Ауыл шаруашылыгы министрлиги - тил саясаты

Автор: Пользователь скрыл имя, 03 Апреля 2013 в 12:15, отчет по практике

Краткое описание

ҚР Ауылшаруашылығы Министрлігінің басты мақсаты елімізді азық-түлікпен қамтамасыз ету, астық егу, жинау шаруашылығын басқарумен айналысады, сонымен қатар көлемді инвесторларды тарту болып табылады. Бұдан бөлек, жоғары технологиялық өндірісті инфрақұрылым, бәсекеге қабілетті өндіріс, өңдеу мен тауарды сату да оның міндетіне кіріп отыр.

Оглавление

КІРІСПЕ..................................................................................................................3

І. ҚР Ауылшаруашылығы Министрлігінің қызметі мен міндеттері

1.1 Ауылшаруашылығы Министрлігінің қызметі мен міндеттері......................5
1.2 Ауыл шаруашылығында агроөндірістік кешенді бағдарламасы..................8

ІІ. «Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» бөлімінің қызметі мен міндеттері
2.1 Қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқытып, үйрету теориясы...............................................................................................................20
2.2 Қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете үйрету деңгейлері.....22

ІІІ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТІЛ САЯСАТЫНЫҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
3.1 Тілдік ахуалдың сипаттамасы........................................................................24
3.2 Тілдерді функционалды дамытудың қолайлы моделі.................................24
3.3 Тіл құрылысының міндеттері.........................................................................26
IV. ҚР-дағы ауыл шаруашылығын дамыту жолдары.................................27

Қорытынды..........................................................................................................34
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі....................................................................35

Файлы: 1 файл

Отчет - КР Ауылшаруашылыгы Министрлиги - Тил саясаты.doc

— 322.00 Кб (Скачать)

      Қолданылып  отырған шараларға қарамастан, қазақ  тілінің мемлекеттік мәртебесін  толық іске асыру әлі мүмкін болмай отыр. Мұның негізгі себебі - тіл мәртебесі тек ресми тұрғыдан жарияланғанмен, оның жер-жерде үйретілуі мен қолданылуын жүзеге асырар тетік күні бүгінге дейін жеткілікті дәрәжеде іске қосылмай отыр. Мемлекеттік тілде іс жүргізу мен қызметтік қарым-қатынас жасау қосалқы сипатта ғана.

      Қазақ  тілінің өзекті мәселелері оның  шын мәнінде мемлекеттік тіл  мәртебесін иеленуімен шектелмейді.  Ең алдымен, қазіргі қазақ тілінің  ахуалының өзі, оның дамуы мен  баюына байланысты проблемалар  ғалымдардың, мамандардың, оқытушылардың айрықша көңіл бөлуін қажет ететін мәселе. Бұл жерде әңгіме жаңа әлеуметтік - мәдени болмысты бейнелеуде өзге әлемдік тілдермен қарым-қатынас жасау және тілдің ішкі әлеуетін пайдалану арқылы оның мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде болып отыр. Тілде орныққан кірме сөздер мен халықаралық терминдерден бас тарту арқылы тіл «тазалығы» қамтамасыз етуді күйттейтін күмәнді ниетке де немқұрайлы қарауға болмайды.

       Сонымен  қатар республикадағы өзге ұлттық  топтардың тілдерін қолдануда  аса күрделі проблемалар бар.

      Балаларға  ана тілдерінде тәрбие беру  және оқыту республиканың мектеп  жасына дейінгі балалар мекемелерінің  бесеуінде, ал жалпы беретін  мектептердің жетеуінде жүзеге  асырылуда. Ұлт өкілдері шоғырланған  жерлерден 14 ана тілін мектеп оқушылары, 6 ана тілін мектеп жасына дейінгі балалар үйренуде.

      Сонымен  қатар этникалық топтардың балаларын  балалар бақшасында, мектептерде  ана тілінде тәрбиелеу қажеттіктері  де толық дәрежеде қанағаттандырылмай  келеді. Оқулықтар, үй-жайлар, білікті  мамандар жетіспейді. Қазіргі таңда республиканың жоғарғы оқу орындарында неміс, ұйғыр, поляк, түрік, корей, азербайжан және басқа тілдер бойынша мамандар дайындалып жатқанына қарамастан, олар сан жағынан да, тіл жағынан да қажет мөлшерге жете алмай жатыр.

       Қазақстандық этникалық топтардың негізгі бөлігі тұратын мемлекеттермен білім беру саласындағы байланысты едәуір күшейту қажет.

       Тиісті  құқықтық базаның болмауы салдарынан  тілдерді дамыту және қолдау  жөніндегі жұмыстарға жауап беретін  мемлекеттік органдардың үйлестіру жұмысына біртұтас негіз жасалынған жоқ.

