Автор: Пользователь скрыл имя, 03 Марта 2013 в 19:56, реферат
Тақырыптың өзектілігі. Қазақ әдебиеті қазіргі таңда поэтикалық жағынан алғанда әлемдік әдебиет жауһарларына қойылатын талаптардың барлығына жауап береді. Әдеби жанрларды игеру, олардың көркемдік әлемін ашу, кейіпкерлерді даралау, психологиялық талдаулар жасау жағынан алғанда әдебиетіміздегі көркемдік көкжиектері жылдан жылға кеңейіп өзінің поэтикалық жағынан жетілгенін айқындап келеді.
КІРІСПЕ.........................................................................................................3
І ТАРАУ. ЛИРИКА ЖӘНЕ ТАБИҒАТ
1.1. Лириканың көркемдік-эстетикалық табиғаты.......................................5
1.2. Табиғаттың көркемдік компонент ретіндегі қызметі............................8
1.3. Табиғатты жырлаудағы дәстүр және жалғастық..................................12
1.4. Табиғат лирикасындағы кейіпкер.........................................................22
1.5. Бейнелілік және кейіптеу тәсілі..............................................................32
ІІ ТАРАУ. ТАБИҒАТТЫ БЕЙНЕЛЕУДЕГІ КӨРКЕМДІК
ТӘСІЛДЕР
2.1. Психологиялық егіздеу тәсіліндегі табиғаттың қызметі......................45
2.2. Психологиялық егіздеудің метафораға ұласуы.....................................48
2.3. Табиғат пен адам болмысының тұтастықта жырлануы........................63
2.4. Көріктеу құралдарының табиғатты бейнелеудегі эстетикалық-
көркемдік қызметі............................................................................................70
ҚОРЫТЫНДЫ...............................................................................................78
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.................................................................................79
1.5. Бейнелелік және кейіптеу тәсілі
Академик З. Ахметов “Поэзия – сөз өнері, көркемдік шеберліктің теңдесі жоқ озық үлгісі” дей келіп, оның аса маңызды құбылыстарды бейнелеп көрсетуде зор мүмкіншілігі бар екенін атап көрсетеді [2,11]. Өнердің асыл тегі саналатын поэзия сонау күндерден қазіргі уақытқа дейін адам болмысының қат-қабат сырын бейнелеп көрсетуімен құнды болып келеді. Бейнеліліктің негізгі өзегі – қадым замандардағы көне адамдар танымынан бастау алған ұғым-түсініктер екені ақиқат. Біз бейнелілік аясындағы әңгімемізді көркемдік ойлау жүйесіндегі кейіптеу тәсілі мен мифтік ойлауға тән анимистік сенім сабақтастығы төңірегінде өрбітпекпіз.
Адамзат дамуының алғашқы кезеңіндегі табиғатпен бірлік сенімі ондағы әрбір зат пен құбылысқа жанды рух түрінде қарап, оны сана-сезімге ие жаратылыс деп қабылдады. Бұл ұғым ғылым тілінде “анимизм” деп аталады. Анимизм – барлық заттың жаны бар деп қараған алғашқы қоғамдағы қарапайым ойлау.
“Анимизм дегеніміз – қоршаған орта мен табиғат құбылыстарының рухы, жаны бар деп пайымдалған түсінік. Анимизм алғашқы қауымдық дін негізінде және алғашқы адамдардың табиғат күштері алдындағы дәрменсіздігінен туындаған. Мифология анимизмді орманның, таудың, ағаштардың, бұлақтың, өзеннің, жел мен толқынның жаны бар деген сенімнен туындағанына куәлік етеді. Жыл мезгілдерінің ауысуы, тасқынның болуы, дауыл, т.б. құбылыстарды ежелгі адамдар табиғаттың жанды күштері түрінде түсініп, адамға тән іс-әрекетке ие адам бейнесінде қабылдаған” [32,121]. Мифологиялық сөздікте берілген бұл анықтама қазіргі әдебиеттегі кейіптеу тәсілінің бастауы қайда екенін аңғартады.
Әдебиет пен өнер ежелгі дәуірден қазіргі күнге дейін мифологияға назар аударып, оны көркем туындының материалы ретінде пайдаланып келгендігі туралы пікір белгілі дәрежеде көркемдік ойлаудың алғашқы дүниетанымдық ұғымдармен тығыз сабақтастықта екеніне көз жеткізеді.
