Автор: Пользователь скрыл имя, 02 Февраля 2013 в 14:31, реферат
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаумен келген шығармашылық азаттық ғылыми ізденістерге жаңа өріс ашып, қоғамдық-гуманитарлық саладағы ғалымдардың мүлде жаңа методологиялық ұстанымдарға көшуіне, тақырып аясын кеңейтуіне негіз қалады. Дегенмен кеңестік Қазақстан тарихының жаңаша зерделенбеген, түпкілікті бағасын алмаған беттері әзірге баршылық. Тарихшы ғалымдар негізінен ХХ ғасырдағы 20-30-шы жылдардың ақтаңдақтарымен шұғылдануда.
Ауыл-село тұрғындарының шығармашылық өнерпаздықпен одақтас республикаларға, шет мемлекеттерге танылуының түпкі себебі әлеуметтік субъектілер бойындағы интеллектуалдық әлеуеттің өскенінде жатыр.
Ізденушінің пайымдауынша ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуеті мен мәдени өмірінде мәдениет ошақтары мамандарының терең із қалдырғаны күмәнсіз ақиқат. Алайда бұдан интеллектуалдық әлеует пен мәдени өмір ықпалдастығын арттыру үрдісінен ауыл-селоның басқа әлеуметтік күштері тыс тұрған екен деген қорытынды тумауы керек. Механизатор мен малшы да, мұғалім мен диқан да, дәрігер мен құрылысшы да, партия-кеңес қызметкерлері мен мектеп басшысы да өзара қарым-қатынасымен, бұқаралық ақпарат құралдарын оқу-тыңдаумен ішкі рухани әлемдерін байытты, интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасуына түрткі болды. Айталық, ауыл-село мұғалімдерін алайық. 1945-1991 жылдарда олардың қатары 5 еседен астам (29 мыңнан 149 мыңға) ұлғайыпты [66]. Егер мектептер саны аса көп өспегенін қаперге алсақ, оқу орындарының мамандармен қамтамасыз етілуі жақсарғанын ұға аламыз.
Әлеуметтік дамудағы ілгерілеу мәдени ағарту қызметкерлеріне де тән еді. 1946-1981 жылдар аясында Қазақ КСР мәдениет министрлігіне қарасты мәдени-ағарту қызметкерлерінің саны 7 есе өссе, жоғары дәрежелі білімі барлар 32 есе ұлғайыпты. 1991 жылы ауыл-селоның кітапханашылар саны 9776 адам екен де, клуб қызметкерлері 10 мыңнан асып түсті, кітапханашылардың 72%-ында жоғары және арнайы орта білім болды [67].
Қазақстанның геосаяси орналасуы ежелден түрлі ұлттар мен халықтардың, мәдениеттер мен өркениеттердің түйісуіне қолайлы. Ресейлік отарлау тұсында алдымен казактардың, кейінде қарашекпенділердің қоныс аударуы нәтижесінде Қазақстан халқының ұлттық құрамы полиэтностық сипат алды. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы әлеуметтік сілкіністер мен қақтығыстар, соғыстар мен қуғын-сүргін ауыл-селоның этномәдени тарихындағы қасіретті беттерді тым қалыңдатып жіберді.
ХХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан халқының саны, ұлттық құрамы үлкен өзгерістерді бастан кешті. Ол ауыл-селолық жерлерді де қамтымай қалмады. Ең алдымен көзге түскен өзгеріс ауыл-село тұрғындарының сандық ұлғаюы еді. 1950-1989 жылдары ауыл-селолықтар 4,1 млн адамнан 7,1 млн.адамға жетті [68]. Аграрлық тұрғындардың көп болуы Қазақстанда урбанистік мәдениеттің түпкілікті орнықпағанын әрі еңбек өнімділігінің төмен дәрежеде қалып отырғанын айғақтады. Тың игеру басталғанға дейін демографиялық үрдіс табиғи өсумен жүрсе, тың игеру жылдарында механикалық өсу бірінші орынға шықты. Бірінші кезекте қазақтардың саны мен үлесі көбейді. 1959 жылы Қазақстандағы қазақтардың 76%-ы ауыл-селолық елді мекендерде тұрып жатса, 1989 жылы бұл көрсеткіш 65%-ға тең еді. Орыстардың ауыл-селода тұратындарының үлесі 31,1%-дан 19,0%-ға дейін азайды. Осының нәтижесінде 90-шы жылдар қарсаңында республикадағы 19 облыстың 16-сында қазақтар ауыл-селолықтардың басым бөлігін құрады [69, 98,104,108-109 бб.].
