Қазақстанға
Кеңестік қуғын-сүргін саясатының нәтижесінде
жер аударылған Қырым, Кавказ және Еділ
бойы халықтарына күштеп көшірудің
түрлі әдістері, депортация себептері
Т. Омарбековтың зерттеулерінде жан-жақты
талданып, дәйекті мәліметтермен дәлелденген
[11]. Депортацияға ұшырап, Жетісу жерінде
тұрақтанып қалған корей ұлты өкілдерінің
халық шаруашылығына, өлкенің мәдени дамуына
қосқан өзіндік үлестері Г.В. Кан, Г. Хан,
Г.Н. Ким және Д. Мен еңбектерінде көрсетілген.
Алматы
агломерациясындағы халықтың санын, көші-қон
мәселелерді, оралмандардың қоныстануын,
т.б. талдауда М.Б. Тәтімовтің еңбектерін
басшылыққа алдық. Ғалымның еңбектерінде
отандық тарихи демографияның өзекті
мәселелері жан-жақты зерттелген. Республикаға
танымал ғалым, демограф М. Тәтімов ұлттық
урбандалудың демографиялық ахуалға әсерін
және оның ұтымды тұстарын қарастырып,
арнайы зерттеу жүргізді. Бұл еңбегінде
автор республикадағы урбандалу процесін
сөз ете отырып, Алматы қаласының әлеуметтік-демографиялық
жетістіктеріне тоқталады, оның бірқатар
шешімін табуға тиісті мәселелерін атап
көрсетеді [12].
Алматы
агломерациясындағы тұрғындар динамикасын
қарастыруда Т.Ж.
Жұмасұлтановтың салиқалы зерттеуі
елеулі рөл атқарды . Автор өзінің еңбегінде
тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі республика
халқының санын, оның әртүрлі аймақтарда
қоныстануын көптеген статистикалық мәліметтерді
пайдаланып, қорытып, талдай отырып дәйекті
түрде баяндаған.
М.А. Акынжановтың республикадағы ұлтаралық
қатынастардың даму мәселесіне арналған
зерттеулерінен Алматы мегаполисіндегі
тұрғындардың этникалық динамикасын
салыстырмалы түрде көрсетуге пайдаландық
[13]. Ғалымдар Н.В. Алексеенко және А.Н.
Алексеенконың 1897-1997 ж.ж. аралығындағы
еліміздегі демографиялық өзгерістерін
зерттеген бірқатар еңбектері Қазақстанның
қала халқының демографиялық даму тарихын
зерттеуде маңызды болып саналады
[14]. Республикадағы халықтардың әлеуметтік-демографиялық
даму тарихына арналған бірқатар диссертациялар
қорғалды. Атап айтқанда, Н.З. Тәкіжбаеваның
«Изменение социальной и национальной
структуры сельского населения Казахстана
(1946-1992 г.г.)», С. Айымбетовтың
«1926-1939 жылдар аралығындағы Қазақстан
халқының этнодемографиялық және әлеуметтік
құрамындағы өзгерістер»,
Қ.К Қожаханованың «Қазақстанға жер аударған
халықтар және олардың Республиканың
халық шаруашылығын қалпына келтіріп,
дамытуға қосқан үлесі (1946-1960 жылдар)»,
А.И. Құдайбергенованың «Қазақстан халқының
әлеуметтік және ұлттық құрамындағы өзгерістер
(1939-1959 ж.ж.)» атты жұмыстарды атап өтуге
болады. А.И. Құдайбергенованың зерттеу
жұмысында 1939-1959 ж.ж. аралығындағы республикадағы
этнодемографиялық процестер, халықтың
жастық, жыныстық, ұлттық және әлеуметтік
құрамындағы өзгерістер тарихы қарастырылған.
Зерттеуде қазақ даласындағы көпұлттылықты
қалыптастырған көші-қон процестерінің
табиғаты ашылған.
