Ұлттық мүдде және ұлтшылдық

Автор: Пользователь скрыл имя, 11 Января 2012 в 07:24, реферат

Краткое описание

Әр адам өзін нақты бір ұлттың өкілімін деп санайды. Ұлттық идентификациялану азаматтың жеке басының ісі, ол негізінен шыққан тегіне байланысты айқындалады. Аралас некеден туған адам заң бойынша әкесінің, не анасының ұлтын таңдаймын десе өз еркі. Барлық халықта дерлік, әсіресе, қазақта ұлтын әкесі бойынша анықтайды, тек кейбір халықта, мысалы, еврейлерде ұлттық болмысы шешесінен танылады. Бірақ ғылыми деректер бойынша адамның негізгі тектік қасиеттері еркекте ғана болатын Ү-хромосомы арқылы беріледі.

Файлы: 1 файл

Ұлттық мүдде және ұлтшылдық.doc

— 47.50 Кб (Скачать)

      Ұлттық  мүдде және ұлтшылдық 
 

      Әр  адам өзін нақты бір ұлттың өкілімін деп санайды. Ұлттық идентификациялану  азаматтың жеке басының ісі, ол негізінен  шыққан тегіне байланысты айқындалады. Аралас некеден туған адам заң  бойынша әкесінің, не анасының ұлтын таңдаймын десе өз еркі. Барлық халықта дерлік, әсіресе, қазақта ұлтын әкесі бойынша анықтайды, тек кейбір халықта, мысалы, еврейлерде ұлттық болмысы шешесінен танылады. Бірақ ғылыми деректер бойынша адамның негізгі тектік қасиеттері еркекте ғана болатын Ү-хромосомы арқылы беріледі. Соған қарамай, өте сирек болса да түрлі себептермен әкесіне де, шешесіне қатысы жоқ бір ұлтты таңдау да кездеседі. Заңда бұған шектеу жоқ, ұлтын жарияламауға да ерік беріледі. Тіпті жеке бір ұлттың емес, жалпы адамзаттың өкілімін дейтіндер де бар. Алайда, тарихта белгілі, бүкіл адамзатқа ортақ, атақты тұлғалардың ешқайсысы да өз ұлтын тәрк етпеген. 

      Ұлттық  идентификацияланудың дәстүрлі ұстанымдары  мен одан әртүрлі жолмен ауытқулардың, өзіміздің ата дәстүріміз бен  бүгінгі күнгі бой көрсете бастаған бағыттардың қазіргі қазақ қауымына әсері қандай? Жалпы, ұлт дегеннің өзі не? Ұлтық мүдде неден тұрады, ол үшін қандай әрекеттер қажет? Осы сұрақтардың жауабын қарастырып көрелік. 

      Ұлт халықтан, халық ұлыстан (тайпа), ұлыс рудан, ру адамдар тобынан құралып, белгілі бір қоғамдық-экономикалық формациялардан өтіп қалыптасатыны белгілі. Алғашқы қауымдық құрылыс кезінде ру мен тайпалар пайда болса, құлдық қоғам мен феодализм кезінде ол халық дәрежесіне жетеді, ал халықтың ұлтқа айналуы феодализмнің ыдырап, капитализмнің дамуымен байланыстырылады. Біздегі қоғамдық ғылымдардың қағидалары бойынша капитализм кезінде біртұтас шаруашылық кеңістігі пайда болып, сауда мейлінше дами келе ол елдің барлық өңірлерін түгелдей қамтып, жалпы ұлттық экономика және күшті орталық қалыптасып, ұлттық мемлекеттің құрылуына жол ашылады. 

      Ұлттың  қалыптасуы үшін әлеуметтік-экономикалық үдерістердің маңыздылығымен қоса, басқа  да факторлардың әсері айтарлықтай. Олардың қатарында сол қауымдастыққа  ортақ мәдени-тілдік байланыс және ортақ мекен етілген жер территориясы бар. Бұл территорияда сол ұлттың мәдени-тілдік құралдары үстемдік етуі керек. Тағы бір маңызды шарт – бұл қауымдастықтың мүшелері арасында азаматтық теңдік қажет. Әр адам өзін осы қауымның лайықты дәрежедегі тең құқықты мүшесі, жердің, табиғи байлықтардың, жалпы ұлттық құндылықтардың иегері ретінде сезінуі қажет. Бұл шарттардың орындалуының кепілі – оны қамтамасыз ететін ұлттық мемлекет. Егер ондай тәуелсіз ұлттық мемлекет болмаса, оған қол жеткізу үшін қозғалыс басталады. 

