Автор: Пользователь скрыл имя, 08 Декабря 2014 в 18:55, реферат
Қазіргі уақытта интеллектуалдық меншіктің пайда болып жатқан жаңа объектілері айрықша құқықтардың дәстүрлі жүйесіне енгізілуде. Отандық азаматтық құқық ғылымында түсінігі түбегейлі зерттелмеген ашылмаған коммерциялық ақпаратқа да құқық аталған жүйенің ішіне кіреді. Бұл жерде біз ең алдымен ашылмаған коммерциялық ақпаратқа қатысты қолданылатын айрықша құқықтардың түсінігін беріп, оның айрықша құқықпен арақатынасына тоқталып өтуіміз қажет.
Акцептанттың келісімі жоқ, бірақ оференттің мүддесін қорғау қажеттілігі туралы сұрақ туындайды. Осыған тәуелді Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 396 бабына акцептанттың өзіне белгілі болған мәліметтерді, яғни оферент коммерциялық құпия объектісі ретінде бекіткен мәліметтерді құпияда сақтау міндетін енгізу қажет деп ойлаймыз. Оферта мен акцепт түсініген тоқталатын болсақ шарт жасасу туралы - бір немесе бірнеше нақты тұлғаларға жасалағ ұсыныс, егер ол жеткілікті дәрежеде айқын болып, ұсыныс жасаған тұлғаның ол қабылданған жағдайда өзін сонымен байланысты деп. Есептеу жөніндегі ниетін көрсетсе оферта болып табылады. Акцепт – бұл оферта жолданған тараптың оны толығымен және бұлтарыссыз қабылдауы туралы жауабы (ҚР АК 396-бап).
Біздің көзқарасымыз бойынша жекелеген шарттардың әрекет ету мерзімі аяқталғаннан кейін коммерциялық құпияны қорғау мәселелеріне қатысты сұрақтарды нақтылайтын нормаларды қолданыстағы заңнамаға енгізу қажет. Яғни, коммерциялық құпияны сақтау міндетін ұзартудың негіздері мен тиісті міндеттің әрекет ету мерзімі заңнамада тікелей көзделуі тиіс.
Мұндай сұрақты франчайзинг шарты бойынша лицензиаттың міндеттеріне қатысты да көтеруге болады. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 896 бабына сәйкес франчайзинг шарты бойынша бір тарап (кешенді лицензияр) екніші тарапқа (кешенді лицензиатқа) сыйақыға айрықша құқықтар кешенін (лицензиялық кешен), соның ішінде лицензияардың фирмалық атауын және қорғалатын коммерциялық ақпаратты пайдалану құқығын, сондай-ақ лицензиаттың кәсіпкерлік қызметінде пайдалану үшін шартта көзделген айрықша құқықтардың басқа да объектілерін (тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, патент және т.б.) беруге міндеттенеді. Кешенді кәсіпкерлік лицензия белгілі бір көлемде лицензиялық кешенді, лицензиярдың іскерлік беделі мен коммерциялық тәжірибесін (атап айтқанда пайдаланудың мейлінше аз немесе мейлінше кең көлемін белгілей отырып) белгілі бір қызмет аясына қолданатын аумақты көрсетіп немесе көрсетпей пайдалануды көздейді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 899 бабының 4 тармағына сәйкес лицензиярдың өндіріс құпиясын және одан алынған коммерциялық жасырын ақпаратты жария етпеуге тиіс. Франчайзинг шарты тоқтатылғаннан кейін мұндай міндетті ұзартудың негіздері заңмен көзделмеген. Бұдан шығатын қорытынды, егер франчайзинг шартында міндетті ұзартудың негіздері анықталмаса, лицензиат шарттың әрекет ету мерзімі тоқтатылғаннан кейін өзінің кәсіпкерлік ісін ашып, шарт бойынша алынған коммерциялық құпияны пайдалана алады. Аталған жайды ескере отырып, біздің пікірімізше, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 899 бабына франчайзинг шарты тоқтатылғаннан кейін лицензиаттың коммерциялық құпияны сақтау бойынша міндетін ұзартуды көздейтін тармақша енгізілуі тиіс.
Сонымен қатар өз еркімен жұмыстан шыққан қызметкерлерге, шаруашылық серіктестіктер мүшелеріне, акционерлік қоғамнан шығып жатқан акционерлерге коммерциялық құпия объектісін құрайтын ашылмаған ақпаратты сақтау міндеттерін жүктеу де өзекті мәселелердің қатарына жатады. Аталған тұлғалармен өзара қатынастарды тиісті азаматтық құқықтық келісімдерді бекіту жолымен анықтауға болады. Алайда, шарт еркіндігі қағидасына сәйкес ол тұлғалардың мұндай келісімдерді бекітуден бас тарту мүмкіндіктерін ескергеніміз жөн. Ал, қолданыстағы заңнама аталған тұлғаларды мұндай келісімдерді бекітуге «мәжбүрлеу» мүмкіндіктерін қарастырмаған.
