Азаматтық құқық объектілері

Автор: Пользователь скрыл имя, 13 Января 2012 в 12:39, реферат

Краткое описание

Меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкi бар және сол мүлiкпен өз мiндеттемелерi бойынша жауап беретiн, өз атынан мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтар мен мiндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады.
Заңды тұлғаның дербес балансы немесе сметасы болуға тиiс

Оглавление

1) Заңды тұлғалар
2) Азаматтық құқық объектілері
3) Мәмілелер

Файлы: 1 файл

Азаматтық құқық объектілері реферат.doc

— 107.00 Кб (Скачать)

Мазмұны 
 
 
 
 

  1. Заңды тұлғалар
  2. Азаматтық құқық объектілері
  3. Мәмілелер
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Заңды тұлғалар 
Ескерту. III, IV, V бөлiктер V, VI, VII бөлiктер болып есептелсiн - Қазақстан Республикасының 1998.05.10. N 282 Заңымен. 
 
Жалпы ережелер 
 
33-бап. Заңды тұлға ұғымы 
1. Меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкi бар және сол мүлiкпен өз мiндеттемелерi бойынша жауап беретiн, өз атынан мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтар мен мiндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады. 
Заңды тұлғаның дербес балансы немесе сметасы болуға тиiс.  
2. Заңды тұлғаның өз атауы жазылған мөрi болады. 
 
34-бап. Заңды тұлғалардың түрлерi мен нысандары 
1. Өз қызметiнiң негiзгi мақсаты ретiнде табысын келтiрудi көздейтiн (коммерциялық ұйым) не мұндай мақсат ретiнде пайда келтiре алмайтын және алынған таза табысын қатысушыларына үлестiрмейтiн (коммерциялық емес ұйым) ұйым заңды тұлға бола алады. 
2. Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға мемлекеттiк кәсiпорын, шаруашылық серiктестiк, акционерлiк қоғам, өндiрiстiк кооператив нысандарында ғана құрылуы мүмкiн.  
3. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға мекеме, қоғамдық бiрлестiк, акционерлiк қоғамдар тұтыну кооперативi, қоғамдық қор, дiни бiрлестiк нысанында және заң құжаттарында көзделген өзге де нысанда құрылуы мүмкiн. 
Коммерциялық емес ұйым кәсiпкерлiк қызметпен өзiнiң жарғылық мақсаттарына сай келуiне қарай ғана айналыса алады. 
3-1. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен ғана ұсталатын заңды тұлға тек қана мемлекеттiк мекеме нысанында құрылуы мүмкiн. 
4. Заңды тұлғалар бiрлестiк құра алады (осы Кодекстiң 110-бабы). 
5. Заңды тұлға осы Кодекстiң, заңды тұлғалар нысандарының әрқайсысы туралы Заңның, өзге де заң құжаттары мен құрылтай құжаттарының негiзiнде жұмыс iстейдi. 
Ескерту. 34-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154, 1998.03.02. N 211, 1998.07.10. N 282, 1998.12.16. N 320, 2007.01.12. N 225 Заңдарымен. 
 
35-бап. Заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi  
1. Заңды тұлғаның азаматтық құқықтары болып, өз қызметiне байланысты мiндеттердi осы Кодекске сәйкес мойнына алуы мүмкiн. Мемлекеттiк кәсiпорындарды қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың азаматтық құқықтары болуы және заң актiлерiнде немесе құрылтай құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызмет түрiн жүзеге асыру үшiн қажеттi азаматтық мiндеттердi атқаруы мүмкiн. 
Заң актiлерiнде көзделген жағдайларда белгiлi бiр қызмет түрiн жүзеге асырушы заңды тұлғалар үшiн басқа қызметпен айналысу мүмкiндiгi болмауы немесе шектелуi мүмкiн.  
Заңды тұлға тiзбесi заң актiлерiнде белгiленетiн жекелеген қызмет түрлерiмен лицензия негiзiнде ғана айналыса алады. 
2. Заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi ол құрылған кезде пайда болып, оны тарату аяқталған кезде тоқтатылады. Айналысу үшiн лицензия алу қажет болатын қызмет саласында заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi сондай лицензияны алған кезден бастап пайда болып, ол қайтарып алынған, оның қолданылу мерзiмi өткен немесе заң құжаттарында белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылған кезде тоқтатылады. 
3. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен ғана ұсталатын заңды тұлғаның (мемлекеттiк мекеме) құқық қабiлеттiлiгi осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен белгiленедi. 
Ескерту. 35-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211, 1998.12.16. N 320 Заңдарымен. 
37-бап. Заңды тұлғаның органдары 
1. Заңды тұлға заң құжаттары мен құрылтай құжаттарына сәйкес жұмыс iстейтiн өз органдары арқылы ғана азаматтық құқықтарға ие болып, өзiне мiндеттер қабылдайды. 
2. Заңды тұлға органдарының түрлерi, тағайындалу немесе сайлану тәртiбi және олардың өкiлеттiгi заңдар мен құрылтай құжаттарында белгiленедi. 
Ескерту. 37-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен. 
 
