Автор: Пользователь скрыл имя, 04 Ноября 2012 в 21:11, дипломная работа
Тақырыптың өзектілігі. Энергетикалық сектор ұлттық шаруашылықтың барлық салаларының қызметін қамтамасыз етеді, елдің негізгі қаржы экономикалық көрсеткіштерін анықтайды. Табиғи жанармай энергетикалық ресурстар, экономиканың энергетикалық секторының өндірістік, ғылыми техникалық және мамандар әлеуеті Қазақстанның және Ресейдің ұлттық мақтаныштары болып табылады. Оны тиімді пайдалану халықтың өмір деңгейін, әлеуметтік жағдайын көтеруді қамтамасыз ететін елдің экономикасын тұрақты даму жолына қоюда қажетті алғышарттар жасауда.
Алдағы уақытта елімізде электр энергиясының тапшылығын жою тұрғысында арнайы мемлекеттік бағдарламалар жасалып, кешенді істер жүзеге асырылмақ. Бұл ретте болашақта іске қосылатын Балқаш электр стансасының, Екібастұз ГРЭС-2-нің, Мойнақ су электр стансасының проблеманы шешуге оң ықпал ететіндігі даусыз. Болашақта елімізде іске қосылатын атом энергетикасы да ел экономикасын жаңа даму дәрежесіне көтереді.
Қазақстан бүгінгі таңда уран шикізатын өндіруде екінші орынға шықты. 2010 жылдары елімізде 15 мың 400 тонна уран өндіріледі деп күтілуде. Сонда Қазақстан қазір 9,4 мың тонна уран шығаратын Канаданы артқа тастап, дүние жүзінде бірінші орынды иеленбек. Үкімет тапсырмасымен елімізде жүзеге асырыла бастаған электр энергиясын тиімді пайдалану және үнемдеу бағдарламалары да бұл көкейкесті мәселеде тиімділікке қол жеткізуге тиіс [19].
Қорыта келгенде, Қазақстанның энергетикалық ресурстары халықты толық қамтамасыз етуге жететіндей мөлшерде екендігі айқын болып отыр. Алайда сол энергетикалық ресурстарды тиімді пайдаланғанда ғана болашақ ұрпақтарды да қамтамасыз ететіндей жағдай туады. Сондықтан қазірден бастап Қазақстан территориясындағы көмір, мұнай, газ, уран кендерін үнемдеп өнідіріп, тиімді пайдаланып халық шаруашылығын электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етудің барлық жағдайын жасауымыз қажет. Осы ретте елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің барлық жағдайын жасау ішкі және сыртқы саясатымыздың басты мәселесі екендігін алға қойуымыз қажет.
2.2 Энергетикалық қауіпсіздік мәселесі және оған қатысты Қазақстанның саясаты
Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаев Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының оқытушы - профессорлар құрамымен кездесуде сөйлеген сөзінде:
«Кейінгі кездері энергетикалық қауіпсіздік деген ұғымды түсіну аясы өзгеру ағымы байқалуда. Ал бұрын оны тұтынушыларды энергетикалық ресурстармен тұрақты қамтамасыз ету ғана деген пайым болды. Қазір оған қуат көздерін халықаралық нарықта өндіру, тасымалдау мен сату қамтылады. Сатушы елдер мен транзитті елдер, тұтынушылар мен трансұлттық энергетикалық корпорацияларға дейінгі энергетикалық тізбектің барлық бұтақтары энергетикалық қауіпсіздік үшін бірдей жауапты болуға тиіс», - деп мәлімдеді Қазақстан президенті [20].
Н. Назарбаевтың пайымдауынша, «әлемдік саясаттағы энергетикалық фактордың түсінігі аясын әдістемелік тұрғыда біршама кеңейте түсуді ұсыну арқылы әжептуәуір қызықты тұжырымдарға келуге болады, ал олар қазіргі замандағы кейбір іргелі процестердің мән - маңызы мен түп - тамырын айқын әрі ашық түсінуге мүмкіндік береді» [20].
