Автор: Пользователь скрыл имя, 08 Декабря 2014 в 18:55, реферат
Қазіргі уақытта интеллектуалдық меншіктің пайда болып жатқан жаңа объектілері айрықша құқықтардың дәстүрлі жүйесіне енгізілуде. Отандық азаматтық құқық ғылымында түсінігі түбегейлі зерттелмеген ашылмаған коммерциялық ақпаратқа да құқық аталған жүйенің ішіне кіреді. Бұл жерде біз ең алдымен ашылмаған коммерциялық ақпаратқа қатысты қолданылатын айрықша құқықтардың түсінігін беріп, оның айрықша құқықпен арақатынасына тоқталып өтуіміз қажет.
Біріншіден, кәсіпорын басшалары мен қауіпсіздік қызметінің тарапынан конфиденциалды ақпаратпен жұмыс істейтін барлық қызметкерлерге күнделікті бақылау және тиісті ақпаратты қорғау;
Екіншіден, ішкі еңбек тәртібінің ережелерінде, коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтерді қорғау бойынша нұсқаулықтарда және кәсіпорында қызметкердің ісқимылдарын реттейтін өзге де нормативтік құжаттарда көзделген талаптарды кәсіпорынның барлық қызметкерлерімен сақталуын қамтамасыз ету.
Барлық ережелер мен нұсқаулықтардың талаптарының жиынтығы кәсіпорын аумағында қызметкерлердің жүріп-тұру ережелерін орындауын қамтамасыз етуді және кәсіпорын аумағындағы жайлардың, соның ішінде құпия жұмыстар жүргізілетін қызметтік жайлар мен лабораторияларда қорғауды қамтамасыз етуді қалыптастыруы тиіс.
Үшіншіден, қорғалатын ақпараттың шығу қайнар көздері мен каналдарын анықтап, оларды жабу бойынша шаралар қолдану. Қорғалатын ақпараттың шығуы – көп жағдайларда жұмысы коммерциялық ақпаратпен байланысты, кәсіпорын қызметкерлерінің кінәсінен және ақпаратты қорғау бойынша жүргізілген шаралардың әлсіздігі, тиімсіздігі салдарының нәтижесінде орын алады.
Төртіншіден, коммерциялық құпияны қорғау кәсіпорын қызметкерлерінің ашық жарияланымдарда қорғалатын ақпараттарды жариялауларының алдын алу бойынша шараларды да қамтиды. Кәсіпорын қызметкерлері кәсіпорын қызметінің техникалық жақтарына қатысты мәселелерді ғылыми мақалаларда жариялау кезінде немесе көремеге қатысуда, жарнамалау қызметін жүзеге асыруда ашуына тиым салынады. Мұндай мәліметтерді жариялау кәсіпорын басшысымен және мамандармен алдын ала келісілуі тиіс.
Бесіншіден, коммерциялық құпияны қорғаудың маңызды жақтарының бірі потенциалды, перспективті клиенттермен, әріптестермен және лицензиаттармен жұмыс істеу. Мұндай келіссөздерді жүргізуде екінші тарап сіздің фирмаңыз туралы конфиденциалды ақпаратты алу мақсатын емес, өзара пайдалы шартты бекітуді көздейтіндігін анықтап алу қажет.
3. Коммерциялық құпия режимін бұзғаны үшін азаматтық құқықтық жауапкершіліктің мәселелері
Коммерциялық құпия режимін бұзғаны үшін жауапкершілікті қарау барысында коммерциялық құпия институтының құқық жүйесінде алатын орнын ескеруіміз қажет.
Коммерциялық құпияға құқық субъективтік азаматтық құқық ретінде азаматтық заңнамамен бекітілген. Бұл жауапкершілік шаралары коммерциялық құпия режимін бекіткен тұлғаның жеке мүддесін қорғауды мақсат етуі тиіс деген мағынаны білдіреді.
Азаматтық айналымның қатысушыларына нақты құқықтарды бере отырып және нақты міндеттерді жүктей отырып азаматтық заңнама бұл құқықтар мен міндеттер бұзылған жағдайда тиісті санкциялардың қолданылатындығын көздейді. Сондықтан коммерциялық құпияға субъективтік азаматтық құқықтың бұзылғандығы үшін жауапкершіліктің азаматтық құқықтық шаралары қолданылады.