38-бап. Заңды тұлғаның атауы 
1. Заңды тұлғаның оны басқа заңды тұлғалардан айыруға мүмкiндiк беретiн өз атауы болады.  
Заңды тұлғаның атауы оның қалай аталатынын және ұйымдық-құқықтық нысанын көрсетудi қамтиды. Ол заңдарда көзделген қосымша мағлұматты қамтуы мүмкiн.  
Заңды тұлғаның атауы оның құрылтай құжаттарында көрсетiледi. 
Заңды тұлғаның атауында заң талаптарына немесе қоғамдық мораль қалыптарына қайшы келетiн аттарды, егер жеке адамдардың есiмдерi қатысушылардың есiмдерiне сәйкес келмесе не қатысушылар бұл адамдардың есiмiн пайдалануға олардан (олардың мұрагерлерiнен) рұқсат алмаса, олардың есiмдерiн пайдалануға жол берiлмейдi. 
2. Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаның атауы заңды тұлға тiркелгеннен кейiн оның фирмалық атауы болып табылады. Заңды тұлға белгiлi бiр фирмалық атауымен заңды тұлғалардың бiрыңғай мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiледi. 
Заңды тұлғаның фирмалық атауды тек қана өзi пайдалануға құқығы бар. Бөтен бiр фирмалық атауды заңсыз пайдаланатын тұлға фирмалық атаудың құқық иесiнiң талап етуi бойынша мұндай атауды пайдалануды тоқтатуға және келтiрiлген залалдың орнын толтыруға мiндеттi.  
Заңды тұлғаның фирмалық атауды пайдалануға байланысты құқықтары мен мiндеттерi заңдарда белгiленедi. 
3. (3-тармақ алынып тасталды - 2001.12.24. N 276 Заңымен) 
4. Мемлекеттiк органдар болып табылмайтын заңды тұлғалардың фирмалық атауларында, қызмет көрсету таңбаларында, тауар таңбаларында, Қазақстан Республикасының заң актілерiнде, Президентi мен Үкiметi актiлерiнде белгiленген Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының ресми атауларына сiлтемелердi пайдалануға тыйым салынады. 
Ескерту. 38-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1996.07.15. N 30 Заңымен, 1998.03.02. N 211, 1999.07.16. N 440, 2001.12.24. N 276 Заңдарымен. 
 
39-бап. Заңды тұлғаның тұрған жерi 
1. Заңды тұлғаның тұрақты жұмыс iстейтiн органы тұрған жер оның тұрған жерi болып танылады. 
2. Заңды тұлғаның тұрған жерi оның құрылтай құжаттарында почталық толық мекен-жайы жазылып, көрсетiледi. 
3. Үшiншi тұлғалармен қарым-қатынаста заңды тұлға өзiнiң нақты мекен-жайының бiрыңғай мемлекеттiк тiзiлiмге енгiзiлген мекен-жайға сәйкес келмейтiнiне сiлтеме жасауға құқығы жоқ. Бұл орайда үшiншi тұлғалар заңды тұлғаға мемлекеттiк тiзiлiмге енгiзiлген мекен-жайына да, нақты мекен-жайына да почталық және өзге де хат-хабарлар жiберуге құқылы. 
Ескерту. 39-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен. 
 
40-бап. Заңды тұлғаның құрылтайшылары 
1. Заңды тұлғаны бiр немесе бiрнеше құрылтайшы құруы мүмкiн.  
2. Мүлiктi меншiктенушiлер не олар уәкiлдiк берген органдар немесе жақтар, ал заң құжаттарында арнайы көзделген реттерде өзге де заңды тұлғалар заңды тұлғаның құрылтайшылары бола алады. Бұл орайда, мүлiктi шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығымен иеленетiн заңды тұлғалар меншiк иесiнiң немесе ол уәкiлдiк берген органның келiсiмiмен басқа заңды тұлғалардың құрылтайшылары бола алады. 
3. Заңды тұлғаның құрылтайшылары, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы заңды тұлғаның құрылтайшылары болып табылмайтын оның басқа қатысушыларынан қандай да бiр артықшылықтарға ие бола алмайды. 
Ескерту. 3-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2003.05.16. N 416 Заңымен. 
 