Жеке аймақтың этнодемографиялық
жағдайы, халық санының өсу
динамикасы Қазақстан халқының
қалыптасуы мен дамуына тигізетін
әсері сөзсіз, сондықтан М.Н. Сдықовтың
«Изменения национального и социального
состава населения Западного Казахстана
(конец XIX в.-1989 г.)» докторлық диссертациясының
орны ерекше. Үлкен экономикалық аймақтың
даму тарихы мұрағаттық құжаттар мен статистикалық
халық санағының материалдары, өзге де
демографиялық дәйектер арқылы жан-жақты
қаралған. Шығыс Қазақстан халқы туралы
статистикалық мәліметтер беретін Н.В.
Алексеенконың еңбектері, О.Д. Табылдиеваның
XX ғасырдағы Маңғыстау халқының тарихы,
Солтүстік Қазақстан аймағындағы халқының
динамикасы туралы Ә.А. Какенованың еңбектерінде
талданды. Еліміздің басқа аймақтарына
арналған ғылыми зерттеулердің ішінде
Г.К. Қадырқұлованың «Население Семиречья
в 1867-1926 г.г. (историко-демографические
аспекты)» және М.К. Төлекованың «Жетісу
өңірі халқының әлеуметтік-демографиялық
дамуы (1897-1999 ж.ж.)» атты еңбектерін атап
өтуге болады [15]. Зерттеу жұмыстарында
Жетісу өңірінің этнодемографиялық жағдайы
мұқият қарастырылып, кешенді түрде талданған.
Бірақ Алматы агломерациясындағы этнодемографиялық
және миграциялық өзгерістер арнайы зерттеу
нысаны болмаған. Осы өңірдің Қазақстандағы
өзге аймақтары сияқты әлеуметтік-экономикалық
дамуындағы ерекшеліктері мол. Бұл еліміздегі
полиэтникалық, поликонфессиялық аймақтардың
бірі болғанын ұмытпауымыз керек. Өңірдің
этнодемографиялық жағдайы қоғамның даму
кезеңіне қатысты үнемі өзгеріп отырды.
Осыған орай халықтың саны, этникалық
құрамы, жынысы мен жасы және білім деңгейі
қалыпты өзгеріп отырды. Ол саяси, экономикалық
және әлеуметтік жағдайларына байланысты
өзгеріп отырды. Бұл аймақтың этнодемографиялық
құрылымына қомақты әсер еткен көп факторлардың
бірі - әр түрлі ұлттардың көші-қоны. Жетісу
өңірін мекендеген халықтар үнемі қозғалыста
болды, яғни халықтың табиғи және механикалық
жолмен өсуі тоқтамай, қарқынды жүргізілді.
Ол осы жердің табиғи жағдайының ел қоныстануы
үшін өте қолайлы болуынан туындайды.
Алматы қаласы тұрғындарының этнодемографиялық
және этномиграциялық хал-ахуалын
айқындауда аталмыш зерттеулер
елеулі түрде септеседі.
Осылайша,
тақырыптың зерттелу деңгейін талдаудан
Алматы агломерациясының әлеуметтік-экономикалық
және этнодемографиялық мәселелерінің
тарихи тұрғыда зерделенбегені анық байқалады.
Осыған орай біз таңдап алған тақырыптың
отандық тарихнамада бұрын-соңды зерттелмеген
өзекті, жеке талдауды қажет ететін мәселелердің
бірінен саналатынын атап көрсетеміз.
Сондықтан диссертациялық жұмыс 1991-2007
ж.ж. аралығындағы Алматы агломерациясының
тарихи, әлеуметтік-экономикалық және
этнодемографиялық, этномиграциялық процестерін
зерттеуге арналады.
Зерттеудің
мақсаты мен міндеттері.
Зерттеу жұмысының мақсаты 1991-2007 жылдар
аралығындағы Алматы агломерациясының
әлеуметтік-экономикалық және демографиялық
дамуын жан-жақты әрі кешенді зерттеу.
