Жүрек аурулары

Автор: Пользователь скрыл имя, 21 Апреля 2012 в 21:39, реферат

Краткое описание

Жүрек аурулары, әр түрлі аурулардың асқынуынан немесе жүрек және қантамыр жүйесі қызметі бұзылуы мен зақымдануынан пайда болатын аурулар. Жүрек ауруларының жиі кездесетін түрлері: ревматизм, гипертония, жүрек ақауы, жүрек демікпесі, жүрек және қан тамыр неврозы, миокард инфарктысы, гипотония, т.б. Жүрек ақауы – жүрек қарыншалары мен жүрекшелерінің арасындағы қан өтетін саңылау тарылып

Файлы: 1 файл

Жүрек аурулары.doc

— 128.50 Кб (Скачать)


Жүрек аурулары

Жүрек аурулары, әр түрлі аурулардың асқынуынан немесе жүрек және қантамыр жүйесі қызметі бұзылуы мен зақымдануынан пайда болатын аурулар. Жүрек ауруларының жиі кездесетін түрлері: ревматизм, гипертония, жүрек ақауы, жүрек демікпесі, жүрек және қан тамыр неврозы, миокард инфарктысы, гипотония, т.б. Жүрек ақауы – жүрек қарыншалары мен жүрекшелерінің арасындағы қан өтетін саңылау тарылып, жүрек қызметінің бұзылуы. Мұның туа және жүре пайда болатын түрлері бар. Туа пайда болған жүрек ақауы көбіне ұрықтың дамуы кезінде, жүректің қалыпты жетілмеуінен болады. Жүре пайда болатын жүрек ақауы, негізінен, баспа, мерез, т.б. аурулардың асқынуынан болады. Бұл жағдайда жүректің ішкі қабаты қабынып, қақпақшалар беріштеніп, кішірейіп, жүрекше арасындағы саңылауды толық жаба алмайды. Сондықтан қарынша жиырылғанда қан жүрекшеге қайта құйылып, оны кернеп әлсіретеді. Қан айналысы бұзылып, жүрек қызметі нашарлайды. Адам алғашқы кезде ауруын сезбейді. Ауру асқынған кезде науқас ентігеді, жүрегі қағып, шаншып, қан айналысы төмендейді, қол-аяғы ісінеді. Жүрек және қан тамыр неврозы – жүрек және қантамыр жүйесі қызметінің бұзылуы мен зақымдануы. Бұлар үш топқа бөлінеді. Бірінші тобы – жалпы невроз (неврастения, истерия, т.б.). Бұл кезде жүректің соғуы бұзылады. Клиникалық белгісі: адамның беті қызарады, сұрланады, басы ауырады. Екінші тобы – гипертония, гипотония аурулары. Бұл аурулар мидың жүрек пен қан тамырының жұмысын реттейтін жүйке орталығы қызметінің бұзылуынан, сондай-ақ, ми қыртысының ауруға шалдығуынан пайда болады. Үшінші тобына вегетативтік жүйке жүйесін зақымдап, кейін ми қыртысына таралатын жүйке аурулары жатады. Ауру көбіне адамның жеке органдарында дамып, кейін жұлын және симпатикалық жүйке жүйесінің басты бөлімдеріне таралады. Бұған Меньер, Рейно аурулары, Вольфра – Паркинсон – Уайт синдромы, бас сақинасы, стенокардия, жүрек аритмиясы, жүрек тосқауылдары, т.б. жатады. Бұлардан басқа да Жүрек Аурулары бар. Мысалы, Жүрек демікпесі; қ. Демікпе. [1] Жүрек пен қантамырлар жүйесінің аурулары әр түрлі жағдайларға байланысты.

  1. Бұлшықеттерге ауыр күш түсіретін жұмыстар - жүрек бұлшықеттеріне зақым келтіріп, жиырылу әрекетін төмендетеді. Жүрек бұлшықетін қанмен жабдықтайтын қантамырларды қанқатпа бітеліп, оттегі мен қоректік заттарды тасуға кедергі жасайды.
  2. Өте қауіпті жұқпалы ауруды қоздырушылардың бөлетін уы қанмен жүрекке жетіп, жүрек бұлшықеттерін зақымдайды.
  3. Қалқанша без гормонының не аз, не көп бөлінуі ырғақты жиырылуды бұзады.
  4. Жүрек қақпақшалары бактериялармен зақымданғанда жабылмай, жүрек жиырылғанда қанның кері ағуына әсер етеді. Жүрек - қантамырлары аурулары жүйке жүйесіне де байланысты.

