Зейін. Зейіннің қасиеттері

Автор: Пользователь скрыл имя, 30 Октября 2011 в 19:18, реферат

Краткое описание

Зейін деп — адам санасының белгілі бір затқа бағыттала тұрақталуын көрсететін құбылысты айтады. Дәлірек айтқанда, зейін дегеніміз айналадағы объектілердің ішінен керектісін бөліп алып, соған психикалық әрекетімізді тұрақтата алу. Мысал келтірейік. Оқушы математикалық есептер шығарып отыр. Ол бұған соншама үңілген, мұнысы психикалық кейпінен жақсы көрінеді (бала көзін қадайды, шұқшия үңіледі, демін ішіне тартады т. б.). Оқушы есептің шығару жоспарын ойлайды, оның бірінен кейін екіншісін шығарады. Есеп шығарып болып, азғантай үзілістен кейін тарихты, одан соң географияны оқуға көшеді. Сабағын оқып болғаннан кейін, түрлі нәрселермен айналысады. Осы көріністердің бәрінде де бала әрекеттің әрбір түріне өз зейінін ұйымдастырып, басқа объектілерден ойын бөліп отырады.

Осындай түрлі кезеңдерде бала психикасының белгілі бір объектіге бағыт алып және сонда азды-көпті тұрақтап отырғанын көруге болады.

Оглавление

Кіріспе бөлім:

Зейін туралы жалпы ұғым

Негізгі бөлім:
Зейіннің физиологиялық негізі
Зейіннің түрлері.
Зейіннің негізгі қасиеттері

Қорытынды бөлім:

Зейінді тәрбиелеу жолдары

Файлы: 1 файл

Реферат.docx

— 43.77 Кб (Скачать)

      Зейінді ұзақ уақыт бойы іс-әрекетке жеткілікті жұмылдыру үшін, әсіресе, оның бөтен нәрсеге көңілі ауып кетпеуін ойластыру керек. Бұл кеп күш жұмсауды қажет етеді. Зейінді алаңдататын әр түрлі тітіркендіргіштерге қарсы күресу — қажетті шаралардың бастысы. Мәселен, ысқырған дауыс, қоңыраудың сылдыры, сырнай-керней т. б. адамның тынышын кетіреді. Зейінін жақсы ұйымдастыра алатын адамдар осындай жағдайда да жұмысты тез және сапалы орындайтыны байқалады. Адамды алаңдататын нәрселер көп болғанмен, олардың барлығы да кесел тигізе бермейді. Мәселен, машинаның дүрілі, музыканың әуені зейінді аударатын тітіркендіргіш болғанмен, оларға шыдап отыра беруге болады. Ал қасыңдағы адамның айқай-шуы, реніш т.б. адамды күштірек алаңдатып, жұмыс істетпейді. Әрине, бұларды жоюдың мүмкіндігі болмаса, оған көңіл аудармай, сабырлылықпен жұмыс істей беруге болады. Әрине, бұған ерік-жігер қажет. Осындай ыңғайсыз жерлерде жұмыс істей алушылық — адамның жақсы қасиеттерінің бірі. Мәселен, орыстың атақты жазушысы А. П. Чехов жас кезінде көп әңгімелерін ойын-күлкі, той-думан үстінде жазса, ал Мусоргский мен Бородин өздерінің опералық шығармаларын қонақта отырып-ақ жаза беретін болған. Қандай жағдайда да адам зейінге кедергі келтіретін нәрселерді жеңе алатын болуға тиіс. Тіпті тыныш жерде отырып жұмыс істеуді ұнататын адамдар да өзін ыңғайсыз жағдайларға төселттіріп, кез-келген жағдайда жұмыс істей алатындай қабілетке ие болуы тиіс. 

