Кылмыс ұғымы және санаттары

Автор: Пользователь скрыл имя, 21 Октября 2013 в 22:11, реферат

Краткое описание

Қылмыстық құқықтағы негізгі мәселелердің бірі қылмыстың ұғымын анықтау болып табылады. Жеке адам мен қоғам арасындағы қақтығыстардың қайсысының қоғамға қауіптілік дәрежесінің басым екендігін анықтау және оған осы мәселеде қылмыстық құқылық шараларды қолдану арқылы осы қатынастарды реттеу — қылмыстық заңның негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.

Оглавление

КІРІСПЕ..............................................................................................................2

1. ҚЫЛМЫСТЫҢ ҰҒЫМЫ ЖӘНЕ БЕЛГІЛЕРІ......................................3

2. ҚЫЛМЫСТЫ БАСҚА ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАН ЖӘНЕ БЕЙМОРАЛЬДЫҚ ЖАТ ҚЫЛЫҚТАРДАН АЖЫРАТУ......................11

3. ҚЫЛМЫС САНАТТАРЫ.........................................................................14

ҚОРЫТЫНДЫ................................................................................................16

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР................................................................16

Файлы: 1 файл

кылмыс угымы-реферат.doc

— 103.50 Кб (Скачать)

МАЗМҰНЫ

 

 

КІРІСПЕ..............................................................................................................2

 

1. ҚЫЛМЫСТЫҢ ҰҒЫМЫ  ЖӘНЕ БЕЛГІЛЕРІ......................................3

 

2. ҚЫЛМЫСТЫ БАСҚА  ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАН ЖӘНЕ БЕЙМОРАЛЬДЫҚ ЖАТ ҚЫЛЫҚТАРДАН АЖЫРАТУ......................11

 

3. ҚЫЛМЫС САНАТТАРЫ.........................................................................14

 

ҚОРЫТЫНДЫ................................................................................................16

 

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР................................................................16

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

КІРІСПЕ

 

Қазақстан Республикасының  Конститутциясы шынайы демократиялық, бұрынғыдан гөрі шынайы адамгершілікті қоғам құру міндетін алға қойып әрбір жеке адам мен азаматтың кең көлемді демократиялық құқықтары мен бостандықтарын баянды етті.

Қазірдің өзінде Қазақстан мемлекеті бұрынғы  саяси құрылысқа қарағанда әлдеқайда  демократиялық мемлекет деп санауының  өзі негізсіз емес. Бірақ, өкінішке орай, қылмыс азаймай отыр, тіпті көбейіп кету тенденциясы да бар. Кейбіреулер мұның себебі жазалау шараларының жұмсақтығынан десе, кейбіреулері керісінше заң тым қатал деп есептейді. Адамзат баласы басынан не кешпеді, не жеңіл жазалау да,  кескілеп өлтіру де, отқа жағып жіберу де – бәрі де болды. Бірақ, бұлардың барлығында қылмыс жасауды тоқтата алмады. Мүмкін, әлде қылмыс дегеніміз мүлдем жойылмайтын, адамзат қоғамы өмір сүріп тұрғанда бола беретін құбылыс па? Шынын айтқанда мұндай ғылыми теория да жоқ емес.

Қазақстанда қылмыстың  өсе түсуіне әсер ететін себептері  ішінде кедейшілікті, жоқшылықты, жұмыссыздықты, мәдениеттің төмендеп кетуін, адамгершіліктен  азғындау, отбасылық тәрбиенің төмендеп кетуін, маскүнемдіктің етек алуын, нашақорлық, порнографияның кері ықпалын, құқық қорғау органдарының жұмыстарының тиімді жүргізілуін, тағы басқа себептерін атап өтуге болады. Қылмыстың едәуір бөлігі ашылмай қалады, сондықтан да сазайын тартпаған қылмыскерлер одан сайын дандайсып, басқа да қылмыстар жасайды.

