Халықаралық ғарыш құқығы

Автор: Пользователь скрыл имя, 20 Декабря 2011 в 09:25, реферат

Краткое описание

Халықаралық ғарыш құқығы – бұл халықаралық құқық субъектілерінің ғарыш кеңістігін, аспан денелерін қоса алғанда, зерттеу және пайдалану қызметтеріне байланысты олардың арасындағы қатынастарды реттейтін құқықтық нормалар мен қағидалар жиынтығын көрсететін осы заманғы халықаралық құқықтың саласы. Бұл салыстырмалы түрде алғанда осы заманғы халықаралық құқықтың жаңа саласы, оның тарихы жердің алғашқы жасанды серігін 1957 ж. жіберуден басталады. 1961 және 1963 жылдардың желтоқсан айларында мемлекеттердің ғарыш кеңістігін пайдалану және зерттеу жөніндегі қызметтерінің құқықтық қағидалары мен нормаларын айқындайтын БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары қабылданды. Оларға: ғарыш кеңістігін зерттеу, пайдалану еркіндігінің қағидасы; ғарыш кеңістігіне мемлекеттердің тәуелсіздіктерінің таралмау қағидасы жатқызылады.

Файлы: 1 файл

%9A 41!!! Халықаралық ғарыш құқығы.doc

— 112.50 Кб (Скачать)

    Жауапкершілік жөніндегі Конвенция әр түрлі  жағдайларда келтірілген залалды өтеу туралы талапты қарау тәртібін де белгілейді. Өтемақы көлемі «халықаралық құқыққа және әділдік қағидасына сәйкес, залалды өтеуді қамтамасыз ету үшін, ... залал келтірілмеген жағдайда болатын жағдайды қалпына келтіруді ...» бекітеді (ХІІ бап). Дау туындаған жағдайда, мүдделі тараптар, олардың кез келгені талап еткен жағдайда (міндетті төрелік рәсімі), талаптарды қарау жөнінде комиссия құрады. Конвенцияда осындай комиссияны құру тәртібі, олардың құзіреттері және әрекет ету жағдайлары белгіленген.

    Жауапкершілік мәселелері ұшуды қамтамасыз ететін немесе ұшыруға өз құрылғыларын беретін және заңды тұлғаларға қатысты да туындауы мүмкін жеке компанияларды ғарышпен байланысты қызметке тарту процесі жауапкершілік ауыртпалығын бөлуге мұқият қарауды қажет етеді. Бірқатар мемлекеттер бұл проблеманы өздеріне қолайлы әдісімен шешіп те алған олар ғарыштағы жеке компаниялардың қызметін нақты ескеретін ұлттық заңдарды қабылдады. Бұл заңдарда, негізінен ұлттық заңдарға сәйкес, лицензия берілген жеке компаниялардың халықаралық талап ету бойынша мемлекеттердің өтеген залалдарының кез келгенін өтеуі туралы ережелер енгізілген. Ал халықаралық деңгейде мұндай сипаттағы ұлттық заңдар шеңбері белгіленбеген, ол ғарыш объектілері келтірген залалдар үшін халықаралық жауапкершілік туралы Конвенцияның ережелерін қолдануды бірыңғай түсіндіруге және бірізділікке кедергі келтіруі мүмкін.

    Ғарыш құқығының маңызды саласының  бірі ғарыштық сақтандыру болып табылады. Ол ғарышта жеке кәсіпкерліктің дамуына  байланысты пайда болған. Көбіне жасанды  спутниктік байланыстарды ұшыру және пайдалану саласында таралған. Ғарыштық сақтандыру бойынша алғашқы операция  1965 ж. АҚШ-та жүзеге асырылады.

