Қазақстан Республикасындағы саяси коммуникация: ерекшеліктері мен проблемалары

Автор: Пользователь скрыл имя, 28 Ноября 2011 в 20:22, автореферат

Краткое описание

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазіргі таңда отандық саясаттану ғылымында саяси институттар, саяси процестер мен саяси технологияларды зерттеуге көбірек мән берілуде. Дегенмен әлі де болса саяси ғылымда кешенді түрде зерттеуді қажет ететін тақырыптар баршылық. Соның бірі – еліміздегі саяси коммуникация мәселесі. Сол себептен, саяси коммуникацияны кең тұрғыда зерттеудің қажеттілігі Қазақстандағы саяси жүйенің нақты тұрақтылығымен және оның демократиялық қайта құрулар кезіндегі маңыздылығымен байланысты сипатталады. Бүгінде қазақстандық қоғамның барлық салаларында жүзеге асырылып жатқан саяси модернизацияның нәтижесі, ақпараттық-коммуникациялық кеңістіктің өзгеруіне, кеңестік саяси жүйенің ыдырауына орай, қалыпты байланыстардың үзілуіне және көбінесе вертикальды қатынастардың қалыптасуына алып келді. Сонымен қатар қоғамдағы саяси процестер мен институттардың өзгеруіне байланысты саяси-коммуникациялық сферада қоғамдық-саяси өмірдегі қайта құруларға сәйкес жаңа қатынастар дами бастайды.

Файлы: 1 файл

Imanbaeva.doc

— 226.00 Кб (Скачать)

    1. Саяси коммуникацияның ғылыми  түрде зерттелуін ресей және  батыс  зерттеушілерінің еңбектерінің  негізінде салыстырмалы түрде талдау;

    2. Қазақстандағы саяси коммуникацияның  қалыптасу және даму ерекшеліктері  мен келешегіне сипаттама беру;

    3. Саяси коммуникация және саяси  коммуникациялық кеңістік  құрылымын  қарастыра отырып, олардың қоғамның  саяси жүйесіндегі орны  мен рөлін көрсету;

    4. Саяси коммуникацияның Қазақстандағы саяси жүйені  модернизациялаудағы ықпалына саяси сараптамалық талдау жасау;

    5. Қазақстандағы қоғам мен байланыс (PR) қызметтерін жүзеге асырудың  тәсілдері мен тиімділігін нақтылау;

    6. Қазақстандағы саяси коммуникациядағы БАҚ-тың қызметін зерттеу;

    7. Қазақстандағы саяси коммуникацияны  жетілдіру мен тиімділігін арттырудың  негізгі факторларын анықтау.

    Зерттеудің  ғылыми жаңалығы тақырыптың қазіргі заман талабына сай өзектілігімен, зерттелмеген тың мәселелерді талдап зерттеуімен, зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттеріне байланысты жүзеге асуымен анықталады. Диссертациялық жұмыс саяси коммуникация процесін іске асырудағы саяси субъектілердің, азаматтық қоғам институттарының қоғамдық-саяси қызметінің маңызын ашып көрсеткен отандық саяси ғылымдағы алғашқы еңбек болуымен айқындалады. Сонымен зерттеу еңбегінде төмендегідей нақты ғылыми нәтижелерге қол жеткізілді:

    - «саяси коммуникация» ұғымы, оның саяси ғылымдағы зерттелу деңгейіндегі бағыттар мен көзқарастар талданып, жүйеленді және авторлық түсініктеме беріледі;

    - Қазақстандағы саяси коммуникацияның  саяси жүйедегі рөлі анықталып,  оның қалыптасу кезеңдері мен  даму ерекшеліктері, қызметтері  мен түрлері талданады; 

    - саяси коммуникацияның типологиясын  талдай отырып, автор тарапынан типологиялаудың жаңа бағыттары негізделеді;

    - еліміздегі қоғаммен байланыс  ұйымдарының қызметін жүзеге  асырудағы бұқаралық ақпарат  құралдарының атқаратын рөлі  көрсетіледі; 

    - мемлекетіміздегі қоғам мен билік  арасындағы өзара байланыста  туындайтын саяси мүдделердің қарама-қайшылығы, негізгі кедергілер мен оларды шешудің мүмкіндіктері айқындалады;

    - саяси коммуникация еліміздегі  саяси жаңарудың нақты бір  белгісі ретінде анықталынып,  оның әдістері кеңінен қолданылады;

    - отандық саяси ғылымда тұңғыш рет Қазақстандағы саяси коммуникацияның дамуына ақпараттық саясаттың тигізетін ықпалы талдап зерттелінеді;

    - Қазақстандағы саяси коммуникацияны  одан әрі жетілдіріп, дамытудың  айқын бағыттарына ұсыныстар  беріледі.

