Тоталитарлық саяси жүйе

Автор: Пользователь скрыл имя, 16 Декабря 2012 в 17:59, курсовая работа

Краткое описание

Курстық жұмыстың мақсаты – саяси жүйе мен оның жіктелуін терең зерттеу, даму тарихын зерделеу, тоталитарлық саяси жүйеге қатысты заманауи көзқарастарды ашу, тоталитаризмнің келешегі мен мүмкіндіктерін анықтау.
Курстық жұмыстың мақсатына жету үшін келесі міндеттер алға қойылды:
•саяси жүйегі түсінігі мен оның жіктелуін талқылау;
•саяси жүйенің және оның жеке түрлерінің қалыптасу тарихын қарастыру;
•тоталитарлық саяси жүйенің артықшылықтары мен кемшіліктері анықтау;
•тоталитаризмнің заманауи көзқарастарын ашу;
•әлем елдерінің тоталитарлық саяси жүйедегі тәжірибесін салыстырмалы түрде талдау.

Оглавление

КІРІСПЕ 3
І САЯСИ ЖҮЙЕНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕМЕСІ
1.Саяси жүйе түсінігі мен түрлері 5
2.Тоталитарлық саяси жүйенің мәні мен ерекшеліктері 13
ІІ ТОТАЛИТАРЛЫҚ САЯСИ ЖҮЙЕНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
2.1 Тоталитаризмнің даму тарихы 17
2.2 Тоталитарлық саяси жүйенің пайдасы мен залалдары 20
ІІІ ТОТАЛИТАРИЗМ САЛАСЫНДАҒЫ ЗЕРТТЕУЛЕР
3.1 Кейбір елдердің тоталитарлық жүйедегі тәжірибесі 23
ҚОРЫТЫНДЫ 30
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИТТЕР 33

Файлы: 1 файл

ТОТАЛИТАРЛЫҚ САЯСИ ЖҮЙЕ.docx

— 82.71 Кб (Скачать)

Әлбетте, бұл тақырып туралы әңгіме қозғағанда біз саясаткерлердің  ізгілік қасиеттері туралы айтқымыз жоқ. Себебі, саясатта ізгілік деген  түсінік болмайды. Сондықтан біз  әртүрлі мемлекеттерді басқарған  патшалардың ел билеудегі айла-шарғылары, тәсілдері, олардың әрбір оқиғалар мен құбылыстарды бағалай, екшей  білетін қасиеттері, ақылға қонымды  ой-орамдары, сөз тапқырлығы, реті келгенде қисынын тауып айтып жіберетін шешендігі, олардың кәдуілгі адамға тән пенделік осалдықтары туралы айтқымыз келеді.

Алғашқы әңгімеміз Испания диктаторы Франко туралы. Испания диктаторы Франко билік басына 1939 жылы келді. Тап осы уақыттан бастап ол елді 40 жыл үздіксіз басқарды. Жаяу әскер академиясын бітірген әскери маман, кейін генерал Франко 1936 жылы Испан республикасына қарсы әскери-фашистік бүлікті басқарды. 1939 жылы республика құлағаннан кейін әскери хунта тағына отырып, билікті 1975 жылы қайтыс болғанға дейін уысынан шығармады.

Тарихтан белгілі, 1939 жылы Испанияда республика жағында Кеңес Одағының және басқа да мемлекеттердің еріктілері соғысқан болатын. Осы тұрғыдан алғанда, Франко коммунистік режимді барынша жек көріп өтті. Билікке келісімен Франконың Испанияға қатысты бейтараптық саясат ұстанғанына қарамай-ақ Гитлер мен Муссолини (Италия диктаторы) оны екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағына қарсы соғысқа тартуға әбден үгіттеп бақты. Себебі, испан диктаторының республикашыларды жеңіп, билік басына келуіне Гитлер үлкен қолдау көрсеткен болатын. Бұл жағынан алғанда, Франко Гитлердің алдында мәңгі қарыздар еді. Алайда, саясат деген сайқалдың жүрген жерінде жігіттік, мәрттік, пәтуә болған ба, испан диктаторы айтқанынан қайтпайтын Гитлерді әрдайым өз дегенімен жүргізуге итермелеп отыратын. Ол фашист диктаторына қарағанда оңды-солын бағамдай алатын, барлығын електен өткізіп отыратын біліктілігімен, сондай-ақ әккі қулығымен ерекшеленетін еді. Гитлердің алдында «ләппәй тақсыр», деп құрдай жорғалағаннан әріге бармай, ұдайы әліптің артын бағатын. Мұнысы, сірә, Кеңес Одағы секілді алып аждаһаға қарсы күрестің барысын бақылап, абайламай қадам жасаудан сақтанудың айрықша ұстанымы еді.

