Автор: Пользователь скрыл имя, 19 Марта 2012 в 18:34, доклад
Адамдардың денсаулығына деген қамқорлық – үкіметіміздің маңызды әлеуметтік міндеті, ол қазіргі қаулы мен жарлықтарда айқын белгіленген. Біздің елімізде тегін, білікті медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған.
Өз мамандығының кәсіби шебері
Адамдардың денсаулығына деген қамқорлық – үкіметіміздің маңызды әлеуметтік міндеті, ол қазіргі қаулы мен жарлықтарда айқын белгіленген. Біздің елімізде тегін, білікті медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған.
Соңғы кездерде мамандандырылған кардиологиялық, гастроэнтерологиялық, пульмонологиялық және басқа медициналық жәрдем бірқатар жетілдіріліп отыр. Аналар мен балалар денсаулығын жақсартуға ерекше назар аударылып, медициналық ғылым табысты дамыды.
Денсаулық сақтау мекемелері мен медициналық жәрдем көрсетудің кеңеюіне байланысты білікті медициналық кадрларға деген қажеттілік үнемі өсіп отыр. Мейірбикелерді сапалы даярлаудың мәні шүбәсіз, өйткені сырқатқа қызмет ету және күтімі кезінде олардың жұмысының маңызы зор. Мейірбикелер жұмысының алуан түрлілігі осы мамандықтың шығу тарихымен анықталған. Медициналық жәрдемнің сапасы мейірбикелердің мәдени дәрежесіне, жоғары кәсіби даярлығына байланысты.
Соңғы 20 жыл ішінде қоғамдағы өзгерістерге және денсаулық сақтаудағы жетістіктерге байланысты медициналық мейірбикенің рөлі едәуір өсті, демек, кәсіптік мейірбикелік іске қойылатын талаптар да өсті.
Осы талаптардан шығу мақсатында адамның денсаулығын сақтау, түрлі кеселдің алдын алу, тәні мен жаны қиналған науқасқа дем беру – айрықша абырой деп есептеймін. Өзімнің кәсіптік іс - әрекетімнің негізі ретінде кез келген жағдайда емделушінің ықыласын қорғау мен мейірбикелік істегі үздіксіз прогресті қолдау антын қоямын. «Гиппократ антын» өмірлік ұстаным ретінде қабылдап, жүктелген міндеттің талабынан шығу, әрине оңай емес. Қажырлы еңбек, тың ізденіс, жүйелі жұмыстың арқасында алынбайтын асу, жеткізбейтін мақсат жоқ деп ойлаймын.
Күнделікті бикелік тәжірибемде мейірбикелік іс философиясының бастаушысы этика болып саналады. М. Фаулер айтқандай: «Этика – кәсіптік тәртіптің дұрыс – бұрысын, жақсылық пен жамандықтың қайда екенін анықтайтын философияның бір саласы».
Жаңа ғана еңбек әрекетімен айналыса бастаған мейірбике бірден кәсіби деңгейдегі талаптарға сәйкес бола алмайды. Кейін, мамандыққа үйрене келе, ол медициналық колледжде ие болған және кәсіптік құндылықтардың өзара араласып, қосылып кеткенін байқайды.
Өзім еңбек етіп бастаған «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталағында осы теорияның іс жүзіне асқандығына көзім жетті. Осы кездің ішінде өз білімімді жақсы пайдаланып және оны практикада көрсете отырып, тапсырылған жұмыстарды тыңғылықты, асқан жауапкершілікпен атқарып өзімнің кәсіби шеберлігімді дамыту бағытында үнемі жұмыстанып отырамын.
Өзінің атқарып жүрген қызметі жөнінде эссе
Адам жанының арашашылары! Осы бір сөз тіркесі қазіргі таңдағы барша қауымға етене таныс, етене жақын. Өйткені осынау үш қана сөзден құралған сөз тіркесінің мағынасы көп нәрсе туралы сыр шертеді. Көп нәрсенің байыбын аңғартады. Себебі, бүгінгі біздің замандастарымыз осы адамдардың көмегіне күн сайын, сағат сайын зәру болып отырады. Кесапатты дертінен, жанын азапқа салған ауруларынан арылғандар өмір бойы оларға піріндей жүгініп өтеді.
