Шоқан Уәлиханов

Автор: Пользователь скрыл имя, 16 Апреля 2011 в 23:54, реферат

Краткое описание

Шоқан (Мұхамедқанапия) Уәлиханов 1835 жылы қараша айында, Петропавлдің оңтүстік батыс жағындағы Құсмұрын қыстауында туған. Оның жастық шағы да осы Құсмұрын мен Сырымбет тауында өтті.

Файлы: 1 файл

Ш. Уәлиханов.doc

— 53.50 Кб (Скачать)

Ш. Уәлиханов атындағы №12 қазақ көпсалалы  гимназиясы

        Шоқан Уәлиханов

 

                                                         
 
 

                                                                                         

                                                                      Орындаған:                                                           Тексерген: 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Алматы 2006

 

      Шоқан (Мұхамедқанапия) Уәлиханов 1835 жылы қараша айында, Петропавлдің оңтүстік батыс  жағындағы  Құсмұрын қыстауында туған. Оның жастық шағы да осы Құсмұрын мен Сырымбет тауында өтті.

      Шоқанның  әкесі Шыңғыс Уәлиханов білімді, өз заманында алдыңғы қатарлы, прогрессшіл  ниеттегі адам болған. Оған оның орыстың  шығысты зерттеуші ғалымдарымен және түрлі ғылыми қоғамдардың қайраткерлерімен байланыс жасап, олардың этнографиялық материалдар жинауына көмектесуі дәлел. Сол сияқты Шыңғыс Уәлихановтың “Сібір сепаратистері” деп аталатындармен байланысты болуы үшін айыпталуы да осыны көрсетеді.

      Зерек Шоқанның ой-сезімінің дамуына көпті  көрген, қазақ халқының басынан өткен сан-алуан оқиғаларды, аңыз, әңгіме, ертегілерді көп білетін қарт әжесі Айғанымның да елеулі әсері болады.

      Шыңғыс  төренің үйіне бұл кезде орыс ғалымдары, инженерлері, білімді чиновниктері мен офицерлері келіп түсіп, аттанып келіп жататын. Солар арқылы Шоқан сызу өнерін үйреніп, әдебиетке ынта қойды. Сөйтіп жас кезінен-ақ сурет салатын, халық творчествосын көп білетін бала болып өсті.

      Бастауыш  білімді Шоқан Құсмұрындағы, негізінде  шығыс тілдерін үйрететін мектептен  алды. 1847 жылы күзде он екі жасар Шоқан өз үйінің досы – орыс чиновнигі Сотниковтың кеңесімен омбыдағы Сібір кадет корпусына оқуға орналастырылды.

      Омск  кадет корпусы ол кезде Сібірдегі  ең таңдаулы оқу орны еді. Корпусита  прогрессшіл бағыттағы көптеген білімді мұғалімдердің сабақ беруі кадет корпусы оқушыларының, оның ішінде Шоқанның да қоғамдық көзқарастардың дамуына айтарлықтай әсерін тигізді. Аса зерделі, сезімтал да ойшыл, қабілетті және еңбеккер бала Шоқан корпустағы оқудың алғашқы күнінен бастап ерекше көзге түсті. Бара-бара корпус оқушылары да, Омск интелегенциясының көрнекті өкілдері де Шоқанға ерекше құрмет көрсетіп, зор ықыласпен қарайтын болды. Сөйтіп бұл адамдар мен Шоқан арасындағы достық қатынастар басталды. Каникул кездерінде Шоқан қырғыз даласын басқару кеңсесінде қызмет ететін чиновник Сотниковтың, сызу сабағының оқытушысы Померанцевтің, тарихшы Гонсевскийдің үйлерінде болып, одан кейін Гутковский мен Капустиндер семьясымен араласты. Сол кездегі прогрессшіл бағыттағы адамдармен осылайша араласуы оның ақыл-ой дәрежесінің арта түсуіне жол ашты, оның демократиялық бағыттағы көзқарасы қалыптасып, ағартушылық идеялармен әсерленіп, жаңа сезімдерге бөленген Шоқан корпус кадеттері арасында толып жатқан қоғамдық-саяси жаңалықтарды ортаға салып, қызу талдаулар жасады, сол арқылы өзінің корпустағы жолдастарының да идеялық дамуына әсерін тигізді.

      Оқу жылының алғашқы кезінен-ақ Шоқан  әдебиетті өте көп оқыды, Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Диккенс, Теккерей шығармаларымен жете танысты. Сонымен қатар шығыс  әдебиетіне назар аударып, олардың өлең-әңгімелерін жан-тәнімен қызыға оқыды.

