Отан тарихы

Автор: Пользователь скрыл имя, 02 Февраля 2013 в 14:31, реферат

Краткое описание

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаумен келген шығармашылық азаттық ғылыми ізденістерге жаңа өріс ашып, қоғамдық-гуманитарлық саладағы ғалымдардың мүлде жаңа методологиялық ұстанымдарға көшуіне, тақырып аясын кеңейтуіне негіз қалады. Дегенмен кеңестік Қазақстан тарихының жаңаша зерделенбеген, түпкілікті бағасын алмаған беттері әзірге баршылық. Тарихшы ғалымдар негізінен ХХ ғасырдағы 20-30-шы жылдардың ақтаңдақтарымен шұғылдануда.

Файлы: 1 файл

autoreferat_sas.doc

— 422.50 Кб (Скачать)

      Қысқасы, ауыл-селоның тарихы мен  тағдырын  философия   ғылымы тұрғысынан әділ таразылау үдерісі енді басталды.

      Екінші бағытты ауыл шаруашылығы өндірісінің материалдық - техникалық базасын, кадрлық әлеуетін, басқару жүйесін, ғылыммен байланысын қарастырған экономикалық зерттеулер құрайды. Олардың іргелілері Т.Әшімбаевтың, С.Бәйішевтің, А.Қошановтың, Ғ.Нұрышевтің, О.Сәбденовтың, Р.Алшановтың қаламынан туды. Мұнда да философиялық  зерттеулердегі «тарихи тәжірибе» қайталанады.  Бір ғана мысал келтірейік. 1979 жылы академик С.Бәйішевтің «Социально-экономическое развитие Советского Казахстана» атты жинақтама монографиясы жарияланды. Бұл – «кемелденген  социализмді»  мақтауға сөз таппай,  мақтаудан ауыз  босамай тұрған кез. Монография мазмұны уақыт талабына толық жауап береді. Қазақстандық 1 млрд пұт астық пен қой басын 50 млн-ға жеткізу төңірегіндегі  идеологияланған ой-түйіндер ғылыми толғаныстан емес, партиялық шешімдерден туындап  жатқанын бірден байқауға болады. «Среднегодовое   производство зерна, - депті С.Бәйішев, - основного вида  сельскохозяйственной  продукции – ныне  составляет 25 млн. т. Это  дает  возможность сдавать  в закрома государства до 1 млрд. пудов  хлеба ежегодно, что является величайшим завоеванием, возможным только в условиях развитого социализма. Дальнейшее развитие получило овцеводство. В ближайшем будущем его  поголовье будет  доведено до 50  млн.  Достижение  этого  рубежа,  безусловно,  поднимает  на новую  ступень сельское хозяйство и станет очередным  качественным  сдвигом в  экономике республики» [3, С. 267].

      Өкінішке орай,  аграрлық экономикадағы жағдай сол жылдардың өзінде   бөрікті аспанға  атқандай емес еді. Кейінде  ахуал тіпті асқынып кетті. Мәселен, белгілі ғалым О. Сәбденов тәуелсіздіктің қарсаңы мен алғашқы жылдарындағы ауыл шаруашылығы ғылымының өзекті мәселелерін көтергенде ең өткір тұрғаны ғалымдардың әлеуметтік жағдайы екенін алға тартты. Еңбекақы деңгейінің төмендеуі мен әлеуметтік қорғаудың әлжуаздығы, деді ол, осы саладағы ғалымдардың 1992 жылы ғана 30 %-ын басқа салаға кетуге мәжбүр етті. Ауыл-селодағы ғылыми  мекемелерде мұндай жағдай бұрын-соңды болып көрген емес [4, С. 7 ].