       Бүгінгі  жағдай еліміздің әр түрлі  аймақтарындағы тілдік процестерді  объективті түрде ғылыми зерттеу  және тілдік орта жасау жөніндегі  шаралар жүйесін әзірлеу қажеттігін  талап етеді. Бұл ретте тілдің іс жүзінде таралуын және оның қоғамдық функцияларын кеңейту жөніндегі нақтылы мүмкіндіктерді ескеру қажет.

 

3.2 Тілдерді функционалды дамытудың қолайлы моделі

 

       Кез  келген көп этносты және көп  тілді мемлекетте тілдер атқаратын  қызметіне, таралу деңгейіне, сол тілді тұтынушылардың санына, т.б. қарай бөлінеді. Мемлекеттің қолайлы тілдік кеңістігін жасау тілдердің функциональдық арақатысын дәл анықтауды талап етеді. Оның ішінде мемлекеттік тіл лайықты орынға ие болуға тиісті.

       Мемлекеттік тіл мемлекеттік және қоғамдық өмірдегі неғұрлым маңызды функцияларды атқарады.

       Бұл,  ең алдымен, осы мемлекеттің  барлық заң актілері қабылданатын  тіл. Бұл - ресми шараларда,  қызметтік хат-хабарда, іскерлік  қарым-қатынаста қолданылатын міндетті  тіл. Азаматтардың өтініштеріне жауаптар да мемлекеттік тілде беріледі.

       Мемлекеттік  тілде барлық мемлекеттік органдар  мен ұйымдар, Қарулы Күштер  жұмыс істейді. Есеп-санақ, қаржылық  және техникалық құжаттары мемлекеттік  тілде жүргізіледі.

       Мемлекеттік тіл елдегі сот жүргізудің негізгі тілі болып табылады. Бұған қоса жеке және заңды тұлғалар арасындағы жазбаша түрде мәмілелердің барлығы міндетті түрде мемлекеттік тілде жазылады.

       Мемлекеттік  тілде елдің дипломатиялық өкілдіктерінің  қызметі жүзеге асырылады, халықаралық шарттар жасалады, ресми қабылдаулар өткізіледі.

       Мемлекеттік  бұқаралық ақпарат және коммуникация  құралдарында мемлекеттік тілдің  қолданылуы міндетті болып табылады. Қажетті тілдік ортаны қалыптастыру  мақсатында мемлекеттік арналар арқылы басқа тілдерде берілетін хабарлардың көлемі уақыты жағынан мемлекеттік тілде берілетін хабарлардың көлемінен асып кетпеуге тиіс.

       Мемлекеттік  тіл, сондай-ақ төлқұжат, тууы  туралы куәліктерді, білім жөніндегі  құжаттарды бергенде, тағы басқа ресми ұйымдардың атауларын жазуда, олардың мөрлері мен штамптарында, сонымен қатар маңдайша жазулары мен бланкілерінде, хабарландыруларда, жапсырмалар мен көрнекі ақпаратта міндетті түрде қолданылады.

       Мемлекеттік  тілдің мәртебесі ол тілді  барлық азаматтардың заңда белгіленген көлемде білуі үшін жағдай туғызуды көздейді. Бұл ретте мемлекеттік қызметке қабылдау, әдетте, міндетті түрде мемлекеттік тілді қажетті мөлшерінде білгенде ғана жүзеге асырылады.

       Тілді  қорғау тиісті құқықтық база  құрылу арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесінің бұзылуына немесе Тіл туралы заңның орындалмауына кінәлі адамдарды жауапқа тарту жолымен жүзеге асырылады. Мемлекеттік тілді басқа тілге қарсы қоюға жол берілмейді.

       Қазақстан  Республикасының Конституциясына  сәйкес қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылады, сондықтан жоғарыда баяндалған мемлекеттік тіл мен оның мәртебесіне қойылған талаптар - қазақ тілі біртіндеп, әрі дәйектілікпен жетуге тиіс нұсқаның негізгі өлшемдеріне айналуы керек.

       Барлық  деңгейдегі мемлекеттік органдар мен оның басшылары қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін іске асыруда негізгі жауапкершілікті өз мойнына алады. Қазақ тілін білу, оны қолдану мен насихаттау өкімет органдары тарапынан көтермеленіп отыруға тиіс. Қазақ тілін меңгеру - қазақстандық патриотизмнің құрамдас бөлігі.

