Қазақ поэзиясындағы табиғаттың бейнеленуі жан-жақты талданады

Автор: Пользователь скрыл имя, 03 Марта 2013 в 19:56, реферат

Краткое описание

Тақырыптың өзектілігі. Қазақ әдебиеті қазіргі таңда поэтикалық жағынан алғанда әлемдік әдебиет жауһарларына қойылатын талаптардың барлығына жауап береді. Әдеби жанрларды игеру, олардың көркемдік әлемін ашу, кейіпкерлерді даралау, психологиялық талдаулар жасау жағынан алғанда әдебиетіміздегі көркемдік көкжиектері жылдан жылға кеңейіп өзінің поэтикалық жағынан жетілгенін айқындап келеді.

Оглавление

КІРІСПЕ.........................................................................................................3

І ТАРАУ. ЛИРИКА ЖӘНЕ ТАБИҒАТ

1.1. Лириканың көркемдік-эстетикалық табиғаты.......................................5
1.2. Табиғаттың көркемдік компонент ретіндегі қызметі............................8
1.3. Табиғатты жырлаудағы дәстүр және жалғастық..................................12
1.4. Табиғат лирикасындағы кейіпкер.........................................................22
1.5. Бейнелілік және кейіптеу тәсілі..............................................................32

ІІ ТАРАУ. ТАБИҒАТТЫ БЕЙНЕЛЕУДЕГІ КӨРКЕМДІК
ТӘСІЛДЕР

2.1. Психологиялық егіздеу тәсіліндегі табиғаттың қызметі......................45
2.2. Психологиялық егіздеудің метафораға ұласуы.....................................48
2.3. Табиғат пен адам болмысының тұтастықта жырлануы........................63
2.4. Көріктеу құралдарының табиғатты бейнелеудегі эстетикалық-
көркемдік қызметі............................................................................................70

ҚОРЫТЫНДЫ...............................................................................................78
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.................................................................................79

Файлы: 1 файл

Поэзия жане табигат.doc

— 596.00 Кб (Скачать)

Қыранның суылдаймын қанатындай,

Уақыттың сыңғырлаймын сағатындай.

Қалайша тудым екен ақын болып,

Бұлт болып, я тау  боп жаратылмай.

Ақынның «қыранның суылдаймын қанатындай», «бұлт болып, я тау  боп» деген сөздеріндегі теңеулер ақынның  ішкі дүниесінің кеңдігін, күштілігін көрсетеді.

        Енді «Ақ түн» өлеңін оқыған кісі бұл тақырыптан бойын мүлде алшақ ұстайды. Көреген көз арқасында шағын өлеңге қаншама философиялық ой, қаншама тапқыр теңеулер,  бейнелі сұлу сомдалған:

                                        Ақ түн, ақ түн,

 Алып бір ақ сауыт,

 Ақбоз аттың

 Жалындай ақша бұлт.

 Ақ түн, ақ гүл

 Айнала тұтасқан

 Төгілмей шақ тұр 

 Ақ мұхит,  сүт  аспан.

 Ақ түн – ақ  жалын,

 Ақ түстер жаймасы

 Дүниенің пәк жанын,

                                        Түсірген

                                       Ақ түн –

                                       Рентген айнасы.

           Ақынның «Жасыл жұлдыздар», «Қызыл  арша», «Жапырақтар жанады», «Жаңбырсыз  күз», «Алтын тасқын», т.б. жинақтарының  қай-қайсысында да табиғат тақырыбындағы  татымды туындыларға жеткілікті  мөлшерде орын берілді.

 Табиғат көріністері мен құбылыстарын жырлауда әсерлі бейнелеу, тың тіркестер мен әсем суреттер жасау - ақындардың басты ерекшелігі. Дәстүрдің озық үлгілерін өлеңдерінің бойына жинап, өзінше жаңартады. Көктемді суреттегенде Абай бенелеген суретті өздерінше дамытады. Қазақ ақындарының табиғат тақырыбындағы қай өлеңдерінде болмасын ұлттық өрнек айрықша аңғарылады. Қазақ поэзиясындағы табиғат лирикасы өзінің жаңа арна, тың бейнелеулермен дамуын толастатқан жоқ, қалыптасқан  дәстүрді  жалғастыра, байыта берді. Поэзияға келген әр ақын өз болмысымен, өз ерекшелігімен танылып, поэзия  әлемінде дара қолтаңбаларын қалдырып келеді.

