Автор: Пользователь скрыл имя, 11 Марта 2012 в 09:27, реферат
Тәуелсіздік жылдары азаматтық қоғамның және нарықтық экономиканың құрылуымен ғана емес, сондай-ақ діни серпілістің жүруімен де сипатталады: дәстүрлі діни бірлестіктер ұстанымдарының күшеюімен бірге қазіргі Қазақстан үшін беймәлім, жаңа "дәстүрлі емес" діни ұйымдар пайда болды.
Қазақстандағы қазіргі діни жағдай
Тәуелсіздік жылдары азаматтық қоғамның және нарықтық экономиканың құрылуымен ғана емес, сондай-ақ діни серпілістің жүруімен де сипатталады: дәстүрлі діни бірлестіктер ұстанымдарының күшеюімен бірге қазіргі Қазақстан үшін беймәлім, жаңа "дәстүрлі емес" діни ұйымдар пайда болды.
Атап айтар болсақ, пресветериандық және методизм, протестанттық конфессиялар, сондай-ақ "Агапе" "Жаңа аспан" сияқты протестанттық шіркеулер, "Бахаи" "Сайтан шіркеуі", "Саентология шіркеуі" сияқты діни бірлестіктер көріне бастады.
Қазақстандағы қазіргі діни ахуал күрделі әрі сан-салалы. Кейбір деректер бойынша, 1989 жылғы 1 қаңтарда 30 конфессияға тиесілі 700-ге жуық діни бірлестіктер болса, 2003 жылдың 1 қаңтарында 3206 діни бірлестіктер жұмыс істеген. Олардың арасында 1652 исламдық, соның ішінде 1642 суниттік, 2 шииттік, 2 сопылық, 4 ахмадия ағымдары бар. Бұған қоса Қазақстанның аумағында православиелік шіркеуге жататын 241 діни бірлестік (олардың 230-ы Орыс православие шіркеуіне қарайды), 7 старообрядтық шіркеу, римдік-католиктік шіркеуінің 77 бірлестігі, бірқатар протестанттық бірлестік жұмыс істейді. Қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі емес діни қауымдарға төмендегілер енеді: 5 буддистік қауым, 24 индуистік, 12 кришнаиттік, 23 бахаи, 2 трансценденталдық медитация қауымы, ұлы ақ бауырластықтың 2 қауымы, 6 саентология шіркеуі қауымы және т.б.
Еліміздің негізгі діни қауымы суниттік ислам және христиандықтың православиелік бағыттары. Елімізде 1700-ге жуық мұсылман бірлестіктері бар. Оның басым көпшілігі суниттік бағыттағы бірлестіктер. Орыс православие шіркеуінің үш епархиясына 214 приход, 8 монастыр және басқа шіркеулік құрылымдар тиесілі. Орыс православие шіркеуі приходтар санының өсуіне және материалдық тұрғыдан нығаюына күш-жігерін жұмсауда. Еліміздің бірнеше қаласында православиелік ғибатханалардың құрылысы жүріп жатыр.
Кейінгі уақытта католик, протестанттық және дәстүрлі емес діни құрылымдар өз қызметтерін белсенді түрде жүргізуде. "Иегова куәлары" бірлестігінің миссионерлік қызметі ерекше қарқын алуда. "Иегово куәлары" Қазақстандағы саны жағынан өсіп келе жатқан конфессия болып отыр. Оның діни орталығы Есік қаласында орналасқан, 70-тен астам діни бірлестіктері әділет органдарында ресми тіркелген және 30-дан аса жергілікті қауымдары бар, оны ұстанатын адамдар 20 мыңға жуық.
1999 жылы діни бірлестіктердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатымен Қазақстанның діни бірлестіктер қауымдастығы құрылды. Бұл қауымдастық 200-ге жуық діни бірлестіктерді біріктіреді.
