Қазақстан Республикасындағы саяси коммуникация: ерекшеліктері мен проблемалары

Автор: Пользователь скрыл имя, 28 Ноября 2011 в 20:22, автореферат

Краткое описание

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазіргі таңда отандық саясаттану ғылымында саяси институттар, саяси процестер мен саяси технологияларды зерттеуге көбірек мән берілуде. Дегенмен әлі де болса саяси ғылымда кешенді түрде зерттеуді қажет ететін тақырыптар баршылық. Соның бірі – еліміздегі саяси коммуникация мәселесі. Сол себептен, саяси коммуникацияны кең тұрғыда зерттеудің қажеттілігі Қазақстандағы саяси жүйенің нақты тұрақтылығымен және оның демократиялық қайта құрулар кезіндегі маңыздылығымен байланысты сипатталады. Бүгінде қазақстандық қоғамның барлық салаларында жүзеге асырылып жатқан саяси модернизацияның нәтижесі, ақпараттық-коммуникациялық кеңістіктің өзгеруіне, кеңестік саяси жүйенің ыдырауына орай, қалыпты байланыстардың үзілуіне және көбінесе вертикальды қатынастардың қалыптасуына алып келді. Сонымен қатар қоғамдағы саяси процестер мен институттардың өзгеруіне байланысты саяси-коммуникациялық сферада қоғамдық-саяси өмірдегі қайта құруларға сәйкес жаңа қатынастар дами бастайды.

Файлы: 1 файл

Imanbaeva.doc

— 226.00 Кб (Скачать)

    Бұдан кейін ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының бастамасымен жарыққа шыққан басылымдар, сол кездегі халық пен билік арасындағы негізгі ақпарат көзіне айналған еді. Алайда, ол уақыттағы кеңестік үкіметтің солақай саясаты олардың еңбектерінің кең таралып, қоғамда болып жатқан жаңалықтарды ашық жеткізуіне қарсы іс-шаралар қолданды. Аталған кезеңде ұлттық басылымдардың қатарына жататын «Серке», «Қазақ», «Қазақстан» газеттері мен «Айқап» журналы өздерінің коммуникациялық қызметтерін атқарған болатын.

    Тоталитарлық  басқару кезеңінде паблик рилейшнз қарым-қатынас ретінде партиялық  цензураның қатаң бақылауында болды. Олар осы кезде ауызша нұсқаулар  түріндегі жабық және жартылай жабық  жиналыстар мен талқылаулар («тек КОКП мүшелері үшін» түрінде) сияқты паблик рилейшнздің жасырын түрлерін қолданған болатын. Ал, КСРО ыдырағаннан кейін, әр мемлекет өзінше жаңа саяси жүйені қалыптастырды. Біздің еліміздегі PR (паблик рилейшнз) Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап ұлттық және батыстық үлгілердің негізінде қалыптаса бастады. Сол бағыт бойынша PR-дің Қазақстандағы қадамдары әлі де негізделу үстінде. Жалпы қоғамдық байланыстардың бай тарихына қарамастан, PR-дің орны мен рөлі әлі жеткілікті зерттелмеген, сондықтан оларды бүгінгі заман талабына сай саяси ғылымда зерттеу қажеттілік болып табылады.

    Зерттеу жұмысында саяси коммуникацияның саяси мақсаттарға жету мүддесінде белгілі саяси партиялардың немесе лидерлердің бұқаралық санаға ақпараттық-психологиялық ықпал ету шаралары мен жүйесі екендігі нақтылы көрсетілген. Автордың пікірінше, саяси PR, саяси насихат және саяси жарнама саяси коммуникация жүйесінің негізгі құрамдас бөліктері болып табылады. Өз кезегінде саяси коммуникация жүйесі қоғамда қабылданған идеологияға, саяси режимге байланысты болып келеді. Еліміздегі саяси PR, нақтылы саяси қызметке (мәселен, саяси партияларға) деген сенімді қалыптастырады, яғни, келешекте бұқаралық сананы өңдеу үшін негізді қалайды. Ал, саяси насихат, осы қалыптасқан сенімнің негізінде бұқаралық санаға нақты саяси нұсқаулар мен стереотиптерді енгізеді және саяси мінез-құлықтың нақты түрін қалыптастырады. Қазақстандағы саяси жарнама, саяси үгіт-насихат, саяси PR қызметтерінің дұрыс жолға қойылуы, халықтың сайлау науқандарында еркін таңдаулары арқылы оң шешімдер қабылдауына мүмкіндік береді. Аталған саяси коммуникация құралдарының сайлау науқандарынан тыс, яки, тұрақты түрде қызмет атқаруы, саяси билік субъектілеріне деген қоғамның сенімін арттырады.

