Отан тарихы

Автор: Пользователь скрыл имя, 02 Февраля 2013 в 14:31, реферат

Краткое описание

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаумен келген шығармашылық азаттық ғылыми ізденістерге жаңа өріс ашып, қоғамдық-гуманитарлық саладағы ғалымдардың мүлде жаңа методологиялық ұстанымдарға көшуіне, тақырып аясын кеңейтуіне негіз қалады. Дегенмен кеңестік Қазақстан тарихының жаңаша зерделенбеген, түпкілікті бағасын алмаған беттері әзірге баршылық. Тарихшы ғалымдар негізінен ХХ ғасырдағы 20-30-шы жылдардың ақтаңдақтарымен шұғылдануда.

Файлы: 1 файл

autoreferat_sas.doc

— 422.50 Кб (Скачать)

ӘОЖ   94 (574): 332.2.021                                  Қолжазба құқығында

 

 

 

 

 

 

 

 

Сарсенов  Алдар Сарсенович

 

 

 

 

 

 

Қазақстан ауыл-селосындағы интеллектуалдық  әлеуеттің қалыптасуы мен этномәдени дамуының тарихи тәжірибесі ( 1946-1991жж.)

 

 

 

 

 

 

07.00.02 – Отан тарихы (Қазақстан Республикасы тарихы)

 

 

 

 

тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін  алу үшін дайындалған диссертацияның

 

АВТОРЕФЕРАТЫ 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақстан Республикасы

Орал, 2008

Жұмыс Ақтөбе мемелекеттік педагогикалық институтының Қазақстан  Республикасы тарихы кафедрасында орындалды

 

 

 

Ғылыми  кеңесшісі:             тарих ғылымдарының докторы, профессор

                                                 Қ.С. Қаражан

 

 

Ресми оппоненттер:             тарих ғылымдарының докторы, профессор

                                                 Қ.Ә. Ахметов

 

                                                 тарих ғылымдарының докторы, профессор

                                                  М.Н.Сдыков

 

                                                  тарих ғылымдарының докторы

                                                  С.З. Баймағамбетов 

 

 

 

Жетекші ұйым:                    С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік

                                                 университетінің Отан тарихы кафедрасы

                                                

 

 

 

Диссертация 2008 жылы «25» маусым күні сағ. 14.00-де М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекетттік университеті жанындағы ( 090000, Орал қаласы, Достық даңғылы, 162) БД 14.61.26  Біріккен диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады

 

 

Диссертациямен  М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан  мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.

 

 

 

Автореферат 2008 жылы «21» сәуірде таратылды

 

 

 

 

Диссертациялық  кеңестің ғалым хатшысы,

тарих ғылымдарының докторы                                       Б.Ғ. Шинтимирова

 

 

Жұмыстың жалпы сипаттамасы

      Зерттеу тақырыбының өзектілігі. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаумен келген шығармашылық азаттық ғылыми ізденістерге жаңа өріс ашып, қоғамдық-гуманитарлық саладағы ғалымдардың мүлде жаңа методологиялық ұстанымдарға көшуіне, тақырып аясын кеңейтуіне  негіз қалады.  Дегенмен кеңестік Қазақстан тарихының жаңаша зерделенбеген, түпкілікті бағасын алмаған беттері әзірге баршылық. Тарихшы ғалымдар негізінен ХХ ғасырдағы 20-30-шы жылдардың ақтаңдақтарымен  шұғылдануда.