      Тақырыпты зерттеген үшінші бағытты қозғағанда педагогика ғылымының нәтижелерін айтқан жөн. Ауыл-село тұрғындарының өмірін түбегейлі қайта құруда білім мен тәрбиенің айрықша мәні бар екенін кезінде А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов, О.Жандосов, Т.Жүргенов сынды біртуар қайраткерлер кешенді дәйектеген еді. Соғыстан кейінгі жылдарда осының ғылыми негіздемесін тұлғалы зерттеушілер Ә.Сембаев, Г.А.Уманов, К.Құнантаева, Т.Тұрлығұлов, М.Сарыбеков, Г.Нұрғалиева түзді. Айталық, Ә.Сембаевтың «Қазақ совет мектебінің тарихы» монографиясында жалпыға бірдей міндетті оқу, бастауыш білім, орталау және орта мектеп, тәрбие жұмысы мен жұртшылық, мұғалімдердің білімін жетілдіру тәрізді міндеттердің ауыл-селодағы жүзеге асуы сарапталған. Оқушылардан құралған ауыл шаруашылығы өндірістік бригадалары тәжірибесіне үлкен назар аударылған. «Бұл бригадалар, - дейді ғалым, - оқуды еңбекпен ұштастырудың аса тиімді түрі болуымен қатар тәрбие берудің де қуатты құралы болып отыр. Оқушылар ғылым негіздерінен алған білімдеріне сүйеніп, ауыл шаруашылық ғылымының жетістіктерімен және өндіріс озаттарының тәжірибелерімен таныса отырып, еңбекке тәрбиеленеді, өздерінің еңбегінің  пайдалы екендігіне көздері жетеді» [5, 362 б.]. Өкініштісі - озық ойлы педагог ғалымдардың тұжырымдары мен ұсыныстары кеңес қоғамы басшылығының қолдауына ие бола бермеді. Мектептерде еңбекке тәрбиелеу үрдісі жүрдім - бардым ұйымдастырылғандықтан ауыл-селоның балалары аграрлық экономикадан хабарсыздығына қоса дәстүрлі өнерден – кесте тоқу, шөп шабу, мал сауу, зергерлік – мақұрым қалды.    

      Тақырыптың зерттелу деңгейін анықтаған төртінші топқа мемлекеттік-құқықтық еңбектер енеді. Соғыстан кейінгі жылдарда қоғамды мемлекеттік басқару, оның мәдени даму мен ұлтаралық қатынастарды реттеудегі қызметін заңгерлер С.Зиманов, Ғ.Сапарғалиев, И.К.Рейтор, М.Баймаханов, С.Сартаев, М.А.Биндер дәйектеді. Кеңестердің мал шаруашылығын көтерудегі, тың және тыңайған жерлерді игерудегі рөлін де заңгерлер назардан тыс қалдырмады. Мемлекеттік-құқықтық ғылымның Қазақстандағы эволюциясын жүйелеген ғалым Ш.Тлепинаның пайымдауынша, ауыл-селолық кеңестердің қызметін зерттеуге ауыл шаруашылығының маңыздылығы және оның өнімділігін көтеру қажеттілігі түрткі болды. «Экстенсивное сельское хозяйство нуждалось в несколько обновленном идеологическом стержне, - дейді Ш.Тлепина. Реализация генеральной линии партии в отношении всего сельского хозяйства (тотальное обобществление сельского хозяйства, преобразование колхозов в совхозы, индустриализация сельского хозяйства, слияние города и деревни) и сельских тружеников проводилась советскими органами. Следовательно, их изучение с целью совершенствования и укрепления было важно для  политического режима» [7].

      Мәселе тарихнамасының ерекше тобын тарихи зерттеулер құрайды.

      Зерттеудің хронологиялық шеңбері. 1946-1991 жылдар Кеңестер елінде, оның құрамдас бөлігі Қазақстанда қалыптасқан саяси-идеологиялық, мәдени-экономикалық және демографиялық ахуалдың ерекшелігін ескерумен анықталды. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан КСРО тарқағанға дейінгі аралықты сталиндік және постсталиндік дәуір деп қарастырсақ, осынау мерзім аясында КОКП басқарған әміршіл-әкімшіл жүйе ауыл-село тұрғындарына материалдық-техникалық, қаржылық, біліми-мәдени қолдау көрсетуді маңызды міндет санады. Күштеп кәмпескелеуден, ұжымдастырудан, алапат аштықтан, соғыс жылдарындағы қиыншылықтардан есеңгіреген, паупер мен люмпенге айнала жаздаған ұжымшар мен кеңшар еңбеккерлері өзіне өзі келіп, айналасына қарайтын дәрежеге жетті, құқықтық, дәрігерлік, әлеуметтік қамтамасыз етілуі жетілді. Әйткенмен сапалы өмірлік көрсеткіштері бойынша қаладан кейін қалуы сақтала берді. Қазақстан ауыл-селосындағы интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасуы мен этномәдени өмірдің бұрынғыдан әлдеқайда әрленгені зерттеліп отырған жылдарға дөп келеді.