Қан қысымының өзгеруі

Адам қартайған сайын артерия қантамырлары қабырғаларының серпінділігі төмендеп, қатайып, тығыздалып, қуысы тарылады. Мүшелерге қан аз келеді, артерия қантамырларында қан қысымы жоғарылайды. Қан қысымының көтерілуі бүйрек ауруына, жүйке жүйесінің күйзелісіне, дененің аз қозғалуына байланысты. Қан қысымы қатты көтерілсе, қантамырлардың жарылуы мүмкін. Миға қан қүйылу өте қауіпті. Себебі ми жасушалары зақымданып, бұлшықеттер жансызданады. Қол-аяқ әлсізденіп сал болады. Бұл кезде артерия қантамырларындағы қан қысымы сынап бағанасымен 200 мм-ден асады. Егер қан қысымы төмендесе, сынап бағанасының көрсеткіші 70-80 мм төмен болады. Мұндай аурулардың белгілері: бас ауырады, жүрегі айниды, құлағынан шу кетпейді, тамаққа тәбеті тартпайды, жүректің жиырылуы бірде жиілеп, бірде бәсендейді.

Адамда қан қысымы көтерілсе не төмендесе, нәруызы бар тағамды аз пайдалану керек. Күніне 8-9 сағат ұйықтау, ашуланбау, таза ауада көбірек жүру жүрек-қантамырлар жүйесіне өте қолайлы.

Вена қантамырларының кеңеюі

Ұзақ уақыт аяғынан тік тұрып жұмыс істеген адамдарда вена қантамырлары кеңейеді. Кеңейген жерлерінде қанқатпа пайда болады. Сыртынан түйін-түйін болып көзге айқын білінеді. Вена қантамырларында қан қысымын жоғарылатады. Аяқ көп қимылдамаған соң оның бұлшықеттері де жиырыла алмайды. Қанқатпа ауруы асқынбау үшін көбірек қозғалу керек.

Жүрек кемістігі

Жүрек кемістігі жүрек қақпакшаларының зақымдануынан болады. Жүрек кемістігі туа пайда болған және жүре пайда болған деп 2-ге бөлінеді. Туа пайда болған кемістік іште жатқанда ұрық жүрегінің дұрыс қалыптаспауынан туындайды. Ондай ақаулық жүректің жүрекшелерінде байқалады. Жүре пайда болған кемістік жұқпалы аурулардың әсерінен де болады. Жүрек қақпақшаларының жармаларының жиегі тегіс болмай кедір-бұдырлы тыртық болып қалады. Қақпақшалар жабық тұрса да, қанға тосқауыл бола алмай жүректе қан іркіліп тоқтап қалады.

Қаназдық

Қаназдық (анемия) - қанда эритроциттердің азайып, гемоглобиннің кемуінен болатын ауру. Қаназдықтың болу себептері: денеден көп қан кету; химиялық заттардың, удың, безгек ауруының әсерінен эритроциттердің тіршілігін жоюы; кемік майы, бауыр, көкбауырдың зақымдануы; эритроциттердің түзілуіне қатысатын заттардың (темір, В12 витамині) жетіспеуі және т. б. Қан оттегіне қанықпағандықтан, мүшелер мен ұлпаларға оттек жетіспейді. Зат алмасу бұзылады. Эритроциттердің мөлшері азайғанда қанның тұтқырлығы төмендеп, жүрек соғуы жиілейді. Қаназдықтан жүрекке көп күш түседі. Оны қан құю арқылы емдейді.

Ақ қандылық

Ақ қандылық (лейкемия) лейкоциттердің тез көбейіп, қан ағынын толтырып жіберуден пайда болады (гр. leukas - ақ, гр. haima - қан). Лейкоциттер кеміктегі жілік майын ығыстырып, эритроциттердің түзілуіне кедергі жасайды. Бұл ауруды рентген сәулесі, радиоактивті элементтермен емдейді.