    Бүгінгі таңда Қазақстанда PR-ді одан әрі дамытудың жолдары қарастырылуда. PR еліміз үшін жаңа құбылыс болып саналады, сондықтан Қазақстанда бұл сферадағы заң шығару мәселесі қалыптасудың алғашқы сатысында деуге болады. PR-технологияларының әмбебаптылығы және оларды көптеген қоғамдық және мемлекеттік институттардың әртүрлі сферасында тиімді қолданудың жүзеге асырылуы заң шығарушыларға нақтылы қиындық туғызады. Себебі PR-технологияларын қолданудың бүкіл саласын қамтитын нақтылы заң шығарушылық актіні қабылдау мүмкін емес. Осыған орай, көбінесе, PR-тәжірибесін реттеу жанама түрінде жүргізіледі, яғни, заңдық құжаттардың аралас салалары арқылы өз қызметін жүзеге асырады. Ол үшін мынадай: Қазақстан Республикасының «Ақпараттандыру туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Саяси партиялар туралы», «Жарнама туралы», «Байланыс туралы», «Сайлау туралы» және т.б. заңдары қолданылады.

    Қазіргі кезде РR-дың 500-ге жуық анықтамасы бар екендігі анықталған. С.Блэк өз еңбегінде «Паблик рилейшнздің мақсаты – шындыққа, білімге және толық ақпараттандыруға негізделген өзара түсіністікке және жалпы мүдделерге қол жеткізуді айқындау үшін екіжақты келісім орнату» [12] деп көрсеткен. РR-ды осы тұрғыдан бағалар болсақ, оның қоғаммен байланыстағы негізгі мәселесі өзара сенім мен келісім екендігі анықталады.

    Автордың  көрсетуінше, РR қызметінің тәжірибесінде қоғамдық жағымды пікірді жасауға мүмкіндік туғызатын демеушілік және меценаттық мәселесі де маңызды орын алады. Акцияның бағыттылығы, жүйелілігі, кең ауқымдылығы, әлеуметтік маңыздылығы ұйымдардың имиджін қалыптастырады және ашықтық атмосферасы мен әлеуметтік тиімділікке қол жеткізеді. Негізінен, қоғамның барлық саласында жүргізілетін акциялар өз бейнесін нақтылы баспасөзден табады. Мәселен, бұған еліміздегі сайлау науқаны қарсаңында «Нұр Отан» партиясының ақындар айтысына демеушілік жасауы, Мәжіліске депутаттыққа түскен кандидаттардың өз қаржысына мектеп, аурухана, т.б. қоғамдық мекемелерді салып беруі сияқты шаралары жатады. Мұндай іс-шаралар саяси субъектілерге деген жағымды қоғамдық пікірді қалыптастырады.

    Зерттеуші С.Ж.Рысбаева РR-дің қазіргі коммуникативтік технологияларды жете зерттеумен айналысатындығын, яғни, қарым-қатынас, пікір алмасу мен өзара түсіністік үшін арнайы механизм екендігін анықтай келе, өтпелі кезеңдегі саяси технологиялардың ерекшелігін, соның ішінде, паблик рилейшнздің деструктивті технологияларын атап көрсетеді [13]. Яғни, бұл ретте қоғаммен байланыс орнату құралдарын шындыққа негізделген деп тұжырым жасап, біржақты қарастыруға болмайды деген ұйғарым жасауға болады.

    Ізденуші  өз жұмысында паблик рилейшнз (РR) – тікелей билік пен қоғам арасындағы қатынаста өзара түсіністік танытып, екі жақты сенімді қалыптастыратындықтан, қазіргі саяси жүйедегі бірден-бір тиімді технология болып табылады деп қорытынды жасайды. Сондықтан ол көршілес елдердегі паблик рилейшнзді жүзеге асыру механизмдерін басшылыққа ала отырып, Қазақстандағы РR-ді (паблик рилейшнз) бір жүйеге келтірудің заңдылық базасын қалыптастыру мәселелерін шешу қажет деп тұжырымдайды.

    Екінші  бөлімнің «Қазақстандағы саяси коммуникация құрылымындағы БАҚ-тың ерекше орны» атты екінші тақырыпшасында БАҚ-тың саяси коммуникация құралы екендігін көрсететін нақтылы ерекшеліктері анықталады. Оның қазіргі қоғамдағы атқаратын қызметінің негізгі белгілері сипатталады. Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының жұмыс істеу аясының құқықтық базасына талдаулар жасалынады.