Сонымен қылмыс дегеніміз не? Бұл ұғымның аясына не кіреді және қандай белгілері бар? Осындай негізгі сұрақтарға жауап  беріп қана қоймай оны ұғыну, түсіну міндеттері осы жұмысыма арқау болды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1. ҚЫЛМЫСТЫҢ ҰҒЫМЫ  ЖӘНЕ БЕЛГІЛЕРІ

 

Қылмыстық құқықтағы негізгі  мәселелердің бірі қылмыстың ұғымын анықтау болып табылады. Жеке адам мен қоғам арасындағы қақтығыстардың қайсысының қоғамға қауіптілік дәрежесінің басым екендігін анықтау және оған осы мәселеде қылмыстық құқылық шараларды қолдану арқылы осы қатынастарды реттеу — қылмыстық заңның негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.

Батыс еуропа елдерінің көпшілігінің қылмыстық құқығында қылмыс ұғымына  формальды анықтама беру орын алса, отанымыздың қылмыстық құқығында  қылмысқа — қылмыстық заңда жазалау қатерімен тыйым салынған әрекет ретінде материалдық-формальды анықтама беру дәстүрлі түрде қалыптасқан.

Егер қылмыс ұғымын формальды  анықтауда құқыққа қайшы әрекеттің  формальды белгілеріне баса назар  аударылса, ал материалдық анықтамада формальды белгілермен қатар міндетті түрде материалдық белгілер де (әрекеттің немесе әрекетсіздіктің қоғамға қауіптілігі) назарда болады.

Қылмыс әр уақытта да белгілі  бір іс-әрекеттің (әрекет немесе әрекетсіздіктің) көрінісі болып табылады. Заң шығарушы осындай тұжырымдарға келе отырып, қылмыстың әр уақытта да адамның нақты іс-әрекетінің, мінез-құлқының сыртқа шыққан көрінісі екенін атап көрсетеді.

Адамның құқыққа қайшы  мінез-құлқы белсенді әрекет күйінде  немесе әрекетсіздік күйде болуы  мүмкін. Бұл жерде әрекет дегеніміз адамның қылмыстық заң тыйым салған нәрселерді істеуі, ал әрекетсіздік дегеніміз адамның заң, нормативтік актілер, нұсқаулар немесе арнаулы жарлықтар, бұйрықтар бойынша өзіне жүктелген міндетін орындамауы болып табылады. Адамның қылмысқа қайшы немесе оған қайшы емес мінез-құлқы оның ойлау жүйелері арқылы, содан соң белгілі бір іс-әрекеттер арқылы көрініс береді. Ондай нақты іс-әрекеттер арқылы көрініс таппаған, жүзеге аспаған ойлар, пікірлер соншалықты қатерлі болғанына қарамастан, қылмыс болып табылмайды. Белгілі бір іс-әрекет арқылы жүзеге асырылмаған адамның ниет-мақсаттары қоғамға қауіп туғызбайтындықтан қылмыстық құқық реттеу саласына жатпайды. Қылмыстық құқық ғылымында бұл мәселе туралы бірауыздан осылай тұжырым жасалған.

Қылмыс құқылық құбылыс ретінде осы құбылыстың мәнді жақтарын бейнелейтін белгілі бір белгілермен сипатталады. Қолданылып жүрген қылмыстық заңға сәйкес қылмыстың түсінігі заңның өзінде көрсетіледі.

Бұрынғы кеңестік жүйеде қылмыстың  ұғымы алғаш рет 1919 жылы РСФСР-дың  Қылмыстық құқық жөніндегі басшылық негіздерінде (5-бап): “Қылмыстық құқықпен қорғалатын қоғамдық қатынастар тәртібін бұзушылық қылмыс деп танылады” делінген. РСФСР-дың 1922 жылғы Қылмыс кодексінде “Қылмыс дегеніміз кез келген қоғамға қауіпті әрекет немесе әрекетсіздік” деген ұғыммен тұжырымдалады.

