Автор: Пользователь скрыл имя, 02 Октября 2011 в 21:01, реферат
Ағыл-тегіл сөз қазынасы ұлт бойындағы ерекше қасиет. «Өнер алды қызыл тіл, сөз шырайы өлең сөз» дейді хакім Абай. «Қазақтың әулиелігі - тілінде» деп Мәшһүр бабаның айтқаны да есімізде. Асылы, өлеңсіз қазақтың жандүниесі бас қуыс сияқты көрінетіні бар. Санасы айқын халықтың тілі көркем, танымы зор, көкірек көзі көреген. Ұлттық дүниетанымға, дәстүрге берік қаламгерлер әр заманда болған, бола да бермек.
Алты алаштың ардағы - ақын Қасым
«Қаусап бір қалсам мен өліп,
Достарым, аңсап өкінбе.
Найзағайлы қара бұлт болып,
Жаңбыр болып жауып өтті де».
(Қасым
Аманжолов)
Ағыл-тегіл сөз қазынасы ұлт бойындағы ерекше қасиет. «Өнер алды қызыл тіл, сөз шырайы өлең сөз» дейді хакім Абай. «Қазақтың әулиелігі - тілінде» деп Мәшһүр бабаның айтқаны да есімізде. Асылы, өлеңсіз қазақтың жандүниесі бас қуыс сияқты көрінетіні бар. Санасы айқын халықтың тілі көркем, танымы зор, көкірек көзі көреген. Ұлттық дүниетанымға, дәстүрге берік қаламгерлер әр заманда болған, бола да бермек. Сонау студент кезімізден сүйіп оқып, «пір тұтқан» ақын Қасым Аманжоловтың 80 жылдығы республикалық деңгейде аталып өткені есімізде. Жыр сүйер қауым Қасымды алты алаштың ардақты ақыны ретінде танып-аялап жатыр. Алда өтетін 100 жылдығы қарсаңында баспа бетінде жарияланып жатқан жылы лебіздер - ақынға деген құрметтің белгісі. Қасым жырлары жадымызда жаттаулы, есімі жүректерде сақтаулы.
Әдебиет әлемінде Қасым Аманжолов - ерекше құбылыс, тума талант, кемел дарын. Ақын тағдыры қиын да қызық. Мұхтар Әуезов айтқандай: «Күйлі, мұңды». Асқақ рухты, сазды-назды, керімсал кербез ән, сырлы-нұрлы жыр, өр мінез отты да уытты Қасым ақынның «өмірде сайрап жатқан ізі» - ұрпаққа қалдырған мол мұрасы. Ардақты қаламгер жыл өткен сайын жыр сүйер қауымға жақындай түскендей – елімен, жұртымен бірге жасай бермек. Қасымның замандасы, сөз зергері Тәкен Әлімқұловтың сөзімен айтсақ: «Қасым поэзиясы жаңарған өмірге әржақты жараса бермек». Сондықтан да, өлімнің құшағына сыймайтын ақындардың бірі өзіміздің Қасым деп білеміз... Тауға шығып жаңарған кең далаға қарасақ, жанымызда Қасым тұрғандай көрінеді. Рауанда атқан «таң жеңгені, қанаты қанға малынған ақша бұлтты», кешкі шымқай арайды көргенде Қасым есімізге түседі. «Алыстағы нажағайдың қара түнгі қанаты» жарқылдағанда, аспан сатыр-сұтыр жарылғанда, дауыл ысқырып соққанда арасында Қасым жүргендей сезіледі. Сіркіреп жаңбыр жауғанда, ақын жаны ауамызда қалықтап жүзіп жүргендей болады. Қарауылға тұрған ай да, заңғарда жүзген жұлдыз да, Сарыарқа жақтан ескен жібек қанат самал да Қасымды есімізге салды. Қайда жүрсек Қасымның жыры, Қасымның әні жадымыздан