                Зейіннің аударылуы 

      Зейіннің  аударылуы деп бір объектіден екінші объектіге назарымызды көшіруді айтады. Физиологиялық тұрғыдан мидағы оптималдық қозудың ауысуы. Зейінді тез аудара білу қабілеті көбінесе жүйке процестерінің өзгермелілігіне байланысты. Кейбір адамдар бір жұмыстың түрінен екінші бір жұмысқа жеңіл көшеді, зейін қойып жаңа жұмысты тез меңгеріп кетеді. Бұл икемді, оңтайлы зейіннің көрінісі. Екінші біреудің зейіні, керісінше, басқа объектіге қиындықпен ауысады. Зейінді тез аудара білу көлденеңнен кез келген әсерлерге кідірусіз жауап беруде аса қажет. Мәселен, машинистерде зейінді тез аудара білу қасиеті жөнді жетілмеген болса, олардың жұмыста түрлі сәтсіздіктерге ұшырауы мүмкін. Мектеп жағдайында балалардың зейінін бір пәннен екінші пәнге, бағдарламаның бір бөлімінен екінші бөліміне, жұмыстың бір түрінен (үй тапсырмаларын сұрау) екінші түріне (жаңа сабақты тыңдау кезі) үнемі аударып отыруға тура келеді. Зейінді аудара алу оқушының ерік сапалары біраз дамыған кезде, әсіресе оқу материалдарын түсінген және оларды ұмытпайтындай етіп меңгерген жағдайда ғана мүмкін болады. Мұғалімнің материалды жүйелі етіп, бір ізбен жақсы түсіндіруі, өткен материалды дұрыс қорытуы, оқылатын жаңа тараудың мақсатын айқындауы, жаңа материалды тыңдауға және түсінуге оқушылардың дайындығын тексеру т.б. зейіннің дұрыс аударылуына себепші болады.

              Зейіннің  бөлінушілігі

 

      Адам  санасының бір мезгілде бірнеше  әрекетті атқара білу мүмкіншілігін  зейіннің бөлінушілігі дейді. Адам зейінін екі-үш нәрсеге бөле алады.

      Зейінді бір уақытта түрлі объектіге бөлуге болатындығын арнаулы зерттеулер көрсетіп отыр. Мәселен, оқушылар өздері есеп шығарады, сонымен қатар осы кезде басқа оқушының тақтаға шығарған есебін бақылайды, оның сөзін тыңдайды т. б. Студенттер бір мезгіл ішінде лекция тыңдайды, түсінгенін жазып отырады кітап оқып отырып, конспект жазады. Еңбек процесінде зейін бөлінуінің маңызы бәрінен де зор. Қазіргі кездегі өндірістің онан сайын автоматталынуы адам зейінінің бөлінушілігін ерекше дамытуды қажет етеді. Ал машина жүргізушілерге (машинист, шофер т.б.) бірнеше нәрсеге зейін бөлушілік қаншама маңызды екендігі түсінікті. Олар бір кезеңде руль механизмін басқарады, жолға назар аударады, тормоз береді және т. б... Бұл операциялардың әрқайсысы зейінді өте шеберлікпен бөле білуді қажет етеді. Мұғалімдік қызметте де зейінді бірнеше объектіге бөле білудің маңызы зор. Мұғалім бір мезгілде сабақтың мазмұнын, формасын сабақ оқыту жоспарына сәйкес тексеріп отырады, барлық сынып ұжымы мен жеке оқушылардың тәртіп сақтауын, сабаққа қалай қатысып отырғанын байқайды. Тәжірибесі аз, жас мұғалім кейде барлық сыныпты не жеке оқушыларды, не өзінің айтып тұрған сөзін бақылай алмай қалады да зейінін бытыратып алады. Осының салдарынан сыныпта сабақ нашар ұйымдастырылуы мүмкін. Зейінді екі объектіге бірдей бөлу үшін ең кемінде біреуіне іскер болу және мұндай объекті бір-біріне байланысты болуы шарт. Зейінді бөлудің физиологиялық негіздері жөнінде И. П. Павлов былай дейді: "...біз бір іспен, бір оймен айналыса жүріп, өзіміз әдеттеніп кеткен тағы басқа бір істі істей жүреміз, яғни сыртқы тежелу механизмі бойынша, ми сыңарларының тежелудегі бөлімдерімен, қызмет істейміз, өйткені біздің басты ісімізбен байланысты ми сыңарларының пункті бұл кезде қатты қозуда болады".

Зейіннің  көлемі

 

      Зейіннің  көлемі деп бір уақыттың ішінде оның қамтитын, объектілерінің санын айтады. Зейін көлемін анықтауға байланысты жасалған тәжірибелер тахистаскоп деген аспаппен тексеріледі. Адам бір мезгілде (секундтың 1/10 бөлігінде) орта есеппен әр түрлі 5—9 әріпті қамти алатынын, 12—14 әріптен тұратын мағынасы бар сөзді де осы мерзімде қамтитынын көрсетіп отыр. Мектеп оқушыларының, әсіресе, бастауыш сынып оқушыларының зейін көлемі ересек адамдардың зейін көлемдеріне қарағанда шағын болатындығы сабақ үстінде мұғалімнің есінде болуға тиіс, сондықтан да оқушыларға бір мезгілде сан жөнінде де, сапа жөнінде де белгілі зейін көлемінен артық мөлшерде материал беруге болмайды. Оқушылардың зейін көлемі бір-бірімен байланыспаған элементтерді қабылдаса, нашар өсетіндігін, ал логикалық байланысы бар элементтерді қабылдаса, олардың зейін көлемін өсіретіндігін мұғалім еске алуы қажет.

