Автор: Пользователь скрыл имя, 27 Марта 2015 в 12:53, автореферат
Зерттеу жұмысының нысаны – Алтай-Тарбағатай таулары аралығындағы ерте темір дәуірінің археологиялық ескерткіштері.
Зерттеу жұмысының пәні – ерте темір дәуіріндегі ескерткіштердің зерттелуіне үлес қосқан ғалымдардың ой-пікірлерін, ғылыми ұстанымдарын, пайымдаулары мен тұжырымдарын саралау, жаңадан ашылған археологиялық нысандарды ғылыми айналымға енгізу, оларға сараптама жасау.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты Алтай-Тарбағатай өңірлеріндегі басты-басты ерте темір дәуірі ескерткіштерін талдап, сипаттамасын жасау және олардың мәдени-этникалық атрибуциясын анықтау.
Сыртқы құрылысы № 5 қорғанды қайталайтын Шілікті 1 қорымындағы № 7 қорғаннан 1949 ж. қазба кезінде ж.с.д. VI – V ғғ. мерзімделетін бүркіт түріндегі алтыннан қалыпталып жасалған қапсырманың 9 данасы табылған. Басы оңға бұрыла дене сұлбасының ішкі жағына қарай кіріккен 5 бүркіт қапсырмалардың басы оңға, 4-еуінің басы солға қаратылса, ал 2003 ж. Бәйгетөбе қорғанынан табылған сом алтыннан жасалған бүркіт бейнелі қапсырмалардың барлығының басы оңға бұрылған кейіпте бейнеленген. Алтын қаңылтыр балықтың бейнесі өте қызық, жұқа пластинкаларға перузадан көз, желбезек, құйрық және дөңгелек дән тізбектері дәнекерленіп жабыстырылған. Осы қорғаннан табылған балық пен қабан бейнелері Тывадағы ж.с.д. VIII ғ. соңы мен ж.с.д. VII ғ. жататын Аржан 2 қорғанынан табылған алтын заттардың тура аналогиясы.
Шілікті қорымындағы қорғандар жөніндегі келесі мәліметті ж.с.д. V – IV ғғ. мерзімдеген Шілікті 1 қорымындағы № 11, 12, 13, 31 қорғандардағы 1959 ж. зерттеу жұмыстарының қысқаша есеп түріндегі С.С. Черниковтың сақталған қолжбасы ғана береді. 1959 ж. зерттеу жұмыстарында ерекше қызығушылық туғызатын жайт Шілікті қорымындағы № 11 қорғаннан ит қаңқасының адам жерленген қабірден шығуы. 2004 ж. Шілікті археологиялық экспедициясы жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде Шілікті 2 қорғандар тобындағы № 1 қорғаннан да иттің бас сүйегі кездескен болатын.
1909-1910 жж. Семейлік гидротехник Г.И. Бокий бастап қазып, қазба қабырғасының құлап кете беруіне байланысты толық аяқтамаған Шағаноба қорымында С.С. Черников 1959 ж. ж.с.д. VI – V ғ. жататын 14 шағын топырақ пен тас аралас қорғанға қазба жүргізіліп, малта тастан қаландысы бар № 11 құрылысқа барлау мақсатында траншея салған. Тоналған қорғандардан 2 ұңғылы сүйек, 5 темірден жасалған жебе ұштары, тас қайрақ сынығы, сабы бар темір пышақ, қапсырмалы тесігі бар 16 темір қаңылтыр, темір тілі бар екі қола айылбас және қола белдіктің басы табылған болатын. Шлак, көмір және күйген бөренелер шыққан № 7 нысан кен қорытатын пеш болуына қарағанда Шілікті патша қорғандарында жерленген басшыларын қамтамасыз еткен кенші, зергерлердің қалдырған ескерткіші болуы мүмкін.