      Ұлттың  қалыптасуы туралы зерттеулерде жиі  сілтеме жасалып жүрген Карл Дойчтың  пікірі бойынша ұлт өзінің тегі жөніндегі  қате ұғымдардың шырмауындағы және көршілеріне  деген ұжымдық өшпенділік негізінде  топтасқан адамдар тобы. Бұл қағидада ащы да болса шындық бар. Ал біз, қазақтар, шыққан тегімізді ұмытпаған, жеті атамызды жаттап өскен, руымыз төлқұжатымыз болған халықпыз және басқаларға өштесіп, есе қайтару үшін топтасқан емеспіз. Бірақ ұлттық эгоизмнің әлемдік саясаттағы маңызын ескере отырып, өз бағытымызды айқындауға тиіспіз. 

      Қазіргі замандағы мемлекеттердің барлығы  да ұлттық мемлекеттер. Күллі саяси  үдерістер ұлттың мүддесінен туындайды, немесе олардың көзге көрінбейтін  ұлттық астары бар, әртүрлі пішінде  бүркемеленіп басқаша болып көрінгенімен, белгілі ұлттың мүддесіне саяды. Бұл мүдделердің ара-қатынасы халықаралық саясатты айқындайды. «Біздің мәңгілік дос-дұшпанымыз жоқ, мәңгілік мүддеміз бар» дейтін саясаттағы ежелгі қағида, түптеп келгенде, ұлттық мүдде, қалғанының бәрі одан туындайтын екінші кезектегі мәселелер. 

      Әртүрлі қоғамдық формациялардан өтіп, ұлттардың, олар құрған ұлттық мемлекеттердің пайда болуы дүние жүзінде бір кезеңде бірдей жағдайда болған жоқ. Ең алдымен бұл үдеріс батыста, Атлантиканың екі жағалауында қалыптасты. Бұл аймақта ұлттық мемлекет негізінен ішкі күштердің әсерінен автохтонды әлеуметтік-саяси даму шеңберінде, сырттан айтарлықтай бөгде ықпалсыз жағдайда өтіп, негізінен тарихта жаңа ағартушылық (ренессанс) дәуіріне тұспа-тұс келді. Іле-шала бұл үдеріс Германия, Польша, Ресей қатарлы елдерді қамтыды. Алдыңғы топтағы елдерде ұлттың, ұлттық идеологияның қалыптасуы ұлттық мемлекеттің кемелденуімен қабаттаса жүрсе, соңғыларында алдымен ұлттық идеология, сонан кейін мемлекеттің ұлттық сипаты қалыптасты. Қазіргі саясаттану ғылымындағы пікір бойынша бірінші топтағы елдерде ұлт саясаты біршама либералды, демократиялық бағытта, ал екінші топтағы елдерде ұлт саясаты мемлекет аппараты, негізінен монархиялық билік арқылы қалыптасып, этностық факторға ерекше мән беріліп, иррационалды, реакциялық сипат алды. 

