Автор: Пользователь скрыл имя, 25 Марта 2012 в 14:09, реферат
Алаш қозғалысының тарихи негізгі Ресей отаршылдығының қазақ жеріндегі аса асқынған кезеңінен басталды десек те, Алаш идеясы одан әлдеқайда бұрын өмірге келіп, күні бүгінге дейін елім, жерім деп ұлт болашағын ойлаған әрбір қазақ жүрегінің терең түпкірінен орын тепкен. Өйткені Алаш қозғалысы қазақ қауымындағы отаршылдыққа қарсы бағытталған, прогресске ұмтылған жалпыхалықтық демократиялық қозғалыс еді.
тарих, философия және әдебиет Институтының
аспирантурасын бітірген. Жазушылар одағының
төрағасы, КАЗПИдің кафедра меңгерушісі.
КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы
презиумының мүшесі, қазақ әдебиеті секторы-
ның меңгерушісі.
Архив құжаттарына сенсек, тергеу барысында М.Қаратаев 1933 жылдан бері кеңеске қарсы ұлтшыл ұйымға қатыстым деп хабарлаған, бірақ кейін оны өзі теріске шығарған. Ленинградта оқып жүргенде терроршылдармен байланысқан. Жазушылар одағын басқарғанда зиянкестік жұмыспен айналысып, кері төңкерісшірл кадр даярлаумен айналысқан. Кеңес өкіметіне қарсы басқа да көптеген зиянкестік іс-әрекетке мұрындық болған.
Ал академик жазушының өзі не дейді? Мұхамеджан Қаратаевтың 1955 жылдың 26 мамырында өз қолымен жоғары жаққа жазған өтінішін оқып көрейік.
- 1938 жылдың 11 тамызында тұтқындалдым.
Одан бірнеше ай бұрын НКВД-ға шақырған. Сөйтсем, бөлімше бастығы лейтенант Катковтың пайымдауынша, менің керітөңкерісшіл ұйымға мүше екендігім әшкереленіпті. Әйтсе де, ағынан жарылып, «қылмысымды» мойындасам, бас бостандығымды сақтап қалуға болады-мыс. Бұған үзілді-кесілді қарсылық білдірдім, өйткені бұл ақымақтық, есалаңдық болар еді.
Бұл пікір өтпеген соң басқаша ұсыныс жасалды. Астыртын ұйымды әшкерелеу үшін белгіленген тізіммен біраз адамды қонақ қылуым керек екен. Шығынды кеңес төлемек. Содан соң өкіметке қарсы іс-әрекет жасалып жатыр деп хабарлауым керек. Келіспедім.
Сәуір айында, кейін шілдеде тағы жүздестік. Баяғы гөй-гөй. Кездесу тағы да сәтсіз аяқталды. Бір күн өткен соң абақтыға қамау туралы ордері бар жай киінген бір адам, соңынан Катков пен Омаров түнгі 1-ден 15 минут кеткенде үйге келді.
Бір квартал төменірек жердегі қараңғы түпкірде машинаға отырғызды. Түнгі екілер шамасында межелі жерге жеттік. Кеңсе табалдырығын аттасымен Катков: «Жақсылықпен, жақсы жағдаймен түсініскің келмеді – отыр. Енді біз не айтсақ соны істейсің. Кіруге есік ашық, шығарға – жабық. Халық жауысың, ұлтшылсың, соған жазбаша түсінік бер» - деді. Сосын мені көмекшісіне тапсырып кетіп қалды. Ал Марков қанша үгіттесе де көндіре алмады. Ашуланып желке тұсымнан екі рет періп жіберді. Таңертең Катковтың өзі келді. Оның айтқаны: «талапты орындағанша бөлмеден шықпайсың».
Таңертеңнен аяғымнан тік тұрғызып қойды. Тәуліктің қақ жартысында түрегеп тұрсам, қалған уақытта бұрыштағы орындықта қолымды төмен салбыратып отырғызып қойды. Үш күннен кейін денем күп болып ісіп кетті. Тамақ бермеді. Сұраған да жоқпын, зауқым соқпады. Су ішкім келе берді, бірақ оның өзін шектеді.
Бұдан басқа көрген бейнет те жетерлік. Қылмысыңды мойындап жазып бер деп табандылықпен талап еткен сұраныс атып тастаймыз, әйеліңді тұтқындаймыз деген жәбірлеумен, тіл тигізумен, ең ақырында ұрып-соғуға ұласты. Менің тағдырым қолында екенін сездіріп, әрдайым батыл сөйлейтін Катковтың кекетіп-мұқатып, мысқылдап, әжуа-мазаққа айналдырған мехнаты жанға батты, жүрекке жазылмас жара салды. Маған көрсетілген қиямет-қайымның ішіндегі ең қиыны, қорқыныштысы ұйқыдан айыру еді. Ұрып-соғу, таяқ жеу, дегенің бұған қарағанда түк емес, қайта сергітіп, өзіңді ширата түседі екен.
Бір уақытта құлап түссем керек, көтеріп әжетханадағы кранның астына әкелді. Суық су есімді жиғызғаны рас, бірақ ұзаққа созылған жоқ – көп болса 20-30 минутке. Міне, осы кезден бастап басым айналып, тұңғиық иірімде, галлюцинация шырмауында, бұлдыр-белең елес құшағына ендім. Ақыры тергеушілердің айтуымен нарком Реденстің атына мәжбүрлеп арыз жаздырды. Содан кейін 18 тамыздың 5-6 шамасында камераға жіберді.
