Мемлекет мекемелері мен органдарының жаза атқару жүйесі

Автор: Пользователь скрыл имя, 17 Октября 2012 в 10:44, реферат

Краткое описание

Қылмыспен күресу үрдісі әртүрлі бағытта өтеді: болжау, арнайы алдын алу жұмысын ұйымдастыру; жасалған қылмысты тергеу; жасалған қылмысты сотта қарау және жазаны белгілеу; сот үкімімен тағайындалған жазаны орындау. Көрсетілген қылмыспен күресудің арнайы шараларынын іске асыру мемлекеттің мекемелері мен органдарына жүктелген. Яғни, жазаны атқаруға байланысты белгілі бір мемлекеттік мекемелер мен органдар құрылады.

Файлы: 1 файл

5 Мемлекет мекемелері мен органдарының жаза атқару жүйесі.doc

— 68.50 Кб (Скачать)

    Мемлекет мекемелері мен органдарының  жаза атқару жүйесі

 

1.1 Жаза атқаратын мемлекет мекемелері мен органдарының түрлері және міндеттері

Қылмыспен күресу  үрдісі әртүрлі бағытта өтеді: болжау, арнайы алдын алу жұмысын ұйымдастыру; жасалған қылмысты тергеу; жасалған қылмысты сотта қарау және жазаны белгілеу; сот үкімімен тағайындалған жазаны орындау. Көрсетілген қылмыспен күресудің арнайы шараларынын іске асыру мемлекеттің  мекемелері мен органдарына жүктелген. Яғни, жазаны атқаруға байланысты белгілі бір мемлекеттік мекемелер мен органдар құрылады.

Үкімді орындау  туралы жарлықты сот немесе сот төрағасы үкімнің көшірмесімен қоса үкім орындау  міндеттелген мекемеге немесе органға  жібереді.

ҚР ҚАК 15-бабына сәйкес «Сотталушының жазасын өтеу орнына келгені туралы жазаны атқарушы мекеменің немесе органның әкімшілігі сотталушының қалауы бойынша жақын туыстарының не заңды өкілдерінің біріне 10 тәулік ішінде хабарлауға міңдетті».

Сотталғанның  пайдалы әлеуметтік байланыстарын  жоғалтпау кездесулерді уақытында  алып тұру мақсатында, жазаны атқарушы мекеменің немесе органның әкімшілігі сотталушының қалауы бойынша жақын туыстарының не заңды өкілдерінің біріне 10 тәулік ішінде хабарлауға міндетті. Әкімшілікпен жіберілген хабарламада сотталғанға қажет азық-түліктің және бірінші кезекте керек заттардың тізімі көрсетіледі. Заңды өкілі ретінде кәмелетке толмаған сотталғанның қамқоршысы және сотталғанның адвокаты бола алады.

Берілген  ереже сотталғанның өзі жазасының  өтеу орны туралы хабарды жөнелту  мүмкіншілігін жоққа шығармайды.

Жазаның түрлеріне  байланысты оны орындаушы мекемелер  мен органдарда әр түрлі болады.

Айыппұл және мүлікті тәркілеу жазасын үкім шығарған сот, сондай-ақ мүліктің орналасқан жері бойынша және сотталушының жұмыс  орны бойынша сот атқарады (ҚР ҚАК-нің 14-бабы1-тармағы).

Белгілі бір  лауазымда болу немесе белгілі бір  қызметпен айналысу құқығынан айыруды  сотталушының тұрғылықты жері бойынша  қылмыстық-атқару инспекциясы, түзеу  мекемесі жүзеге асырады. Белгілі бір  лауазымда болу немесе белгілі бір  қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімінің талаптарын сотталушының жұмыс орны бойынша ұйымның әкімшілігі,  сондай-ақ лицензиатты жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығына берілген лицензиясынан айыруға Қазақстан Респуликасының заңдарына сәйкес құқықты органдар атқарады (ҚР ҚАК-нің 14-бабы 2-тармағы).

Құрметті, әскери, арнайы немесе өзге де атақтардан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден  және біліктілік сыныбынан айыру  туралы жазаны осы атақтарды берген лауазымды тұлға атқарады (ҚР ҚАК-нің 14-б.3-т.).

Қоғамдық  жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары,  бас бостандығын шектеу түріндегі  жазаларды сотталған адамның  тұрғылықты жері бойынша қылмыстық-атқару инспекциялары атқарады (ҚР ҚАК-нің 14-б.4-т.).