2003 ж. бастап Ә.Т. Төлеубаевтың жетекшілігімен жүргізілген экспедиция Шілікті жазығында зерттеу жұмыстарын бастады. 17 қорғаннан тұратын Шілікті 3 қорымында өте күрделі архитектуралық құрылысы бар қорғанын қазып, ерте сақ дәуірі зергерлік өнерінің 4303 дана үлгілерін тауып үлкен олжаға кенелтті. Ж.с.д. VIII – VII ғғ. мерзімделетін № 1 (Бәйгетөбе) негізгі үш қабаттан тұратын қорған үйіндісінің ең сыртқы қабатын жапқан көкшіл түсті ұсақ малта тастар салынған уақытта алыстан көгілдір тартып мұнартып мұндалап тұрған. Уақыт өте келе ол табиғат, сондай-ақ адам аяғы мен мал тұяғы әсерінен сырғи-сырғи үйіндіні сыртқа жайылып кетпесін деп бекіткен тұғыр тастарының етегіне жиналған. Жоғарғы қабаты топырақ, шым және құм араласқан қиыршық тастан тұрса, келесі қабаты тас үйінді, ал оның астында жер беті деңгейінде бір адам жерленген қызыл қарағайлардан қималанып салынған қабірхана орналасқан. Ерте темір дәуірі тұрғындары қыстауларындағы өздері тұратын үй-жай, баспаналарына ұқсатып қайтыс болған тумаластарына арнап о дүниелік баспаналарын – зираттарын тұрғызған. Жер асты үйлері жер үсті үйлерін қайталайтын, әрі дәл сондай материалдарды пайдаланған [11, 84-б.]. Көне жер бетіне салынған жерлеу орындары Батыс және Оңтүстік Сібір, Қазақстан, Орта Азия жерлерінде қола дәуірінің соңындағы өтпелі және ерте-скиф уақытына тән. Сақтардағы шығысқа, күнге мінәжат ету ғұрпы бойынша ғимараттың шығыс жақ беті пирамидаға ұқсатып салынған. Қабірхананың шығыс жағынан үлкен және оңтүстік шығыс жағынан кіші екі жер асты көрдәліздері (дромос) ашылды. Соңғысы үлкен көрдәлізбен қабірхананың аузына жақындаған жерде қосылады. Негізгі қызметті кіші дәліз атқарған, бұл жасырын жермен өлілер о дүниеде рахат көру үшін бұл дүниедегі тірілер, яғни тайпалас, рулас туысқандары қайтыс болғандарды еске алып олардың құрметіне ғұрыптық ас беріп, әр уақыт мінажат етіп, әрі ас-сумен қамтамасыз етіп отырған. Қабірхананың солтүстік қабырғасынан алғашында қорған төбесіне орнатылған екі бөлінген сырты жақсы өңделген төрт қырлы болып келген сұр сынтас шықты. Қабірханадан майлы бояумен салынған бұғының, еліктің суреттері бар белгісіз ағаш заттың бөлікше тақтайшалары сақ әлемінде алғаш табылуы. Шілікті қорғандары алтын әшекейлері Т. Жәутіковтің алғашқы қорытындылары бойынша шикізаты жергілікті алтыннан қолдан құйылған жоғары сынамалы (90-96%), әртүрлі техникамен орындалып, құйылып, шыңдалып, дәнекерленіп, тегістеліп, перузамен безендіріліп жасалған. Бұл алтын заттар қайтыс болған адаммен бірге қоюға арналған ғұрыптық зат емес, бұл әшекейлер патшаның тірісінде салтанатты жиындарға, мерекелерге киетін киімі болған.
Ә.Т. Төлеубаевтың басқаруындағы Шілікті археологиялық экспедициясы 2004 ж. бастап күні бүгінге дейін мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Шілікті қорымында археологиялық зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. Нәтижесінде үш ірі қорғандар өзінің тарихи-мәдени, ғұрып-салттық типологиясы, шыққан заттары бойынша ж.с.д. VШ – VІІ ғғ мерзімделген [12].
