Автор: Пользователь скрыл имя, 27 Февраля 2013 в 16:03, научная работа
Тақырыптың өзектілігі. Кітап мұрасы дүние жүзі халықтарының көпғасырлық мәдениеті мен тарихын, тілі, дәстүрі мен әдет-ғұрпын бейнелеп қана қоймай, ұжымдық естеліктің басты бөлігі болып есептеледі. Осы асыл мұраларға байланысты біз бүгін көп қырлы көп ғасырлық дүние жүзілік өркениеттің даму тарихын терең зерттеп, барлық адамзаттың пайдаланған таптырмас тәжірибесін пайдалана аламыз.
Ә. Бектемісовтың кітабында Қазақстанда кітап баспаларының өткен жолы мен өркендеуі, қаз тұрып қадам басуы, оқулық әдебиеттері, қазақ баспагерлері туралы әр жылдарда жазылған естеліктері бар[11].
А.Г. Каримуллин еңбегінде Қазан төңкерісінен кейінгі кітап баспа ісінің қалыптасуын сипаттап, оның кейбір жеке қайраткерлеріне тоқтаған [12]. Бұл еңбектің құндылығы Москвада шыққан татар кітаптарына анықтама жасап, Москва, Қазан қалаларындағы мұрағат құжаттарын ғылыми айналымға енгізгенінде. Бұдан татар және қазақ баспа істері осылайша тығыз байланыста болғанын байқаймыз.
Біз өз зерттеуімізде кітап тарихына қатысты еңбектерді пайдалана отырып, баспалардың қандай бағытта жұмыс атқарғанына талдау жасадық. Кітап баспа ісі туралы Ресейде шыққан еңбектерді тақырыптың кейбір тұстарын ашуда қолдандық. Атап айтқанда, И. Баренбаум еңбегінде кітап тарихына сипаттама жасалған. Кітапта мемлекеттік баспалардың, жалпы Кеңес дәуіріндегі баспаның тарихы ғылыми түрде жазылған. Автор кітап тарихына байланысты ғылыми методологияны ұтымды пайдаланған. Осы бағытта жазылған еңбекке К.И. Абрамовтың зерттеуін жатқызуға болады.
А.К. Бочагов еңбегінде Қазақстандағы кітап баспа ісінің алғашқы бастауындағы атқарылған жұмыстары баяндалған. Ғылым мен кітапты бұқара арасына кең тарату туралы үкімет ұран тастады. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында кітапхана ісі туралы еңбектер де жарық көрді.
Кеңестік кітап баспа ісінің мәселелері, кітап тарихы туралы пікір-талас материалдарын жариялаған Бүкілодақтық Кітап палатасының «Кітаптар. Зерттеулер мен Материалдар», Қазақ ССР А.С. Пушкин атындағы Мемлекеттік кітапханасының «Вопросы истории и кнгиговедения», ҚР Ұлттық кітапханасының «Кітапханатану, библиография, кітаптану» жинақтарының маңызы зор.
90 жж. біз тәуелсіздігіміздің тізгінін қолымызға алып, өзімізді тарихи тұрғыдан тани бастағанда тарихтың «ақтаңдақ» беттерін жаңа көзқараспен саралап, бұрын тиым салынған деректерімізді зерттеуге мүмкіндік алдық. М. Қозыбаевтың еңбегін елдегі мәдени революцияны жаңа көзқараспен сипаттағанымен құнды деп есептейміз. М. Қозыбаев, І. Қозыбаевтың тарихнама туралы жазған кітаптарында Қазақстандағы ғылыми қоғамдар жұмысы туралы толық мәліметтер бар.
Т. Қожакеевтің еңбегі 1937-1938, 1950 жж. қуғын-сүргінге ұшыраған және Ұлы Отан соғысы кезінде ерлікпен қаза тапқан жиырмасыншы жылдардың көрнекті публицист баспагер журналистерінің шығармашылық қызметіне арналған.