      Корпус  оқытушыларының жылы шыраймен қарауы Шоқанның көп нәрселерді оқуына мүмкіндік  берді. Корпус басқармасының лұқсаты  бойынша ол фундаментальды кітапханадан кітаптар алып тұрды. “Класстар инспекторы” қызметін атқаратын Ждан – Пушкин оқыған “Современник” кітапшасын оқуға беріп жүрді. Сөйтіп оқу жылдары кезінде Шоқан көптеген философиялық трактаттарды, әлеуметтік романдар мен толып жатқан тиым салынған әдебиеттерді оқыды. Бұл Шоқанның білімін ғана көтеріп қойған жоқ, сонымен бірге ойшылдық бағытын белгіледі.

      Корпустағы  жолдастарының ішінен Шоқанға ең жақыны Г.Н. Потанин еді. Олардың  арасындағы достықтың нығая түсуіне  ілгергі мақсаттары мен көзқарастарының  ұқсастығы себеп болды. Екеуін де қырғыз даласы мен Орта Азия өмірі қызықтырды. Потаниннің алғашқы этнографиялық запискалары Шоқанның әңгімелеп айтуы негізінде жазылды.

      Жас Шоқанның Костылецкий арқылы орыстың  шығысты зерттеуші ұлы ғалымы И.Н. Березинмен танысып, қатынас жасауы оның Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихына, әдебиетіне деген ынтасын арттырып, ғылыми бағытын белгілеуде шешуші роль атқарды. Осыдан бастап ол Қырғыз даласы мен Түркстанға, одан ары Қытай жеріне саяхат жасауды, бұл жерлердегі халықтардың тіршілігін көзбен көріп танысуды арман етті.

      1853 жылы он сегіз жасар Шоқан  әдеттегі мерзіммен бір жыл  бұрын “армиядағы кавалерия”  бойынша корнет чинімен корпусты  бітіріп шықты. Сібір қазақ  әскерлерінің 6-кавалерия полкына  офицер болып белгіленген Уәлиханов  іс жүзінде Батыс Сібір генерал губернаторы Гастрофтың қарамағанда қалдырылды да, бір жылдан соң ерекше дарындылығымен көзге түскен жас офицер Гастрофтың адьютанты болып тағайындалды. Оған сонымен бірге өлкенің бас басқармасы тарапынан берілетін ерекше тапсырмаларды орындаушы офицер қызметі де жүктелді.

      Бұл кезде соғыс губернаторының көмекшісі  Шоқанның жақсы досы Карл Казимирович  Гутковский еді. Енді ол Шоқанмен бұрынғыдан да жақындаса түсті. 1854 жылы Шоқан  Капустиндер мен Ивановтардың үйінде алғашқы рет Ф.М. Достоевскиймен, петрашевец С.Ф. Дуровпен кездесті. Бұл олардың арасындағы шын мәніндегі үлкен достықтың бастамасы еді. Олармен жиі кездесу нәтижесінде Шоқанның қоғамдық саяси көзқарасы бұрынғыдан да айқындала түсті.

      Қызмет  атқара жүріп Шоқан ұлы жүз  қазақтары мен бірқатар қырғыз елдерінің Ресейге өз еркімен қосылу мәселесін іс жүзінде шешу мәселесіне араласты. Сонымен бірге ол бұл өлкелердің географиясын, тарихын, этнографиясын зерттеді.

      1855 жылы Гасфорд нөкерлерінің Шоқан  Орталық Қазақстан, Жетісу, тарбағатай  жерлерін аралап, Жоңғар қақпасына дейін жол шекті. 1856 жылы полковник М.М. Хоменговскийдің экспедициясымен бірге Ыстықкөлге барды. Осы саяхатында Алакөлден Тянь-Шаньға дейін “Орыстық Жоңғар” өлкесінде болып, өзі көрген барлық халықтардың өмірімен танысты, олардың әдебиеті мен мәдениетіне көңіл бөліп, жазып алып отырды. Жерлердің топографиялық суреттерін салып, орнитологиялық және этномологиялық коллекциялар жасады, гербарий құрап, флорасымен, фаунасымен танысты.

