Қоғам: философиялық талдаудың негіздері

Автор: Пользователь скрыл имя, 13 Апреля 2012 в 08:20, реферат

Краткое описание

Қоғамды зерттеу тек философия үшін ғана емес сонымен бірге басқа да қоғамдық ғылымдар үшін күрделі мәселе болып табылады. Қоғам мағыналы ұғым болып табылады. Философия қоғамды біртұтас, яғни адам болмысының әлеуметтік тәсілі, адамдардың бір-бірімен өзара әрекеттесуінің жемісі, адам шығармашылығының нәтижесі ретінде қарастырады. Философия үшін қоғамды қызмет арқылы, яғни әлеуметтік тұрғыдан қарастыру өте маңызды.

Файлы: 1 файл

6 тақырып.doc

— 344.00 Кб (Скачать)


№6 тақырып: “Қоғам: философиялық талдаудың негіздері”

 

 

 

Қоғамды зерттеу тек философия үшін ғана емес сонымен бірге басқа да қоғамдық ғылымдар үшін күрделі мәселе болып табылады. Қоғам мағыналы ұғым болып табылады. Философия қоғамды біртұтас, яғни адам болмысының әлеуметтік тәсілі, адамдардың бір-бірімен өзара әрекеттесуінің жемісі, адам шығармашылығының нәтижесі ретінде қарастырады. Философия үшін қоғамды қызмет арқылы, яғни әлеуметтік тұрғыдан қарастыру өте маңызды.

 

Қоғамға деген көзқарастардың тарихи эволюциясы натурализм, идеализм, материализм деген сияқты теориялық үлгілерде көрініс береді. Қоғам мәнін дұрыс түсіну үшін “материалдық”, “руханилық”, “практикалық” ұғымдарының ара қатынасы ең маңызды болып табылады. Қоғамдық дамудың негізінде қоғамның жүйелілігін құрайтын қоғамдық қатынастар жатыр, өйткені мұнда қызметтің экономикалық, саяси және т.б. формалары көрініс береді.

 

Қоғамның дамуы революциялық немесе эволюциялық сипатқа ие. Философия қоғамның дамуын әлемдік тарихтың бірлігімен алуан түрлі принципі арқылы қаратырады, өйткені мұнда жалпылық пен жекеліктің бір-бірімен өзара байланысының жалпы диалектикалық заңы көрініс береді. Қоғамдық дамудың басты мәселесіне қоғамдық прогресс (лат.: алға басу) ұғымы мен оның өлшемдері жатады.

 

Қоғам дамитын жүйе ретінде өзі-өзінің қозғаушысы болады. тарихи үрдістің субъектісі және қозғаушы күші әр түрлі философиялық бағыттарда қоғамды рухани және материалдық тұрғыдан негіздеуде көрініс береді. Қоғам дегеніміз – мүдделері, құндылықтары және мақсаттары әр түрлі болған адамдар қауымдастығы мен әр түрлі әлеуметтік топтардың жиынтығы. Осыған орый тарихи үрдіс күрделі және ықтималды сипатқа ие. Сондықтан тарихтағы жекелеген тұлғалардың, сонымен бірге әлеуметтік топтардың ролін зерттеу өте маңызды. Осы диалектиканың арқасында тарихи үрдіс стихиялық пен саналылықтың бірлігінде жүреді.

 

 

 

Негізгі әдебиеттер:

 

1.     Әлеуметтік философия. Хрестоматия. – А., 1996.

 

2.     Алтаев Ж., Ғабитов Т., Қасабеков А. Философия және мәдениеттану. – А., 1998.

 

3.     Федотов Н.Н. Неклассические мәдени модернизации и альтернативы модернизационной теории. – М., 2002.