Қамау, бас  бостандығынан айыру және өлім жазасы түріндегі жазаларды қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелері атқарады.(ҚР ҚАК-нің 14-б.5-т.).

Қамауға сотталған  адамдар жазаны соттау орны бойынша  тергеу изоляторларында өтейді (ҚР ҚАК-нің 63-б.1-т.).

Бас бостандығынан  айыру жазасын орындауда сотталғандардың  әр түрлі дәрежесі болатындықтан және оларды бір-бірінен бөлек ұстау тиістілігінен, мемлекет әр түрлі түзеу мекемелерін құрған.  Сотталғандардың жасына карай түзеу мекемелері екі топқа бөлінеді:

- ересектер  үшін (18 жасқа толғандар);

- кәмелетке  толмағандар үшін (14-тен 18 жасқа дейінгілер).

Түзеу мекемелері ересектер үшін бірнеше түрге  бөлінеді: колония-қоныстар, жалпы, қатаң  және ерекше режимдегі колониялар және түрмелер.

Кәмелетке толмағандар  үшін екі түрлі тәрбиелеу колониялары  бар:

- жалпы режимді  тәрбиелеу колониясы;

- режимі күшейтілген  тәрбиелеу колониясы (тек қана  ер адамдар үшін).

Сот әрбір  сотталғанға жынысына, жасына, жасаған  кылмысының ауырлығына, бұрынғы бас  бостандығынан айыруға қанша  рет сотталғанына және басқа да оның жауапкершілігін жеңілдететін немесе ауырлататын жағдайларға байланысты түзеу мекемесінің түрін белгілейді.

    Тергеу  изоляторында шаруашылық қызметі  үшін сотталғандар қалдырылуы  мүмкін.

Сотталған ауруларды  емдеу үшін арнайы емдеу мекемелері ашылған және онда сотталғандар жынысына, жасына қарай бөлек бөлек орналастырылады.

Жазалаудың  мақсатына жету үшін түзеу мекемелерінің  алдына нақтылы міндет қойылып, ал олар негізгі түзеу мен тәрбиелеу  амалдарының көмегімен іске асырылады. Ол жазаны атқару (өткеру) режимін орындау, қоғамдық, пайдалы еңбек ету, сотталғандармен жүргізілетін тәрбие жұмысы, жалпы білім мен техникалык-мамандыққа оқыту болып табылады.

Жоғарыда  айтылған түзеу мекемелерінің барлық түрлері мен  қылмыстық-атқару инспекциялары  Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің  құрылымына  кіріп, біртұтас қылмыстык-атқару жүйесін кұрайды. 

Әрбір облыстағы  облыстық түзеу мекемелерін басқару  үшін түзеу мекемелерінің саны мен  ондағы сотталғандардың санына байланысты облыстық  қылмыстық-атқару  департаменті құрылады.

Облыстық  қылмыстық-атқару департаменті Қылмыстық-атқару комитетінің құрылымына кіреді, соған бағынышты.

Әскери қызметшілер  мына жазаларды өтейді:

- қамауға  сотталған әскери қызметшілерге  арналған гауптвахталарда гарнизондардың  командованиясы немесе гарнизон  гауптвахталарының тиісті бөлімшелерінде атқарады;

- әскери қызмет  бойынша шектеуді аталған әскери  қызметшілер қызмет өтіп жүрген  әскери бөлімдердің,  мекемелерінің,  органдар мен әскери құрамалардың  командованиясы атқарады.(ҚР ҚАК-нің  14-б.7-т.).

Шартты сотталғандар қылмыстық-атқару инспекциясының бақылауында болады. Шартты сотталған әскери қызметшілерге бақылау жасауды әскери бөлімдердің қомандованиясы атқарады.(ҚР ҚАК-нің 14-б.9-т.).

Жазаны атқару мекемелері мен органдарының негізгі  міндеттері мыналар:

1) Соттың үкімімен белгіленген қылмыстық  жазаны лайықты түрде атқару;

2) Сотталғандарды  түзету;

3) Сотталғандардың  жаңа қылмыс жасамауын ескерту  (арнайы немесе жеке ескерту);

4) Басқа адамдардың  жаңадан қылмыс жасамауын ескерту  (жалпы ескерту).

    Жаза  атқарушы мекемелер мен органдар өз міндеттерін тиімді орындауы үшін, әсіресе сотталғандарды түзету үрдісінде тергеу, сот, прокуратура, полиция органдарымен, сол сияқты жергілікті билік органдарымен, қоғамдық құрылымдар және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс жасайды.