Гитлер мен Муссолини табандап қоймаған соң, ақыры ол герман-кеңес майданына өзінің қырық жамаудан құралған дімкәс дивизиясын жіберуге мәжбүр болды. Ол алғашқы ұрыстарда-ақ Ленинград түбінде күл-талқан етілді. 18 мың адамның дені өліп, қалғаны тұтқынға түсіп, бірлі-жарымы соғыс аяқталған соң 10 жылдан кейін еліне оралды.

Тарихшылар Франконың қылышынан  қан тамған диктаторлығымен қатар  құрық бойламайтын әккі қулығы туралы да аңызға бергісіз әңгімелерді алға тартады. Осыған орай мына бір тарихи оқиғаны оқырмандар назарына салудың реті келіп тұр.

1940 жылы Мадрид вокзалында Гитлерді қарсы алған ол өзінің оған деген сүйіспеншілігін барынша жаңа қырынан көрсетуге талпынып бақты. Сән-салтанаты мол әртүрлі жылы қабылдаулар мен кездесулерден кейін Франко Гитлерді өзінің қызмет кабинетіне елеусіздеу жағдайда алып барады. Бұл кезде жарты Европаны аяғының астына таптап, кеудесіне нан піскен Үшінші Рейх канцлерін еш нәрсемен таң қалдыру мүмкін емес еді. Ал Франко әрдайым бірдеңені ойлап табатын. Кабинетке енген Гитлер испан диктаторының орынтағы тұсындағы қабырғада өзінің және Муссолинидің жарқыраған портреттерін көріп, таң-тамаша болды. Мақтауды өлердей сүйетін, көп нәрсенің байыбына бара бермейтін Гитлер осы жолы испан диктаторының құрығына мықтап түскенін білмей қалды. Ал бұл, шындығына келгенде, Франконың Гитлер мен Муссолиниге «Менің сіздерге деген сүйіспеншілігім шексіз» деген алдамшы сезімі болатын. Бір қызығы, арада екі жыл өткенде гитлерлік армия Сталинград түбінде күйрей жеңілді. Сөйтіп, соғыстың бетбұрыс кезеңі басталды. Осы кезеңде Франко жалма-жан әлгі портреттерді жұлып тастап, орнына Рим Папасының суретін іліп қоюға пәрмен берді. Бұл диктатордың: «енді екеуіңе де сенбеймін, сүйенетінім - бір құдай», дегені еді.

Бұған не дейсіз? Саяси сайқалдық, әлде кәдуілгі жұрт айта беретін хамелеондық па? Қалай бағаласаңыз ерік өзіңізде, қулық пен ақылдылық, өз ұстанымына деген ішкі сезімнің беріктігі әрбір саясаткердің бойынан табылуы тиіс қасиет екенін ескерсек, Франко бұл жолы екі жеп биге шықты. Ол біріншіден, ел мүддесін қорғап, жастарды соғыстан аман алып қалды. Екінші жағынан Кеңес Одағымен бейтараптық саясат ұстады. Егер ол соғысқа кіріскенде (ал оның кімнің пайдасына шешілгені мәлім) тағдырының қалай болатыны белгілі еді. Франко кейінірек әлгі соғыста босқа қырылған дивизиялардың солдаттарын «батырлар» деп жариялап, өзінің елдегі билігін нығайта түсті. Сөйтіп, ол Испанияны қырық жылға жуық басқарды.