 

 

 

№7 тақырып: “Таным, ғылыми таным”

 

 

 

Танымды жалпы түрде адамның әлемге әлеуметтік, тарихи тұрғыдан дамыған қатынасы деп анықтауға болады. Танымның деңгейі мен мәні қоғам дамуының деңгейіне байланысты. Сондықтан ол тарихи тұрғыдан өзгермелі болады. Танымдық үрдістің негізгі элементтеріне танымның объектісі мен субъектісі жатады. Осының барысында танымның объектісі табиғи объектімен сәйкестенбейді, қайта адамның субъективтік мүдделері мен мақсаттары көрініс беретін бөлігі болып табылады. Таным сезімдік және рационалдық болып табылатын екі негізгі деңгейдерде жүзеге асырылады. Танысның сезімдік деңгейі мына формаларға ие – түйсік, қабылдау, елестету. Ал, танымның рационалды деңгейіне ұғыну, пайымдау, ой қорыту жатады. Танымның осы деңгейлерінің арасында диалектикалық өзара байланыс бар. Таным үрдісіндегі негізгі мәселе ақиқат болып табылады. Ақиқат өзін абсолютті және салыстырмалы формада көрсетеді. Таным ғылыми және ғылыми емес деңгейлерде де жүзеге асырылады. Танымның ғылыми емес деңгейі – қарапайым, діни, көркемдік.

 

Ғылыми таным дегеніміз – жүйелілік, білімдердің негізділігі, ғылымның тілі, ғылыми зерттеулердің әдістері мен құралдары сияқты ерекше белгіге ие танымның түрі болып табылады. Ғылыми таным танымның әдістері мен формаларын екі түрлі деңгейде қолданады, олар:

 

1.     Эмпирикалық таным әдістері.

 

2.     Теориялық таным әдістері.

 

Мұндағы ең маңыздысы зерттелетін объектілерге объективті түрде сипаттама беріліп қана қоймай адамның құнды мәніне де көңіл бөлінеді.

 

Ғылым адамзат қызметінің басқа да салаларымен тығыз байланысты және қазіргі замандағы жалпы адамзаттық мәселелерді шешудегі жетістіктерді анықтайды.

 

 

 

Негізгі әдебиеттер:

 

1.     Әбішев К. Философия. – А., 1999.

 

2.     Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия. – А., 1994.

 

3.     Лекторский В.А. Субъект, объект, познание. – М., 1982.

 

 

 

№8 тақырып: “Мәдениет. Осы замандағы өркениеттің (цивилизацияның) мәселелері және келешегі”

 

 

 

Қоғамды дамушы жүйе ретінде талдау үшін мәдениетті философиялық талдау контекстінде де қарастыру керек. Мәдениет философиялық талдаудың пәні ретінде басқа да әлеуметтік гуманитарлық білімдердің пәнаралық байланыс тұрғысынан қарастырумен ерекшеленеді. Мәдениетті философиялық тұрғыдан талдауда өркениетті де қарастырамыз. Мәдениет пен өркениеттің арақатынасының концептуалды негіздерін О.Шпенглер, А.Тойнби, К.Ясперс, Х.Ортега-и-Гассет жасап берді. Мәдениеттің феноменалдығын анықтаудың жалпы философиялық өлшемдері мыналар: анықтылығы (сырттай және іштей), мәдениеттің әлеуметтік функциялары, типологиясы, қозғаушы күштері, мәдениет пен идеологияның диалектикасы, мәдениет пен шығармашылықтың диалектикасы, мәдениет пен демократияның диалектикасы, мәдениет пен білім берудің диалектикасы, мәдениеттегі ұлттық және интернационалдық, руханилық және интеллигенттілік, өзіндік сана мен өзіндік бағалаудың диалектикасы т.б.

 

Философия мәдениетті бірлікте және алуан түрлі формада қарастырады, мысалы материалдық және рухани мәдениет “бұқаралық және элитарлық мәдениет”, дәстүрлік және жаңашылдық мәдениет. Көркемдік мәдениеттегі ең маңыздысы – шығармашылық мәселесі, оның мәні және жүзеге асырылу тәсілдері.