       Мемлекеттік  ұйымдарда, сондай-ақ жергілікті  өзін-өзі басқару органдарында  мемлекеттік тілмен қатар орыс  тілі ресми түрде қолданылады.  Бұл орыс тілінің бүгінгі таңда  иленіп отырған әлеуметтік функцияларының  толық көлемде сақталуына кепілдік береді. Келешекте ғылым мен техниканың алуан саласы бойынша ақпарат алудың негізгі көзі, жақын және алыс шетелдермен қарым-қатынас құралы болып қала бермек. Елдің экономикалық және ғылыми-техникалық даму мүдделері орыс тілінде алынған білік пен білімнің қажетке асуын айқындап отыр.

       Кез  келген елдің тілдік кеңістігінде  мемлекеттік тілден басқа, бір  жерге шоғырланған этникалық  топтардың тілдері болады. Бұл  тілдердің қолданылуы әдетте  отбасылық-тұрмыстық сала аясынан  аспайды.

       Ана  тілін білу - ана тілін сақтаудың  қажетті шарты. Сондықтан Қазақстан  халықтарының тілдерін оқытып-үйретуге  және ол тілдердің қолданыста  болуына жағдай туғызуды мемлекет  өз міндетіне алады.

 

3.3 Тіл құрылысының міндеттері

 

       Тілдерді  дамытуға жағдай жасау мақсатындағы мемлекеттік саясат мемлекеттік тілді дамытуға артықшылық беру бағытында қазіргі қолданылып жүрген тілдер иерархиясына түзетулер енгізуді көздеуі тиіс. Бұл дегеніміз мемлекеттік тілге және басқа тілдерге қатысты міндеттері әр түрлі болады деген сөз.

       Мемлекеттік  тіл мәртебесін іске асыру  үшін мемлекет барлық жағдайды  туғызуды міндетіне алады. Бұл  үшін барша қажетті қаржылық, материалдық, ұйымдастыру ресурстарын  осы іске таратуға тиіс. Осы  орайда жекелеген азаматтардың  немесе қоғамдық бірлестіктердің емес, мемлекеттің өзінің ықпалы басым болуға тиіс, өйткені тек мемлекет қана мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің барлық саласында қолданылу мәселелерін шешуге қабілетті.

       Мемлекеттік  тіл саясатының басты бағыттарының  бірі - мемлекеттік тілді барлық азаматтардың арнайы белгіленген көлемде меңгеруі үшін жағдай туғызу. Осы мақсатта халық топтарының этникалық, демографиялық, кәсіби ерекшеліктеріне сәйкес мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталықтарын құру қажет.

       Мемлекеттік ақпарат құралдары: теледидар, радио, газеттер арқылы мемлекеттік тілді үйрену жөнінде бағдарламалар, сабақтар жүргізуге, жаңа айдарлар енгізуге тиіс.

       Барлық  мемлекеттік және мемлекеттік  емес мектеп жасында дейінгі  мекемелерде, жалпы білім беретін мектептерде, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілді оқытудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету керек, мұның өзі жеке адамдар арасындағы қарым-қатынасты, іскерлік қарым-қатынастағы және қазіргі заманғы іс жүргізуді асыруға мүмкіндік береді.

       Мемлекеттік  тілді халықтың меңгеруін, оны  оқу орындарында оқып-үйренуін  оқулықтар мен оқу құралдарын  пайдаланушы әр түрлі этникалық  және әлеуметтік топтарға бағдарланған  ұғымға жеңіл және тиімді әдістемелерді,  көпшілік қолды өз бетінше оқып-үйрену құралдарын, сөздіктерді, тілашарларды көптеп шығару арқылы нығайту қажет.

       Тілді  тиімді үйрету әдістемесін өндіру  жөніндегі орталықтардың жинақталған  жұмыс тәжірибесі республиканың  барлық оқу орындарының игілігіне  айналуы керек.

       Мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ ғылым, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау мен халыққа қызмет көрсету салаларының қызметкерлері үшін мемлекеттік тілді меңгеру жөнінен тиісті талаптар белгілеу керек. Мемлекеттік мекемелер мен қызметкерлерін материалдық көтермелеудің тиімді жүйесін жасауды қарастырған жөн.

Мемлекеттік тілді мемлекетаралық қарым-қатынас практикасында қолдану  міндетті нормаға айналуы шарт. Ресми  адамдар қатысатын барлық іс-шаралар  мемлекеттік тілде өткізілуге тиіс, қажет болған жағдайда басқа тілдерге ілеспе аударма жасалуы керек. Заң актілерін, ресми адамдардың баяндамаларын, қызмет құжаттарын мемлекеттік тілде дайындау заңдылыққа айналуға тиіс.