Шілікті қорғандарының дәл анологиясын қайталайтын әзірге зерттелген қиыр солтүстік шектегі ескерткіш – Солдатово қорымындағы № 2 қорған. Осыған ұқсас ескерткішті Шығыс Қазақстанның далалық өңірінен Ф.Х. Арсланова да зерттеген болатын. Шілікті қорғандарымен өте ұқсас ескерткіштер қатарына топырақ үйінділі 54 қорғаннан тұратын ж.с.д. V – IV ғғ. мерзімделетін Усть-Бөкен қорымында жылқы қосып жерлеуі жоқ қабір шұңқырдың бетіндегі ағаш бөренелер кертпешелерде тиянақталып жабылған. Біз бұл жерде пазырық және құлажорға мәдениеттерінің жерлеу ғұрпы мен тұтыну бұйымдарынан нақты айырмашылығы бар, әрі көп жағынан ұқсастығы бар Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірінің нағыз жергілікті этникалық тобын кездестіреміз. С.С. Черников бөкендіктерді шіліктіліктердің қарамағындағы ел дей отырып, шіліктіде патшаларын жерлеген бұл жұрт құлажорғалықтар мен пазырықтардан жерлеу ғұрпы мен жерлеу заттары бойынша ерекшеленетін, нағыз жергілікті этникалық топ деп көрсеткен.
Қазіргі таңда қолда бар қордаланған бірегей материалдарға, ұқсас ескерткіштердің белгілі бір территорияны алып жатуына байланысты «шілікті археологиялық мәдениеті» деп жаңаша бөліп ж.с.д. VIII – ж.с.д. IV ғғ. мерзімдедік.
«Берел кезеңінің археологиялық ескерткіштері» атты 2.3 тараушада Орталық Алтайдың пазырық мәдениетінен өзінің жерлеу ғұрпы, бейнелеу өнеріндегі кейбір өзіндік айырмашылықтары бар Бұқтырма өзенінің жоғарғы, Ертіс өзенінің орта ағысындағы ж.с.д. VI ғ. соңы – ж.с.д. IV ғғ. мерзімделетін пазырық мәдениетінің Қазақ Алтайындағы бір нұсқасы – Берел кезеңінің археологиялық ескерткіштері қарастырылады.
Пазырық мәдениетіндегі жерлеу рәсімдеріндегі басты элементі мәйітті қабірде жерлеу мен оның бағытталуы ежелгі тұрғындардың әр түрлі наным-түсініктерімен байланысты болған.
Берел ескерткіштерін қазуды 1865 ж. В.В. Радлов жүргізіп, кейіннен С.С. Сорокиннің толықтай зерттеуімен басталған. Сосын 3.С. Самашев бастаған Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы кешенді зерттеу жұмыстарын 1998 ж. бері үзбей жүргізіп келеді. Осы уақыт аралығында пазырық мәдениетінің 20 қорғандары қазылды [6; 7].
Берел кезеңіндегі сақ мәдениетіне тән басты белгілер: қорғандар тастардан үйіліп, қабір шұңқырда ағаш бөренелерден қима-табыт орналасады және мүрделермен бірге әдейі өлтірілген жылқылар да жерленді. Бұқтырма өзенінің оң жағасындағы биік таулы аңғарда орналасқан Берел қорымындағы Үлкен Берел, № 10, 11 және № 18 қорғандарды тайпа немесе тайпалық одақтың басшылары мен оның туысқандары, ал басқа бір-екі жылқы жерленген қорғандарда жанұя басшылары немесе жауынгерлер жерленуі мүмкін. Берелдегі мәңгілік тоң басқан «патша қорғандарында» қатып мумияланған адамдарды табу нәтижесінде жаратылыстану ғылымдарының қазіргі жетістіктерін пайдалана отырып адам мүрдесінің жақсы сақталуына байланысты бабаларымыздың этникалық кескін-келбеті мен генетикалық кодын анықтауға мүмкіндік туды. Сондай-ақ сол уақыт тұрғындарының материалдық және рухани мәдениетін, Алтайдың ежелгі фаунасы мен флорасын, көрші халықтармен этномәдени байланыстарын айқындауға алғашқы қадам жасалды. Қорғандардан табылған ат әбзелдеріндегі ағаштан ойылып, сыртын алтын-күміспен аптаған, сондай-ақ мүйізден ойылып боялған әртүрлі «аң стиліндегі» мүсіндер мен оюлы әшекейлер сақ-скиф әлемінің озық туындылары болып есептеледі.
С.И. Руденко алғашқылардың бірі болып Пазырық (Берел) мәдениетін жасаған халықтарды қытай жазба деректеріндегі юечжилер деп есептеген. Бұл мәселеден отандық археологтар да қалыс қалмай, берел ескерткіштерінің жасаушылары өзіне үнді-иран (тохар) және Алтай-түркі тілдес тайпаларды біріктірген «юечжи» деген атпен танымал тайпаларының бірі деген тоқтамға тұрақтаған [13].