 

1.2 Сотталғандарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу

шараларын қолдану

ҚР ҚАК-нің 16-бабының 1-тармағына сәйкес бас  бостандығынан айыруға сотталған, алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратын, сондай-ақ ақыл-есінің кемістігі болуы мүмкін, бұзылуынан зардап шегуші адамдарға атқарушы мекемелер соттың шешімі бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданады.

Сот алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратын, сондай-ақ ақыл-есінің кемістігі  болуы мүмкін, бұзылуынан зардап шегуші адамдарға үкім шығарғанда жазаның орнына, оларға медициналық сипаттағы мәжбүрлеп ем жүргізу шараларын тағайындайды.

Егер, бас  бостандығынан айыруды өтеу кезінде  сотталушының алкоголизммен, нашақорлықпен  немесе уытқұмарлықпен ауыратыны анықталса, жазалардың аталған түрлерін атқарушы мекеменің әкімшілігі медициналық мәжбүрлеп ем жүргізу жайлы мәселені көтеріп, мекеме бастығы сотқа мұндай сотталушыға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы ұсыныс жібереді.

Мәжбүрлеп ем жүргізу арнайы түзеу мекемелерінде жүзеге асады. Бұл мекемелер ҚАК-нің 97-бабының 2-тармағына сәйкес құрылады. Бұл мекемелердің медициналық бөлімдері емдеуді жүзеге асыруға қажет мамандармен жасақталады.

Кем дегенде алты айда бір рет  аурудың жағдайын тексеру  үшін психиатр дәрігерлердің қабылдауы өтуі керек. Сотталған аурулардың жағдайларына байланысты  емдеуді жалғастыру, тоқтату немесе өзгерту сияқты шешім қабылданады. Егер комиссия емді тоқтату немесе өзгерту туралы шешімді қарастырмаса, онда сотқа емді жалғастыру жайлы қорытынды парағын жібереді. Бірінші мәжбүрлеп ем жүргізуді ұзартуды емді бастаған күннен бастап алты айдан соң, ал кейінгі ұзартулар жыл сайын жүргізіледі. Науқастың жағдайы түбегейлі өзгеретін болса, онда бекітілген мерзімге қарамай медициналық коммисия тексеруді жүргізеді.

    Мәжбүрлеп  ем жүргізу сотпен медициналық  коммисияның ұсынысы бойынша  тоқтатылады. Осы сияқты ауруларды  бас бостандығынан айыруға байланысты  емес жазаларға сотталғандар  арасынан да анықтауға болады. Бұл жағдайда сот аталған және  өзінің психикалық жағдайы бойынша қауіп келтірмейтін адамдарды емдеу немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңдарында көзделген тәртіппен психиатриалық-неврологиялық мекемелерге жіберу туралы мәселені шешу үшін денсаулық сақтау органдарына қажетті материалдар жібере алады.

ҚР Қылмыстық  кодексінің 90-бабына сәйкес егер сотталған  қоршаған ортаға қауіп тудыратын  болса, онда оған емханалық мәжбүрлеп  қадағалау және психиатрда емделу тағайындалуы мүмкін.

ҚР ҚАК 16-бабының 4-тармағына  сәйкес «Бас бостандығын шектеуге, қамауға алуға, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға және туберкулездің ашық түрімен ауыратын немесе соз ауруынан емделудің толық курсынан өтпеген, сондай-ақ ВИЧ/СПИД жұқтырған сотталғандарға жазалардың аталған түрлерін атқарушы мекеме медициналық комиссияның шешімі бойынша міндетті емдеу қолданады».

ҚР Қылмыстық-атқару кодексі  міндетті емдеу ұғымын енгізеді. Міндетті емдеу бас бостандығынан айыруға, қамауға алуға, бас бостандығын  шектеуге сотталған адамдардың туберкулездің  ашық түрімен ауыратын немесе соз ауруынан емделудің толық курсынан өтпеген, сондай-ақ ВИЧ/СПИД жұқтырған адамдарға қатысты тағайындалады. Мұндай ауруы анықталған сотталған медициналық комиссияға жіберіліп, олардың шешімімен сотталғандарға міндетті емдеу тағайындалады. Есерілетін жай, осы аталған адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қоршаған адамдарға, соның ішінде түзеу мекемесінің қызметкерлеріне, басқа сотталғандарға, мекемеге келетін басқа адамдарға қауіп төндіретіндігінен ғана тағайындалып отыр. Емдеу қажеттілігі сотталған ауру жазасын өткергеннен соң да, ауру таратушы ошаққа айналмауы үшін туындап отыр.