Сонымен қатар елімізде протестантизмнің жаңа апостолдық шіркеуі, елушілер (пятидесятничество), методизм, меннонизм, пресветерианство сынды ағымдары таралуда. Пятидесятничество ХХ ғасырдың басында АҚШ-та құрылған. Бұл ағымның ең ірі қауымдары Қарағанды және Алматы қалаларында орналасқан. Апостолдар рухындағы евангелшіл христиандар өз жұмысын белсенді жүргізуде. Қазіргі кезде 3 мыңға жуық адамды біріктіретін 40-қа жуық қауымдар бар. Пресветериандық ағымы елімізде америкалық, корейлік уағыздаушылардың миссионерлік қызметі нәтижесінде таралып жатыр. Бұл уағызшыларға шет елдегі діни орталықтар көмек көрсетуде. Елімізде 20-дан аса пресветериан бірлестіктері бар. "Грэйс-Благодать", "Бірінші пресветериан шіркеуі," "Алматы аймақтық пресветериан шіркеуі" бірлестіктері белгілі болып отыр.
Жетінші күн адвентистері қауымының республикалық орталығы Жетінші күн христиан-адвентистерінің Солтүстік Қазақстан конференциясы Астана қаласында. Ұйымдық жағынан бұл бірлестік Алматы қаласында орналасқан Жетінші күн адвентистерінің Оңтүстік одағына кіреді. Евангелшіл бағыт елімізде негізінен неміс этносының арасында таралған. Елімізде лютерандық 70-тен аса діни қауым бар.
Евангелшіл христиан-баптистердің қауымдары 10 мыңнан аса сенушілерді біріктіреді. Евангелшіл-христиан баптистер Қазақстан евангелшіл христиан-баптистері шіркеулерінің одағын құрды. Бірлестіктің орталығы Қарағанды облысының Саран қаласында. Евангелшіл-христиан баптистердің 250-ден аса қауымдары мен топтары бар. Евангелистер 2010 жылға дейін Қазақстан мен Орталық Азия елдерін евангелшілдендіру жоспарын басшылыққа алуда.
Шет елдік миссионердің белсенді қызметі арқасында протестанттық ағымдардың харизматикалық қауымдары "Агапе", "Жаңа өмір", "Жаңа аспан", "Благая весть" және т.б. жұмыс істеуде. Елімізде дәстүрлі емес культтер қатары өсуде. Саентология шіркеуі АҚШ-та ХХ ғасырдың 50-ші жылдары пайда болды. Негізін салушы Лафайет Рон Хаббард (1911-1986). Ол өз ілімін "Динаетика: ақылды ойдың саулығы туралы бүгінгі заманғы ілім" атты еңбегінде қорытындылаған. Саентология шіркеуі діни бірлестігі Алматы, Қарағанды, Семей қалаларында ресми тіркелген. Саентология шіркеуі Ресей, АҚШ, Англия, Австралия елдеріндегі саентологиялық ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан.
"Кришна санасы" қоғамы елімізде әрекет етіп отырған жаңа діни ағымдардың бірі. Индуизмнен тармақталатын "Кришна санасы халықаралық қоғамының" негізін салушы - Свами Прабхупада (1896-1977). Бұл діни ағым жастар арасында таралып жатыр. Дүниежүзілік христиандықты біріктіру жолындағы Қасиетті рух ассоциациясы (Бірігу шіркеуі) 1954 жылы құрылған. Негізін салушы - Сан Мен Мун. Бірігу шіркеуінің миссионерлері әлемнің 100-ден аса елінде қызмет етеді. Бұл шіркеудің түрлі бағыттағы ұйымдары бар. Бірігу шіркеуі елімізде 1992 жылдан жұмыс істейді.
Қазақстанда түрлі дәстүрлі емес культтар саны өсуде. Атап айтсақ, 1990 жылдары жаңа культтар саны 10-нан сәл асатын болса қазіргі уақытта жаңа культтардың саны 160-тан асады. "Кришна санасы қоғамы", "Соңғы өсиет шіркеуі", "Жаңа аспан", "Жаңа өмір шіркеуі" сынды ХХ ғасырдың наным-сенімдері үгіт-насихат жұмыстарын түрлі мерекелік және қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастыру арқылы жүргізуде.