      Ұлттық  саясатта өзінің либерализмі мен  демократиялығын алғашқы болып  жариялаған Британия империясын құрушылардың өздері шындығында радикалды ұлтшылдар еді. Оның үстем топтары англосаксондық тектілігін қызғыштай қорып, тіпті өздеріне ең жақын Уэльс пен Ирландиядан шыққандарды да төмен санап келді. Демократиялық ұстанымдамыз деп есептейтін француздар да Галл тайпаларының ұрпағымыз деп, басқа отандастарынан өздерін жоғары ұстады. Демократияның кепілі ретінде либералдық жолмен үлгі ретінде қалыптастырылған америкалық ұлт деп қатты насихатталатын АҚШ бүкіл XIX ғасырда англосаксон протестанттарының үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы күрес аренасы болып, одан кейінгі кезеңде де қара нәсілділерді, жалпы африкалықтар мен азиялықтарды кемсітуді былай қойып, Шығыс Еуропа өкілдерін жатсыну саясатын ашықтан ашық ұстанып келді. Қазіргі уақытта да бұл жағдайдың кейбір көріністері байқалып қалады. Аталған елдердің барлығында да мәдениеті мен тілі үстемдіктегі топ сол ұлттың, оның мүддесін қамтамасыз еткен негізгі доминант ретінде өзге топтарды не толықтай ығыстырып, немесе ыңғайына қарай икемдеп, қатарын нығайтты. Бұл үдерістер күрделі жағдайда әртүрлі сілкіністер, немесе компромистер арқылы шешімін тапты, ал кей жағдайда бұқпалы, бүркемелі сырттай тыныштық, іштей мазасыздыққа ауысты. Осындай ішкі және сыртқы қайшылықтар кейбір зерттеушілер «ұлтшылдық дәуірі» деп атаған ХХ ғасырдағы екі дүниежүзілік соғыстардың шығуына ықпал етті. Тіпті ұлы қазан төңкерісіне де Ресейдің ішкі ұлттық саясатында еврейлерді шеттетудің әсері болды деген пікірді мүлде негізсіз деуге болмайды. 

      Ұлттардың қалыптасуы қоғамның тарихи дамуының нәтижесі деп қарастыратын пікірлерге қарама-қарсы көзқарас: ұлт әлмисақтан адамзат тарихының бастауынан бері болып келеді деген пікірді ұстанады. Бұл көзқарас діни сенімдермен тығыз байланысты және халықтың ұғымына сіңісті: ұлт ата-тек, қандастық (қазіргі ұғым бойынша генетикалық) тұтастығын білдіреді, яғни ұлттың этностық табиғи түсінігіне негізделген. Мұндай ұғымның классикалық үлгісі – еврейлердің өздерін құдайдың ерекше мейірімімен ең сүйікті пенделері ретінде жаратқан деген ұстанымы. Соңғы ғасырларда бұл бағыт нәсілшілдікке, ұлттық ерекшеленуге негіз болды. Бұған немістердің арийлік асыл тектілігін насихаттаған фашизмнің, немесе таза славян текті православие дінінің аясындағы қасиетті орыс ұлтының өкілдерінен басқалардың ұлы Ресейге иелік ету құқығы жоқ деген ұлы орыс шовинизмі мысал болады. 

      Енді  ұлтшылдық, саяси тілмен сыпайылап  айтқанда, ұлттық идеология қандай ұғым? Соған келейік. Кеңестік насихат бойынша ұлтшылдық өте бір жағымсыз құбылыс деп есептеліп, мұндай жаман атқа ілікпес үшін ұлтжандылық деген бүркеніс атты қолдануға ниеттенгеніміз белгілі. Ұлтшылдық пен патриотизм мағынасы бір тақылеттес ұғымдар. Ұлтшылдық өте күрделі әлемдік құбылыс ретінде бүкіл адамзат тіршілігі мен халықаралық саясаттың өзегі болғандықтан, оның ашық және құпия, теориялық және практикалық жақтары бар. Оның әрбір мемлекетте, заманына қарай өзіндік қырлары мен сырлары мол. 

      Бір уақыттарда теоретиктер ұлтшылдық қашан, қайдан пайда болды, оның шығу төркіні қандай деген мәселелерді қаужап келсе, Эрнст Гелнер «ұлтшылдық арқылы ғана ұлт қалыптасады, ұлтшылдық ұлтты тудырады, тіпті де керісінше емес» деп тұжырымдады. Бұл бағыттағы пікірталастар «тауық бұрын жаратылды ма, жұмыртқа бұрын болды ма?» деген қалжыңға бергісіз ғылыми дискуссияны еске түсіреді. Сонымен, ұлтшылдықсыз ұлт қалыптаспайды, ал ұлтшылдығын жоғалтқан ұлт өзін-өзі сақтай алмайды. Бұл қарапайым ақиқат ешбір дәлелдеуді керек етпесе керек-ті. 