Қан кету кезінде көрсетілетін алғашқы жәрдем

Әр түрлі қолайсыз жағдайлардың әсерінен ағзадан қан кетуі мүмкін.

Артерия қантамырларынан қан кету өте қауіпті, аз уақыттың ішінде көп қан жоғалтады. Себебі артерия қантамырларында қысым жоғары болғандықтан, қанның ағуы да тез болады. Мұндайда жарақаттанған жердің жоғарғы жағын саусақпен қысады. Жарақаттың бетін таза шүберекпен жауып, үстінен бұрау жіппен қатты қысып байлайды. Артерия қантамырларынан аққан қан алқызыл түсті болады.

Вена қантамырларынан аққан қан күңгірт-қызыл түсті. Вена қантамырлары жарақаттанса, қан аққан жердің төменгі жағынан саусақпен басып тұрып қатты таңады.

Мұрыннан қан кеткен кезде - басты сәл көтеріп жатқызып немесе отырғызып, көз аралығының қырына суық шүберек басады. Мақтаны сутектің асқын тотығымен (перекись водорода) дымқылдап танауға тығады. Басты тым шалқайтуға болмайды, қан тамаққа кетіп, қақалып қалуы мүмкін. Ең абзалы дәрігерге көрсету керек.

Ішкі қуыстарға қан кету (кеуде, құрсақ, бассүйектің ішіне және т. б.) адам ағзасы үшін өте кауіпті. Бұл кезде жедел операция жасау қажет. Ішкі қуыстарға қан кеткенде тері бозарады, суық тер шығады, тынысалу баяулайды, тамырдың соғуы өзгереді. Бұл кезде басты көтеріп жатқызып, қан кетті деген жерлерге суық су басады.

Жүрек қантамырларына зиянды заттардың әсері

Никотинде (темекіде) у болатындықтан, ең алдымен жүректің жиырылуын жиілетіп, қантамырларын тарылтады. Жүректің бұлшықеттері тез шаршайды. Темекі тартатындардың басы ауырып, ұмытшақ болады. Темекі мүшелерді қанмен жабдықтауды әлсіретеді.

Еліктеткіш ішімдіктің (алкоголь) зияны темекіден де күшті. Арақтың уы қанға тез сіңіп, ағзаға тез таралады. Жүрек пен қантамырлар жұмысын бұзады. Қантамырлар қабырғасының серпінділігі азайып, осал болады. Адам ентігеді, жүрек қабы майланып, жүрек жұмысына кедергі жасайды.

Жүрек-қантамырлар ауруларының алдын алу үшін ең қажеттісі - көбірек қозғалу. Қозғалыстың негізі - бұлшықеттердің жиырылуы. Дене еңбегімен шұғылданғанда бұлшықеттер қанмен қамтамасыз етіледі. Қан бұлшықеттерді оттегімен және қоректі заттармен байытады. Дұрыс қалыптаскан ағза ауруларға көп шалдықпайды.

Шынығу-шынықтырудың да мәні зор. Шыныққан адамның жүрегі қандай жұмыс істесе де көпке дейін шаршамайды. Денесі де ширак, көңілі көтеріңкі болады. Жүректің бұлшықеттері қалыңдап, ырғақты жиырылады. Шынықпаған адам өлсіз, тез шаршайтын болады

 

 

 

 

 

 

 

 

