Автор: Пользователь скрыл имя, 19 Октября 2012 в 14:30, реферат
Орта ғасырлар — эллиндік-классикалық мәдениеттің құлдырау шегіне жетіп, ал одан кейін оның жаңа заманда қайта түлеу кезеңімен сәйкес келетін, ұзаққа созылған біртұтас мәдени дәуірді қамтиды. Орта ғасырлар мәдениетінін қайнар бұлағы — «романдық бастаудан» нәр алатын Батыс Рим империясының мәдени дәстүрлері болып саналады. Олар құқық, ғылым мен өнер, философия, жоғары құқықтық мәдениет, христиан діні және т.б. Бұл мәдени дәстүрлер римдіктердің «варварлармен» күресі кезеңінде тереңдей түсіп, Батыс Еуропаның пұтқа табынушы көптеген тайпаларының мәдени өмірінде өз жалғасын тапты. Мұндай мәдени тоғысулар Батыс Еуропалық ортағасырлар мәдениетінің қалыптасып одан әрі дамуына даңғыл жол ашып берді. Мәдениеттанушы ғалымдар көне заманнан бастап жаңа заманға дейін созылатын уақыт шеңберін ортағасырлар деп атайды. Бұл тарихи кезең бір мың жылдан астам уақытты қамтиды, яғни V ғасырдан бастап XV ғасырға дейін созылады. «Орта ғасырлар» деген термин алғаш рет Италияда Қайта өрлеу дәуірінде пайда болған. Итальян гуманистері бұл терминді бір жағынан «ежелгі дүние» мен «жаңа заманның» ара жігін анықтау үшін де қолданған. «Орта ғасырлар» терминінін сол бір тарихи кезеңде қалыптасқан мағынасы біздің заманымызда да өз мәнін жойған жоқ.