      1856 жылдың шілде айында Шоқан Ыстықкөлден Верныйға оралып, тамыз айында Қытаймен арадағы достық және сауда-саттық жұмыстарына байланысты мәселелерді шешу сияқты аса күрделі дипломатиялық миссияны орындау тапсырмасымен Құлжаға барды. Бұл жұмысты жақсы аяқтап, осы жылдың күзінде Омбыға қайта оралды. Омбыда ол Г.Н. Потанинмен бірге архивті ақтарып, қырғыз рулары мен жоңғар хандықтары тарихын зерттеді. Көптеген ғылыми әдебиеттерді оқып, шығыс пен Қазақстанның ертедегі тарихына үңілумен болды. Өз мамандығына байланысты аса бай кітапхана ұйымдастырып, көптеген сирек кездесетін кітаптер мен газеттер оттискасын жинады.

      1857 жылы 27 февральда Шоқан Орыс Географиялық Қоғамына толық мүше болып сайланды. Осы жылы ол халық тұрмысын жан-жақты, терең бақылау мақсатымен қырғыз Алатауына екінші рет жол шекті. Осы жолы ол қырғыз эпосы “Манасты” жазып алып, біраз жерлерін орысшаға аударды, оған тарихи және әдеби талдаулар жасады.

      Жас  Уәлихановтың осы сапарларындағы ғылыми жұмыстың нәтижелері оның “Ыстықкөл сапарының күнделігі”, “Қырғыз туралы жазбалар” деген сияқты тағы да басқа ғылыми еңбектерінде қорытылған.

      1857 жылы Шоқан Гутковскийдің үйінде  аса көрнекті орыс географы, сынақшы  және ботаник П.П.Семенов-Тянь-Шаньскиймен  кездесті. Шоқанның ерекше дарындылығы  мен терең біліміне риза болған  П.П.Семенов-Тянь-Шаньский оның Петербург университетінің шығыс факультетіне түсуіне кеңес берді. 1858-жыл Шоқан үшін оның ұлы ғалымдық талантының барынша кең өрістеуіне жол ашқан үлкен ғылыми-зерттеулер жылы болды.

      П.П.Семенов-Тянь-Шаньскийдің  және Е.П.Ковалевский, К.К.Гутковский сияқты Географиялық қоғамның белсенді мүшелерінің ұсынуы бойынша Шоқан Шығыс Түркістанға жол шекті. Бұл жолы ол осы өлкені жан-жақты зерттеп, оны мекендейтін халықтардың тарихы мен этнографиясы жайында материалдар жинау, Ресей мен Батыс Қытай арасындағы мәдени және сауда-саттық байланыстарын бұрынғыдан да күшейту және керуен жолдарының географиялық жағдайларын қоса П.П.Семенов-Тянь-Шаньский өз тарапынан сол кездегі орыс және Берлин географиялық қоғамдары назар аударып отырған доктор Адольф Шлавинтвейттің қаза болуы туралы мәліметтерді, одан қалған материалдардың, күнделіктердің қандайын болмасын жинап әкелуді өтінді. Бұл сапар жас ғалым Шоқан үшін жеңіл болған жоқ. Ғылыми жоспар бойынша жеті жүз шақырым жерді басып өтіп, Қашқарға барған барған алғашқы орыс ғалымы Шоқан толып жатқан қауіп-қатерлер мен адам айтқысыз қиындықтарға қарамастан онда бес ай болып, барлық ғылыми тапсырмаларды түгел орындап қайтты. Бүкіл алты шаһар елінің жағдайын біліп, көптеген ғылыми, этнографиялық және статистикалық мәліметтер әкелді. А.Шлагинтвейттің қандай жағдайда, қандай себептермен қаза болғанын анықтады. Осындай тарихи және географиялық материалдардан басқа Шоқан ұшы қиырсыз Тянь-Шаньды кесіп өте отырып, өзіне кездескен сан алуан минералдардың түрлерін жинап қайтты.

      Петербургтағы географиялық қоғам мен Сыртқы істер Министрлігі Шоқан Уәлихановтың Қашқария саяхатының нәтижесі туралы хабарды асыға күтті. Алайда жас ғалымның онсыз да әлсіз организмі алыс сапардың адам айтқысыз қиыншылықтары нәтижесінде қатты науқасқа шалдығып, ол Омбыда біраз уақыт жатып қалды.

