Бастауыш сыныптық кезеңде,
оқу үлгерімінің мәселесі, балалардың
оқу жұмыстарының нәтижесінің бағасы
болып табылады.Оқу мотивациясының
дамуы бағаға байланысты.Сонымен
қатар, баға өзіндік бағалаудың қалыптасуына
ықпалын тигізеді.Балалар мұғалімнің
қойған бағасына бағдар жасай отырып,
өздерін және өз құрбыларын үздік, нашар,
орта оқитынын оқушылар деп санайды.
Білім алудың алғашқы кезеңінде
үлгерім бағасы жеке тұлғаның бағасы
болып табылады және баланың әлеуметтік
мәртебесін анықтайды.Үздік және
жақсы оқитын оқушылардың кейбіреулерінде
өзін-өзі бағалауы жоғары болады, үлгермеуші
және мінез-құлқында қиындығы бар оқушыларда
сәтсіздіктер және төмен бағалар
олардың өздеріне деген сенімін,
мүмкіндіктерін төмендетеді.
Өзіндік бағалау сана-сезімнің
компоненті бола отырып, ол мінез-құлық
регуляциясының жеке бас факторы
жүйесін атқарады.Оқушылар үшін өзіндік
бағалау мен өзара бағалаудың
мәні зор. Өйткені, адам неғұрлым есейген
сайын айналасындағылардың де жеке
өзінің де пікіріне көбірек бағдарланады.
Өзін-өзі және өзара дұрыс бағалау
оның болашақ дамуына жол ашады.
5-6 жасқа дейінгі балаларда
басқа адамды жақсы немесе
жаман деп бағалау ғана болса,
мектепке келген жасы 6-12жасқа
дейінгі балаларда басқа адамды
бағалау біршама сараланып, жоғарыланады,
бірақ та олар әлі де болса
мінез-құлықтағы теріс қасиеттердің
болу себептерін түсіндіре алмайды.
Оқу-тәрбие барысында оқушылардың
өзін-өзі бағалауы қалыптаса бастайды.
Мысалы, С.Юлдашева мұғалімнің бағасымен
оқушының өзін-өзі бағалау арасындағы
алшақтықтың дәрежесімен сипатын
қарастырып, олардың өзін-өзі бағалауына
байланысты негізгі үш топты
көрсеткен:
- өзін-өзі бағалағанда
педагогтың бағасына сүйенетін
оқушылар;
- өзін-өзі, негізінен ата-аналарының
бағасына сүйеніп бағалайтын
оқушылар;
- өзін-өзі мүмкіндігінен
жоғары бағалайтын оқушылар.
Мінез-құлқы қиын оқушыларда
өзіндік бағалау әлі де болса,
Мінез-құлық мотивінің үстемді
түрінде көрінбейді: бұл балалар
өз іс-әрекеттеріне өзіндік бағалауға
иек артпайды, жасаған істеріне баға
бере алмаушылықтарымен көзге түседі.
Қорыта айтқанда, бастауыш
мектеп оқушы тұлғасы мен санасының
дамуы , қуатты жүретін ерекше құнды,
қайталанбас кезең.Сондықтан, бастауыш
білім-үздіксіз білім берудің алғашқы
баспалдағы, қиын да жауапты жұмыс.Бастауыш
мектеп балаға белгілі бір білім
беріп қана қоймай, мінез-құлқының дұрыс
қалыптасуына ықпалын тигізеді.
VII тарау. ЖЕТКІНШЕКТІЛІК
ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДІК КЕЗЕҢ
7.1.Жеткіншектік
кезеңнің психикалық даму ерекшеліктері
Жеткіншектің физиологиялық
дамуы. Жеткіншектің жас дамуының негізгі
міндеті тәндік және жыныстық жетілуді
психологиялық тұрғыдан меңгеру.Жеткіншек
алғаш рет өз бойындағы физиологиялық
өзгерістерді реттеп, қадағалай алмайтынын
ұғынады.Биологиялық және психологиялық
өзгерістердің тығыз өзара байланысы
осы жас кезеңінің негізгі
ерекшеліктерін анықтайды. Жеткіншектердің
көптеген психологиялық мәселелері
мен қиындықтарын түсіндіру үшін
организмдегі физиологиялық хәне биологиялық
өзгерістер туралы білімдер қажет.
Жеткіншек жаста
орын алатын пубертатты дағдарыс
соматикалық және жыныстық функциялардың
дамуымен байланысты биологиялық
және физиологиялық өзгерістерді
білдіреді.
