Ғылым және мифология

Автор: Пользователь скрыл имя, 02 Февраля 2013 в 11:20, реферат

Краткое описание

Ғылым – адамның табиғат пен қоғам туралы объективті білімін қалыптастыруға мүмкіндік беретін танымның ең жоғарғы пішімі, оның практикалық қызметінің бір саласы. Адамзат қоғамының дамуы барысында ғылым сол қоғамның маңызды әлеуметтік институтына және тікелей өндірістік күшіне айналды. Ғылымның басты мақсаты – ғылым заңдарының негізінде ашылып отырған болмыс құбылысы мен процесін болжау, түсіндіру және жүйелеп мазмұндап беру.

Оглавление

І. Кіріспе бөлім
ІІ. Негізгі бөлім
І. Тарау
2.1. Миф және мифология ұғымы, оның зерттелуі
2.2. Қазақ халқының мифологиясы мен оның өзіндік табиғаты
2.3. Қазақ мифологиясының тарихы және классификациясы
ІІ. Тарау
2.4. Ғылымның пайда болуы, негізгі даму кезеңдері
2.5. Ғылым үш топқа бөлінеді
2.6. Ғылымды зерттеу аспектілері
2.7. Ғылым динамикасы. Ғылымдағы дәстүрлер мен жаңалықтар
ІІІ. Қорытынды
ІV. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Файлы: 1 файл

Мож фило.doc

— 156.50 Кб (Скачать)

Қазақтың мифтері өзінің барлық компоненті жағынан жоғарыдағыдай  көне классикалық мифпен жақын. Онда сол архаикалық таза күйінде болмаса  да көне заманғы мифке тән мифтік сана, уақыт, мифологиялық ұғымдардың іздері айқын көрінеді. Қазақ мифінен мифтік сананың дамуындағы екі сатыны да, космос моделін де, ілкі атаның жасампаздығын да, адам мен табиғатты қарсы қоюдың да, аң мен құстардың мінез - құлқын түсіндіріп әңгімелеудің де көріністерін табуға болады. Бұл қазақ мифтерінің, қазақ мифологиясының өзіндік ерекшелігі, өзіндік универсализмі.

    Қазақ мифологиясының зерттелу тарихын шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңі – қазан төңкерісіне дейінгі кезең. Бұл кезеңде мифология негізінен этнография ғылымының аясында зерттеліп, олардың басым көбіне европоцентристік көзқарас тән болды; екінші кезең қазан төңкерісінен кейінгі уақытты қамтиды. Бірақ, зерттеу жұмыстарының белсендітүрде жүргізілген уақыты өткен ғасырдың 50-80-жылдары. Бұл уақыттағы зерттеулерге мифологияны лингвистикалық тұрғыдан қарастыру тән болды; ХХ ғасырдың 90-жылдары отандық ғылым қазақ мифологиясын ұлттық философия негіздерін жасау ауқымында сөз ете бастады. Оның танымдық жағына екпін жасалды.  Зерттеулер мәдениеттің ұлттық формалары шеңберінен шығып, жалпы теориялық, жалпы философиялық, жалпы адамзаттық мәнді мәселелерді көтерді.

Қазақ мәдениеттану тарихы мен тіл  білімінде, әдебиеттануда мифология  туралы деректердің іздері Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынов, Қ,Жұбанов, М.Әуезов, Ғ.Марғұлан, Е.Тұрсынов, Ғ.Қайдар, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, Н.Уәлиев, А.Сейдімбек, С.Қасқабасов т.б. ғалымдардың  еңбектерінде жалғасып жатыр. Олардың қазақ мифологиясы тарихына енгізген жаңалықтары мен үлестері аз емес.