Соғыстан кейінгі жылдарда Қазақтан көпұлтты республикаға айналды. Диссертант бірнеше кестелерді мысал ретінде келтіру арқылы әрбір ұлттың (54 ұлт) 1989 жылға дейінгі өсуіне және кемуіне талдау жасаған. Соның нәтижесінде біздер көпұлтты Қазақстан ауыл-селосында тұрғындардың басым бөлігін қазақтар, орыстар, украиндар, немістер құрағанын көреміз.
Ауыл-село тұрғындарының көпұлтты құрамын тұтастай алғанда жағымды құбылыс ретінде қабылдауымыз керек. Тілі, діні, менталитеті сан алуан халықтардың араласа-құраласа өмір сүруі олардың рухани дүниесін, салт-дәстүрін әрлендірмей тұрмайды. Мұндай ортадағы адамдар қай өңірге барса да оңтайлы бейімделе алады, басқа ұлт өкілдерінің мүддесіне, талап-тілегіне жатсынбай, түсіністікпен қарауға қабілетті. Сондықтан да Қазақстандағы ұлтаралық қатынастарға негізінен алғанда ынтымақтастық тән еді. Ұлттарға ұстанған партиялық-мемлекеттік саясат туралы мұны айта алмаймыз.
Төрт ғасыр бойы Ресейдің отарлау, жаулап алу саясатымен дүниеге келген Кеңестік империя тілі, діні, өмір салты, даму деңгейі әр қилы этностардың басын қосқанмен бұлардың табиғи-ырғақты дамуына қажетті жағдайды қалыптастыра алмады, халықтарды мидай араластырып жібергенімен олардың ұлттық тілімен мәдениетін дамытуға жағдай туғыза бермеді.
Ұлттық-тілдік бөгесіндікке келсек, 50-ші жылдардың аяғына дейін оқу орнына қабылдау емтиханының орыс тілінде өткенін ауызға аламыз. Қазақ қыздар педагогикалық институтын, кейбір педагогикалық училищелер мен пединституттардағы қазақ филологиясы факультеттерін есепке алмағанда барлық жоғары оқу орындары мен техникумдар қабылдау емтихандарын, оқу үрдісін, бұқаралық тәрбие жұмыстарын тек орыс тілінде жүргізді.
Мәскеулік билеуші топ ұлт мәселесін шешуде ұлы шовинистік белден басуды білім жүйесінің барлық сатысында қолданғанмен олардың ерік-жігеріне бағынбайтын объективті нәтиже бой көтерді. Ол Қазақстанды мекендеген барлық халықтардың білім деңгейінің өскені еді. 1939-1959 жылдарда ауыл-селолардағы жоғары және орта (толық емес орта) білімді қазақтар саны 13 есе өсіпті (ерлер - 9, 2 есе, әйелдер - 31 есе), орыстар - 3,3 есе (ерлер - 2,5 есе, әйелдер - 6,3 есе), т.б. [70,С.188].
Сонымен, түйіп айтар болсақ, соғыстан кейінгі кезең ауыл-село тұрғындарының ұлттық құрамын бұрынғыдан да күрделілендірді. Ұлтаралық қатынастар мәселесі шешімін таппағандықтан қордалана берді.
Диссертацияның қорытындысында зерттеудің негізгі нәтижелері көрсетілген. Ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасуы мен этномәдени даму тәжірибесі Отан тарихының баға жетпес байлығы болып табылатындығы, интеллектуалдық әлеуетке әсер еткен факторлар, даму кезеңдері, ұлт мәселесіндегі қайшылықтар, тоталитарлық заманның зорлық-зомбылықтары, проблеманы зерттеудің болашақтағы міндеттері баяндалады.
Ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеует адам факторының сапасымен қалыптасты. Халықтың механикалық өсуі, яғни Қазақстан кеңшарлары мен ұжымшарларына байырғы тұрғындар - қазақтан басқа ұлт өкілдерінің келуі зерттеліп отырған жылдарда үзілген емес. Ол өзінің шарықтау шыңына тың игеру науқанымен шықты. 1941-1945 жылдары зорлықпен депортацияланғандар да республикамыздың ұлттық құрамын өзгертті. Осының салдарынан ауыл-селолардағы этномәдени өмір мемлекеттік саясат пен практиканың өткір бағытына айналғаны зерттеу жұмысының өзекті мәселелерінің бірі болып есептеледі.
Осылайша, 1946-1991 жылдардағы қазақстандық аграрлық ортадағы интеллектуалдық әлеует пен этномәдени ахуал ішкі және сыртқы факторлар әсерімен қалыптасқанын көреміз. Сыртқы фактордың ұйымдастырушысы Мәскеудегі билеушілер болса, ішкі фактордың басты міндеті Қазақстанның, қазақ халқының тұтастығын сақтап қалуға сайды. Орталықтың Қазақстан ауыл-селосына жүргізген басшылығы жергілікті ерекшелік пен мүмкіндікті ескере бермеді, және ол тоталитарлық тәртіп тоқырауға ұшыраған жылдарда да қолданылды. Мәселен, 70-ші жылдардағы Қазақстанда қой санын 50 млн-ға жеткізу жөніндегі іс-шараларды алайық. Орындалуы мүмкін емес осынау науқанның қырсығынан қазақ балалары шопан таяғын ұстап, көпшілігі кәсіби білім алу мүмкіндігінен айрылды. Демек, ұлттық интеллектуалдық әлеует пен рухани өмірді байытатын адам факторының мүмкіншілігі қазақтар есебінен тарылды. Сыртқы фактордың жағымды қорытындысына аграрлық экономиканың материалдық негізіндегі ілгерілеуді, өндірістік-әлеуметтік инфрақұрылымдағы жетістіктерді жатқызуға болады. Қазақстан астығы мен мал өнімдері КСРО тағдырында айрықша маңызды рольге ие екенін түсінген коммунистік басшылық республикамыздың аграрлық экономикасына қыруар қаржы жұмсауға мәжбүр болды, техникалық жасақталуын, энергия қуатымен қамтамасыз етілуін қаперде ұстады. Бірақ бұларды байырғы тұрғын-қазақтардың игілігі үшін қолға алынған шара ретінде қабылдауға еш негіз жоқ. Орталықтың саясаты ұлт республикасының мүддесіне әрқашан сәйкес келе бермесе де, жергілікті басшылық оны мүлтіксіз орындауға күш-қуатын жұмсады. Нәтижесінде тың игерудегі асығыстыққа жол берілді, Аралдың суы тартылды, жүгері егу науқаны қоғамдық санаға өз таңбасын қалдырды.
Сонымен Қазақстан ауыл-селосы ХХ ғасырдың екінші жартысында өрлеуі мен қайшылығы мол тарихи жолды жүріп өтті. Бұл сапарда оның экономикалық, демографиялық, мәдени, біліми келбеті үлкен өзгерістерге түсті. Өзгерістерді дүниеге әкелген де, солармен бірге өзгерген де адамдар еді. Ауыл-село тұрғындарының бойындағы өзгерістер қоғам мен орта сұранысына лайық болудан туындады. Осынау ілкемдікті интеллектуалдық әлеует деп айдарлауды жөн көрдік. Интеллектуалдық әлеуетке әсер еткен фактор сан- алуан болғанмен солардың ішіндегі ең пәрмендісі КОКП басшылығына келіп тірелгені сөзсіз.