Дене өлшемдерінің
өзгерісі. Пубертатты кезеңнің алғашқы
белгісі бойдың жылдам өсуі. Бой
өсуінің пубертатты қыз балаларда
екі жыл бұрын басталады,бірақ
қатты өспейді.Ерлер мен әйелдердің
бой айырмасын қысымен түсіндіруге
болады.
Жеткіншек жастағы
салмақтың өсуі сұйектің,бұлшықеттердің,ішкі
органдардың,май тканьдерінің қарқынды
өсуімен сипатталатын морфологиялық
өзгерістерге байланысты. Бой өскен
сайын дене пропорциясындағы
өзгерістер анық байқалады. Жеткіншек
денесі герерохонды дамиды: бір
дене мүшелерінің қарқынды дамуы
келесілерінің дамуымен сәйкес
келмеуі мүмкін.
Бойдың өсуінің
этаптары: қол және табанның өсуі,
сан, кеуде, иықтың өсуі, ең
соңында дененің өсуі жүреді.
Қозғалыс жүйесінің
дамуы. Сүйек және бұлшықет
өскен сайын күш те көбейеді.
Жыныстық жетілу кезінде моторикада
өзгеріс болады,нәтижесінде қозғалыс
координациясында уақытша бұзылыстар
орнайды.Жеткіншектердің ебедейсіз
болатынын себебң осында.Мұның
әлеуметтік факторлары – өзінің
қозғалыс қабілеттерін асыра
бағалау,өзіне сенімсіздік , ұяңдық.
Биологиялық факторлары біріншіден,
моторика дамуының реті : бұлшықеттің
өсуі-бұлшықет күші –координация
.Яғни, дұрыс координация бастапқыда
болмайды да біртіндеп дамиды.
Екіншіден, бойдың жылдам өсуі
негізіндегі дене пропорциясындағы
өзгерісте координация төмендетеді.Үшіншіден,түрлі
құрылымдардың өсуі мен олардың
өзара әрекеттестігінің арасындағы
сәйкес келмеушілікті «физиологиялық
асинхрониямен» түсіндіруге болады.
Ішкі органдар
жүйесінің дамуы.Ішкі органдар
жүйесі де гетереохонды дамиды.
Дененің үлкеюіне байланысты
тыныс алу, қан айналым, ас
қрыту және зәр шығару жолдары
синхронды дамиды. Лимфа жүйесінің
өсуі баяулап, жыныстық органдардың
жетілуі қарқынды дамиды. Орталық
жүйке жүйесінің дамуы өмірдің
бірінші жылдары қарқынмен жүреді
де пубертатты кезеңнен бастап
баяулайды.Қарқынды даму жүрек
жүмысына, өкпе қызметіне және
мидың қан айналымына салмақ
түсіруі мүмкін.Сондықтан да жеткіншектерге
тез шаршау, көңіл –күйдің өзгергіштігі
тән.Жыныстық жетілу кезеңінде ми жарты
шарларының ассиметриясы толығымен қалыптасып
бітеді.
Жыныстық жетілу
кезінде эндокриндік жүйеде сапалы
өзгерістермен қоса жаңа реттеуші
механизм пайда болады.
Бойдың өсуіне
гипофездің алдыңғы бөлігінде
жасалатын соматотропин әсер
етеді. Сонымен қатар қалқанша
безінің үлесі де зор. Ол
дене пропорциясына, шеміршектің
сүйекке айналуына, тіс пен
мидың дамуына әсер етеді.
Жеткіншек жастағы
жыныстық жетілу үшін – эстроген
және гонадотропин жауап береді.
Гармондық өзгерістер мен психологиялық
өзгерістер арасында байланыс
бар екендігі сөзсіз.Әсіресе депрессия,
эйфория күйлері, агрессивтілік
деңгейі күшті гармондық өзгерістерге
тәуелді. Жыныстық қажеттіліктердің
оянуына андрогендер жауап береді.
Жыныстық жетілуден кейін
жыныстық қажеттіліктер мен әрекеттер
басқа факторлармен анықталатын
болады ( тәрбие, тәжірибе).
Сыртқы жыныстық
белгілердің көріну реті сақталады,
ал олардың көріну, жетілу уақыты
тұқым қуалаушылықпен анықталады.
Гентикалық факорлармен қоса
белгілердің жетілу уақыты нәсілге,
тамақтануға, тұрғылықты жердің
теңіз деңгейінен жоғарылығына,
әлеуметтік факторларға тәуелді.
Оған акселерацияның әсері де
мәнді.