    Ғарыштық  сақтандыру бір тараптың (сақтандырушы) екінші тарап (сақтанушы) төлейтін белгілі  бір сыйақысы үшін (сақтандыру сыйақысы) шартта көрсетілген оқиға нәтижесінде келтірілген залалды өтеуге міндеттенуін білдіреді. Әдетте, авиациялық және соған ұқсас тәуекелдерді сақтандыруға маманданған сақтандырушы фирмалары «ғарыш тәуекелдерінің» сақтандырушысы болып келеді. Ғарыш қызметімен айналысатын және өзінің ықтимал залалдарының орнын толтыруға қаржылық кепілдеме алғысы келетін кез келген компания (тіпті мемлекеттік орган да) сақтанушы бола алады. Ғарыштық сақтандырудың ерекшелігі оның сақтандыру затының өзгешелігінен көрінеді, яғни сақтандырушының өзіне жүктейтін тәуекелі: тәуекел деңгейі белгісіз, статистикалық мәліметтердің жеткіліксіздігі салдарынан оны техникалық бағалау қиындық туғызады, ғарыш техникаларына сериялық ұғымдардың қолданылмайтындығы, сақтанушының тәуекелді бағалау және мәліметтерді тұтас бақылаудағы артықшылықты жағдайы т.б.

    Ғарыштық  сақтандыруда дәстүрлі сақтандыру саласындағыдан өзгеше, полистердің ерекше түрі жасалған. Қазіргі таңда сақтандыру полистері  ғарыш бағдарламаларының барлық сатыларында – спутникті құрастыру  аяқталғаннан, оның орбитадағы жоспарлы қызмет етуі аяқталғанға дейін беріледі. Бір, екі немесе бірнеше саты сақтандырылуы мүмкін. Сақтандырудың мынадай түрлері кеңінен таралған:

  • Ғарыш техникасын ұшыру алдында сақтандыру. Сақтанушының мүлкіне келтірілген залалды спутникті құрастыру аяқталған сәттен бастап, бірінші сатыдағы двигательдерді ұшыру аяқталғанға дейін төлеуге кепілдік береді.
  • Ұшыруды сақтандыру. Бірінші сатыдағы двигательдерді ұшырудағы спутниктің жоспарланған орбитаға шығуына дейінгі кезеңде келтірілген залалды өтейді (ұшыру кезінде спутниктің зақымдануы, бақылау жүйесінің істеп шығуы, спутниктің тиісті орбитаға жетпеуі және т.б.).
  • Ғарыш объектісін орбитада сақтандыру. Сақтандырушының сертификат алу сәтінен бастап шығындарын өтеуге кепілдік береді (спутниктің орбитада 3-6 ай қалыпты жұмыс істегенінен кейін 1 жылдан 3 жылға дейін беріледі; егер спутниктің қолданыстағы жоспарланған кезеңі бұл мерзімнен асатын болса, сақтандыру полисі ұзартылады). Бұл сатыда залалдар спутниктің орбитадан шығып кетуінен, отын жүйесінің немесе коммуникация жүйесінің бұзылуынан және спутникті пайдалануға жарамсыз ететін өзге де себептермен келтірілуі мүмкін.

        Сақтандырушы  өтейтін залалдардың нақты түрлерінің тізбесі әрбір полисте мазмұндалады. Оған сондай-ақ, соғыс нәтижесінде  келтірілген, жобалаушылардың қателіктерінен болған және т.б. зияндардың өтелмейтіні туралы ескертпелер енгізілген. Әр саты үшін сақтандыру төлемдерінің пайызы әр түрлі және әрбір сақтандыру шартында жеке бекітіледі.