Коммерциялық құпия жағдайында тауар-ақша сипатындағы мүліктік қатынастар орын алатындықтан мұндай құқықтарды бұзғаны үшін жауапкершілік те мүліктік сипатта болуы тиіс (тауар-ақша эквивалентінде). Сонымен қатар мұндай жағдайларда жауапкершілік компенсациялық сипатта болуы тиіс, яғни құқықтарының бұзылуы нәтижесінде жәбірленушіге келтірілген шығындарды өтеттіріп беруді қамтамасыз етуі қажет.
Қазақстан республикасы Азаматтық кодексінің 126 бабының 2 тармағы және 1018 бабының 1 тармағы коммерциялық құпия режимін бұзғаны үшін жауапкершілік шығындарды өтеу түрінде орындалуын көздейді. Арнайы заңнамалық актілер де коммерциялық құпияға құқықты қорғаудың негізгі құралы ретінде – коммерциялық құпияны бұзғаны үшін шығындарды өтеуді қарастырады.
Алайда, коммерциялық құпия туралы нормаларды талдау нәтижесінде - коммерциялық құпияға құқықты қорғау мақсатында кәсіпкерліктің еркіндігін қорғау, адал емес бәсекелестіктің алдын алу аясында коммерциялық құпияны бұзғаны үшін қылмыстық, әкімшілік және материалдық жауапкершілік шараларын қолданудың заңмен бекітілгендігіне көз жеткіздік.
Мысалыға, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 220 бабына сәйкес коммерциялық құпияны жариялау қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болады. ҚР ЕК сәйкес коммерциялық ақпаратты иеленетін қызметкер коммерциялық құпия режимін бұзғаны үшін толық материалдық жауапкершілікті көтереді немесе осы негіз бойынша қызметкермен жасалған еңбек шарты тоқтатылады. Демек, коммерциялық құпия режимін бұзу - еңбектік, қызметтік тәртіпті бұзу ретінде қарастырылуы мүмкін.
Кәсіпкерлік еркіндікті шектеумен және адал емес бәсекелестікпен күресу институттарының әрекет етуіне қарамастан аталған институттар нормаларымен бектілген шаралар коммерциялық құпия режимінде қорғалатын ашылмаған ақпаратты қорғау мәселелерін шешуге көмек көрсетеді.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде біз – коммерциялық құпия режимін бұзғаны үшін азаматтық құқықтық жауапкершіліктің жеке бір субинституты болып табылады деп тұжырымдаймыз. Коммерциялық құпияға құқықты бұзғаны үшін азаматтық құқықтық жауапкершіліктің сипаттамалаық белгілерін анықтауда азаматтық құқықтық жауапкершіліктің жалпы түсінігін ескеруіміз қажет.
Азаматтық құқықтық жауапкершілік мәселелеріне арналған жұмыстар өте көп. Соған байланысты болар азаматтық құқықтық жауапкершіліктің түсінігі заң ғылымында даулы мәселелердің бірі. Азаматтық құқықтық жауапкершіліктің заңды жауапкершілік деп аталатын топтық түсінікке бағынатындығы белгілі. Азаматтық-құқықтық жауапкершілік заңды жауапкершіліктің барлық белгілері тән құқықтық жауапкершіліктің бір түрі. Бір жағдайда жауапкершілік шараларымен байланысты болса, екінші жағдайда - өз әрекеттеріне есеп беру міндетімен, үшінші жағдайда – зиян шегушінің мүддесін қанғаттандыру мақсатында құқық бұзушыны оған тиесілі мүліктен айырумен байланысты болып келеді. Ю.Г. Басиннің ғылыми еңбектеріне сәйкес «жауапкершілік – борышкер ерікті түрде жасауы тиіс іс-әрекетті мәжбүрлеп орындатумен шектелмеуі тиіс. Қосымша мүліктік өндіріп алусыз – жауапкершілік міндеттемені бұзған борышкерге қолданылатын жазалау шарасы бола алмайды және оның тиісті дәрежедегі жүріс-тұрысын ынталандыра алмайды» [26].
Азаматтық құқықтық жауапкершілік құқық бұзушыға жүктелетін жағымсыз мүліктік салдар нысанында болады. Қолданыстағы заңнама бойынша азаматтық құқықтық жауапкершілік нысандарының арсеналы әрқилы. Шығынның орнын толтыру, айыппұлды өндіріп алу, моральдық зиянды өндіріп алу Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 9 бабымен көзделген азаматтық құқықтарды қорғау әдістерінің аса кең таралған түрлері болып табылады.