Ұлттық поэзиямызға назар салғанда кейіптеудің тамаша үлгісі ретінде Абайдың “Қыс” өлеңі тұтасымен, “Жазғытұры” өлеңіндегі бейнелі жолдар алдымен ауызға алынады. Сондай-ақ табиғатты “адамдандыра” суреттеу М.Жұмабаев лирикасында барынша тереңдеген.
Кейіптеу тәсілі лирикалық поэзияда әр түрімен, сан қырымен қолданылып келеді. Адамның көңіл-күйін, әрбір сәттегі толқуы мен толғанысын, қуанышы мен мұңын табиғат құбылыстары арқылы бейнелеп көрсетуде кейіптеу тәсілі жетекші орын алады десе де болады. Ай мен күн, жел, түн, өзен, гүл сияқты табиғаттағы заттар мен құбылыстар көркемдік ойлау жүйесінде адамға тән іс-әрекеттермен ауыстырылып, салыстырылып, егізделіп көрсетіледі. Бұндай қолданыстардың арасындағы байланысты тағы да көне дәуірдегі таным, басқаша айтсақ мифтік сана үстемдік еткен дәуірдегі мифологиялық ойлау жүйесі мен адамзат санасы өскен тұстағы көркемдік ойлау жүйесі арасынан іздеу заңды. Кейіптеу – лирикалық қаһарман болмысын ашудың бірден-бір жолы. Поэзияда шындықтың баяндалмайтынын, тек аңғарылатынын, бейнеленетінін ескерсек, бұл көркемдік құралдың маңызды орны өз-өзінен белгілі болады. Қазіргі поэзия үлгілерінен жаңғыртыла, жаңартыла жасалған кейіптеулерді молынан ұшыратуға болады. Кейіптеу туралы сөз қозғағанда ең әуелі табиғат құбылыстары мен заттарының суреттелуіне тоқталсақ, поэзия тілінде аспан, бұлт, түн, жел, т.б. ұғымдар адамға тән іс-әрекетпен көрсетіледі. Көңіл-күй құбылыстарын, күйініш-сүйініш сезімдерін өлең тілімен өрнектеу ақыннан шеберлікпен қатар сезімталдықты, аңғарымпаздықты талап ететіні ақиқат.
Лирикадағы уақыт мезетінің
суреттелуінің өзі түрлі
«Қазақтың халық поэзиясында
табиғат суреті, жаратылыс көріністері
үлкен орын алады. Бұлай болуы заңды да.
Сахарада көшіп жүрген, күнделікті өмірі
жазда, күзде тіпті жыл бойы дерлік кең далада, төңкерілген ашық аспан
астында, өзен-судың жағасында өтетін
елдің өзін ұдайы табиғаттың аясында,
құшағында отырғандай сезінуі таң қаларлық
нәрсе емес» - дейді теоретик ғалым З. Ахметов
[2, 39]. Шындығында табиғатпен барынша жақындық
ондағы құбылыстардың қыр-сырын ұғатын
аңғарымпаздыққа жетелейді. Адамзат тірлігінің
негізі осы табиғатта жатыр. Адамның ақыл-ойы,
қабілет-дарынымен жасалатын өнер туындыларында
табиғаттың басты орын алатынының бірегей
себебі де осы. Сондай-ақ бұл жерде жаратылыс
туралы таным-түсініктің де жетекші мәнге
ие екенін естен шығармаған жөн.
Адамзат санасының алғашқы сатысында тән мифтік санада күллі табиғат тірі, саналы рух түрінде қабылданғаны белгілі. Адам мен табиғат тепе-тең, ойлау, қайғыру, қуану сияқты сезім күйлері адамға тән екені сияқты табиғатқа да тән деген сенім көркемдік ойлау жүйесіндегі бейнелі, астарлы, ишаралы мәндерге негіз болғаны белгілі. Тақырыпқа арқау болып отырған түн де сол табиғат құбылысы, нақтылай айтқанда оның бір сәті, мезеті. Мифтік әңгімелерде (ертегі, аңыз, хикаяттардың бәрі мифтен бастау алған) жезтырнақ, албасты, т.б. қаскөй күштердің адам баласына зиян қылатын уақыты осы түн. Дүниенің жаратылуы туралы мифтерде әуелгі бей-берекеттік (хаос) және үрейлі қараңғылық сөз болады. Қараңғылық – қара түс – түн адамзат санасында үрей, қайғы-қасірет белгісі болып сіңісті. Тіршілік атаулы жарық пен қараңғының, ізгілік пен зұлымдықтың күресі болса, жарық-ізгілік-күн ортақ сипатты болып, бұларға қарама-қарсы ұғымда қараңғылық-зұлымдық-түн шендестірілді. Адам баласының көне танымы даму сатыларына сәйкес көркемдік танымға ұласқан кезде бұл қалыптасқан түсінік енді поэтикалық ұғымға ұласып, айтылар астарлы, тұспалды ойларды ишаралауда, лирикалық кейіпкердің ішкі әлемін жеткізуде үлкен мәнге ие болды. Тылсым, жұмбақ сырлы түлей қараңғылық сипатындағы түн енді бір жақты қалып қоймай, сыр мен сезімге толы, жанды әрекетке ие, көркем бейне дәрежесіне көтерілген поэтикалық тұтас суретке айналды. Ұлттық позияның даму тарихына көз салғанда түннің әуелгі танымдық негізге жақындатыла жырланғанына Абайдың әйгілі
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап .
Даланы жым-жырт дел-сал ғып,
Түн басады салбырап, -
деген жолдарын мысал етуге болады. Түпнұсқасы немістің ұлы ақыны Гетенікі, орыс тіліндегі нұсқасы Лермонтовтың авторлығындағы бұл жолдарда түннің сипаты өзін айқындай түсетін қараңғы, ұйқыға кету, жым-жырт, дел-сал сияқты сөздермен ашыла түскен. Абай лирикасында түн уақыт мезетінің сырлы бір сәті болып бейнеленетініне «Желсіз түнде жарық ай» деген жолдармен басталатын өлеңін мысал етуге болады. Бұл өлеңде түн сипаты жарық айдың сәулесі суда дірілдеуі, сай ішіндегі тасыған өзеннің гүрілі түріндегі жанды суретке айналған. Табиғат құбылыстары, оның әрбір сәті - қазақ ақындары өлеңдерінің негізгі нысаны. Лирикалық кейіпкердің жан-дүниесіндегі құбылыстар, сезімдер қақтығысы, көңіл-күй әуені дерлік табиғат суреті мен құбылысына көшіріліп, адам болмысын танытуда табиғат жетекші орынға ие болды. Қазіргі қазақ лирикасынан өзіміз сөз етіп отырған түнге қатысты өлеңдерді алып қарар болсақ, бұл пікірімізді дәйектей түсеміз.
Мағжанның «Пайғамбар» өлеңінің:
Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Күні батып, жаңа таңы атпаған.
Түнеріп жүр түннен туған перілер
Тәңірісін табанына таптаған [16,51], -
деген жолдарында күнбатыс-түн-қараңғылық ассоциациясы тұтастай бейнеленіп, ақынның заманға, болып жатқан өзгерістерге көзқарасы аңғарылады. Өзіміз айтып өткендей, қараңғылық – түн қасіреттің, зұлматтың белгісі ретінде бейнеленіп, ақын қара ниеттілерді «Тәңірісін табанына таптаған, түннен туған перілер» түрінде көрсетеді. Түн мен таңды, қараңғы мен жарықты, Күнбатыс пен Күншығысты бір-біріне қарама-қарсы қоя отырып, авторлық ұстанымын танытады. «От» өлеңі де осы сарындас. «Қараңғылық – дұшпаным» дейді ақын мұнда. Түнді қайғы, қасірет шеңберінде бейнелегендігіне «Айға» өлеңіндегі айды «қайғылы ай» деуін және «Түн еді» өлеңін дәлел етуге болады. Абай өлеңдерінде түн фон ретінде алынып, табиғаттың бір мезетінің көрінісін танытса, Мағжан өлеңдерінде белгілі бір ойды аңғартуға қызмет етіп тұр. Тұтастай алғанда лирикасына сыршылдық тән ақын бар өлеңінде бірдей түнге қасірет пен наланы тели бермеген. Көңіл-күй, махаббат лирикасында түн басқаша сипатымен де көрінеді. Бұл жерде ақын өлеңдеріндегі «жып-жылы түн маужырап», «жібек түн» деген тіркестеріне тоқталып, түнді суреттегенде ақынның жаңаша айқындауларға жүгінгенін, бұл ізденістің сәтті болып, кейінгі ақындар шығармашылығында аясы кеңейіп, тереңдей түскенін айтамыз. Сөзімізге мысал ретінде Е. Раушановтың «Түннің көз жасы» өлеңін алайық. Ақын өлеңдеріне тән метаморфозалық суреттің бір көрінісі аталмыш өлеңнің алғашқы жолынан көрініс береді де (бұл өз алдына жеке әңгіме), түн бірден персонаж болып әрекет етеді:
Жапыраққа айналып кетсем мен деп,
Жасырындым күн ауа топ шеңгел кеп.