        Мүлікті сақтандырудан басқа, мысалы, ғарыш объектісінің әуе кемесімен соқтығысуы, басқа спутникпен соқтығысуы, Жерге құлауы және т.б. нәтижесінде үшінші тұлғалардың (яғни, осы ғарыш операциясына қатыспайтын тұлғаларға) мүліктеріне немесе денсаулығына келтірілген зиян үшін халықаралық жауапкершілік бар. Дегенмен, 1967 ж. Ғарыш жөніндегі Шарт және Ғарыш объектілері келтірген залалдар үшін халықаралық жауапкершілік туралы 1972 ж. Конвенция жауапкершілікті міндетті сақтандыруды талап етпейді, ал ұлттық ғарыш құқығы сақтандырудың міндеттілігін көздеуі мүмкін. Мәселен, АҚШ-та Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі 1958 ж. Ұлттық заңға сәйкес, НАСА ғарыш объектісін ұшыруды жүзеге асыратын компаниядан, үшінші тұлғалар алдындағы жауапкершілікті сақтандыру шартын жасауды талап етеді. Бүгінгі таңда, ғарыштық сақтандыру аса тәуекелділікке байланысты (орбитаға шығарылған спутниктердің жойылуының немесе істен шығуының көбеюі) үлкен проблемалардың алдында тұр. Олардың қатарына сақтандырушының өзіне алып отырған тәуекелін тура бағалау, тиімді сақтандыру сыйақыларын бекіту (олар сақтандырылған мүлік құнының 20%-на дейін жетеді), сақтандыру қорларының жаңа нысандарын құруды дамыту мәселелері жатқызылады.

        «Байқоңыр»  ғарыш айлағын  пайдаланудың құқықтық мәселелері

        «Байқоңыр»  ғарыш айлағының негізі 1955 ж. қаланған. Ол 6717 шаршы шақырым ауданды алып жатыр, солтүстіктен оңтүстікке қарай – 75 км, батыстан шығысқа қарай – 90 км-ге созылған. Әкімшілік орталығы – Байқоңыр қаласы, онда 60 мыңға жуық адам өмір сүреді. «Байқоңыр» ғарыш айлағы зымыран, ғарыш техникаларын сынауға, ғарыш аппараттарын, ұшатын ғарыш кемелерін және орбиталық станцияларды, автоматты ғаламшараралық станцияларды орбитаға 200 мың км-дей биіктікке ұшыруға дайындау және ұшыруды жүзеге асыруға арналған. Осы ғарыш айлағында құрастырушы С. П. Королев жасаған әлемдегі ең алғашқы құрлықаралық зымыран (1957 ж. 21 тамыз), Жердің алғашқы жасанды серігі (1957 ж. 4 қазан) және ең алғашқы ұшатын ғарыш кемесі «Восток», ғаламшардың бірінші ғарышкері Ю. А. Гагаринмен (1961 ж. 12 сәуір) сынақтан өткізіліп, ұшырылған болатын. Ғарыш айлағында Ресей Федерациясының ғарыш аппараттарының шамамен 50 пайызы және халықаралық ынтымақтастық бағдарламалары бойынша 90 пайызы, оның ішінде геостационарлық орбитаға 100 пайызы ұшырылады. Ғарыш айлағы құрылған сәттен бастап, КСРО Қорғаныс министрлігінің құрамына кірген болатын. КСРО ыдырағаннан кейін ғарыш айлағының объектілері Қазақстан Республикасының меншігіне айналды.

        1990 ж . басында қалыптасқан салалық  кооперация айтарлықтай көлемді  жобаларды жүзеге асыруға қабілетті  еді. Ол жылдары КСРО-ның орбиталық топтамаларында 190-ға жуық зымырантасығыштар бар болатын, оларды ұшыру 3-5 күнде біреуін жіберу жиілігімен жүзеге асырылатын. КСРО ыдырағаннан кейін бұрынғы одақтас республикаларда орналасқан ғарыш инфрақұрылымы жасаған объектілер тәуелсіз мемлекеттердің аумақтарында қалып қойды.