Қазақ мифтерін зерттеу жұмысы соңғы  жылдары қолға алына бастады. Фольклортанушы С.Қасқабасов пен Н.Мыңжанұлының арнайы зерттеулерінде қазақ мифтері мен мифтік аңыздардың табиғаты, тақырыптық аясы, тарихи даму жолдары тұңғыш рет жүйеленді. Бұл орайда ғалымдар қазақ мифтерінің ежелгі Грек, Рим, Египет, Қытай т.б. мифологиясы сияқты бас-аяғы жинақталмаған, тұтас жүйеге түскен, құлдық қоғамдағы қарым-қатынас пен басқару жүйесіндегі өзгешеліктерге сәйкес өңделмеген сипатын тарихи тұрғыдан ашып берді. Мұның себебі байырғы түркі тайпаларының құлдық қоғамға дейінгі дәуірдің рухани келбетін толық бейнелейтіндігімен түсіндірілді.

    Қазақ мифологиялық  ғылыми зерттеу мектебін қалыптастыру  үшін үш кезеңді атап өтуге болады: бірінші кезең — ықтимал мифтік сипаты бар сөздер мен ұғымдарды, аңыздар мен басқа да фольклорлық материалдарды жинақтап, олардың негізінде алғашқы мифологиялық түсініктердің долбарлы бағыттарын, үлгілерін, тұрақты трафареттерін анықтау. Оны географиялық "рекогносцировка" — "алдын ала бажайлап-байыптау" деуге болады. Екінші кезең — қазақ мифологиясының ғылыми пән ретінде тарихи даму, өзгеру, қалыптасу жолдарын, негізгі зерттеу нысандарын, әдістемелерін, теориялық ережелері мен жөн-жосықтарын бір арнаға түсіру. Үшінші кезең — бастапқы ғылыми мифология пәнін рухани саланың мамандарының көмегімен (этнопсихолог, дін ғұламалары, философ, өнертанушы, мәдениеттанушы, социолог, тарихшы, этнограф, фольклоршы, т.б.) дамыған мифологиялық зерттеу мектептерімен (мәселен, европалық мектеппен) теңестіру. Қазақ мифологиясын зерттеуде сақталған жазба мұралар өте аз болғандықтан , басты назар қазақ тілі мен ауыз әдебиетіне аударылады.

    Ағылшын ғалымы Э.Б.Тейлор  мифтің мынандай түрлерін атап  көрсетеді: а) философиялық немесе түсіндірмелік мифтер; ә) нақтылы, бірақ бұрмаланған деректерге сүйенген мифтер; б) тарихи және аңыз тұлғалар туралы мифтер; в) фантастикалық және метафоралық мифтер; г) әлеуметтік-саяси және тұрмыстық мифтер.

    Типалогиялық сипатына  орай мифтерді: архаикалық немесе классикалық мифтер деп бөлуге болады. Қазақ мифтері ежелгі классикалық мифтер түріне өте жақын. Ежелгі классикалық мифтің мазмұны әлемнің (космостың) жаратылуы, алғашқы адамның дүниеге келуі мен оның жасампаздығы туралы болып келеді. Архаикалық мифтің кейінгі, адамзат қоғамы мен санасының ілгерленген кезеңіндегі мазмұны – адамды қоршаған ортаны, дүниенің пайда болу ерекшелігін, аңдар менжануарлардың мінез-құлқын түсіндіру. Бұл мифтік сананың кейінгі дамыған сатысы. Мұнда алғашқы қауым адамы өзін табиғаттан бөліп алып оған қарсы қоя бастайды.Табиғаттан маңайды қоршаған дүниеден, аңнан, құстан өзін ерекше екенін түсінген адам енді соның себебін іздеген. Сөйтіп ол өзі туралы, аңдар мен құстар туралы миф туғызған. Бұл кездегі миф бұрынғы ізбен, яғни ескі таным түсінікті пайдалана жасаған. Бірақ бұл уақыттағы миф түсіндірмелі сипатта болған, яғни олар түсіндірмелі мифтер тобына жатады.