Меңсіз қара ат мінген Түн мені іздеп жүр,
Мені іздеп жүр, сай құлдап, тепсеңді өрлеп [25, 71].
Көркем әдебиеттегі кейіптеу тәсілінің ұлттық поэзиямызда тамаша үлгілері барын білеміз. Бұл өлеңдегі кейіптеудің көркемдік деңгейі сол үлгілерден бірде бір төмен емес. Әдетте «қараңғы», «қаракөк», «қара» айқындауларымен келетін түннің «меңсіз қара ат мінген» түрде бейнеленуі ұғымға сыйымды. Ертегілерден ұшырасатын таңның ақ боз ат мінген, түннің қара ат мінген адам түрінде көрініс беруі алғашқы дәуір адамдарының анимистік сенімінен туындаған суреттер екені белгілі. Ал, «меңсіз қара ат мінген түн» лирикалық кейіпкердің көңіл-күйі мен сезім әлемін өзіне аударып алып, жалғыз қалып құлазыған, содан аласұрып сүйеніш іздеген, мұңға бейім жаңа тұрпатты көркем бейне болып бой көтерген. Табиғаттың әрбір мезетіне, әрбір құбылысына телінетін адами рух ойды көркемдеп жеткізе отырып, оқырманына эстетикалық ләззат сыйлайтын көркемдік тәсілге айналғаны осы жолдардан аңғарылады. Суреткер ақынның әрқайсысына тән ерекшелік сипат дегенде біз, әрине, бөлек бітімді бейнелеуді назарға аламыз.
Мені іздеп жүр дарияның жағасында
Мен тұрмын ғой, өйткені, санасында.
Қара шашын жел жайып ағады түн,
Ағады түн ағаштар арасында.
Алғашқы шумақтағы түннің лирикалық кейіпкерді (әрине, кейіпкердің түйсінуі бойынша) аласұра іздеу әрекеті екінші шумақта дами түседі. Енді түн «меңсіз қара ат мініп жүрген» жоқ, «қара шашын жел жайып, ағаштар арасынан ағады». Іздеу әрекеті жылдамдай түскен. Бұлайша дамыту лирикалық кейіпкер мен түн «персонажының» арасындағы байланысты танытса керек. Бұл жерде метафораның символмен тұтасқанын, сол арқылы түннің емес, лирикалық кейіпкердің жан дірілі, сезім күйі бейнеленгенін айтсақ жөн болар. Лирикалық кейіпкерге тәуелді, соның демеуін қажет еткен түн мен «жапыраққа айналып», табиғатқа сіңіп кеткісі келген лирикалық «меннің» арасындағы тылсым байланыстың куәсі – Аспан ғана. Ақын «мен» сөзін кіші әріппен жазып, «Түн», «Аспан» атауларын бас әріппен қолданады. Бұның қандай сыры бар? Бір қарағанда, онда тұрған ештеме жоқ. Адамның ішкі әлемін бейнелейтін сыршыл өлеңнің мәніне үңілсек, бәрі түсінікті. Өзімізше ой толғасақ, ғылыми талдау шеңберінен шыға отырып, Аспан – жеке тұлғаға айналып кеткен лирикалық кейіпкердің ақылы да, Түн – мұңлы да сыршыл, әсерленгіш сезімі дей аламыз. Бұл – субъективті пікір. Дегенмен де пікірімізді дәлелдей түсу үшін өлеңдегі детальдарға жүгінейік. Әуелі «жапыраққа айналып кетуді» қалап, топ шеңгелге жасырынған лирикалық кейіпкердің рух әлемі күллі табиғатқа ауысады. Сабырға, тоқтамға шақырар ақылы Аспан болып, тек бақылаушылық міндетті ғана атқарады. Ал, жүрек лүпілімен тыныстар сезім түн болып өзінен бойын аулақ салғысы келген иесін іздейді. Ақыл әрекетінен гөрі сезім әрекеті белсенді. Жоғарыда өзіміз айтып кеткен «меннің» кіші әріппен берілуі - лирикалық кейіпкердің тасада қалып, оған тән көңіл-күйдің Түнге ауыстырылуынан. Яғни Түн метафорасы өлеңдегі негізгі жүкті көтеріп тұр. Сезімін тәрк ете алмаған лирикалық кейіпкер ақыры түнмен қауышады:
Табады ақыр, табады көп адасқан,
Өксиді үнсіз кеудеме басын сүйеп,
... Жұбатуға жаралғам мен о бастан.