    Зерттеудің теориялық-әдістемелік негіздері. Диссертациялық зерттеу барысында автор жалпы танымдық ғылыми принциптерге, пәнаралық, тарихи-нақтылы тәсілдерге, саяси құндылықтар жүйесіндегі билік пен қоғам мүдделерінің артықшылықтары туралы іргелі дүниетанымдық зерттеулерге, олардың өзара байланыстағы қатынастарының дамуына тиесілі, биліктің шешімдер қабылдауындағы қоғам мүдделерін ескеруге арналған еңбектерге сүйенеді. Диссертациялық зерттеу негізіне саяси коммуникацияның модельдеу, типологиялық ерекшеліктері мен оны жүзеге асырудың байланыс құралдарын, саяси жүйенің құрылымдық-функционалдық негізін, оның жеке элементтерінің модернизация жағдайындағы жұмыс істеуін арнайы зерттеген алдыңғы қатарлы ресей және шетелдік ғалымдардың тұжырымдарын қарастыру жатады.

    Зерттеудің әдіс-тәсілдерін саяси ғылымдағы белгілі жүйелілік,  құрылымдық-функционалдық, саяси-салыстырмалы талдаулар, тарихилық, әлеуметтік, ғылыми объективтілік, болжамдық, статистикалық, логикалық талдау тәсілдері құрайды.  

    Диссертациялық  жұмыстың деректемелік негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары», Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы», Қазақстан Республикасының «Байланыс туралы», Қазақстан Республикасының «Ақпараттандыру туралы» Заңдары мен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдаулары мен саяси коммуникация мәселесіне қатысты жүргізілген әртүрлі әлеуметтік зерттеулер, соның ішінде автордың 1377 респонденттер арасындағы жүргізген әлеуметтік зерттеулерінің қорытындылары, сонымен қатар, әртүрлі мерзімді басылымдардағы ғылыми-саяси мақалалар мен зерттеу тақырыбы бойынша арнайы әдебиеттер, Интернет сайт мәліметтері пайдаланылып, оларға талдау жасалынды.

    Диссертациялық жұмыстың тәжірибелік маңызы. Зерттеу нәтижесінде алынған теориялық қорытындылар отандық саясаттану ғылымында «саяси коммуникация» проблемасын әрі қарай өрбітіп, қарастыру үшін септігін тигізеді. Диссертация тұжырымдары саяси-коммуникациялық процестердің табиғаты, қызметі, құрылысы туралы ғылыми білім сферасындағы зерттеудің әдістерін толықтырады. Саяси және әлеуметтік жүйелер шеңберінде өтіп жатқан саяси модернизациялану кезеңінің дамуына, мәселенің теориялық және тәжірибелік жағын одан әрі кеңейтуге негіз бола алады. Зерттеу нәтижелерін қоғаммен байланыс қызметінде, бұқаралық ақпарат құралдарында, билік органдарының мемлекеттік қызметі процесінде қолдануға болады.

    Зерттеудің  негізгі ой-тұжырымдары мен қорытындылары  жоғары оқу орындарында «Теориялық саясаттану» пәні, «Сайлау жүйесі», «Саяси технологиялар» тәрізді арнайы курстардың негізінде арнайы семинарлар әзірлеу үшін пайдалануға болады. Сонымен бірге коммуникация мәселелері бойынша студенттерге арналған көмекші құрал, оқулық және оқу құралдарын жазуға көмектеседі.