      Қазақтың  ұлт болып қалыптасуы қай деңгейде деген мәселеге келсек, жоғарыда келтірілген  екі теория бойынша да біз толыққанды ұлтпыз. Әлмисақтан қазақ деген халық  бар. Ол ұлттық мемлекет деңгейінде, қазақ  хандығы ретінде тарих сахнасында болған. Жаңа заманда формальді түрде болса да ол одақтас республика ретінде КСРО құрамында мемлекеттік атрибуттарын қалыптастырды. Ал екінші теория бойынша, тиісті әлеуметтік-қоғамдық сатылардан өту шарты да бар. Феодализмнен бірден социализмге өтіп, оның ыстық-суығын түгелдей бастан өткізіп, қайтадан капитализмге шегініп, оның да қызығын көрдік. Бұл формациялардың ұлтты қалыптастырудағы рөлі қоғамдық қатынастар, экономикалық жағдайға ғана қатысты емес, бұл кезеңде қоғамдағы оқу-ағарту ісінің даму дәрежесі де маңызды. Аллаға шүкір, бұл жағынан да қазақ баласы кенде емес, сауаттылық, білім деңгейі бойынша жетістіктеріміз баршылық. 

      Ұлт болып ұйысудағы тағы бір елеулі мәселе – азаматтардың өздерін сол  ұлттың өкілі ретінде сезініп, тануы (ұлттық идентификация). Бұл жағынан да тілін ұмытып, діннен мақұрым қалған қандастарымыздың өзі де, аса бір шектен шыққандары болмаса, өзін қазақпын деп есептеуден қалған жоқ. Ондайлардың басқа бір ұлтқа сіңісіп кету мүмкіндігі де қазіргі таңда шектеулі, өйткені, ұлттың қалыптасуы, жеке адамдардың ұлттық идентификациялануы жай ғана ерік-жігермен шешілмейді. Ендігі жерде жаңа бір ұлттың пайда болуына қажетті тарихи жағдай жоқ, ал жеке адамның өзге ұлттың толыққанды мүшесі бола қоюы да күмәнді. Заң арқылы азаматтық пен азаматтық құқықты ғана белгілеуге болады. Азаматтық құқықтың өзі ұлттық мүдденің көлеңкесінде қалып жатады. Ұлтына қарамай барлық азаматтардың тең құқықтығы заң жүзінде жарияланғанымен, іске асырылуы әр елде әр деңгейде. Кейбір жағдайда азаматтық құқықтардың ұлтына байланыстылығы ашық көрсетіледі. Мысалы, Израиль конституциясы бойынша бұл ел еврейлердің, тіпті Израильде тұратындарының ғана емес, бүкіл дүние жүзіндегі еврейлердің мемлекеті. Израильдегі халықтың 20%-ын құрайтын арабтар және заң талабы бойынша иврит тілінде сөйлейтін, бірақ еврей екенін дәлелдей алмаған 5% болатын басқадай тұрғындар азаматтық құқықтан жұрдай. 

      Сонымен, ұлтшылдық болмаса халық толыққанды ұлт болып, ұлттық мемлекетін құра алмайды. Ұлтты қалыптастыратын да, оны  сақтайтын да негізгі фактор –  ұлтшылдық. Кез келген мемлекет – қандай саяси жүйемен басқарылса да шынтуайтында ұлттық мемлекет. Мемлекет аппараты ұлттық мүддені, ең алдымен, мемлекет құраушы ұлттың мүддесін қорғауға қызмет етеді. Демократиялық елдерде азшылықтағы ұлттардың құқығына кепілдік беріліп, оларға қамқорлық жасалады, сонда да негізгі ұлттың мәдени-тілдік басымдылығы қорғалады. Түптің түбінде әр ұлт өз жағдайына байланысты ұлттық мүддесін айқындап, оны іске асырады. Ұлттың барлық іс-жігері осы бағытқа жұмылдырылып, мемлекеттік жүйе арқылы орындалады. Дүниежүзілік тәжірибеде, жалпы заңдылық болғанымен, әр ұлттың өзіне тән жағдайларына сәйкес ұлттық мүдделері де, оларды іске асыру жолдары да өзгеше болып келеді. Бұл факторлар ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Әлемнің көптеген елдерінде мұндай зерттеулердің мол тәжірибесі жинақталып, зерттеу әдістемелері қалыптасып, нәтижелері тиісті саяси күштердің іс-әрекеттеріне негіз болып отыр. 

