Автор: Пользователь скрыл имя, 26 Декабря 2011 в 07:31, курсовая работа
Тақырыптың өзектілігі. Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлі орасан зор. Қазір бұрыннан қалыптасып қалған идеологияны бұзып-жарып, жаңа әлеуметтік-саяси көзқарас орнықтырып жатқан заманда ол бұдан да үлкен маңыз ала түскен. Сонымен қатар мемлекеттің өткен тарихына, оның ішінде баспасөз тарихына жаңа тұрғыдан қарау оған түзету енгізуге, қатып қалған идеологиялық схемалардан құтылуға үйретеді. Өткен дәуірдегі таңдаулы публицистердің тәжірибесін зерттей, зерделей қолдана отырып, біздің журналистеріміз жас мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамды әрі қарай демократияландыру және адамгершілік ұрығын себуге ықпал ете алады.
КІРІСПЕ 3
1 ШЕРХАН МҰРТАЗА - ШЕБЕР ТІЛДІ ПУБЛИЦИСТ 6
1.1 Публицистикасының тақырыбы мен проблемалығы 6
1.2 Шерхан Мұртазаның редакторлық идеясы 20
2 ШЕРХАН МҰРТАЗА ПУБЛИЦИСТИКАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ 32
2.1 Шерхан Мұртаза публицистикасының поэтикасы 32
2.2 Эпистолярлық жанрға жан бітірген кемел қайраткер 46
ҚОРЫТЫНДЫ 59
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 62
«Ұлттық нигилизм. Бұл тұмсық көтерген шовинизмнен де қауіптірек» дейді автор.
«Оян қазақ!» деп неге жар салды дейсің Міржақып Дулатов. Ал ұлы Мағжан Жұмабаев былық - шылыққа толып, әбден былғанған дүниені тазартып, жаңа адам жасамақ болады ғой. Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» деді емес пе!» [3.95б]
«Осының бәрі неліктен? Ұлтшылдықтан ба? Жоқ, ұлтқа жаны ашығандықтан. Ұлттық нигилистер қаптап кетпес үшін. Ұлттық сана сөніп, құлдық психология қатып қалмас үшін. Туған халқын құлдық психологиядан құтқармақ болған осындай арыстарымыз Сталин репрессияның құрбаны болды» дейді Шерхан [3.95б].
Өткен ғасырдың соңғы ширегінде елімізде көп сөз болған, бірақ әлі күнге дейін еш нәтиже шықпай келе жатқан зор мәселенің бірі – Арал проблемасы болатын.
Міне, осы бір тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл Орта Азияға, тіпті одан да арыға зардабын тигізіп отырған күрделі мәселеге көңіл бөле келіп, талданып отырған мақаласында автор: «Адамдардың құдірет сүйер қылығының жоқтығы – бір қоғам бір қоғаммен текетіресіп, сүзісіп тұрып алып, соның салдарынан табиғат жапа шегетіні ғой. Табиғат қорлық көрген соң, адам қайда қашып құтылмақшы?» деп қоғам, адам алдына тағы бір сауал тастап, үлкен сұрақ қойды [3.97б]. Семей маңындағы Абыралы өңірінде қырық жыл жүргізілген атом бомбасы сынағының зардабын сөз етіп келіп, атомдық қаруды шексіз жетілдіре бергеннен жер жарықтықтың да «жаны қиналатынын», сол жерді мекендеген халықтың да азып – тозып соры қайнайтынын айтады.
Осылай дей отырып, Арал тағдырына зерделі көзбен үңіле қарайды. Көпшілік жұрт, ғалымдар мен Аралды апаттан «арашалаушылар» теңіздің тартылып бара жатқанын мақта үшін суы бұғалақталып жырымдалған Әмудария мен Сырдариядан көреді. Ал бұдан отыз жыл бұрын да мақта егіліп, осы өзендердің суы пайдаланылған. Енді себеп неде?!
Бұған Шерхан Мұртаза былайша жорамал жасайды: «...Осыдан отыз жыл бұрын Аралға жақын жерден космодром ашылғаны әйгілі. Ғарышқа ұшырылған әрбір ракета, әрбір космос кораблі, әрбір «жер серігі» қандай ғаламат күшпен ұшатынын тек шамалауға болады. Ол – алапат күш. Орасан от. Сол орасан от ауаны шыжғырып, тозақ отынан да зор ыстықпен бүкіл оттегін жалмап жіберетінін сәл – пәл сауатты адам түсінуге тиіс. Күйіп – жанып кеткен ауа о да жанталасып, айналадан ылғал іздемес пе екен? Аралдың суы сол таңдыры, ындыны кеуіп, апшысы қуырылып жанталасқан ауаны ажалдан арашалап, аспанға бу болып ұшып жатқан жоқ па екен? Атмосфераны ажалдан арашалаймын деп өзі ажал құрығына ілінбеді ме екен?» [3.98б].