Ендеше, зерттеліп отырған жылдар үшін саяси-идеологиялық ықпалды басты өлшем ретінде алсақ, ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеует тағдыры екі кезеңнен тұратынын көреміз. Бірі - сталиндік кезең, екіншісі - постсталиндік кезең.
Сталиндік кезеңдегі республика ауыл-село тұрғындары, әсіресе ұжымшарлардағы еңбек адамы материалдық өндірісте, жеке тұрмыста ауыр тіршілікті бастан кешті. Ауыл шаруашылығы өндірісінің әлжуаз материалдық-техникалық базасы, электрлендірудің, механикаландырудың мешел қалуы, кімді болсын титықтататын қол еңбегі, адам құқығының сақталмауы еңбеккерлерді мемлекет тарапынан қанаумен ұштасқан соң әл-ауқатты мейлінше құлдыратты. Әлеуметтік инфрақұрылым ішінде мектеп ісі ғана азды-көпті қолайлы жағдайда дамыды.
Ресми идеология, бұқаралық ақпарат құралдары, оқу орындары мен мәдениет ошақтары Кеңестер елінің ішкі-сыртқы өмірін, басқару жүйесін үздіксіз марапаттаумен, жеке басқа табынуды дәріптеумен қоғамдық сананы әміршіл-әкімшіл жүйеге тиімді бағытта қалыптастырғандықтан ауыл-селоның интеллектуалдық қарымына, болашағына зор қатер туды. Оған ұлт зиялыларының үздіктерін қудалау қосылып, ауыл-селолардағы шолақ белсенділердің қатары өсті. Бұлар интеллектуалдық әлеует пен этномәдени ілгерілеудің басты шарты - адам факторын жандандыруға көп кедергі тигізді.
Демек, 1946-1953 жылдар аралығында Қазақстанның аграрлық экономикасы қол жеткізген табыстарды, білім, мәдени-ағарту, демография салаларындағы оң нәтижелерді социалистік құрылыстың арқасында дегеннен гөрі әлеуметтік субъектілерге тән жасампаздық қасиеттердің айғағы ретінде қабылдау жөн деген тұжырым жасалады.
Постсталинизм кезеңі 1954-1991 жылдарды алып жатыр. Зерттеу жұмысында оның ең ірі табысы жеке басқа табынуды, адамның бас еркін шектеуді, тұтас халықтарды қудалауды жойғанында екені көрсетілген.
Бұл кезеңде интеллектуалдық әлеуеттің материалдық-техникалық іргетасы сапалы нығайды, өз кезегінде ол білім беру, мәдени қызмет көрсету, рухани азықты тарату, жас ұрпақты өмірге даярлау жүйесін соңынан ерте білді. ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдарында түрлі кәсіби білімді игерген мамандар мен оқығандарға аграрлық экономика мен әлеуметтік инфрақұрылымның, мемлекеттік-партиялық басқару жүйесінің сұранысы түпкілікті қанағаттандырылды.
Постсталинизм кезеңіндегі аграрлық экономикадағы тоқырау мен дағдарыстың сан алуан себептері болғанын мойындай отырып, олардың ең ауыры - әлеуметтік субъектілердің интеллектуалдық әлеуетін іске қосу, белсенді позицияға көшіру уақыт өткен сайын жетіле түсудің орнына консерватизмге ұшырағанында еді. Аграрлық экономикадағы тоқырау мен дағдарыстан да бұрын ұлт мәселесіндегі қайшылық Кеңестер Одағының ыдырауына әкелді. Халықтың 1%-ын да құрамаған коммунист басшылар ұлан-ғайыр билікті қолдарына шоғырландырып, утопияға айналған социалистік идеяға құлай сенген, өнімді еңбекке қабілетті жаңа адам қалыптастырғысы келді. Ал жаңа адамды қалыптастыру оны біліммен, мәдениет табыстарымен сусындату арқылы жүзеге асатын болғандықтан 1946-1991 жылдарғы ауыл-селоның біліми-рухани өресі, мектептер, мәдени-ағарту ошақтар жүйесі көзге көрінерліктей марқайды. Бірақ интеллектуалдық әлеуеті нығайған сайын, этномәдени қарымы артқан сайын ауыл-село халқының ақиқатқа көзі ашылып, ұлттық сана-сезімі оянайын деді. 1986 жылдың желтоқсанында Брежнев алаңына жиналғандар негізінен ауылдың жас қазақтары еді. Олар ұлт лидері Д.Қонаевты алмастырған Колбинге ғана қарсы шыққан жоқ, ұлт саясатындағы әділетсіздікке, ұлттық-тілдік құрылыстағы зорлыққа, қағаз жүзіндегі тартымдылығынан жұрдай болған социалистік идеяға, ұлт республикасының Конституциялық егемендігін таптаған КОКП-ның өктемдігіне қарсы шықты.