Ә.Н. Құдайбергеновтің «Мәдени мұра» бағдарламасының білім беру үдерісіндегі маңызы жайында жазылған мақаласында ХХ ғ. 20-40 жж. республиканың мәдени және ғылыми тынысына қатысты тұжырымдар берілген.[13]
Ө. Озғанбай кітабында Алаш зиялыларының еңбектеріне талдау жасай отырып, патша үкіметінің отаршылық саясатын аша білген. Алашорданың күрделі мәселелерін зерттеуде үлкен қадам жасаған К. Нұрпейісов болды. Ол тарихи әдебиетте алғаш рет Ә. Бөкейхановтың «Алаш» партиясын құру, «Алашорданың» төрағасы болған кездегі қызметін, жалпы ел басқарудағы рөлін көрсеткен. Автордың бұл еңбегінің біз үшін құндылығы сол кездегі баспасөз материалдарына, мұрағат құжаттары бойынша кейбір еңбектер мен мақалаларға сипаттама жасағаны болып табылады. М. Қойгелдиевтің зерттеулерін Алаш зиялы қауымының өз заманындағы тарихи оқиғаларға ат салысып атқарған қызметтері мен ғылыми еңбектеріне талдау жасағанымен құнды деп есептейміз. 20-40 жж. тарихи оқиғаларына ғылыми түрде сипаттама жасап, мұрағат құжаттары мен сол кездегі еңбектерге сараптама жасаған Т.Омарбековтың еңбегі де маңызды болып табылады.
Біз зерттеуімізде ұлттық баспа ісінің бастауында оның қалыптасуына зор еңбек сіңірген Алаш зиялыларының өз еңбектерін де мүмкіндігінше пайдалануға тырыстық. Атап айтқанда, Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, Ж. Аймауытовтың, Х. Досмұхамедовтың, М. Тынышбаевтың, С. Сейфуллиннің, М. Дулатовтың еңбектері пайдаланылды. М. Құлмұхамедтің Жақып Ақбаев туралы еңбегі сол кездегі баспадан шыққан материалдарды алуға септігін тигізді. Алаш тарихнамасын зерттеген Р. Нұрмағамбетованың еңбегі ескі және жаңа көзқарастарды салыстыруға көмектесті. М. Тынышбаев туралы Г. Жүгенбаеваның еңбегінде тарихи-танымдық еңбектер қатарына жатқызамыз.
Қазақ ССР Мемлекеттік кітапханасы басшылығы 1931 ж. «Қазақстантану» жабық, ерекше (нөлдік) қорында Алаш Орда белсенділерінің кәмпескеленген кітаптарының қорын ұйымдастырды. ҚР Ұлттық кітапханасының «Қазақстантану» кітап қорларының қалыптасуы жөніндегі Р. Бердіғалиеваның еңбегінің де маңызы зор. ХIХ екінші жартысы мен XX басындағы Қазақстанда кітапхана ісі туралы В.З. Галиевтің еңбегінде аталған мәселенің кейбір тұстарын ашуда пайдаландық [14]. С. Рахимжанованың Қазақстан кітаптарының тарихына арналған оқу құралында 1945–1960 жж. кітап баспа ісіне сипаттама берілген [15]. Өз зерттеуіміздегі ХХ ғасырдың 20-40 жж. кітап баспа ісінің дамуы мен міндеттерін ашуда автордың 40 жж. қатысты мәліметтерін пайдаландық. Қазақстан баспа ісінің көрнекті қайраткері, белгілі журналист, білікті аудармашы М. Мамажанов кітап тарихы туралы зерттеулер мен танымдық маңызы бар еңбектер жазды. Автор бір еңбегінде республикалық кітап мұражай қорындағы құжаттар мен жәдігерлерге сүйене отырып, кітап тарихын жаңа көзқарас тұрғысынан зерделесе, келесі бір еңбегіне жылдар бойы жинақтаған ізденістері, аударма еңбектері енгізілген.
Кезінде қазақ баспасөзі тарихының очеркін Қ. Бекхожин жазса, 90-жж. әлем баспасөзі тарихын қосып, қазақ баспасөзіне сипаттама жасаған еңбектер де шықты. Сонымен қатар қазақ баспасөзіндегі материалдарды тарихи дерек ретінде зерттеген Қ. Атабаевтың еңбегі де ғылымға қосылған үлкен үлес деп санаймыз. ХІХ-ХХ ғ. басындағы қазақ кітап баспа ісінің тарихын фольклор, көркем әдебиет және цензура тақырыбында сипаттама жасаған Ж. Шалғымбаеваның зерттеуі ұтымды еңбек болып саналады.
ХХІ ғ. басында да баспа ісі мен баспагерлер туралы әдебиеттер шыға бастады. Мысалы, Ү.Х. Субханбердина революцияға дейінгі қазақ баспасөзі бетіндегі жарияланған материалдарды қазақ халқының атамұраларын, арыстар қалдырған аманаттарды жинақтаумен айналысты. Ол әр материалдарды терең зерттеп, ғылымдағы маңызын түсіне білді. Оның барлық еңбегінде Қазақстанның төңкеріске дейінгі бейнесін көрсететін қазақ мерзімді баспасөзі туралы теңдесі жоқ бағалы мәліметтер берілген. Автордың cондай еңбегінің бірін біз төңкеріске дейінгі ғылыми еңбектерді сипаттағанда пайдаландық.
