Хандық дәуірдегі әдебиет және жыраулар поэзиясындағы діни тақырып (XV – XVIII ғасыр)

Автор: Пользователь скрыл имя, 15 Февраля 2013 в 22:19, реферат

Краткое описание

Тақырыптың өзектілігі: Бұл жұмыс хандық дәуірдегі әдебиет өкілдерінің шығармашылығын (XV – XVIII ғасырлар) және олардың жырлары ішіндегі діни тақырыпқа жазылған жырларды қамтиды. Хандық дәуірде жасаған жырауларымыздың еңбектерімен бірге, отты жырларына тоқталамыз.
Мақсат – міндеттері:

Оглавление

Кіріспе
Негізгі бөлім
1.Хандық дәуірдегі әдебиет
2.Жыраулар поэзиясындағы діни тақырып
III. Қорытынды
IV. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Файлы: 1 файл

Хандық дәуірдегі әдебиет және жыраулар поэзиясындағы діни тақырып.docx

— 39.23 Кб (Скачать)

Өзінің өршіл де рухты жырларымен хандық дәуір кезіндегі әдебиеттен ойып тұрып орын алар жыраудың бірі - Шалкиіз жырау.Ол қазақ жыраулық поэзиясының атасы саналады. Шалкиіз Тіленшіұлы 1465 жылы Жайықтың шығыс бетінде дүниеге келеді. Жыраудың әкесі сахараның беделді, бай адамы болды. Шешесі Кіші жүздің ұйытқысы болған, Сыртқы Орда деп аталатын ұлыстың билеушісі Мұса бидің қызы екен. Шалкиіз мұсылманша білім алған, оның 1490 жылға дейінгі өмірінен дерек жоқ. Тек 1490 жылы ноғайлы әміршісі Темір бидің жанында болғаны белгілі. Кейбір зерттеушілердің пайымдауларына қарағанда, осы кезде жырау бірде әскер қатарында, бірде әміршінің елші, нөкерлері қатарында Қырым, Терістік Кавказ, Дон бойын тегіс аралап шыққан.

Шалкиіз жырларында философиялық толғаныс, тебіреніс ретінде келетін дидактикалық өнеге-өсиет, мақал-мәтел, ақыл-нақылды шумақтар мол. Жырау өнеге-өсиеттік бірқатар жолдарында өрісті ойларын жақсы мен жаманды салыстыра отырып суреттейді:

Құсты жисаң, бүркіт жи,

Қыс тоныңды түлкі етер.

Бір жақсымен дос болсаң,

Азбас, тозбас мүлкі етер.

Бір жаманмен дос болсаң,

Күндердің күні болғанда,

Жүмле ғаламға күлкі етер.

«Жақсыдан – шарапат, жаманнан –  кесепат» дегендей, бұл шумақтағы  жақсы – шарапатты шын дос  та, жаман – жалған дос, екіжүзді сатқын бейнесінде.

Темір өлгеннен кейін Шалкиіз нағашылары Мұса ұрпақтарының маңайында болады. Кейін бұл топтан бөлініп, Қазақ ордасына біржола өтеді. Шалкиіз 95 жасқа жетіп қайтыс болған деп шамаланады.

Өткір де қайсар бейнесімен танылған хандық дәуір әдебиетінің келесі өкілі-Бұқар жырау(1693—1787 жылдары). Оның туған жері — Жиделі Байсын өлкесі. Дәл туған жылы белгісіз, мөлшермен, XVIII ғасырдың соңғы ширегі. Руы — арғын. Бұқар жырау 1702 жылы Бұхарадағы Кекілташ медресесін бітіріп, бірнеше тілде еркін сөйлейтін дәрежеге жетеді. Әсіресе парсы, араб тілдерін жетік үйреніп шығады. Медресе бітірген соң Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи мешіт-медресесі имамының шақыруымен сонда барып, Түркістан медресесінде дәріс береді.

Бұқар жырау өмірінің ең жауапты  кезі — Абылай ханның бас кеңесшісі  болған кез. Бұл бір киын, «Ақтабан шұбырынды», ел басына күн туған, елдің  елдігі сыналатын кезең еді. Осынау ел тағдыры шешілер ауыр кезеңде  жырау ханға дұрыс бағыт беріп, даналықтың, үлкен сұңғыла-сәуегейліктің  үлгісін көрсеткен.

 Бұқар жырау шындықты бетке  айтатын батылдығымен де дараланады. Бірде Абылай көршілес орыс  еліне қарсы жорық ашпақ болғанда, Бұқар жырау оның немен тынатынын  болжап, халық үшін қатерлі жаугершілік  жолынан сақтап қалады.