      Зерттеудің мақсаты мен міндеттері 1946-1991 жылдарғы Қазақстан ауыл-селосындағы интеллектуалдық әлеует пен этномәдени өмірдің мәнін, олардың болмыс-бітімі мен табиғатына тән кеңістіктік және уақыттық ерекшеліктерді тарихи динамикада ашу болып табылады. Осы мақсатты жүзеге асыру міндеттері мыналар:

      - Интеллектуалдық әлеует пен этномәдени өмір мәселесінің қазақстандық тарихнамасын жүйелілік және обьективтілік ұстанымдар  биігінен талдау;

      - «Интеллектуалдық әлеует» ұғым-түсінігін тарихи-методологиялық проблема ретінде дәйектеу;

      - Қазақстан ауыл-селосының интеллектуалдық әлеуетіне 1946-1991 жылдары бастау болған қайнар бұлақтарды анықтау;

      - Ауыл-селодағы этномәдени үдерістердің саяси-идеологиялық және демографиялық астарын ашу;

      - Интеллектуалдық әлеует пен этномәдени өмірдің өзара ықпалдастығын зерделеу;

      - Интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасу жолдары мен кезеңдерін, олардың ауыл-селодағы ерекшеліктерін даралау;

      - Агроэкономикалық кеңістіктегі интеллектуалдық қарымның орны мен  маңызын, әкелген  нәтижелерін бағамдау;

      - Интеллектуалдық әлеует пен этномәдени өмірді жасақтаушы субьектілердің әлеуметтік келбетін сипаттау;

      - Партиялық және идеологиялық өктемдіктің ауыл-селодағы интеллектуалдық және рухани құндылықтарға, ұлтаралық үйлесімге тигізген зардаптарын зерделеу;

      - Агроэкономикалық және этномәдени аумақтағы кеңестік тәжірибе мен тағылымға қатысты қоғамдық-гуманитарлық, бірінші кезекте ғылыми-тарихи ой-санада орын алып отырған дискуссияға араласып, авторлық позицияны дәйектеу.

      Диссертацияның теориялық және әдіснамалық негізін тарихилық пен ғылыми объективтіліктің базалық ұстанымдары, шығармашылық талқылаудың, өзекті ғылыми және қолданбалы әлеуметтік-саяси мақсаттардың шешімін негізі ретінде плюрализмді тану мен жүйелілік құрайды. Диссертант әдіснамалық тұрғыда әлеуметтік шындықты зерттеуде жүйелілікке сүйенуші әлеуметтік диалектиканы алады. Диссертанттың әдіснамалық пен әдістемелік түрлерін таңдап алуы тақырыптың зерттелу мақсатының және оның кезеңдерінің ерекшеліктеріне де байланысты. Зерттеудің жалпы ғылымилық әдіснамасы тарихилықты, логикалық пен жүйелілікті біріктіреді. Сол сияқты тарихи-диалектикалық, мәселелік-хронологиялық, салыстырмалық, статистикалық талдаулар қолданылған.

      Диссертацияның ғылыми жаңалығы Отандық тарих ғылымында 1946-1991 жылдардағы Қазақстан ауыл-селосының интеллектуалдық әлеуетіне алғаш рет агроэкономикалық, әлеуметтік-демографиялық, этномәдени сипаттама беруді жаңа теориялық-методологиялық ұстаныммен жүзеге асырғанында. Мәселені осылайша зерделеудің арқасында төмендегідей жаңалықтарға қол жетті.