Елімізде экстремистік бағыттағы "Хизб-ут-тахрир" ("Азат ету партиясы") ұйымының заңға қайшы әрекеттері жұртшылықтың наразылығын тудыруда. Хизб-ут-тахрирдің мақсаты - Ислам атын жамылып, дінаралық келісім мен үн қатысуға зиянын тигізіп, бейбіт өмір тыныштығын бұзу. Хизб-ут-тахрир Орталық Азия елдерінің мемлекеттік құрылысын мойындамайды және осы аймақта халифат құруды өздерінің мақсаты ретінде ұстанады. Аталған ұйым күресі идеологиялық күрес, идеологиялық төңкеріс, билікті өз қолдарына алу сынды үш бағытта жүргізіледі. Кейінгі жылдары мұсылмандар арасында жік салатын пікірлер мен ұстанымдар көрініс беруде. Діни фанатизм, лаңкестік, пікір төзімсіздігі ислам дініне жат.
Елімізде "әл-Каида", "Мұсылман бауырлар", "Талибан", "Лашкар", "Таиба", "Боз-құрт", "Өзбекстан ислам қозғалысы" және т.б. лаңкестік ұйымдардың қызметіне тыйым салынған.
Миссионерлік - діни ұйымдардың ілімдерін таратуға арналған діни және саяси қызмет. Миссионерлік ұйымдардың шоқындыру саясаты Африка және Азия халықтары арасында қарқындап, мақсатты түрде жүргізіліп отыр. Миссионерлік ұйымдарға бірқатар елдердің мемлекеттік құрылымдары, қайырымдылық қорлары, үкіметтік емес ұйымдар, қаржылық топтар материалдық және моральдық тұрғыдан көмектесіп, ортақтаса жұмыс жасайды. Миссионерлер баратын ел халқының дінін, тарихын, әдет-ғұрпын, ділі мен психологиясын зерттеп біліп барады.
Көптеген миссионерлер жергілікті халық басым елді мекендерде тұрып, сол халықтың тілін, әдет-ғұрпын, мінез-құлықтарын өз қызметтерін табысты атқару үшін жетерліктей деңгейде зерттеп, үйренеді. Елімізде протестанттық және неопротестанттық шіркеулердің миссионерлік қызметтері халқымыздың діни бірлігі мен ынтымақты өміріне кері әсерін тигізеді.
Жұмыссыздар, өмірден өз орнын таппағандар, рухани ізденісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтарға төзе алмағандар, Ислам дінін терең білмейтіндер, әсіресе жастар миссионерлердің үгіт-насихатына тез ілігеді.
"Жаңа" культтардың бірі - Бахаи сенімінің бастауында "Баб" ("қақпа") деген лақап атымен белгілі болған Сейд Әли Мұхаммед тұр. Ол өзін пайғамбар деп жариялаған. Бабтың ілімін жүйелеп дамытқан, бахаи сенімін орнықтырып, діни ілімін негіздеген Мырза Хусейн Әли (Баха-Улла) болды. Бахаи сенімі құдайдың бірлігін, діни төзімділікті, туыстықты, барлық діндердің мақсат бірлігін уағыздайды.
Бахаи сенімінің ең жоғары ұйымы - дүниежүзілік әділдік үйі Израиль мемлекетінің Хайфа қаласында орналасқан. Бахаи сенімінің ұлттық рухани мәжілісі елімізде 1994 жылы тіркелген. Қазіргі уақытта бахаи сенімінің 80-нен аса қауымы бар. Кейбір деректер бойынша, пайда болғанына бір ғасыр шамасы болған Бахаи сенімінің бес миллионға жуық ұстанушылары бар.
Қазақстан қоғамының рухани тұрғыдан жаңаруында дәстүрлі діндер маңызды рөл атқарады. Ислам, христиандық және иудей діндерінің жалпы адамзаттық және гуманистік құндылықтары ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнықтырудағы маңызы ерекше. Олар қоғамымызда достықты, өзара құрмет пен түсінісушілікті нығайтуға қызмет етеді. Қазақ халқының мәдениеті мен руханиаты ислам өркениеті мен дүниесінің ажырамас бөлшегі. Елімізге ислам діні күшпен емес, бейбіт жолмен енді.
Ислам құндылықтары мен ислам философиясын, ислам мәдениеті мен өнерін дамыту мен жаңарту ісіне қазақ халқы маңызды және зор үлес қосты. Ортағасырлық мұсылмандық философиялық ойының қалыптасуы мен дамуына қуатты серпіліс берген қазақ даласының ойшылдары Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұни және басқаларының мұралары ислам өркениетінің асыл қазынасы.