Бұқар жырау орыс отаршылдарының қазақтың шұрайлы қоныс, шүйгінді жерлерін біртіндеп  басып алып, сол жерлерге бекіністер сала бастағанын көргенде, олардың  бұзық пиғылдарын жұрттан бұрын  сезіп, содан сақтануға шақырған.

Бұқар Жырау толғауларында Ресей  империясының отарлаушылық, басқыншылық  саясаты, зұлымдық әрекеттері әшкереленеді. Мысалы, “Қилы заман” толғауындағы мына бір жайлар табандап жылжып келе жатқан қайшылығы мол заманды  елестетеді:

“Күнбатыстан бір дұшпан,

Ақырында шығар сол тұстан.

Өзі сары, көзі көк,

Діндарының аты боп,

Күншығысқа қарайды.

Шашын алмай, тарайды,

Құдайды білмес, діні жоқ,

Жамандықта міні жоқ,

Затсыз, тексіз бір кәпір,

Аузы-басы жүн кәпір,

Жемқорларға жем беріп,

Азды көпке теңгеріп,

Ел қамын айтқан жақсыны,

Сөйлетпей ұрар ұртына.

Бауыздамай ішер қаныңды,

Өлтірмей алар жаныңды,

Қағазға жазар малыңды.

Есен алар пұлыңмен,

Солдат алар ұлыңнан,

Күндердің күні, Абылай,

Жаяулап келер жұртыңа,

Жағалы шекпен кигізіп,

Балды май жағар мұртыңа,

Есе тимес өзіңе, Есіктегі құлыңнан.”

Қазақ қоғамының сәнінен, мәнінен  айрылатынын, дінінің, тілінің, жерінің  тозатынын, қабілетсіздер сұңғылаларды илеп билейтінін, дәрменсіздік жалайтынын, марқасқалар төбесінде бұлт үйірілетінін баяндаған.

XVIII ғасырдағы жыраулардың ең  көрнекті өкілдері, жорық жыршылары  Тәтіқара мен Үмбетей жыраулардың  толғауларындағы ел бастаған  батырлардың ерліктері өлеңмен  өрілген шежіре деп қарауға  болады. Мысалы, Үмбетей жырау мен  Бұқар жыраудың Қанжығалы Бөгенбай  батыр туралы жырында Бөгенбайдың,  Қаракерей Қабанбай, Шақшақұлы Жәнібек,  Қаз дауысты Қазыбек, Қу дауысты  Құттыбай сынды батыр-билермен  бірге тізе қосып, жаудан қазақ  жерін азат еткендігі жырланады.

Жыраулар поэзиясындағы  діни тақырып

Жыраулар мұраларындағы мәселелердің бірі - иман. Иман діни философиядағы  ең күрделі, құдайға құлшылық жолындағы  қасиетті қажеттіліктердің бірі саналады. Иман шапағатын өзіне жүктеу барлық адам баласының қолынан келетін  іс.

Біздің ата-бабамыз бір Алланың  құлы, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбеті екенін мойындаған, ислам дінін берік ұстап, оның барлық қағидаларын орындауға пейіл берекесін салған.

Тіпті, ХY ғасырда ғұмыр кешкен Асан қайғыдан бастап, Шәкәрім Құдайбердіұлына  дейін бұл сарын бірде-бір рет  үзілмей жалғасып келген. Ел қамын  жеген Асан қайғы://«Мұнан соң қилы-қилы заман болар,/Заман азып, заң тозып  жаман болар./Қарағайдан шайыр кетер,/Ханнан күш, қарындастан қайыр кетер»//, мұндағы ақынның айтайын деген ойы, ішкі сыры түсінікті, өмірде тұрақты еш нәрсе жоқ, бәрі өтпелі, тек бір Алла ғана мәңгілік екенін білдіріп тұр.