Көңілге қонатын жорамал. «Қайда қарамаңыз, табиғат өзінен өзі құрып – жойылып жатқан жоқ. Бәрінен де адамның сұғанақ қолы араласып отыр» деп өкініш білдіреді автор.
Осылай заман зарын сай сүйегіңді сырқырата толғаған публицистикалық мақаласын автор былай түйіндейді: «Егер Құдірет күш бар болса, адамдарды астамдығы үшін,табиғатты зорлағаны үшін, сөйтіп өздері де имансыз халге жеткені үшін, адамдарды баяғыдай бір жазалайтын кезі келген де сияқты. Енді топан суы қаптаса, Адамнан ұрпақ алып қалатын Нұх пайғамбардың кемесі табыла қояр ма екен?!» [3.98б].
Халқының мүддесін ойлаған гуманист суреткер, азамат қаламгер, қаламы жүйрік публицист заманның ащы шындықтарын сол қызыл империя тұсында өкімет басшыларының өзіне де батыл айта алды. Сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Советінің председателі Н.Ә.Назарбаевпен жүргізген «Қуатты орталық. Қуатты республика...» аталған сұхбатына назар аударып көрелік:
«– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сәлем сөздің – анасы. Сәлемнен кейін көп созбай,... бірінші сауал: қазір Қуатты Орталық, қуатты республикалар керек деп жүрміз» деп бастаған алғашқы жолдарынан бастап-ақ Орталықтың республикаларға билік жүргізіп отырғанын, жәй билік жүргізіп қана қойма, жергілікті басшылықпен санаспай, республика өндірген өнімді, шикізатты өздеріне түк қалдырмай алып отыратынын айта келіп, сұрағын былай аяқтайды: – Сонда деймін – ау, Орталық қандай, республика қандай? Өз дәулетіне өз қолы жетпейтін қандай республика?!
Н.Назарбаев: – Ондай өкінішті фактілердің болғаны рас. Сіздің айтып отырғаныңыздың жаны бар. Күні кешеге дейін оқтын – оқтын Қазақстан Одақ үшін масыл республика деген күңкіл сөздер естіліп қалып жүрді. Ал шындық қандай? Дәл қазір бүкіл одақ бойынша халықты тамақтандыру үшін 48миллион тонна бидай керек болатын болса, соның 13,5 миллион тоннасын Қазақстан береді. Одаққа біз республикада өндірілген мақтаның 72 процентін, жүннің 60 процентін шикізат ретінде өткіземіз... ал сол жүнді өзіміз, мысалы матаға, костюмге айналдырсақ ше? Миллиардттың астында қалар едік... Қазақстанда шығарылатын өндірістік өнімнің 7 проценті ғана республикаға тән, 93 проценті Одақтық – республикалық қорға түседі. Мұны бізге ондаған жылдар бойы «Мемлекеттік қажеттілік», «қорғаныс қажеттілігі», «елдің қамы» деп сендіріп келеді. Бір ғана мысал: Қазақстаннан жыл сайын шет елдерге 800 миллион даоллардың өнімі жөнелтіледі. Оның ішінде мұнай, көмір, түсті металл т.б. бар. Соншама доллардан бізге көк тиын да тимейді...» [3.115б]
Мінеки, көріп отырсыздар қаншама шындықтың беті ашылған. Қазір мұны біз өткен тарих дегенімізбен дәл сол кезде әсері үлкен болғаны анық. Бүгінде сол одақты, сол орталықты аңсап жүргендер ойланар ма екен деп те бұл цифрларды толық келтіріп отырмыз. Ойы ұшқыр, қаламы жүйрік публицистің келесі сұрақтары да көпшіліктің көкейіндегісін дөп басқан күрделі мәселелер еді:
«– Жергілікті халықтың өз елінде, өз жерінде азшылық болуы, әрине, қасірет. Мұны қиыр Терістікті мекендеген аз халықтардың ...өмірінен айқын көріп отырмыз» деп қазақ халқының сонау патша заманынан бері басынан кешкен қилы сұрапылдарды тізбелей келіп: «Осы және басқа да түрлі себептердің салдарынан Тіл проблемасы асқындап шыға келді. Тіл – проблемасы тікелей ұлт проблемасы. Ал біз болсақ, бізде ұлт проблемасы әлдеқашан шешілген деп масайрадық... Таяу болашақта тіл статусы конституциялық жолмен бекітілмек. Осыған орай, бір жақ ҚазақКСР-інде мемлекеттік статус тек қазақ тіліне берілсін десе, келесі жақ: жоқ, қазақ тілі мен орыс тілі қатар мемлекеттік тіл болсын дейді егер мемлекеттік тіл болып қос тіл қатар қолданылса, қазақ тілі орыс тілінің тасасында қалып қоймайма?!» [3.116б].
