2012 жылғы шілдеде Мемлекет басшысының
Қазақстанды дамытудың сапалы
жаңа кезеңінің бастамасы болған
әлеуметтік жаңғыртуға арналған
бағдарламалық мақаласы жарияланды.
Бұл процестің негізгі міндеті
– экономикалық жетістіктер мен
қоғамдық игіліктерді қамтамасыз
ету арасында оңтайлы теңгерімге қол жеткізу.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
тиімді іс-қимылды ұйымдастыру
ел үшін тағдыршешті бағдарламаның
ажырамас бөлігі болып табылады.
Үстіміздегі жылдың басында Қазақстан
халқына Жолдауында Президент
Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлыққа
қарсы табанды күрестің және осы әлеуметтік
залалға қарсы іс-қимылдың жаңа стратегиясын
әзірлеу қажеттілігіне ерекше назар аударғанын
атап өту қажет.
Бұл үшін барлық қажетті
жағдайлар жасалған, сыбайлас жемқорлыққа
қарсы күресті сапалы жаңа негізде
жүргізуге мүмкіндік беретін заңды және
ұйымдастыру шаралар кешені іске асырылған.
Қазақстан кеңес дәуірінің
елдері арасында бірінші болып,
1998 жылғы шілдеде «Сыбайлас жемқорлыққа
қарсы күрес туралы» Заң қабылдады.
Бұдан кейін Қазақстан БҰҰ
сыбайлас жемқорлыққа қарсы, трансұлттық
ұйымдасқан қылмысқа қарсы (2008), қылмыстық
әрекеттерден алынған кірістерді жылыстату,
анықтау, алу және тәркілеу туралы (2010)
конвенцияларын ратификациялады. Қазіргі
уақытта Еуропа кеңесінің Сыбайлас жемқорлық
үшін қылмыстық және азаматтық-құқықтық
жауапкершілігі туралы конвенцияны ратификациялауға
дайындық бойынша жұмыс басталды. Бірқатар
мемлекеттердің үкіметтерімен осы қауіпті
әлеуметтік көріністерге қарсы іс-қимыл
мәселелері бойынша келісімдерге қол
қойылған.
Қазақстан Республикасының
2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге
арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында
сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларға
маңызды рөл бөлінген, соған сәйкес
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған
салалық бағдарлама әзірленіп іске асырылуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасы
бойынша үстіміздегі жылы салалық
бағдарламаға неғұрлым пәрменді
құқықтық тетіктер мен қазіргі
заманғы ақпараттық технологияларды
енгізуге бағытталған өзгерістер
енгізілді. Осы құжаттың негізгі
бағыттарының бірі сыбайлас жемқорлық
құқық бұзушылықтардың алдын алу мен профилактикасы
бойынша жұмысқа қоғамның өзін тарту болып
табылады.
Халықтың мемлекеттік органдардың
қызметі туралы хабардар болуының
жоғары деңгейіне қол жеткізу,
сондай-ақ кері байланыстың тұрақты
және пәрменді арналарын қалыптастыру
басқарушылық шешімдердің тиімділігін
арттыруға ықпал ететіндігі сөзсіз.
Мемлекеттің жаңа сыбайлас
жемқорлыққа қарсы стратегиясында
осы салада неғұрлым жоғары
жетістіктерге қол жеткізген
елдердің тәжірибесі басшылыққа алынған.
Ең бастысы – бұл сыбайлас жемқорлықтың
алдын алу бойынша жұмысты күшейту. Қазақстандықтардың
құқықтық мәдениетін және мемлекеттік
органдарға сенімінің деңгейін едәуір
арттыру сияқты басымдықтар анықталды.
Адамдардың сыбайлас жемқорлыққа көзқарасын
түбегейлі өзгерту маңызды, қоғам үшін
күрделі және қауіпті проблеманы шешуден
ешкім тыс қалмауы қажет. Өйткені оған
елдің болашағы ғана емес, әрқайсымыздың
тағдырымыз да байланысты.
Стратегия электронды басқарудың
жаңа әдістерін және инновациялық
технологияларды белсенді енгізуге негізделген.
Ол азаматтардың және «шешім қабылдау
нүктелері» лауазымды тұлғаларының жеке
байланыстарын күрт қысқартуға ықпал
ететін болады.