 

1.4 Табиғат лирикасындағы кейіпкер

 

 Әр  ақынның   табиғат  тақырыбындағы  өлеңдері  негізінде  лирикалық  кейіпкер  ерекшелігі, болмыс – бітімі  жан – жақты көрсетіледі. Пейзаждық лириканы  сөз  еткенде  оны  лирикалық  кейіпкерден  бөліп  қарай алмаймыз. Жалпы  лирикалық кейіпкер  ұғымын  әдебиеттану ғылымына  1940 жылы  Ю.Тынянов  енгізгені  белгілі. Бұл  мәселеге  кейін белгілі әдебиет теоретиктері  көңіл бөлді. Қазақ әдебиеттану ғылымында да  лирикалық кейіпкер  мәселесі туралы  жазылған  еңбектер  бар.

Осы  орайда зерттеуші  Т.Шапай  лирикада  “лирикалық  тұлға”, “лирикалық  кейіпкер”, “лирикалық  қаһарман”  атаулары  қолданылатынын  көрсете  келіп:  “Лирикалық  тұлға – ақынның  бүкіл  шығармашылығы  контексінде  айқындалатын  бейне  болса, лирикалық  кейіпкер  жеке  фрагментаралық  тексте,  кез – келген  жеке  өлеңде көрініс тапқан  авторлық  дербес  сананың  көркемдік  бір  тұрпаты”, - десе  [28, 154].  лирикалық қаһарман  атауын  орыс  әдебиетінде қолданатын  “лирический герой”  терминінің тура аудармасы деп орынды  көрсетеді.                                                    Танымал ақын  С.Мәуленовтің  табиғат  тақырыбындағы  өлеңдерінде  лирикалық  кейіпкер  өз  ерекшелігімен  танылады.  Мысалы: 

                           “Ақ  далада  үйге  кірмей  күнімен, 

                           Айқай  салып,  қара  тер   боп  жүгірем.

                           Шомылдырып  ақ  жұлдыздар жаңбыры,

                           Тазарғандай  бүкіл  дүние  кірінен” [20, 302].

Өлеңнен  лирикалық  кейіпкердің  көтеріңкі  көңіл  – күйі  келісті  көріністер  аясында, яғни  «көкірегімді  кернейді  бір  күй  тіреп» тармағынан аңғарылса,  оның  әсем  көріністерді  сырттан  бақыламай,  табиғат  аясында  «күнмен  үйге  кірмей» жүруі  оның  сол  көріністі  ұнатып  қана  қоймай  ерекше  сезім  білдіруінен,  яғни  «айқай  салып  қара  тер  боп»  жүгіруінен  де  лирикалық  кейіпкер  табиғатына  тән  ерекшелікті  байқаймыз.  Ақынның  «ақ  көбік» , «аппақ  төс» , «ақ  дала» , «ақ  жұлдыздар»  деген  сөздік  қолданыстары  да  рең  әдемілігіне  назар  аудартумен  қатар  белгілі  бір  деңгейде  тазалық  символы  ретінде  де  қызмет  атқарады.  Бұл ойды  лирикалық кейіпкер  көзімен берілген «Тазарғандай бүкіл дүние кірінен» тармағы да нақтылай түседі. С.Мәуленовтің пейзажды суреттеген  туындыларында лирикалық кейіпкердің нәзік сезімталдығы,  жіті  байқағыштығы,  ұшқыр қиялы өзінше  өрнек  тауып,  көрініс  сұлулығын  көз  алдыңа  келтіреді.  Мәселен,  көп  жырланатын  жыл  мезгілдерінің  бірі  көктем  болса,  сол  көктем  суреттері  ұлттық  бедер – бояуымен  тұтас  көрінеді: 

                           «Наурызда  мұз  сөгіліп  асқар тауда, 

                            Баласын  бауырына  басты   арқар да.

                            Шөптердің  сөлін  сорған  қымызымен  

                            Жатады  бүкіл дала  дастарханда»  [20, 223].

