Отан тарихы

Автор: Пользователь скрыл имя, 02 Февраля 2013 в 14:31, реферат

Краткое описание

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаумен келген шығармашылық азаттық ғылыми ізденістерге жаңа өріс ашып, қоғамдық-гуманитарлық саладағы ғалымдардың мүлде жаңа методологиялық ұстанымдарға көшуіне, тақырып аясын кеңейтуіне негіз қалады. Дегенмен кеңестік Қазақстан тарихының жаңаша зерделенбеген, түпкілікті бағасын алмаған беттері әзірге баршылық. Тарихшы ғалымдар негізінен ХХ ғасырдағы 20-30-шы жылдардың ақтаңдақтарымен шұғылдануда.

Файлы: 1 файл

autoreferat_sas.doc

— 422.50 Кб (Скачать)

      Қазақстан интеллигенциясының  тарихнамасында да пікірталас туғызған мәселелер баршылық. Алғаш бұл тақырыпқа 50-ші жылдары Ш.Тастанов, Ж.Қарағұсов, Х.Ақназаров сынды  тарихшылар қалам тартты. 70-ші  жылдары Ш.Тастановтың, Ц.Р.Розенбергтің, 80-ші жылдары Х.Әбжановтың, С.Әубәкіровтың  монографиялары жарияланды. Ғылыми мақалалар тіптен көп. 1968-1977 жылдарда кеңестер елінің тарихшылары мен философтары интеллигенция тақырыбы бойынша 2000-ға  жуық еңбек жазған екен [24].

      Әзірге шешімін таппаған мәселе кеңестік Қазақстан   интеллигенциясының тарихын дәуірлеу болып отыр. Зерттеуші Қ.Жаманбаевтың пайымдауынша оның бес дәуірі бар: 1) Кеңес өкіметінің алғашқы он жылдығы (1917-1927 жж.); 2) Соғысқа дейінгі үш бесжылдық (1928-1941 жж.); 3) Ұлы Отан соғысы жылдары (1941-1945 жж.); 4) Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын  қалпына келтіру және социализм  құрылысын аяқтау кезеңі (1946-1958 жж.); 5) Коммунистік қоғамды орнықтыру кезеңі [25, С. 10.]. Ғалым Р.Сүлейменовтың дәуірлеуі өзгеше. Ол үш кезеңді  алға тартты: 1) 1917 жылдың қазанынан 30-шы жылдардың басына дейін; 2) 1933-1958 жылдар; 3) соңғы аяқталу кезеңі 50-ші жылдардың  аяғы [26, С. 71-73,281-292,351-356.]. Ш.Тастанов пен М.Аженов те өзіндік дәуірлеуді  ұсынды. Олардың  пікірінше, Қазақстан интеллигенциясының   қалыптасуы  30-шы жылдардың екінші жартысында аяқталған екен де, одан  берідегі кезеңде ой еңбегі   адамдарының құрамы  сандық және   сапалық өзгерістерді  ғана бастан  кешкен [27].

      Мәселеге жаңаша қараудың   талпынысын соңғы жылдары тарихшы  ғалым Х.Әбжанов  көрсетуде. Оның  пікірінше Қазақстан интеллигенциясы 30-шы жылдардың екінші жартысында да емес, 50-ші жылдардың  аяғында да емес, 60-70-ші жылдар   межесінде қалыптасты.  Мұндай ой-түйінге  айғақ, дәлел ретінде Қазақстан жоғары мектебі 60-шы жылдардың  екінші жартысынан ғана  іріленіп, қазақ  мамандарын даярлауды  ұлғайтқаны   дәйектеледі. Айталық, Ақмола  зоотехникалық -  малдәрігерлік техникумы 1954-1957 жылдарда 334 маман  даярлап шығарса, оның 68-і ғана  қазақ   баласы екен. Қызылорда гидромелиорация техникумы 1949-1956 жылдар аясында тиісінше 475 және 165 маман беріпті, Семей ауыл  шаруашылығын  механизациялау техникумы – 433 және 42, бұл   аздайын республикадағы барлық  техникалық жоғары оқу орындары кеңес үкіметінің алғашқы 40 жылында небары  929 инженер  - қазақ  даярлай алған көрінеді [28, 173 б]. «...Кеңестік қазақ зиялыларының қалыптасуы 60-жылдардың аяғы мен 70-жылдардың басына дөп келеді, - деп   жазады Х.Әбжанов. - Өйткені  тап осы тұста ғана  қызметкерлер мен мамандардың көпшілігі арнайы білімі бар адамдардан  жасақталды.  Екіншіден, жұмыс істеп    жатқан әрбір төртінші қазақ ой  еңбегі саласына  шоғырланды» [28, 176 б.].