«Құлажорға және үйсін кезеңі археологиялық ескерткіштері: мәдени атрибуциясы» атты үшінші бөлімнің «Құлажорға мәдениеті ескерткіштері» атты 3.1 тараушасында Шығыс Қазақстан ерте темір дәуірінің үшінші кезеңіне жататын ескерткіштерді қарастырдық. Мерзімделуі жағынан ж.с.д. IV – ж.с I ғғ. қамтитын бұл кезеңнің Құлажоға, Қызылту, Жартас, Баты, Юпитер, Славянка, Убаредмет, Қарашат және т.б. ескерткіштері негізінен Ертіс өзенінің оң жағалауындағы шағын ауданда ғана орын тепкен.
Алтай және Тарбағатай теріскейінде ж.с.д. IV ғ. соңы – ж.с. I ғ. мәдени дәстүр алмасып, тұрғындардың этникалық құрамы өзгереді. Бұл «халықтардың Ұлы қоныс аударуымен», яғни хундардың жаулап алуына байланысты болған тәрізді. Қарастырылып отырған өлкеде құлажорға мәдениеті ескерткіштерінің пайда болуы соның айқын дәлелі. Құлажорға ескерткіштерін бөліп көрсеткен С.С. Черников оларды жерлеу дәстүрі мен уақытнамасына қарай екіге бөліп көрсетеді. Зерттеушінің тұжырымдарын басшылыққа ала отырып құлажорға мәдениетіне тән мынандай заңдылықтарды айқындай аламыз. Ж.с.д. IV – III ғғ. мерзімделетін ескерткіштер диаметрі 4,5-7,5 м, биіктіктері 0,3-0,5 м болып, құрылысы жағынан дөңгелек пішінді, топырақ пен тас аралас үйінді болып келеді. Сонымен бірге олардың арасында қабір үсті құрылыстары сопақша немесе төртбұрышты үйметастар негізінде бір-екі қатар тас қоршаулар ретінде қарастырылып, қабір шұңқырлары батыс–шығыс бағытында, төменгі жағы қоңырау тәрізді кеңейе түсетіндігімен ерекшеленетін Убаредмет, Қарашат 3 сынды қорғандар да кездеседі.
Құлажорғалық мәдениеттің ж.с.д. II – ж.с. алғашқы ғ. қамтитын соңғы кезеңінің дамуындағы жерлеу рәсімі мен жер үсті құрылымында Жетісу жеріндегі үйсін ескерткіштеріне ұқсастық байқалады, бұл кейбір зерттеушілерге оңтүстік-шығыс халықтарының бір бөлігінің хундардың қысым көрсетуінен Шығыс Қазақстан өңіріне қарай ығысқаны туралы болжамдар жасауына дереккөз болды деп айта аламыз. Бұл кезеңде мәйітті сопақша пішінді, түбіне қарай тарыла берілетін қабір шұңқырына шалқалай жатқызып, басын батысқа немесе солтүстік батысқа қаратып жерлеген.
Жалпы құлажорға кезеңінің өзіндік жерлеу ерекшеліктерін айтар болсақ, тас жәшікті жерлеулер, мәйіттің жанына жылқы, оң жағына кейде қоладан жасаған бұйымдар, қойдың омыртқа, құймышақ сүйектерін және бір немесе бірнеше тар, әрі биік мойынды өрнекті керамика, ағаш ыдыстар қою тән болса керек. Сонымен бірге зерттелген қорғандардан жасөспірім мен нәрестелерді жерлеу көптеп кездескендігін баса атап көрсетуге болады. Бұл әрине тек зерттелген қорғандардың негізінде жасалған қорытынды. Сондықтан болашақта бұл мәселе осы кезеңмен сипатталатын ескерткіштерді зерттеу нәтижесінде нақтылануы мүмкін, тіпті қайта қарастырылуы да ғажап емес. Өйткені бұл этникалық топ ескерткіштері тереңінен әлі жақсы зерттелмеген.