    Бүгінгі таңда отандық БАҚ саяси коммуникацияның бірден-бір негізгі құралының бірі болып саналады. Демек, саяси ақпараттың жылдам таралып, жеткізілуі бұқаралық ақпарат құралдарына деген саяси сұранымды арттыратындығы белгілі. Өйткені БАҚ еліміздегі ашық та, жариялы құрылым ретінде, қоғамдық пікірді қалыптастыратын ерекше механизм болып есептеледі. Е.Б.Саиров өз зерттеуінде: телевизиялық саяси жарнама ерекше дағдылармен көбінесе көптеген қаражатты талап ететіндігін көрсетеді. Сонымен қатар бірде-бір ірі сайлау кампаниялары оның көмегінсіз жүре алмайды және сайлау бірлестіктерінің көпшілігі мұнда тек бір себеппен, яғни, саяси бәсекеге түскен үміткерлер қандай да бір шығын жасайды дей келе: «Егер сен мұны жасамасаң, онда сенің бәсекелесің мұны міндетті түрде жасайды» деп, саяси коммуникацияда отандық БАҚ-тың ішіндегі телевизияның маңызды рөл атқаратындығын анықтайды [14]. 

    Біздің пікірімізше, БАҚ өзінің мынадай ерекшеліктерімен саяси коммуникацияның негізгі құралына айналып отыр: ол жариялы құрылым болып табылатындықтан, оны қоғамда тұтынушыларының саны басым. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарын тарататын жаңа байланыс құралдарының дамуы, оның қоғамдағы рөлін нығайтатыны анық. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алынған мәліметтер негізінде қоғамның мінез-құлқы өзгеретіні де белгілі. Осы жағдайды ақпарат жіберушінің тиімді пайдалануы әбден мүмкін. Сонымен аталған бағыттар арқылы БАҚ-тың саяси коммуникацияны жүзеге асырудағы негізгі құрал екендігі анықталады.

    Ал, Қазақстан Республикасының 1995 ж. Конституциясының 20-бабының 1-2 тармақтарында былай делінген: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді» [15]. Яғни, ақпарат еркіндігіне заң жүзінде жол берілетіндігі мәлімделеді. Сол бағыт бойынша Қазақстан заман талабына сай ақпараттық қызмет нарығын кеңейтуге бағыт алуда. Сондықтан қазіргі Қазақстан қоғамының дамуын оның барлық саласымен тығыз байланыстағы ақпараттық-коммуникациялық жүйенің тиімді қызметінсіз көзге елестету мүмкін емес.

          Соңғы уақытта елімізде бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды саласы болып табылатын теледидардың рөлінің өсу тенденциясы етек алуда. Бұл туралы нақты ақпарат қоғамдық пікірді сұрау кезінде белгілі болды. Осылайша, қазақстандықтардың 81%-ы соңғы жаңалықтарды теледидардан көріп білетіндігін және радиодан тыңдайтындығын айтса, тек 19%-ы баспасөз хабарламасынан оқып-білетіндігін жеткізген. Аталған тенденцияны автордың Алматы, Семей қалалары тұрғындарының арасында жүргізген әлеуметтік зерттеулерінің мәліметтері растайды. Байқап отырғанымыздай, теледидар мен радио ақпараттың негізгі көзі ретінде жетекші орынға ие болуда.

          Өз жұмысында автор  ақпараттық технологиялардың дамыған ғасырында теледидар және радио қызметімен шектелу мүмкін емес дейді. Қазіргі кезде еліміздің медиа нарығындағы ерекше орындардың бірін интернет желісі иеленіп отырғандығы көпшілікке мәлім. Интернет-медиа саяси коммуникацияның үстінен бақылау орнатуды жоюға мүмкіндік туғызады. Интернет – қазіргі жаһандану кезеңіндегі ақпаратты тарату мен жеткізу жағынан басқа бұқаралық ақпарат құралдарын артқа тастап, жылдам қарқынмен даму үстінде. Саяси коммуникацияның бұл тиімді құралдары, әсіресе, еліміздегі сайлау науқандары кезінде кеңінен қолданылады. Сондай-ақ, жұмыста интернеттің қажеттілігі тек сайлау науқандарында ғана емес, басқарудың күнделікті саяси өмірінде де маңызды рөл атқаратындығы көрсетілген. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан оқушыларымен және студенттерімен өткізген интерактивті режимдегі Интернет-конференциясы нақтылы мысал болып табылады.

          Біздіңше, БАҚ саяси коммуникацияның маңызды құралдарының бірі бола отырып, саяси ақпараттарды таратуда объективті позиция бағытын ұстанатын болса, қоғамның сеніміне ие болып, билік пен қоғамға ықпал етуші қызметін де атқара алады. Сондықтан отандық БАҚ пікір алуандығын ескере отырып, еліктеушілік бағыттан гөрі, тиімді саяси сұранымды қанағаттандыратын объективті, сенімді ақпараттарды беру принципін басты ұстанымға айналдыруы тиіс.

