Болжамы. Перикардиттің
болжамы, шүбәлі, жарақатсыз түрінің
барысы, негізгі аурудың жайына
байланысты болады. Ірі қарада
өтетін жарақатты перикардиттің
болжамы көбінесе жақсы нәтиже
бермейді.
Емі. Ем, ең алдымен,
перикардитке себепші болған
негізгі ауруға бағытталынады.
Бастапқы кезде ауру малдың
жүрек тұсына суықтық тартады,
су мен қомақты азықтар беруді
азайтады. Жиналған жалқықты кетіру
үшін несепті шығаратын дәрі-дәрмектер,
иодты препараттар беріп, артериядағы
қысым азайғанда глюкозаға қосып
кофеин қолданады. Иодты препарат
ретінде ірі малдарға кальцийодинді
аузынан күніне 1-3 рет 2-10 грамнан,
ұсақ малдарға 0,2-1 грамнан береді.
Натрийдің кофеин-бензоатын
немесе натрийдің кофеин-салицилатын
тері астына мынадай мөлшерде
енгізеді: ірі қаралар мен жылқыларға
3-8 г., ұсақ мал мен шошқаларға
1-2 г., иттер мен түлкілерге 0,2-0,5г.
Глюкозаны аузы арқылы
беруге де болады, бірақ 30-40% ерітіндісін
қан тамыры арқылы берген пайдалы,
мөлшері: ірі қаралар мен жылқыларға
30-150 г., ұсақ малдарға 10-30 г., иттерге
2-8 г., түлкілер мен қарсақтарға
2-5 г. Көп жағдайларда антибиотиктер
немесе сульфаниламидтерді қолданған
жақсы әсер етеді.
Перикардиттің жарақаттан
болған түрін кей жағдайларда
операция жасап, ауырған малды
аман сақтап қалуға болады.
Сақтандыру шараларының
мағынасы басты ауруларды дер
кезінде емдеп жазуға бағытталған.
Ірі қараларда жарақаттан пайда
болатын перикардитті сақтандырудың
маңызы өте зор, ол үшін төмендегідей
әрекеттер жасалуы керек: а)
малмен жұмыс істейтін адамдардың
арасында түсінік-насихат жұмыстарын
жүргізу; б) сусымалы жемдерді
магнитті қондырғылардан өткізу;
в) сыммен байланған тең шөптерді
арнайы құралдармен мал қораларда емес,
арнаулы жерде шешіп, сымдарды шашпау;
г) малды байлайтын шынжырлар үзілген
жағдайда оларды жалғау үшін сымды қолданбау;
д) темір-терсектермен былғанған жерлерге
малды шығармау және жаймау; е) жемірліктің
себебінен түрлі бөтен өткір темір-терсек
заттарды жалатып жұтқызбас үшін малдарды
минералды-витаминді азықтармен толық
қамтамасыз етуді ұйымдастыру; ж) қала
маңындағы және басқа да жарақатты перикардит
жиі кездесіп тұратын шаруашылықтарда
барлық сиырлардың тақия қарнына сопақша
магнитті енгізіп, оларды Меликсетянның
магнитті зондымен немесе оқтын-оқтын
Коробов пен Телятниковтың магнитті зондтарымен
қайтадан шығарып тазалап тұру.
Жүрек қабының шемені
(Eydropericardium) – гидроперикард жүрек
қабының қуысына транссудат (сарысу)
жиналуымен сипатталатын ауру.
Себептері. Гидроперикард,
ылғи да қосымша ауру ретінде
пайда болады да кеуде (гидроторакс)
және іш (асцит) шеменімен қатар
өтеді. Гидроперикард – созылмалы
түрде өтетін жүрек пен қан
тамырлар қызметтерінің нашарлауының,
жүрек ақауларының, бүйрек ауруларының
және біраз індетті және инвазиялық
аурулардың салдарынан болатын
дерт.
Дамуы. Көп мезгіл
бойы жүрек пен қан тамырларының
қызметтері нашар істегендіктен
вена жүйесінде қан іркіледі
де вена мен капиллярда қан
қысымы көтеріледі. Іркіліс қан
мен лимфа тамырларының қоректенуін
нашарлатып, тамырлар керілгендіктен
олардың түтікшелерінің өткізу
қабілеттері күшейіп қан сарысуы
(транссудат) ұлпаларға және сірі
қуыстарға, соның ішінде перикард
қуысына жиналады. Жиналған сарысу,
жүректі, әсіресе, жүрек құлақшаларын
жан-жағынан қысып (тампонада)
жүрек параличіне (салдану) әкеліп
соқтыруы мүмкін.
Өлекседегі өзгерістер.
Жүрек қабының қуысында біраз
(ірі қарада 10, ұсақ малдарда 1 литрге
дейін) түссіз, көбінесе сарғыштау
не қызғылт түсті сарысу бары
байқалады. Ауру созылмалы түрде
дамығанда жүрек етінің семіп,
түрі өзгеріп азғындағаны білінеді.
Белгілері. Басты аурудың
белгілерінен басқа жабыққандық
байқалады, денесінің қызуы көп
өзгермейді, мойын көк тамыры (яремная
вена) білеуденеді, жақ сүйектерінің
арасы ісінеді, жүрек түрткісінің
күші әлсіреп, жайылып кетеді,
жүрек дүңкілінің көлемі бәсеңдейді.
Ерекшелеу шығатын шолпыл шуылы
естілуі мүмкін. Артериядағы қысым
төмендеп, венадағы қысым көтеріледі,
қан айналысы баяулайды. ЭКГ-да
кертештердің биіктігі кішірейеді,
кішірею, әсіресе, бірінші тармақ
алынатын аяқтарынан жақсы көрінеді.
Барысы. Ауру көбінесе
созылмалы түрде өтеді.
Анықтау – жоғарыдағы
келтірілген тән белгілерге негізделінеді.
Гидроперикардиттің перикардиттен
айырмашылығы дененің қызуы көтерілмейді
және жүрек тұсын тексергенде
мал ауырсынбайды. Күдікті жағдайларда
перикард қуысын теседі. Алынған
сарысудың жалқықтан айырмашылығы
оның сыбағалы салмағы төмендеу
(1,016) және құрамында белок аз
болады (1-3%).
Болжамы – шүбәлі, ауыр
өткен жағдайда жақсы нәтиже
бермейді.
Емі. Алдымен көңіл
басты ауруға бөлінеді. Малға
белгілі мерзімде берілетін азық
құрамындағы тұз бен судың
мөлшерін азайтады. Жүрек қабының
қуысындағы жиналған сарысудың
көлемін азайту үшін және ары
қарай жиналуына жол бермеу
мақсатымен ауруға жүректің жұмысын
жақсартатын, несеп шығаруды үдететін,
терлететін дәрілерді қолданады.
Қанға кальций хлориді мен гдюкозаны
енгізуге болады. Несепті шығаратын дәрі
ретінде аузы арқылы күніне 2-3 рет теобромин
немесе темисал береді, мөлшері: ірі қаралар
мен жылқыларға 5-10 г., ұсақ мал мен шошқаларға
0,5-2 г., иттерге 0,1-0,2 г. Тері астына ірі қаралар
мен жылқыларға 0,5-2 г., ұсақ мал мен шошқаларға
0,2-0,3 г., иттерге 0,5-0,1 г. ауфиллин ерітіндісін
енгізеді.
Қанға жаймен 10% кальций
хлоридтің ерітіндісін мынадай
мөлшерде құяды: ірі қараларға
15-40 г., жылқыларға 10-30 г., ұсақ малға
1-3 г., иттерге 0,5-2 г. Кальций хлоридті
аузы арқылы да беруге болады,
ірі малға 20-60 г., ұсақ малға
1-6 г., кальций хлоридтің орнына
аузы арқылы не қанға кальций
глюконатын да, сол мөлшерде, сондай
ерітіндісін қолдануға болады. Глюкозаны
перикардитте қалай қолданса, бұл
ауруда да сол мөлшерде және
сондай жолдармен қолданады.
Сақтандыру шараларының
мақсаты – жүрек пен қан
тамыры ауруларын дер кезінде
анықтап, емдік көмек көрсетіп
тұру.
Жүрек етінің қабыну
аурулары
Миокардит (Myocarditis). Миокардит
жүрек бұлшық етінің қабынуы.
Миокардиттің мынадай клиникалық
түрлерін айырады: барысы бойынша
– жіті және созылмалы; аурудың
таралуы бойынша – шектелінген
және жайылған; пайда болу себептеріне
байланысты – босалқы және
қосалқы түрлерін.
Себептері. Жүрек етінің
қабынуы – көбінесе басқа індетті
паразиттік және жұқпайтын ішкі
аурулардың асқыну салдарынан
пайда болатын қосалқы дерт. Миокардит
саңырауқұлақ микробтары тудыратын
аурулардың организмді уландыруынан
пайда болуы мүмкін (микоз, микотоксимоз).
Жұқпайтын аурулардың ішінен
тікелей миокардитті асқындыратын
аурулар мыналар: жүрек қабының
қабынуы, жүректің ішкі қабының
қабынуы, плевраның қабынуы, өкпенің
қабынуы, азықтармен уланулар.
Дамуы. Жүрек етінің
қабыну процесі организмде орын
алған негізгі аурулардың қоздырушы
микробтары мен вирустарының
шығарған уыттарының жүрек етіне
әсер етуі зардабынан пайда
болады. Аурудың алғашқы кезінде
жалқықтану процесі басым болып,
жүрек етінің орталықтары домбығады,
сонан соң оларда өзгеріс-ұлғаю
(альтерация-пролиферация) процестері
басталады.
Г.В.Домрачевтің мәліметі
бойынша жіті миокардит екі
кезеңде өтеді. Бірінші кезеңінде
жүрек еттерінде әлі айтарлықтай
өзгерістер байқалынбайды, тек
қабынудан пайда болған жат
және басқа да түрлі уытты
заттар миокард рецепторларын
(сезімтал нервтерін) қоздырып, жүрек
қызметін күшейтіп, жеделдетеді.
Жүрек қызметінің тездетілуі
артериядағы қысымды күшейтіп, қан
айналысын жеделдетеді. Аурудың
екінші кезеңінде, жүрек етінің
қажуына байланысты миокардтың
қоректенуі жеткіліксізденіп –
азғындау (дистрофия-дегенерация) басталады
да, оның жиырылу қабілеті әлсірейді,
артерияда қысым азайып, қан айналысы
баяулайды. Осы кезеңде ентігу,
көгеру, ісінулер пайда болып,
бірінші кезеңдегі аурудың барысы
мен салыстырғанда жүрек жұмысының
ырғақтығының бұзылғандығы айқынырақ
білінеді.
Өлекседегі өзгерістер.
Миокардиттің даму түрлері, көпшілігінде
негізгі аурулардың ерекшеліктері
мен өту жайына көп байланысты
болады. Алдыңғы жалқықтанудың басым
болған кезеңінде, жүрек етінің
домбыққандығы, кесіп қарағанда
түсінің қызғылттанып, кейде теңбілденіп,
қанталағаны көрінеді. Қоректенуі бұзылып
азғындаған кездерінде (дамудың екінші
кезеңінде) жүрек еті бозарады, бұдырланады,
кесіп қарағанда өзіне тән кескіні жойылады.
Азғындағаны айқын білінгенде жүрек етінің
түсі піскен етке ұқсап божырап, ыдырағыш
келеді. Жүрек етін аурудың әр түрлі кезеңдерінде
гистологиялық әдістермен зерттегенде,
өзгерістер ет талшықтарында, миокардтың
дәнекер ұлпаларының тұлғасында, тамырларында
жане жүйкелерінде болатыны айқындалынады.
Ет талшықтарында, көбінесе, ағзатталынған
немесе майланған азғындау, дәнекер ұлпаларында
ісік – негізі заттардың бұзылып өзгеруі,
лимфа түйіршіктерінің (лимфоцит), кезген
торшалардың, кейде түйір лейкоциттердің
(гранулоцит) шоғырлануы көрінеді. Тамырлардың
өзгеруі оның төңірегіне инфильтраттың
(клеткалық элементтердің, қанның, лимфаның
ұйысуы) жиналуымен, майда тамырлардың
қабырғалары гиалиноздануымен (шыны тәрізденіп
жылтырауы), кейде тамырдың ішінде қанның
ұйыумен (тромб) бейнеленеді.
Белгілері – аурудың
даму кезеңдерінде, басты аурулардың
өту жайы мен барысына байланысты
болады. Дененің қызуы, дағдылы
түрде көтеріледі. Мал самарқауланады.
Азыққа тәбеті төмендейді немесе
тартпайды. Малдың өнімділігі
мен жұмысқа қабілеттілігі күрт
төмендейді.
Жіті миокардиттің
дамуының бірінші кезеңінде жүрек
соғуы жиілейді, қосымша жиырылу
пайда болып, тамыр толқыны
үлкейеді, жүрек тұсын тексергенде
ауырсынады, жүректің түрткісі күшейіп,
кейде қатты қағып кетеді, жүрек
дыбыстары, әсіресе, бірінші үні
күшейеді. Артерияда қысым көтеріліп
қан айналысы тездетіледі.
Клиницистердің көпшілігінің
мәліметтері бойынша жіті миокардиттің
дамуының алдыңғы кезеңінде электрокардиограмма
(ЭКГ) Р, R әсіресе Т кертештері
күрт биіктейді. PQ мен QT аралықтары
қысқарады, кейде ST бөлігі білік
бойы орнынан жылжиды. Келтірілген
жүрек қызметіндегі өзгерістер
миокардтың әлі де болса зақымданып,
жұмысының күшейіп, ширақ істеуін
байқатады.
Аурудың екінші кезеңінде,
жүрек етінің қоректенуі бұзылып
– азғындауына байланысты, ылғи
да жүрек қызметінің жеткіліксіз
жұмыс істейтінін көрсететін
негізгі белгілері: ентігу, көгеру,
ісіну және жүрек жиырылу ырғағының
бұзылғандығы болып табылады. Жүрек
ырғағының өзгеруі, көбінесе қарыншалардың
қосымша жиырылуы, құлақшалардың
дірілдеуі, кей кездерде Гис
тармағының аяқтарында бөгелістер
пайда болуы, құлақшалар мен
қарыншалар аралығында жартылай
не толық бөгелістердің болуы
арқылы білінеді. Тамыр соғуы
бәсеңдеп, оның толуы азаяды. Жүрек
түрткісі әлсірейді. Жүрек дыбыстарының
бірінші үні күшейеді, кейде екіге
бөлінеді немесе жарықшақтанады.
Жүрек дыбыстарының екіге бөлініп
не жарықшақтануы, ең алдымен,
жүрек етінің импульс өткізгіш
жүйесінің ауруға шалдыққандығының
немесе жүрек қарыншаларының
біреуінің қызметі нашарлағандығының
белгілері болып есептелінеді. Жүрек
дыбысының екінші үні бәсеңдейді,
себебі, қарыншалар әр жиырылған
сайын жиырылу жылдамдығының
бәсеңдеуімен бұлшық етінің жиырылу
қабілетінің әлсірегендігінен қолқаға
қанды әдеттегіден кем өткізеді
де, соның салдарынан артерияда
қысым азаяды. Жүрек етінің құрылымы
қатты бұзылғанда шоқырақ ырғағы,
эмбриокардия пайда болады немесе
дыбыстары күрт бәсеңдеп, екі
үннің екеуі де көмескіленеді.
Бәсеңдеген және көмескіленген
үндер көбінесе, жүрек етінің
жайылма түрінде зақымдалғанын
көрсететін белгілер.
Миокардиттің дамуының
екінші кезеңінде, көбінесе, жүректің
ішкі, астар қабына қатысы бар
ағзалардың қызметтері нашарлағанынан
– қарыншалардың кеңеюінен, құлақшалар
мен қарыншалардың аралықтарындағы
қақпақшалардың кемістігінен және
қарыншалардың қолқаға не өкпе
артериясына шығатын тесіктерінің
бұлшық еттерінің серпіліс күші
әлсіреп, кеңейіп кетуінен шығатын
ішкі қабыттық (эндокардиалды) шуылдар
пайда болады. Жүрек еті жайылмалы түрде
азғындап өзгергенде, кейде тамыр соғысында
ырғақсыздық пайда болады. Жүрек қызметіндегі
кемшіліктер дамыған сайын артериядағы
қысым азайып, венадағы қысым көбейеді,
сөйтіп қан айналысы бәсеңдейді, лобелин
немесе цитотонмен сынағанда қан ағымының
жылдамдығы ірі малда 35-45 секундке дейін
азаяды (В.Т.Мухин, Н.З.Обжорин, Н.Р.Семушкин
т.б.).
Жіті миокардиттің
дамуының екінші кезеңінде электрокардиограммада
кертештердің QPs жиынтығының биіктігі
біраз кішірейеді. Ол жалпақтанады
және түрі өзгереді, Т кертеші
қаттырақ жалпақтанады, PQ және QT аралықтары
ұзарады, ал ST бөлігі білік бойы
жылжиды. Аурудың осы даму кезеңіндегі
электрокардиограммадағы өзгерістері
жүрек етінің бұзылып – азғындауының
дәлелі болып саналады.
Еске сақтайтын бір
жайт, миокардпен ауырғанда әр
түрлі дәрежеде басқа да ағзалар
мен жүйелердің – өкпе мен
бауырдың, бүйректердің, ас қорыту
жүйесінің қызметтері бұзылады.
Олар ентігу, көгеру, тері мен
кілегей қабының сарғаюы, несептің
аз шығуы, ісіну, ас қорыту
процесінің бұзылуы белгілерімен
көзге түседі. Барлық жағдайда
да жүйке жүйесінің қызметі
өзгереді.
Қанды тексергенде,
ядросының ығысуы регенеративті
немесе дегенеративті түрде кездесетін
дақты (нейтрофилді) ақ қан
түйіршіктері көбейеді, сонымен
қатар, ылғи да аллергия текті
(сезімталдықтың күшеюінен болатын)
ауруларына тән белгілер –
эозинофилдер көбейеді.
Барысы. Жіті миокардиттің
барысы көп жағдайда негізгі
аурудың өтуіне не ұзақтығына
байланысты, бірнеше күнге немесе
жетіге созылады. Ауыр өткен жағдайда
жіті миокардит не жүректі
салдандырып өліммен бітеді, не
миокардиофиброзға (миокардиосклерозға)
айналып, малдың өнімділігін және
жұмысқа қабілеттілігін толық
жояды.
Анықтау. Аурудың өту
кезеңдерінің тән белгілеріне
негізделінеді. Ауруды анықтауда
электрокардиографияның (жүректің
биотогын жазу) маңызы өте зор,
өйткені ол әдіс арқылы аурудың
өту кезеңдері туралы толық,
анық мәліметтер алып, болжамы
туралы да дұрыс пікір айтуға
болады.
Миокардитті анықтау
үшін оның атқаратын қызметін
сынайтын (функциональная проба)
әдіс қолданылады: малды шамалы
желілейде де, жүрек соғысын мұқият
тексереді. Миокардитпен ауырса,
желіленгеннен кейін де, жүрек
етінің рецепторлар аппаратының
(сезімтал нервтердің қабылдаушылық
қасиеті) қатты қозғыштығының
дәлелі ретінде, жүрек соғысының
жылдамдығы 2-5 минутке созылады.