      Тоталитарлық жүйе салтанат құрып тұрған шақта отандық тарихнамада, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңестік Қазақстанның қарыштап өркендегені, капиталистік формацияны оп-оңай  аттай салғаны,  дамып кеткендермен  теңескені оңды-солды дәріптеліп, оның қайнар көзі ретінде социализмнің артықшылықтары, КОКП-нің данышпан басшылығы үздіксіз санаға сіңірілді. Әрине, табыс жоқ емес еді. «Соғыстан кейінгі ұрпақ, - деген болатын Елбасы Н. Назарбаев, - өнеркәсіпті көтеріп, тың игеріп қана қойған жоқ, сонымен бірге дамудың білім мен ғылым жүйесі түріндегі берік іргетасын қалады. Қазақстандықтар инженерлер мен ғалымдардың, құрылысшылар мен геологтардың, металлургтар мен дәрігерлердің ұлтына айналды» [1].     

      Белгілі табыстармен жарыса дағдарыс та қоғамды жайлап кетті. Дегенмен халықтың интеллектуалдық әлеуеті өскені күмәнсіз ақиқат.

      Интеллектуалдық әлеует деп қоғамдағы сұраныс үдесінен шығуға даяр әлеуметтік субъектінің уақыт пен орта алға тартқан міндеттерден, қиыншылықтардан, ұсыныс пен қажеттіліктен, бұрын беймәлім талаптан тұтастай болмаса да негізінен биік тұрып, ілгерілеу динамикасы мен заңдылығына кіріге, бейімделе алу, соны ел мүддесіне, өз мүддесіне жегу арқылы бойындағы қабілеті мен мүмкіндігін ашу өресін айтамыз. Ендеше интеллектуалдық әлеуеттің өміршеңдігі, жасампаз күші бар салада - экономикада, білімде, мәдениетте, ұлтаралық қатынаста, саясатта, т.б. – сыналады, шыңдалады. «Мәселе мынада, - деп көрсетеді Н. Назарбаев, - ұлттар тауарлармен және қызметтермен ғана бәсекелеспейді – олар қоғамдық құндылықтар жүйесі мен білім беру жүйелерімен де бәсекелеседі... Осы заманғы экономикада салмақ материалдық тауарлар мен қызметтерге қарағанда, интеллектуалдық әлеуетке көбірек түсіріледі. Ұлттың осы заманғы және тиімді білім беру жүйесін ұстануға, жұмысшы күшінің оқыту жолымен интеллектуалдық қорын арттыруға қабілеттілігі бәсекеге қабілеттілігі үшін ерен  маңызды болуда» [1].

      Зерттеу тақырыбының өзектілігі қоғам өмірінде ауыл-селоның алатын орнымен тығыз байланысты. Миллиондаған адамдардың тағдыры осында өтіп жатыр. Халықты азық-түлікпен, индустрияны шикізатпен аграрлық сала қамтамасыз етеді. Ал бұл саланың ырғақты жұмыс істеуі көбінесе интеллектуалдық әлеует деңгейімен анықталмақ. Машина, трактор, комбайн, техникалық жабдық – бәрі еңбектің өнімділігін көтеру, өзіндік құнын түсіру үшін бірінші қажеттілік саналғанмен, олардың оңтайлы тұтынылуы үшін интеллектуалдық әлеуеті кемел адам факторы қалыптасуы керек. Бұл жерде әңгіме техниканың тізгінін ұстаған механизаторға немесе бір отар қойды жайып жүрген қойшыға ғана қатысты емес. Шаруашылықты ұйымдастыратын басшыға да, өндірістік үдерістің басы-қасындағы маманға да, осыларды оқытқан ұстазға да, денсаулығын қадағалайтын дәрігерге де тікелей байланысы бар. Қазақстан ауыл-селосының  интеллектуалдық тарихын ақиқат биігінен зерделеу өткеннің сабағын, тағылымын игере отырып, бүгінгі міндетті кешенді анықтау үшін, ертеңге нық қадам жасау үшін қажет.