шықпайды, - деп тебірене толғайды. Ақ тілеулі адал сөз. Жүрекке жылы тиіп, жаныңды жадыратады. Көк дауылдай кеуделі, «тұла бойын өлеңнен құя салған» Қасымның «тереңде тұнып жатқан дауыл күйлері» дауылды, жауынды, нақпа-нақ, төрттаған төкпе нөсер. Ақынның өзіндей «ала құйын мінезі бар, жанымының желі жоқтар қайтып ұғар» дегендей, «сары аяз сақырлаған үскірік, кейде жаз, кейде күз, кейде бұлтты» - табиғат анасынан дарыған дарын жемісі. Қасым өлеңдерінен кемістік іздеу - әбестік. Әр шығармасы жүректің қанымен жазылған сұлу саз, мөлдіреп тұрған сылқым наз, үнді ұйқас, әуезді үйлесім. Бұрын ешкімде кездеспеген тосын теңеу, соны тіркес - асқақ рух, бәрі де саф алтындай жарқылдаған інжу-маржан. Ақберен ақын Мұқағали айтқандай: «Қасым деген қалғыған жанар-тау ғой», «Бір күні кетсем ұйықтап оянбаспын» деп тебіренген ақын өмірінің соңғы сағаты соққанға дейін «үлесін мол қармаған» аяулы жан.
«Мен дауылдың ұлымын,
Тұра алмаймын дауылсыз,
Қарсы алуға дайынмын
Соқса да дауыл дамылсыз», - дейді ақын.
Оның мінезі, көңіл–күйі табиғаттың аумалы-төкпелі, кейде жауын мезгіліндей еркін де, ерке. «Солдаттың етігіндей жаны сірі» Қасым «От пен суға түссе де тозбаған». Ақын «жаны жаз, көңілі көктем, кең пейілді, жақсының жүрегіне ғашық». Бауырмал, жаны жайдары, сезімтал. Қасым кеңестік дәуірде өмір сүрген қаламгер. Ұлтын ұлықтап, Сарыарқадай ұлан-байтақ елін, қазақы мінез – ата-баба дәстүрін дәріптеді. Сонау өткен ғасырдың 40-50 жылдары:
-Уа, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы.
Танисың ба, сен мені?!
Мен қазақтың баласы! – деп бүкіл әлемге жар салды. «Ата-бабасы қолына ту алып қорғаған кең даласын» жырлағаны үшін «ұлтшыл» атанды. Кейбір пенделерге налып:
-Дүниеде досты көп көрдім,
Бәріне сендім бөбекше.
Жанымнан алып от бердім,
Болса да бір өлексе, - деп қынжылған кездері де ақын жүрегіне ауыр салмақ болды. Алайда, Қасым мойымады. Шарыққа түскен шарболаттай шыңдала, қайрала түсті.
-Жасырмаймын, жасымнан тентек өстім,
Қайтара алмас бетімді менің ешкім.
Найзағайдай жарқылдап жүрдім талай,
Ортасында дуылдаған төбелестің, - деп қайрат-жігерін қарсы қойды. Туған ел, қазақы мінезді жырлаудан айнымады. Қасымды биікке көтерген, әлемдік деңгейдегі шайырлығын мойындатқан белес-кезеңі соғыс жылдарындағы шабыт шалқары. Оның сол кезеңдегі жазған «Ақын өлімі туралы» дастаны теңдесі жоқ жауһар-жасын, алапат заманның шынайы шындығы. Сол уақыттың зобалаң зардабын бейнелеген лаулаған өрттей жырлары: «Елге хат», «Дариға сол қыз», «Сырбай мен Ғалиға» жазған өлеңдерін тебіренбей оқу әсте мүмкін емес. Ақын өткен азапты жолдар – ел тағдыры, «қара емендей қасарысқан қазақ ақынының» тарих әлеміндегі қасіретті де қастерлі жолы.