    Қазақ мифтерінің тағы  бір ең байырғы түрлерінің  бірі – жан-жануарлардың, өсімдіктердің  қалай пайда болғандығы туралы  түрлері. Бұлардың дені адамдарға  да қатысты. Әсіресе, бір кездегі адамдардың жан-жануарларға, жәндіктерге, құстарға немесе олардың керісінше, адамға айналғандығы жайында мифтер өзінің қарабайырлығымен ғана емес, логикалық – құрылымдық жүйесінің де біртектестігімен де ерекшеленеді. Мифтің сананың алғашқы кезеңінде адамның жануарға не басқа заттарға айналуының себептері тіптен айтыла бермеген.

    Адам мен жануарларды  бөлмеу, адамды екі кейпті болады  деп түсіну ол замандағы миф  кейіпкерін жартылай адам, жартылай  жануар түрінде бейнелейді, зооантропоморфтық образ жасайды. Бұл, әсіресе, тотемдік мифтерде кең етек алған.

    Қазақ мифтерінің енді бір саласы адамдар, оның жаратылуы жайлы айтылатын антропогендік мифтер. Бұлар қоғамдық сананың едәуір биікке көтерілгенін айғақтайды. Себебі адамның өзі туралы, оның қайдан, қалай пайда болғандығы жайлы ойлау мифтік ой-сананың күрделене бастаған кезеңіне сәйкес.

    Эсхатологиялық мифтер (ақырзаман жайлы мифтер) деп аталатын әңгімелер қоғамдық сананың салыстырмалы түрде жоғары деңгейде көтерілген тұсына сәйкес. Ақырзаман болған жоқ бірақ болуы мүмкін. Миф логикасына байланысты, барша дүниенің қалыпты жағдайы бұзылған кезде ақырзаман орнамақ. Мифтерде жасампаздық үш түрлі әдіспен, яғн и үш түрлі іс-әрекетпен жүзеге асады: а) құбылушылықтан пайда болған заттар; ә) сапар, саяхат кезінде пайда болған дүние; б) ұрлау, алып қашу нәтижесінде дүниеге келген нәрселер.

    Үңгірге, жер астына  кіріп, тас болып қатып қалған  адам туралы миф қазақта кездеседі.  Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы  «Қоңыр әулие» деген үңгірде  адам кескіндес үлкен тасты  қатып қалған Қоңыр әулие деседі.

    Күннің, айдың, жұлдыздардың  пайда болуы туралы мифтер ең көне мифтер тобына жатады. Олар кейде солярлық, лунарлық, астральдық мифтер деп те аталады. Кейбір мифтерде олар адам ретінде суреттеледі, белгілі себептермен жерде тұрғанда аспанға көтеріліп кеткен, ал енді бірінде – күннің ғажайып бір жағдайлар әсер етеді.

    Алғашқы зерттеулер қазақтағы  кейбір мифтік тақырыптардың  маңызды екендігін көрсетеді.  Олар: а) аспандық мифология; ә)  атқа байланысты мифология; б)  ежелгі табиғаттың Құдай-аналары  мифі; в) шежірелік мифология;  г) күнтекті егіздер мифологиясы; д) дуалистік мифология;              е) тұрмыстық төменгі мифология – пері-нама, т.б. Бұл аталғандарға қазақта фальклорлық материалды толықтай зерттегеннен соң пікір айтуға болады. Ең бастысы қазақ тілі – мифтану үшін ең негізгі қайнар көзі болып табылады. 

 