1924 жылы КСРО және одақтас  республикалардың қылмыстық заңдарының  негізгі бастамаларында қылмыс  туралы ұғымға арнаған бап  болған жоқ. 1926 жылғы РСФСР Қылмыстық  кодексінде “қылмыс дегеніміз  қоғамға қауіпті іс-әрекет” деп  көрсетіледі (1-бап). Бұл жерде кеңестік құрылысқа немесе құқық тәртібіне бағытталған әрекет немесе әрекетсіздік қоғамға қауіпті деп жарияланды. КСРО және одақтас республикалардың 1958 жылғы қылмыстық заңдардың негізінде “Қылмыстық заңда көзделген, оның саяси және экономикалық жүйелеріне, социалистік меншігіне, азаматтардың жеке басына, саяси, еңбек, мүліктік және басқа да құқықтары мен бостандықтарына қиянат жасайтын қоғамдық қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік), сондай-ақ социалистік құқық тәртібіне қиянат жасайтын қылмыстық заңда көзделген қоғамдық қауіпті іс-әрекет қылмыс деп табылады”, - делінген. Дәл осындай анықтама бұрынғы Одаққа кірген барлық республикалардың, оның ішінде 1959 жылы 22 шілдеде қабылданған Қазақ КСР Қылмыстық кодексінде де (7-бап) берілді. 1997 жылы жаңа Қылмыстық кодекс қабылданды. Осы Кодексте өмірімізде, қоғамда орын алған елеулі әлеуметтік-экономикалық саяси өзгерістерге сәйкес қылмыстың жаңа ұғымы берілген. Біз осы баптың мәтінін толық келтіре кетейік.

9-бап. қылмыс ұғымы     

 «1. Осы Кодексте жазалау қатерiмен тыйым салынған айыпты қоғамдық қауiптi әрекет (iс-әрекет немесе әрекетсiздiк) қылмыс деп танылады. Қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берiлмейдi.      

2. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнде көзделген қайсыбiр әрекеттiң белгiлерi формальды болса да бар, бiрақ елеулi маңызы болмағандықтан қоғамдық қауiптi емес, яғни жеке адамға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келтiрмеген және зиян келтiру қаупiн туғызбаған iс-әрекет немесе әрекетсiздiк қылмыс болып табылмайды»1.

Осы анықтамадан  қылмыстық құқыққа қайшылық қоғамға  қауіптілік кінәлілік, жазаланушылық  қылмыстың белгілері екендігі көрініп  тұр.

Қоғамға қауіптілікті тек қылмысқа ғана қатысты деп  айтуға болмайды. Әкімшілік құқық  бұзушылық та жеке адамға, қоғамға  немесе мемлекетке зиян келтіруі мүмкін. Алайда олардың қоғамға қауіптілігі едәуір төмен.

Заң шығарушы қылмысты басқа  құқық бұзушылықтан айырып көрсетуі үшін, қол сұғушылықтың салдарын сипаттайтын  белгілерді ҚК-тің Ерекше бөлімі баптарының диспозициясында көрсеткен. Қоғамға қауіптілік зиянды әрекеттің өзінің тікелей ерекшелігіне, яғни оны істеу уақыты, орны, тәсілі, жағдайларына байланысты әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы: рұқсат етілмеген немесе тыйым салынған жерлерде не тыйым салынған аңдарға қатысты аң ауланса, оның заңсыз болып табылуы; ҚК-тің 296-бабының бірінші бөлігі бойынша механикалық көлік құралдарын жүргізуші адамның жолда жүру немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы және оның абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруі. Осы бапқа сәйкес адамның денсаулығына келген зиян орташа ауырлықтан төмен болған жағдайда жауаптылық әкімшілік тәртібімен қарастырылады.

Қазақстан Республикасының  Қылмыстық кодексі Ерекше бөлімінің  тиісті баптарының диспозицияларында  жекеленген қылмыс құрамдары арнаулы көрсетілген. Қылмыстық құқықта қылмыстың осы нақты құрамдарына қарсы іс-әрекет істеуді құқыққа қайшылық деп атау қалыптасқан. Қылмыстың міндетті белгілерінің бірі құқыққа қайшылық — яғни қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетті (іс-әрекет немесе әрекетсіздік) жасау болып табылады. Қылмыстың формальды және материалдық белгілері бір-бірімен тығыз байланыста. Адамның қылмыстық құқықтық норма тыйым салған іс-әрекеттерді істеуі құқыққа қайшылық деп танылады. Құқыққа қайшылық — қылмыстың формальды белгісі. Қылмыстық құқыққа қайшылықтың міндетті белгісі қылмыстық заңда көрсетілген іс-әрекетті істеген жағдайда нақты нормада көрсетілген қылмыстық-құқықтық санкция белгілейтін белгілі бір жаза түрінің тағайындалуы болып табылады. Тыйым, тек қылмыстық заңмен салынғанда ғана қылмыс жөнінде сөз болуы мүмкін. Мысалы, Қазақстан Республикасы аумағында шет ел валютасымен мәміле жасауға валюталық реттеу заңымен тыйым салынса да бірақ мұндай әрекеттер Қылмыстық кодексте қарастырылмаған. Сондықтан, олар қылмыс болып табылмайды. Заң шығарушы қазіргі кезеңде қылмыстың формальды белгісінің артуына байланысты болса керек, ҚК-тің 9-бабының бірінші бөлігіне қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берілмейтіндігі туралы конституция нормасын енгізген (Конституцияның 77-бабының, 3-тармағының 10) тармақшасы). Басқаша айтқанда — nullum crimen sine lege (занда белгіленіп көрсетілмесе қылмыс емес) қағидасы конституциялық деңгейде белгіленген.