Шамамен 25 мың адам пайдаланатын
электронды үкімет порталы арқылы
салықтар төленеді, көптеген анықтамалар
беріледі. Бүгінгі күні миллионнан аса
қазақстандықтардың электронды қолтаңбалары
бар. БҰҰ деректері бойынша 190 ел арасында
«е-қатысу» индексі бойынша Қазақстан
Сингапурмен бірге бұл позицияны бөлісіп,
екінші орын алды. Бұл үлкен және сенім
тудыратын жетістік.
2013 жылдан бастап қазақстандықтар
мемлекеттен барлық рұқсат беру
құжаттарын электронды нысанда
немесе халыққа қызмет көрсету
орталықтарынан алуы қажет. 2014 жылға
қарай барлық әлеуметтік маңызды
мемлекеттік қызмет көрсетулер, рұқсат
беру лицензияларын қоса алғанда, электронды
форматта берілетін болады.
Сыбайлас жемқорлық қаупі
бар аймақтардың бірі кәсіпкерлік
сала болып табылады. Сондықтан,
тексерулерді және кәсіпкерлермен
байланыстардың басқа нысандарын
барынша төмендетуге ерекше назар аударылады.
Мәселен, заңнамаға енгізілген түзетулерге
сәйкес, шағын кәсіпкерлік субъектілерін
тіркелген сәттен бастап үш жыл ішінде
тексеруге тыйым салынған, рұқсат беру
құжаттарының үштен бір бөлігі қысқартылды.
Кәсіпкерлердің кез келген өтініштеріне
жедел және барабар ықпал ету мақсатында,
барлық өңірлерде құқық қорғау және өзге
де мемлекеттік органдар қызметкерлерінен
және «Атамекен» Қазақстан Кәсіпкерлері
одағы өкілдерінен жұмылғыш топтар құрылған.
Үстіміздегі жылдың басынан бері лауазымды
тұлғалардың бизнес құрылымдар қызметіне
заңсыз араласуының 200 дерегінің, оның
ішінде 2010 жылдан бері жұмыс істейтін
Мемлекет басшысының «Президенттің бизнесті
қорғауы» ресми сайтына өтініштер бойынша
жолы кесілді.
Бас прокуратура әзірлеген
«Айқын» жобасы назар аударуды қажет етеді,
оны енгізу орталық мемлекеттік органдардың
деңгейінде басталды. Енді тек қадағалау
органдары ғана емес, барлық жеке және
заңды тұлғалар өтініштерді нақты уақыт
режімінде қарастыру барысын қадағалай
алады.
Шағын және орта бизнесті
қорғау бойынша қосымша тетіктерді
әзірлеу мақсатында Бас прокуратураның
құрылымында кәсіпкерлікті қорғау
жөніндегі дербес бөлімше құру
мәселесі пысықталуда.
Аталған шаралар «Бизнесті
жүргізу-2011» халықаралық рейтингте
оң өзгерістерге әсер етті. Қазақстан
183 ел арасында өз көрсеткішін 11 тармаққа
жақсартып, 47-орынға ие болды. Біз халықаралық
қоғамдастыққа әлемдегі экономикасы ырғақты
дамитын, саяси, әлеуметтік және демократиялық
реформалар жедел іске асырылатын ел ретінде
танылдық.
Мемлекет басшысы сыбайлас
жемқорлықтың ауқымы мен салдарларын
іс жүзінде бағалай отырып, бұдан
әрі де осы қауіпті көрініске
қарсы ымырасыз және жан-жақты
нақтылы күрес жүргізу қажеттігін
атап көрсетті.
Осы үдерістегі азаматтық
қоғам институттарының рөлі неғұрлым
тиімді бола түсуде. Мысалы, «Нұр Отан»
халықтық-демократиялық партиясы сыбайлас
жемқорлықты түбегейлі жою бойынша белсенді
жұмыс атқаруда. «Нұр Отан» жанындағы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі
қоғамдық кеңестің қызметі қазақстандықтардың
құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау
бойынша азаматтық қозғалыстың пайда
болуына ықпал етті.
Елбасының сыбайлас жемқорлыққа
қарсы стратегиясын іске асырудың
маңызды құралдарының бірі Президент
жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа
қарсы күрес мәселелері жөніндегі
комиссия болып табылады.
Оның үстіміздегі жылғы отырыстарында,
құрылыс және ТҚШ, жер қатынастары
мен кеден ісі, «Электронды
үкімет» жұмысының жағдайы, елдің
сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
рейтингін арттыру салаларындағы
сыбайлас жемқорлыққа қарсы
күрес мәселелері қаралды.
Комиссия отырыстары елде
сыбайлас жемқорлықпен ауқымды
және жүйелі қарсы күрес жүргізілетіндігін
көрсетсе, осы саладағы тиісті
мемлекеттік органдар белсенділігі
үлкен үміт күттіреді.
Сонымен бірге, мемлекеттің
сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
саясатының негізгі бағыттарын және оны
іске асырудың тиімді тетіктерін әзірлеудің
орталығы болып табылатын комиссия, жалпы
мемлекеттік деңгейде бірқатар жаңа нақты
шаралардың қабылдануын маңызды деп санады.
Мәселен, республикалық министрліктер
мен ведомстволардың бірінші басшыларының,
облыстар, Астана және Алматы қалалары
әкімдерінің сыбайлас жемқорлық және
оған қарсы күрес деңгейі үшін дербес
жауапкершілігін арттыру мақсатында,
мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық
деңгейін рейтингтік бағалау жүйесі енгізілген.
Қазақстан билік органдарының осы саладағы
белсенділігі халықаралық сарапшылар
тарапынан жоғары баға алды.
Жұмысының маңызды бағыты
мемлекеттік қызмет жүйесіндегі
сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың
алдын алу мен жолын кесу
болып табылатын Мемлекеттік қызмет істері
жөніндегі өкілетті органның тәртіптік
комиссиясының жұмысы қайта басталды.
Елде өткізіліп отырған сыбайлас
жемқорлыққа қарсы белсенді және
жүйелі шаралар, оның ішінде
Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлық
үшін қылмыстық және азаматтық-құқықтық
жауапкершілік туралы конвенцияларын
болашақта ратификациялау, олардың халықаралық
тиімділігі бойынша өте маңызды.
Әлемнің Қазақстанды сыбайлас
жемқорлыққа қарсы күресті қағидатты
және дәйекті түрде жүргізетін
ел ретінде қабылдауын жақсарту
үшін, сыбайлас жемқорлықтың мән-жайы
туралы ел рейтингін айқындайтын халықаралық
ұйымдармен жүйелі жұмыс жүргізілетін
болады.
Мемлекеттік бағдарламаларды
іске асыруға бөлінген бюджет
қаражатын талан-таражға салуға
қарсы іс-қимылға ерекше назар
аударылуда. Құқық қорғау органдарына
қаржылық бақылау және мониторинг органдарымен
өзара тиісті іс-қимылды, бюджет қаражаты
игерілгенге дейін оларды жедел қолдау
бойынша кешенді тексерулер жоспарлауды
қамтамасыз ету ұсынылған.
Бұдан басқа, барлық мемлекеттік
органдарға шешім қабылдау үдерісінің
ақпараттық айқындығын қамтамасыз ету
бойынша жұмысты жандандыру; мемлекеттік
қызметшілер жұмысындағы тұрақтылықты
қамтамасыз ету бойынша кадрлық саясатты
жетілдіру; әкімшілік кедергілерді жою
және азаматтардың сапалы мемлекеттік
қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз
ету бойынша жұмысты жандандыру ұйғарылған.
Комиссияның бастамасымен сыбайлас
жемқорлыққа қарсы заңнаманы
жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстар
жалғасуда.
Мәселен, үстіміздегі жылғы
сәуірде әртүрлі заңнамалық актілер
мен нормалардың құқық нормалары арасындағы
құқықтық олқылықтарды, қарама-қайшылықтарды
және коллизияларды жоятын, сыбайлас жемқорлық
құқық бұзушылықтарды жоюға ықпал ететін
заң қабылданды.
Қазіргі уақытта мемлекеттік
органдар басшыларын қарамағындағы
қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық
әрекеттері үшін жауапкершілікке тарту
тетігі әзірленуде.
Құқық қорғау шаралары күшейтілгеннен
кейін кірістерді жалпы декларациялау
бойынша іс-шараларды жүйелі іске
асыру жоспарлануда. Сондай-ақ, Президенттің
Жолдауына сәйкес, қолданыстағы заңнамаға
өзгерістер енгізілмек, оларға сәйкес
мемлекеттік қызметшілерге өзінің кірістерімен
қатар, шығыстарында декларациялау міндеттелетін
болады.
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа
қарсы конвенцияларға қосылу, сондай-ақ
заңнаманы сыбайлас жемқорлыққа қарсы
саясат, сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық
жауаптылық және профилактика деген үш
салада одан әрі жетілдіруге бағытталған
Экономикалық ынтымақтастық және даму
ұйымының Ыстамбұл Іс-қимылдар жоспарының
17 ұсынысын орындау бойынша жұмыстар жүйелі
жүргізілуде.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл жөніндегі конвенцияларды
ратификациялау және басқа да
халықаралық құжаттарға қосылу
үшін жағдай жасау қажеттілігі,
ұлттық заңнама саласында, оның
ішінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы
бірқатар істерді криминалдандыру мәселелері
пысықтауды қажет етеді.
Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-әрекетін ынталандыру
мақсатында, Үкіметтің 2012 жылғы 23
тамыздағы қаулысымен Сыбайлас
жемқорлық құқық бұзушылық фактісі
туралы хабарлаған немесе сыбайлас
жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен
жәрдемдескен адамдарды көтермелеу қағидалары
бекітілген. Енді «Сыбайлас жемқорлыққа
қарсы күрес туралы» Заң шеңберінде қылмыстық
қудалау органдарымен ынтымақтасатын
азаматтарды қорғаудың тиімді тетігін
әзірлеу және енгізу қажет.
Сыбайлас құқық бұзушылықтар
үшін жауапкершілікті күшейтумен
қатар, осы келеңсіз әлеуметтік
көрініске қарсы іс-қимыл бойынша
басқа да жүйелі шаралар қабылдау
қажет.
Мемлекеттік басқару саласындағы
кадрлық саясатты жетілдіруге
ерекше назар аударылатын болады. Кадрларды
таңдау кезінде құзыреттілікке, сатылмаушылық
пен жоғары патриотизмге басты басымдық
қамтамасыз етілуі қажет.
Мемлекеттік қызметшілердің
жеткілікті еңбекақысы және елеулі
әлеуметтік кепілдіктер сыбайлас
жемқорлық құқық бұзушылықтар деңгейін
едәуір төмендетуге ықпал етеді. Сондықтан,
Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың
бастамасымен құқық қорғау органдарын
реформалау кезеңдерінің бірі – құқық
қорғау органдарының жеке құрамын кезектен
тыс аттестаттау өткізілуде, оның нәтижелері
бойынша ақшалай үлесті арттыру және әлеуметтік
пакетті кеңейту мәселелері шешілетін
болады. Бұл өте маңызды, өйткені сыбайлас
жемқорлыққа қарсы күрес нәтижесі құқық
қорғау органдары жұмысының сапасына
байланысты.
Мемлекет басшысының қолдауының
арқасында, құқық қорғау органдарының
қызметінде елеулі оң өзгерістер байқалуда.
Қазақстан халқына биылғы
Жолдауында Н.Ә.Назарбаев құқық
қорғау органдары қызметін бағалау
өлшемдерінің өзгеруін құқықтық
тәртіп жүйесін дамыту басымдықтарының
бірі ретінде атап өтті. Ең бастысы,
сандық көрсеткіштер емес, жұмыс сапасы
болуы тиіс. Бұл ретте халық пікірі маңызды
рөл атқарады.
Мемлекет басшысының аталған
ұстанымдарын іске асыру шеңберінде
Қаржы полициясы агенттігінің
күш-жігері жүйелі сыбайлас жемқорлық
пен көлеңкелі экономикаға қарсы күреске,
бюджет қаражатын ұрлау фактілерінің
жолын кесуге бағытталған. Сыбайлас жемқорлық
бағытындағы қылмыстарды, оларды жасаудың
бастапқы кезеңінде жолын кесу, сондай-ақ
болжамдық-талдау жұмысын күшейту мақсатында
аталған ведомствоның құрылымында Ахуалдық
орталық құрылды.