Сонымен, жеткіншектің
биологиялық толысып жетілуі
оның психикалық функцияларының
қалыптасуына әсер етеді. Организмнің
жетілуі, соматикалық өзгерістер
жеткіншек жас дағдарысын дайындап,
жеткіншек тұлғаларының өзгерісін
шарттайды.
7.2.Жеткіншектің
өзіндік сана сезімі және «Мен
» бейнесі
Жеткіншек тұлғаларының
негізгі жаңа құрылымдары. Биологиялық
және әлеуметтік факторлар дамуға
тікелей әсер етпейді. Олар
даму процесіне ене отырып, қалыптасатын
жаңа құрылымдырдың ішкі компоненттеріне
айналады. Сондықтан да, жеткіншек
жасты бір фактор әсерімен
ғана түсіндіру жеткіліксіз.Л.С.Выготский
пікірінше, жеткіншек жасты бір
ережемен түсіндіре алмаймыз.Ол
үшін осы кезеңдегі психикалық
дамудың ішкі қозғаушф күштері
мен қайшылықтары зерттеліп, осы
жас кезеңін толық түсінуге
мүмкіндік беретін және біріктіруші
қызмет атқаратын орталық жүйелі
жаңа құрылымдар талдануы керек.
Жас ерекшелік
дамуды зерттеген көрнекті ғалым
Л.И.Божович жеткіншек жас дағдарысын
осы жастағы жаңа деңгейдегі
өзіндік сана сезімнің туындауымен
байланыстырады. Оның белгісі –
өзін тұлға ретінде тану қабілеттері
мен қажеттіліктерінің пайда
болуы.Бұл қажеттіліктер жеткіншекті
өзін нақтылауға, өзін көрсетуге
(яғни, өзінің бойында құнды деп
санайтын қасиеттерін көрсетуге)
және өзін тәрбиелеуге ұмтылдырады.
Осы қажеттіліктердің депривацияға
ұшырауы жеткіншек жас дағдарысының
негізін құрайды.
Жеткіншек жастың
өткір фазасының жаңа құрылымы-
жасөспірімдік сананың ерекше
формасы- « есею сезімінің
» пайда болуы. Бұл- жеткіншек
жастың келгендігінің психологиялық
белгісі. Ескеретін жағдай, жеткіншек
жасының басталуының физиологиялық
және психологиялық көрсеткіштері
уақыт бойынша сәйкес келейді:есею
сезімі жыныстық жетілуден ерте
басталуы мүмкін.Д.Б.Эльконин анықтамасы
бойынша,есею сезімі жеткіншектердің
өзін басқалармен (ересектер мен
құрбылары ) салыстыруға, еліктеу
үлгілерін анықтауға,басқа адамдармен
қарым- қатынас жасауға, өз
іс-әрекетін қайта құруға негіз
болатын,сананың жаңа құрылымы.
Есею сезімінің түрлерін
Т.В.Драгунова анықтап,зерттеген:
1.Есеюдің сыртқы белгілеріне
еліктеу – шылым шегу, құмар
ойындар ойнау, спирттік ішімдіктер
ішу , ерекше лексикада сөйлеу,
киім кию мен шаш қоюда ересектер
модасына еліктеу, бұлар есеюге
жетудің ең жеңіл және ең
қауіпті түрлері.Көңілді жеңілтек
өмір стиліне еліктеу әлеуметтанушылар
мен заңгерлер « бос уақытты
өткізу мәдениетінің төмендігі»
деп атайды. Және танымдық қызығушылықтар
жоғалып, уақытты көңілді өткізуге
деген бағдар қалыптасады.
2.Жеткіншек ер балалардың
« нағыз жігіт » қасиетіне
ұмтылуы. Бұлар күш, ержүректік,
батылдық, шыдымдылық, ерік жігер,
достыққа адалдық. Өзін тәрбиелеу
үшін спортпен шұғылдану жолға
қойылады.Бір қызығы,қазіргі заман
қыздары да осы қасиеттерін
иеленуге ұмтылады.
3.Әлеуметік ересектік.
Көптеген іс-әрекет түрлеріндегі
жеткіншек пен баланың серіктесуі
шартында туындайды, бала ересектің
көмекшісі рөлін атқарады. Бұл
қиыншылықты бастан өткеріп жаткан
отбасыларда байқалады.Жақындарына
қамқорлық , олардың жағдайын
жасау өмірлік құндылыққа айналады.
4.Интеллектуалды ересектік.
Жеткіншектің бір нәрсені шынайы
біліп, істей алуға ұмтылысы.бұл
мектеп бағдарламасынан тыс танымдық
іс-әрекеттің дамуын итемелейді.Жеткіншек
білімінің мәнді көлемі өз бетінше жұмыстың
нәтижесі.Бұл оқушылар үшін оқу тұлғалық
мінге ие болады.