41-бап. Заңды тұлғаның құрылтай құжаттары 
1. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, заңды тұлға өз қызметiн жарғысы және құрылтай шарты негiзiнде, немесе eгep заңды тұлғаны бiр тұлға құрған болса, жарғысы және заңды тұлға құру туралы жазбаша түрде ресiмделген шешiмi (жалғыз құрылтайшының шешiмi) негiзiнде жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда, коммерциялық ұйым болып табылмайтын заңды тұлға ұйымдардың осы түрi жөнiндегi жалпы ережелер негiзiнде iс-әрекет жасай алады. 
Шағын кәсiпкерлiк субъектiсi болып табылатын заңды тұлға өз қызметiн Қазақстан Республикасының Үкiметi мазмұнын белгiлейтiн үлгi жарғының негiзiнде жүзеге асыра алады. 
2. Заңды тұлғаның құрылтай шарты жасалады, ал жарғысын құрылтайшылары бекiтедi. Егер коммерциялық ұйымның құрылтайшысы бiр адам болса, құрылтай шарты жасалмайды.  
3. Коммерциялық емес ұйым мен мемлекеттiк кәсiпорынның құрылтай құжаттарында заңды тұлға қызметiнiң мәнi мен мақсаты белгiленуге тиiс. 
Шаруашылық серiктестiгi, акционерлiк қоғамы мен өндiрiстiк кооперативтiң құрылтай құжаттарында олардың қызметiнiң мәнi мен мақсаттары көзделуi мүмкiн. 
4. Құрылтай шартында тараптар (құрылтайшылар) заңды тұлға құруға мiндеттенедi, оны құру жөнiндегi бiрлескен қызмет тәртiбiн, оның меншiгiне (оралымды басқаруына) өз мүлкiн беру және оның қызметiне қатысу ережелерiн белгiлейдi. Егер осы Кодексте немесе заңды тұлғалардың жекелеген түрлерi туралы заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, шартта құрылтайшылар арасында таза табысты бөлудiң, заңды тұлға қызметiн басқарудың, оның құрамынан құрылтайшылардың шығуының шарттары мен тәртiбi де белгiленедi және оның жарғысы бекiтiледi.  
Құрылтай шартына құрылтайшылардың келiсуi бойынша басқа да ережелер енгiзiлуi мүмкiн. 
4-1. Жалғыз құрылтайшының шешiмi заңды тұлғаны тiркеу жөнiндегi iс-әрекеттi жүзеге асыратын тұлғаны тағайындау, мүлiктердi меншiкке беру (шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару) шарттары туралы шешiмдi және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де шешiмдердi қамтуға тиiс. 
Жалғыз құрылтайшының - заңды тұлғаның шешiмiн Қазақстан Республикасының заңдарына және осы заңды тұлғаның жарғысына сәйкес оның осындай шешiм қабылдауға құқығы бар органдары қабылдайды. 
5. Заңды тұлғаның жарғысында: онда оның атауы, тұрғылықты орны, оның органдарын құру тәртiбi және олардың құзыретi, оның қызметiн қайта құру мен тоқтату ережелерi белгiленедi. 
Егер заңды тұлғаны бiр адам құрса, онда оның жарғысында мүлiктi құру және кiрiстердi бөлу тәртiбi де белгiленедi. 
Жарғыда заңдарға қайшы келмейтiн басқа да ережелер болуы мүмкiн. 
6. Бiр заңды тұлғаның құрылтай шарты мен жарғысы арасында қайшылықтар болған жағдайда: 
1) егер олар құрылтайшылардың iшкi қатынастарына қатысты болса, құрылтай шартының; 
2) егер олардың қолданылуы заңды тұлғаның үшiншi тұлғалармен қатынастарында маңызы болса, жарғының ережелерi қолдануға тиiс. 
7. Барлық мүдделi адамдар заңды тұлғаның жарғысымен танысуға құқылы. 
Ескерту. 41-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1996.07.15. N 30 Заңымен, 1997.06.19. N 132, 1997.07.11. N 154, 1998.03.02. N 211, 1998.04.22. N 221, 1998.07.10. N 282, 2003.05.16. N 416, 2007.01.12. N 225 Заңдарымен.

 
45-бап. Заңды  тұлғаны қайта  құру 
1. Заңды тұлғаны қайта құру (қосу, бiрiктiру, бөлу, бөлiп шығару, өзгерту) оның мүлкiн меншiктенушiнiң немесе меншiк иесi уәкiлдiк берген органның, құрылтайшылардың (қатысушылардың) шешiмi бойынша, сондай-ақ заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында уәкiлдiк берiлген органның шешiмi бойынша, не заң құжаттарында көзделген реттерде сот органдарының шешiмi бойынша жүргiзiледi. Заңдарда қайта құрудың басқа да нысандары көзделуi мүмкiн. 
Заңды тұлға - жинақтаушы зейнетақы қорын, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, арнайы қаржы компаниясын қайта құру зейнетақымен қамсыздандыру, сақтандыру қызметі және секьюритилендіру туралы заңнамада көзделген ерекшеліктер ескерiле отырып жүзеге асырылады.  
Акционерлiк қоғамдарды қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының акционерлiк қоғамдар туралы заң актiсiнде белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып жүзеге асырылады. 
2. Қайта құру ерiктi түрде немесе ықтиярсыз жүргiзiлуi мүмкiн. 
3. Заң құжаттарында көзделген реттерде ықтиярсыз қайта құру сот органдарының шешiмi бойынша жүзеге асырылуы мүмкiн. 
Егер заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi, ол уәкiлдiк берген орган, құрылтайшылар немесе заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында қайта құруға уәкiлдiк берiлген органы заңды тұлғаны қайта құруды сот органының шешiмiнде белгiленген мерзiмде жүзеге асырмаса, сот заңды тұлғаның басқарушысын тағайындайды және оған осы заңды тұлғаны қайта құруды жүзеге асыруды тапсырады. Басқарушы тағайындалған кезден бастап заңды тұлғаның iсiн басқару жөнiндегi өкiлеттiк соған ауысады. Басқарушы сотта заңды тұлғаның атынан әрекет етедi, бөлу балансын жасайды және оны заңды тұлғаны қайта құру нәтижесiнде туындайтын құрылтай құжаттарымен бiрге соттың бекiтуiне бередi. Аталған құжаттарды соттың бекiтуi жаңадан пайда болған заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу үшiн негiз болады. 
4. Заңды тұлға, бiрiктiру нысанында қайта құрылатын реттердi қоспағанда, жаңадан пайда болған заңды тұлғалар тiркелген кезден бастап қайта құрылған деп есептеледi. 
Заңды тұлғаны оған екiншi бiр заңды тұлғаны бiрiктiру жолымен қайта құрған кезде, заңды тұлғалардың мемлекеттiк регистрiне бiрiктiрiлген заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылғандығы туралы жазба жасалған кезден бастап олардың бiрiншiсi қайта құрылған деп есептеледi. 
Ескерту. 45-бапқа өзгерту енгізілді - 1997.06.19. N 134-I, 2000.12.18. N 128, 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.02.20. N 127 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен. 
 
