Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

Автор: Пользователь скрыл имя, 27 Марта 2015 в 12:53, автореферат

Краткое описание

Зерттеу жұмысының нысаны – Алтай-Тарбағатай таулары аралығындағы ерте темір дәуірінің археологиялық ескерткіштері.
Зерттеу жұмысының пәні – ерте темір дәуіріндегі ескерткіштердің зерттелуіне үлес қосқан ғалымдардың ой-пікірлерін, ғылыми ұстанымдарын, пайымдаулары мен тұжырымдарын саралау, жаңадан ашылған археологиялық нысандарды ғылыми айналымға енгізу, оларға сараптама жасау.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты Алтай-Тарбағатай өңірлеріндегі басты-басты ерте темір дәуірі ескерткіштерін талдап, сипаттамасын жасау және олардың мәдени-этникалық атрибуциясын анықтау.

Файлы: 1 файл

omarov.doc

— 275.00 Кб (Скачать)

Қарастырылып отырған өңірдің оңтүстік тобына кіретін ескерткіштер Зайсан ойпатында және Тарбағатайдың беткейлерінде топтасқан. Бұл топқа жатқызылған ескерткіштер топырақ үйіндімен, қабір үсті ағаш жабындысымен немесе бөренелерден салынған қабірханалар және қабір шұңқырына шығыстан жер асты жолының қосылуымен ерекшеленеді. Мұндағы «патша» қорғандарының құрылысында үгітілген саз балшық пен шым пайдаланылып, қорған етегіне шеңберлене тастар төселінген. Жерлеу рәсімінде керамика көп ұшыраспайды және құлдар мен жылқыларды жерлеу ғұрпы кездеспейді. Оларға Шілікті, Майемер, Усть-Бөкен, Славянка, Юпитер т.б. жатады. Бұл екі топтағы ескерткіштердің түйісетін шекарасын С.С. Черников Усть Бөкен ауылы мен Нарым өзенінің жоғарғы ағысымен белгілейді.

Алтай мен Тарбағатайдың ерте темір дәуірі алғашқы кезеңінің ескерткіштері сыртқы келбеті, жерлеу дәстүрі бойынша ерекшеленгендігімен, қабірден алынған ақыреттік заттарында айтарлықтай айырмашылық байқалмайды. Қарастырылып отырған кезеңнің (ж.с.д. VІІІ – ІV ғғ.) бастапқы уақытында «аң бейнелі» стильде жасалған заттардың жасалуында күрделі композициялар байқалмайды. Бұл уақытта кең тараған сюжеттер аяқтарын бүгіп «ұшуға» дайындалып тұрған бұғы және бүркіт, қабан, таутеке сынды жануарларды жеке-жеке көрсетеді. Уақыт өте «аң бейнелі» стилде дайындалған заттардың сюжеттері күрделеніп, байытылып және жануарлардың бейнесін көрсетуде шынайылық басым бола бастады. Арқар бейнесі қарастырылып отырған екі топтағы ескерткіштерге де тән (Пазырық, Тывадағы Аржан қорғандары, Шілікті 3, № 1 қорған). Сонымен қатар екі аймақтың өнерінде бір-біріне ұқсамайтын, жергілікті жердің өзіндік айырмалары да байқалады.

Алтайдағы ескерткіштерді қалдырушы тайпалардың өнерінен Тарбағатай ерте көшпелілерінің мәдениетіне ұқсамайтын ерекшеліктер байқалады. Мысалы, зергерлік өнерінде «тазқараны» (грифон) бейнелеу Алтай көшпелілеріне тән деп айтуға болады. Олар тазқараны әртүрлі мифологиялық сюжеттермен беруге тырысқан. Оны біз Берел қорымындағы № 11 қорғаннан табылған заттардан анық байқаймыз.