        1990-1991 жылдары үдеп кеткен қаржылық  қиындықтары ең алдымен жұмыс  көлеміне әсер етті. Көптеген  бағдарламаларды қаржыландыру тоқтап  қалды. Әсіресе пайдаланушы ұйымдар,  ең алдымен, Қорғаныс министрлігі  қиын жағдайда қалды, оған ұшыруды дайындау және жүргізу құралдарының барлық кешені, орбитадағы аппараттарды басқару, спутниктерден мәліметтер қабылдау және өңдеу қызметі бағынатын. Дегенмен, барлық қиыншылықтарға қарамастан, қорғаныс, халықшарушылық және ғылыми мәселелерді кеңінен шешетін орбиталық топтаманың қызмет етуін қолдау қажет еді. Ал ол үшін пайдалану мерзімі өтіп кеткен аппараттарды жаңасына ауыстыру қажеттігі туындайды.

        Ресейдің 1991 ж. бір-бірінен алшақ жатқан үш ауданнан ұшыру мүмкіндігі бар болатын, оның екеуі Ресейде (Архангельск және Астрахань облыстары) және біреуі – Қазақстанда (Байқоңыр немесе батыс қайнар көздерінде айтылып жүргендей Төретам) орналасқан. Осы мән-жайлар меншік мәселелеріне байланысты халықаралық деңгейде заңи сипаттағы мәселелерді тудырды.

        Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздікке ие болғаннан кейін, халықаралық ғарыш құқығының тең құқылы субъектісіне айналды. 1994 ж. 28 наурызында Ресей Федерациясының Президенті мен Қазақстан Республикасының Президенті «Байқоңыр ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі қағидалары мен шарттары туралы Келісімге» қол қойды. Осы Келісім Байқоңырды Қазақстанның меншігіндегі объект ретінде және Ресейге 20 жылға жалға берудің мәртебесін анықтап берді.

        Келісімге орай, «Байқоңыр» кешенін Ресей Федерациясы  азаматтық және қорғаныс ғарыш бағдарламаларын; Ресейдің, Қазақстанның және Достастықтың басқа да қатысушы-мемлекеттерінің бірлескен ғарыш жобаларын; халықаралық ғарыш бағдарламаларын және коммерциялық ғарыш жобаларын жүзеге асыру үшін пайдаланылуы, Келісім заңды күшіне енгеннен кейін 3 ай мерзім ішінде Жолдау шартын жасау көзделген болатын. 1994 ж. шілде айында екі елдің парламенттері Келісімді бекітті, бірақ Жолдау шарты әлі дайын болмаған еді.

        Ресей Федерациясы Үкіметі 29 тамызда Ресей  Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы «Байқоңыр ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі қағидалары мен шарттары туралы Келісімнің орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» № 996 Қаулыны шығарды. Бұл қаулы Байқоңыр объектілерінің бір бөлігін Ресей ғарыш агенттігінің басқаруына беру туралы мәселе жөніндегі ұзақ уақытқа созылған қызу пікірталасты қорытындылап берді. Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігіне бір ай мерзім ішінде Ресейдің федералдық ғарыш бағдарламаларын жүзеге асыру үшін пайдаланылатын тиісті объектілерді алу үшін Қазақстан жағымен келісімдеу шараларын іске асыру жүктелді. 1994 ж. 10 желтоқсанында Мәскеуде ҚР және РФ Үкіметтерінің арасында «Байқоңыр» кешенін жалдау шартына қол қойылды, ол 1995 ж. 25 қыркүйекте өз күшіне енді. Шартқа орай, Қазақстан ғарыш айлағының инфрақұрылымын қамтамасыз ететін сынақтық, технологиялық объектілерді және Байқоңыр қаласын жылжитын және жылжымайтын мүліктермен бірге 20 жылға Ресейге жалға береді, ол біртұтас ғылыми-техникалық және әлеуметтік «Байқоңыр» кешенін құрайды.