52-бап. Банкроттық 
Банкроттық - борышкердiң соттың шешiмiмен танылған оны таратуға негiз болып табылатын дәрменсiздiгi.  
Борышкердiң - жеке кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның ақшалай мiндеттемелер бойынша несие берушiлердiң талаптарын қанағаттандыра алмауы, еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн адамдармен еңбегiне ақы төлеу жөнiнде есеп айырыса алмауы, сондай-ақ бюджетке және бюджеттен тыс қорларға мiндеттi төлемдердi қамтамасыз ете алмайтын қабiлетсiздiгi оның дәрменсiздiгi деп түсiнiледi. 
Ескерту. 52-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.01.21. N 68-I, өзгерту енгізілді - 1998.06.29. N 238 Заңдарымен. 
 
53-бап. Банкрот деп тану 
1. Банкроттық ерiктi түрде немесе мәжбүр ету тәртiбiмен танылуы мүмкiн. 
2. Банкроттықты ерiктi түрде тану борышкердiң сотқа берген өтiнiшi негiзiнде жүзеге асырылады. 
3. Мәжбүр ету тәртiбiмен банкрот деп тану несие берушiнiң, ал заң актiлерiнде көзделген жағдайларда өзге де адамдардың сотқа өтiнiш беруi негiзiнде жүзеге асырылады. 
Ескерту. 53-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.01.21. N 68-I, өзгерту енгізілді - 1998.06.29. N 238 Заңдарымен. 
 
54-бап. Банкроттық туралы iс жөнiндегi оңалту рәсiмi 
Төлем қабiлетi жоқ борышкерге оның таратылуына жол бермеу мақсатымен төлем қабiлетiн қалпына келтiруге бағытталған, заңға қайшы келмейтiн кез-келген шаралар қолданылуы мүмкiн. 
Аталған шаралар оңалту рәсiмi шеңберiнде iске асырылады, оны жүзеге асырудың тәртiбi мен мерзiмi банкроттық туралы заңдармен белгiленедi. 
Ескерту. 54-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.01.21. N 68-I Заңымен.
 

Азаматтық құқықтар объектілері 
 
Жалпы ережелер 
115-бап. Азаматтық құқық объектiлерiнiң түрлерi 
1. Мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтар азаматтық құқық объектiлерi бола алады. 
2. Мүлiктiк игiлiктер мен құқықтарға (мүлiкке): заттар, ақша, соның iшiнде шетел валютасы, құнды қағаздар, жұмыс, қызмет, шығармашылық-интеллектуалдық қызметтiң объектiге айналған нәтижелерi, фирмалық атаулар, тауарлық белгiлер және бұйымды дараландырудың өзге де құралдары мүлiктiк құқықтар мен басқа да мүлiк жатады. 
2-1. Ақшаға және ақшалай мiндеттемелер бойынша құқықтарға (талаптарға) (ақша төлеу жөнiндегi талап ету құқықтарына), егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе немесе мiндеттеме мәнiнен туындамаса, тиiсiнше заттардың немесе мүлiктiк құқықтардың (талаптардың) құқықтық режимi қолданылады.  
3. Жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарға: жеке адамның өмiрi, денсаулығы, қадiр-қасиетi, абырой, игi атақ, iскерлiк бедел, жеке өмiрге қол сұқпаушылық, жеке құпия мен отбасы құпиясы, есiм алу құқығы, автор болу құқығы, шығармаға қол сұқпаушылық құқығы және басқа материалдық емес игiлiктер мен құқықтар жатады. 
Ескерту. 115-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 225 Заңымен. 
 
116-бап. Азаматтық құқық объектiлерiнiң айналым қабiлеттiлiгi 
1. Азаматтық құқық объектiлерi, егер ол айналымнан алынып тасталмаса немесе айналымға шек қойылмаса, бiр адамнан екiншi адамға әмбебап құқықты мирасқорлық (мұрагерлiк ету, заңды тұлғаны қайта құру) тәртiбiмен не өзге де әдiспен еркiн берiледi немесе ауысады. 
2. Берiлуге рұқсат етiлмейтiн заттардың түрлерi (айналымнан алынып тасталған заттар) заң құжаттарында тiкелей көрсетiлуге тиiс.  
3. Айналымның белгiлi бiр қатысушысына ғана тиесiлi болуы мүмкiн не алынуына немесе берiлуiне арнайы рұқсат бойынша (айналым қабiлеттiгi шектеулi заттар) жол берiлетiн заттардың түрлерi заңдарда белгiленедi. 
4. Жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтар заң құжаттарында белгiленген реттердi қоспағанда, басқа әдiспен берiлмейдi және ауыспайды. 