    Ғылым дегеніміз не? Бұл сұраққа жауап берудің оңай еместігінің дәлелі ретінде оның қашан пайда болғандығы туралы пікірталастың әлі күнге толастамай отырғанын айтуға болады. Ғалымдардың бір тобы ғылым ежелгі дүниенің антикалық кезеңінде, яғни, осыдан 2,5 мың жыл бұрын пайда болды десе, енді бір ғалымдар нағыз ғылым тек Жаңа Дәуір кезеңінде, шамамен ХVІІІ-ғасырда қалыптасты деген пікірді ұстанады. Мұндай пікірталастың себебі, ғылымның күрделі және санқырлы құбылыс екендігінде. Ол бір жағынан алғанда білімдердің, теориялық қағидалар мен методтардың жүйесі, сонымен бірге қоғамдық сананың формасы, қоғамдағы дамудың рухани жемісі, қоғам дамуын басқару құралы, өндіргіш күші, күрделі информациялық жүйе және т.б. Осы әр түрлі салалардың мамандары ғылымға әр түрлі анықтамалар береді және олардың ешқайсысын да теріске шығаруға болмайды. Әртүрлі анықтамаларды қорыта келіп, ғылымның жалпы анықтамасын беретін болсақ, ғылым – табиғат, қоғам және адам туралы білімдер өндіруге бағытталған зерттеу қызмет саласы. 
    Ғылымның фунциялары. Ғылым күрделі әлеуметтік функциялар атқарады. Бұл функциялар ғылымның өзінің дамуымен бірге үнемі өзгеріп, толықтырылып және ғылымның дамуына өзіндік әсерін тигізіп отырады. Қазіргі ғылымның үш әлеуметтік функциясын атап көрсетуге болады: 1) мәдени-көзқарастық; 2) өндіргіш күштер функциясы; 3) әлеуметтік күштер функциясы.

    Ғылымның генезисі, қоғамдағы қызметі және дамуының қозғаушы күштері мәселесі бойынша интерналистік, экстерналистік және позитивистік концепциялар бар. Интернализм ғылымның пайда болуы мен дамуына философиялық ой тікелей әсер етті деп есептейді және қоғамның әлеуметтік-экономикалық, саяси құрылымы мен сол қоғамның ғылымының арасында ешқандай байланыс болуы мүмкін емес деген пікірді ұстанып, ғылымның ішкі факторларын абсолютке айналдырады. Экстернализм бұл концепцияға қарсы. Оның өкілдерінің пікірі бойынша, ғылымға сыртқы факторлардың әсері мықты. Позитивизм ғылым нақты, тәжірибеден өткен, дәлеледенген фактілерге сүйене отырып дами алады, абстрактылық ойлау мен метафизикалық түсініктер ғылым үшін пайдасыз. Ғылымның пайда болуына, эволюциясына, қоғамда атқаратын қызметіне жоғарыда аталған факторлардың бәрі де белгілі бір дәрежеде ықпалын тигізеді және ол әр дәуірде әр түрлі болуы мүмкін. Сондықтан оларды бір-біріне қарсы қойып немесе бір-бірінен бөліп алып, белгілі бір факторды абсолютке айналдыру дұрыс емес. Зерттеуші ғалымдар ғылымның даму кезеңдері туралы әр түрлі пікірлер айтады. Олардың бір тобы ғылым көне заманда қалыптасты десе, енді бір ғалымдар ғылым қоғамның ерекше саласы ретінде Жаңа Дәуірде пайда болды деп тұжырымдайды. Ғылымның даму кезеңдері туралы мейлінше дұрыс пікірді ұсынған қазіргі заманғы Ресей ғалымы В.В.Ильин. Ол ғылымның дамуын классикалық, классикалық емес және неоклассикалық емес деп жіктейді. Бұл жіктеуді ғылымның классикалыққа дейінгі кезеңімен толықтырған дұрыс. Себебі, классикалық ғылым кезеңіне дейін ғылым ұзақ уақытқа созылған «нағыз ғылымға» дейінгі қалыптасу кезеңінен өтті. 
Алғашқы қауымдық қоғам дамуының мыңжылдық практикасы ғылымды қалыптастыра алған жоқ. Білім күнделікті өмірдің қажеттіліктерін қанағаттандыруға ғана бағытталып, одан жоғары кетеріле алмады. Алғашқы қауымдық қоғамда өмір сүрген адамдар дүние туралы білім жинамады деуге болмайды, бірақ заттар туралы объективтік білім оларды субъективтік қабылдаумен тығыз байланысты еді, яғни, объективтік білім элементтері мен субъективтік сана арасында шекара болмады, табиғат құбылыстары адам және оның өмірімен байланысты түсіндірілді. 
Адам ойы таза теориялық білім деңгейіне көтерілуі үшін оның дәстүрлі практикалық бағытталғандығын бұзу қажет еді. Ескі сананы күйрету санаға тікелей әсер ету арқылы емес, сана бейнелеп отырған дүниені түбірімен қайта түсіну арқылы жүрді. Дүниеге деген жаңа көзқараста заттар адамға байланысты емес, объективті, заттар мен адам жеке-жеке, бір-біріне қатысты, бірақ тәуелсіз, нәрселер ретінде пайымдалды. Осындай ерекшелік көне гректерге тән еді. Ғылымды зерттеуші ғалымдардың бәрі дерлік ғылымның отаны көне Греция деп мойындайды. Гректер Египет пен Вавилон империяларында бірнеше жүзжылдықтарға созылған соғыстардан аман қалған, ұзақ уақыт ескерілмеген білімдерді қабылдап алды және жәй қабылдап қана қоймай, өздерінің ақыл-ойының, ойлау қабілетінің күштілігі арқасында өздерінің білімдерін қоса отырып жаңа дәрежеге көтерген, оларға абстрактылық және рациональдік сипат берген халық болды. 
Ғылым дамуының классикалық кезеңі ХVІ-ғасырдан басталды деуге болады. ХVІ-ғасыр – адам рухының қайта өркендеген кезеңі. Қалалардың көбеюі адамның сезімдері мен өмірлік құндылықтарының жаңа деңгейде дамуына оң әсерін тигізді. Университеттер пайда бола бастады, олар әлі күнге дейін ғылым ордасы болып есептеледі. Өркендеу дәуірінде елеулі ғылыми жаңалықтар дүниеге келді, осы кезеңде ғылым мен өнерді біріктірген ғұламалар өмір сүрді. Олардың бәрінің есімдерін және олар ашқан жаңалықтардың бәрін бірдей атап шығу мүмкін емес. Ең басты тұлғаларды ғана атасақ: Леонардо да Винчи (1452-1519) – ұлы суретші және қазіргі жаратылыстану ғылымының пионері; Николай Коперник (1473-1543) поляк астрономы, дүниенің гелиоцентристік жүйесін ашты; Джордано Бруно (1548-1600) – әлем біртұтас, шексіз, үнемі өзгеріп отыратын монадолардан тұрады деп тұжырымдады; Галилео Галилей (1564-1642) – Жер айналып отырады, дүниені математика, механика ғылымдарының, ақыл-ойдың көмегімен тануға болады деп пайымдады.