      Зейін көлемін арттыру үшін мұғалім  балаларды комплекс заттарды байқай алуға, оларды бір объект ретінде қабылдауға машықтандырғаны дұрыс. Көрнекі құралдардағы сөздер тым ұзақ болмай, ондағы сөздердің ең бастыларын бірден оқып түсіну үшін әріптерді түрлі бояумен безендіру қажет. Соңғы айтылған тәсіл де бала зейінінің көлемін өсіруге жағдай жасайды. Физиологиялық тұрғыдан зейін көлемін өсіріп, ұлғайту мидағы оптималдық қозуы бар алапты кеңейте түседі. Бұл бірнеше қозулардың бір қозу жүйесіне бірігуі болып табылады. Бірден біраз нәрсені қамти алатын зейінді көлемі кең зейін дейді де, объектілерді жөндеп қамти алмайтын зейінді көлемі тар зейін дейді. Зейіннің тар, көлемдісі де жарамсыз қасиет емес. Әңгіме істен дұрыс нәтиже шығара алуында. Адамның мамандығы, айналысқан ісі оның зейініне әсер етпей қоймайды. Мәселен, өне бойы сағат механизмімен шұқшия жұмыс істеп отыратын мастердің зейін көлемі айтарлықтай болмайды. Микроскоппен жұмыс істейтін ғалымның зейіні де осы іспеттес келеді.

              Алаң  болушылық

 

      Алаң  болушылық деп белгілі бір объектіге саналы түрде зейінді ұйымдастыра алмаушылықты айтады. Әр нәрсеге ауып кете беретін жаңғалақ адамдардың зейіні көбінесе осындай болады. Алаң болушылық сондай-ақ адам қатты шаршап, болдырған кезде де жиі кездеседі. Мұндай жағдайда оның миында біркелкі тұрақты қозу алабы жасалынбайды, қозу мен тежелу процестері бір-бірімен алмасуы тәртіппен жүріп отырмайды. Зейіннің осы қасиеті адам психологиясынан тұрақты орын алса, оған берекелі әрекет ету қиынға соғады.

      Мектеп  жасына дейінгі балаларда алаңдаушылық жиі ұшырайды. Өйткені олар әлі  күрделі іс-әрекетпен айналыспағандықтан, зейіннің жоғары түрлері өз дәрежесінде болмайды.

      Алаң  болушылыққа ұқсас көріністер адамның бір жұмысқа қатты беріліп істеген кездерінде де байқалады. Адам қатты үңіліп жұмыс істеген кезде басқа еш нәрсені сезбейді, елемейді. Осындай жағдайда ол айналасындағы өзгерістерді байқамайды. Мұндай адамдардың зейінін уақытында бөле алмаушылықтың кемшілігі зейіннің көлемі өте тар және икемсіз келетіндігінен. 
 
 
 
 
 

              Зейінді тәрбиелеу жолдары.

      Балаларда тілдің шығуына байланысты ырықты зейіннің саңылауы байқала бастайды. Ырықты зейін үлкендердің ықпалымен, балаларға түрлі талаптарды орындатып үйретуіне орай дамып отырады (тазалық сақтау, ойыншықтарын, киім-кешектерін жинастыру, үлкендердің айтқанын тыңдай білуге баулу т. б.).

      Мектеп  жасына дейінгі балалардың зейінінің қалыптасуында ойын әрекеті ерекше орын алады. Ойын арқылы бала түрлі объектілерді көреді, естиді, байқай алады, фактілер мен құбылыстарды бір-бірінен ажыратып, оларға назар аудара бастайды. Балаларда зейіннің түрлі қасиеттері (көлемі, бөлінуі, тұрақтылығы т.б.) жақсы байқалады. Бұлардың бәрі үлкендердің басшылығымен жетіледі.