Мәмілелер 
 
147-бап. Мәмiле ұғымы 
Азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгiлеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттерi мәмiлелер деп танылады. 
 
148-бап. Бiржақты мәмiлелер мен шарттар 
1. Мәмiлелер бiржақты және екi немесе көпжақты (шарттар) болуы мүмкiн.  
2. Заңдарға немесе тараптардың келiсiмiне сәйкес жасалуы үшiн бiр тараптың ерiк бiлдiруi қажет және жеткiлiктi болатын мәмiле бiржақты мәмiле деп есептеледi.  
3. Шарт жасасу үшiн екi тараптың (екiжақты мәмiле) не үш немесе одан да көп тараптың (көпжақты мәмiле) келiсiлген ерiк бiлдiруi қажет. 
 
149-бап. Бiржақты мәмiлелердi құқықтық реттеу 
1. Бiржақты мәмiле мәмiле жасаған адамға мiндеттер жүктейдi. Ол басқа адамдарға заң құжаттарында белгiленген не сол адамдармен келiсiм болған реттерде ғана мiндеттер жүктей алады.  
2. Бiржақты мәмiлелерге тиiсiнше мiндеттемелер туралы және шарттар туралы жалпы ережелер қолданылады, өйткенi бұл заңдарға, мәмiленiң табиғаты мен мәнiне қайшы келмейдi. 
 
150-бап. Шартпен жасалған мәмiлелер 
1. Егер тараптар құқықтар мен мiндеттердiң туындауын басталу-басталмауы белгiсiз мән-жайға байланысты етiп қойса, мәмiле кейiнге қалдырылатын шартпен жасалды деп есептеледi. 
2. Егер тараптар құқықтар мен мiндеттемелердiң тоқтатылуын басталу-басталмауы белгiсiз мән-жайға байланысты етiп қойса, мәмiле кейiн күшi жойылатын шартпен жасалды деп есептеледi.  
3. Егер шарттың басталуы тиiмсiз болатын тарап шарттың басталуына терiс пиғылмен кедергi жасаса, шарт басталды деп танылады.  
Егер шарттың басталуы тиiмдi болатын тарап шарттың басталуына терiс пиғылмен ықпал етсе, шарт басталмаған деп танылады. 
 
151-бап. Мәмiленiң нысаны 
1. Мәмiлелер ауызша және жазбаша нысанда жасалады (жай немесе нотариалдық).  
2. Заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен жазбаша (жай не нотариалдық) немесе өзге белгiлi бiр нысан белгiленбеген мәмiле, атап айтқанда, олар жасалған кезде атқарылатын мәмiлелердiң бәрi ауызша жасалуы мүмкiн. Мұндай мәмiле адамның мiнез-құлқынан оның мәмiле жасау еркi айқын көрiнiп тұрған ретте де жасалған деп саналады. 
3. Жетон, билет немесе әдеттегiдей қабылданған өзге де растайтын белгi арқылы расталған мәмiле, егер заңдарда өзгеше белгiленбесе, ауызша түрде жасалған болып табылады.  
4. Үндемей қалу заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген реттерде мәмiле жасауға ерiк бiлдiру деп танылады.  
5. Жазбаша түрде жасалған шартты орындау үшiн жасалған мәмiлелер, егер заңдарға қайшы келмесе, тараптардың келiсiмi бойынша ауызша жасалуы мүмкiн. 
 
152-бап. Мәмiленiң жазбаша түрi 
1. Мынадай мәмiлелер:  
1) егер мәмiлелердiң жекелеген түрлерi үшiн заңдарда өзгеше арнайы көзделмесе немесе iскерлiк қызмет өрiсiнiң әдеттегi құқықтарынан туындамаса, мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, кәсiпкерлiк қызмет үрдiсiнде жүзеге асырылатын;  
2) мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, жүз есептiк көрсеткiш жоғары сомаға;  
3) заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген өзге де реттерде жазбаша түрде жасалуға тиiс.  
2. Егер iскерлiк қызмет өрiсiнiң әдеттегi құқықтарынан өзгеше туындамаса, жазбаша түрде жасалған мәмiлеге тараптар немесе олардың өкiлдерi қол қоюға тиiс.  
Егер заңдарға немесе мәмiлеге қатысушылардың бiрiнiң талаптарына қайшы келмесе, мәмiле жасау кезiнде қол қоюдың факсимилелiк көшiрме, электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалануға жол берiледi. 
3. Екiжақты мәмiлелер әрқайсысына өзiн жасаған тараптар қол қойған құжаттарды алмасу арқылы жасалуы мүмкiн.  
Хат, жеделхат, телефонжазба, телетайпжазба, факс, электрондық құжаттар немесе субъектiлердi және олардың ерiк бiлдiруiнiң мазмұнын айқындайтын өзге де құжаттар алмасу, егер заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен өзгеше белгiленбесе, жазбаша түрде жасалған мәмiлеге теңестiрiледi. 
Заңдармен және тараптардың келiсiмiмен қосымша талаптар белгiленуi мүмкiн, оларға мәмiле нысаны, атап айтқанда, белгiленген нысанды бланкiге жазу, мөрмен бекiту сәйкес келуге және оларда осы тараптарды орындамау салдары көзделуге тиiс.  
4. Егер азамат дене кемтарлығы, науқастығы немесе сауатсыздығы салдарынан өзi қол қоя алмаса, оның өтiнiшi бойынша мәмiлеге басқа азамат қол қоя алады. Соңғысының қойған қолын, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, нотариат немесе сондай нотариалдық әрекет жасау құқығы бар басқа лауазымды адам, мәмiле жасаушының өзi қол қоя алмаған себептердi көрсете отырып, куәландыруға тиiс.  
5. Жазбаша түрде жасалған мәмiленi орындаған тарап екiншi тараптан оның орындалғанын растайтын құжат талап етуге құқылы.  
Мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, ауызша кәсiпкерлiк мәмiленi орындаған тараптың да осындай құқығы бар.  
Ескерту. 152-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211, 2003.01.08. N 372 Заңдарымен. 
 