      - Ауыл шаруашылығы өндірісінің материалдық-техникалық базасындағы ілгерілеу мен іркілістің индустрия саласынан ерекшелігі, интеллектуалдық қауымға тікелей және жанама әсері баяндалды;

      - Интеллектуалдық әлеуеттің қозғаушы және жасақтаушы күші адам факторы, оның ішінде ең мәндісі мамандар мен оқығандар екені дәйектелді;

      - Ауыл-селоның оқу-ағарту және біліми келбетін жетілдірудегі қаланың орны мен үлесі пайымдалды;

      - Тың және тыңайған жерлерді игеру қазақстандық қажеттіліктен емес, Бүкілодақтық экономикалық мүддеден туындағаны, ұлыдержавалық астамшылықпен жүзеге асырылған оның саяси-идеологиялық және демографиялық нәтижелері ұлт республикасын ХХ ғасыр отарына айналдырғаны тиянақталды;

      - Ауыл-селодағы интеллектуалдық қарымның нығаюы этномәдени әлемді сапалы жаңа биікке көтермей, Орталықтың жергілікті ерекшелікті белден басқан озбырлығы шектен шыққан соң байырғы және аз халықтарды тілдік, рухани қыспақта қалдырғаны, қайшылықтарға ұрындырғаны ой елегінен өткізілді;

      - Қазақстан ауыл-селосының интеллектуалдық әлеуетін жасақтауға бүкіл кеңестер елі ат салысқанмен басты үлесті републикамыздың өзі қосқаны, оның адами-әлеуметтік субьектілік өлшемдері ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдар межесінде қалыптасып біткені дәлелденді;

      - 1946-1991 жылдарғы агроэкономикалық ілгерілеудің негізінде социалистік меншік түрлерінен, қаптаған реформалардан гөрі жұмысшылардың, колхозшылардың, интеллигенцияның әлеуметтік-кәсіби және мәдени-техникалық оралымдығы жатқаны бекемделді;

      - Ауыл-селоның әлеуметтік құрылымы кеңестік социология ұлықтаған 2+1 формуласына (екі тап, бір топ) сыймайтыны, үздіксіз өзгерісте болғаны, ерекшеліктері дәйектелді;

      - Социалистік құрылыс тұсында этатистік мемлекет қоғам мүшелеріне, жеке адамға бас еркіндігін бермегені, меншіктен, биліктен шеттеткені, нәтижесінде интеллектуалдық қарым мен этномәдени орта мүмкіндіктері жартыкеш ашылғаны, тіл, ұлттық мектеп салаларында  кері кеткені анықталды;

      - Практиктер, автоклубтар, мәдени-спорттық кешен, ұлттық интеллигенцияның қалыптасу кезеңдері тәрізді мәселелер төңірегіндегі ғылыми  пікірталасқа авторлық  тұжырымдама ұсынылды.

      Жұмыстың деректік базасын құжаттар мен материалдардың бірнеше топтары құрайды. Зерттеліп отырған  тақырып  бойынша  ең бай дереккөз ретінде архив  қорларын  мойындаған жөн.  Бұлардың ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің архиві мен  Қазақстан  Республикасы Орталық мемлекеттік  архивінің  алар орны ерекше.

      Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде 70 жыл бойы кеңес қоғамының  басшы және жетекші күші  рөлін атқарған Коммунистік  партия ұйымдары мен мекемелерінің құжаттары сақтаулы. Осы архивтің 708-ші қорында интеллектуалдық әлеуетін, этномәдени өмірін қалыптастырушы  алғышарттар мен  факторларды – аграрлық экономиканы, ұжымшар-кеңшар өндірісінің материалдық-техникалық базасын, халықтың біліми және мәдени  дамуын, демографиялық ахуалды, т.б.с.с. саяси-идеологиялық  ұстанымдармен  тығыз байланыста әрі динамикада ұғынуға  мұрындық болатын қаулы-қарарлар, директивалық тапсырмалар, шешімдер мен есептер молынан  жинақталған.

