм  жанған,

Шыдамай отты сынаққа.

Су менен желге шыңдалған

Тобылғы жанбас бірақ  та.

 

Жауындар сіңген тобылғы  ем,

Серігі – жел мен  кең дала,

Тұтанбастай-ақ көрінгем,

Өртедің мені сен ғана! [24,127.]

Тобылғының ештеңеге мойымайтын, ештемеден тайсалмайтын қайсарлығы мен табандылығын суреттей отырып, ақын сол тобылғыға ұқсатылған лирикалық кейіпкердің сезім  алдындағы дәрменсіздігін және сезім  тұрақтылығын аңғартады. Бұл өлеңдегі лирикалық кейіпкермен тұтасып, бірігіп кеткен ақындық тұлғаны танытатын метафора– тобылғы. Бұл метафора арқылы лирикалық кейіпкердің жан әлемі, күллі болмысы танытылған. Тобылғыға біткен төзім мен беріктік арқылы мінез көрінсе, сезім алдындағы дәрменсіздік арқылы жан әлеміндегі тартыс бейнеленген. Ақын Ф. Оңғарсынова лирикасы, ондағы мінез туралы академик Р.Нұрғали «Ақынның беріліп, шабытпен, аса құмарта кең көсіліп жырлаған табысты тақырыбы – махаббат, сүйіспеншілік. Қалыптасқан үлгідегі жырлар алғашқы сезімді, құмарту, елту, құлап жығылу сәттерін бейнелейді. Көбінесе қызыл-жасыл бояу,алабұртқан ағыстар басым жататын өлеңдерге ет үйренген. Ал, мұнда бүгінгі адамның басындағы небір қиюы қашқан шақтар, біреу сүйіп, екіншісі сүймеген, біреу адал, екіншісі опасыз, мансапқор, дәулет абыройға жетсе де, жүрегі жылу таппаған, сарыла түсіп, күтумен ғұмыр өткізген жандардың тартысты,  драмалы көңіл-күйі, трагедиялық ситуациялар бейнеленеді» - деп жазады [39, 260]. Қазіргі поэзияның көркемдік мүмкіндігі, бейнелеуіш құралдардың ақын тілінде түрлене құбылуы көңіл-күй, сезім әлемін танытуда ерекше мәнге ие. Адам жанындағы нәзік иірімдер, қым-қиғаш қақтығыстар, сезімдер тайталасы лирикалық қаһарман тұлғасын айқындап, мінез-болмысын бедерлеп шығарады.

Психологиялық егіздеудің маңызды  көркемдік қызметі құбылыстарды, заттарды егіздей, салыстыра  суреттеу арқылы адам санасына әсер етер, эстетикалық ләззат берер поэтикалық сурет туындату болса, ақындар бұл тәсілдің  мүмкіндігін өздерінің лирикалық туындылары арқылы кеңейте түсті. Қазақтың тағы бір ақыны  К.Мырзабеков өлеңдері соның бір мысалы.

Ақынның психологиялық  егіздеу тәсілімен туындаған  «Екі өзен» өлеңінің де көркемдігі сәтті шыққан. Бұл өлеңде ауыстыра бейнелеудің де сипаты бар (мен де өзенмін). Өлеңде екі зат – екі  құбылыс қатарластыра алынып, егіздей жырланады. Ақынның «Бозша тал», «Қар жауды бүгін», «Қаймақ көл ме..» т.б. өлеңдері психологиялық егіздеу түрімен жазылған туындылар. Бұл сипаттағы өлеңдерінен символдық бейнелер бой көрсететінін де айтып өткен жөн. А.Н. Веселовский психологиялық егіздеу поэтикалық стлиьге ықпал ететінін атап көрсете отырып, сол егіздеу түрлерінің бірнеше тәсілін талдап түсіндіреді [38,101-155]. Психологиялық егіздеу ұқсас, шектес құбылыстарды салыстыру арқылы поэтикалық сурет тудырса, қарама-қарсы заттар мен құбылыстарды салыстыра суреттеу де поэзияда ерекше орын алады.  Осындай қарама-қарсы ұғымдар мен құбылыстарды қатарластыра қолданатын шендестіру тәсілі де К.Мырзабеков өлеңдерінен кездеседі:

Асқынып ағатын бұлағың,

Бастығып қалған ба , шырағым.