    Қорғауға  ұсынылатын тұжырымдар

    1. Саяси коммуникация ақпараттың дамыған ғасырында саяси субъектілердің қоғамды басқарудағы, яғни, өз мақсаттарын жүзеге асырудағы билік үшін күресте қолданылатын тиімді құралдарының бірі болып отыр. Қазіргі таңдағы саяси коммуникация Қазақстандағы саяси жүйедегі өзгерісті бейнелеп, ақпараттық технологияларға негізделген, билік пен қоғамның өзара қатынастарының дамуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар саяси коммуникация билік үшін күресте қоғамның қолдауын қажет етеді, ал қоғам өз мүддесінің ескеріліп, оның билік құрылымында жүзеге асуына ықпал жасауға себепші болады, яғни, бұл өзара келісімді қамтамасыз ететін негізгі басымдық екендігімен ерекшеленеді. Саяси коммуникацияны жүзеге асырудағы ақпараттық технологиялар жаңа заман талабына сай жаңартуды қажет етеді, бұл ақпарат алмасудағы өзара тиімділік мәселесін шешуге септігін тигізеді. Қазақстандағы саяси коммуникацияның қалыптасуы мен даму кезеңі тікелей сайлау кезеңдерімен нақтыланатындықтан, оның тәсілдері саяси қызметті жүзеге асырудағы бірден-бір үздіксіз процесс саналады.

    2. Қоғам мен билік арасындағы өзара байланысты мынадай тұрғыда қарастыруға болады: біріншіден, сайлау науқаны кезіндегі өзара байланыс, бұл кезеңде саяси коммуникацияның құралдарын тиімді пайдалану, екіншіден, қоғамның қажеттіліктерін өтеу мақсатында қолданылатын тұрақты байланыс саяси коммуникацияның жаңа тәсілдерін жетілдіру қажет екендігін көрсетеді. Қазақстандағы PR (паблик рилейшнз) қадамдарын жетілдірудің қажеттілігі сайлау науқандары қарсаңында нақтылы байқалады. Осыған орай елімізде PR мамандарына деген сұраныстың қажеттілігі туындайды. Паблик рилейшнз шаралары билік пен қоғамды жақындастыруда, яғни, өзара түсіністік таныту арқылы еліміздегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі сенім құралы. Біздің елімізде PR агенттіктерінің қызметі әлі жеткілікті дамымаған және заңдылық базасы да толық қалыптаспаған. PR агенттіктерінің қызметі мемлекетіміздің саяси тұрғыдан тұрақты дамуындағы биліктің азаматтық қоғам ұйымдарымен ұдайы қарым-қатынас орнатудың тиімді мүмкіндіктерін ұсынады. Еліміздегі PR-дің (паблик рилейшнз) атқаратын қызметі тікелей саяси модернизацияның жемісі болып табылады.

    3. Қазақстанда саяси коммуникацияның  негізгі құралы ретіндегі БАҚ-тың қызметі ерекше орын алады. Өйткені саяси салада саяси субъектілердің атқаратын қызметі туралы ақпарат қоғамда тікелей бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асырылады. Бұқаралық ақпарат құралдары саяси жүйедегі саяси билік қызметіне қатысты қоғамдық пікірді қалыптастырады. Саяси субъектілерінің билік үшін күресінде, сайлау науқандарында өзара бәсекеге түсуінде сайлаушылардың дауысын иеленуде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі басым. Жариялы құрылым саналатын бұқаралық ақпарат құралдарының бүгінгі таңдағы тұтынушыларының саны артуда және оларды таратудағы бұқаралық коммуникация құралдары да кеңінен даму үстінде. Алайда, бұл бұқаралық ақпарат құралдары үнемі сенімді, объективті мәліметтер таратады дегенді білдірмейді. Ақпараттар тарату аясына қарай, әсіресе, сайлауалды науқандарында бұқаралық ақпарат құралдарының манипуляциялық тәсілдеріне кеңінен орын беріледі. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарының билік пен қоғамның өзара байланысын қамтуда шешуші рөл атқаратыны сөзсіз. Бүгінгі таңда еліміздегі саяси коммуникацияны жүзеге асырудың тиімді құралдарының бірі – отандық БАҚ өзіндік ықпалға ие болып отыр.

    4. Демократиялық жүйедегі мемлекеттердің бір ерекшелігі – олардың өз елінің азаматтарымен тең дәрежелі диалогқа түсетіндігінде. Қазақстан Республикасы демократиялық принциптерді қалыптастыру үстіндегі посткеңестік мемлекеттердің бірі. Назар аударарлығы, қоғам мен билік арасындағы байланыс дұрыс жолға қойылмаған жағдайда азаматтардың билікке деген сенім білдірмеуі немесе саяси шеттетілуі анықталады. Соның салдарынан саясатқа деген азаматтардың селқостық танытуы орын алады да, билік қоғам тарапынан болатын саяси қолдауды жоғалтады, ол азаматтардың саяси процеске қатысуда белсенділік танытпауында етек алады. Елімізде билік пен қоғам арасындағы байланыс жеткілікті дәрежеде емес. Мұндай жағдайды болдырмау үшін, елімізде саяси PR (паблик рилейшнз) шаралары тұрақты қызмет атқаруы және саяси субъектілердің халықпен байланысын реттеудің мүмкіндіктерін қарастыруы тиіс. PR (паблик рилейшнз) агенттіктер билік пен қоғамның өзара қарым-қатынасында келісім мен сенімді қалыптастыратындығымен ерекшеленеді.