Адамның нәзік жанының сезім алдындағы дәрменсіздігі осы жолдар арқылы аңғартылған. Ақын Түннің кеудеге басын сүйеп жылауы арқылы адамның жан-дүниесіндегі қат-қабат шиеленістерді, сезім қақтығысын тұспалдайды. Біз адамның ішкі әлеміндегі қайшылықтарды текке айтып отырған жоқпыз. Өлеңнің келесі шумағында сол шиеленіс ап-анық түрдегі поэтикалық тіркестермен берілген:
Сыбырлайды,
Жылайды,
Күліп тәтті,
Сүйеді екен ол мені,
Ұмытпапты.
Жылау мен күлу – бір-біріне қарама-қарсы сезім халі, қайшы ұғымдар. Сол қарсы ұғымдар қатарласа, егізделе отырып, тұтастай бір болмыстың толқымалы күйін танытады. Лирикалық «меннің» түнмен табысуы - екіге жарылған ішкі әлемінің бірлік тауып, бір шешімге келуі
...Иіскей берем үн-түнсіз
иіскей берем,
Жалбыз иісі шашына сіңіп қапты –
деген жолдармен бейнеленген. Өлеңнің «Түннің көз жасы» деп аталуының өзінде тұспалды мән бар. Бір-біріне ұласқан метафора-кейіптеу-символ сияқты бейнелеуіш тәсілдер арқылы лирикалық кейіпкердің сыршыл да тұңғиық, әсершіл жан әлемі көркемдік шындық аясында бедерленген. Өлеңді субъективті-элегиялық сарындағы туынды деуге әбден болады. Бұл тұста әдебиет зерттеушісі, сыншы Т. Шапайдың лирикадағы табиғаттың адамның ішкі әлемін бейнелеудегі ролі туралы тұжырымдарын еске аламыз [28,162-164]. Сыншы ғалым поэзиядағы табиғат пен адамның бейнелену тарихы мен тәсілдеріне назар аудара келе, Қиыр Шығыс, оның ішінде жапон поэзиясына тән басты белгі – адамның табиғатқа сіңіп кетуге ұмтылысы; олар үшін табиғат арқылы «мен» және «мен еместің» айырмасыз екенін бейнелеу – текті поэзияның басты міндеті екенін зерттеушілер тұжырымдарына сүйене отырып көрсетеді [7,163]. Біздің ұлттық поэзиямызда да табиғаттың маңызды орын алып келгені ақиқат. Түбірлі ерекшелік – жапон поэзиясындағыдай ауытқуға болмайтын қатаң эстетикалық канондар халықтық поэзияда да, қазіргі жазба поэзиямызда да жоқ. Табиғатты жырлауда қазақ ақындары тек шабыт қуаты мен көркем тіркестерге жүгінеді. Адам мен табиғат болмысын үндестіре, егіздей суреттеудің тамаша үлгілерін ұсынған қазақ поэзиясы ойды бейнелі, тұспалды, астарлы түрде жеткізудің артықша тәсілдерін тауып, поэтикалық мәні терең өлеңдермен байыды. Көшпенді тірлік кешкен ата-бабаларымыз табиғатты киелі санады, саналы рухқа ие болмыс деп түйсінді. Осы таным жаңғыра, жаңара келе көркемдік ойлаудың нәр алар бастауына айналды. Айтылған пікіріміздің ақиқаттығын қарастырып отырған өлеңмен бекіте аламыз.
Ұлттық поэзиямыздың көркемдік сапасына өз үлесін қосып келе жатқан Е. Раушановтың ақындық шеберлігі, дара қолтаңбасы адам-табиғат үндестігін өрнектеген көңіл-күй тақырыбындағы сыршыл өлеңдерінен ерекше көрінеді. Нәзік лиризм мен терең психологизм қатар өрілген жоғарыдағы өлең – ақынның таным кеңдігі мен дарын қуаты деңгейінің көрсеткіші.
Информация о работе Қазақ поэзиясындағы табиғаттың бейнеленуі жан-жақты талданады