      Интеллектуалдық әлеуеттің тасушысы (носитель) – адам. Ал еңбегінің мазмұны мен нәтижесіне қарай, замана міндетін шешуге қосатын үлесіне қарай адамдардың жіктелетіні және рас. Ендеше интеллектуалдық әлеуетті зерттеу адамтануға, әлеуметтік қауымдастық болмысын ұғынуға апаратын даңғыл жол. Бұлардың өсу, өну, өркендеу заңдылықтарын, кезеңдерін, әрқайсының өзіндік ерекшеліктерін ғылыми зерделеумен дәйектегенде ауыл-селодағы, бүкіл қоғамдағы үйлесім жараса түспесе, мысқалдай залал шекпейді.

      Қазақстан көпұлтты, сонысымен көпдінді мемлекет. Ұлттардың бір бірінен ерекшелігі қайда жұмыс істейтінінде, әлеуметтік қауымдастықтың қай тобына жататындығында емес, тілінде, ұстанатын мәдени-рухани құндылықтарында жатыр. КСРО-ның тағдырын ұстап, болмыс-бітімін анықтаған коммунистік басшылық теориялық, бағдарламалық қағидаттарында ұлт мәселесіне айтарлықтай мән бергенмен іс жүзінде орыс халқының мүддесіне басымдық беріп, одақтас республикалардың, яғни Қазақстанның да этномәдени табиғатына қиянат жасаудан тартынбады. Ресми  Мәскеу жүргізген ұлт  саясатындағы  әділетсіздік пен  зорлық қазақтардың этникалық сәйкестігін бұзып,  байырғы  халықтың  жартысына жуығы ана тілінде сөйлей алмайтын  күйге түскенін ендігі ешкім  жоққа шығара алмайды.

      Демек, тоталитарлық дәуірдің тарихы мен тағдырын зерделеу арқылы көпдінді, көпұлтты бүгінгі Қазақстанда келісім мен үйлесімді сақтау тетіктерін жетілдіре түсуге мүмкіндік молаяды. Шынайы демократия бар жерде ғана тілі, түрі, нәсілі бөлек этностардың тілегі бір арнаға тоғысып, әркімнің және баршаның интеллектуалдық әлеуеті ортақ мақсатқа қызмет ететінін тарих әлденеше дәлелдеді, оның алғашқы сабақтарын біздің  ел бастан кешуде.

      ХХ ғасыр – ғылыми-техникалық революция ғасыры. Жердің тартылыс заңын жеңген адам ғарышқа ұшты, айда табан ізін қалдырды, атом қуатының көзін ашып, оны материалдық игілік өндіруге пайдалануда. Адам – ғылым – техника байланысы ауыл-селоның да өміріне молынан еніп, интеллектуалдық әлеуетті арттыруға пәрменді әсер еткені айдан анық. Алдағы уақыттарда ғылым мен техниканың ауыл-село тұрғындары тағдырында алар орны ұлғая беретіні сөзсіз. Ендеше оның әлеуметтік-экономикалық, мәдени, тағы басқа нәтижелерін дұрыс болжау үшін артта қалған дәуірін толымды зерттеу қажет. Мұнсыз бәсекеге қабілетті 50 ел қатарына қосылмақ түгілі жұмыссыздық, кедейшілік, әлеуметтік наразылық тәрізді келеңсіз құбылыстарға тап болуымыз мүмкін.

      Социалистік құрылыс тұсында көп айтылғанмен шешуін таппаған мәселенің бірі қала мен деревня арасындағы айырмашылықты жою еді. Түптеп келгенде, бұның жүзеге асуы мүмкін де емес екен. Өйткені аграрлық  экономиканың негізгі саласы жер кәсібі мен мал шаруашылығы ауыл-селоны қаладан өзгеше күйде сақтағаны сақтаған. Бидай себу, бау-бақша баптау, қой бағу үлкен кеңістікті, шашыраңқы қоныстануды талап етеді, бұларға қажетті техника мен жабдықтар да завод-фабрикалардағыдан мүлде басқаша. Сондықтан да кеңестік тарихнаманың партиялық-идеологиялық өктемдікпен орнықтырған жаңсақ тұжырымы – қала мен деревня арасындағы айырмашылықты жою міндетін бұдан былайда деревняның қаладан артта қалуын жоюмен алмастыратын уақыт келді. Әрі-беріден кейін, ауыл-селоны қалаға айналдырып жібергеннен қоғам ұтылмаса, ұтпайды.