Қазақстанда кітап баспа ісі үлгісінде мәдени құрылыс тарихынан оқу құралын жазған Д.А. Атабаев, Ә.Ғ. Есенғалиеваның еңбегі де мәдени құрылыс тарихындағы кітап баспа ісі үлгісіндегі әдебиеттер қатарын толықтырады. Қазақстан Ғылыми қоғамдарының жарық көрген еңбектеріне анықтама жасағанда Г.А. Демешеваның библиографиялық көрсеткішін пайдаландық [16]. Е. Валиханов Орыс Географиялық қоғамы, А.Т. Селкебаева Қазақстанды зерттеу қоғамының ғылыми-ағартушылық қызметінің нәтижелері мен құрылу тарихы туралы еңбектер жазған [17]. Т.А. Мансұровтың КСРО Орталық Атқару Комитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы, түрік халықтарының жазуын латын әліппесіне көшіру жөніндегі Орталық Комитеттің төрағасы қызметін атқарып, 1928–1936 жж. Төтенше және өкілетті өкіл (сол кездегі ең жоғарғы дипломатиялық атақ) деген лауазыммен Кеңес Одағының қазіргі Сауд Арабиясындағы елшісі болған, 1937 ж. «халық жауы» деген айыппен атылған Нәзір Төреқұлов туралы зерттеуі баспагерлер тұлғасын ашқан үлкен еңбек деп санаймыз. Бұл туралы тарихшылар К.Н. Бурханов пен С.Ф. Мажитовтың мақаласында да жоғары баға берілген.[18]
Қазақстандағы мәдени революция идеологиясы тұжырымдамасы 20-30жж мәдениеті баспа ісі, ғылым және ғылыми қоғамдар тарихы бойынша қорғалған соңғы жылдардағы докторлық және кандидаттық диссертациялар қатарына Қ.Ә Ахметов., А.Т Қапаева., С.Р Рахимжанова, Д.А. Атабаев, Е.Д. Қасымов, А.Т. Селкебаева т.б. ғылыми зерттеулерін жатқызуға болады.
Аталған мәселенің зерттелу деңгейі бойынша байқағанымыз біріншіден, бұл тақырып кеңестік жүйедегі мәдени саясат шеңберінде болған үрдістердің ғылыми түрде талдануы үшін әлі де өзекті екендігі. Екіншіден, ХХ ғасырдың 20-40 жж. жарық көрген ғылыми кітаптар мен басылымдарға байланысты осы күнге дейін арнайы зерттеу ісі жұргізіліп, жан-жақты баға берілмегендігі. Үшіншіден, мемлекетіміздегі «Мәдени мұра» Ұлттық стратегиялық бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан шараларды жүзеге асыруда ғылыми кітаптардың басылымы, олардың қоғамдағы рөлін анықтау ісі әлі қолға ойдағыдай алынбай жатыр.
Зерттеу нысаны. Қазақстандағы ғылыми кітаптардың бағыттары, салалары, баспа ісінің дамуы, дайындалу және олардың жарық көру үрдісін зерделеп, оның тарихын жүйелі түрде көрсету.
Зерттеу пәні. ХХ ғ. 20-40 жж. Қазақстандағы ғылыми кітаптар тарихын жан-жақты зерттеп, оған объктивті баға беру.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық зерттеудің басты мақсаты ХХ ғ. 20-40 жж. Қазақстандағы ғылыми кітаптар басылымының тарихын зерттей отырып, оның Отан тарихында алатын орнын айқындау. Осы мақсатқа орай алға мына міндеттер қойылды:
– Ғылыми және ғылыми-көпшілік кітаптар мен басылымдарға анықтама жасау;
Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. ХХ ғ. 20-40 жж., яғни ел азаматтық қорғаныс кезеңінен бас көтеріп, қираған халық шаруашылығын қалпына келтіріп, жаңа экономикалық саясат жүргізілген кезде кітап баспа ісінде де өзгерістер болды. 30 - жж. елде ұжымдастыру саясаты жүріп, қалжыраған халық Ұлы Отан соғысын бастан кешірді. 1946 жылы Ғылым Академиясы құрылып, Қазақстан ғылымы бой көтере бастады. Осы уақыттар аралығында бірқатар жаңа баспалар жұмыс істеді.