Шалкиіз жырауды алайық. Ол - ислам  дінін ұстанған, оның тәңірісі көк емес, Алла екенін жырлаған. Төменде берілген оның толғауларынан үзінділер келтірейік: //«Тәңірінің үйі кебені/Ибраһим-Халил алла жасапты,/Ғазірейіл жан алмаға қасап-ты»// немесе, //«Әбсінде ғалым жидырып,/Ақ кітабын жайдырып...»//. Бізге бұл үзінділерден Шалкиіздің құранға, ислам дінің қағидаларына қаншалықты жетік болғаны мәлімсіз, алайда оның  сауаттылығы күмән туғызбайды. Ал, атақты жырау Қазтуған өзінің ерлік пен өрлікке, қажыр мен қайратқа толы жырларында Алланы естен шығармаған, оның құдіретін барынша сезінген, ол «Мадақ» жырында былай://«Бұлыт болған айды ашқан,/Мұнар болған күнді ашқан,/Мұсылманмен кәуірдің/Арасын бұзып өтіп дінді ашқан,/Сүйіншіұлы Қазтуған!»// - деп толғаған.  Бір ауыз сөзінің өзі жыраулардың дінді қаншалықты құрмет тұқаны жайлы мағлұмат береді. Жыраудың осы туындысына зер сала қарасақ, оның ислам жолында еш тайынбайтынын, өз діні үшін ғазиз өмірін де арнайтынын көреміз.

ХYІІІ ғасырда өмір сүрген Бұқар  жыраудың төмендегі толғауына көңіл аударайық://«Бірінші тілек тілеңіз,/Бір Аллаға жазбасқа./Екінші тілек тілеңіз,/Ер шұғыл пасық залымның,/Тіліне еріп азбасқа./Үшінші тілек тілеңіз,/Үшкілсіз көйлек кимеске./Төртінші тілек тілеңіз,/Төрде төсек тартып жатпасқа./Бесінші тілек тілеңіз,/Бес уақытта бес намаз,/Біреуі қаза болмасқа»// -деп ойлы жырау әріден қозғап жырласа, сіз де іштей жыраумен бірге жаратқан ие жалғыз Алладан жоғарыдағы тілекті тілейсіз. Кейбіреулердің айтқанындай, халқымыз аттың жалы, түйенің қомында арлы -берлі көшкенді ғана білмеген, елдігін, кісілігін, мұсылмандығын берік сақтаған, бұрынғы ата-бабамыздың иманы кәміл болған. Әйтпесе Бұқар жырау Құдайға құлшылық етіп, бес уақыт намаздың бірін де қаза қылмауын сұрар ма еді!? Жырау өмірдің өтпелілігін, бүгін алқып шалқып отырғандардың күні ертең-ақ, суы тартылған құдықтай құрғап қалатынын әр қырынан толғаған. Мысалы://«Айналасын жер тұтқан/Айды батпас демеңіз!?/Айнала ішсе таусылмас,/Көл суалмас демеңіз!?/Құрсағы құшақ байлардан,/Дәулет таймас демеңіз!?/Жарлыны жарлы демеңіз!?/Жарлы байға теңеліп,/Жайлауға жарыса көшпес демеңіз!?»//.

Сонымен бірге Бұқар жырау жырларынан байқағанымыз, ол көпке қызмет етуді, ел үшін игілікті іс атқаруды борышым деп санайтын сияқты. Енді Бұқардың ислам дініне көзқарасына тоқтала кетейік.//«Ей, айтушы, алланы айт,/ Тәңірім сөзі бұрқанды айт,/ Төрт шадияр Мұстафа,/ Мұсқап ашқан ғаламды айт, /Тәңірім салса аузыңа / Аты жақсы құдайды айт,/ Кәлима алла - құранды айт,/ Жан жолдасың иманды айт!»//. Бұл жолдардан жыраудың ислам дінінің жай-жапсарына қаншалықты қанық болғандығы көрінеді. Бұқар, сөз жоқ, діншіл. Оның атақты он бір тілегінің ең біріншісі - құдай қаламайтын іске аяқ баспау://«Бірінші тілек тілеңіз/Бір аллаға жазбасқа!»//.Және Бұқардың діншілдігі жай тақуалық емес. Ол «құдайдың - бір, пайғамбардың - хақ» екендігіне шын көңілімен сенген жан. Құдайға құлшылық етіп отыру парыз ғана емес, дінді берік ұстанған адамға Алланың рахматы көп екеніне сенген.Кешегі өткен жырауларымыздың қай-қайсысы да Алланы бір деп таныған, ел-жұртына адал қызмет істеуге, көптің көңілінен шығуға таңдайынан жар, маңдайынан терін төккен.