Қазақстан Республикасының Конституциясында ождан бостандығы мен діни бостандықтың қағидаттары, әртүрлі конфессияларға жататын азаматтардың өздерінің діни бірлестіктерін құрудағы теңқұқылығы, мемлекеттің шіркеуден бөлінгендігі туралы қағидаттар бекітілген. Сондай-ақ діннің және діни бірлестіктердің әлеуметтік қызметтерін реттеудің халықаралық тәжірибелеріне негізделген өзге де бірқатар нормативтік-құқықтық негіздер бар. Соған қарамастан, діннің мәртебесі, оның қоғам өміріндегі шынайы жағдайы мен рөлі, яғни діннің қоғамның әлеуметтік-саяси, рухани салаларына тигізер әсерінің мәртебесі, кеңістігі және шекаралары қазірге дейін дәл анықталмаған. Осындай белгісіздік, әсіресе оның теріс салдары еліміздегі қазіргі діни жағдайда орын алған жаңа үрдістерге байланысты анық та айқын аңғарылуда. Бұл, әрине, әсіресе дін мен діни сананың күдік туғызатын діни-рухани нормалары мен догмаларына негізделген жаңа діни ағымдар мен бағыттардың пайда болуына байланысты. Мұндай әсірешіл нышандар діни фундаментализм мен діни экстремизм ретінде көрініс табуы мүмкін.
Қазақстанның зайырлы мемлекет болуына байланысты, ресми идеология дінге мейлінше бейтарап қарайды: ол діншіл де, дінге қарсы да сипатқа ие емес. Қазіргі Қазақстандағы діннің жағдайы авторитарлық, тоталитарлық және теократиялық басқару жүйесі бар мемлекеттерден түбірінен өзгеше.
Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім көпұлтты, көптілді және көпконфессиялы Қазақстан үшін күрделі мәселе. Бүгінде Қазақстан әлемге бүкіләлемдік діни-рухани форумның орталығы есебінде де таныс. Оған әлемдік және дәстүрлі діндердің басшылары анағұрлым маңызды заманауи діни мәселелерді шешу үшін жиналады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының бірінші съезінде еліміздегі конфессияаралық келісім мен диалогтың маңыздылығы ерекше атап өтіліп, конфессияаралық келісім мен диалогтың негізгі қағидаттары айқындалды. Олар: толеранттылық, өзара құрметтеу мен түсінісу, ұлтаралық келісім мен діни төзімділік. Бұл қағидалар Қазақстандағы конфессияаралық қатынастардың да негізін құрайды. Бұл туралы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында былай делінген: "Біз барлық діндердің тең құқылығына кепілдік береміз және Қазақстанда конфессияаралық келісімді қамтамасыз етеміз".
Дін біріктірудің, интеграциялық үдерістердің күшті факторы бола алады. Ол үшін діндерден қайшылықтарды емес, керісінше, ортақ белгілер мен қағидаттарды, ортақ негіздер мен ортақ құндылықтарды, біріктіруші бастауды іздеуге міндеттіміз.
Айта кету керек, Қазақстан діни толеранттылық пен конфессияаралық келісім ісінде игі дәстүрлерге ие. Қазақстан көне заманнан бері саналуан мәдениеттер мен діндердің тоғысу мекені болған. Қазіргі Қазақстанның аумағында бірнеше ғасырлар бойы тәңіршілдік, зороастризм, манихейлік, буддизм, христиандық (оның әсіресе нестериондық және яковиттік тармақтары) және ислам сияқты әртүрлі нанымдар бейбіт қатар өмір сүрген, яғни толеранттылық пен конфессияаралық келісімнің үлгісі болған. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап айтқанындай: "...бізге төзімсіздік немесе діни фанатизм жат. Бұл рухани дәстүр, бұл қандай шеңберде болмасын Құдайдың Сөзіне деген ашықтық. Бұл - Қазақстандағы конфессияаралық келісімнің ең маңызды негіздерінің бірі. Біз әлемге өзіміздің толеранттығымызбен, ұлтаралық, конфессияаралық келісім мен диалогты сақтауымызбен танылдық. Біздің еліміздің өскелең дүниетанымдық әлеуеті бұдан әрі қарай да сақталуға, дамуға тиіс".