Қандай сұрақ десеңізші! Атан түйе тарта алмас салмақ жатқан жоқ па әрқайсысында. Осы сұрақтың өзінде қаншама проблема көтерілген. Қазақ халқының бүкіл тағдыры қозғалып тұр ғой?! (Сұхбатта он үш сұрақ қойылды). Сұрақ қоюдың да мәнісі бар. «Анау қалай?», «Мынау қалай», «Анаған қалай қарайсыз?», «Мынаған қалай қарайсыз?» деп жалаң – жайдақ қоюға да болады сұрақты. Бірақ Ш. Мұртаза қойған сұрақтардың жөні де, түрі де бөлек. Әрбір сұрағы өзінше бір үлкен мақсатпен қойылып, жауап бермесе болмайтындай сүйеггіңнен өтіп, жүрегіңе жетіп жатады.
Ал енді Шерхан Мұртазаның еліміз егемендік алғаннан кейін тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен жүргізген сұхбатында қандай мәселелер көтерілген, соған бір сәт көңіл қоялық.
«Сұрақ: -Сіз соңғы кезде конфедерацияны жақтайды деген қауесет шығып жүр. Бұған наразылық білдіретіндер де бой көрсетіп қалды. Анығы қалай?
Жауап: - Бұл бекер сөз. Қауесет деген де қара күйе сияқты: күйдірмейді, бірақ, күйесін жағады. Мысалы, не дейсің, Назарбаев Тегеранға екі рет жасырын барып қайтыпты. Ядролық қаруды сатпақшы көрінеді дегенді шығарыпты. Өтірік пе? Өтірік. Енді конфедерация дегенді мен де кезінде , сонау тамыз бүліншігіне дейін айтқаным, жақтағаным рас. Бірақ, уақыт жағдайды күрт өзгертті. Бұрынғы Одақтық республикалар тәуелсіз мемлекеттер болды. Мен айттым: тәуелсіз мемлекет болдық екен, ендеше бұл мемлекеттер арасында біреу аға, біреу іні, біреу үлкен, біреу кіші деген болмайды. Бәрінің құқығы тең. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы дегеннің мәні осыған келіп соғады. Ал енді келіп Назарбаев конфедерацияны көксеп жүр дегені қисынсыз. «Түркие» газетінің тілшісімен менің сұхбатымды әдейі бұрмалау.
Сұрақ:- «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген, сірә, сол шығар. Ал, енді ол аз болса, сақалы сапсыйған «Известия» газеті: Назарбаев Қазақстандағы орыс тілді жұртшылықтың тұтқыны» деп соқты. Бұл қалай?
Жауап: - Тағдыр мен тарих солай жаратқан. Ол рас Қазақстанда тұратын 17миллион халықтың тек 7 миллионы ғана қазақтар. 10 миллионы өзге ұлттың өкілдері. Мұндай жағдай Өзбекстанда да, Қырғызстанда да ...Украинада да жоқ.Сонда қалай, әлгі 10 миллионды көзге ілмеу керек пе? Қазақтың жерін «халықтар достығының лабораториясы» жасаған мен емес... Өткен өтті. Өткеннің бәріне тас лақтырып, топырақ шашу, тағы қиын...» [4].
Иә, қай заманда да елбасымен тілдесу, сұхбаттасу, қоғам, халық алдындағы түйінді мәселелер туралы ой бөлісудің жөні бөлек. Ең негізгі, ең күрделі, зарыл да, зәру деген проблемаларды ең үлкен басшыға жеткізіп, ол туралы оның ой – пікірін білу, біліп қана қоймай, оны қалың қауымға жеткізуден артық қандай үлкен, қандай маңызды әңгіме болу керек.