       Мемлекеттік  өкімет пен басқару орындарында  тіларалық қатынасты қамтамасыз  ету мақсатында мемлекеттік тәржіме қызметін ұйымдастыру керек. Барлық мемлекеттік мекемелердің штат кестелерінде мемлекеттік тілден аударатын және мемлекеттік тілге аударатын аудармашылар қызметі көзделуге тиіс. Жоғары оқу орындарында аудармашы мамандар даярлауды кеңейту қажет. Еуразия университеті мен Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университеті аудармашылар даярлайтын орталықтардың бірі болуға тиіс, мұнда Қазақстан этностарының мәдениеті мен тілдері жөніндегі мамандарды әзілеуге арналған факультеттер құруға болар еді.

       Мемлекеттік  тілдің беделін, оны білу әрбір  азаматтың өмірлік қажетіне айналатындай, қазақстандық патриотизмнің құрамды  бөлігі болатындай деңгейге көтеру  қажет. Мемлекеттік тілге ресми  қолдау көрсетумен қатар, оған  бүкіл қоғамның тарапынан қамқорлық жасау керек. Мемлекеттік, кәсіпкерлік, банкі құрылымдарының, қоғамдық бірлестіктердің бірлескен күш - жігерімен мемлекеттік тілді қолдау жөніндегі қайырымдылық қорын құрған жөн.

       Ресми  қолданыстағы тілді мемлекет  тарапынан қолдау оның - басқару  органдарында мемлекеттік тілмен қатар қолданылуы үшін жағдай туғызу болып табылады. Мұндай мәртебе заң актілері мен басқа да құжаттарды, қызметтік хат-хабарды ресми түрде қолданылатын тілге аудару арқылы қамтамасыз етіледі, екінші тіл ретінде осы тілде іс жүргізу, есеп-санақ және қаржылық құжаттаманы жүргізу арқылы жүзеге асырылады.

       Орыс  тілінің қызметі аясының сақталуы  Қазақстанның интеграциялық процестерге  бет алуымен, ТМД елдерімен  біртұтас мәдени және білім  беру кеңістігін сақтауы арқылы  қамтамасыз етіледі

       Қазақстан  халықтары тілдерінің дамуы үшін  қажетті жағдайлардың іс жүзінде  қамтамасыз етілуі – ана тілін  меңгеруге тілек білдірушілердің  барлығына арнап мүмкіндіктер  туғызу деген сөз. Мұның өзі  ана тілінде орта білім беру  немесе ана тілін міндетті пән ретінде оқыту, мұғалім кадрларын даярлау, оқу және оқу - әдістемелік құралдар мен көркем әдебиет, газет- журналдар шығаруға жәрдем жасау жолымен жүзеге асырылады.

       Мұндай  жұмыс этностардың мәдени - тілдік  мүдделерін білдіре алатын ұлттық-мәдени орталықтардың белсенді қатысуымен тиімді болады. Сонымен қатар Қазақстандағы этникалық диаспоралар этносының негізгі бөлігі тұратын елдермен, саны аз халықтар тілдерінің Еуропалық бюросымен және басқа халықаралық ұйымдармен өзара іс- қимылды жолға қою қажет.

       Шет  тілдерін оқып-үйрену де мемлекеттік  қолдауды қажет етеді. Шет тілдерін  меңгерген мемлекеттік қызметшілерді  материалдық көтермелеуді көздеген  жөн болар еді. Сондай-ақ бұрын  жұмыс істеп келген шет тілдерін  тереңдетіп оқытатын мамандандырылған мектептер жүйесінен бас тартуға да болмайды.

       Елдегі  этностар тілдерінің  жай-күйі  мен жалпы тілді ахуалға нақты  және ғылыми талдау жасалмайынша, тіл құрылысының табысты жүруі  мүмкін емес. Әлеуметнамалық және  әлеуметті – лингвистикалық мониторинг тілдік процестердің серпінділігі мен оның демографиялық, әлеуметтік, этникалық белгілері бойынша аймақтық жіктелуін бейнелейтін тіл саясатына ұдайы түзету енгізіліп отыруын қамтамасыз етуге тиіс.

       Мемлекеттік  тіл мәртебесі тілдің әлеуметтік  функцияларын кеңейте түседі, тілдегі жаңа өзгерістерге байыпты ғылыми талдау жасауды талап етеді. Қазақ тілінің бірізділігі мен тиісті стандартқа келтірілуін қамтамасыз ететін орфографиялық, орфоэпиялық, тыныс белгілері ережелерін жүйеге салу басты міндет болып отыр. Қазақ тілінің терминологиялық лексиканың жиынтығын жасау аса қажет. Қазақстанның сөз мәдениетін жетілдіру орфографиялық, орфоэпиялық, түсіндірме сөздіктердің шығарылуын көздейді. Мемлекеттік тілді оқып-үйренушілер үшін бейне және дыбысты- көріністі материалдар шығаруды қамтамасыз ету қажет.

Информация о работе Ауыл шаруашылыгы министрлиги - тил саясаты