Осындай мақсатқа қол жеткізуде мынадай
міндеттер қойылады:
-
Алматы агломерациясының пайда
болуы мен дамуын, маңызын айқындау;
-
Агломерация халқының этнодемографиялық
дамуы мен миграциялық процестердегі
ерекшеліктерін айқындау.
-
Қала маңына қоныстанудың этнодемографиялық
ерекшеліктерін анықтау;
-
Агломерацияның әлеуметтік-экономикалық
дамуын талдау;
-
Қала мен қала маңындағы
этномиграциялық үрдістерді ашу;
-
Қарастырылып отырған аумақтағы
этнодемографиялық үрдістердің
динамикасына оралмандардың әсерін
көрсету;
-
Агломерациядағы маятниктік миграцияның
ерекшеліктері мен оның әлеуметтік –
экономикалық процестерге ықпалын қарастыру.
Зерттеу жұмысының
деректік негізі.
1989, 1999 ж.ж. халық санақтарының материалдары
мен мұрағат құжаттары, статистикалық
мәліметтер, мерзімді басылым материалдары
құрайды. Зерттеу жұмысында пайдаланылған
деректерді мұрағат құжаттары, статистикалық
материалдар және анықтамалар, мерзімді
басылым материалдары деп үш топқа бөлуге
болады.
Бірінші топқа Қазақстан Республикасы
Орталық Мемлекеттік және Алматы
облыстық, Алматы қаласының, Қарасай,
Іле, Талғар аудандары әкімшіліктерінің
ағымдағы мұрағаттарының қорларындағы
құжаттар жатады.
Зерттеу
тақырыбына қатысты әр түрлі материалдар
Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік
Мұрағатының 3 «Областное правление Оренбургскими
киргизами Министерства Внутренних дел.»,
39 «Воисковое правление Семиреченского
казачьего войска.Омского военного округа
(1854-1918.) г. Верный, 48 «Верненская городская
управа» қорларында жинақталған. Мұрағат
құжаттарының басым бөлігін Алматы Облыстық
Мемлекеттік Мұрағатының 685 «Алматинский
областной Совет народных депутатов и
его исполнительный комитет 07.10.77-12.02.92,
с 12.02.92. Алматинский областной маслихат»,
972, 389, 1078 «Алматинский областной маслихат»,
350 «Семиреченский областной революционный
комитет 1918-1923 гг.», 448-қор «Управление
сельского хозяйства исполнительного
комитета Алма-Атинского областного Совета
депутатов трудящихся. 1932-1996 гг.» қорларындағы
және оның Ұзынағаш, Талғар, Қапшағай филиалдарының
193 «Аппарат акима Карасайского района»,
210 «Аппарат акима Илийского района», 18
«Талгарская районная администрация»
қорларындағы материалдар құрады. Сонымен
қатар Алматы қаласының Мемлекеттік Мұрағатының
174 қорында «Алматинский городской совет
народных депутатов и его исполнительный
комитет. Горсовет и его исполком»., Қарасай,
Талғар, Іле ауданы әкімшіліктерінің ағымдағы
мұрағаттарында тақырыптың мазмұнын ашуға
байланысты көптеген материалдар жинақталған.
Бұл құжаттар мен материалдарда Алматы
агломерациясының экономикалық жағдайы,
әлеуметтік құрылымы, тұрғындарының динамикасы
көші-қон үрдістері, миграциялық процестерге
қатысқан этникалық топтар, оралмандар,
т.б. туралы құнды мәліметтер жазылған.
Осы тұрғыдан алғанда агломерацияға кіретін
аудан әкімшіліктерінің ағымдағы мұрағаттарындағы
құжаттар аса маңызды болып табылды.
Деректердің
екінші тобын Қазақстанның статистикалық
және демографиялық жинақтар құрады.