Қорыта айтсақ, аграрлық тарих - Отан тарихының құрамдас бөлігі. Әзірге кеңестік Қазақстанның аграрлық тарихы түпкілікті зерттеліп біткен жоқ. Алда көп міндеттер тұр. Бүгінде осы міндеттерді шешуге қажетті алғышарттар әбден пісіп-жетілді. Әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясын жүзеге асырып жатқан Қазақстанда ұлт тарихы бірінші кезекте отандық оқырмандарға арнап жазылатыны түсінікті. Ол қазақстандық патриотизмді оң қалыптастыру үшін ауадай қажет. Халық өз өткенін қоспасыз, қысқарусыз, қаз қалпында білуге құқылы. Бірақ біз таяу-алыс шетелдерде де Қазақстан тарихын насихаттауымыз керек. Шетелдік оқырманға арнап жазылған Отан тарихының кітабында 1945-1991 жылдардағы ауыл-селоның тағдыры, оның интеллектуалдық әлеуеті мен этномәдени болмысы білгірлікпен зерделенетіні күмәнсіз ақиқат.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1 Назарбаев Н. Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына // Егемен Қазақстан. - 2006. - 27 мамыр.
2 Айталы А. Ұлттық жаңарудың алғышарттары // Тіл және қоғам.– 2004, № 1. - 32-33 бб.
3 Бәйішев С.Б. Социально-экономическое развитие Советского Казахстана. - Алма-Ата: «Наука», 1979. – 267 с.
4 Сабденов О.С. Наука. Образование. Рыночная экономика. Алматы: Білім, 1994. - С.7.
5 Сембаев Ә. І. Қазақ совет мектебінің тарихы. – Алматы: Мектеп, 1967.- 362 б.
6 Жұмаділов Қ. Қалың елім, қазағым... Алматы: Қазақстан. – 2000, 26 б.
7 Тлепина Ш. Эволюция государственно-правовой науки в Казахстане (1930-е-1991 гг.). - Алматы, 2005.- 435 с.
8 ҚР ПА. 708 қор; 121 тізбе, 51-іс. – 3 п.
9 Бурбах Д.В. Наш вклад. - Алма-Ата, 1985; Геринг Я.Г., Герлиц О.К.Плечом к плечу. - Алма-Ата, 1979; Геринг Я.Г. Село родное. - Алма-Ата, 1983; Головацкий Н.Н. День, равный году. - Алма-Ата, 1977; Головацкий Н.Н. Веление времени. - Алма-Ата, 1985; Мырзашев Р.М. Хлеб Есиля. - Алма-Ата, 1977; Сидорова В.В. Большой хлеб. - Алма-Ата, 1977.
10 Наука Советского Казахстана. 1920-1980. - Алма-Ата, 1981. - С.53.
11 Дружбой великой сильны. Исторический опыт КПСС по организации братской взаимопомощи и сотрудничества народов Советского Союза в экономическом, политическом и культурном развитии Казахской Советской Социалистической Республики. - Алма-Ата: Казахстан, 1972. - С.291.
12 КПСС и культурное преобразование села.- М.: Политиздат, 1981. - С.156.
13 Академик Манаш Қозыбаев. Мерейтойлық жинақ. – Алматы: Атамұра, 2001. - 240 б.