      Қазақстан интеллигенциясының тарихнамасын дәйектеу міндетін талантты ғалым Г.Кәкенова абыроймен шешті. Оның монографиясында ХХ ғасыр бойына ғылыми және шығармашылық зиялы қауым тарихы  мен  теориясынан  жазылған еңбектердің бары мен жоғы маржандай тізілген екен [29].

      Ауыл-село интеллигенциясының  тарихнамасы біршама қалыптасты. 1988 жылы жарық көрген «Сельская интеллигенция Казахстана в условиях  совершенствования социализма» монографиясында зерттеуші Х.Әбжанов 60-70-ші  жылдарғы ауыл-село интеллигенциясының өсу  жолдарын, әлеуметтік  келбетін, кәсіби және  қоғамдық-саяси  қызметін талдаған. Интеллигенцияның  аграрлық тобы әлденеше диссертация мен мақалаларда қарастырылды [30]. Ауылшаруашылық  мамандарының соғыстан кейінгі жылдардағы тарихы мен кейбір теориялық-методологиялық мәселелері В.К.Гривеннаяның, К.Төлеубаеваның, М.Илиповтың кандидаттық диссертацияларында, мақалаларында, ауыл-селолық мұғалімдердің қоғамдық-саяси практикасы Ж.Искаков пен М.Арынованың  диссертацияларында, ал барша ауыл-село  интеллигенциясының қоғамдық және мәдени өмірдегі қызметі Б.Қалқамановтың, Ғ.Тезекбаевтың, В.Д.Шавиннің зерттеулерінде зерделенген.

      Ғалымдар ауыл-село интеллигенциясының әлеуметтік мәні мен қалыптасу кезеңдерін анықтауға үлкен мән берді. В.К. Гривенная ауыл шаруашылық интеллигенциясына ұжымшар-кеңшар өндірісінде ой еңбегімен кәсіби айналысатын, сапалы өзгешелігі бар, іштей жіктелген, үнемі даму үстіндегі әлеуметтік топты жатқызды. Бұлар кеңестік дәуірде ғана қалыптаса бастап, қысқа тарихи мерзім ішінде үдеріс аяқталды, дейді зерттеуші [31, С.9-10.]. Ал В.И.Зоринмен бірлесіп жазған мақаласында ауыл шаруашылық интеллигенциясының қалыптасуы Қазақстанда ХХ ғасырдағы 30-шы жылдардың аяғында жүзеге асқанын  нақты көрсетті [32].

      Ауыл шаруашылығы интеллигенциясының ішкі жіктелісі Н.Капесовтың  монографиясында былайша дараланған: 1) ауыл шаруашылық кәсіпорындарының басшылары, бас мамандар, бөлімше меңгерушілері; 2) экономистер, агрономдар, зоотехниктер, мал мамандары, инженерлер. Бұлар бөлімшелерде, цехтарда, фермаларда, басқару аппаратында еңбек етеді. 3) техниктер, бухгалтерлер, яғни атқарушы функцияға жегілгендер [33, С.105.].

      Ауыл-село интеллигенциясының мәні мен болмысын В.И.Гноевых басқашалау анықтайды. Оның пайымдауынша, барша интеллигенцияның әлеуметтік тобына жататын ауыл-село интеллигенциясы білікті ой еңбегін атқаратын болғандықтан жоғары және арнайы орта білім иесі болуы керек [34, С.18.]. Философ ғалым С.Н.Соскин ауыл-село интеллигенциясы құрамына  дипломды мамандар мен  практиктерден  басқа маман емес  қызметкерлерді қосып, соңғылары төмен білікті ой еңбегімен  айналысқандықтан жоғары және  арнайы  орта білім иелері болуы  міндетті емес деген пікірде қалды [35, С.66.].