Аталмыш екі сұхбат та өкімет, мемлекет басқарып отырған адамның жүргізіп келе жатқан саясатын, әлеуметтік – экономикалық жағдайларға байланысты жасап отырған жұмысын жұртшылыққа кеңінен таныстырудың, оған баға берудің ең бір тиімді, ең бір оңтайлы жолы деп қарауымыз керек. Сонда – ақ, мейлінше ашық та нақты пікірлесу – басшы (президент) мен халық арасын жақындастыра, бір – біріне деген сенімдерін арттыра түсуге де қызмет етіп тұрғаны даусыз. Қашан да ашық жарқын әңгімелесу, бүкпесіз пікірлесу – көңілде күдік, кейде түйткіл қалдырмайтын, сөйтіп, артың таза, алдың ашық, жолың даңғыл болатыны анық.
Мінеки, публицистиканың күшімен, қаламның құдіретімен Шерхан Мұртаза халқына осылай да қызмет етеді. «Көркем әдебиет – ауыр артиллерия болса, публицистика – кавалерия» дейді Шерхан. Оның да өз тактикасы бар, өз мақсат – міндеті бар. Оған да анау – мынау адам командир бола алмаса керек.
Бүгінде
публицистиканың қызметі
Отыз жылға жуық мерзім ішінде Шерхан Мұртазаның шығармашылық пен қайраткерлік жолдары қазақ баспасөзінде қалыптасқан, сол арқылы қалың орманға жете таныс болған. Айталық, 1955-1963 жылдары «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі – кәдімгі журналист ретінде өз қабілеті мен қырымын танытқан Шерхан Мұртаза 1963-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінде, 1970 -1972жылдары «Жалын» альманагында, 1973-1975 жылдары «Жұлдыз» журналында, 1980-1989 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде, 1989-1992 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде бас редакторлық қызмет атқарады.
«Редактордың саяси-идеялық даярлығы – оның жемісті жұмысының басты шарты. Бұл жеткіліксіз, редактор ең алдымен ұйымдастырушы» [5.61б].
«Редактор-генератор» деп баға берген еді оған Дидахмет Әшімханұлы [6].
«... Шерхан – батыл редактор. Ал бұл көп редактор жігіттерге дарымаған қасиет, - дейді баспасөз ардагерлерінің бірі Хайдолла Тілемісов, - Батылдығы емей немене, бүгінде барлық газет жамырай жазып жатқан – тіл тақырыбын, ұлттық сана, ұлттық дәстүр, ақтаңдақтар-тағдырын кешегі Колбиннің қылышынан қан тамып тұрған кезінде-ақ тайсалмай көтерген азаматымыз осы Шерхан болатын» [7.65б].
Иә, Шерхан Мұртаза қай жерге редактор болып барса да, сол басылымның сіңірген еңбегі туралы айта келіп, заманымыздың көрнекті жазушысы, бейнелі қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев былай дейді: «Алпысыншы жылдар басындағы серпіліс тұсында суырылып ілгері шыққан «Лениншіл жас» болды. Редакторы – Шерхан Мұртазаев. Жетпісінші жылдары тоқырау мен тоқмейілсу рухани мәңгүрттік дертін жая бастағанда, әлі абзал бұлқыныстың рухын сақтап қала алған «Жалын» мен «Жұлдыз» еді. Редакторы – Шерхан Мұртазаев. Мәңгүрттік әбден меңдеп, тоқырау әбден асқындап, апшы қуырып, сексенінші жылдар басында адал сөз, ащы пікірлер табылса тек «Қазақ әдебиетінен» табылатын. Редакторы – Шерхан Мұртазаев. Көптен күткен аңсарлы дәурен жетіп, қорқақ көңіл қорғалып, ел екіталай, пікір әрқалай жүрген шақта жұрттан бұрын батылдыққа барып, «Социалистік Қазақстанның» атын мансұқ еткен «Егеменді Қазақстан» еді. Редакторы – Шерхан Мұртазаев.
Бұл тек бір қаламгердің өнер жолы емес, күшті ұлттық санамыздың сергу-серпілу жолы» [7.67б].
Айтса-айтқандай-ақ, бұл біртұтас дәуір дерлік мерзім қазақ баспасөзінің де өсу-өркендеу, кемелдену кезеңі деуге болады. Ал, Шерхан Мұртазаның шығармашылық, азаматтық, қайраткерлік жолдарының өзі осы ізденіске толы журналистік беймаза тірлікпен қазақ баспасөзінде қалыптасты. Сол арқылы оқырман қауымға танылды.