      Қай ұлттың болмасын шығу тегі, бастау бұлағы, дәстүрлі мәдениетінің қалыптасқан кеңістігі - ауыл-село. Кеңестік жылдардағы қазақ ауылында дүниеге келген, орта  білім алып, қалаларда оқуын жалғастырған  сан мың қыз-жігіттер  мемлекет пен қоғам қайраткері, ғылым мен өнер жұлдызы,  өндіріс озаты болғаны ақиқат. Демек,  қала мен деревня арасындағы айырмашылық ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуеті мен  болашағын  жоққа шығармайды екен. Кеше де, бүгін де осылай болған, ертең де осылай болып қала беру керек. Ұлттың болмыс-бітімінің ошағын ойрандап, барша халықтарды қалалық өмір салтына көшірген мемлекет этномәдени байлығының тамырын суалтатыны сөзсіз. Қазақстан қоғамын осындай жаңсақ басудан сақтандыруда ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуеті мен этномәдени тарихын зерттеудің маңызы мейлінше зор.

      Ғылым уақыт пен кеңістік алға тартқан міндеттердің, сұрақтардың жауабын іздеумен ілгерілейді. Оның жаратылыстану, техника, математика, физика тәрізді салалары еңбек өнімділігін арттырумен ұлттың байлығын еселесе, қоғамдық-гуманитарлық салалары материалдық өндіріске жанама түрде оңтайлы ықпал етіп, түпкі мақсаты – ұлт ғұмырын ұзартуға қызмет етеді. Бұл орайда тарих ғылымының арқалаған жүгі мейлінше жауапты. Артта қалған жылдарда ұлттың тапқаны мен жоғалтқанын, бары мен жоғын, тағылымы мен тәжірибесін таразылаумен тарих ғылымы ұлттың санасын ашады, мінезін түзейді, отансүйгіштік қасиетін қалыптастырады. Тоталитарлық тәртіп үстемдік құрған кезеңде Қазақстан тарихы ғылымы бұл міндеттердің бірде біреуін толық атқара алмады. Мүмкіндік енді ғана туып отыр. Ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуеті мен этномәдени дамуының тарихын зерттеумен тәуелсіз қазақ халқының, Қазақстандағы барша ұлттардың қарым-қабілетін ашуға серпін беретін тетіктер мен алғышарттарды жазбай тануға, оларды іске қосуға, нығайтуға қол жетеді. Қысқасы, жас мемлекетіміздің болашағы ғылымға тіреліп тұр, ғылымның болашағы мемлекеттік саясатқа берік байланды. Осынау өзара тәуелділіктің жігі қатаймаса, таяу арада ажырамайтынын жақсы түсінген Қазақстан басшылығы білім мен ғылымды сапалы жаңа биікке көтеруге қайрат қылуда. Қазақстанның әлемдегі барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясында ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін академиялық орталықтар мен оқу орындарын құру, осы заманғы білім беруді дамыту, кадрлардың біліктілігі мен оларды қайта даярлауды ұдайы арттыру және Қазақстан халқы мәдениетін одан әрі өркендету міндетінің күн тәртібіне қойылуы осыдан.

 

      Мәселенің зерттелу деңгейі. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жарты ғасырға жуық уақыт ішіндегі Қазақстан ауыл-селосының интеллектуалдық әлеуеті мен этномәдени өмірін зерделеген ғылыми еңбектерді бірнеше бағытқа жүйелеуге болады.