 

өркениет әлеуметтік-мәдени құрылым ретінде философиялық тұрғыдан талданады. Қазіргі замандағы адамзат тіршілігінің өокениеттік негіздері мынадай мәселелермен үздіксіз байланыста, олар: адам және техника, адам және ғылыми тәжірибелік қызмет нәтижелері, адам және қоғам, дәстүрлік құндылықтар және олардың өзгеруі.

 

 

 

Негізгі әдебиеттер:

 

1.     Габитов Т.Х. Мәдениеттану негіздері. - А., 2000.

 

2.     Алтаев Ж., Ғабитов Т., Қасабеков А. Философия және мәдениеттану. – А., 1988.

 

 

 

Бұрын философия пәні үш салаға бөлініп қарастырылатын:

 

1)               Диалектикалық материализм;

 

2)               Тарихи материализм;

 

3)               Этика, эстетика.

 

Бұл бөлімдер маркстік-лениндік  философияның принциптеріне сәйкес бөлінген болатын. Қазір философия пәнін тұтас қарастыру тенденциясы мына салалар бойынша жіктелінеді:

 

-философия және оның тарихы;

 

- әлемді  философиялық тұрғыда түсіну;

 

- адамның іскерлік әрекетінің маңызы.

 

Әдістемелік  оқу құралында жоғарыда көрсетілген  алғашқы мәселені, яғни философияның  тарихын негізге ала отырып,  мынадай тақырыптарды қарастыруға тырыстық:

 

1)               Философия-дүниетанымның тарихи типі ретінде.

 

2)               Ежелгі Үнді философиясы.

 

3)               Ежелгі Қытай философиясы.

 

4)               Антика философиясы.

 

5)               Ортағасырлық батыс Европа философиясы.

 

6)               Ортағасырлық Араб-мұсылмандық философиясы.

 

7)               Қайта өрлеу дәуірі философиясы.

 

8)               Жаңа заман философиясы.

 

9)               Неміс классикалық философиясы.

 

10)          19-20 ғ.ғ. философиясы.

 

Философия-адамзат баласының сонау ықылым заманнан басталған білімі, қоғамдық сананың формасы, болмыс пен танымның жалпы заңдылықтары туралы ілім. Кез-келген адамды  әлем, қоршаған орта, қоғам, дін, діл, білім, саясат, мәдениет секілді мәселелер бей-жай қалдырмайтыны айдан анық. Міне, осы іспеттес мәселелер философия пәнінің негізгі қарастыратын бөлімдері болып табылады.  Философия сөзі  грек тілінен аударғанда -даналыққа деген махаббат  мағынасын білдіреді.  Б.з.д. 7-6 ғ.ғ. Ежелгі Үнді, Қытай Және Грек жерлерінде бір уақытта пайда болады. Мәліметтерге сүйенсек, «философия» терминін алғаш қолданған Антика дәуірінің атақты философы және математигі Пифагор.

 

Философия дүниегекөзқарастың бір түрі. Дүниегекөзқарас- дүние туралы  жалпы пікірлер жиынтығы және адамның әлемдегі орыны жайлы көзқарасы. Тарихи тұрғыда қарайтын болсақ, дүниегекөзқарас үш негізгі  типтен тұрады:  Мифологиялық, діни, философиялық.

 

Мифология (гр. Myfos-аңыз, logos-ілім)- әлемді фантастикалық және ақиқат жағдайда түсінетін қоғамдық сананың бір түрі.  Мифологиялық туындыларда әлемнің қалыптасуы, жер, адам, тіршілік,  өмір және өлім секілді мәселелер  көп кездеседі. Мифтің ерекшелігі: табиғат және табиғат құбылыстарына жан бітіру,  фантастикалық құдайлардың болуы, олардың қарым-қатынасы,  адамзат баласымен араласуы т.б.