Ақын тек  бұл  өлеңінде  емес, өзге көктемді  суреттеген  шығармаларында да наурыз  көрінісін  жиі бейнелейді. Бұнда да өзіндік ұлттық сипат бар. Қашаннан аң аулаумен, мал кәсібімен шұғылданған қазақ үшін өзге емес арқарды суреттеуден де ұлттық болмыс танылады. Табиғатынан шөп,  жеміс,  жидекке қарағанда, ет – сүтке жақын ұлтымыздың дастарханында сол шөптің сөлін сорған қымыздың жатуы да көп нәрсені аңғартады. Шағын үзіндіден көркем көріністерді қызықтай отыра, лирикалық кейіпкердің ұлттық таным – табиғатын байқаймыз. С.Мәуленов шығармаларында лирикалық кейіпкер туған дала табиғатына деген сағыныш сезімін жасырып қала алмайды: «Өткен еркін қойнында бала ғұмыр, //Сағынамын көрмесем даланы бұл».  Лирикалық кейіпкердің балалық шағы өткен табиғат сұлулығын, даланы аңсауы орынды. Табиғатты суреттейтін мұндай өлеңдердің оқырман сезіміне әсер ететіні сөзсіз. Пейзаждың қазақ поэзиясындағы реалистік көріністері Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, бастаған жаңа жазба әдебиетпен  бірге келді.  Табиғат суреттері  алдыңғы қатарлы  әдебиет көшін бастаушы  А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев  шығармаларында да көрініс тапты. Қазақ ақындары мен жазушыларының шығармаларында пейзаждық суреттердің неше түрлі әдемі үлгілері кездесіп отырады. Қазіргі  ақындарымызда бұл суреттер бірінде көбірек, бірінде азырақ болса да кездеседі. Кез-келген тақырыптың өзіндік ерекшелігі, қиындықтары да болатыны белгілі. Сол тәрізді көркем әдебиетте, оның ішінде лирика жанрында, табиғатты бейнелеуге қойылар талаптарды қарастырсақ, онда жалпы өнерге тән ортақ заңдылықтармен қатар өзіндік ерекшеліктер де аз еместігін байқаймыз.

          Табиғат лирикасы туралы айтқанда  алдымен ұлы Абайды еске аламыз. Оның жылдың төрт мезгіліне арнап жазған өлеңдері осы уақытқа дейін оқушысын тамсандырып келеді.  Айнала қоршаған орта және оның түрлі жаратылыс сырлары адамның назарын өзіне аудармай қоймаған. Осындай жағдайда ақындар табиғатқа арнап лирикалық өлеңдер жазған, біреулер табиғаттың пейзаждық суреттерін жасаған. Сол ақындардың біреуі Мағжан Жұмабаев. Оның шығармашылығын енді тереңірек, молырақ қарауға жол ашылған шақта, оның қай қырын  ерекше сөз еткен орынды болар еді?  Мұндай сауалға бірден кесіп жауап беру оңай емес.  Мүмкін ақын туындыларының уақыт сынына төтеп берерлік тіл құнарлығы мен ой тереңдігін, сөз қолдану шеберлігін, жалпы көркемдігін басты ерекшелігі деп айтамыз. Өйткені оның өзіндік бет-бағдары мен айырым қырлары осы маңайдан табылмақ. Тәңірдей талантының, дарын табиғатының көрінісі осы бұлақтай мөлдір поэзиясынан көрінеді. Ол поэзияға басыңды иіп, тәнті боласың, таңданасың, таңырқайсың. Мағжан Жұмабаевтың  ақындық ерекшелігін дәл тауып бағалап, көпшілікке жеткізу оңай емес,  әрі ол бір күннің ісі  болмас. Ой, қиял ұшқырлығы, молдығы, сөз кестесінің  әр қилы, сан айшықты болып келуі – мүлде бөлек дүниелер.

     М.Жұмабаев ақындық ғұмырын  үлкен көркемдік ізденістерге арнаған, бар қуатын соған сарп еткен суреткер. Оның шығармашылығының бір қырында, яғни, таразы басының бір жағында мұңды толғаныс, өкіну және қайғы қасірет, күйініш жатса, таразының екінші басында – романтикалық өршілдік, махаббат, сүйініш-күйініш, арман, мақсат, үміт жатады. Көп қайғы-қасірет шеккен, азап пен уайым тауқыметін тартқан ақын осы бір екі оттың жалынына шалынып, соған шарпылған!  Оның шығармашылығында тарих тұңғиығын терең түсіну, өткенді бажайлау, болашақты болжай білу,  бүгіннің ақиқатына көз жеткізу сияқты терең толғаныстар заманның астан-кестен, аласапыран жайымен астасып жатады.