«Жаңа ғасырдың бірінші онжылдығында әлем мұнай өндірудің шыңырау шегіне жетті деп саналады. Мұнай беретін негізгі көздер қуатының ең жоғарғы шегінде пайдаланылуда, сонымен бірге, энергетикалық ресурстардың аумақтық тұрғыда төтенше біркелкі таралмағандығын және біркелкі шоғырланбағандығын атап өту керек. Ғаламдың экономиканың басты ресурсы ретінде мұнай біздің өркениетіміздің энергетикалық негізіне айналды. Жер бетінде мұнай қорының ала - құла таралуы қазіргі заманғы экономиканың тепе-теңсіздік сипатының негізі ретінде қабылданатын болды», - деді Қазақстан президенті.
«Қазіргі әлем ашықтық идеалы мен әлемнің жекелеген өңірлерін жабық әрі жанға жайлы бекіністерге айналдыру қиялының арасында, әртүрлілік пен бірізділікке талпыныс арасында, декларациялық ұрандар мен қатігез қазіргі ахуал арасында аласұруда. Жалпы адазат өміріндегі ілгерілеушілік жолындағы әрбір қадамның төтенше құндылығына біз нана түскендейміз», - деді Н. Назарбаев. [20]
2006 жылы әлемдік «сегіздік» елдерінің Санкт-Петербургте өткен басқосуына жиналған әлемнің белді державаларын толғандырған мәселенің бастысы да энергетикалық қауіпсіздік болғаны белгілі. Сол жиынға қатысушылар халықаралық қоғамдастық айқын саяси ерік - жігер таныта отырып, әлемдегі энергетикалық қауіпсіздік, экономикалық өсу және экологиялық ахуал сияқты өзара өзектес үш міндетті адамзаттық деңгейде шешуге дайын екендіктерін жария етті.
Жаңа ғасырда жаһандық экономиканың күрт өсуіне орай олардың энергетикалық қуаттарды тұтыну деңгейінің қалыпты деңгейден артып кетуі, сондай-ақ әлемдегі мұнай және мұнай өнімдері рыноктарындағы бағаның тұрлаусыздығы салдарынан энергияны тұтынушы өңірлердің қуат көздерін таратушы мемлекеттерге деген тәуелділігін үдете түсті. Осы орайда Қазақстанның жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әлемдік қоғамдастықта сенімді, тұрақты әрі келешегі зор мемлекет ретінде қарастырылуын Қазақстанның осы бағытта жүргізіп отырған саясатының нәтижесі, Елбасының қажырлы еңбегінің өтеуі деп түсінген жөн.
Таяу болашақта әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру жөнінде алдына өршіл міндет қойған Қазақстан әлемдегі мұнай және газ экспорттаушылардың алғашқы жетілігіне кіруді жоспарлап отыр. Егер еліміздің әлемдік мұнай сұранысы үрдісіне шұғыл икемделе бастауын ескеретін болсақ, мұны нақты мақсат деп бағалаған жөн.
Сондай - ақ энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қуат көздеріне деген жаһандық сұраныстың келешекте өсе түсетінін ескеретін болсақ, Қазақстанның бұл бағыттағы рөлі жыл өткен сайын арта түспек. Дерек көздеріне жүгініп көрелік. Айталық, 1999 - 2004 жылдар аралығында Қазақстанда мұнай өндіру көлемі жыл сайын 15 пайызға ұлғайып отырды. Тұтастай алғанда, осы уақыт ішінде еліміз мұнай көлемін өндіруді 2 есеге арттыра алған. Сонымен қатар, Қазақстан соңғы 15 жыл ішінде мұнай экспорты көлемінің өсу қарқыны жөнінен әлемде екінші орынды иеленіп келеді. Қазіргі уақытта еліміз күніне 1,3 млн. баррель мұнай өндіріп, 1 миллион баррельден астам мұнайды экспортқа шығаруда. 2015 жылы бұл көрсеткіш бойынша күніне 3,5 млн. баррель мұнай өндіріліп, оның 3 миллионы экспортталады деп күтілуде [21].