«Тарбағатай теріскейінің ерте темір дәуірі ескерткіштері» атты 3.2 тараушада 1989 ж. бері Ә.Т. Төлеубаевтың басшылығымен диссертанттың өзі қатысқан ерте темір дәуірінің археологиялық барлау жұмыстары кезінде табылған жүздеген қорымдарынан басқа 30-дан астам қорғандағы қазба жұмыстарының нәтижелері баяндалады.
Тарбағатай ауданы территориясындағы ж.с.д. VI – V ғғ. тән Ашылы 1 қорымының орталығындағы № 4 тас қоршау-шеңбері бар қорғанның үшеуіне қазба жұмыстары жүргізілді. Бұл қорған кенотаф немесе күнге табынуға байланысты салынған ғұрыптық құрылыс болуы мүмкін. Қазіргі таңда Ашылы қорған-кенотафындағы сыртқы шеңбер мен негізгі қорған ортасындағы арба дөңгелегі шабақтарын елестетін тас қатарлары Аржан, Шілікті 2 қорымындағы № 1 қорғанының қабірхана құрылысындағы радиалды орналасқан ағаш бөренелердің тас аналогиясы екендігіне көз жеткізуге болады. Сондай-ақ Моңғолия, Алтай жерінде кездесетін керексурлармен бұл ескерткіштің өзара сабақтастығы бар екендігіне алдағы уақыттағы ізденістер көз жеткізер деген ойдамыз.
Ақтүбек 1 қорымы өзінің сыртқы формасы, ішкі құрылымы, адам жерлеу дәстүрі, табылған қыш заттарға қарағанда үйсін дәуірінің, шамамен ж.с.д. III және ж.с. II ғғ. арасында салынған ескерткіштері.
1991 ж. Боғас 1 ескерткішінде жақпар тастар мен топырақ аралас үйіндіден тұратын ерте темір дәуірінің бір қорғанынның қабір шұқырының солтүстігінде ақымда егде әйелді шалқасынан солтүстік батыс бағытта жерленгендігі анықталды. Бұл қорғанның сыртқы пішіні, ішкі құрылымы Ертіске құяр Қарашат өзенінің оң жағалауындағы Қарашат III ескерткішіндегі 5 қорғанға, Күрті ескерткішіндегі қорғандарға, Құлбабас ескерткішіндегі қорғандарға ұқсас және солармен мерзімдес болып келеді. Бұл ескерткіш Жетісудағы үйсін ескерткіштеріне де ұқсас. Қорғанның сыртқы формасына, ішкі құрылымы, адам жерлеу дәстүріне қарап үйсін дәуірі ескерткіштеріне келеді, шамамен ж.с.д. II ғ. жыл санауымыздың басындағы аралықта салынған деп болжамдауға болады. Боғас 1 ескерткішіндегі қорғандарды қалдырған адамдардың қандай этникалық тайпаларға жататындығы басы ашық мәселе болып қала бермек. Дегенмен, Құлажорға және Жетісудағы сақ-үйсін мәдениеттерімен өзара сабақтастығы, этномәдени байланысы күмән туғызбайтыны анық.
Тарбағатай теріскейіндегі Базар шаты қорғандар тобының орта шенінде қиыршық тас араласқан топырақтан салынған № 1 қорғанда жерленген адам шалқасынан жатқызылып басы батысқа қаратылып жерленген. Басына төртбұрыш келген қызғылт тас жастаса, ақыреттік заттарына 5 жебенің ұшы, темір қанжар, қанжардың ағаш қынын терімен қаптаған қынабы, қола қапсырма жатады. «Тас жастық» жасау дәстүрі Тывадағы ж.с.д. V – III ғғ. жататын Сағлы мәдениетінің шартты белгілерінің бірі болса, ж.с.д. VI – V ғғ. жататын Тянь-Шань сақтарында да басына тас жастық жастау және тас қайрық қою кездеседі. Базар шаты жерін мекендеген тайпалардың бұл дәстүрі өзара этномәдени байланыстағы Жетісу, Орталық Қазақстан және Шығыс Қазақстан ерте темір дәуірі тайпаларында да кең етек алған. Мұндай қайрақтарды М.П. Грязнов ғұрыптық қайрақтар қатарына жатқызған. Осы қорғандағы табылған 5 қола жебе ұшы жасалу формасы жағынан бірдей, үш қырлы, ұңғылы. Ал жебе ұштары 1916 ж. А.В. Адрианов Тывадағы Тарлық өзені бойындағы № 52 қорғаннан табылған тас қайрақ пен жебелерге, Сырдарияның төменгі ағысындағы жебе ұштарына ұқсас, Орталық Қазақстан және Жетісудағы жебе ұштары мен тас қайрақтарды қайталайды.