Кейбір зерттеушілердің пікірі бойынша, Тарбағатай өңіріндегі ерте көшпелілердің біраз бөлігі ж.с.д. VІІІ соңы мен ж.с.д. VІІ ғ. Таулы Алтайға қоныс аударып, жергілікті тайпалармен ассимиляцияға түскен. Бірақ олар Алтайдағы ежелгі тайпалардың әдет-ғұрыптарына өзгерістер енгізе қоймаған тәрізді. Алтай мен Тарбағатай ерте темір мәдениеттерінде ортақтастықтарға қарағанда ерекшеліктер басым екендігін аңғарамыз. Бұл Шығыс Қазақстан жерінде тұрмыс-тіршілігі ұқсас, бірақ әдет-ғұрпында өздеріне тән айырмашылықтары бар халықтар өмір сүргендігін көрсетеді.

«Алтай–Тарбағатай аралығы ерте темір дәуіріндегі этностардың антропологиялық келбеті және ескерткіштердің кезеңдестірілуі мен мерзімделуі» атты төртінші бөлімнің «Шығыс Қазақстан ерте көшпелілерінің антропологиялық кескін-келбеті» атты 4.1 тараушада Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуіріне жататын қорымдарынан алынған палеоантропологиялық мәліметтер жүйеленіп, қарастырылып отырған мәселеге қатысты негізгі ой-пікірлер мен тұжырымдар бекітіле түскен.

Қазақстанда этно-мәдени  дәстүрлер қола дәуірінен басталғаны белгілі. Археологиялық және палеонтологиялық-антропологиялық деректер бойынша бұл кезеңдегі Қазақстан жерінің көне тұрғындары Еуразияның үлкен мәдени облысының орталығында шоғырланған, саны мол протоеуропеоидтық қабаттың далалық типі өкілдерінің бірі еді. Ең алдымен, осы территорияда андрон мәдени-тарихи қауымдастығын қалыптастырған тұрғындар өмір сүрді. Олардың заттық кешендерімен қатар, антропологиялық мәліметтері де анықталған. Бұған қарағанда, андрон тайпаларының орнына келген сақтар олармен өзара генетикалық байланыста болған. Мұны кезінде бірқатар мамандар да айтқан болатын. Ең алдымен шығыстан келген популяцияның нәтижесінде сақтардың моңғолоидтық расаны бойына сіңіре бастауы байқалды. Олардың 1/6 бөлігі моңғолоид тектес болды, монғолоид расасы орта ғасырдың соңғы кезеңдерінде бірте-бірте күшейе түскен [14].

Олардың біразын отандық антропология көшбасшысы О.Ы. Ысмағұлов зерттеп, соны тұжырымдар жасағандығы белгілі. Сарабдал зерттеуші қола дәуірінен бастап мекендеген ежелгі Қазақстан тұрғындарының краниологиялық материалдары мен қазақтардың елуден астам бас сүйектерін салыстыра келе, салихалы қорытындылар жасады. Ғалым қазақ халқының қалыптасуын кезеңдерге бөліп қарастырып, қолдағы материалдар негізінде іргелі еңбектер жариялады.

Антропологиялық мағлұматтардың бір шоғырын ШҚАЭ экспедициясы жинастырған. Мәселен, 1947-1971 жж. С.С. Черниковтың басқаруындағы бұл экспедиция Ертіс сағасынан ерте темір дәуіріне жататын жақсы сақталған сегіз бас сүйекті аршып алады. Оның жетеуі ер адам, ал біреуі әйел адамның бас сүйектері болды. Ер адамның 4-і (екеуі Сарыкөл, екеуі Кіші Красноярск) – андроновтық  типте, ал Қызылтудан табылған ер адамның бас сүйегі еуропоидтық типке ұқсас болып келеді. Ал екі әйел адам мен ер адамның бас сүйегінен моңғолоидтық раса араласып кеткендігі анықталды, сондай-ақ алынған ер адамның бас сүйегі – брахикранды, әйел адамның бас сүйегі – долихокранды деп белгіленген. Усть-Бөкендегі қазба жұмысы барысы нәтижесінде В.В. Гинзбургтың зерттеуіне ж.с.д. V – IV ғғ. мерзімделетін 15 бас сүйек тапсырылды, оның тоғызы ер адамға, алтауы әйел адамдарға тиесілі еді. Усть-Бөкеннен табылған еуропоидтық типтегі төрт адамның беті жалпақ әрі аласа, танау сүйектері шығыңқы, көз ұясы терең, маңдайының тайқылығы орташа, ми қорабының формасының ені орташа болып сипатталынады. Негізгі ұқсастық белгілері: әйел адам бас сүйегі дөңгелек пішіндес, ал ер адам бас сүйегі сопақтау.