Әлбетте, оның басқару жүйесі, елдегі ахуал осы жылдары жіптіктей болды деу қиын. Испанияда 40 жыл өмір сүрген тоталитарлық жүйе саяси өмірді демократияландыруға жол бермеді. Бірақ, Франко халықаралық жағдайды байыпты бағалап, сәл-пәл шегініс жасап отырды. Қатаң билікті уысынан шығармай, экономиканың еркін дамуына жол ашты. Осының нәтижесінде Испанияға шетелдік инвестициялар ағыла бастады. Мемлекеттің ақшасы - песет конверттелетін валютаға айналды. Ол әлемдегі өзгерістерге үн қоса отырып, Испанияны ұзақ басқарды. Франко тарихта Гитлер мен Муссолини секілді жылт етіп көрініп, жоғалып кетпей елін жаманды-жақсылы басқарып, тарихта тұлға болып қалды.

Иосиф Сталин қаншалықты қатыгездігіне қарамастан ХХ ғасырдың ірі тұлғаларының бірі болып табылады. Табиғи болмысы жағынан ол шектен шыққан тым қатыгез болды. Өткен ғасырдың отызыншы, елуінші жылдары ол жүргізген репрессия салдарынан миллиондаған адамдардың өмірі қиылды, көпшілігі тұтастай саналы ғұмырын азапта өткізді. Таңғаларлығы сол, ол құрған репрессиялық машина мүлтіксіз жұмыс істеді. Қарама-қайшылығы мол, әлемдегі алып мемлекетті 30 жылдан астам уақыт басқарған Сталиннің қатыгез саясаты жөнінде көп жазылды. Бұл тақырыпқа тарихшылардың әлі де талай рет қалам сермейтініне еш күмәніміз жоқ. Алайда, біздің бүгінгі айтпағымыз мүлдем басқа тақырыптың әңгімесі.

Бұрынғы Кеңестер Одағы халқының көсеміне айналған Сталинге табиғат зұлымдық жағынан ерекше қабілет берді. Осыған қарамастан оның өз әріптестері, әсіресе, әлемдік тәртіпке өз билігін жүргізген ұлы державалар - АҚШ пен Ұлыбритания басшылары Рузвельт пен Черчилль алдында өзінің ақылы мен білігін ұрымтал тұста әдемі сөз тіркестерімен жеткізе алатын айрықша қабілетін де мойындамасқа болмайды. Сталиннің оқыстан тауып кететін тапқыр сөздері, адамның ішкі жан дүниесіне қатысты нәзік иірімдерді игере білуі екінші дүниежүзілік соғыстың жауапты кезеңдеріндегі сәттерде барынша жаңа қырынан танылғаны тарихтан мәлім. «Халықтар көсемі» қаншалықты қатыгез болса да, оның бойын адамға тән қорқыныш сезімі билеген сәттерін де жоққа шығарғымыз келмейді. Уақыт өте келе мұндай шындықтар да қалың көпшілікке мәлім болуда. Осыған орай бір тарихи эпизодты оқырмандар назарына ұсынғымыз келеді.

Тарихтан белгілі, 1939 жылдың тамыз  айында Мәскеуде Германия мен Кеңес  Одағы арасында бір-біріне шабуыл жасаспау туралы келісімге қол қойылған болатын. Бұл келісім тарихқа Риббентроп-Молотов (екі елдің сыртқы істер министрлері) пактісі болып енді. Бұған дейін Европадағы Ұлыбритания және Франция секілді мемлекеттер басшылары Гитлердің айдауымен жүріп, оның ықпалында кеткені тарихтан белгілі. Осы сұрқия саясат нәтижесінде Европада бірін-бірі сырттай сатып кетушілік белең алып, ірі мемлекеттер күш біріктірудің орнына, әрқайсысы өз көрпесін өзіне қарай тартып, ұсақ елдерді Гитлердің табанының астына салып берді. Ал мұны Гитлер өте сәтті пайдалана білді. «Саған тимеймін», деп уәдені көлгірсіткенімен фюрер кейін барлығын сазға отырғызып, Европаның төрін жаныштай бастады. Соңғы кезек Кеңес Одағына келгенде Сталин көп ойланған жоқ. Ол іштей Германиямен соғыстың болмай қоймайтынын сезсе де, Гитлермен өзара шабуыл жасаспау жөнінде келісімге келуге мәжбүр болды. «Халықтар көсемі» үшін бұл уақыт ұттырып, ел қарулы күштерін нығайту мақсатындағы қабылданған шешім болатын. Сөйтіп, Мәскеуде Риббентроп пен Молотов қол қойған келісім дүниеге келді.