153-бап. Мәмiленiң жазбаша түрiн сақтамау салдары 
1. Мәмiленiң жай жазбаша түрiн сақтамау оның жарамсыз болып қалуына әкелiп соқтырмайды, бiрақ дау туған жағдайда тараптарды мәмiленiң жасалғанын, мазмұнын немесе орындалуын куәгерлiк айғақтармен растау құқығынан айырады. Алайда тараптар мәмiленiң жасалғанын, мазмұнын немесе орындалғанын жазбаша немесе өзге, куәгерлiк айғақтардан басқа дәлелдермен растауға құқылы.  
2. Заң құжаттарында немесе тараптардың келiсiмiнде тiкелей көрсетiлген реттерде мәмiленiң жай жазбаша түрiн сақтамау оның жарамсыз болып қалуына әкелiп соқтырады.  
3. Сыртқы экономикалық мәмiленiң жай жазбаша түрiн сақтамау мәмiленiң жарамсыз болып қалуына әкелiп соқтырады. 
 
154-бап. Мәмiленi нотариаттың куәландыруы 
1. Заң құжаттарында немесе тараптардың келiсiмiмен белгiленген реттерде жазбаша мәмiлелер оларды нотариат куәландырғаннан кейiн ғана жасалды деп саналады. Мұндай талапты сақтамау осы Кодекстiң 157-бабының 3-тармағында көзделген салдармен мәмiленiң жарамсыз болып қалуына әкелiп соқтырады.  
2. Егер нотариаттың куәландыруын талап ететiн мәмiленi тараптар немесе тараптардың бiрi iс жүзiнде орындаған болса, ол өзiнiң мазмұны жағынан заңдарға қайшы келмесе және үшiншi жақтардың құқықтарын бұзбаса, сот мүдделi тараптың арызы бойынша мәмiленi жарамды деп тануға құқылы. Бұл ретте мәмiленi кейiннен нотариаттың куәландыруы талап етiлмейдi. 
 
155-бап. Мәмілелерді тіркеу 
1. Егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, заңнамалық актілерге сәйкес мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге тиіс мәмілелер тіркелгеннен кейін жасалған болып есептеледі. 
Тіркеуден бас тарту жазбаша түрде ресімделуге тиіс және заңнама талаптарының бұзылуына сілтеме жасалғанда ғана мүмкін болады. 
2. Егер тараптардың бірі мәміле бойынша құқықтарды мемлекеттік тіркеуден жалтарса, сот екінші тараптың талап етуімен мәміле бойынша құқықтарды тіркеу туралы шешім шығаруға құқылы. 
Мұндай жағдайда құқықтар сот шешіміне сәйкес тіркеледі. 
Ескерту. 155-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2007.07.26. N 311 Заңымен. 
 
156-бап. Биржалық мәмiлелер 
1. Биржалық мәмiлелер - нысаны биржадағы айналысқа жiберiлген мүлiк болып табылатын және тиiстi биржалар (тауар, қор және басқа) туралы Қазақстан Республикасының заңдары мен биржалық сауда ережелерiне сәйкес онымен сауда-саттық жүргiзуге қатысатындармен жасалатын мәмiлелер. 
2. Биржалық мәмiлелер осы мәмiлелердiң жасалғандығын растау үшiн биржа беретiн құжаттармен ресiмделедi. 
3. Егер заңдардан, тараптардың келiсiмiнен немесе мәмiленiң мәнiнен өзге жағдайлар туындамаса, биржалық мәмiлелерге олардың мазмұнына қарай тиiстi шарт (сатып алу-сату, комиссиялар және басқалар) туралы ережелер қолданылады. 
4. Заңдарда немесе биржалық сауда ережелерiнде тараптардың коммерциялық құпиясы болып табылатын және олардың келiсiмiнсiз жария етуге жатпайтын биржалық мәмiлелердiң ережелерi көзделуi мүмкiн. 
5. Биржалық мәмiлелер жасасуға байланысты даулар тиiстi биржа жанындағы биржа төрелiгiнде қаралады, оның шешiмiне сотта дау айтылуы мүмкiн.  
Ескерту. 156-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211, 2003.05.16. N 416 Заңдарымен. 
 