 

Дін- бәрінен жоғары жаратушы күшке және оның  қоршаған орта мен адам баласына әсері бар деп есептейтін сенім-нанымға негізделген  көзқарас формасы. Діннің мифологияға ұқсастығы бар: Әлемнің пайда болуы, жер бетіндегі тіршілік, адамның  іс-әрекеті туралы адамгершілік-этикалық мәселелерді алға қояды. Қоғамды игі  істерге шақыруда:  мәдениеттің қалыптасуына әсер етуімен қатар  адам баласын  сыйласымдылыққа,  әділеттілікке, төзімділікке тәрбиелеп, өзіндік парыз  мәселесін түсіндіруде діннің  атқарар маңызы ерекше.

 

Философия - дүниегекөзқарастың ғылыми-теориялық түрі.  Философиялық көзқарас  мифологиялық және діни көзқарастан айырмашылығы- нақты ұғымдарға, категорияларға сүйене  отырып  логикалық ой қорыту ерекшелігінің бар болуы. Философия  даму барысында үш   кезеңнен өтті: Космоцентризм, теоцентризм, антропоцентризм.

 

Космоцентризм-әлемді  түсіндіруде ғарыштың шексіз сыртқы күші қолдана отырып, ой тұжырымдау (философияның бұл  кезеңі Ежелгі Үнді, Қытай және Ежелгі Грек жерлерінде көп таралды ) . 

 

Теоцентризм- барлық тіршілік атаулыны жоғары жаратушы күш-Құдай арқылы түсіндіру (Ортағасырлық европа философиясына тән ерекшелік).

 

Антропоцентризм- негізгі орталық мәселесі адам болып табылатын  философиялық көзқарас (Қайта өрлеу дәуірімен жаңа заман, қазіргі заман философиялық мектептерінде қарастырылады).

 

Философияның пайда болуы адамзат баласының білім деңгейі мен ой-санасының едәуір дамуына байланысты әлемді ғылыми тұрғыда түсінуімен орайлас дүниеге келді. 

 

Сан қырлы табиғат құбылыстарының мәнісін түсінуге тырысқан ойшылдардың философиялық көзқарастары-философия ғылымының беташары іспеттес болды.  Алғашқы  философиялық ойлардың формасы натурфилософиялық  бағытта дамыды.

 

Философия пәні қоғамның дамуымен тығыз байланыста бола отырып, рухани өмірдің барлық қырларын қамтыды.   Философияны алғаш рет ерекше теориялық білім ретінде жинақтап дәлелдеген  ерте грек философы Аристотель (б.з.д. 384-322 ж.ж.).

 

Философияның өз алдына ғылым болып қалыптасу барысында қарастыратын мәселелеріде айқындала түсті: Онтология-болмыс туралы ілім (немесе дүниенің бастамасы жайында); гносеология-таным туралы ілім; Аксиология-рухани құндылықтар туралы ілім; Праксиология –адам шығармашылығы туралы ілім; Антропология-адам туралы ілім; Логика-дұрыс ой-қорыту  жөніндегі ілім.

 

Философия пәнінің зерттейтін сұрақтары: болмыстың өмір сүру жағдайы, материя, оның формалары, сана және санасыздық, адам, оның өмірдегі мәні мен әлемдегі алатын орыны, жан, адамның рухани өмірі, қоғам, табиғат, өркениет, экология,  дүниені танып білу, қозғалыс, диалектика және оның заңдары.

 

Ф.Энгельстің тұжырымдауы бойынша философияның негізгі сұрағы- ойлаудың (сананың) болмысқа, рухтың материяға (табиғатқа) қатынасы. Міне, осы мәселеге байланысты қоршаған орта мен адамның әлемдегі алатын орыны айқындала түспек. Философияның негізгі пәні мен обьектісі-адам және оның әлемдегі орыны.