      Архив қорындағы партиялық құжаттар ауыл-селоның интеллектуалдық  әлеуетіне шешуші серпін берген  мамандар мен оқығандардың іріктелуін, қызметтік   өсуін немесе  марапатталуын, әлеуметтік-кәсіби шыңдалуын ой  елегінен өткізуге  септігін тигізгені  күмәнсіз.

      Дереккөздің келесі бір арнасы – мерзімді баспасөз. Газеттер мен  журналдарды кеңестік  дәуірдің  жылнамасы десек  артықтық етпейді. Қай қоғамда  болмасын баспасөздің басты міндеті оқырмандардың қоғамдық пікірін оң қалыптастыру екенін  дәйектеп жатудың қажеті  шамалы. Зерттеліп отырған  жылдары ауыл-село мәселесі баспасөз бетінен  түскен емес. Бір ғана «Социалистік Қазақстан» (қазір «Егемен Қазақстан») газеті 1982-1985  жылдарда «Озат тәжірибе», «Бригадалық мердігерлік әдіс», «Қызылтулы  ұжым», «Бесжылдық мақтанышы» айдарларымен 200-ге жуық мақала жариялап,  ауыл-село  өмірін тілге тиек етіпті [8]. Ал «Қазақстан ауыл шаруашылығы», «Сельское хозяйство Казахстана» журналдары  ұжымшар мен кеңшарлардағы өндірістік  және әлеуметтік   жауапкершілігі зор ізденістер мен іркілістерді жұртшылық назарына ұсынумен болды. Олардың  басы-қасында  жүрген мамандар мен қарапайым еңбек адамдарының тағдыры интеллектуалдық әлеует те, этномәдени үрдіс те әлеуметтік субъектілер әрекетімен, саяси-идеологиялық  ұстаныммен  түзілетініне ой-тамызық берді. Ауыл-село  басшылары мен  мамандары баспасөз бетіне  көбінесе озат  тәжірибені насихаттау үшін  шығатын. Уақыт өте келе олардың біразы озат  шаруашылықтар жайлы жазғандарын кеңейтіп, кітапқа айналдырды. Осы орайда Н.Н.Головацкийдің, Я.Герингтің, Р.Мырзашевтің, Д.Бурбахтың  кітаптарындағы деректер зерттеуге арқау болғанын айту  парызымыз [9].

      Ауыл-село  тағдырындағы  интеллектуалдық әлеует пен  мәдени өмірдің  орнын ұғынуға естеліктер көп  пайдасын  тигізді. Мемуарлық  әдебиет  тақырыптың  эмоциялық-танымдық қырларын айқындай түседі.

      Естеліктер басқа дереккөздердің бірде біреуінде кездеспейтін «ұсақ-түйекке» толы. Ал сол «ұсақ-түйектің» тарихи таным үшін шешуші маңызы болатынын  интеллектуалдық әлеует пен этномәдени даму тәжірибесі сан рет дәлелдеді.

      Зерттеу дереккөздері мен дерегіне  жоғары талап қою ауыл-селодағы  интеллектуалдық  әлеует және этномәдени үрдіс арасындағы байланыстарды, объективті  қажеттілік пен   сұранысты, олардың жүзеге асу үдерісін  кешенді қарастыруға жағдай туғызды.

      Зерттеу жұмысының ғылыми және практикалық маңызы Қазақстан Республикасының алдында тұрған асқаралы міндеттермен айқындалып отыр. Әлемдік жаһандану, елімізде орныққан нарықтық қатынастар, демократиялық ұстанымдар, ұлтаралық, конфессиялық үйлесім – бәрі қоғамдық санадан коммунистік атавизмдерді біржолата ығыстыруды талап етеді. Бұл үшін ұлт тарихындағы «ақтаңдақтарды» жоюдың маңызы зор. Тоталитаризмның зорлығы мен әділетсіздігін әшкерелеу, Орталық жүргізген саясаттың мақсаты отарлаумен астасып жатқанын кәсіби біліктілікпен қалың бұқараға жеткізу кешегі  әсіре қызыл интернационализмнің орнына қазақстандық  патриотизмді әкеледі деп есептейміз.

Информация о работе Отан тарихы