Жоғарыда аталған азаматтық құқықтық жауапкершілік туралы негізгі ережелер жауапкершлік негіздері мен шарттарының және жауапкершілік шараларын қолданудың ерекшеліктерін ескере отырып коммерциялық құпия режимін бұзғаны үшін жауапкершілікке де таратылады.
Коммерциялық құпия режимінің спецификасы – ол ашылмаған ақпарат иесінің айрықша құқығын белгісіз мерзімге бекітеді. Коммерциялық құпия режимінде қорғалатын ашылмаған коммерциялық ақпаратты үшінші тұлғалардың алуына, пайдалануына және жариялауына ақпарат иесінің келісімінсіз жол берілмейді. Ақпарат иесінің келісімінсіз мұндай әрекетттерге бару мәні бойынша коммерциялық құпия режимін бұзу ретінде қарастырылады.
Үшінші тұлғалардың коммерциялық құпияны бұзбау міндеттемесі азаматтық құқықтық міндетттеме болып табылады. Ал азаматтық құқықтық міндеттеме дегеніміз – бұл мүлікті берумен, жұмыс орындаумен, қызмет көрсетумен байланысты туындайтын міндеттемелік қатынастарды ретейтін азаматтық құқықтық нормалардың жиынтығы[26, 438б.].
АК 268-бабында міндеттеме құқықтық қатынас мағынасында берілді: міндеттемеге сәйкес бір тұлға (борышқор) басқа тұлғаның (несие берушінің) пайдасына мүлік беру, жұмыс орындау, ақша төлеу және тағы басқа сияқты белгілі бір әрекеттер жасауға, не белгілі бір әрекет жасаудан тартынуға міндетті, ал несие беруші борышқордан өз міндеттерін орындауын талап етуге құқылы. Несие беруші борышқордан атқарылғанды қабылдауға міндетті.
Сондықтан міндеттемені бұзу азаматтық құқықтық жауапкершілікті туындатады. Заңды жауапкершіліктің бұл түрі саралануға жатады. Жауапкершіліктің түрлерін саралау әртүрлі критерилердің негізінде жүргізіледі.
Ең алдымен жауапкершіліктің саралануы құқықбұзушыға қолданылатын санкцияның түрлері бойынша жүргізіледі. Соның ішінде шығындарды өтеу, тұрақсыздық айыбын төлеу, моральдық зиянды өтеу жауапкершіліктің кең таралған түрлеріне жатады. Осы аталған жауапкершілік түрлеріне жете-жете тоқталып, олардың қолданылу шарттарын қарастырғанды жөн көрдік.
Егер міндеттеменің орындалмағаны немесе тиісті дәрежеде орындалмағаны үшін айып төлеу белгіленбесе, залалдар айып төлеумен жабылмаған бөлігінде өтеледі. Заңдарда немесе шартта залалдарды емес, айып төлеуді өндіріп алуға жол берілетін; залал толық сомасында айып төлеуден тыс өндіріп алынуы мүмкін; несие берушінің таңдауы бойынша не айып төлеу, не шығын өндіріп алынуы мүмкін болатын жағдайлар көзделуі ықтимал.
Айып төлеу – кәсіпкерлік салада пайда болған міндеттемені орындауды қамтамасыз ету әдістерінің ең көп тараған түрі. Айыппұл төлеудің есептеу әдісіне орай үш түрі болады: айып төлеу, айппұл және өсім. Бұл орайда өсім ақшалай міндеттеменің уақытын өткізіп алған кезде қолданылады, яғни өткізіп алған әрбір күн үшін соманың пайызымен ұсталады[19, 297б.].
Айыппұл тек қана ақша сомасында немесе соманың белгілі бір мөлшерінде орындалмаған міндеттемеге қолданылады. Қосымша міндетеменің пайда болу негізінде айып төлеуді заңды және шартты деп екіге бөледі. заңды түрі міндеттемеге, қандай міндеттемені бұзған кезде қолданылатынын айқындайды. Әдетте айып төлеу есепті сипатқа ие. Айып төлеудің бұл түрі барлық жағдайларда, заңда немесе келісімдерде басқаша көзделгеннен басқа ретте, қолданыла береді.