      Бірінші бағытқа философиялық зерттеулерді жатқызамыз. Ауыл-селоның әлеуметтік құрылымы, ондағы жұмысшы табының, колхозшы шаруаның, интеллигенцияның саны мен құрамы, өсу жолдары философ ғалымдар М. Аженовтың, Б. Амантаевтың, А. Ишмұхамедовтың, В.И. Зориннің, Ц.Р. Розенбергтің монографияларында теориялық-методологиялық тұрғыдан  қарастырылды. Жаңа адамды қалыптастырудағы, оқуды өнімді еңбекпен, ғылыми-техникалық прогреспен ұштастырудағы білімнің орны мен маңызын философия ғылымы ұстанымынан зерттегендердің маңдай алдысы Ж. Әбділдин, Р.А. Клещева, С.Н. Соскин, А. Тұрғұмбаев сынды ғалымдар. Ұлттардың рухани өмірін зерделеуге философтар А. Айталы, Р. Әбсаттаров, Ә. Нысанбаев, Н. Жанділдин, Ж. Молдабеков сүбелі үлес қосты.

      Әрине, маркстік-лениндік философия үстемдік құрып тұрған жылдарда жазылған зерттеулер мен тәуелсіздік тұсында жарық көрген зерттеулер арасындағы айырмашылық жер мен  көктей  екені түсінікті жайт. Мәселен, көрнекті философ Б.Амантаевтың 1969 жылы жарық көрген «Социализм и коренное  преобразование   социальной природы казахского крестьянства» атты  монографиясы мәселенің тарихи-социологиялық қырын зерделеуге арналған еді. Мұнда қазақ шаруаларының санасын және  моральдық-тұрмыстық қатынастарды  өзгертудің  материалдық негізі ретінде  ұжымшар  дәріптелгені өз алдына,  ұжымшарлық  демократияны теңдік пен бірліктің басты шарты ретінде дәйектеуге айрықша көңіл бөлінген.  Социалистік жарыс колхозшылардың еңбек және  саяси белсенділігін  арттырған  факторлар қатарына қойылады. Мұндай  бұра тартулары үшін авторды айыптауға негіз жоқ.  Коммунистік басшылық пен идеология басқаша жазуға мұрсат  бермегенін енді түсінудеміз. Әйтпесе Б.Амантаевтай ғалым ұжымшарлардағы ахуалды, ондағы  демократияның сиқын білмеді емес, білді.

      Ал бүгінгі  философиялық ғылыми пайым  өресі мен  батылдығы мүлде бөлек. Бұған профессор А.Айталы мырзаның зерттеуінен үзінді келтірсек әбден көз жеткізуге болады. «Социализм, - дейді А.Айталы, - қазақ ұлтының болмысына, дәлірек айтсақ, ұлтсыздануына үлкен әсер жасады.  Қазақстандағы индустрияландыру, 1932-1933 жылдардағы аштық, 1937-1938 жылдардағы репрессия, жер аударылған халықтарды (кәрістер, немістер, поляктар, шешендер, ингуштер, т.б.) қоныстандыру, тың және тыңайған  жерлерді игеру – қазақ халқының сан  жағынан республикадағы  алатын орнын  төмендетті. Ұлттардың араласуы, ұлттық  ортаның тарылуы орыстануға әкелді. Дінге тиым салу, ұлттық  мектептердің азаюы, қазақ тілінің аясының тарылуы қазақ халқын төлтума қасиеттерінен айыра бастады; рухани азғындыққа  итермеледі. Ұлттық деп атайтын  интеллигенцияның көпшілігі ұлттық мәдениеттің, тілдің жақтаушысы бола алмады. Дәстүрлік мәдениет, тұрмыс-салт мал шаруашылығымен айналысатын қазақтардың арасында молырақ сақталған.... Сонымен, қазақ халқының бір бөлігі – ұлттық және тілдік ерекшелігінен айрылғандар. Олардың ұлттық танымы тар, рухы төмен,  ұлттық психологиясы тегін танитын сана-сезімнен аспайды. Оларды қазақ мәдениетінің  мұрагерлері деп айту қиын» [2].

Информация о работе Отан тарихы