1960 жылға дейінгі қолданылған  Қылмыстық кодекстерде ұқсастығы  бойынша яғни, қылмыстық заң нормасында әдейі көрсетілмеген іс-әрекеттерге де сонда көрсетілген соған ұқсас, жақын нормаларды қолдануға жол берілген еді. Мұның өзі заңды бұзуға және осы мәселеде бейберекетсіздікке кетушілікке әкеліп соқтырды. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы жаңа Конституциясында, осыған орай жаңа Қылмыстық кодексте қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берілмейді делінген.

Адамның қылмыстық құқылық  норма тыйым салған іс-әрекеттерді  істеуін қылмыстық құқыққа қайшылық деп атаймыз. Адамның қылмыстық заң тыйым салмаған, осы заңда көрсетілмеген іс-әрекеттерді істеуін қылмыс қатарына жатқызуға болмайды. Тек заң шығарушы ғана белгілі бір іс-әрекетті қылмыс қатарына жатқызуға мүмкіндік беретін оның мәнді белгілерін анықтайды. Қылмыстық құқыққа қайшылықтың міндетті белгісі болып осы заңда көрсетілген іс-әрекетті істеген жағдайда нақты нормада көрсетілген қылмыстық құқылық санкция белгілеген жазаның белгілі бір түрінің тағайындалуы болып табылады. Іс-әрекеттің қылмыстық құқыққа қайшылығын белгілеген тиісті заңның жарияланған уақытынан бастап ондай іс-әрекеттер қылмыс қатарына жатады. Мұндай ретте мемлекет осындай іс-әрекеттермен қылмыстық құқылық норма арқылы күрес жүргізуге мүмкіндік алады. Керісінше, белгіленген тәртіппен күші жойылған қылмыстық-құқылық норма қылмыс қатарынан шығарылады. Ондай іс-әрекеттер қылмыс деп саналмайды. Мысалы: елімізде нарықтық қатынастардың дамуына байланысты Қылмыстық кодекстен алыпсатарлық деген қылмыс құрамы қатарынан алынып тасталды. Бұрын қылмыс қатарында жоқ жалған банкроттық табысты жасыру, салық төлемегені үшін қылмыстық жауаптылықты белгілейтін көптеген жаңа нормалар пайда болды.

Қылмыстың негізгі сапалық  белгісі оның қоғамға қауіптілігі  болып табылады. Бұл белгі қылмыстың  материалдық мәнін білдірумен бірге  не себепті осы немесе басқадай іс-әрекеттер қылмыс болып табылатынын түсіндіреді. Қоғамға қауіптілік белгісінің болуының өзі іс-әрекеттің қоғамдық қатынастарға зиян келтіруін немесе зиян келтіру қаупін туғызатынын білдіреді. Қоғамға қауіптілік — қылмыстың объективтік белгісі. Ол заң шығарушының санасына және еркіне байланыссыз қоғамдық қатынастарға зиян келтіреді және өзінің ішкі мәні жөнінен қоғамның бір қалыпты өмір сүру шарттарына қайшы болады. Заң шығарушының міндеті сол кезеңде, дәуірде, қоғамның өмір сүру жағдайларын дұрыс бағалап, осыған байланысты іс-әрекеттің қайсысының қылмыс қатарына жататыны туралы шешім қабылдау болып табылады.