Осыған байланысты еліміз өзінің энергетикалық ресурстарын одан әрі дамыту жөнінен аса жоғары әлеуетке ие мемлекеттердің қатарынан саналады. Бұған сондай-ақ әлемде соңғы 25 жыл ішінде ең ірі мұнай кен орнының тек Қазақстан аумағынан ғана табылғанын да атап көрсеткен жөн.
Жаһан алпауыттарын соңғы кезде қатты алаңдатып отырған мәселелердің бірі әлемдік мұнай мен газ қорларының басым бөлігі нарықтық қарым-қатынастарды мойындамайтын мемлекеттердің аумақтарында орын тебуі болып отыр. Жаһандық зерттеу орталықтарының деректерінше, дүниежүзілік мұнай қорының 77 пайызының мұнайлы елдердегі ұлттық компаниялар арқылы ғана бақылау жасалады екен. Бұған қоса, экспорттаушы мемлекеттердің өз елінің энергетикалық рыноктарын монополиялау үрдістері анық байқалып қалуда. Бұл әрекет біріншіден, табиғи қоры басым елдерде қажетті инвестицияның тапшылығы салдарынан өндірістік және өңдеуші қуаттарды арттыруға, ал екіншіден, инновациялық технологияларды көптеп енгізуге кері әсерін тигізіп келеді. Сонымен бірге бұл экспорттық маршруттар экономикалық және рыноктық шешімдер арқылы емес, геосаяси ұстанымдар негізінде айқындалуына әкеп соқтыруда.
Ашық әрі бәсекелестік жағдайында жаһанға қажетті энергетикалық ресурстар өндірісіне екпін беріп, оның тасымалын қамтамасыз ету үшін кең ауқымды инвестиция тарту проблемасы да бүгінде күрделі күйінде тұр. Халықаралық энергетикалық агенттіктің бағалауынша, 2030 жылға дейін әлемдік энергетика 17 триллион доллар инвестиция қажет етпек. Алайда бүгінгі таңда көптеген мұнай және газ өндіруші елдердегі саяси және экономикалық ахуалдар ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асуына кедергі келтіріп келуде. Бұл орайда, Қазақстанның энергетикалық рыногы сыртқы ойыншылардың қатысуы үшін ашық әрі айқын айдынға айналған, елімізде оң инвестициялық ахуал қалыптасқан. Дәлірек айтқанда Солтүстік теңіздегі мұнай кен орындарының ашылу кезеңінен бергі уақытта нақ Қазақстанның энергетикалық рыногы ғана шетелдік инвестицияны тартудың жаңа әрі маңызды нысанына айналған. Мәселен, соңғы 15 жылда елімізге тікелей шетелдік инвестиция түрінде 50 млрд. АҚШ доллары тартылған екен. Соның басым бөлігі көмірсутегі шикізатын өндіру және өңдеу саласына салынған [21].
Республикамыз өзін саяси, экономикалық және басқа да факторларға тәуелді емес, әрі жаһандық экономикадағы энергетикалық тепе - теңдікті қалыптастыруға қомақты үлес қоса алатын жауапты әрі сенімді ел ретінде таныта алды. Бұл орайда Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстан өз шикізатын өндірушілер мен тұтынушыларға да экономикалық жағынан тиімді саналатын маршруттар арқылы ғана экспорттайтынын атап көрсеткен болатын.
Тағы бір мәселе. Энергетикалық қауіпсіздікке төнетін қатерлердің келесісі жер жүзіндегі көптеген өндірісі өркендеген елдер мен ірі өңірлердің жеке энергетикалық ресурстармен қамтамасыз етілмеуі салдарынан олардың қуат көздеріне деген мұқтаждығының орын алуы болмақ. Егер де 1990 жылы мұндай елдер әлемдік ІЖӨ-нің 87 пайызын өндіріп келсе, осы ғасырдың басында олар өндіретін әлемдік ІЖӨ көлемі 90 пайызға жетті. Мұның өзі қойнауы қазынаға толы Қазақстанды жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жетекші рөлге шығаратынын айқындап бермек.