    Ғылымның дамуы  сайып келгенде ғана қоғамдық-тарихи  практиканың, өндірістік қажеттермен  анықталады. Бірақ оның дамуының  өз ішкі логикасы бар: ғылым өзінің ішкі қайшылықтарының негізінде дамиды, өйткені эксперименттің, тәжірибенің жаңа мәліметтері мен ескі теорияларының арасындағы қайшылықтарының нәтижесінде ғылымда жаңа проблемалар, гепотизалар туып отырады. Ал бұл соңғылар дүниенің бұрынғыдан тереңірек танып білу қажетін тудырады. Ғылым қоғамның бұған дейін қол жеткен біліміне суйене отырып қана дами алады. Мұнсыз қоғамдық прогресс жүзеге аспайды.

    Ғылымдағы негізгі революциялық жаңалықтар – атом бөлшектерінің ашылуы, атом бомбасының жасалуы, космосты игеру, ғылым жетістіктерінің өндіріс саласына көптеп енгізілуі немесе ғылымның өндіргіш күш ретінде қарқынды дамуы, электроника және кибернетика салалары жетістіктерінің адамның өмір сүруін жеңілдету үшін қолданылуы, яғни, ғылымның адамның күнделікті тұрмысында кең орын алуы.

    Бұл классикалық кезең Галилей мен Пуанкареге дейінгі ХVІ-ХХ ғасырларды қамтиды.