Мағжан Жұмабаев өлеңдерін  оқи отырып, тылсым буғандай әсерге енесің, таңғаларлық күй кешесің, ойлар мен толғамдардың терең тұңғиығына сүңгіп,  әсем суреттер дүниесіне кіресің. Не суық, не жылы, әлде жарық, әлде көмескі сезімнен хабар беретін алуан бояудың сырларына қанығып, ақынның құдыретіне, шеберлігіне бас ұрасың.

            Мағжан тау туралы толғанысын, не дархан даланың кеңдігін жырласын, тіпті көл, немесе жазғы таңды, қысқы кешті, егінді, не жер, күн, ай жайында айтсын, бірінші кезекте дүние түсінімі, ішкі жан күйі тұрады, сонысымен айнала әлемді  бірге толғандырып, бірге тебіренеді ( «Көкшетау», «Жазғы түнде»,  «Қысқы жол»,  «Қайың»,  «Орман»,  «Жел»,  т.б. өлеңдері куә).   Мағжан жырларында табиғат пен адамның жан дүниесі бірге өріліп, бірге астасып жатады. Әлем құбылысы санамен, көңілмен үндесіп, сұлу, сырлы, тіпті кейде ақыл-ойға сыймайтын фантастикалық суреттер көз алдыңа келеді. Сөз көбіне ойдың білінер-білінбес сыртқы қауызы ғана сияқты көрінеді де, ақынның құдыретті шабытымен кестеленген түпкі мағына сурет болып санаңа еніп, сезіміңді қалай билеп алғанын білмей де қаласың. «Жазғы жолда» деген өлеңіне көңіл аударалық:

Дала. Дала. Сар дала!

Жапан түзде бір қара...

                                         Шілде оттай ыстық күн,

Дала өлік. Жоқ бір  үн,

Жер де жатыр тұншығып,

                                         Жол жыландай иірілген.

                                         Шаң ерініп, үйірілген,

                                         Ешбір леп жоқ,  тып-тымық.

        Қарапай  ғана  зат, көріністер  мол сырға ие болып, жол,  дала, көк аспан, бұлт – бәріне  де жан бітіп, адамның өзімен  тілдескендей әсер қалдырады. Өзіміз оны көзбен көріп, құлақпен естігендей боламыз. Адам мен табиғат арасы ақын өлеңінде ажырамас бірлікте тоғысқан, яғни, айнала өмір, ақынның оны қабылдауы сырлы сөз күшімен әсерлі сурет береді. Әрине, мұндай  көркем сөзді көркем ой тудырмақ. Поэзия шеберінің тәңір табынарлықтай құдіретті өлеңді Абай айтқандай, «теп-тегіс жұмыр» етумен бірге, сезім, түйсікке молықтыруда. Онсыз қайсыбір өлең болса да, жай хабарлама, сөзтізбе болып шығатыны анық, «Қысқы жолда» деген өлеңінде мына жолдарды оқып қаралық:

Ызғарлы жел долданып,

Екі иініне дем алып,

Ішін тартып осқырып,

Кейде қатты ысқырып,

Аңдай ұлып бір мезгір,

Екі санын шапақтап,

Біресе сақ-сақ күледі.

Кейде кенет баяулап,

Жер бауырлап жаяулап.

Аузы-басы жыбырлап

Асып-сасып сыбырлап,

Жерді жапқан кебінді

Сүйіп ақырын құшақтап,

«Әпсүн» оқып үреді.

Мұндағы «екі иіннен дем  алып», «ішін тартып», «жер бауырлап жаяулап», «аузы-басы жыбырлап», «жерді жапқан кебінді сүйіп»  деген  тіркестер қыс, аяз туралы өлеңге қаншама нәр, сыр беріп тұрғаны түсінікті. Аяздың ызғарлы болуы, аңдай ұлуы, тіпті сақ-сақ күлуі жаңалық емес, ол бұрыннан бар нәрсе. Ал оған әлгідей «мінездеме» беру, тірі жандай суреттеу, әрі сол арқылы табиғи құбылыстың жұмбақ сырын көз алдыңа келтіру ақынның сезім тереңдігін, мүлт жібермейтін көргіштігін аңғартады, ал бүкіл өлең оқушыны керек десеңіз, аты-жөні жоқ бір ерекше құпия күйге бөлейді.