    Үшінші  бөлімде «Саяси коммуникация проблемасының Қазақстандағы саяси жүйеде дамуы мен модернизациялық ролі» туралы зерттеулер жүргізіледі. Мұнда қазақстандық қоғамды модернизациялауда қолданылатын саяси коммуникация құралдары анықталады. Сонымен бірге еліміздегі саяси коммуникацияны жетілдіру жолдары ұсынылады.

    Үшінші  бөлімнің бірінші «Қазақстандағы қоғам және билік арақатынасындағы саяси коммуникацияның даму тенденциялары» тақырыпшасында «билік-қоғам» жүйесіндегі өзара байланыстағы ақпарат алмасу мүмкіндіктерінің негізгі деңгейлері қарастырылады. Қоғам мен биліктің өзара қатынасы бұл демократиялық жүйенің негізгі жемісі. Себебі өткен тоталитарлық кезеңде біз мемлекеттік биліктің бағыты дұрыс, ал қоғам тек берілген нұсқауды орындауға міндетті деп санап келдік. Алайда, күйреген жүйенің орнына келген жаңа саяси жүйе Қазақстан Республикасын тамыры терең бастамаларға алып келді. Біздің санамызға «жат» деп келген саяси терминдер ғылыми айналымға енгізіліп, сөздік қорымызды молайтты. 

    Автордың  пайымдауынша, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси қатынастар жүйесінің дамуының қазіргі жағдайын жетік талдағанда, қоғам мен мемлекеттің демократиялық жаңаруының жоғарыда аталған екі жолының элементтерін бір өзінде үйлестірген елдің жаңаруы үшінші нұсқа бойынша жүргендігін ескерген жөн. Қазақстанда өтпелі кезеңде өтіп жатқан саяси процестердің негізгі мазмұны – республиканың ерекшелігіне орайластырылған демократиялық дамудың өзіндік үлгісін іздестіру болды.

    Сонымен, елімізде электрондық үкімет жобасын  жүзеге асыру жұмыстары қолға алынғанына бірнеше жыл болды. 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасында «электрондық үкімет» қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Демек, бұл саяси жүйеде жаңа ақпараттық жүйелердің орын алуы саяси коммуникацияның, яғни, мемлекеттік ақпараттық саясаттағы алатын рөлін көрсетеді.

    Президенттік  басқару өз жемісін беріп, елімізде көптеген сәтті реформалардың жүргізілуіне себепші бола білді. Ал, ендігі жерде президенттік-парламенттік басқару нысанындағы Қазақстан өзіндік дамудың тағы бір жаңа жүйесін қалыптастыру жолында. Бұл біздің еліміздегі саяси коммуникацияның рөлін одан әрі жоғарылататынына күмән тудырмайды. Себебі кез келген демократиялық мемлекеттің басты ұстанған бағыты – ашықтық, пікір алуандылығы, сенімді еркін таңдау жасау сияқты т.б. шаралардан тұрады. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы да халық пен билік байланысын алдыңғы орынға шығаруы тиіс. Аталған екіжақты байланыс нәтижесінде сенімді саяси коммуникация құралдары жүзеге асырылады. Автор, қоғам мен билік арасындағы өзара қатынаста мынадай қиындықтар кездесетіндігін атап көрсетеді: біріншіден, Қазақстан азаматтары саяси өмірге қатысу арқылы билік органдарына жеткілікті түрде ықпал ететіндігіне сенімсіздікпен қарайды; екіншіден, сайлауға түскен саяси партиялардың халықтың әл-ауқатын жақсартады деген бағдарламаларына күмәнданушылықтың орын алуы; үшіншіден, сайлау науқаны туралы ақпарат тарататын БАҚ өкілдерінің қызметтерінің объективтілігіне деген сенімсіздіктің болуы; төртіншіден, сайлауға қатысушы үміткерлердің халықтың талаптарына жеткіліксіз көңіл бөлуі (алдыңғы сайлауларда сайланған депутаттардың қызметін бағалау арқылы); бесіншіден, сайлаудың қарсаңы жақсы өткенімен, соңы неге апарады? деген үрейдің басымдығы (сайлау соңынан жол жүру құнының, тұрғын үйдің коммуналдық қызмет ақысының, нанның, азық-түліктің, т.б. қымбаттауы); алтыншыдан, сыбайлас жемқорлықтың қоғамда кең тарауы, азаматтардың билікке деген сенімін төмендетеді; жетіншіден, саяси билік субъектілері мен қоғамның өзара қарым-қатынасын ұйымдастыратын байланыс құралдарының жеткіліксіздігі (әсіресе, облыс, аудан орталығынан шалғай жатқан ауылды мекендерде).

Информация о работе Қазақстан Республикасындағы саяси коммуникация: ерекшеліктері мен проблемалары