Екі мемлекеттің Сыртқы істер министрлері тиісті құжаттарға қол қойғаннан кейін Риббентроп айрықша көтеріңкі көңіл күйде болатын. Ол орнынан тұрып «Хаиль Гитлер!», дегенде ештеңеден қаймыға қоймайтын салқынқанды Сталин селк ете қалған көрінеді. Бұл жолы оны қорқытқан ұлы Германияның айбарлы, сұсты соғыс машинасының қаһары болатын. Шындығында осы уақытта Кеңес Одағы Германиямен айқасуға әзір емес еді. Бұл Сталиннің бойында тұңғыш пайда болған қорқыныш сезімі болатын. Ол диктатор ретінде өз елінде өзін қанша мықты сезінсе де, уақыт тудырған тарихи шындықты мойындап, Гитлердің алдында дәрменсіздігін амалсыз байқатуға мәжбүр болды.

Есесіне, Сталин 1943 жылдан бастап әлемдік  билік аренасында өзге әріптестеріне сұс көрсететіндей дәрежеге жетті. Бұл соғыстың бетбұрыс кезеңі Кеңес Одағының пайдасына шешілген уақыт болатын. Ұлы мемлекеттер басшылары 1943 жылы Тегеранда бас қосты. Конференцияда одақтастарға Гитлер тарапынан қастандық жасалуы мүмкін деген сақтықпен қауіпсіздік шараларына ерекше мән берілді. Бұл орайда НКВД бастығы Берияға айрықша міндеттер жүктелді. Осыны шебер пайдаланған ол тіпті Рузвельт, Черчилль, Сталиннің кезекті отырысы өтетін залға емін-еркін кіріп кете беретін. Тар шеңберде, өте құпия жағдайда өткізілген бір мәжілісте Рузвельт Сталинге:

- Анау, елші Громыконың оң жағында  отырған көзілдірікті мырзаны танымадым, - деді ол Берияны нұсқап.

Сталин бір таңғаларлығы бұл жолы да өзінің астарлы мазмұнда сөйлейтін әдетінен бір сәт жаңылған жоқ. Ол АҚШ Президентіне:

- Е-е... ол біздің Гиммлер ғой, - деді елеусіздеу ғана.

Келіссөзге қатысқан куәгерлердің айтуынша, Сталиннің осы сөзінен  кейін АҚШ Президенті бойын бейнебір суық қарып өткендей өңі өзгеріп, тітіркеніп кеткен көрінеді. Сірә, демократ Рузвельт тоталитарлық екі режимнің бірін-біріне соншалықты ұқсайтын, миллиондаған адамдарды құрбандыққа шалған қос жендетінен ерекше бір қорқынышты үйлесімділікті тапқан болуы керек.

Кеңес Одағында Сталин билігіне қарсылық білдіруші оппозициялық күштердің бас көтеруі өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары көрініс бере бастады. Сталин алғашқыда олардан секем алса да, жаппай жазалау амалдарын қолдана қойған жоқ. Алдымен оппозиция серкелерінің бірі Лев Троцкийді жай ғана Алматыға қоныс аудару туралы шешім қабылдады. Осыған орай көсемнің табиғатын аша түсетін мына бір эпизодты көпшілік назарына ұсынғымыз келеді.

Троцкийді Мәскеуден Алматыға шығарып салу үшін Сталин Саяси Бюро мүшелерімен вокзалға келеді. Көсемнің алдында өзінің мықты екенін танытқысы келген болу керек, Троцкий пойызға кешігіп жетеді. Мұнысын көсемнің жақтырмағанын сезген ол Сталинге:

- Тише едешь - дальше будешь, - дейді кекесінді сыңаймен.

Жылдам, ұтқыр жауапқа әрдайым дайын тұратын Сталин:

- Дальше едешь - тише будешь, - дейді аса бір салқынқандылықпен. Көсемнің мұнысы «Менен қашық жүрсең тыныш боласың» деген емеуріні болатын. Алайда, Сталин өзінен жоғары болғысы келіп, менменсігендерді еш аяусыз жазалап, жаныштап отырды. Бұл жолы да осылай болды. Көсемнің оппозициялық күштерді аяусыз қырып-жойып, олармен ымырасыз күрес жүргізгені соншалық, кейін Троцкийді сонау Мексикаға қашып кеткеніне қарамастан, артынан НКВД тыңшысын жіберіп, оны ақыры өлтіріп тындырғаны тарихтан тағы мәлім.