157-бап. Жарамсыз мәмiлелер мен жарамсыздықтың салдары 
1. Мәмiленiң нысанына, мазмұнына және қатысушыларына, сондай-ақ олардың ерiк бiлдiру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған жағдайда мүдделi адамдардың, тиiстi мемлекеттiк органның не прокурордың талабы бойынша мәмiле жарамсыз деп танылуы мүмкiн.  
2. Мәмiле жарамсыздығының негiздемелерi, сондай-ақ оны жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы бар адамдардың тiзбесi осы Кодексте не өзге де заң құжаттарында белгiленедi.  
3. Мәмiле жарамсыз деп танылған жағдайда тараптардың әрқайсысы екiншi тарапқа мәмiле бойынша алынғанның бәрiн қайтарып беруге, ал заттай қайтарып беру мүмкiн болмаған жағдайда құнын ақшалай өтеуге мiндеттi.  
4. Егер мәмiле қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталып, екi тарапта да жымысқы ниет болған жағдайда олардың мәмiле бойынша алғандарының немесе алуға тиiстi болғандарының бәрi соттың шешiмi немесе үкiмi бойынша тәркiленуге тиiс. Мұндай мәмiленi бiр тарап орындаған ретте, екiншi тараптан алғандарының бәрi және одан мәмiле бойынша бiрiншi тарапқа тиесiлiнiң бәрi тәркiленуге тиiс. Егер тараптардың ешқайсысы да орындауға кiрiспеген болса, мәмiледе орындалуы көзделгеннiң бәрi тәркiленуге тиiс.  
5. Қылмыстық мақсатқа жету жөнiндегi жымысқы ниет тараптардың бiрiнде ғана болған жағдайда оның мәмiле бойынша алғандарының бәрi екiншi тарапқа қайтарылуы тиiс, ал соңғысының алғаны не оған мәмiле бойынша тиесiлiсi тәркiленуге тиiс.  
6. Нақты мән-жайларды ескере отырып, сот осы баптың 4 және 5-тармақтарында көзделген салдарды, жарамсыз мәмiле бойынша алынған, не алынуға тиiс мүлiктi тәркiлеуге қатысты бөлiгiнде iшiнара не толық қолданбауға құқылы. Бұл бөлiкте осы баптың 3-тармағында көзделген салдар басталады.  
7. Осы баптың 3-6-тармақтарында көзделген салдармен қоса, сот мәмiленiң жарамсыз болуын туғызған әрекеттердi жасауға кiнәлi тараптан мәмiленi жарамсыз деп тануға байланысты екiншi тараптың залалын оның пайдасына өндiрiп беруi мүмкiн.  
8. Жарамсыз мәмiле заңдық салдарға әкелiп соқтырмайды, бұған мәмiленiң жарамсыздығына байланысты және ол жасалған кезден бастап жарамсыз мәмiлелер кiрмейдi.  
9. Мәмiленi жарамсыз деп тани отырып, сот нақты мән-жайларды ескеру арқылы оның одан әрi орындалуына тыйым салумен шектелуге құқылы. 
 
158-бап. Мазмұны заң талаптарына сәйкес келмейтiн мәмiленiң жарамсыздығы 
1. Мазмұны заң талаптарына сәйкес келмейтiн, сондай-ақ құқықтық тәртiп негiздерiне немесе адамгершiлiкке көрiнеу қайшы келетiн мақсатпен жасалған мәмiле жарамсыз болады. 
2. Заң талаптарын, заңды тұлғаның жарғысын не оның органдарының құзыретiн бұзатын мәмiленi қасақана жасасқан адамның, егер мұндай талап пайдакүнемдiк себептерден немесе жауапкершiлiктен жалтару ниетiнен туындаса, мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы жоқ.  
3. Егер мәмiлеге қатысушылардың бiрi оны мiндеттемесiн орындаудан немесе үшiншi жақ не мемлекет алдындағы жауапкершiлiктен жалтару ниетiмен жасаған ретте, ал мәмiленiң басқа қатысушысы бұл ниет туралы бiлген болса немесе бiлуге тиiс болса, мүдделi жақ (мемлекет) мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы. 
 