Еңбек шартымен немесе жұмыс берушінің актісімен қызметкерге коммерциялық құпияны жарияламау міндетінің жүктелу мүмкіндігі баршамызға мәлім. Бірақ қызметкер жұмыстан өз еркімен немесе жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыстан кеткен жағдайларда коммерциялық құпияны жарияламау міндеттемесін ұзартудың негіздері заңнамада көзделмеген.
Кейбір авторлар бұл сұрақты жұмыстан шығып жатқан қызметкермен «консультациялық қызметтерді» беру туралы келісімді бекіту жолымен шешуге болады деп тұжырымдайды. Мұндай жағдайларда бұрынғы қызметкер келісімде көрсетілген уақыт кезеңінде ақылы негізде консультация беруге және коммерциялық ақпаратты жарияламауға міндеттенеді[13, 75б.].
Қызметкерлермен салыстырған шаруашылық серіктестіктер және акционерлік қоғам мүшелерінің коммерциялық құпияны жарияламау бойынша міндеттері заңнамамен анықталған. Сонымен қатар мұндай міндеттеме корпоративтік нормаларға сәйкес жүктелуі мүмкін. Алайда, бұл жерде де бұрынғы қатысушылардың коммерциялық ақпаратты сақтау міндетін ұзартудың және мұндай міндетің әрекет ету мерзімін бекітетін нормалар заңнамада жоқ.
Тәжірибеде бұрынғы қызметкер, шаруашылық серіктестіктер мен акционерлік қоғамдар қатысушылары заң күшіне сәйкес келтірілген шығынды өтеуге міндетті тұлғалардың санатына жатқызылмайды. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 126 бабының 2 тармағына сәйкес кғоммерциялық құпия режимін бұзғаны үшін мынадай тұлғалар жауапкершілікті көтереді: контрагенттер, қызметкерлер. Демек, егер бұрынғы қызметкер немесе шаруашылық серіктестіктер мен акционерлік қоғамдар қатысушылары өздерінің кәсіпкерлік істерін ашып және бұрын жұмыс барысында өзіне мәлім болған коммерциялық құпияны пайдаланса оларды коммерциялық құпия режимін бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту мүмкін емес.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, біздің көзқарасымыз бойынша, қорғауды талап ету мүмкіндігін заңнамалық тәртіпте анықтау қажет. Жекелеп алғанда, аталған санаттағы тұлғалардың коммерциялық құпияны жария етпеу бойынша міндеттерін заңнамада тікелей көрсету қажет. Міндеттемені бұзудың салдары ретінде келтірілген шығындарды өтеуден өзге айыппұлдық санкцияларды салуды, қылмыстық жауапкершілікті қолдануды ескеру артық болмас еді.
Шарттық жауапкершілікке шарттан туындайтын міндеттеме бойынша жауапкершілік жатады. Яғни, жауапты тұлға мен өкілетті тұлғаның арасындағы міндеттемелік қатынастар құқық бұзушылық фактісіне дейін әрекет еткен.
Коммерциялық ақпаратты жария етпеу туралы міндеттеме тиісті азаматтық құқықтық шарттан туындауы мүмкін. Мысалыға, лицензиялық шарттан, коммерциялық құпияны жария етпеу туралы шарттан, «ноу-хау» беру жөніндегі шарттардан және т.б.. Аталған келісімдердің түрлері жалпы тәртіпке сәйкес тараптардың әртүрлі сипаттағы қатынастарын реттейді. Соның ішінде олармен, қолданыстағы заңнама бойынша сатып алу-сату, жалдау, мердігерлік шарттарының элементері болып табылатын қатынастар реттелуі мүмкін.
Қазақстанның азаматтық құқығында коммерциялық құпияны жария етпеу туралы келісімдерді бекіту мәселелерін реттейтін арнайы нормалар қазіргі уақытта жоқ деп айтсақ қателеспейміз. Алайда, азаматтық құқықтар мен міндеттер заңмен көзделген мәмілелерден де, заңмен көзделмеген бірақ оған қайшы келмейтін мәмілелерден де туындайтындығы жалпыға мәлім. Мұндай сипаттағы келісімдер жергілікті реттеудің элементтері болуы мүмкін. Арнайы келісімдер мысалыға, коммерциялық құпияға енуге рұқсаты жұмыс берушінің актісімен бекітілуі мүмкін. Ескере кететін жағдай, коммерциялық құпия иесі мен үшінші тұлғалардың арасындағы өзара қатынастарды реттейтін абстрактілі нормалар мәні бойынша қарапайым болғанымен, оларды нақты ситуацияларға қолдану, атап айтсақ құқық иесі мен қызметкердің құқықтары мен міндеттерін анықтауда нақты қиындықтар туындайды.