Дүние дидарында энергия қуатының импортына деген тәуелділіктің аса ұшқырлықпен өсе түсуі көп жағдайда энергетикалық импорттың орнықты сақталатынына кепілдік берілмеген дамушы мемлекеттерді қатты алаңдатып келеді. Соған сәйкес, жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде дүниежүзілік энергетикалық инфрақұрылымды тарам-тараммен көп бағытта дамыту үлкен рөл атқармақ. Бұған қоса ОПЕК-ке кірмейтін өңірлерде энергия ресурстары қорының түгесіле бастауы түбінде сойылы белдеуге байланбай келе жатқан Таяу Шығыстағы мұнай өндірісіне деген мұқтаждықты арттыра түспек. Ал аталған өңірдегі жаңағы тілге тиек еткен тірексіздікті ескерер болсақ, жаһан бұл өңірдегі энергия көздері мен оны жеткізуші маршруттарға балама бола алатын басқа бағыттарды дамытуға барынша пейіл танытпақ.
Енді, жоғарыда атап көрсеткендерді екшейтін болсақ, Қазақстанның жаһандық энергетикалық инфрақұрылым жүйесінде маңызды орынға шығары анық болмақ. Елімізді көрсетілген ереже сызбасымен қарастыратын болсақ, ол жеке энергетикалық ресурстарды жеткізуші функциясымен ғана шектеліп қалмақ емес. Атап айтсақ, Қазақстанның бір шетінде энергетикалық ресурстарды тұтынатын ірі өңірлермен, ал екінші жағында энергия ресрустарының бай қоры орналасқан елдермен көршілес орналасуы республикамызды келешегі зор транзиттік елдердің қатарына кіргізе алады. Алайда Қазақстанның бұл бағыттағы әлеуеті әлі толықтай игеріліп болмағанын жасырмауымыз керек. Соның ішінде теңіз порттарына тікелей жолдардың болмауы еліміздің әлемдік көмірсутегі рыногына шығуына қолбайлау жасауда.
Экспорттық бағыттарды дамытуда Қазақстанның көп бағдарлы саясаты жаһандық энергетикалық инфрақұрылымның дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Бұл сондай-ақ Таяу Шығыс мұнайына деген жаһандық тәуелділікті айтарлықтай азайтуға септігін тигізуде. Мәселен, өткізу қуаты жылына 20 миллион тонна мұнайды құрайтын Атасу - Алашаңқай мұнай құбырының салынуы, Қазақстанның алдағы уақытта жылына 25 миллион тонна мұнай өткізе алатын Баку – Тбилиси - Жейхан жүйесіне қосылуы, Солтүстік Каспий мұнай құбырын дамыту арқылы оның қуаттылығын 23-тен 60 миллион тоннаға дейін арттыруға қатысты жүргізіліп жатқан қарқынды жұмыстар Қазақстанның жаңа экспорттық маршруттарды дамытудағы салиқалы саясатын айқындап бере алады. Алып құрлық Еуразия ендігіндегі мұнайға деген мұқтаждықты ең әуелі шығыс бағыттағы экспортты қамтамасыз етумен шеше бастау керек екені айдан анық. Соның ішінде бір жарым миллиардтық халқы бар, сойқан шапшаңдықпен дамып келе жатқан Қытайдың көмірсутегі сұранысын қамтамасыз етудің маңыздылығы зор болмақ. Атасу - Алашаңқай маршруты арқылы ҚХР-ге Ресей мұнайы да тасымалданатын болады. Бұдан бөлек, Қазақстан Украинаның энергетикалық инфрақұрылымына ат салысу жөнінде де белсенді жұмыстар жүргізіп келе жатқанын айтуымыз керек. Атап айтсақ, Южный – Броды -Вентспилс маршрутын ұйымдастыру, сонымен бірге Дружба - Адрия мұнай құбыры жобасына қосылу жөнінде уағдаластықтар жасалу үстінде. Сонымен қатар Қазақстанның Одесса облысындағы Южный портынан мұнай терминалы құрылысын жүргізу мүмкіндіктері де қарастырылуда.
