Ядролык карусыздану

Автор: Пользователь скрыл имя, 23 Декабря 2011 в 14:53, доклад

Краткое описание

Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерінің сыртқы істер министрлері Семей қаласында тарихи құжатқа, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды.
Орталық Азияның бес мемлекетінің тоғыз жыл бойы ядролық қарудан азат аймақ құру жолындағы еңбегі осы тарихи құжатқа қол қоюмен аяқталды. 1997 жылы 27 ақпан күні Орталық Азияның бес елінің басшылары Алматы декларациясына қол қойды. Онда ТМД-ның ядролық кешені нысандарының жұмысы салдарынан зардап шеккен қоршаған орта жағдайына алаңдаушылыққа байланысты Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру толық қолдауға ие болды.

Файлы: 1 файл

ядерное.docx

— 30.91 Кб (Скачать)
 

     1. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерінің сыртқы істер министрлері Семей қаласында тарихи құжатқа, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды.

     Орталық Азияның бес мемлекетінің тоғыз жыл бойы ядролық қарудан азат аймақ құру жолындағы еңбегі осы тарихи құжатқа қол қоюмен аяқталды. 1997 жылы 27 ақпан күні Орталық Азияның бес елінің басшылары Алматы декларациясына қол қойды. Онда ТМД-ның ядролық кешені нысандарының жұмысы салдарынан зардап шеккен қоршаған орта жағдайына алаңдаушылыққа байланысты Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру толық қолдауға ие болды.

Өңірдегі мемлекеттер саяси ерік-жігер мен табандылық таныта отырып, ядролық қаруды таратпау, өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету режімін нығайтуға тағы бір кірпішін қалады. Бұл құжатқа ядролық қарудан көп зардап шеккен, Шығыс Қазақстан жерінде қол қойылуының нышандық мәні жоғары. Сол арқылы 1949 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонында жойқын қаруды сынаумен басталған өңірдегі әскери ядролық кезең өзінің қисынды нүктесіне жетті.

     Қазақстан Республикасы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ қауіпсіздік, тұрақтылық және өркендеу үшін барлық елдермен, халықаралық ұйымдармен өзара сенім негізінде ынтымақтастық құруға бағытталған бейбіт сыртқы саясат жүргізетінін мәлімдеді. 1991 жылдың 21 тамызында Президент Н.Назарбаев Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы тарихи Жарлыққа қол қойды. 40 жылдан астам бойы ядролық сынақтардан зардап шеккен Қазақстан халқы бұл шешімді толық қолдады және ол бүкіл адамзат баласының мүддесінен шықты.

     Атом ғасыры басталып, 1945 жылы Хиросима мен Нагасакиге ядролық қару қолданылғаннан кейін бұл қару қауіпсіздікке, тіпті адамзат өркениетіне қатер төндіретіні түсінікті болды. Осыған байланысты жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау проблемасы жаһандық, сондай-ақ өңірлік деңгейлерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын қалыптастыруда ондаған жылдар бойы басты мәселеге айналды. Бүгінде еліміздің ядролық қарусыз мемлекет мәртебесін стратегиялық тұрғыдан шешу үшін негіз қалап қана қоймай, сонымен бірге, іс жүзінде ядролық сынақты тоқтатудың ғаламдық үдерісін іске қосып, сол арқылы Жер шарының миллиондаған халқын ядролық қауіптен құтқарған Қазақстан басшысының сарабдалдық пен көрегендік танытқанын атап көрсеткен жөн. Біз жас мемлекеттің қауіпсіздік тірегі ядролық қару емес, байыпты және сындарлы сыртқы саясатқа сенімді негіз қалайтын Қазақстан халқының бірлігі мен оның тұрақты экономикалық және саяси дамуы болатынын бүкіл әлемге мәлімдедік.

Қазақстан дипломатиясы осы стратегиялық бағытты бұлжытпай жүзеге асырды.

     2. 1992 жылғы 23 мамырда Лиссабонда Қазақстан ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қосылатынын мәлімдеді. Сөйтіп, қуаты жағынан дүние жүзінде төртінші орындағы зымырандық-ядролық арсеналынан ерікті түрде бас тартатынын айғақтады.

БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық қаруды таратпау туралы шартты (ЯҚТШ) 1968 жылы 12 маусымда қуаттап, оны сол жылдың 1 шілдесінде Мәскеуге, Вашингтонға және Лондонға қол қоюға ұсынды. Құжат депозитарий мемлекеттер – КСРО, АҚШ, Ұлыбритания және басқа да 40 ел ратификациялы грамотоларын сақтауға тапсырғаннан кейін, яғни 1970 жылғы 5 наурызда күшіне енді. Шартқа Франция мен ҚХР 1992 жылы қол қойды. Бүгінде 1970 жылғы 5 наурызда күшіне енген шартқа қазір 180-нен астам мемлекет мүше болып табылады.

     Таратпау режімін қамтамасыз етуде аталған құжатқа ерекше рөл беріледі. Оның міндеті ядролық қару мен қару технологияларын таратуды болдырмау арқылы барлық елдердің қауіпсіздігін нығайту және ядролық энергияны халықаралық қауымдастықтың қатаң бақылауымен бейбіт мақсатта пайдалану ынтымақтастығына қолдау көрсету болып табылады.

Бұл – ядролық қарусыздандыру мақсатында ядролық қаруы бар мемлекеттердің міндеттемелерін мүлтіксіз орындауларын талап ететін жалғыз көпжақты акт. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1968 жылғы 19 маусымдағы қарары мен үш ядролық держава – КСРО, АҚШ және Ұлыбританияның Шартқа мүше ядролық қарусыз мемлекеттердің қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесі жөніндегі ұқсас мәлімдемелері құжаттың маңызды қосымшасы болып табылады.

     Ядролық қаруды таратпауды бақылау Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттіктің көмегімен жүзеге асырылады. 1994 жылғы ақпанда Атом энергиясы жөніндегі агенттікке (МАГАТЭ) мүше бола отырып, Қазақстан сол жылдың шілдесінде МАГАТЭ-мен Кепілдіктер туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім бойынша барлық ядролық нысандар МАГАТЭ-нің кепілдігіне алынған және Қазақстанның барлық ядролық қызметі агенттіктің ережелері мен стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

1993 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Ядролық қаруды таратпау туралы шартты ратификациялады. 1994 жылғы 5 желтоқсанда Будапештте өткен ЕҚЫҰ саммитінде Ресей, АҚШ және Ұлыбритания ядролық қарусыз мемлекет ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қосылғанына байланысты Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы меморандумға қол қойды. Кейін Қазақстанға мұндай кепілдікті Қытай мен Франция да берді. Бұл құжатқа қол қою халықаралық қауымдастықтың Қазақстанның өз аумағынан ядролық қаруды шығару туралы міндеттемелерін толық және мүлтіксіз орындады деп танығанын білдіреді.

Қазақстан ЯҚТШ-қа қол қойғаннан бастап, оның міндеттемелерін қатаң сақтап келеді. Біз ЯҚТШ-қа мүше ядролық қаруы бар және ядролық қаруы жоқ барлық мемлекеттердің міндеттемелерін орындау арқылы ядролық қарусыздануды кезең-кезеңімен әрі мүлтіксіз жүзеге асыруын қолдаймыз. Әр бес жыл сайын ЯҚТШ-ның іс-қимылдарын талқылауға арналған конференция өтіп отырады.

1995 жылғы мамырда Нью-Йорк қаласында шартты мерзімсіз ұзарту, оны қолдану тиімділігін арттыру, ядролық қаруды таратпау мен қарусызданудың қағидаттары мен маңыздылығы және шарттың ережелерін орындауды бақылаудың жетілдірілген жүйесін құру сияқты маңызды шешімдер қабылданды. Қазақстан Шартты мерзімсіз ұзартуды бірден қолдады. Бірақ ЯҚТШ-ға байланысты 2000 және 2005 жылдары өткен конференцияларда ілгерілеушілік болмады. Ядролық қаруы бар және ядролық қаруы жоқ елдердің келісе алмауынан шарттың бірде-бір ережесі бойынша ортақ шешім табылмады.

Қарусыздану ісінің белсенді қатысушысы ретінде Қазақстан қазіргі таңда бұл салада нақты нәтиже байқалмай отырғанын өкінішпен атап көрсетеді. Халықаралық қауымдастық ортақ келісім мен саяси еріктің жоқтығынан қарусыздану мен жойқын қаруды таратпау мәселесін шеше алмауда. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың басқа мүшелері сияқты ЯҚТШ-ға қатысты келесі 2010 жылы өтетін конференция кезінде Шарттың тиімділігін арттыру жөнінде шешімдер қабылданады деп сенеді.