      1859 жылдың тамыз айында Омбыдағы  Шоқан үйіне Ф.М.Достоевский келді.  Бұл кезде Шоқан Қашқария саяхаты  туралы баяндамасын аяқтап, Петербургке  жіберіп те қойған. Көп ұзамай  ол Петербургке шақырылды. Қашқар  саяхаты нәтижесінде даңқы ел аузына ілінген Шоқанды сенатор Е.П.Ковалевский граф Блудовпен таныстырды. Граф Блудов оны сарайға шақырып, патшамен таныстырды. 1860 жылдың 8-сәуірінде Шоқанға штабсротмистр чині берілді. Көп ұзамай географиялық қоғамның жазбаларында Шоқанның “Жоңғария очерктері”, “Алты шаһардың немесе Қытайдың Нан-Лу провинциясының (Кіші Бұхара) шығыстағы алты қаласының 1858-1859 жылдардағы жағдайы туралы”, “Алты шаһардың жағдайы туралы” деген Қашқария саяхатының нәтижесіне байланысты негізгі ғылыми еңбектері жариялана бастады. Бұл, анығына келгенде, Шығыс Түркістанның тарихы, географиясы және әлеуметтік құрылысы туралы сол кездегі ғылым тұрғысынан қарағанда тұңғыш рет жазылған күрделі ғылыми еңбек еді. Сонымен бірге оның Ресей мен Шығыс елдерінің арасындағы экономикалық және саяси байланыстардың дамуында практикалық үлкен маңызы болды.

      Петербургта Шоқан бас штабтың тапсыруы бойынша  басып шығаруға дайындалып жатқан Азия картасын құрастырып, редакциясын қарады. Географиялық қоғамның қызметіне көмектесіп, қырғыз даласының географиясы туралы мәліметтер берді. Француз, неміс тілдерін үйренумен шұғылданды. Әсіресе, Шығыс тарихы мен Орталық Азияға байланысты ғылыми әдебиеттерді мейлінше көп оқып, білімін барынша молайтты. Университет сабақтарына қатысып, Костомаровтың тағы сол сияқты белгілі профессорлардың лекцияларын тыңдады.

      Ғылыми  қауым арасында зор құрметке ие болған Шоқан орыстың аса ірі Шығыс  – зерттеуші ғалымдары Берзин, Қазембек, Васильевтермен танысты. Достоевский, Ядринцевтермен кездесіп,                                 П.П.Семенов-Тянь-Шаньскийдің, Бекетовтың үйлерінде болды.

      1861 жылдың көктеміне қарай Шоқанның  денсаулығы нашарлап кетті де, дәрігерлердің кеңесі бойынша  ол Петербуркті тастап туған  еліне, кең даланың еркін ауасына  оралды. Бірақ ауылда да Шоқан ғылыми еңбектермен айналысуды тоқтатқан жоқ. Ол қазақ ауыз әдебиеті мен тарихи оқиғалар туралы деректерді жинастырды. Өзінің Бекетовке жазған хатында ол осы кезде жаза бастаған “Орта Азияның географиялық картасы туралы” мақаласының тек кейбір анықтама кітаптардың болмағандығынан ғана бітпей қалғанын хабарлайды және өте аз зерттелген осы бір өз елінің климат жағдайын бақылау үшін көптеген зерттеу құралдарын жіберуді сұрайды.

      1863 жылы қыста Шоқан Омбыға келіп,  өзіне аса қымбатты ескі достары  Гутковский мен Капустиндердің үйлерінде болды.

      Өз  достарымен әңгімесінде Шоқан өз халқына, оның болашағына қызмет еткісі келетіні баса айтып отыратын еді. Кейінірек  Достоевскийге жазған хатында ол өзінің сұлтан болғысы келетіні сол  арқылы өз отандастарына пайдасын тигізіп, чиновниктер мен бай шонжарлардың озбырлық езуінен қорғағысы келетінін жазады. Алайда, Сібір басқармасы халықтың қолдауына қарамастан оны Атбасар округінің аға сұлтандығына бекітпеді. Оның үстіне Сібір әкімшілігі мен жергілікті байлар, билер тарапынан күшейе түскен жаулық пен жәбір, өз туыстары арасындағы ұлттық және рушылдық кертартпа сенімдер нәтижесінен туған жікшілдік сияқтылардың бәрі Шоқанға ерекше ауыр әсер етті. Ақыры 1864 жылы Омбыға жүріп кетті.

      Бұл кезде аурудан сәл ғана оңала  бастаған Шоқан облыстық басқарманың юридистикалық компаниясының жұмысына қатысып, Қазақстандағы заң реформасы мәселелерімен шұғылданды.

Информация о работе Шоқан Уәлиханов