Енді жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің келесі көзі көгілдір отынға тоқталып өтсек. Әлемдік энергетикада табиғи газ тек өткен ғасырдың ортасына таман пайда болды және негізгі отындар көмір мен мұнайға кейінгі кезге дейін бәсекелес бола алмады. Алайда оның барланған қоры жыл өткен сайын үстемеленіп, 2002 жылы оның жаһандық қоры 155 трлн. текше метрге, ал әлеуетті қоры 280 трлн. текше метрге жетеді деп бағаланды. Газдың негізгі қоры Ресей мен Таяу Шығыс аймағының қойнауында қоныс тепкен [21].
Өз кезегінде Қазақстан да көгілдір отын қоры жөнінен кенде емес. Қазіргі таңда Қазақстан газын тасымалдау саласында екі маңызды бағыт қарастырылуда.
Бірінші бағыт, Ресей аумағы және Каспий теңізі арқылы Түркияға шығару жобасы. Бұл Баку – Тбилиси - Эрзрум газ құбыры жобасын іске асырудан кейін жүзеге асырылмақ. Қазақстан газы экспортының солтүстік бағыттағы көлемін арттыру үшін Орта Азия - Орталық магистральды газ құбырының қуаттылығын кезең-кезеңімен арттыру да қарастырылып отыр. Бұл қазіргі жылына өндірілетін көгілдір отынды 55 млрд. текше метр көлемнен жүз млрд-қа дейін жеткізуге мүмкіндік туғызады.
Келесі келешегі зор бағыттардың бірі ретінде қазақ, түркімен және өзбек газдарын Қытай рыногына шығаруға мүмкіндік беретін Шығыс маршрутын атауға болады. Қазақстан мен Қытай басшыларының келісімі бойынша Қытай жағымен бірлесе отырып, Қазақстан - Қытай газ құбыры құрылысын жүргізу жұмыстары басталмақ.
Елімізде өндірілетін газ көлемі жыл санап өсіп келеді. Бұл негізінен мұнай өндірісі көлемінің артуы нәтижесінде ілеспе газдың өндіріле бастауына байланысты болып отыр. Бұған сондай-ақ мұнай өңдеуші компаниялардың ілеспе газды өңдейтіні жөніндегі Үкіметтің тапсырамасы да негіз болып отыр. Болжам бойынша, 2013 жылы еліміз жылына 50 млрд. текше метр, ал 2015 жылы әр жыл сайын 80 млрд. текше метр шамасында газ өндіруді межелеп отыр. Әлбетте, соншалықты мөлшердегі газды экспорттауда жаңа көлік дәліздерін дамыту, қуат көздерін әртараптандыру шаралары мейлінше маңызды орынға шығарылмақ [21].
Жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке төнетін тағы бір қатер — ол әлемдегі мұнай өңдеуші өндіріс көздерінің төмен деңгейде екендігі. Мысалы, соңғы он жыл шамасында мұнай өндіру көлемі аса жоғары қарқынға ие болса, оны өңдеушілік қабілет керісінше тым төмендеп кеткен. Дүние жүзінде мұнай өңдеуші зауыттардың тапшылығы уақыт өткен сайын айқын сезіле бастады. Мұндай үрдістің сақталып отыруы мұнайды тұтыну өсімін тежейтін басты факторлардың біріне айналуы ғажап емес. Қазірдің өзінде мұнай бағасының шарықтап кетуінің өзі негізінен өңдеуші салаға бөлінетін инвестицияның төмендігі, мұнай өңдеуші зауыттар құрылысының жоғары бағасы, сондай-ақ, экологиялық шектеулер мен ережелер себеп болып отыр деген тұжырым жасауға болады. Осыған байланысты қазіргі уақытта мұнай өндіру көлемін арттырып қана қоймай, энергия ресурстарына деген сұранысты қанағаттандыруға қабілетті жоғары технологиялық өңдеу қуаттарын жандандыру жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты шарттарының бірі ретінде қарастырылуда.