Шілікті алқабындағы С.С. Черниковтың сақ патшалары қорғандары қазбаларынан табылған екі бас сүйек те Усть-Бөкендегі қарапайым сақ қорғандарындағы қаңқаларға ұқсас, сонымен қатар олардың жерлеу салты мен қорған құрылыстары біртектес. Мұның өзі осындағы мәдениетті бір тайпаның өкілдері қалдыруы мүмкін екендігін аңғартады.

Ерте темір дәуірінде де андрондық антропологиялық келбет негізгі түр ретінде сақталуы ерте темір дәуірінде осы жерді мекендеуші тайпалардың басқа жақтан келмегендігі, қола дәуіріндегі ру-тайпалардың ұрпақтары екендігін көрсетеді. Ежелгі көшпелілердің ерте кезеңіне жататын Шілікті, Усть-Бөкендегі антропологиялық материалдар моңғолдық расаның араласа бастағанын көрсетеді. Екінші кезеңде моңғол расасы күшейе түседі және ортаазиялық қосөзен нәсілдік типі белгілері де кіріге бастайды. Бұны угэ және үйсін тайпалары мәдениетінің ұқсастығымен де түсіндіруге болады. Дәуірдің бірінші және екінші кезеңдерінде тірішілік еткен адамдары арасында жерлеу ғұрпына қарағанда тікелей генетикалық байланыс байқала қоймайды, алайда олардың барлығы андроновтық негізі бір көшпелі тайпалар болған. Шығыс Қазақстанның угелері мен Жетісу жері үйсіндері антропологиялық типі жағынан өте жақын, сондықтан да олардың туыстық жағы да дау тудырмайды [15].

Шығыс Қазақстан ерте көшпелілерінің басым бөлігі еуропеоидтық, ал кейіннен мұнда шығыстық моңғолоидтық раса тармағының қоспасы пайда бола бастағандығын соңғы антропологиялық зерттеулер де дәлелдей түсуде.

«Алтай-Тарбағатай аралығы ерте темір дәуірі ескерткіштерінің кезеңделуі мен мерзімделуі» атты 4.2 тараушада отандық тарихнамадағы түйіні түйіткілді сауалдардың қатарына жататын археологиялық ескерткіштердің кезеңдестірілуі мен мерзімделуі сөз болады. 

М.П. Грязновтың 1939 ж. басталған Алтайдың ерте көшпелілер дәуірін үш қорымдар хронологиясы бойынша және жерлеу ғұрпы мен ақыреттік заттары негізіндегі жасаған кезеңдемелеріне Алтай-Тарбағатай аралығы ерте темір дәуірін зерттеген зерттеушілер қызу атсалысып, өз хронологиялық кезеңдемелерін ұсынды. Алайда ғалымдар белгілі бір тоқтамға келе алмады. Осы мәселе жөнінде кезінде С.В. Киселев майемер мәдениетін ерте скиф мәдениетінің біріңғай даму үрдісін үш фазаға бөлсе, ал С.И. Руденко болса скиф уақыты деп ешқандай кезеңдерге бөлмеді және скиф тайпалары Алтайды бұған дейін мекендеуші тұрғындарымен ешқандай байланысы жоқ деп пайымдады. Ғалымның пікірінше ж.с.д. VIII – VII ғғ. Зайсан қазан шұңқырындағы Ертістің жоғарғы ағысын, немесе Тарбағатай бөктерін мекендеген тайпалардың бір бөлігі Таулы Алтайға келіп жергілікті халыққа сіңісіп кеткен деген болжам айтады. Алтайдың ерте темір дәуірін кезеңдеу және мерзімдеу мәселесіне әр жылдар өзіндік бағамды ой айтқан ғалымдардың қатарына – С.С. Черников, А.С. Суразаков, В.А. Могильников, М.Қ. Қадырбаев, Н.А. Боковенко мен Ю.А. Заднепровскийлерді жатқызуға болады.