Басылмай келіп ем құмарым,

Басыңа жеттім де құладым.

 

Баяғы ағысың қайда асау,

Булығып жатыр ма, бар  ма сау?!

 

Сабылып сабырсыз келгенде

Саябыр жатқаның қалай  бұл? [40,26].

Шендестіру табиғат  пен адам болмысындағы қарама-қарсы  әрекеттерге байланысты көрініс  тапқан. Лирикалық кейіпкердің сабырсыз, алабұртып келген сәтіне бір кездегі асау ағысты бұлақтың саябырсып, ағысының баяулап қалуы шендестіріледі. Сол арқылы тұтастай тынымсыз өмір, мазасыз сезім бейнеленеді. Қарама-қарсы ұғымдар мен әрекеттер ақын өлеңінде қарама-қайшылықты сезімдер арпалысын, ойды беру мақсатында жұмсалады:

Шабандарға бұйрық іс- бүлкіл аяң,

Жараулардың жүйрігі  алдымда жүр.

 

Жүргем жолды өрде де, ылдида да

Күндер болды малтыққан, құлдилаған [40,29].

К.Мырзабеков өлеңдеріндегі  қайталау, шендестіру, егіздеу тәсілі ақын тіліне тән өрнекпен бедерленіп, сыршыл лирикалық өлеңдердің дүниеге келуіне негізгі тірек болған деуге болады.

 

2.2. Лирикада  психологиялық егіздеудің метафоралық 

тәсілмен тұтасуы

 

Өлең сөздегі бейне, сурет жасаудағы айрықша тәсілдің бірі - ауыстырудың (метафора)  көркемдік қызметінің орны жан-жақты. Ауыстырулар жүйесі, әсіресе, ұлттық ойлауға, ұлттық психологияға,  ұлттық әдеби дәстүріне сәйкес келуімен дараланады. Әдебиетші-ғалым С.Негимовтың «Ой мен сезімді көркем, әсем, әсерлі, образды берудің эволюциясы барына назар аудардық. Жалпы, образды немесе поэзиялық сананың дамуы екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – мифологиялық ойлау, екіншісі – метафоралық ойлау» деген тұжырымын [41, 24] есепке алсақ,, әдебиеттің ұлттық сипаты сынды әрі күрделі, әрі нәзік мәселені ауыстырулар жүйесінсіз зерттеудің мүмкін еместігі өз-өзінен түсінікті болса керек.

Ауыстырулар арқылы кез  келген ұлттық әдебиеттің негізгі қасиеті, ұлттық сипаты танылып дәлеледенеді. Сонымен бірге, ауыстырулар жүйесі ұлттық әдебиеттің белгілі бір кезеңдегі тыныс-тіршілігін, көркемдік ерекшелігін, дәстүрін, дамуының бағыт-бағдарын да көрсетіп отырады. Ауыстырулар әдебиет тарихындағы жекелеген суреткерлердің стильдік ерекшелігін, даралығын өзінен бұрынғы, тұтас, кейінгі әдебиет өкілдерінің шығармашылықтарымен байланысын танытуда да барынша қабілетті, қолайлы.

Академик З.Ахметов  ауыстырулар табиғаты туралы: «метафораның теңеуден негізгі айырмасы – онда салыстырылған екі нәрсе екі  бөлек көрінбей, көбінесе екеуі тұп-тура бірігіп бір бейнеге айналғандай болады да, екі нәрсенің біреуі ғана айтылып, екіншісі емеурін жасау арқылы да айқын елес беріп тұрады. Метафора бірде мағына ауыстыру, бірде нәрсенің, құбылыстың орнына соған ұқсас нәрсені екінші нәрсеге телу, балап айту түрінде қолданылады», - деп жазады [42, 20].

Информация о работе Қазақ поэзиясындағы табиғаттың бейнеленуі жан-жақты талданады