      Сонымен, жинақтап айтар болсақ, ауыл-село интеллигенциясының  анықтамасы төңірегінде айтылған ой-пікірлер аз болмағанымен олардың бірде біреуінде интеллектуалдық әлеуетпен байланыстыра ой толғаған тұжырым кездеспейді. Бұған себепкер – кеңес еліндегі экономикалық детерминизмді ұлықтаған саяси-идеологиялық ұстаным. Ерікті адамдардың интеллектуалдық әлеуеті қоғамның барлық саласын алға сүйрейтінін ол жылдары дәйектеу КОКП-ның бағытына қарсы шыққанмен пара-пар іс еді.

      Соғыстан кейінгі Қазақстандағы кеңестік модернизациялаудың әлеуметтік-экономикалық және мәдени салдары, КОКП өктемдігінің ұлттық қатынастар саласындағы көріністері шет ел ғалымдарын бей-жай қалдырмады. Тіпті мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-та М.Олкоттың «Қазақтар» атты монографиясы жарияланды. Мақалалар тіптен де көп.

      Тоталитарлық тәртіп тұсында Қазақстан тарихы туралы капиталистік елде жарық көрген зерттеу Отандық тарихнамада тек сыналып отырғаны белгілі. Тәуелсіздік тұсында ғана оның ақ-қарасын ажыратып, әділ бағалауға жол ашылды. Бұл орайда мейлінше жемісті еңбек еткен ғалым К.Есмағамбетов екені сөзсіз. Қазақстандық тарих ғылымындағы табыстар мен іркілістер жайлы шет ел авторларының айтқандарында ақиқат бар деп түйіндеген К.Есмағамбетов, М.Олкоттың қазақ зиялылары, ұлт тарихы, тілі, сәулет ескерткіштері төңірегінде айтқан ой-тұжырымдарын өте жоғары бағалайды [36, С.48.].

      Қазақстанның өнеркәсіптік-аграрлық дамуы, мәдениеті мен тілінің проблемалары, ұлтаралық қатынастары соғыстан кейінгі жылдардағы неміс тарихнамасында қалай зерттелгенін саралауға павлодарлық ғалым Р.Таштемханова өз монографиясының тұтас бір тарауын арнаған екен. «Освещение экономического развития Казахстана в немецкой историографии 90-х годов, как и в предыдущий период, велось: а) в рамках модели «центр-периферия», предусматривающей антагонистический характер экономических интересов Европейской Росии и национальных республик СССР; б) в русле закономерности роста национального самосознания  народов Казахстана и Средней Азии, выступавших против грабежа природных ресурсов в пользу Центра-метрополии», - деген автордың тұжырымына қосылмауға негіз жоқ [37].

      Тарихшы ғалым Г.Бырбаеваның 2005 жылы жарық көрген «Центральная Азия и советизм: концептуальный поиск евро-американской историографии» атты көлемді монографиясында одақтас республикалардағы,оның ішінде Қазақстандағы да мемлекеттік құрылыс, дәстүрлі қоғам мен модернизация  арақатынасы, ислам тағдыры, орыс мәселесі, халық шаруашылығы кешенінің күнгейі мен көлеңкесі, демографиялық ахуал, ұлттық интеллигенция жайы білімпаздықпен  талданған. Еуропа мен америкалық советологтардың 60-90-шы жылдарғы зерттеулерін қорытындылай келіп, Г.Бырбаева елу жылға жетпейтін уақыт аясында Қазақстан мен қазақ халқының этноәлеуметтік және этносаяси құрылымы, қазақ қоғамының тұтастығы қирады деген ойтүйінге қосылады. Агроэкономикалық кеңістіктегі өзгерістер жайлы тұжырымы да шетелдік тарихнамамен үндесіп жатыр. «С точки зрения «иерархического деления наций на степени значимости вдоль социально - экономических измерений (т.е.этнической стратификации), - дейді ол, - аграрные реформы, проведенные в Казахстане в советский период, повлекли за собой не грандиозные успехи в сельскохозяйственном секторе производства, а тектонические подвижки внутри самой нации. Казахи в этом отношении были не только подвергнуты бифуркации, или раздвоению на этнически аульную и маргинально городскую культурную среду, но и приблизились к точке возврата, как говорят авиаторы, когда конверсия к исконным национальным корням после советских экспериментов могла стать уже необратимой» [38, С.270-271.].