Бұл жинақтарда Алматы қаласы тұрғындарының
саны, табиғи өсімі, көші-қоны жөнінде
бірқатар қажетті мәліметтер орын алған.
Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық
дамуы жайында ақпаратты бойына сақтаған
статистикалық жинақта агломерацияның
шаруашылық жағдайына байланысты деректер
алынды. Қалалық агломерацияға кіретін
аудандардың 1996-2007 ж.ж. әлеуметтік-экономикалық
паспорты деп аталатын статистикалық
топтамалар зерттеу тақырыбы бойынша
бағалы дерек көздері болып табылады.
Өзіміз шартты түрде жіктеген
деректердің үшінші тобына мерзімді
басылым материалдары енді. Солардың
ішінде «Жетісу», «Заман жаршысы»,
«Талғар», «Іле таңы» тәрізді қалалық
агломерация аумағындағы аудандардың
қоғамдық-саяси газеттері біз зерттеп
отырған мәселе төңірегінде бірқатар
мәліметтерді жариялап отырған. Бұлардан
өзге «Егемен Қазақстан», «Казахстанская
правда», «Мегаполис», «Алматы ақшамы»,
«Вечерняя Алматы» басылымдарының беттерінде
бірлі-жарым мақалалар, қажетті мәліметтер
көрініс тапқан.
«Ведомости
Парламента Республики Казахстан», «Собрание
актов Президента Республики Казахстан
и Правительства Республики Казахстан»
атты құжаттық сипаттағы мерзімді басылымдар
да Алматы агломерациясына тарихи талдау
жасауға дерек көздері ретіне септігін
тигізді.
Зерттеудің территориялық
шеңбері. Алматы қаласы мен оның төңірегіндегі
елді мекендер тобының жүйесін қамтиды.
Басты қаласы - Алматы. Алматы агломерациясының
территориясына шартты түрде оңтүстігінде
Іле Алатауымен, солтүстік-батысында Қаскелең
өзенінің сол жағасымен, Сорбұлақ көлі
және Қарой үстіртімен, солтүстігінде
Қапшағай бөгенінің сол жағасымен шектесетін
Алматы қаласы мен Алматы облысының Талғар,
Іле, Қарасай аудандарының әкімшілік территориялары
кіреді. Алматы агломерациясы шамамен
20, 34 мың шақырым аумақты қамтиды.
Зерттеудің
мерзімдік шеңбері.
1991-2007 жылдар аралығын қамтиды, яғни тәуелсіз
Қазақстан кезеңіндегі Алматы агломерациясы
аумағындағы әлеуметтік-экономикалық
және этнодемографиялық, миграциялық
процестер зерттеледі.
Зерттеу
жұмысының теориялық-методологиялық
негіздері. Тақырыптың мазмұнын ғылыми
тұрғыда ашып көрсетуде қалалық агломерацияның
теориялық мәселелерін қарастырған еңбектер
басшылыққа алынды. Алматы агломерацияның
көрсетілген кезеңдегі даму бағыттарын,
этнодемографиялық, этномиграциялық үрдістерін
айқындауда ғылымның тарихилық, шынайылылық
тәрізді жалпы әдістемелік принциптері
пайдаланылды. Зерттеуде ғылыми айналымға
түскен деректерді талдауда жүйелеу, салыстыру,
қорыту, т.б. әдістері қолданылды. Диссертациялық
жұмыс тарих ғылымындағы зерттеудің диалектикалық-материалистік,
жүйелілік-құрылымдық, салыстырмалы-тарихи,
сабақтастық, теория мен тәжірибенің
бірлігі, тәрбиелілік талаптарға сәйкес
жүргізілді.
Зерттеу жұмысында методологиялық
негіз ретінде мәселені өркениеттілік
құндылықтар тұрғысынан пайымдау көзделді.
Сондай-ақ зерттеудің статистикалық және
математикалық-статистикалық әдістері
кеңінен қолданылды.