Қылмыстық кодекстің 2-бабында  қоғамға қауіптіліктік сипаттамасы  қылмыстық заңда көзделген адам мен азаматтың құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке, табиғи ортаға т. б. қиянат жасап қол сұғатын қылмыс объектілерін тізбектеп көрсету арқылы берілген. Бірақ та қоғамға қауіптілік қылмыс қол сұғатын объектілерді көрсету арқылы ғана тұжырымдалмайды. Бұл қылмыстың қоғамға қауіптілігін сипаттайтын мәнді жақтарының бірі ғана.

Қоғамға қауіптілік қоғамға  зиянды іс-әрекеттің өзінің тікелей  ерекшелігіне, оны істеу уақыты, орны, тәсілі, жағдайына байланысты болуы мүмкін. Мысалы: тиісті рұқсат етілмеген немесе тыйым салынған жерлерде (ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, төтенше экологиялық аймақтар) не тыйым салынған құстар мен аңдарға қатысты аң ауланса, ол заңсыз болып табылады (288-бап 1-бөлігі). Төтенше жагдайлар кезінде тыйым салынған ереуілге басшылық жасау, кәсіпорынның, ұйымның жұмысына кедергі келтіру қылмыс болып табылады (335-бап). Іс-әрекет арқылы келтірілген немесе келтірілуі мүмкін зиян қоғамға қауіптіліктің көлемін айқындайтын негізгі бір белгі болып табылады. Кейбір іс-әрекеттер әрекет немесе әрекетсіздіктің істелген уақыттан бастап, өзінің қандай зиян келтірілгеніне қарамастан, қоғамға қауіпті болады. Басқалары қылмыстық заңда көрсетілген зардаптар болған жағдайда ғана қоғамға қауіптілік сипатына ие болады. Іс-әрекеттің қоғамға қауіпті және қылмыс қатарына жатқызуға мүмкіндік беретін зардаптың сипаттамасын заң шығарушы әр түрлі етіп бейнелеуі мүмкін. Кейбір реттерде қылмыстың зардабы қылмыстық заңның өзінде дәлме-дәл көрсетіледі. Мысалы, денеге жарақат салу, материалдық залал келтіру, ауыр зардаптың болуы т. б.

Келтірілген дене жарақатының  ауырлығына орай денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (103-бап) денсаулыққа  қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру (104-бап), денсаулыққа қасақана жеңіл  зиян келтіру (105-бап) болып бөлінеді. Басқа жағдайларда, зардаптың әр түрлі болып келетіндігін ескеріп, заң шығарушы оның бәрін нақтылап жатпайды, оларды зиян келтіру (142-бап), ірі мөлшер (175-бап), ауыр зардап келтіру (181-бап, 3-бөлігі, “б” тармағы, т. б. деп жалпылама береді. Мұндай жағдайларда зардаптың осы көрсетілген мөлшерін анықтау нақты жағдайларда орындалған фактіге байланысты шешіледі. Қылмыстың қоғамға қауіптілігі қылмыстық ниет және мақсат сияқты оның белгілеріне де байланысты. Мысалы, қылмыстық іс қозғау мақсатымен қылмыс істелді деп көрінеу өтірік хабарлау. Егер мұндай іс-әрекетті пайдақорлық мақсатпен істесе хабарлау әрекеті күшейтілген қылмыс түрі болып табылады. Кейбір реттерде қоғамға қауіптілік іс-әрекетті істеген адамның ерекшелігіне де байланысты анықталады. Қайсыбір іс-әрекеттер оны істеген адамның жәбірленушімен ерекше қатынаста болуына байланысты қылмыс деп танылады. Мысалы, айыптының материалдық жөнінен немесе басқа реттен тәуелді адамға қатал қарауы, қудалауы немесе қорлауы салдарынан жәбірленушінің өзін-өзі өлтіру халіне жеткізілуі (102-бап). Кейде субъектінің ерекше жағдайы қылмыстың қоғамға зияндылығын үдетеді. Мысалы: жауапты мемлекеттік қызметтегі лауазымды адамның пара алуы (311-бап, 3-бөлігі).

Информация о работе Кылмыс ұғымы және санаттары