      Қазақ халқының қалыптасуына да ұлттық мемлекетінің құрылуы мен ұлттық идеологиясы шешуші рөл атқарды. XV ғасырдың екінші жартысында пайда болған қазақ хандығы әртүрлі рулардың басын қосып, бір орталыққа топтастырылды. Қазақ хандығы халқымыздың бытыраңқылық пен феодалдық бөлшектенуіне қарамастан, өз тарихындағы ең ауыр сын – 200 жылдық Жоңғар хандығымен болған соғыста негізінен ұлттық мүддеге негізделген халқының біртұтастығы нәтижесінде жеңіске жетті. Алып көршілері Ресей мен Қытайдың арандатушылығымен екі қуатты көшпелі мемлекет бұл соғыстың нәтижесінде бірі мүлде жойылып, екіншісі әлсіреп, отарлық тәуелділікке ұшырады. 

      Қазақ хандығының құрылуы мен қазақ  халқының қалыптасуы – Алтын Орданың  ыдырауының нәтижесі. Енді бұл кеңістікте жаңа Ресей империясы бой көтерді. Алтын Орданы құрған моңғолдар өздері жергілікті халыққа сіңісіп, тілдері  түркіленіп, кейіннен ел билеуші топтары ислам дінін қабылдады. Ресей империясында ұлттық қатынастар мүлдем басқаша қалыптасты. Бастапқыда стратегиялық бағыттарда әскери бекіністер салынып, онда тұрақты әскермен қатар, казак-орыстар орналастырылса, кейіннен ішкі Ресейден қазақ жеріне жаппай қоныс аудару басталды. Соңғыны ғылым «крестьяндық отарлау» деп атайды. Отарлық саясат өте күшті қарқын алып, қазақтың болмыс тіршілігі тығырыққа тірелген сәтте Алашорда қозғалысы ұлттық мүддені қорғау мақсатында әрекет ететін бірден-бір күш болды. Алашордашылар қазан революциясынан кейінгі күрделі жағдайда басқа мәселелермен қатар, Қазақстанның қазіргі территориясын белгілеуге көп күш салып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Өмірі өте қысқа болған Алашорда үкіметінің негізгі бағдарламасы қазақтың ұлттық мүддесін қорғау еді. 

      Сонымен, қазақ халқының тарихындағы ең шешуші кезеңдер XV ғасырдағы қазақ хандығының және жаңа дәуірдегі Қазақстан Республикасының  пайда болуы тиісінше екі империяның, біріншісі – моңғолдар құрған Алтын Орданың, екіншісі – іс жүзінде Ресейдің иелігінде болған КСРО-ның ыдырау нәтижесі еді. Бірінші империя кезінде қазақ халқы қалыптасуының алғышарттары жасалса, екінші империяда Ресейдің отарлық саясаты қазақтың ұлттық ерекшеліктерін жоюға бағытталды. 

      КСРО-ның құрамындағы Қазақ Советтік Социалистік Республикасы, оның алдындағы автономиялық республика декорациялық сипатта болса да, қазақ қоғамының мүддесіне аз да болса септігін тигізді. Бұл құрылымдарда социализм идеологиясы негізінде орталықтандыру (шын мәнінде отарлау) саясатына негізделген мәдени-ағарту, сонымен бірге, ұлт тіршілігіне байланысты кейбір мәселелерді шешу тетігі болды. Бұл кезеңде қолдан ұйымдастырылған ашаршылық, яғни геноцид, саяси қуғын-сүргін, дүниежүзілік соғыстың ауыр зардабы, тың көтеру науқаны арқылы жүргізілген жаппай орыстандыру саясаты – осының бәріне қарсы тұрар қауқары болмаса да, қазақ қауымы өзіне берілген тежеулі болса да мемлекеттік атрибуттарын пайдаланып, әрекет тіршілігін жасады. 60-70-жылдары халқымыз жалпы сауаттылыққа қол жеткізіп, жоғары білімділер қатары молайып, ұлттық интеллигенция қоғамдағы елеулі факторға айналды. Тарихшыларымыз бен заңгерлеріміз және жазушыларымыз қоғамның ұлттық-патриоттық сезіміне оң әсерін тигізді. 

Информация о работе Ұлттық мүдде және ұлтшылдық