Базар шаты 1 қорғандар тобындағы № 1 қорғаннан табылған заттарға, көршілес территориялардағы сақ тайпалары ұқсастықтарына қарап мерзімделу уақытын ж.с.д. VI – V ғғ. жатқыздық, Базар шаты II қорымындағы № 3, 4, 5, қорғандарды дерек көздерінің жоқтығына байланысты тек жерлеу орны құрылысына қарап ж.с.д. II – ж.с.д. III ғғ. сәйкес келеді деп айта аламыз.
Ақсуат өлкесіндегі 1990 ж. Құлбабас қорымындағы № 17, 18 қабір шұңқырда екі жағы ақымдалып келіп, басы батысқа бағытталып, ұзыннан сұлай жерленген адам қаңқасы табылған үйсін дәуіріне жататын қорғандарындағы қазба жұмысы 1997 ж. өз жалғасын тапты. № 1, 2, 6, 7 қорғандарда Жетісу ескерткіштеріне ұқсас адамды ақымды қабірде жерлеген. Қабір шұңқыр формасының ұзынша төртбұрышты болып шығыстан батысқа қарай бағытталуы, қабірдің солтүстік жағынан ақым шығаруы, кейде қабір шұңқырдың көлденең ағашпен жабылуы бұл ескерткіштерді Іле бойындағы Өтеген І, ІІ, Тайғақ, Қызылауыз ІІ, Қалқан ескерткіштеріне ұқсатады. № 2 қорғанның шығыс қабірінен табылған әйел ағаш сандықшаға жерленген, ондай жерлеу ғұрпы Іле бойындағы Үңгір қора, Шығыс Алтайдағы Юстыд, Қырғыз Алатауындағы Кеңқол қорымдарында кездеседі. Г.А. Кушаев атап көрсеткендей үйсін дәуірі ескерткіштеріндегі тас шеңбер оның мәдени тегін мерзімдік кезеңін анықтаушы ең бір маңызды көрсеткіш. Табылған ақыреттік заттар, тас шеңбердің қорған етегінен басталып топырақ үйіндінің астында жатуы, адамды ақымдап көмуі – осының бәрі Құлбабас қорғандарын үйсін мәдениетінің орта кезеңіне, яғни ж.с.д. І – ж. с. І ғғ. мерзімдеуге негіз болды. Үйсін мәдениетінің солтүстік-шығыс шекарасы Ыстықкөл мен Балқаш сызығы бойынша анықталып жүрсе, Ә.Т. Төлеубаев бұл мәдениеттің таралу аймағын соңғы археологиялық қазба жұмыстары негізінде солтүстік-шығысқа қарай біршама кеңейтті [5].
«Алтай мен Тарбағатайдың ерте темір дәуірі мәдениеттеріндегі кейбір ортақтастықтар мен ерекшеліктер» атты 3.3 тараушада Алтай мен Тарбағатай аралығындағы шаруашылық жүйесі ортақ болғанымен, діни-ғұрыптық салт-санасы әркелкі тіршілік еткен көне эллиндіктердің дереккөздерінде айтылатын Алтай тауларындағы аримаспы-юечжи және Тарбағатай аймағындағы сақ-үйсін тайпалары мәдениетіндегі ортақтастықтар мен ерекшеліктер сөз болады.
Бұл өңірдегі ерте сақ ескерткіштері көршілес орналасып, белгілі бір дәуірге жатқандарымен өзара бірнеше белгілеріне қатысты ажыратылады.
Ертіс өзені мен салаларының жоғарғы ағысында жазықты жерлерде орналасқан солтүстік топ ескерткіштеріне тас пен топырақ үйіндіден тұрғызылған қорғандар, қабірдің солтүстік қабырғасын бойлай ауыздықталған жылқылардың жерленуі және өлікті жерлеуге ағаш қима-тағанды пайдалану тән.