С.С. Черников Шығыс Қазақстанның ж.с.д. VIII-III ғасырлар ескерткіштерін жерлеу құрылыстарына қарап солтүстік және оңтүстік деп екі топқа бөледі. Олар көршілес орналасып көптеген элементтері ортақ скиф мәдениеті түріне жатқанымен, әртүрлі территорияларды алып жатыр және өзара кейбір айтарлықтай ерекшеліктеріне қарап ажыратылады. Солтүстік топ Ертістің жоғарғы ағысы салалары жазықтарын мекендесе, оңтүстік топ Зайсан көлі маңы мен  Тарбағатай жоталарын қоныс еткен. Ғалым соңғы тұжырымдамасында зерттелген археологиялық материалдарға қарап ж.с.д. VII-ІV ғғ. және ж.с.д ІІІ ғғ. – ж.с. І ғ. деп нақты екі екі хронологиялық кезеңге бөлді.

Археолог ғалымдар арасында майемер кезеңі мерзімін біреулері тым ерте кезеңге апарса, біреулері бұрыннан келе жатқан мерзімде қалдырса, ал баз біреулері жасартуға тырысады. Алайда соңғы жылдары еліміздегі қазылған Майемер 2 және Шілікті 3 ескерткіштері радиокөміртектік сараптама бойынша ж.с.д. ІХ – VІІІ ғғ. жататындықтан майемер кезеңінінің уақытын арырақ жылжытып ж.с.д. ІХ ғ. соңынан бастауға толықтай негіз бар деп ойлаймыз. Сонымен солтүстік топқа жататын майемер мәдениетін ж.с.д. IX ғ. аяғы – ж.с.д. VI ғғ., пазырық мәдениетінің берел кезеңін ж.с.д. VI ғ. аяғы–ж.с.д. IV ғғ., ал құлажорға мәдениетін ж.с.д. IV ғ. – ж.с. ІІ ғғ. және ж.с.д. ІІ ғ. – ж.с. І ғ. деп мерзімдеп екіге бөлдік. Оңтүстік топ аумағында орналасқан ерте сақ уақытына жататын ұқсас археологиялық ескерткіштерді жерлеу ғұрпына, ақыреттік заттарына, жерлеу-ғұрыптық кешендер құрылысына қарап, ескерткіштердің нақтылы бір территорияны алып жатуына байланысты «шілікті археологиялық мәдениеті» деп жаңаша бөліп ж.с.д. VIII – ж.с.д. IV ғғ. мерзімдедік. Оңтүстік топқа жататын Тарбағатай теріскейіндегі зерттелінген қорғандар материалдары ж.с.д. III ғ. – ж.с. І ғ. белгіленіп үйсін мәдениетіне жататындығы анықталып отыр.

Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірінің хронологиясы мен кезеңдеуінде әртүрлі көзқарастардың болуы ғалымдар тарапынан әлі де жалғасын табады. Осы тақырыпқа байланысты тыңнан ашылған, әсіресе Тарбағатайдағы соны археологиялық жаңалықтар мен ізденістер бұл мәселенің мәдени-хронологиялық интерпретациясын шешу жолдарына әкелері сөзсіз.

Қорытындыда Шығыс Қазақстан өңірінде ерте сақ кезеңінің өзі көршілерінің ықпалдастығына қарай әртүрлі дамыған, яғни бір кезеңнің өзінде қарастылып отырған өлкеде жерлеу дәстүрі бір-бірінен өзгеше, бірақ шаруашылығы ортақ бірнеше тайпалық одақтардың қоныстағандығы туралы қорытынды шығарылып, ерте сақ кезеңі тайпаларының ескерткіштеріне жалпы сипаттама берілді.

Бүгінгі күні ерте сақ дәуірінің ескерткіштерінің материалдық мәдениеті, жерлеу ғұрыптары, шаруашылығы, әдет-ғұрыптары жайлы мәліметтер қаралғанымен, археологтардың алдында сақ тайпаларының қоныстарын зерттеу мәселесі тұр. Егер осы мәселе алдағы жылдары өзінің дұрыс ғылыми шешімін табатын болса, Шығыс Қазақстанның ғана емес жалпы Еуразия кеңістігіндегі ерте көшпелілер мәдениетінің өзекті мәселелері ашылар деген ойдамыз. 