159-бап. Мәмiлелер жарамсыздығының негiздерi 
1. Қажеттi лицензия алмай, не лицензияның қолданылу күшiнiң мерзiмi бiткеннен кейiн жасалған мәмiле жарамсыз болады. 
2. Терiс пиғылды бәсеке мақсатын көздейтiн немесе iскерлiк әдеп талаптарын бұзатын мәмiле жарамсыз болады. 
3. Осы Кодекстiң 23-бабында көзделген мәмiлелердi қоспағанда, он төрт жасқа толмаған адам жасаған мәмiле жарамсыз болады.  
4. Он төрт жасқа толған кәмелетке толмаған баланың ата-анасының (асырап алушыларының) немесе қамқоршыларының келiсiмiнсiз жасаған мәмiлесiн, заң бойынша оның өзi дербес жасауға құқығы бар мәмiлелердi қоспағанда, сот ата-анасының (асырап алушыларының) немесе қамқоршысының талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.  
5. Есуастық немесе ақыл-есi кем болуы салдарынан әрекет қабiлеттiгi жоқ деп танылған адам жасасқан мәмiле жарамсыз болады. Кейiннен әрекет қабiлеттiгi жоқ деп танылған азамат жасасқан мәмiле (осы Кодекстiң 26-бабы), егер мәмiленi жасау кезiнiң өзiнде-ақ бұл азаматтың психикалық шатасу жағдайында болғаны дәлелденсе, оның қорғаншысының талабы бойынша сот мәмiленi жарамсыз деп тануы мүмкiн.  
6. Сот әрекет қабiлеттiлiгiн шектеген адам жасасқан мәмiленi сот оның қамқоршысының талап етуi бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.  
7. Әрекет қабiлеттiлiгi болғанымен, мәмiле жасаған кезде өз әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмайтын немесе өзiнiң не iстегенiн бiлмейтiн жағдайда болған азамат жасасқан мәмiленi сот сол азаматтың талабы бойынша, ал егер тiрi кезiнде талап етуге азаматтың мүмкiндiгi болмаса, азамат қайтыс болғаннан кейiн басқа мүдделi адамдардың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.  
8. Елеулi мәнi бар жаңылысу салдарынан жасалған мәмiленi сот жаңылысу әсерiмен әрекет еткен тараптың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн. Мәмiленiң табиғатына, ұқсастығына немесе оны өз мақсатына пайдалану мүмкiндiгiн айтарлықтай төмендететiн мәнiнiң сапасына қатысты жаңылысудың елеулi мәнi болады. Дәлелдердегi жаңылысу кейiнге қалдыру немесе күшiн жою шарты ретiнде, мәмiленiң мазмұнына осындай дәлелдi енгiзген кезде ғана мәмiле жарамсыздығының негiзi бола алады (осы Кодекстiң 150-бабы).  
Егер жаңылысу мәмiлеге қатысушының өрескел бейқамдығының салдары болса, не оны кәсiпкерлiк тәуекел билеген болса, сот нақты жағдайларды және мәмiлеге қатысушы екiншi жақтың мүдделерiн ескере отырып, мәмiленi жарамсыз деп тану туралы талаптан бас тартуға құқылы.  
9. Алдау, зорлық, қорқыту ықпалымен жасалған мәмiленi, сондай-ақ басқа тарап пайдаланған жағдайларға қарағанда адам өзi үшiн мүлде тиiмсiз ауыр мән-жайлардың салдарынан жасауға мәжбүр болған мәмiленi (кiрiптарлық мәмiле) сот жәбiрленушiнiң талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.  
10. Бiр тарап өкiлiнiң екiншi тараппен зұлымдық ниетте келiсуi нәтижесiнде жасалған мәмiленi сот жәбiрленушi тараптың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн. Жәбiрленушi тарап шеккен залалды жәрдем беру тәртiбiмен өтеу (осы Кодекстiң 9-бабының 4-тармағы) терiс пиғылды өкiлге жүктелуi мүмкiн. 
11. Заңды тұлғаның осы Кодексте, өзге де заң актiлерiнде немесе құрылтай құжаттарында нақты шектелген қызмет мақсаттарына қайшы келетiн етiп жасаған, не оның органының жарғылық құзыретiн бұза отырып жасаған мәмiлесi, егер мәмiледегi басқа тараптың мұндай жолсыздықтар туралы бiлгенi немесе күнiлгерi бiлуге тиiс болғаны дәлелденсе, заңды тұлғаның немесе оның құрылтайшысының (қатысушысының) мүлiк иесiнiң қуынымы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкiн. 
12. Осы баптың 3, 5-тармақтарында көзделген мәмiлелер жас балалардың немесе әрекет қабiлеттiлiгi жоқ адамдардың ата-анасының, асырап алушыларының немесе қорғаншыларының талабы бойынша, егер олар аталған адамдардың пайдасына жасалған болса, сот шешiмiмен жарамды деп танылуы мүмкiн. 
Ескерту. 159-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211, 2007.01.12. N 225 Заңдарымен. 
 
160-бап. Жалған немесе қулықпен жасалған мәмiлелер 
1. Заңдық салдар туғызу ниетiн көздемей, тек көз алдау үшiн ғана жасалған жалған мәмiле жарамсыз болады. 
2. Егер мәмiле екiншi бiр мәмiленi (қулықпен) бүркемелеу мақсатымен жасалса, тараптар шын мәнiнде ойлаған мәмiлеге қатысты ережелер қолданылады. 
161-бап. Мәмiленiң бiр бөлiгi жарамсыздығының салдары 
Егер мәмiленi оның жарамсыз бөлiгiн енгiзбей-ақ жасауға болар едi деп ойлау мүмкiн болса, мәмiленiң бiр бөлiгiнiң жарамсыздығы оның басқа бөлiктерiнiң жарамсыз болуына әкелiп соқтырмайды. 
162-бап. Жарамсыз мәмiлелер бойынша талап қою мерзiмдерi 
1. (алып тасталды) 
2. Осы Кодекстiң 159-бабының 9 және 10-тармақтарында көзделген негiздер бойынша мәмiленiң жарамсыздығына байланысты даулар бойынша талап қою мерзiмi қорлық немесе қорқыту ықпалымен мәмiле жасалып, сол зорлық немесе қорқыту тоқтатылған күннен бастап не талап қоюшы мәмiленi жарамсыз деп тануға негiз болып табылатын өзге де мән-жайларды бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап бiр жыл болады. 
Ескерту. 162-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының

1998.03.02. N 211 Заңымен. 

Информация о работе Азаматтық құқық объектілері