    5. Қазақстанда саяси коммуникацияның  қалыптасуы өзіндік өзгешеліктеріне  байланысты түрлі кезеңдерден  өтті. Қоғамдық құрылымда саяси  коммуникацияның қалыптасуы мен  дамуы тікелей саяси басқару  нысанына байланысты. Яғни, мемлекетіміздегі  жүргізіліп жатқан реформалар мен қабылданып жатқан нормативтік заңды құжаттар, шығарылған шешімдер, қаулы, қарарлар саяси коммуникацияның жүзеге асырылуының нақтылы нәтижесі. Бүгінгі таңда саяси коммуникацияның нығаюына мемлекетіміздегі жаңа ақпараттық технологиялардың дамуы да өз ықпалын тигізеді.

    6. Қазақстандағы саяси коммуникацияны  жетілдіру мен тиімділігін арттыруда,  оның құралдарын тікелей әрі  орынды қолданудың жолын қарастыру  қажет. Сайлау науқанында қолданылатын  «лас технологиялар» саяси коммуникацияның ерекшелігін немесе тиімділігін емес, керісінше құқықтық базасының жеткілікті қарастырылмағандығын көрсетеді. Осы орайда, интернет – елімізде билік пен қоғам арасында дәл қазіргі кезеңдегі жедел ақпарат алмасудың көзі болып отыр. Дегенмен, бұл желі де ақпараттандыру жағынан еліміздің барлық тұрғындарын қанағаттандырмайтыны белгілі. Қазақстандағы саяси модернизация билік пен қоғам арасындағы өзара байланыста жариялылықтың, келісімнің, сенімнің болуын талап етеді. Саяси билікті жүзеге асыруда саяси субъектілермен қатар, қоғамның да мүддесі ескерілгені азаматтық қоғамды қалыптастырудағы ізгіліктердің бірі.

    Зерттеу жұмысының сыннан өтуі мен мақұлдануы. Диссертациялық жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Саясаттану және әлеуметтану кафедрасының мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.

    Диссертацияның негізгі қағидалары мен қорытындылары 11 ғылыми мақалалар мен тезистерде жарияланды. Жоғары Аттестациялық Комитеттің талабына сәйкес, диссертациялық зерттеу жұмысы 4 халықаралық, соның ішінде біреуі шетелде «Қазақ диаспорасы: кешегісі, бүгіні, ертеңі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Баян Өлгий қ. Моңғол ұлысы., 2009 ж.), «Әуезов шығармашылығы және мәдениеттер диалогы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Семей қ., 2007 ж.), «Түркілердің тарихи-мәдени мұрасы Еуразиялық және Орталық Азия контекстінде» атты Абай атындағы ҚазҰПУ-дің 80 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Алматы қ., 2008 ж.), «Қазақстан жаһандану жағдайында саяси-әлеуметтік және экономикалық даму кезеңінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Тараз қ., 2008 ж.) және 2 республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда: «Инновациялық технологияларды қолдану негізінде педагог кадрларын даярлау сапасын жетілдіру» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Шымкент қ., 2007 ж.), «Мемлекеттік тіл: бүгіні, болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Семей қ., 2007 ж.) жарияланған.

    Сонымен бірге  диссертациялық зерттеудің  негізгі мазмұны мен теориялық қағидалары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Хабаршысында (Философия сериясы. Саясаттану сериясы. Мәдениеттану сериясы), Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысында («Әлеуметтану және саяси ғылымдар» сериясы), және «Ізденіс» (Гуманитарлық ғылымдар сериясы), «Ақиқат» атты республикалық қоғамдық-саяси журналдарда жарық көрді.

Информация о работе Қазақстан Республикасындағы саяси коммуникация: ерекшеліктері мен проблемалары