Жүрек

Жүрек — іші қуыс бұлшықетті мүше. Ересек адам жүрегінің салмағы 250-300 грамм. Жүрек кеуде қуысының сол жағына таман орналасқан. Оның дәнекер тканінен түзілген жүрек қабы қаптап тұрады. Жүрек қабының ішкі беті жүректі ылғалдайтын және жиырылу кезінде үйкелісті кемітетін сұйықтық бөліп шығарады. Жүрек бұлшықеті (гр. myocardiummys — бұлшықет, kardia — жүрек) - жүректің жүрекшелері мен қарыншаларының бұлшықет қабығы (миокард). Жүрекшенің бұлшықет қабығы беткей және терең ет қабаттарынан тұрады. Беткей ет қабатының кардиомиоциттері көлденеңінен орналасады. Ол оң және сол жүрекшелерді сыртынан қаптап, оларға ортақ қабат болып келеді. Терең ет қабаты әрбір жүрекшеде жекелей орналасады. Бұл қабаттың кардиомиоциттері ұзынынан орналасады. Жүрек қарыншаларының бұлшықет қабығында айқын байқалатын бес ет қабаты болады. Олардың сыртқы беткей және ішкі бұлшықет қабаттарын қиғаш жатқан кардиомиоциттер, ал ортаңғы үш ет қабаттарын сегіздік тәрізді иіле орналасқан жүрек ет жасушалары түзеді.[1]

Құрылысы

Жүректің құрылысы оның атқаратын қызметіне сай келеді. Ол тұтас арқылы екі — сол жақ және оң жақ бөлікке бөлінген. Ал жүректің әр бөлігі бір-бірімен жалғасқан екі бөлімнен: жоғарғы — құлақшадан және төменгі — қарыншадан тұрады. Сонымен, адамның жүрегі бүкіл сүтқоректі жануарлардікі сияқты төрт камералы: ол екі құлақшадан және екі қарыншадан тұрады.

Қарыншаға қарағанда құлақшаның қабырғасы әлдеқайда жұқа. Бұл құлақша жұмысының оншалықты көп болмауына байланысты. Ол жиырылған кезде қан қарыншаларға өтеді. Қарынша бүкіл тамырларды бойлай қан айдап, көп жұмыс атқарады. Көп жұмыс істейтіндіктен, сол жақ қарыншаның бұлшық еті оң жақ қарыншаның қабырғасынан қалың болады. Әрбір құлақша мен қарыншаның шекарасында жақтаулы қақпақшалар болады, олар сіңір талшықтары арқылы жүректің қабырғасына бекінеді. бұл жақтаулы қақпақшалар.