Зерттеу жұмысының әдістемелік базасына тарихилық қағидалары алынды. Зерттеуге негізгі диалектикалық методология тұрғысынан қарап, салыстырмалы, индуктивтік, дедуктивтік, құрылымдық-функционалдық әдістер бойынша талдау жасалынды. Ғылыми тәсілдер ішінен өркениетті тәсілді қолдануға тырыстық.
Қазақстандағы қоғамдық-саяси өзгерістердің дамуын нақты зерттейтін тарихи объективтілік және тарихты диалектикалық заңдылық тұрғысынан қарастыру қағидалары негізге алынды. Кеңес үкіметіне, партиялық материалдарға салыстырмалы-тарихи түрде сыни талдау жасалынды. М.Қ. Қозыбаев, К.Н. Нұрпейіс, М.Х. Асылбеков, С.Ф. Мажитов, т.б. бірқатар ғалымдардың теориялық маңызы бар еңбектеріндегі методологиялық ой тұжырымдарын негізге алуға талпыныс жасадық.
Зерттеудің деректік негізі. ХХ ғ. 20-30 жж. шыққан басылымдар зерттеу нысанының дерек көзі ретінде алынды. Атап айтқанда, Қазақ АКСР мемлекеттік баспасы туралы 1929 ж. шыққан каталог [19]. Ол қазақ тілінде араб шрифтісімен шыққан. Сол сияқты 1930–1934 жж. басылымдар каталогын, Қаз ССР мемлекеттік библиография орталығының «Кітап шежіресін» атауға болады. Қазақстандағы біріккен мемлекеттік баспасының каталогы да жарық көрген. Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің «Мемлекеттік баспа туралы» декреті кітап баспа ісін қолға алғанын дәлелдейді.
Кеңес Одағының коммунистік партиясының мәдениет бойынша жинақталған құжаттар жинағы партияның баспа ісі саласындағы саясатын талдағанда қолдандық. «Печать Каз ССР » статистикалық материалдар, 1917–1967 жж. Қазақстандағы баспа өнімдері туралы көрсеткіштер бар. КОКП резолюцияларын, партия съездері, Пленумдары материалдарын да дерек көзі ретінде қолдандық.
Баспа ісіндегі Кеңес үкіметінің саясатын ашып көрсету үшін сол кездегі мемлекет құжаттары мен заңдық материалдарын, Кеңес үкіметінің декреттерін тақырыптың кейбір тұстарын дәлелдеуде пайдаландық. Қазақ кітаптарының жиынтық каталогы да сараптама жасағанда дерек ретінде пайдаландық. Қазақстандағы социалистік құрылыс туралы құжаттар мен материалдар жинағынан Кеңес өкіметінің халыққа білім беру саласындағы саясатын сипаттағанда қолдандық.
Деректердің бір тобын Ғылыми қоғамдардың Еңбектері, Жазбаларындағы материалдар құрады. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының (ҚР ОММ) Кеңестік кезең қорындағы 30, 929, 1241, 1384, 1386, 693, 1252, ҚР Президент мұрағатының (ҚР ПМ) 720 қорларындағы тақырыпқа байланысты материалдар алдық. Сонымен қатар республикалық кітап мұражайындағы, ҚР Ұлттық кітапханасындағы, ҚР БҒМ Орталық ғылыми кітапханасының материалдарын да мүмкіндігінше пайдаландық. Республикалық кітап мұражайының сирек кездесетін кітаптар каталогы да негізгі дерек болды.
Деректердің келесі тобын баспасөз материалдары құрайды. Олардың ішінде «Новый Восток», «Сарыарқа», «Еңбекші қазақ», «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» т. б. бар. Түркістан қаласындағы газеттерде «Ғылыми хабарлар» рубрикасы шығып тұрды. Баспасөзде қазақ зиялы қауымының мақалалары кезінде көп жарияланған. Мысалы, Н. Төреқұловтың Орталық баспаға 5 жыл толуына байланысты шыққан мақаласы 1929 ж. «Новый Восток» газетінде жарияланған.
Сол сияқты Қ. Сәтпаевтың хаттары, орталыққа жазған баспа істері туралы өтініштері біз үшін маңызды дерек болды.
Анықтамалық материалдардан сөздіктер, энциклопедияларды да қолдандық. Кітаптану туралы энциклопедия да коммунистік идеология тұрғысынан жазылғанына көзіміз жетті.
Информация о работе Қазақстандағы ғылыми кітаптар басылымының тарихы