Мысалыға, қызметкермен тиісті келісім бекітілді. Ол келісім коммерциялық құпия пәнін құрайтын мәліметтердің нақты көлеміне қатысты қызметкердің міндеттерінің аясын анықтайды. Алайда, қызметкерге оның жария етпеу бойынша міндетіне қатысы жоқ, коммерциялық ақпарат тосыннан белгілі болып қалды. Сонымен қатар қызметкер ол ақпараттың конфиденциалдығы туралы білмеуі мүмкін, яғни оны ешкім бұл ақпарат жөнінде ескертпейді. Мұндай ақпаратқа қатысты коммерциялық құпия режимі қызметкермен бұзылған жағдайда жауапкершілік негізі туралы сұрақ туындайды.
Қарастырылып отырған ситуацияда қызметкердің шарттық жауапкершілігінің туындауы үшін алғышарт жоқ. Дегенмен, қызметкердің комерциялық ақпаратты жариялау бойынша әрекеті, егер арнайы келісіммен бұл ақпаратты сақтау бойынша оның міндеті анықталмаған болса, коммерциялық құпия режимі бұзылуы мүмкін бе деген сұрақ туындайды. Бұл құқық иесімен қандай қорғау шаралары қабылданғанына тәуелді болып келеді. Аталған мәселе нақты мән-жайларға байланысты анықталуы тиіс.
Коммерциялық құпияны жария етпеу туралы азаматтық құқықтық міндетеме еңбек шартының элементі болуы мүмкін. Еңбек шартында қызметкерге коммерциялық құпияны жариялауға тиым салатын ереже көзделуі ықтимал. Алайда мұндай жағдайда қызметкер жұмыстан кеткеннен кейін оған коммерциялық қапаратты жариялауға, пайдалануға тиым салатын жағдайларды еңбек шартына енгізуге бола ма дейтін сұрақтың да туындауы мүмкін. Заңнамада еңбек шартына мұндай талаптарды енгізудің негіздері көзделмеген.
Коммерциялық ақпаратты жария етпеу туралы жеке келісім бекіту барлық жағдайларда іске аса бермейді, өйткені қызметкер мұндай келісімге қол қоймауы мүмкін. Сондықтан бұл факт заңнамалық тәртіпте шешілуі тиіс деп ойлаймыз.
Қорытынды
Қазақстанда кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуы экономикалық реформаларды іске асыру мен нарықтық экономиканың қалыптасуының заңды үрдісі болып табылады.
Персоналдық тәуекел қағидасына негізделген кәсіпкерлік қызмет мемлекет тарапынан құқықтық кепілдіктер берілген жағдайларда ғана эффективті түрде дамиды. Сондықтан нарықтық экономика жағдайында кәсіпкерлікке қолдау көрсетумен қатар мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі кәсіпкерлікті құқықтық қорғау болып табылады.
Дипломдық жұмыста біз, кәсіпкерледің құқықтарын қорғаудың бір әдісі – коммерциялық құпияны зерттеуді мақсат еттік.
Бүгінгі таңда коммерциялық құпия – конфиденциалды коммерциялық ақпаратты қорғау жүйесін қалыптастыратын нормалардың жиынтығынан тұратын жүйе. Сондықтан құқық жүйесінде коммерциялық құпия туралы нормалардың орнын анықтау теориялық және тәжірибелік тұрғыдан өзекті болып отыр. Бұл бірінші кезекте коммерциялық құпияның құқықтық табиғатын анықтауды қажет етеді.
Отандық және шетелдік заң әдебиеттерінде коммерциялық құпия түсінігіне қатысты әртүрлі көзқарастар қалыптасқан. Атап айтсақкоммерциялық құпия – конфиденциалды ақпараттың бір түрі ретінде, ақпаратты қорғауға құқық ретінде және ақпаратты қорғаудың әдісі ретінде қарастырылған. Сонымен бірге коммерциялық құпия атауының өзі де әртүрлі нұсқаларда берілген.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес коммерциялық құпия азаматтық құқықтың объектісі ретінде анықталып, коммерциялық ақпарат ұғымына теңдестірілген. Біздің көзқарасымыз бойынша бұл коммерциялық құпияның құқықтық мәнін дұрыс түсінуге септігін тигізбейді. Осыған байланысты азаматтық құқықтарды қорғаудың әдісі ретіндегі коммерциялық құпия түсінігін теориялық тұрғыдан қайта қарастыру қажет.