      Мектеп  — оқушылардың зейінін оқу-тәрбие процесінің талаптарына байланысты жүйелі түрде қалыптастырып дамытатын негізгі орын болса, ал мұғалім — балалардың зейінін тәрбиелейтін негізгі тұлға. Бұрын ойыннан басқаға көңіл бөлмей келген бала оқуға бірден беріліп кетпейді, сабақтың басынан аяғына дейін отыруға оның шыдамы жетпейді. Олардың алғашқы кезде сабақтың аяқталуын асыға күтіп отыратындары да осыдан. Балада ырықсыз зейіннің басымырақ болуы ой-өрісінің көрнекілігіне де байланысты. Мәселен, бірінші сынып оқушылары түрлі нәрселерді санағанда,  көбінесе олардың сыртқы формасына, бояуына көңіл аударады да, ең негізгі міндеті — есеп шығаруды ұмытып кетеді. Бұл жастағы балалардың зейініндегі екінші бір ерекшелік зейін көлемінің өте тар келетіндігі. Мұғалім осы жағдайды есінде қатты ұстағаны дұрыс. Ол сабақты бала ұғымына түсінікті, тіл жағынан жеңіл етіп берсе, көрнекі құралдарды тиісінше пайдаланса, бала зейіні бір объектіге тұрақтала түседі де, зейіннің бөлінуі кемитін болады. Оқушы зейіні негізінен сабақ үстінде тәрбиеленеді. Сабақтың әрбір минуты бала зейінін билеп алмайынша,  мұғалімнің сөзі оның көкейіне қонбайды, қиялын толғандырмайды. Бір сөзбен айтқанда, зейінсіз өткен сабақ өзінің мақсатына жете де алмайды. Зейін тәрбиесінде әрбір мұғалімнің еске алатын кейбір шаралары мына төмендегілер:

      1. Бірінші сыныптан бастап оқушыларды зейінділікке әдеттендіру, оларда зейіннің жоғары түрлерін дамыту естен шықпайтын болсын. Бұл жөнінде К. Д. Ушинский былай деген: "Балаға оқуды қызықты ете білу керек және сонымен қатар, оларды қызықтыра қоймайтын тапсырмаларды да бұлжытпай орындауды талап ету керек, бұл жұмысты орындағанда бір жағын басым етіп жібермей, екі жағын теңестіру арқылы еріксіз зейінді тудырып отырумен қатар, балада белсенді зейін шамалы болғанына қарамастан оны жаттықтырып отыру керек".

      2.  Бүкіл сыныпқа не жеке оқушыларға берілетін тапсырмалар дәл, анық, қысқа болып келсін.

      3.  Бала қайда жүрсе де (мектепте,    үйде,   далада) байқағыштыққа  тәрбиеленуі тиіс.

      4. Зейінді күшті және тұрақты    ететін    құбылыстың бірі — ерік. Сондықтан зейін тәрбиесін ерік тәрбиесімен ұштастырып отыру қажет.

      5.  Төменгі сынып оқушыларының жүйке  жүйесінің әлде  де  болса,   "қатая"   қоймағандығы  еске  алынсын. Олардың   шаршап   кетпеуін  қадағалау, орынсыз  жалықтырмау, ауыр, жеңілдігі әр түрлі пәндерді күнделікті сабақ кестесіне талапқа сай орналастыру секілді мәселелер де зейін тәрбиесіне қатысы бар шаралар.

      Оқушылардың зейінін дұрыс қалыптастыруға мұғалімнің жеке басының үлгі-өнегесінің де маңызы зор. Егер мұғалімнің өз зейіні дұрыс ұйымдаспаған болса, яғни, ол біресе оқытып тұрған сабағына, біресе сыныптағы оқушыларға алаңдап, нені бастап, нені қойғанын есінен шығарса, ондай мұғалім оқушылардың зейінін дұрыс тәрбиелей алмайды.

      Мұғалім балаларға сабақ үстінде зейінін дұрыстап аудара алмаса, іске ынтасыз, ұқыпсыз кіріссе, берген сабағынан да жөнді нәтиже шығара алмайтын болады. Мұғалім: "Кейбір оқушылар сабаққа зейін қоймағандықтан үлгермейді" дейтін болса, бұл алдымен оның сабақты дұрыс ұйымдастыра алмауының нәтижесі, өз жұмысындағы кемшілігі болып табылады.  Ы. Алтынсарин: "Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиіс емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс" —деп өте дұрыс айтқан.  
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. Т.  Тәжібаев «Жалпы психология»  Алматы 1993.

 2. Сәбет Бап-Баба «Жалпы психология» Алматы 2005.

3. Ә.  Алдамұратов «Жалпы психология»  Алматы 1996.

4. Қ.  Жарықбаев «Психология» Алматы 1970.

5. «Психология  адамзат ақыл-ойының қазынасы» Мәдени мұра 2005.

6. В.В.  Богословский, А.Г. Ковалев, А.А.  Степанов,

 С.Н.  Шабалин  «Жалпы психология»   

7. А.Ш.  Намазбаева «Психология»  
 
 
 

Информация о работе Зейін. Зейіннің қасиеттері