Толғаулардың өзекті қырларының бір  саласы ондағы діни-сопылық танымдардың  жырлануында жатыр. Жыраулар діни мектептерде  білім алған, діни сауатты адамдар болды. Сондықтан олардың мұраларында діни-ұғымдар мен сопылық бағыттар анық сезіліп тұрады. Олар тақуа да емес, діншіл де емес, діндәр болды. Жыраулардың барлығы дерлік ислам дінін қолдап, дінді халық арасындағы бірліктің сақталуына мұрындық еткені анық. Дін - абсолюттік шындық. Ал сопылық - ислам дінін көшпенді халық арасында кең уағыздауға құрылған ілімдердің негізі. Олай болса, қайбір жыраудың осы тақырыпқа орай арнаған жыр өрнектерінде сопылық ілімнің түйдек-түйдек көрініс алуы ислам дінін қазақ арасында уағыздауда әдебиеттің алар орнын анықтаса керек. Әсіресе, Алланы шексіз сүю, оның бар екеніне шек келтірмеу идеясы сопылық поэзияның негізгі лейтмотивіне айналса, ал жырау мұраларында бұл идея халықтық түсінікке сай жырланып отырған.

Мысалы, Бұқар жырауда://«Алла деген  ар болмас,/Ақтың жолы тар болмас»//. Дулат ақында://«Бір «Алладан басқаның,/Көпті қылған ғайыбы»//. Мұрат ақында: //«Тәуекел. Хақтың ісі бір Алладан,/Хаққа шет Алла десе болмайды адам»//.

Бұлардан бөлек Ақтамберді жырау да дін тақырыбын жырлаған:

Лә, иләһә иллала,

Мұхамед Расул Алла.

Дәлелін алды Құраннан,

Фазылың артық Құдайым,

Бір өзіңе жылаймын.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды 

Қорытындылар болсақ, XV – XVIII ғасырдағы ақын – жыраулар елді бірлікке, ынтымаққа, халайық – қауымды қайырым – мейірімге, елді, жерді, қорғауға шақырды. Халық мойнына түскен бар залал – зардапты, мұң – мұқтажды, ауыртпалықты көре, түсіне білген жыраулар халықпен бірге қайғыра да білді. Ел зары мен мұңын жырлап, халқымен бірге жасасты. Орыс отаршылдарының жымысқы әрекетін асқан көрегендікпен көре білген данагөй жыршыларымыз ел басшыларына уақытысында ескертіп, ақыл – кеңес беріп отырды. Түрлі жорықтарға ат салысып, ұрандатушы, рух беруші, әскери қолбасы ретінде де қатысып отырды. Осы хандық дәуірдегі кезеңде жасаған жыраулар өздерінің батыдығымен, қайсар да қайратты бейнелерімен, халық қамқоршылары, халық жақтаушылары ретінде мәңгіге бүгінгі және келешек ұрпаққа зор үлгі – өнеге көрсетіп кетті.

Сонымен бірге, жыраулар діннен хабардар, діни сауатты жандар болды. Олар бір  Жаратушының бар екенін және шексіз құдірет иесі екендігін өздерінің жырларынан танытты. Сондықтан да көшпенді халық дүние танымына негізделген әдебиет өкілдерінің мұралары күнделікті уағыз айтушы молдалардың сөзіне қарағанда анағұрлым жұғымды болғандығы сөзсіз. Олар халыққа Алланың асыл дінін уағыздап, иманға шақырды. Қай жырау болмасын, өз халқының ата дінінен айырылып қалмауын тілеп, діни жырлар шығарып отырды. Халық та осындай жырларға баса назар аударып, зер салды. Сонымен қатар адамгершілік, қанағат, әділет, қайырымдылық сияқты ислам философиясындағы терең ұғымдардың ақын-жыраулар поэзиясында кең жырлануы халық тарапынан қолдауға ие болды. Осы бағыттағы олардың әр сөзі құмған сіңген судай халық санасына жұтылып жатты.

 

  

 

 

 

 

    

 

 

  Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. "Әдебиет тарихы". М.Әуезов. "Ана тілі" баспасы, 1991 жыл.
  2. "Қазақ әдебиетінің тарихы". Ханғали Сүйінішәлиев. Алматы. "Санат" баспасы. 1997.
  3. "V ғасыр жырлайды". 1989. "Жазушы" баспасы. Алматы.
  4. "XV – XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті" М.Мағауин. (Монографиялық еңбек), Алматы, 2006.
  5. "Жауға шаптым ту байлап". М. Қозыбаев. Алматы, "Қазақстан" баспасы, 1994.
  6. "Ұлы арман": ("XV – XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы). К.Сейдехан. Алматы, "Рауан" баспасы, 1990.

Информация о работе Хандық дәуірдегі әдебиет және жыраулар поэзиясындағы діни тақырып (XV – XVIII ғасыр)