Құлақша жиырылғанда қақпақшаныыңы жақтаулары қарыншаның ішіне қарай салбырап, босап қалады. Сондықтан қан құлақшадан қарыншаға еркін өтеді. Қарынша жиырылғанда қақпақшаның жақтаулары тығыз жабылып, құлақшаның кіре беріс жолын бітейді, сондықтан қан тек бір бағытта — құлақшадан қарыншаға қарай ағады, одан қан тамырларына барады. адам мен жануарлардың қан айналу жүйесінің орталық органы; қанды артерия жүйесіне айдайды және оның веналарға қайтып оралуын қамтамасыз етеді. Омыртқасыз жануарлардың кейбір түрлерінде (буылтық құрттарда, моллюскілерде, буынаяқтыларда) жүрек арқа жағында орналасқан, бір қарынша және бірнеше жүрекшелерден тұрады. Барлық омыртқалы жануарларда және адамда жүрек дененің кеуде қуысында орналасқан. Дөңгелекауыздыларда, балықтарда жүрек екі камералы – бір жүрекше, бір қарыншадан тұрады. Жүрекшенің қабырғасы жұқалау, ал қарыншанікі – біршама қалыңдау келеді. Балықтар жүрекшесінің маңында вена қолтығы, ал қарыншасының жанында артерия конусы (шеміршекті балықтарда), ал сүйекті балықтарда қолқа жуашығы болады. Дөңгелекауыздылардың, балықтардың жүрегі арқылы вена қаны ағып өтеді, олардың қан айналымы бір шеңберден ғана тұрады. Қосмекенділердің құрлықта тіршілік етуіне сәйкес жүрек үш камералы (екі жүрекше, бір қарынша), әрі қосымша кіші қан айналым шеңбері (немесе өкпелік шеңбер) пайда болған. Бауырымен жорғалаушылардың да жүрекгі үш камералы, бірақ қарыншасы жартылай жұқа перде арқылы екіге бөлінгендіктен қарыншада қан онша араласпайды. Тек қолтырауында жүрек толық 4 камераға (екі жүрекше, екі қарынша) бөлінген. Құстар мен сүтқоректілердің жүрегі 4 камералы (екі жүрекше және екі қарынша). Жүрек, негізінен, ұшына қарай қалың бұлшық ет арқылы екі бөлімге бөлінген және әрбір бөлімдегі камералар өзара бір-бірімен ғана байланысады. Олардың жүрегінің оң жақ бөлімінен тек вена қаны ағып өтетіндіктен венозды бөлім, ал сол жақ жартысынан тек артерия қаны ағатындықтан артериялы бөлім деп аталады. Сүтқоректілердің ұрығының дамуы кезінде оң жүрекше мен сол жүрекшенің арасы сопақша тесік (боталлов өзегі) арқылы байланысып тұрады, кейін ұрпақ дүниеге келген соң ол бітеліп қалады. Адамның жүрегі, негізінен, кеуде қуысының сол жағын ала орналасады, оның үштен екі бөлігі кеуде қуысының сол жағында, ал үштен бір бөлігі кеуде қуысының оң жағында орналасады. Өте сирек жағдайда жүректің ауытқып орналасуы да кездеседі. Адам жүрегінің пішіні конусқа ұқсас, оның оң жақ жалпақтау келген бөлігі – негізі, ал сол жақтағы сүйір бөлігі ұшы деп аталады. Жүректің ұшы сол жақтағы 5-жұп қабырғаның шеміршекті шетіне сәйкес келеді. Жүректің сыртындағы дәнекер ұлпадан тұратын қабын – үлпершек (перикард) деп атайды. Жүрек үлпершектің ішінде бос жатқандықтан, еркін жиырылып босаңсиды. Сыртындағы көлденең сайшалар жүрекшелер мен қарыншалардың арасын бөліп тұрады. Жүрекшелер жүректің негізі жағында, қарыншалар ұшы жағында орналасады. Жүрекшелердің сыртында қосымша құлақшалары болады кейде оларды саңырауқұлақ деп атайды. Жүрек үш қабаттан тұрады. Сыртқы жұқа қабаты – эпикард, ортаңғы қалың бұлшық етті қабаты – миокард, ал камераларды астарлап жатқан жұқа қабаты – эндокард деп аталады. Миокард қабатындағы бұлшық ет талшықтары жүрекшелердің сыртында екі түрлі бағытта орналасқан. Сыртқы қабатындағы бұлшық ет талшықтары екі жүрекшені де тұтасымен қоршап тұрса, ішкі қабатындағы бұлшық ет талшықтары әрбір жүрекшені жекелей қоршап жатады. Қарыншалардағы бұлшық ет талшықтарының қабаттары (сыртқы және ішкі) екі қарыншаны да тұтасымен қоршап, ал ортаңғы қабаты әрбір қарыншаны жекелей қоршап жатады. Сол қарыншаның миокард қабаты оң қарыншаның миокард қабатынан 2 – 3 есе қалың. Өйткені сол қарыншадан бүкіл денеге тарайтын қолқа қан тамыры басталады. Жүрекшелер мен қарыншалар арасындағы тесікті жақтаулы қақпақшалар (клапандар) жауып тұрады. Жақтаулы қақпақшалар қарыншаларға қарай ашылады. Оң жүрекше мен оң қарыншаның арасын үш жақтаулы, ал сол жүрекше мен сол қарыншаның арасын қос жақтаулы (митральді) қақпақшалар жауып тұрады. Жақтаулы қақпақшалардың жиегіне қарыншалардың ішінде орналасқан емізік тәрізді бұлшық еттер бекіп, жақтаулы қақпақшаларды қарыншаларға қарай ашады. Ж-тің қарыншалары мен олардан басталатын артериялық қантамырлардың арасында үш жарты тәрізді қақпақшалар бар. Бұл қақпақшалар қантамырлардың ішіне қарай ашылады. Ж-тің миокард қабаты да көлденең жолақты бұлшық ет ұлпасынан тұрады, оның қаңқа бұлшық ет ұлпасынан айырмашылығы – Ж-тің бұлшық ет талшықтары торланып орналасқан және бір-бірімен қосылып жатады. Ж-тің миокард қабатында миофибриллалары аз, көбіне саркоплазмаға бай бұлшық ет талшықтары шоғырланып орналасады. Олар Ж-тің ырғақты жұмысын реттеп отырады. Оны Ж-тің өткізгіш жүйесі деп атайды. Ондағы бұлшық ет талшықтарында оқтын-оқтын қозу импульстары пайда болып, өткізгіш жүйедегі клеткалар өздігінен жиырылады. Ересек адамдарда Ж-тің салм. 250 – 330 г-дай, ұз. 10 – 15 см, көлденеңі 8 – 11 см, қалыңд. 6 – 8,5 см. Шамамен Ж-тің үлкендігі әркімнің өзінің жұмған жұдырығындай болады. Ж-тің қызметі жүрекше бұлшық еті мен қарынша бұлшық етінің белгілі бір ырғақпен кезектесе жиырылуы (систола) және босаңсуы (диастола) арқылы атқарылады. Ең алдымен, жүрекше жиырылып, қанды бос қарыншаға итереді, оған 0,1 с уақыт кетеді; екінші кезеңі – қарыншалардың жиырылуы (қан қолқа мен өкпе артериясына итеріледі), оған 0,3 с, ал үшінші кезеңі – жүрекшелердің де, қарыншалардың да босаңсуы (диастоласы), мұны жалпы пауза деп атайды, оған 0,4 с уақыт кетеді. Ж-тің осындай жұмысына 0,8 с уақыт кетеді. Ересек адамның Ж-гі минутына 72 – 75 рет соғады. 1 мин-та Ж-тің қантамырларға шығаратын қан мөлшерін Ж-тің минуттық көлемі деп атайды. Ж-тің жұмысы қанмен бірге келетін гормондар арқылы, сондай-ақ, өзіндегі шеткі жүйке жүйесі арқылы реттеліп отырылады. Ж-тің адам организмінде алатын орны ерекше.