       Тұтасымен  алғанда, Мағжан өлеңдері –  қазақтың сөз өнері үшін жаңа, соны дүние.  Мұндай абстракциялық  ой-толғамдарды Мағжаннан бұрынғы поэзиядан көру қиын. Ақын өлеңдерін оқи отырып, оның түйсіну, қабылдау қабілетінің айырықша мол, әрқилы екенін аңғарасың, терең эстетикалық ләззат табасың. Ақынның «Жел», «Толқын», «Көктем», т.б. өлеңдерін оқи отырып, К.Бальмонттың «Я вольный ветер, я вечно вею», «Я в бегстве живу неустанном, в ненасытной тревоге живу» («Ветер»), А.Блоктың: «Ветер налетит, завоет снег» деген тағы басқа жыр жолдарын еске аласың.

Мен ақынмын – жел  жүйрік,

 Гуілдеймін, ұшамын.

 Мен – ойыншы көбелек,

 Көрінген гүлді құшамын.

 Бүлдірген бетін, сұрланып.

Желген сенбе, жас бала!

Сыбырлап, кетер ұрланып,

Мен – ақынмын, жырлаймын,

Жүрекке жүйрік жел кірсе,

Мен – ақынмын, жырлаймын,

Жүрекке ауыр шер кірсе.

Қарап отырсақ, ерікті, ерке желдей басталған ой, ақындық асқақ  көңілдің шерімен барып бітеді. Былай қарағанда желдей ескен көңіл шексіз, шетсіз бай сияқты көрінгенімен, оның да тоқталар, іркілер жері бар екен: ақын көңілі жай, саябыр, егер жүрекке жылы леп тисе, ақын жаралы, егер көңілге шер кірсе. Осы ойдың бәрін, әрине, басқаша айтуға болады. Ақын туған табиғатымен, жаралған жерімен бірге, оның жан-күйі соққан желдің, жарық күннің жаңғырығындай үндес, күнмен бірге.

         Поэзияның тылсым сырын өз  бойына терең сіңірген, оның әлеміне  жан-тәнімен еніп кеткен Мұқағали  Мақатаевтың өзі де поэзияға айналып кетті. Ақын өзі туып-өскен табиғаты тамаша Қарасазды, Хантәңірі таулары, бусанған бозаң даласын, тау қойнауындағы айдын да тұнық көлін, жасыл желекті кең жайлауларын, қысқасы жұпар иісті жусанын, бір тал шидің шыбығына дейін туған жер табиғатын шабыттана жан сезіммен жырға қосқан ақын. Ақынның өскен ортасы Қарасаз табиғаты, бүгінгі күні тек қана Мұқағали қимас сағыныш-арманы емес, бүкіл жыр сүйер оқырман қауым бір көруді армандаған, ынтыққан саялы да,  киелі мекенге айналды.

Мұқағали туған жердің табиғатын, көрінісін жырлағанда оны жалаң алмай, өмір құбылыстарымен, адамзат тіршілігімен байланыстыра шеберлікпен суреттейді. Талантты ақын поэзия табиғатының қыры мен сырын көңіліне тоқып, түгелдей меңгерген. Мұқағалидің әр жылдарда баспадан шыққан өлеңдер жинағының қайсысын алып оқысақ та, онда туған ел, өскен жер табиғаты ерекше ынтық ықыласпен, ақындық шалқар шабытпен жырланады:

...Тамаша еді жазғы  орман:

                                           Тамашалап, мәз болғам.

                                           Қайран, Қарасазым-ай!

Үйрек ұшып, қаз қонған!..

Бұл шумақ - ақынның туған  жерге деген қимас сағынышы, жан  дауысы. Мұқағали тек Қарасазды ғана жырлап қойған жоқ, оның кең байтақ Қазақстан даласының табиғаты мен  туған жерді, Отанды ардақтап, қастерлеген философиялық ойлы да, идеясы терең, көркемдігі жоғары лирикалары және поэмалары бар. Мысалы, «Алтай-Атырау», «Дариға жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Бала шақтан болашаққа» поэмалары бар. Сондықтан ақын жырларының диапазоны кең. Мұқағали өмірді көре де, түсіне де білді. Ол бүкіл планетаны, жер шарын өз жерін, өз мекенім деп жырға қосқан алып жүректі, аруақты ақын, оның жыр құшағы барша әлемді қапсыра қамтып құшақтауға құштар, ынтық еді.

Информация о работе Қазақ поэзиясындағы табиғаттың бейнеленуі жан-жақты талданады