Тағы бір эпизод. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Кеңес Одағында жүргізілген жаппай қуғын-сүргін саясаты кезінде Сталиннің шектен тыс қаталдығы барынша жаңа қырынан танылды. Әсіресе, көсемнің түрмеге қамалғандарға НКВД тергеушілерінің қолымен зорлық-зомбылықтың неше атасын көрсетуі, оларды кісі санасына қонбайтын әртүрлі психологиялық тәсілдермен жаныштап, ақыл-есінен айыруы әлгі айтқан қатыгездіктің айрықша белгілері болып табылады. Ақыры осындай азаптарға, психологиялық қысымдарға шыдамаған тағы бір оппозиция өкілі Бухарин сотта:

- Мен халық жауымын, сол үшін  маған қандай жаза қолданса  да, өзімді оған лайықты санаймын, - деп ашық мәлімдеуге мәжбүр болды.

Тарихта Сталиннің адам тағдырын ойыншық  етіп, өз қарсыластарына соншалықты қатыгездік танытуының мысалдары көп. Осыған қарамастан «халықтар көсемі» өзінің диктаторлық режимінің қатал саясатын әртүрлі айла-шарғылармен ақтап алып, оның іздерін жасырып қалуға тырысып бақты. Бірақ, сол заманда, одан кейін де айтуға болмайтын құпия сырлар қазір қалың жұртшылыққа там-тұмдап болса да жете бастады. Бүгінде кейбір тарихшылар Сталиннің өз құрбандарының іс-әрекеттеріне қарсы ішкі ой-сезімін қағаз бетіне түсіру үшін арнайы күнделік ашқан деген әңгімелерді айта бастады. Оның қаншалықты шындыққа жанасатынын кім білген, бірақ онда жазылғандардың көсемнің табиғи болмысына дөп келетініне еш күмән жоқ. Сталин әлгі Бухаринді атып жіберген күні күнделігіне: «Прости, Бухарчик, мы все заложники своего времени», - деп жазып қойған көрінеді.

Бұл қалай болғанда да қатыгез диктатордың ішкі жан дүниесінің, адам тағдырын тәлкек еткен репрессия механизмінің табиғатының қаншалықты сұсты болғанын білдіреді. Осыған қарап-ақ біздің әкелеріміз бен аталарымыздың осындай ауыр заманда өмір сүріп, зұлым саясаттың құрбаны болғанын аңғару әсте қиын емес. Кешегі күнге дейін репрессия құрбандығына шалынып, аман қалғандардың көпшілігі саясатқа қатысты әңгімелерді көпшілікке жария етуден қорқып өткенін өз басым жақсы білемін.

Біздің кешегі балалық, жігіттік шағымыз қазір тоқырау дәуірі деп аталып жүрген Леонид Ильич Брежневтің билік жүргізу кезеңіне тап келді. Ол диктатор болған жоқ, бірақ бұл дәуір тарихқа «қырғи-қабақ» соғыс атауымен енген, яғни Кеңес Одағы мен АҚШ арасында жанталаса қаруланумен жарысқан дүрбелеңге толы уақыт болды. Брежнев билік құрған 1964-1982 жылдары Кеңес Одағының халқы мамыражай өмір сүрді. Бұл шындығын айту керек, тұтастай алғанда бүкіл социализм дәуіріндегі елдің мұңсыз тірлік жасаған дәуірі болды. Теңгермешілік жүйеге құрылған жоспарлы экономика кемшілігіне қарамастан халықты әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етті. Ешкім «ертеңгі күнім қалай болар екен» деп алаңдаған жоқ. Бірақ, экономикадағы құлдырау нақ осы кезеңде бастау алды. Ақыры кез келген нәрсені жоспарлап бөлу, экономикадағы ынталандыру тетіктерінің қалыптаспауы шаруашылық салаларын тұралатып бітті. Аталған тақырып өзге әңгіменің өзегі болғандықтан біз бүгінгі айтпағымыздан ауытқымай, Бас Хатшының жеке басының болмысына қатысты нәрселерді баяндауды жөн көрдік.

Информация о работе Тоталитарлық саяси жүйе