      Сонымен, Ұлы Отан соғысынан кейінгі Қазақстан ауыл-селосының тарихы мен тағдырына арналған ғылыми еңбектер аз болмағанмен оларда интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасуы мен этномәдени өмірі арнайы қарастырылмаған күйде қалуда. Бұл мәселелер ауыл-селоның шаруашылық, мәдени, әлеуметтік, қоғамдық-саяси тарихынан іргесі ажыратылмаған дәрежеде сақталып отыр. Осының өзі зерттеу тақырыбының өзектілігін және әлі де қайшылықтарға толы екенін көрсетеді.

      Бірінші тарауда диссертант  сонымен  қатар  зерттеу  жұмысының  деректік көздеріне талдау жасаған. Тарихи дерек дегеніміз адамның саналы іс - әрекетінен туындаған заттай немесе жазбаша ескерткіш. Ал олар әлденеше қорларға, кітапханаларға, жеке адамдардың архивіне, тағы басқа мекен– жайларға шашырап орналасқан. Ауыл–селоның интеллектуалдық әлеуеті мен этномәдени өмірінен хабар беретін дереккөздері мейлінше кең. Оған  музейлерде тұрған заттай жәдігерлерден бастап күн сайын жарық көріп жатқан газет–журналдарға дейін жатқызуға болады. Өйткені  осылардың әрқайсы соғыстан кейінгі жарты ғасырға жуық дәуірде ұжымшар мен кеңшарда, аудан мен жайлаудағы елді мекенде орын алған ілгерілеу мен іркілістен, адамдардың үміті мен күдігінен ақпарат бере алады.

      Архив қорларындағы партиялық құжаттарды зерделеу барысында, Қазақстандағы аграрлық және ұлт саясаты Мәскеудің қолында қала бергеніне, Орталықтың өктемдігі әрбір елді мекендегі ұсақ-түйектен тың және тыңайған жерлерді игеруге, аграрлық-өндірістік кешен құруға, азық-түлік бағдарламасын түзуге дейін Кремльде пішіп шешілгеніне нақты деректер ғылыми айналымға түсті.

      Қазақстан Республикасы Президентінің архиві ауыл–селодағы интеллектуалдық әлеует пен этномәдени өмірге тән қиыншылықтар мен кереғарлықтарды тереңінен ұғынуға қажет құжаттардан кенде емес. Себебі партиялық басшылық қоғамның барша тыныс–тіршілігін өз қолында ұстап отырғандықтан жергілікті ұйымдарынан қажетті ақпаратты үздіксіз алуды бір сәтке ұмытқан жоқ.

      Қазақстан Республикасы Орталық  мемлекеттік  архивінде  түрлі  министрліктердің, комитеттердің,  ведомостволардың  қорлары  жүйеленген. Зерттеу   объектісіне қатысты  ақпараттар  легі Қазақ КСР Министрлер  кеңесі, ауыл шаруашылығы, мәдениет, оқу, жоғары және арнайы орта білім  министрліктері, Қазақ КСР мемлекеттік  жоспарлау комитеті, Орталық  статистика басқармасы  қорларынан  табылды.