Міндетті емдеу медициналық  комиссияның шешімі бойынша ғана тоқтатылады, ал оған дейін міндетті емдеу жалғастырыла береді. Егер сотталған  емі аяқталғанға дейін босатылатын болса, онда тұрғылықты жерінің денсаулық сақтау органдарына емді жалғастыру жайлы ақпарат жіберіледі.

Бас бостандығын шектеуге, қамауға алуға, бас бостандығынын  айыруға сотталған адамдарға  мәжбүрлеп және міндетті емдеу қылмыстық-атқару жүйесінің тиісті органдарында жүзеге асады. Ал, қажет жағдайда қамауға алуға, бас бостандығынын айыруға сотталған адамдарды емдік түзеу мекемелеріне ауыстырады. Бас бостандығын шектеуге сотталғандар емді түзеу орталығының денсаулық сақтау мекемелерінде жалғастыра алады.

 

1.3 Мемлекеттік бақылаудың түрлері

Қазақстан Республикасында  қылмыстық жазаны атқару кезінде  сотталғандардың құқықтары мен  заңды мүдделерін шектеуге немесе басқада  заң бұзушылыққа жол бермеу мақсатымен қылмыстық жазаны атқару мекемелері мен органдарының қызметтеріне бақылау жүргізіледі.

Сондықтан жазаны атқару мекемелері мен органдарының қызметтерін  бақылау түрлері және оның тәртібі  ҚР ҚАК  3-тарауында бекітілген.

Қылмыстық жазаны атқарушы мекемелер мен органдарының қызметтерін  бақылау жұмыстарын әр түрлі органдар жүргізеді. Ең бірінші бақылау бұл жергілікті атқарушы органдардың бақылауы болып табылады.

Жергілікті  атқарушы органдар өз аумақтарында орналасқан жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың  қызметін қадағап, бақылайды. Ол үшін оларға ҚР Конституциясының 87-бабының 2-тармағында ұсынылған өкілетті пайдалана алады. Мекемелер мен органдардың қызметін бақылауды жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.

Келесі бақылау  бұл сот бақылауы. Жазаны өтеуден  шартты-мерзімінен бұрын босату туралы, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның  неғұрлым жұмсақ түріне ауыстыру туралы, сотталушының ауыруына байланысты жазадан босату туралы, адамның жеке басына жасаған ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін бес жылдан артық мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталғандарды қоспағанда жүкті әйелдердің және сегіз жасқа дейін балалары бар әйелдердің жазаларын өтеуін кейінге қалдыру туралы, сондай-ақ түзеу мекемесінің түрін өзгерту туралы мәселелерді шешу кезінде жазалардың атқарылуын сот бақылайды.

Жазаны өтеу шартын өзгертуге байланысты мәселелерді  сот бақылайды. Бұл шарттар сотталушының айыппұлды бір жолғы төлеуге мүмкіндігі болмаған жағдайда сотталушының өтініші бойынша төлемнің мерзімін ұзартуға немесе алты айға дейін бөліп-бөліп төлеуге жол береді. (ҚР ҚАК 226. 2т.) Түзеу жұмыстарында сот сотталушының материалдық жағдайы нашарлаған ретте қылмыстық-атқару инспекциясы жүзеге асырады.

Сотталушының  өзі немесе ол жұмыс істейтін ұйымның  әкімшілігінің қолдаухатымен оның жалақысынан ұстап қалу мөлшерін кемітуге құқылы. Сот сотталушының мүлкін тәркілеу туралы (ҚР ҚАК 57-58б.б.) сондай-ақ бас бостандығынан айыруға  немесе түзеу жұмыстарына сотталғандардың жазасын атқаруды кейінге қалдыру туралы мәселелерді де шешеді ( ҚР ҚАК 386. 5-т; 171 бап.) Сот шартты сотталушыларға толық немесе жартылай, әйтпесе бұрын бекітілген міндеттерге толықтырулар енгізуі мүмкін. (ҚР ҚАК 184 бап 1т.), Сотталушының сынақ мерзімін ұзарта алады. (ҚР ҚАК 184 бап Зт,); Шартты түрде соттаудың күшін жоя алады. (ҚР ҚАК 184 бап 4т.)

Информация о работе Мемлекет мекемелері мен органдарының жаза атқару жүйесі