        Өкінішке орай, «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдалану тарихында қайғылы апатты жағдайлар да орын алды. Мәселен, 1999 ж. 5 шілдесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырантасығыш «Протон - К» ұшырылған болатын.Ол ұшудың 277 – секундында апатқа ұшырады. Нәтижесінде оның сынықтары Қарағанды облысына құлады. Ресей бірден Қазақстанға «Протонның» апатқа ұшырауына байланысты келтірілген залалды өтейтінін хабарлады. Оны Ғарыш объектілері келтірген залалдар үшін алықаралық жауапкершілік туралы Конвенция да талап етеді. Қазақстан Үкіметі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан қандай да бір зымырантасығыштарды ұшыруға тыйым салды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ресейдің СІМ-не нота жіберді. Ұшыруға тыйым салғандықтан, одан кейінгі жоспарланған екі ұшыру іске асырылмады. Сол күні апаттың салдарын айқындауға және «Байқоңыр» ғарыш айлағын одан әрі пайдалану туралы шешім қабылдау үшін қазақстандық үкімет комиссиясы құрылды. Осы комиссияның жария еткен Қазақстанның негізгі талабы 1999 ж. алғашқы жартысы үшін Байқоңырды жалдаудағы қарыздарын өтеуді талап ету болды. 1999 ж. 7 шілдесінде Қазақстан үкіметінің өкілдері «Байқоңыр» ғарыш кешенін жалдау туралы шартты қайта қаруға Қазақстанның мүдделі екенін баяндады. Басқа да талаптардың ішінде хабарлама сипатынан ұшуға рұқсат беруге көшу қажеттігі айқындалды, яғни қазақстандық ресми органдар Ресейдің ғарыштық ұшыруларына «рұқсат» бергенде ғана ұшыру. Қазақстан сондай-ақ, экологияға қауіпті «Протон», «Рокот» және «Днепр» зымырантасығыштарын ұшыруға квота енгізуді талап етті.

        Апаттың себептерін зерттеу үшін бірлескен комиссия құрылды. Оның жұмысы хаттамаға қол қоюмен аяқталды, онда Ресей жағы халықаралық қағидалардың және Ресей мен Қазақстан арасындағы қол қойылған шарттардың жолын қуатындығын куәландырды. «Протон» зымырантасығыштарын ұшыру 31 тамызда қайталанады деп шешілді. Алайда шарттың қолайлы болуына қарамастан, оқиға тағы да қайталанады. 1999 ж. 27 қазанда ұшырылған «Протон-К» ұшудың 222-секундында апатқа ұшырады. Келесі күні Қазақстан Республикасы СІМ Ресей СІМ-не нота жолдайды. Онда зымырантасығыш «Протонның» кезекті оқиғасы алаңдаушылық тудырып отырғаны хабарланды. Нотада, сондай-ақ, Қазақстанның «Байқоңыр» ғарыш айлағынан барлық ұшыруларға уақытша тыйым салғаны туралы ескертілді. Апаттың себебі анықталғанша, тыйымның алынбайтындығы жарияланды. Қазақстан Республикасын Ресей Федерациясының зымыран-техникалық жай-күйіне және Қазақстанның экологиясы мен азаматтарының денсаулығына келтірген залал үшін алаңдаушылық танытты.

        Сөйтіп, екі тарапты уағдаласушылықтар  «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдалану жөніндегі сындарлы және тиімді өзара ыңғайлы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі деуге болады. Бұл бірегей ғылыми-техникалық кешенді өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарына қарамастан, бірлесіп сақтап қалуға қол жеткізілді. Бүгінгі таңда ғарыш айлағы Қазақстан мен Ресейдің, сондай–ақ тұтастай әлемдік ғылымның мүдделері үшін тиімді әрекет етуде.  
     

         Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Верещагин В. С. Международное сотрудничество в космосе. – М.,1983.

2. Құлжабаева  Ж. О. Халықаралық жария құқық.  – Алматы.,2003.

3. Колосов  Ю. М., Кузнецов В. И. Международное право. – М., 1958.

 
     
     

Информация о работе Халықаралық ғарыш құқығы