 

Философияның негізгі  мәселесін (ойлау мен болмыстың арақатынасы туралы) сөз еткенде бұл сұрақтың  екі жағы бар екенін ажырата білу керек.

 

бірінші жағы: дүниенің негізі, бастамасы не -идея, рухпа әлде  материя ма деген    онтологиялық (болмыс туралы ілім) сұрақ  қояды.

 

екінші жағы: адам баласы  дүниені танып-біле алама әлде танып-біле алмайма деген гносеологиялық (таным туралы ілім) мәселе көтереді.

 

Философияның онтологиялық мәселесіне байланысты философияда  негізгі   екі бағыт  пайда болды. Олар материализм және идеализм.

 

Онтологиялық сұрақ- дүниенің бастамасы не, дүниенің негізі материя  не сана, рухпа деген деген сұрақ төңірегінде мәселе қозғаса,  ал гносеология-дүниені танып-білу мүмкінбе  әлде мүмкін емеспе деген сұрақ қояды. 

 

Дүниенің алғашқы бастамасы, түп негізі не деген сұраққа жауап беру барысында философияда екі негізгі бағыт пайда болды, олар: материализм және идеализм. 

 

Материалистік бағыт-дүниенің негізі кез-келген бір материядан тұрады, материя-санаға тәуелсіз реалды өмір сүретін, өзіндік заңдылықтармен дамуға қабілетті деп тұжырымдайтын пікір.

 

Материя—адамның санасынан тыс,  тәуелсіз  өмір сүретін  және санада бейнеленетін (сана арқылы сипаттауға болады) обьективті шындық. Материя әлемде нақты өмір сүретін шексіз көп обьектілер мен формалардың субстанциялық негізі болып табылады.

 

Материалист-философтардың қатарына саналатындар: Демокрит, Фалес, Анаксимандр, Анаксимен, Эпикур, Бэкон, Локк, Спиноза, Дидро, Герцен, Чернышевский, Маркс, Энгельс, Ленин т.б.

 

Идеализм-философияның негізгі мәселесін шешудегі материализмге қарама-қарсы бағыт, яғни материя мен сана қатынасында  дүниенің бастамасы ретінде сананы (идеяны), рухты жақтайтын көзқарас.

 

Идеализм екі түрлі пікірге бөлінеді:

 

-Обьективті идеализм (Платон, Лейбниц, Гегель),

 

-Субьектвті идеализм (Беркли, Юм).

 

Обьективті идеализм өкілдерінің тұжырымдауы бойынша  тек қана реалды идея ғана бар, идея-алғашқы, барлық қоршаған орта, шындық- «идеялар әлемі» және  «заттар әлемі»  болып бөлінеді. «Идеялар әлемі» (эйдос)  әлемдік зердеде өмір сүреді,  заттар әлемі -өзіндік тіршілігі жоқ,  жекелеген заттар Жаратушыға ғана тән құбылыс, «идеялар әлемі» санадан тәуелсіз өмір сүреді, себебі,  адамның ойы, идея тіпті табиғаттың өзі абсолюттік идеяның, дүниежүзілік, әлемдік рухтың бір бөлшегі ғана, яғни дүниенің негізі- о дүниелік сана, «абсолютті рух». Обьективті идеализм әдетте теологиямен бірігіп кетеді де, діннің өзіндік бағыт алған  философиялық негізі болып табылады.

 

Субьективті идеализм- бүкіл дүние-біздің санамызда, субьектінің сана-сезімінің жасаған немесе біздің түйсіктеріміздің, алған әсеріміздің жиынтығы. Бұл жағдайда алғашқы бастамаға адамның санасы алынады да, сонан кейін барып одан табиғат шығарылады, соған орай заттар мен бүкіл дүниенің обьективті өмір сүруі, олардың даму заңдылықтары теріске шығарылады, өйткені  адам санасынан тыс материяда,  рухта жоқ»,- деген пікірді ұстанды.

Информация о работе Қоғам: философиялық талдаудың негіздері