Зерттеу
жұмысының ғылыми
жаңалығы. Мұрағат құжаттары мен статистикалық,
мерзімді басылым материалдары негізінде
Алматы агломерациясының әлеуметтік-экономикалық
және демографиялық дамуын зерттеудің
тарихи тұрғыда отандық тарих ғылымында
тұнғыш рет арнайы диссертациялық деңгейде
жүзеге асырылуымен анықталады. Ғылыми
жаңалықтың негізі көптеген жаңа деректер,
мұрағат материалдары болды. Зерттеуде
алынған жаңалықты мына төмендегідей
етіп топтауға болады:
- Алматы агломерациясының
даму тарихына қатысты тың мұрағат құжаттары
талданып, статистикалық, мерзімді басылым
материалдары тұңғыш рет ғылыми айналымға
енгізілді;
- Алматы агломерациясының
қалыптасу және даму тарихы, маңызы және
болашағы алғаш рет дербес мәселе ретінде
көтеріліп, ғылыми тұрғыда қарастырылды;
- Қала мен
қала маңының әлеуметтік-экономикалық
дамуы тың деректер негізінде тарихилық
принцип тұрғысында зерттелді;
- Қалалық агломерацияның
этнодемографиялық және этномиграциялық
үрдістерінің соңы деректер арқылы дәйектелді.
- Қала маңына
қоныстанудың этнодемографиялық ерекшеліктері
ағымдағы мұрағат және статистикалық
мәліметтердің көмегімен айқындалды;
- Алматы агломерациясындағы
этнодемографиялық динамикасына оралмандардың
әсері ұлттық көзқарас тұрғысынан сипатталды;
- Агломерациядағы
маятниктік миграцияның ерекшеліктері
және оның әлеуметтік-экономикалық процестерге
ықпалы салыстырмалы талдаулар негізінде
баяндалды.
Қорғауға
ұсынылған негізгі
тұжырымдар:
- Алматы агломерациясының
қалыптасуы ұзақ уақыттарға созылған
урбандалу процесіне байланысты пайда
болып, дамып келеді. Оның қазіргі кезеңдегі
әлеуметтік-экономикалық, мәдени жағдайы
жалпы агломерацияның талаптарына сәйкес
келеді. Шамамен 20,34 мың шақырым аумақты
қамтитын, ал Алматы агломерациясы
халқы 2 миллионнан асады. Осы тұрғыдан
келгенде Алматы агломерациясының болашағы
зор әрі айқын. Оны келешекте жетілдіріп,
дамытудың мынадай факторлары бар: бай
табиғи ресурстары; тиімді демографиялық
жағдайы; байланыс жүйелері мен көлік
жолдарының жетілдіруі; экономикасының
дамуы; республикадағы саяси тұрақтылық.
- Қалалық
агломерацияда барлығы 446725 адам өмір сүреді.
Солардың 243961-і қазақтар- 54,6 %-ы, 115298-і орыс,
22458- ұйғыр, 5365-і күрд, 15036-ы түрік, 3421-і әзірбайжан,
3090-ы украиндар, 2688-і неміс, 2357-і татар,
2070-ы кәріс ұлтының өкілдері болып табылады.
Аталған ұлт өкілдері ислам, православие,
протестанттық, католиктік, т.б. діни конфессияларды
ұстанады. Агломерациядағы тұрғындардың
этникалық құрамы күрделі, демографиялық
жағдайы республикадағы ахуалмен
салыстырғанда анағұрлым жағымды әрі
даму үстінде. Дегенмен орталық қаланың
маңындағы этникалық, конфессиялық және
демографиялық процестер үнемі өзгеріп
отырды. Ірі қала маңына тартылу үрдісі
әлеуметтік-экономикалық жағдайға, халықтың
тұрмыс-тіршілігінен туындайтын қажеттілік
болғандықтан бұл процесс үнемі жүреді.