Жүрек пен өкпе

Жүрек пен өкпедегі жетіспеушілік — егер жүректің қызмет етуге мүмкіндігі шамалы болса, онда мұндай жағдайда қызмет етуге әкелінбейтін қосымша компенсаторлы механизмнің қатысуынсыз жүректің мүшелері бірдей қанмен жабдықтауға қабілетсіздігі.

Жүрек пен өкпе коэффициенті — қазіргі телерентген сәулесі арқылы зерттеуден анықталған жүрек көлденеңінің, көкірек қуысы көлденеңіне байланыстылығы; жүрек ауруында ұлғаяды рентген көлеңкесінде ұлғайтылып көрсетеді, өкпе альвеоларының эмфиземасында кемиді.

Жүрек пен өкпе ауруы — өкпеде қан кернегеннен жүректің оң жақ қан қуысының қалыптан тыс ұлғаятын және (немесе) кеңейетін ауруы; әдетте кеңірдек тарамдарының, өкпенің, өкпе қан тамырларының, диафрагманың, сірі қабықтың және көкірек қуысының бұзылуынан пайда болады.

Жүрек пен өкпенің созылмалы түрде ауруы — өкпенің созылмалы ауруында, мысалы, өкпе тканінің араласып, дәнекер тканьге айналып қатаюында, өкпе альвеоларының кеңеюінде, өкпенің созылмалы қабынуында, көп жыл бойына бірте-бірте дамиды.

Жүрек-өкпе препараты. Жүрек пен өкпе жұмыстарын зерттеу мақсатында қан айналысын бұзбастан өкпе мен жүректі үлкен қан айналу шеңберінен ажыратуды жүрек-өкпе препараты дейді. Жүрек-өкпе препараты арқылы жылы қанды жасанды жолмен айдауға болады. Бұл әдісті бірінші рет И. П. Павлов қолданған.

Жүрек дыбысының тұйықтығы, тұншығуы. Жүрек дыбысының тұйықтығы, тұншығуы жүрек жиырылғанда (соғу кезінде), жүректің үстіңгі және көкіректің алдыңғы жағында пайда болады. Жүрек пен өкпенің аралығында пайда болған дыбысты абсолюттік дыбыс, ал жүректің алдыңғы жағында шыққан дыбысты салыстырмалы дыбыс деп атайды.

 



Информация о работе Жүрек аурулары