Келесі ірі
психолог Э.Эриксон жеткіншек
жастың негізгі жаңа құрылымы
ретінде бірдейдікті алды.Ол-өзімен
өзі теңдіктің үздіксіз субъективті
сезімі.
Әр жас кезеңінде
адамды тура немесе жанамаланған
түрде « Мен кіммін ? Мен қандаймын ?Мен
не үшін жаратылдым ?» деген сұрақтар
мазаландырады.Жеткіншек жастың міндеті
– осы сұрақтардың жауаптарын жинақтап,
өзіндік сана сезімінің тұтастай бейнесін
қалыптастыру.Бұл кезең ерекшелігі адам
саналы түрде әдейілеп,шығармашылық тұрғыдан
өзінің өмірлік ұстанымдарын қалыптастыра
бастайды.
Э.Эриксон адекватты
емес бірдейліктің дамуының төрт
негізгі түрін көрсетті:
1.Жақын қатынастарды
қашу.Бұл өзіндік бірдейлікті
жоғалтып алудан қорқудан туады.Жақын
тұлға аралық қатынастардан қашу
формальдыққа,қатынастардың стериотиптілігіне,
жақын тұлғалық қарым-қатынас
амалдарының дамымауына ,оқшаулануға
әкеледі.
2.Уақытты ескермеу.Жеткіншек
болашаққа жоспар құруға қабілетсіз
( немесе құрғысы келмейді ) және
есеюден қашады.Өзгерістерден қорқу,жаққа
өзгеру мүмкіндігіне сенбеу,мұндай
жеткіншектерде мазасыздану күрделенеді.
3.Өнімді еңбекке қабілеттеріне
мән бермеу.Қандай да бір
іс-әрекетте табыссыз болады
.
4. Жағымсыз ( негативті
) бірдейлік - жеткіншектің өзінің
жақындарының,отбасының арасындағы
құндылықтар мен іс-әрекеттерге
жағымсыз қатынасы.
Қоғамның қалыпты
дамуына және бірдейліктің дұрыс
дамуы үшін Д.Марсия сипаттаған
таңылған бірдейлік те қауіпті
–отбасының , қоғамның, діни топтың
құндылықтарын сынсыз қабылдау.Өзін
іздеуден қашу ригидтері,консервативті,пайымдауға
қабілетсіз тұлға қалыптастырады.
Жеткіншек өзіндік
сана сезімінің қалыптасуын анықтайтын
тағы бір маңызды құбылыс-эгоцентризм.Д.Эткинд
жеткіншек эгоцентризмнің мінез
– құлықтық көріністерін эксперименттік
тұрғыдан қарастырады.Жеткіншектер
бұдан сәл ертерек қалыптасқан
қарапайым эгоцентризмді ығыстыра
бастайды. Ерте балалық эгоцентризмді
қоршаған орта құбылыстарын өзінің
түсінігі бойынша ғана қарастырады және
соны жалғыз дұрыс шешім деп түсінеді.
Енді жеткіншек құбылысқа деген түрлі
көзқарастардың бар екендігін түсініп,өзінің
қайталанбастығын , даралығын ұғына бастайды.
Олардың өзін талдауға бағалауға берілетін
соншалық, басқалар да оны үздіксіз бағалап
жатыр деген түсінікте болады.Жеткіншектер
өз өмірлерін сахналандырып жібергендей
болады:өзінің мінез-құлқына, сырт келбетіне,сезімдері
мен ойларына,сонымен қатар ойдан құрастырып
алған аудиторияның реакцияларын, көзқарастарын
анықтап, ескерумен болады.Жеткіншек эгоцентризмді
сыр бөлісетін құрбыларымен тығыз тұлғалық
қарым –қатынас дамыған сайын баяулап,
басылады.
Жеткіншек жасында
баланың жеке кеңістігі географиялық
тұрғыдан да( саяхаттануға қызуғышылық
т.б ), әлеуметік қатынас тұрғысынан
да (баланың қарым қатынас топтарының
көбеюі, әдебиетке, саясатқа,экономикаға,және
т.б деген жаңа қызуғышылықтың
пайда болуы) кеңейе түседі. Өмірлік
кеңістіктің кеңеюі уақыттық
өлшем де жүреді. Алғаш рет
болашаққа қатынас орнай бастайды.
Жас қосқан сайын өмірлік перспектива
ұлғайып,бұл тұлға дамуының негізгі
фундаменталды факторына айналады.