Еліміз 1995 жылы Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қатысушылардың конференциясы кезінде қабылданған “Ядролық қаруды таратпау мен қарусыздану мақсаттары және қағидаттары” деп аталған және 2000 жылы ЯҚТШ конференциясы кезінде мақұлданған Ядролық қарудан азат аймақ құру туралы мақсаттар мен қағидаттарды толық қолдайды. Ядролық қарудан азат аймақты құру – әлемдік ядролық қауіпсіздікке жетудің ең тиімді құралы. Қазіргі таңдағы бес ядролық қарудан азат аймақ 100-ден аса мемлекетті қамтиды. Ең алғашқы ядролық қарудан азат аймақ 1967 жылы Латын Америкасы мен Кариб теңізі өңірінде ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа (Тлателолко Шарты) қол қою нәтижесінде құрылған болатын. Бұл оқиға өңірдегі қару-жарақты бақылау ісінде жаңа жетістіктерге әкелді. 2002 жылы оны Куба ратификациялағаннан кейін ядролық қарудан азат Латын Америкасы мен Кариб аймағына өңірдің барлық мемлекеттері кіреді.

Осы келісімнен ЯҚТШ құру туралы кейін тағы үш Шартқа қол қойылды. Олар: Тынық мұхитының оңтүстік бөлігінде (1985 жылғы Раротонга шарты), Оңтүстік-Шығыс Азияда (1995 жылғы Бангкок шарты) және Африкада (1996 жылғы Пелиндаб шарты). Осы құжаттардың арқасында барлық оңтүстік жарты шар ядролық қарудан азат аймаққа айналды. 

3. Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы (ОАЯҚААҚТ) бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында және осы ұйымның қолдауының арқасында іске асырылды. БҰҰ Бас Ассамблеясы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясын қолдап, бірнеше қарар қабылдаған болатын. 2006 жылғы қазан айында және 2008 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы көпшілік дауыспен ОАЯҚААҚТШ-ны қолдап, қарар қабылдады.

Семей Шартына сәйкес оған қол қойған мемлекеттер өңірде ядролық қаруды және оның бөлшектерін немесе басқа да ядролық жарылыс құрылғыларын өндіруге, сатып алуға және орналастыруға тыйым салу жөнінде міндеттеме алды. Осымен бірге, Шарт ұлттық бейбіт ядролық бағдарламаларды дамытуға тыйым салмайды.

Орталық Азиядағы ядролық қарусыз аймақтың әлемнің басқа да осы сияқты өңірлерінен бірнеше өзгешеліктері бар:

·                   ядролық қарудан азат аймақ мемлекеттерінің бірде-біреуінде ядролық қару болған емес;

·                   Орталық Азия аймағы ғана теңізге шығатын жолы жоқ, Жер шарының толықтай солтүстік бөлігінде орналасқан және ядролық қаруы бар елдермен шекараласып жатқан аймақ болып есептеледі;

·                   ЯҚТШ туралы шарт бірінші рет оған мүше мемлекеттердің Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа және МАГАТЭ-нің қосымша хаттамасына бағынуы керектігін қамтиды. Оның сыртында Шарт Орталық Азия мемлекеттерін өздерінің ядролық құрылғыларының қауіпсіздігіне қатысты халықаралық талаптарға жауап беруін міндеттейді;

·                   Орталық Азиядағы Ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт “қырғи-қабақ соғыс” кезінде жүзеге асқан ядролық бағдарламалардан зардап шеккен қоршаған ортаны қалпына келтіру шараларын жүзеге асыруға шақырады.

Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қою мен оны ратификациялау Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту жолындағы бастамаларының қисынды жалғасы болып табылады.

Сөз соңында ғаламдық ядролық қарусыздану үдерісі алға жылжымай жатқан қазіргі жағдайда аталған Шарттың ядролық қаруды таратпау туралы құжаттың мақсаттарын жүзеге асыруға, өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан өңір елдерінің қомақты да нақты үлесі екенін үлкен қанағат сезімімен атап көрсеткім келеді.  
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Информация о работе Ядролык карусыздану