      Қазақ КСР Министрлер кеңесінің 1137-ші қорындағы құжаттарды  зерделеумен ауыл-селоның экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуына тікелей  ықпал еткен  ағымдық, стратегиялық  шешімдердің  дүниеге келуін, жүзеге асуын, қорытындыларын бағамдауға мүмкіндік туды. Аграрлық өндіріске немесе ауыл-село мәдениеті мен біліміне қатысты  үкімет қаулысын даярлау партиялық  мақұлдаумен  қолға алынғанына көзіміз жетті.  Бірлескен партиялық-үкіметтік шешімдер де аз  қабылданбаған екен.

      Қазақ КСР ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты 1421, 1481 қорлардағы  құжаттар  ұжымшар мен  кеңшарларда  қалыптасқан  өндірістік ахуал  еңбеккерлерге, олардың көңіл-күйіне, табысына, өмір салтына, тұрмысына, мәдени-рухани өміріне  әсерін  түсінуге жетеледі.

      Орталық статистика басқармасының 698-ші қоры ауыл-селодағы интеллектуалдық  әлеует пен этномәдени үдерістің әр  жылдарғы жай-күйін түсінуге ғана емес, олардың ертеңін болжауға, енді ғана  қылтиып көрінген жаңа құбылыстардың болашағы мен тағдырына көз жүгіртуге  негіз  қалады. Мәселен, кеңестік тарихнамада колхозшылар өмірін мақтап мадақтаумен сипаттау дәстүрі нық орныққан болатын. Орталық статистика басқармасы  қорынан  сталиндік билік  тұсында-ақ  адамдардың  ұжымшарлардан  қаша  бастағанын айғақтайтын  мәліметтер қолға тиді. Соларға сүйене отырып ауыл-селодағы әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымның шешімін таппаған түйіндері ақиқатына көз жеткізетін мүмкіндік бар.

      Оқу және мәдениет  министрліктерінің құжаттары жинақталған (ҚР ОМА-нің 1692, 1876 қорлары) қорлардан ауыл селолардағы мектептердің,  кітапханалар мен клубтардың, мәдени-спорттық кешендердің жай-күйі, олардың аграрлық экономика мен қарапайым еңбек адамдарына етене кірігуге  талпынысы,  жұмысындағы қиыншылықтары мен  қайшылықтары туралы мол  мәлімет алуға болады.

      Диссертацияда сонымен қатар Оңтүстік  Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда  облыстары  мемлекеттік  архивтерінен  табылған  құжаттар мен  деректер  қолданылды. Олар  әр өңірге тән ерекшелікті ашуға  септігін  тигізді.

      Әлеуметтік статистиканың мейлінше шұрайлысы халық санағының  қорытындыларында жинақталған. Зерттеудің нәтижелерін дәйектеуге 1939,1959, 1970, 1979, 1989 жылдары өткен халық санақтары мол ақпарат берді.

      Ал  мерзімдік  баспасөз бетінен алынған құжаттарда ұжымшар мен  кеңшарлардағы  өндірістік  және  әлеуметтік  жауапкершілігі   зор  ізденістер  мен іркілістерді, мамандар  мен  қарапайым еңбек адамдарының  тағдыры,  ауыл–село басшылары мен мамандардың озат тәжірибені насихаттауы талданған. Кеңестік мерзімді баспасөз қырағы цензураның бақылауында болғандықтан онда сыни мақалалар, әділ талдаулар басыла бермеді.  Ғалымдар  М.Қозыбаев  пен П. Белан дөп басып  айтқандай: « ... они отличаются  тематической узорностью, ограничиваются описанием трудовых подвигов, оценивая  последних как итог вдохновляющей и организующей работы  партийных организаций,  особое  внимание уделяя внедрению  в жизнь  все  новых и новых  начинаний  и обращений, оказавшихся  надуманными или  закамуфлированными   под народную  инициативу, проявлениями командно – бюрократической системы управления. В основе такого подхода часто  лежало сверхпочтительное отношение авторов к решениям партийных и государственных органов на всех  уровнях. Упускалось из  виду,  что и эти  документы – порождение определенного времени  и конкретного  круга людей, в мыслях и делах которых  полностью отражались эпоха,  система, стиль  жизни, устоявшиеся  ценности  и традиции» [39, С. 36].

Информация о работе Отан тарихы