Өтебай Тұрманжанов
Мәскеудегі Шығыс жастарының Коммунистік
университетін бітірген. Ташкенттегі Орта Азия
университетінің оқытушысы, даярлық курстың
және қазақ-қырғыз тілі әдебиеті кафедрасының
меңгерушісі. КазПИ-дің профессоры. «Қазақ
әдебиеті»газетінде, «Әдебиет майданы»
(қазіргі «Жұлдыз» - А.К.) журналында
редактордың орынбасары, редакторы.
Кеңеске қарсы ұлтшыл ұйымның мүшесі бола жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде «халық жаулары» Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлиннің өлеңдерін жариялаған. «Карл», «Шыршық сыры», «Қазақтың мақал-мәтелдері» сияқты коммунистік идеямен қабыспайтын шығармалар жазған.
(қылмыстық істен)
Хрущевтің «жылымық» жылдарында іс қайта қаралған уақытта бұл айыпты КГБ сұранысымен арнайы әдеби сараптама жасаған жазушы Темірғали Нұртазин мұның шындыққа үйлеспейтіндігін ғылыми тұрғыдан талдап, дәлелдеп береді. Енді Ө.Тұрманжановтың ҰҚК-нің архивінде сақталған өтінішіне (1955 жылдың 26 мамыры) көңіл бөлейік.
1938 жылғы наурыздың 19-нан 20-на қараған түнгі сағат 1 шамасында, «Мың бір түннің» алғашқы томын редакциялап болдым дегенде мені тұтқындауға Иванов пен Зернов келді. Олар үйді тінтті, кітаптарымды, қолжазбаларымды, фотосуреттерді, мылтығымды тәркіледі. Сосын қараңғы бұрышта көрінбей бізді тосып тұрған машинаға кіргізді.
Кеңсеге келісімен бұрыштағы орындыққа отырызып, қолыма сия мен қағаз берді. Бұл дайындықтың бәрі менің нарком Реденске арыз жолдауым үшін жасалған қам екен. «Сонда қандай өтініш жасауым керек?» деп сұрадым. Иванов «жаз» дегендей ишарат білдіріп сөйлей жөнелді: «Мені ақын Сәкен Сейфуллин кері төңкерісшіл ұйымға тартқан. Осыған байланысты өмірімді сақтап, аман қалу үшін кінәмді адал ниетпен мойныма аламын...»
Неге келгенім түсінікті болды. Бұлардың мақсат-мүддесін білген соң мүмкін басқа біреумен шатастырған шығар деп ондай арыз жазудан бас тарттым. Ешқандай астыртын ұйымға қатысым жоқ дегенді айтып, оны шама келгенше дәлелдеуге тырыстым. Үшеуі – жаңағы екеуі және тағы біреуі – мені қоршап алды, ал Зернов күтпеген жерден абыржытып алмақ болды ма, көзін ақшың-ұшқың еткізіп, қолымен тамағымды қысып қылғындыра бастады.
Бұл нөмір де өткен жоқ, ештеңе жазбадым. «Алты жыл байдың малын бақтым, балалар үйінде тәрбиелендім, комсомол мен партиядан тәрбие алдым, Ленинді, советтік билікті жырлаған ақынмын, сонда қалайша мен кеңес өкіметінің жауы болуға тиіспін» дедім. Бұған жауап ретінде Иванов оң бетімнен, Зернов сол жағымнан тартып жіберді. Сосын камераға отырғызды.
Келесі күннің әңгімесінің сарыны да кешегідей. Мен әлі көне қойғам жоқ. Олар мені азаптауға кірісті. Ивановтан екі рет таяқ жедім, Зерновтың соққысына сан жоқ. Ұзақ уақыт түрегеп тұрғандықтан, орындықта екі қолымды салбыратып отырғандықтан есеңгіреп қалдым.
Зернов бірде сызғышпен желкемнен қатты періп қалып еді, тиген жері ісіп кетті, дәрігерлік көмекке жүгінуге тура келді. Дәрігер әйелге «бұлардың мұнысы несі?» деп ақырын сұрап көріп едім, ол: «жаныңды сақтағың келсе сұрағанын жазып бер, қойған талабын орында, қарсыласпа, сосын тынышталасың» деді.
Бір күні бөлім бастығы Павловтың өзі келді. Ол: «қасарыса берсең, әйеліңді тұтқындаймыз» - деді. Сосын Ивановқа Мынадай бұйрық берді: «Сломать! Истоптать! Заставить заговорить!..». Бұдан соң жаныма төніп келіп, айтқаны мынау: «Скажи, кому поверить государство – тебе или нам?». Бастық қарқылдап күлді де жауабын өзі берді: «Конечно, нам! Так о чем разговор?».
Алдында осылай қорқытып-үркітіп алған Павловтың қарасы тағы көрінді. Бұл жолы жамбасындағы тапаншасын суырып алып былай деді: «Если и дальше будешь сопротивляться – застрелю на месте, спроса с меня не будет. Скажу – застрелил при попытке к бегству».
Мұндай қоқан-лоққының әсері болмады емес – болды. Жан тәтті емес пе? Зәре-құтым қалмады. Әсіресе қолындағы емшектегі баласы бар әйелімді аяп кеттім. Абақтыға түссе әйел байғұс түрмедегі осындай азапқа шыдай алар ма?..
НКВД дегеніне жетті – сұрағанын жазып бердім.
Қазақ тілі – өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Оған қысылып-қымтырылу, ерін ұшынан шүлдірлеп-былдырлау мүлде жат. Қазақ нені айтса да ауызды толтырып айтады. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңырау желіндей еркін есіп тұрады.
Қабдеш Жұмаділов