Айып төлеудің айыппұл түрі, заң мен шартта қаралған жағдайда ғана қолданылады. Оның мәні борышқор міндеттемені бұзғаны үшін айып төлеуді жүзеге асырып, келген залалдың орнын толық толтыруға міндетті. Айрықша айып төлеу несие берушіні тек айып төлеуді жүзеге асырумен шектейді. Айып төлеудің тиісті мөлшері, егер келген залал мөлшеріне қарағанда тым жоғары болатын болса, сотпен төмендетілуі мүмкін. Міндетеме тиісті дәрежеде орындалмаған жағдайда айып төлеу және залалдарды өтеу, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, борышқорды міндеттемні заттай орындаудан босатады[17, 331б.]. Бірқатар жағдайларда, іс - әрекеттердің құқыққа қайшылығы олардың мораль, саналық, адамгершілік және әділеттілік талаптарына қайшы болуына яғни азаматтық құқықтық жалпы бастауларына сүйене отырып бағаланады.
Заңдарда немесе міндеттеменің шарттарына сәйкес негізгі борышқор болып табылатын (субсидиялық жауапкершілік) басқа адамның жауапкершілігіне қосымша жауапты болатын адамға талап қойғанға дейін кепіл беруші талапты негізгі борышқорға қоюға тиіс. Егер негізгі борышқор несие берушінің талабын қанағаттандырудан бас тартса, не оны толық орындамаса немесе несие беруші одан қойылған талапқа ақылға қонымды мерзімде жауап алмаса, бұл талаптың орындалмаған бөлігі субсидиялық жауапкершілігі бар адамға қойылуы мүмкін.
Егер бұл талап негізгі борышқорға қарсы қойылған талапқа жатқызу арқылы қанағаттандырылуы мүмкін болса, несие беруші өзінің негізгі борышқорға қоятын талабын субсидиялық жауапкершілігі бар адамның қанағаттандыруын талап етуге құқылы емес.
Субсидиялық жауапкершілігі бар адам оған несие беруші қойған талапты қанағаттандыруға дейін бұл туралы негізгі борышқорға ескертуге, ал егер мұндай адамның үстінен талап арызы түссе, негізгі борышқорды іске қатыстыруға тиіс. Олай болмаған жағдайда негізгі борышқордың несие берушіге қарсы айтайын деген қарсылықтарын субсидиялық жауапкершілігі бар адамның регрестік талабына қарсы қоюға құқығы бар[27].
Егер екіжақты шартта тараптардың бірде – бірі жауап бермейтін мән-жайдың салдарынан таораптардың біреуі үшін міндеттемені орындауға мүмкіншілік болмаса, заң құжатында немесе шартта өзгеше көзделмесе, шарттың орындалуын тараптардың ешқайсысының да талап етуге құқығы жоқ. Мұндай жағдайда тараптардың әрқайсысы өзі орындағанның бәрін қайтаруды тиісті қарсы орндауды алмай-ақ талап етуге құқылы.
Борышқордың міндеттемесін орындау жөніндегі лауазымды адамдарының немесе өзге қызметкерлерінің әрекеттері борышқордың әрекеттері болып есептеледі. Борышқор бұл әрекеттер үшін, егер олар міндеттемені орындамауға немесе тиісті дәрежеде орындамауға әкеліп соқтырса, жауап береді.
Үшінші жақтардың борышқор алдындағы өз міндеттеріне қатысты әрекетті не әрекетсіздігі міндеттемені бұзудың себебі болғанда да борышқор несие берушінің алдында жауап береді. Егер заңдарда тікелей орындаушы жауап береді деп белгіленбесе, борышқор несие беруші алдындағы өз міндетін жүктеген үшінші жақтардың әрекетті немесе әрекетсіздігі үшін де жауап береді.
Міндеттеменің бұзылуынан келтірілген моральдық нұқсан Азаматтық кодекстің 350- бабында көзделген залалдардан тыс өтеледі.
Зиян - бұл белгілі бір көлемде және заңмен көзделген тәсілдермен оның салдарын жоюды немесе өтеуді талап ету құқығын белгілі бір тұлғаларға беретін, материалдық немесе материалдық емес игіліктерді кемітуден көрініс тапқан құқық бұзушылықтың жағымсыз салдары (азаматтық құқықта ол сондай-ақ, құқық бұзушылық элементі). Бұл анықтама, егер олар біреудің құқыққа қайшы іс- әрекеттерінің салдарынан орын алса, тұлғаның мүліктік немесе мүліктік емес аяларындағы жағымсыз өзгерістерге заңнамалық реакцияны сипаттайды[27, 203б.].