    Тұтас ғылым  жүйесін құрайтын ғылыми пәндерді  шартты түрде жаратылыстану, әлеуметтік  және техникалық ғылым деп  үлкен үш топқа бөлуге болады. Бұлардың арасында қатаң шекара жоқ, бірқатар ғылыми пәндер аралық жағдайда қалыптасқан. Мысалы, техникалық ғылым мен әлеуметтік ғылымның түйіскен жерінде – техникалық эстетика, жаратылыстану ғылымы мен техникалық ғылымының түйіскен жерінде – астроботаника, ал жаратылыстану ғылымы мен әлеуметтік ғылымның түйіскен жерінде экономикалық ғылымдар қалыптасқан. Ғылымның ерекше маңызды рөл атқаратын салалары – математика, ақпараттану және басқару теориясы болып табылады. Ғылымның белгілі бір саласында дәстүрлі зерттеулер жүргізілуімен қатар, пәнаралық, кешенді зерттеулер жүргізу қазіргі ғылымның ерекше даму бағыты болып табылады. Мысалы, табиғатты қорғау мәселелерін зерттеуде осы бағыттың маңызы айқын болып отыр. Мұнда биология мен техникалық ғылымдар, жер туралы ғылым мен медицина, экономика мен социология түйісіп, мәселені бірге зерттеуде. Өзінің алған бағыты, тікелей өмірге қатынасына байланысты ғылымды іргелі және қолданбалы деп бөлу дәстүрі қалыптасқан. Іргелі ғылым саласының міндеті қоғамды, дүниені, табиғатты түсіндіретін заңдарды тану. Бұл заңдар мен құрылымдар «таза күйінде» зерттеледі, оларды тікелей пайдалану мүмкіншілігі шартты емес. Қолданбалы ғылымның тікелей мақсаты – іргелі ғылымның ашқан жаңалықтарын танымдық, әлеуметтік-практикалық мәселелерді шешуге қолдану болып табылады. Яғни оның міндеті – ақиқатты тану ғана емес, әлеуметтік сұранысты қанағаттандыру. Қолданбалы ғылым теориялық та, практикалық та бағытта дамуы мүмкін. Мысалы, қазіргі физикада электрдинамика мен кванттық механика іргелі ғылым саласы, ал осыған қосымша нақтылы пәндік саланы тану үшін теориялық қолданбалы физиканың түрлі салалары (металл физикасы, шалаөткізгіштер физикасы, т.б.) қалыптасқан. Ал олардың нәтижесін одан әрі практикада қолдану үшін, әр түрлі практикалық қолданбалы ғылым (металтану, шалаөткізгіш технологиясы, т.б.) пайда болды, бұлар тікелей өндіріспен байланысты қалыптасқан. Барлық техникалық ғылымдар қолданбалы ғылым саласына жатады. Қазақстанда ғылымды ұйымдастыру алғашқыда әр түрлі ғылыми-зерттеу мекемелерінде және бірқатар жоғары оқу орындарында шашыраңқы күйде жүргізілді. 1945 ж. Қазақстан Ғылым академиясы құрылғаннан кейін, ғылыми-зерттеу институттарының бірыңғай тұтас жүйесі қалыптасты. Ғылым академиясы құрылғаннан бергі уақытта онда үлкен зерттеу жұмыстары жүргізіліп, өндіріске құнды жаңалықтар енгізілуде.                                                                  Ғылымды   зерттеу аспектілері. Ғылым философиясы. Ғылымды философиялық тұрғыдан зерттеу аса маңызды және ол ғылым мен ғылыми қызметті зерттейтін басқа пәндердің арасында ерекше, басты орын алады. Ғылымды зерттеудің әр түрлі жеке методтары мен арнайы ғылымтану пәндері қаншалықты профессивті және өзекті болғанымен, олар ғылымды философиялық тұрғыдан зерттеудің орнын баса алмайды. Философия ғылымды қоғамдық сананың белгілі бір формасы және адамның дүниеге көзқарасын анықтаушы теориялық сана ретінде, қоршаған ортаға қатынастың типі ретінде сараптайды.