Осы уақытқа дейін Алтай-Тарбағатай аралығы ерте темір дәуірінің ж.с.д. VIІI ғасырдан ж.с. алғашқы ғасырларына жататын мыңнан аса қорғаны қазылып, зерттелінген. Кең көлемдегі әралуан түрлі материалдардың жиналуы ерте көшпелілер қоғамының мәдени-хронологиялық, әлеуметтік-экономикалық, демографиалық аспектілері мен діни-әфсаналық түсініктерін жаңғыртуға мүмкіндік берді. Ең бастысы сол зерттеулердің негізінде жасалған қорытындылар мен тұжырымдар жүйеленіп, бір ізділікке түсірілді.

Угэ тайпасы С.С. Черниковтың айтуы бойынша тек Ертістің жоғарғы ағысы бойын жайлап Жетісудағы үйсіндермен тығыз қарым-қатынаста болған. Ал олардан батыста Шыңғыстауда, Ертістің төменгі ағысында және солтүстік Алтайда жерлеу ғұрпындағы ерекшеліктеріне қарағанда басқа тайпалар өмір сүрген. Бұл жерде соңғы жылдардағы археологиялық қазбаларға, қазіргі қолда бар мәліметтерге қарағанда ғалымдардың пікірінше юэчжи тайпалары өз мәдениетін (пазырық) қалдырған. Ертістің сол жағалауында, нақтылап айтатын болсақ, Тарбағатай теріскейінде Ә.Т. Төлеубаевтың пікірінше үйсін тайпалары мекендеген, ол мұндағы ескерткіштердің сыртқы құрылысы мен қабірлерден алынған заттар кешенінен де айқындауға болады деген тоқтамға келген. Біздің ойымызша, мұнда угэ тайпаларынан өзгеше, үйсіндерге жақын, яки үйсін тайпалық одағына кіретін, этно-мәдени жағынан туыстас ру, тайпалар өмір сүрген болуы ықтимал.

Қазбалардан табылған археологиялық және антропологиялық материалдарды сараптай келе С.С. Черниковтың: «...Андроновтық негізде қалыптасқан қазақтардың антропологиялық типі Шығыс Қазақстанда анық байқалады, ал пазырықтықтар мен қазақтардың ою-өрнектерінің (орнаменттері) ұқсастығы қандай да болмасын тайпалар мен рулардың жылжуларына қарамастан Қазақ халқының мәдени тарихи тамырлары біз осы уақытқа дейін ойлап келгендей беріде емес, тіпті ежелгі уақыттарға кетеді» – деген қорытынды пікіріне толықтай қосылуға болады.

2003 ж. тарихи құнды ескерткіштер мен туризм бағытына арналған « Мәдени мұра» бағдарламасына сай бүліну деңгейінде тұрған және жоғалып бара жатқан ескерткіштерді қайта жаңғырту жұмыстары қарастырылып отырған өңірге де өз әсерін тигізді. Оған дәлел ретінде 2003 ж. бері Шығыс Қазақстан өңірінде жүргізіліп келе жатқан археологиялық қазбаларды атап өтуімізге болады. Оның ішінде З.С. Самашевтің басқаруындағы археологиялық экспедицияның майемер мәдениетіне, берел кезеңіне жататын қорғандардағы зерттеулерін және Ә.Т. Төлеубаевтың ерте сақ кезеңіне қарасты Шілікті қорымындағы қазбаларын ерекше айтуға болады. Республика көлемінде жүргізіліп жатқан мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы еліміздің шығысындағы археологиялық ескерткіштердің кеңінен танылуына және жариялануына үлкен мүмкіндік туғызып, әлемдік деңгейде аталған ескерткіштерге қызығушылықты арттырып отыр.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1 Адрианов А.В. К археологии Западного  Алтая (из поездки в Семипалатинскую  область в 1911 году) // Известия Императорской Археологической Комиссии. – СПб, 1916. – Вып. 62. – С. 1-94.

2 Сорокин С.С. Памятники ранних кочевников в верховьях Бухтармы // АСГЭ. – Л., 1966. – Вып. 8. – С. 35-57.

Информация о работе Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның