Иудаизм

Автор: Пользователь скрыл имя, 04 Марта 2013 в 19:52, реферат

Краткое описание

Иудаизм – еврей халқының ұлттық діні. Ол – көне монотеистік дін. Иудаизмнің жолымен жүретіндер, я болмаса осы дінді ұстанатындар өздерін «яһудилерміз» деп атайды. «Иудаизм қай жерде пайда болған?» деген сауалға тарихшылар мен дін ілімін танушылар бірауыздан: «Палестинада» деп жауап береді. Яғни, Иудаизмнің басы біздің заманымыздың ІІ мыңжылдығына дейін Палестина аумағында өмір сүрген еврейлер арасында пайда болған. Политеистік нысанда туындап, біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықта иудаизм біртіндеп монотеистік дінге ауысқан.

Файлы: 1 файл

Әлемдік діндер әлемі.doc

— 107.50 Кб (Скачать)

Әлемдік діндер әлемі: Иудаизм

Жұма, 25 мамыр 2012 7:10

Иудаизм – еврей халқының ұлттық діні. Ол – көне монотеистік дін. Иудаизмнің жолымен жүретіндер, я  болмаса осы дінді ұстанатындар өздерін «яһудилерміз» деп атайды. «Иудаизм қай жерде пайда болған?»  деген сауалға тарихшылар мен дін ілімін танушылар бірауыздан: «Палестинада» деп жауап береді. Яғни, Иудаизмнің басы біздің заманымыздың ІІ мыңжылдығына дейін Палестина аумағында өмір сүрген еврейлер арасында пайда болған. Политеистік нысанда туындап, біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықта иудаизм біртіндеп монотеистік дінге ауысқан.

Тарихы  мен таралуы

Тарихшылардың пікірінше, б.д.д. VII ғасырға дейін  еврейлердің басқа діні болған. «Ежелгі  еврей діні» деп аталған ол б.д.д. XI ғасырда пайда болған. Тарихшылар кейбір дереккөздерде еврейлердің ежелгі еврей дінінен иудаизмге өткен ғасыры ғана емес, жылы да анық жазылғанын айтады. Бұл – шамамен б.д.д. 621 жыл болған деген дерек бар. Ал дін ілімін танушылар әлем мен адамзаттың жаратылуы және иудаизмнің пайда болу мерзімі бір-бірімен сәйкес келеді деген пікірді алға тартады.

Ғаламтордан иудаизмге, еврей халқы мен философиясына  қатысты сан түрлі ақпараттар мен деректерді кездестіресіз. Олардың  бірінде: еврей халқының ұлттық діні – Яһуди аңызы бойынша, Жаратушы Тораны (Таурат) сол уақыттағы барлық жетпіс халыққа қабылдауға ұсынғаны, алайда, оны еврей ұлты ғана қабылдауға келіскені, сондықтан, діни мағынада «Израиль» бір Құдайды мойындағандар мен заң кітабы – Тора арқылы Құдайға бой ұсынуға ұмтылушыларды білдіретіні айтылған. Енді бір мәліметтерде: иудаизм термині (Ивритте «Яаадут») яһуди (иуда) еврей тайпасы бірлестігінің атынан шыққан, ал яһуди – Израильдің ең ірі тайпасы саналған деген дерек келтірілген.

Иврит тілінде «Иудаизм” термині XІX ғасырдың соңынан бастап кең тарала бастаған. Давид (Дәуіт) патша яһуди тайпасынан болған. Дәуіт тұсында біріккен Израиль-Иуда патшалығының күш-қуаты арта түседі. Бұл кезең б.д.д. XІ ғасырдың соңына сәйкес келеді. Иудаизм әлемдегі екі ірі дін – христиан мен исламның маңызды идеялық қайнаркөзі болған.

Иудаизм дін  ретінде және құқықтық, моральдық-этикалық, философиялық және діни түсініктер кешені ретінде төрт мың жыл бойы және бүгінгі уақытта еврейлердің өмір салтын айқындап келді және айқындап отыр. Иудаизм – жазылған және жазылмаған ережелерге, салт-жораларға бай. Олардың барлығы адамның ұсақ-түйек іс-әрекеттеріне дейін (қандай тағамды жеу не жемеу керектігін, қай кезде жұмыс істеу қажеттігін, кімге үйленіп, кіммен дос болу керектігін, кімді жек көру тиістігін) жазылған. Бұл салт-жоралғыларды орындау арқылы иудаизмнің жолымен жүретіндер өздерін Құдайдың айрықша назары түскен халық деп есептейтін болған. Бір деректерде Иудаизм дініндегілер еврей еместердің ішінде миссионерлік жұмыстармен айналыспайтыны және еврей-аналардан тумаған азаматтарды өздерінің дініне немқұрайлылықпен қабылдайтыны, олар өздерінің алдында кінәлілерге «қанға – қан, жанға – жан» қағидасын қолданатын болғаны да жазылған. Яһуди – еврей болып туғандар мен Иудаизмге бет бұрғандардың басын біріктіретін этнодіни топ. «Әлем діндері» халықаралық анықтамалығында 1993 жылы дүние жүзінде 20 млн. яһуди бар екендігі жазылған. Алайда, өзге де мәліметтерде 1995-1996 жылдары әлемді 14 млн.-ға тарта еврей мекендейді деген дерек келтірілген. Ал 2010 жылы дүниенің әр қиырындағы яһудилердің саны 13,4 миллионды құрайды, бұл бүкіл Жер шарындағы тұрғындардың шамамен 0,2 пайызын көрсетеді деген болжам айтылған. Осындай мәліметтер – барлық яһудилердің 42 пайызы – Израильде, тағы 42 пайызы АҚШ пен Канадада қоныстанғанын, ал қалғаны Еуропада тіршілік ететінін де айтады. Алайда, бұлардың барлығы нақты мәлімет емес. Себебі, еврейлердің барлығы тегіс яһудилер болмайтыны тағы анық.

Израильде Иудаизмнің діни институттары мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Жоғарғы раввинат діни ұйымдар мен бірлестіктерді қадағалайды. Парламент және үкіметте раввинаттың мүддесін қорғайтын басты діни-саяси партия Мафдал болып саналады. Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Балкан түбегі елдерінен келгендер Сефард қауымын құрады. Еуропа, Америка, Австралия, ОАР-дан келушілер ашкеназиялық қауымды құрады. 1921 жылы Сефард және Ашкеназий бас раввиндер басқаратын Жоғарғы раввинат кеңесі сайланды.

Израиль мемлекетінің қалалары мен елді мекендерінде 200 діни кеңестер (моацот, датиот) жұмыс жасайды, Израильде 24 раввинаттық сот бар. Діни мектептер (ешибот) үлесі орта білім беру орындарының 17 пайызын құрайды. Израильдің барлық мектептерінде діни пәндер оқытылады. Білікті дін мамандары діни институттарда дайындалады.

Қасиетті  кітаптары

Олар үш топқа  бөлінеді. Киелі кітаптардың бірі – Тора (иврит тілінде – «Заң») деп аталады. Екінші топқа жататын  кітап-том – Танах. Үшінші топқа  бірнеше кітап-том кірсе, олардың  әрқайсысында бірнеше туынды бар. Бірнеше томнан тұратын бұл киелі кітап Талмуд («Зерттеу», «Зерделеу») деп аталады.

Тора – Иудаизмдегі  ең негізгі, ең көп оқылатын кітап. Тора тарауында былай делінген: «Өз жүрегіңнен кез келген жамандықтың тамырын жұлып таста, бәлки сол тамыр дүниедегі жауыздық болар. Бейбітшілікке құлшыныңдар. Бейбітшілікке құлшынбаған адамды Жаратқан Ие кешірмейді». Тораның барлық нұсқа-данасы ежелгі кезеңнен бүгінгі күнге дейін теріге қолмен жазылып келген. Тора синагогалардағы (яһудилердің құлшылық үйлері) ерекше орындарда сақталған. Әлемнің барлық елдеріндегі раввиндер Құдайға құлшылық етер алдында Тораны сүйіп, оның ережелерін ізгі тұтатын болған. Дін ілімін танушылар оның жарыққа шыққаны үшін Құдай және Мұса пайғамбарға мадақ айтады. Олар Құдай Тораны Мұса пайғамбар арқылы жеткізді деп санайды. Кейбір кітаптарда Тораның авторы Мұса пайғамбар деп жазылады. Ал тарихшылар Тораның пайда болған уақыты б.д.д. XIII ғасырға сәйкес келеді деген пікірлерін алға тартады. Бұл қасиетті кітап иврит бойынша жазылғандықтан, ондағы туындылар да мына атаулармен аталады: біріншісі – Берешит екіншісі – Веэлле Шемот, үшіншісі – Вайикра, төртіншісі – Бемидбар, бесіншісі – Элле-гадебарим.

Танах – бір  кітап-том болғанымен, онда 24 еңбек-туындыдан  бар. Танах үш бөлімнен тұрады: Тора Мұса (ғ.с.) (бес кітап), Нэбиим (Пайғамбарлар) (жеті кітап), Кэтувиим (Жазба) (он екі кітап). Танах б.д.д. Х ғасырдан б.д.д. ІІ ғасыр аралығында қалыптасқанға ұқсайды.

Талмуд –  бірнеше кітап-томнан тұрады. Талмудта екі бөлім бар. Бірінші бөлім  – Мишна (қайталау). Бұл – Тораға түсіндірме. Екінші бөлімі – Гемара (толық түсіндіру). Бұл Мишнаның түсіндірмесі. Талмудта қылмыстық және азаматтық сипаттағы заңдар, адамгершілік заңдар, отбасылық және жеке адам өміріне қатысты кеңестер бар. Талмудта 365 тыйым және 248 бұйрық әмірлер жинақталған яһудилік әдет-ғұрыптар жүйесі түзілген.

Сенім қағидаттары мен әдет-ғұрыптары

Яһуди діни ілімінің негізі – дүниені жаратушы бір  құдіретті Яхве Құдайына деген сенім. Иудаизмде құтқарушының келуіне  деген сенім бар, ол мессия (мәсіх) деп аталады. Иудаизм бойынша мессия жер бетінде әділетті тәртіп орнатады деп есептеледі.

Ақырзаман және өлілердің қайта тірілуіне сенім  – еврейлердің Жаратушының таңдаулы халқы екендігіне сенім. Бұл түсінік  бойынша Моисей (Мұса) арқылы Израиль  халқына заң (Тора) беріп, одақ құрған.

Иудаизмнің  негізгі қағидаттары XІІ ғасырда  өмір сүрген атақты философ-талмудшы, рабби Моисей мен Маймон (1135-1204) іліміне  сүйенген төмендегідей 13 ережеден тұрады:

1. Құдай бар.

2. Құдай бір.

3. Құдай денелік  пішінде болмайды.

4. Құдай мәңгі.

5. Яһудилер тек бір  Құдайға табынуы тиіс.

6. Құдаймен қарым-қатынас  тек пайғамбар арқылы болады.

7. Моисей (Мұса) – ең ұлы  пайғамбар.

8. Тораның шығуы қасиетті.

9. Тора өзінің мән-мағынасын  еш жоғалтпайды.

10. Құдай адамдардың барлық іс-әрекетін біледі.

11.Құдай зұлымдықты жазалап,  қайырымдылықты мадақтайды.

12. Құдай өзінің Мессиясын  (құтқарушысын) жібереді.

13. Құдай өлілерді қайта  тірілтеді.

Сенім қағидаттары «Йигдаль» (ивритше – «ұлылық») әнұранында баяндалған. «Өмір беруші Құдай ұлылығы мен даңқы шексіз» дейтін бұл әнұранды синагогада Иудаизмді ұстанушылар орындайды.

Яһудилерде Құдай аты  – Яхве (Яху, Яго, Иеһова немесе Адонай). Яхве бастапқыдан Яһуди-израильдік пантеонда айрықша орын алады. Құдай  атын атауға болмайды. Ежелгі түсінік бойынша Құдай атын атау – бұл ажалға алып келеді. Яхвенің орнына Адонай («менің әміршім»), «Менің Құдайым – Яхве» сөзі қолданылады. Алғашқыда ежелгі еврей құдайлар пантеонында Яхве жерді түзеуші, жай атқыш, жаңбыр беруші ретінде көрінеді. Аман-есендік, игілік Яхвемен байланыстырылады. Тек кейінірек Яхве басты Құдай атанады. Яхве культін орталықтандыру үдерісі және Яхвені барлық еврейлердің жалғыз құдайы ретінде мойындату үшін күрес ұзаққа созылған.

Кез келген яһуди үшін Құдай, Тора және еврей халқы ең маңызды мағынаға ие. Бұл – әлемнің барлық еврейлерін біріктіруші діни және ұлттық идея. Еврейлердің құдайдың таңдаулы халқы екендігі идеясы догматикалық сипат алған. Яхве еврейлермен айрықша одақ құрып, тек еврейлерді өз халқы деп есептейді. Бұл идея сионизмнің діни негізін құрайды.

Зайырлы және діни Иудаизмнің де ерекшеліктері бар. Зайырлы Иудаизм ұғымы белгілі бір Яһуди құндылықтарын, тіпті кейде діни мағына берілмейтін діни негіздегі еврейлердің философиясын сипаттайды. Тора мен Талмудтың негізгі ережелері – Заң деп аталатындықтан, ол яһудилердің өмірін егжей-тегжейлі регламенттейді. Яғни, Тора мен Талмудтағы түсініктер мен діни ілімге сәйкес, сенушілердің бүкіл өмірін реттеуші әдет-ғұрыптардың күрделі жүйесі жан-жақты, бүге-шігесіне дейін айқындалған. Киіну, тағам дайындау ережелері, сенбіні қасиет тұту, салт-жораны сақтау және мейрамдарды өткізу мен ұстану, ораза мен төзімділік туралы нұсқаулар көрсетілген.

Маңызды әдет-ғұрыптық талаптар қатарына мыналар жатады:

– Сүндетке отырғызу ұл балалар  дүниеге келген соң сегізінші күні жасалады. Бұл – Яхвеге сыйынушылар қатарына қосылу белгісі. Сүндетке отырғызуды могель (сүндетке отырғызушы) атқарады.

– Сенбі күнін  тыныштық пен дұға жасау күні ретінде  қастерлеу. Ивритте сенбі – шаббат деп аталады. Сенбі күні жұмыс жасауға болмайды (малаха); Іс-әрекеттің шұғыл түрлеріне: (жедел жәрдем, полиция, өрт сөндірушілер және т.б.) рұқсат етіледі. Үйде жұмыс істеуге тыйым салынады. Сенбі күні өлген адамдарды жерлеуге болмайды және т.б. Шаббат басында, яғни жұма күні күн батар кешқұрым мезгілде отанасының батасымен сенбілік шырағдан жағылады. Отбасы синагогаға барады. Үйіне келген соң ол балаларына бата береді және әйелін Соломонның (Сүлеймен) Өсиет кітабының 31-тарауының сөздерімен мадақтайды. Отбасы сенбілік тамақ ішуге кіріседі. Тамақ ішер алдында нан және шарап негізінде бата жасалады. Шаббат күні от жағуға болмайды. Егер от бұрыннан жанып тұрса, онда жанып тұра береді. Сенбі күні ұзақ сапарға шығуға, кеме бортында отырған жолаушыларға борттан түсуге болмайды. Сенбі күні автомобиль жүргізе алмайды. Қоғамдық көлікті де пайдалана алмайды.

– Күшейтілген дұға жасауға, (тфила) дұға жасауға (кавана) толық берілу қажет. Қол жуарда, тамақ алдында және тамақтан кейін дұға оқу керек. Тамақтың әрбір түрі үшін өзіндік дұға мәтіні болады. Сенбілік, мерекелік шырағданды жағар алдында да дұға оқылады.

Синагогада біріккен құлшылық ету он ересек адам, яғни «діни қатынаста құқығы бар ер адамдар болғанда ғана жүргізіледі. Бірақ, ерекше жағдайда жалғыз дұға жасауға болады”.

– Пост (ауыз бекіту) – күнәдан тазару, тәубеге келу күндері және т.б. Яһудилік діни ілім бойынша, тек күйіс қайыратын жануарлардың, шехит ережесі бойынша бауыздалған үй құстарының етін жеуге болады. Шошқа, жылқы, қоян етін жеуге, бір уақытта ет және сүт тамақтарын колдануға тыйым салынады. Егер тамақ алдында яһуди сүт тағамын ішсе, онда ет тағамдарын жеу алдында, олар ауыз шайқауы немесе бейтарап (нан түйірін) тағам жеуі керек. Тамаққа қанды қолдануға айырықша тыйым салынған.

– Шавуот (шабуот) – апта мейрамы немесе Мұсаға Синай  тауында Тораның берілуіне байланысты мейрам. Яһуди дін ойшылдарының пікірінше, бұл мейрам пасханың бірінші күнінен соң 50-ші күні өткізіледі.

Діни  мейрамдары

Еврей күнтізбесіне сәйкес жыл сайын көне еврей мерекелері, Иудаизмнің діни мейрамдары тойланады: бірінші мейрам Рошха-Ашана (Рош-Хашана) – діни Жаңа жыл, бұл күнді керней дыбыстары күні деп те атайды. Бұл мейрам жаман, зұлым рухтарды керней дыбыстарымен аластайтын ай мейрамымен байланысты. Вавилондық тұтқындалудан кейін, вавилондық мәдениет ықпалымен бұл мейрам «аспан соты» мейрамына айналған. Бұл күні Яхве бүкіл тіршілікке үкім шығарады.

Келесі маңызды  мейрам Йом-Киппур – сот күні, кешірім, тәубеге келу және күнәдан арылу, о дүниелік болған ата-ана, жақын  туысқандарды еске түсіру күндері. Раввиндер  іліміне сәйкес, Рош-Ашанадан кейін 10 күн ішінде (тәубеге келу күндері) Яхве барлық адамдардың іс-шаруасын тексереді және әрбір адамның келесі жылғы тағдыры туралы өзінің соңғы шешімін дайындайды. Бұл шешім Йом-Киппур күні жарияланады.

Ханука –  жарық мейрамы (оттардың 8 күндік мейрамы).

Пурим (ежелгі грек сөзі «пур»  – жеребе) – Эсфири (Есфири) құрметіндегі мейрам. Бұл күні парсы патшасы Артаксеркс (б.д.д. ІV ғ.) уақытында зұлым Аманның қиянатынан азат болуы атап өтіледі. Бұл оқиға жайлы Інжілдік кітап – «Есфирьде» әңгіме болады. Бұл – вавилондық тұтқындаудан азат болу.

Песах – пасха; азаттық мейрамы – Египеттен еврейлердің шығуын еске түсіруге арналған сегіз күндік мейрам.

Йом Га-Шоа – Апат күні немесе Холокосты еске түсіру күні. «Шоа» ивритте «құйын» мағынасын береді. Алғашқыда қаралы күн «холокост» және қаһармандық күні деп аталды. Бұл күнді 1951 жылы Израиль парламенті белгіледі. Варшавалық гетто көтерілісінің жылдық мерзімі Ниссан айының 27-сі күні атап өтіледі. Бұл күнді зайырлы билік енгізуіне байланысты яһуди ультраортодокстары мойындамайды. Көптеген еврейлердің пікірінше, айрықша мемориалды күнді белгілеу дәстүрге қайшы келеді.

Конфессиялары мен ағымдары

Иудаизмнің  көп ғасырлық тарихында жікшілдік, секталар, бағыттар, қозғалыстар пайда болды. Бүгінгі уақытта, ғалымдардың пікірінше, мынадай иудаизм бағыттары қалыптасқан: Олар – караим, хасидизм, реформаторлық, консерваторлық, ортодоксальдық. ХІІ-ХІІІ ғасырларда еврей діни ойшылдарының арасында Каббала философиялық көзқарастар жүйесі тарала бастады. Каббалистердің қасиетті кітабы – «Зогар» («Шұғыла»). Каббала Иудаизмнің мистикалық ағымы ретінде ХI ғасырдың басында толықтай қалыптасқан. Оның негізгі қағидаттары 1300 жылы Испанияда шыққан «Зогар кітабында» мазмұндалған. «Зогар» – Құдай қасиетін, адам жанын, жақсылық пен жамандықтың ара-жігін танытатын талмуд идеясын дамыта түседі.

Зогар бойынша, «Торада Жаратушы Иенің дүниені жаратудағы құпиялы  жоспары» мазмұндалған. Яғни, Торадағы әрбір сөз бен әрбір белгі құпиялы сырды білдіреді. Сондықтан, Каббала ілімі бойынша Тораны өз мазмұнында, яғни дұрыс зерделеп оқымау әлемді бүлдіру мен құртуға алып келуі мүмкін. Каббаланың ықпалымен діни-философиялық яһудилік әдебиет (сенім иелерінің өмірін ұсақ-түйегіне дейін реттейтін “Шулхан Арух” атты ХVI ғасырда Иосиф Каро жасаған этикалық- құқықтық жинақ) пайда болған.

Иудаизмнің 4 негізгі конфессиясы бар. Негізгі конфессия – ортодоксальдық иудаизм. Ол өзінің тамыр-бастауын Иудаизм дін ретінде пайда болған кезеңнен алады. Ортодокстар өз ішінде бейортодокстар мен ХаБад хасид қозғалысына бөлінеді. Ортодокстар Талмудта жазылған ережелерді қатаң сақтайды. Бейортодокстар сионизм мен қазіргі заманғы мәдениетті танымайды, синагогаға сенбі күні бару үшін көлік пайдалануға рұқсат бермейді. ХаБад хасидтері сионизмді және қазіргі заман мәдениетін таниды, еврейлерді Тораның барлық өсиеттерін қатаң сақтауға шақырады.

Информация о работе Иудаизм