    Ғылым социологиясы. Ғылымды идеяның дамуы, танымдық жүйе деп қарастырумен шектелмей, оны қоғамдық өндірістің түрі, әлеуметтік жүйе ретінде түсіну ғылым социологиясының пәнін анықтайды. Ғылым со-циологиясы ғылымдағы қоғамдық қатынастар және ғылым мен қоғам 
арасындағы қатынастар жүйесін зерттейді. Ғылымды социологиялық танып-білу үш саланы қамтиды: 1) ғылыми қызметтің ішкі құрылымы немесе әлеуметтік институт ретіндегі ғылыми қызмет шеңберіндегі қоғамдық қатынастар; 2) ғылым және қоғам, ғылым мен қоғамның басқа компоненттері арасындағы өзара қатынас және өзара байланыс; 3) ғылымдағы адам. 
Ғылым психологиясы ХХ-гасырда қарқындап дамыды. Бұл құбылыс кіші ғылымдардан үлкен ғылымдарга көшумен, ғылыми-ізденіс жұмысында ұжымдық принципінің басым бола бастауымен, ғылыми іс-қызметті күшейтудің факторларын ашуға ұмтылумен тығыз байланысты. Қазіргі ғылым ерекше шығармашылық және әлеуметтік жүйе, сондықтан психологиялық факторлардың ғылыми процестің дамуын жеңілдетуге немесе бәсеңдетуге тигізетін әсері мол.

     Ғылым психологиясы ғалымның білім өндірісінде маңызды рөл атқаратын елестету, шабыттану, интуицим негіздеу және басқа психологиялық қасиеттерін-объектілерін зерттейді. Сонымен қатар, ғылым психологиясы индивидуальдік-шығармашылық құбылыстармен шектелмей, ғылыми ұжымдағы тұлғааралық қатынастардың ғылым процесіне, ғалымдардың интеллектуалдық қызметіне әсері зерттеу объектісі ретінде қарастырады. Ғылым психологиясы қазіргі кезеңде ғылымды зерттеудің маңызды саласына айналып отыр.   

     Ғылым этикасы ғылым дамуының заңдылықтарын, практиканы және ғылымның сапасын көтеруге бағытталған ғылымды басқаруды қажеттіліктерінен туындайды. Моральдық-этикалық факторлар ғалымның ізденістік қызметінің маңызды жағы. Ғылымның өмір сүруінің өзі 
ғылыми тазалық, әділдік, принципшілдік, ақиқат үшін күрес секілді моральдік қасиеттерсіз мүмкін емес. Ғылымдағы этикалық аспектілер санқырлы және олар әр түрлі деңгейлерде әр түрлі көрінеді. Мысалға ғалымның өзіне дейінгі ғалымдарға, олардың шығармашылығына, өзінің әріптестеріне, өзінің жолын қуушы шәкірттеріне деген этикалық-моральдық қатынасы. Тұлғааралық қатынастардың этикалық аспектілері ұжымдық 
шығармашылық жағдайында айқындала түседі. Бұл қатынастар шынайы, адал, әділетті, үлкенге құрмет, кішіге ізет принциптері негізінде құрылған болса, көреалмаушылық, дөрекілік, мансапқорлық сияқты жағымсыз қасиеттерге жол берілмесе – ғылыми ұжымдағы хал-ахуал да жақсы болып, ғылыми ізденісте жаңа табыстарға қол жеткізу мүмкіндіктері көбейе түспек. Ғалымға қажетті моральдық қасиеттердің негізгілері туралы айтатын болсақ, олар: ғылыми ақиқатты қорғау жолында аянбау, азаматтық батылдық, адамгершіліктік тазалық, адалдық, шыншылдық, жауапкершілік және тағы басқалары. 
   

Информация о работе Ғылым және мифология