Коммерциялық құпияны азаматтық құқықтарды қорғаудың әдісі ретінде анықтау заңнамада коммерциялық құпияның құқықтық табиғатын түсінікті беруді талап етеді. Біздің көзқарасымыз бойынша азаматтық заңнама азаматтық құқықтың объектісі ретіндегі коммерциялық ақпарат пен субъективтік азаматтық құқықтарды қорғаудың әдісі ретіндегі коммерциялық құпияны нақты ажыратып қарастыруы тиіс. Сондықтан азаматтық заңнамада коммерциялық ақпарат түсінігі мен оны азаматтық құқықтың объектісі ретінде анықтаудың критерилерін бекіту қажет.
Азаматтық құқықтың объектісі ретіндегі коммерциялық ақпаратқа енуді шектеудің әдістері қолданыстағы азаматтық заңнамада көзделген. Коммерциялық ақпарат интеллектуалдық меншік институты аясында қорғалады. Соған байланысты интеллектуалдық меншікті қорғаудың әдістері коммерциялық ақпаратқа да таратылады.
Дегенмен, интеллектуалдық меншік және коммерциялық құпия түсініктерінің арақатынасы, соның ішінде олардың объектілері туралы сұрақ туындайды. Қолданыстағы заңнама позициясынан интеллектуалдық меншік объектілері – шығармашылық интеллектуалдық еңбектің нәтижелері ретінде анықталған.
Бұл позициядан коммерциялық құпия объектілерінің түсінігі – коммерциялық ақпарат «интеллектуалдық меншік» ұғымымен қамтылмайды, себебі, коммерциялық ақпарат барлық уақытта шығармашылық интеллектуалдық қызметтің жемісі болып табылмайды. Сондықтан заңнамаға интеллектуалдық меншік объектілеріне қатысты өзгертулер енгізу қажет деп есептейміз.
Қазақстанда коммерциялық құпия режиміндегі коммерциялық ақпаратты қорғау мәселелері бойынша арнайы нормативтік құқықтық актілер жоқ. Отандық кәсіпкерлердің коммерциялық құпияны қолдану тәжірибесі де мол емес және коммерциялық құпия объектісі құрамын анықтау әдістемесінің негізін, қорғау шараларын анықтауды заңда бекіту қажет.
Коммерциялық құпия ретіндегі коммерциялық ақпарат түсінігін анықтауды оның құрамына қатысты әртүрлі көзқарастарды талдаудың негізінде коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтердің екі топқа бөлінетіндігіне көз жеткіздік: технологиялық ақпарат; іскерлік ақпарат.
Коммерциялық құпияға құқық, жұмыста субъективтік құқық ретінде қарастырылды. Алайда, қолданыстағы заңнамада берілген айрықша құқықтардың анықтамасына сәйкес материалдық емес объектіні пайдалану құқығын бір тұлғаның атына заңды түрде бекіту айрықша құқықты білдіреді (яғни, құқықтық монополия бекітіледі). Ал, конфиденциалды коммерциялық ақпаратқа қатысты айрықша құқық ол ақпараттың үшінші бір тұлғаларға белгісіздігі нәтижесінде ақпарат иесінің ақпаратты пайдалануға монополиялық құқығынан тұрады.
Дегенмен, коммерциялық ақпаратты заңды түрде бір емес бірнеше тұлғалар иелене алады және олардың әрқайсысының құқығы қорғалуға жатады. Осы фактке орай коммерциялық құпияға құқық айрықша құқықтардың жаңа түрі ретінде қарастырылып, ол заңда көрініс табыуы қажет. Осыған байланысты заңнамада коммерциялық құпияға құқықтың пайда болу негіздері мен оның тоқтатылу негіздері туралы норманы бекіту қажет деп ойлаймыз.
Сонымен қатар тәжірибе коммерциялық құпия объектісі болып табылатын ашылмаған коммерциялық ақпаратты пайдалану саласында жауапкершіліктің түрлерін, жауапкершілік негіздерінің ерекшеліктерін, зиянды өтеудің тәртібін анықтау қажеттілігін көрсетіп отыр. Осыған байланысты жұмыста коммерциялық құпияны бұзғаны үшін жауапкершілік түрлері жете зерттелді.