Сондықтан да агломерациядағы халықтың
орналасу тығыздығы, саны өзге өңірлермен
салыстырғанда жоғары. Сондай-ақ өмір
сүруге, шаруашылық жүргізуге қолайлы
қала маңына шоғырланған тұрғындардың
басым көпшілігі мекен-жайларын өзгертпеуге
мүдделі.
- Агломерацияның
әлеуметтік-экономикалық дамуы орталық
Алматы қаласымен өзара тығыз байланысты
жүреді. Агломерацияның өзіндік ішкі заңдылықтарына
сәйкес орталық үнемі қала маңына орналасқан
елді мекендерге ықпалын тигізіп, тек
шаруашылық жүргізу дәстүріне ғана емес
әлеуметтік - мәдени жағдайына, тіпті күнделікті
тұрмыс-салтына тікелей әсер етеді. Қалалық
агломерацияда, соның Алматы қаласында
23652 кәсіп орындары, 22373 шағын, 1771 орта кәсіпшіліктер,
208 ірі өндіріс орындары шоғырланған. Ал
қала маңында барлығы 1859 шағын кәсіпкерлік
тіркелген, оларда 18200 адам жұмыс істейді.
Сонымен қатар 131 шаруа қожалықтары мал
өсірумен шұғылданады. Қала маңы қаланы
жұмысшылармен қамтамасыз етсе, қала -
қала маңына қажетті мамандарды қалыптастырады.
Қаланы азық-түлікпен жабдықтап,
ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен
айналысады. Сондай-ақ, орталық қаланың
экономикалық, әлеуметтік- мәдени мүмкіндіктерін
пайдаланады.
- Алматы агломерациясындағы
этномиграциялық үрдістер 1991-2007 ж.ж. аралығында
көшіп-қонушылардың материалдық және
рухани талап- тілектерінің өсуіне байланысты
жиіледі. Мұндағы аталмыш процестер Қазақстанның
саяси, әлеуметтік және экономикалық жағдайына
байланысты жүрді. Кеңес Одағының ыдырап,
республиканың тәуелсіздік алуы бір жағынан
алыс және жақын шет елдерге аттанған
диаспоралар өкілдерін көбейтсе, екінші
жағынан әлемнің 40-тан астам елдеріне
тараған қазақтардың атамекенге оралуына
жол ашты. 1990 ж.ж. орта кезіне дейінгі терең
экономикалық дағдарыс мигранттардың
көбеюіне ықпал етті. Республикадағы саяси
және экономикалық тұрақтылық сыртқы
миграцияны бәсеңдетіп, көшіп кетушілерді
көбейтті. Ал күшейіп келе жатқан урбандалу
процесі ішкі миграцияда тұрғындардың
Алматы қаласы мен оның маңына шоғырлануға
игі әсерін тигізді.
- Алматы агломерациясына
1991-2007 ж.ж. аралығында 87260 оралман көшіп
келген. Қалалық агломерациядағы оралмандар
легі жыл өткен сайын көбеюде, соның
салдарынан олар қала маңына жиі қоныстануда.
Алматы агломерациясында оралмандардың
басым көпшілігі Қарасай ауданында қоныс
тепкен. Оралмандар агломерациядағы әлеуметтік-экономикалық,
мәдени өмірдің барлық салаларына белсене
қатысып, жергілікті тұрғындармен қоян-қолтық
араласып, оның көркеюіне өз үлестерін
қосуда.
- Кейінгі
жылдары агломерациядағы маятниктік миграциялардың
өрісі кеңейіп, оның әлеуметтік-экономикалық
дамуына тікелей ықпал етіп, қаланы еңбек
ресурстарымен үнемі толықтыруға көмегін
тигізуде. Маятниктік миграциялар урбандалу
үрдістерін ілгері жылжытып, халықтың
қоныстандырылуына әсер етеді. 1990 ж.ж.
соңынан бастап қалалық агломерациядағы
маятниктік миграциялар қарқынды түрде
өрістеді.