Осындай ақ халатты абзал жандарға деген сүйіспеншілік менің де өмірлік жолымды таңдауыма себепші болды. Қолыма медициналық жолдамамды алысымен Жаңақала ауданына қарасты Көпжасар ауылында дәрігерлік пунктте 2 ай көлемінде өзімнің алғашқы еңбек жолымды фельдшерлік қызметтен бастадым. 2009 жылдың 1 желтоқсанынан бастап «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы оңалту орталығы» МКҚК – да физиотерапия бөлімінің мейірбикесі қызметін атқарамын.
Физикалық факторлардың емдік қасиеттерін емдеу және аурудың алдын алу, сондай – ақ медициналық оңалту мақсатында қолданылуын зерттейтін клиникалық медицинаның саласы физиотерапия деп аталады.
Адам ауруларын емдеу тәсілдері, әдістері және амалдары алуан түрлі адам денесіне әсер ететін дәрілермен қатар өте көп дәрілік емес заттар да бар. Олардың ішінде табиғи (климат, ауа, күн, су) және жасанды емдік физикалық факторлар алдыңғы қатарда қолданылуда.
Мен қызмет атқаратын ауруханада әр аудан орталығынан келіп ем алады. Біздің мекеменің физио аппараттарының түрлері өте көп. Атап өтетін болсам: магниттік – лазерлік терапия, ультрадыбыстық терапия, дарсанваль, амплипульс терапия, электросон терапия, интерференстерапия, ингалация, ВТL т.б. және су бөлімінің емдері: тұзды ванна, циркулярлық душ, шарко душы, восходящий душ және балшықпен емдеу жүргізіледі. Осы емдерді тағайындау бойынша халыққа қолда бар мүмкіндіктерді толықтай тиімді пайдаланамын.
Физиотерапия бөлімшесінің мейірбикесіне қойылатын талаптар бойынша физиотерапиялық емшаралардың дұрыс жүргізілуіне жауап беремін, емшара кезінде науқастың жағдайын және аппараттың жұмысын қадағалап отырамын. Жұмыс уақытында қауіпсіздік техникасы ережелерін бұлжытпай сақтап және қажет болса науқасқа жедел медициналық жәрдем көрсетемін. Электрофорез төсемдерін, былау мен парафин дайындап, төсектерді ауыстырып, бөлмеде тазалық пен тәртіпті сақтау шараларын қадағалаймын.
Емшара алдында және соңында кварц қосып бөлме желдетіледі. Емге келген науқастарға қалай жату немесе отыру керектігін түсіндіріп, электродты орналастырамын, сағат және аппаратты іске қосамын. Емшара кезінде кабинеттен шықпай науқастың жағдайын және аппараттың жұмысын қадағалап тұрамын. Емшара аяқталған соң аппаратты тоқтан ажыратып, электродтарды шешіп, науқасты дем алу бөлмесіне жолдап және оның емшара картасына белгі қоямын.
Сондай – ақ, менің міндетіме орындалған жұмыс туралы есеп беру де кіреді. Медициналық жабдықтардың сақталуын және олардың жағдайын қадағадап отырамын, өз уақытында дәріханадан қажетті дәрілік заттар мен сұйықтықтарды аламын.
Жұмыс аяқталған соң барлық аппараттарды және жарлы ажыратқышты тоқтан шығарып, терезе мен су крандарын жауып тексеріп отырамын.
Осындай кәсіби қызметпен ғана шектелмей, өзіме жүктелген тапсырмаларды уақытылы орындап, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқанды ұнатамын. 2011 жылы мейірбикелер күніне орай аудан көлемінде ұйымдастырылған «Өз ісінің үздігі» атты сайысқа қатысып жүлделі орынға ие болдым.
Ұлы ойшыл Конфуций «Адамзатқа шапағат жасау – мейірімділік пен батырлықтың шыңы» дегендей өз ісіме шынайы беріліп, біліктілік пен ізгілік, төзім мен мейірімділік таныта отырып қызметімді атқарып келемін. Алдағы уақытта да өз мамандығымның қыр – сырын толықтай меңгеріп, үнемі ізденіс үстінде кәсіби шеберлігімді шыңдап отырамын.