- Бір дауыл сапырды кеп өрт теңізін,
Теңселтіп темір топан дүние жүзін
Бетіне туған жердің өшпестей ғып,
Ер жазды өз қанымен жүрген ізін, - деп
Жансызға жан салып, тылсым әлемді сөйлету – сұрапыл соғыстың сойқанын көз алдыңа елестету – хас шебердің қолынан келеді емес пе? Ақын тағы да:
- Күллі әлемнің ашу-кегі,
Орна менің кеудеме кеп.
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да, атыл жүрек....! – деді
Осындай отты жолдар қай ақында бар? Махаббат пен ашынудан серпіліп туған сұрапыл жігер–қайратты өзінің өр кеудесіне лық толтырған жалынды жастық өршіл толғанысында қаншама астарлы да, ажарлы сурет, кестелі көркем келісім бар. Асқақ үн, толқынды тасқын рух пен нәзік сезім өзара үндесіп, үйлесім тапқан. Ғажап сыршылдық бір пәс күйбең тірлікке құл болып, кір шалған жаралы жаныңды сергітіп, таң шығымен жуып тазартқандай... «Жыр керек қай дүниеге, жыр керек қой. Неге ғана өледі ақын адам?!» - деп тебіренген заңғар қаламгер жырлаған сайын жасындай жарқылдап, өрлік, жастық романтика алға жетелейді. Өмірге іңкәрлігі еселене түседі. Ақын достарына жазған өлеңдерінен оның ақындық талғамын, азаматтық тірлігін, бүкіл жандүниесімен түсінуге болады.
- Қатқан мұз көкірегімде қан аралас,
Балқып бір кетті тамып ып-ыстық жас.
От шашқан жанар таудай тебірендім,
Түскендей түсі суық едім, құз тас, - деп Ғали
Сырбай інісіне жазған хатында:
-Мен едім от жүректі Қасым ағаң,
Дүние қасіретіне жасымаған.
Дауыл ғой, дауылдан бір тұрған бойым,
Мен қайтіп іштегі отты жасыра алам, - деп
Бар болмысын тап басып айтады.
Қасым өз өмірін өзі жырлаған шығармасы «Өзім туралы» деп аталады. Жаныңды тебіренткен, жүректі тулатқан сырлы мұңды ұзақ дастанның аяқталмай қалған бастау-бұлағы. Бұл жыр-өсиет арманды азаматтың аманатындай асыл арна, көкіректе өзімен бірге кетіп бара жатқан шерлі толғау. Зерттеуші ғалымдар үшін мол қазына. Қасым тағдыры, бейнетті, сондықтан болар, онда мұң басым, сырлары күйлі, десек те, ол бірде үлбіреген нәзік, бірде тәкәппар, қайсар, қайратты. Майдангер ақын өлімді жеңген батыр ұрпақ өкілі, қаншама қамықса да алдағы күндерден үмітті. Күдігі мен мұңы, ақ тілегі мен сенімі қат-қабат өмірге құштар жан. Қасым өз ортасында әр қырынан таныла білген дарын. Ұлттық аспаптардың бәрінде шебер ойнаған. Әнші-күйші, сазгер-әмбебап өнерпаз. Оның тапқырлығы, ойының ұшқырлығы туралы ел есінде сақталған, көбі баспа бетін көрмеген, тіпті анекдотқа айналған аңыз-әңгімелер де жеткілікті. Абзалы, оның туған жері, қазақ халқына, отанға деген ыстық сүйіспеншілігі әр шығармасында айқын көрініс тапқан. Отаншылдық рух, достыққа адалдық, адами азат пиғыл - бәрі жастық пен махаббат ұшқындарымен ұштасып, астасып, өмір жолдарымен егіз өрілген. Ақынның «өз өмірінен өлең жасап бергені» де шындық. Ақ жүрек, кең пейіл ақынның бүгінгі таңда жырларын тамсанып оқитын «досы да, туысы да» мол. «Қасымнан сый көрген небір сараңдар» да көп. Тілеуқоры, жанашыр бауырлары баршылық. Ат жалын тартып мініп, азамат санатына қосылған шақта тұма жырларын атамекен – туған жерге арнап: «Уа, дариға, алтын бесік туған жер, қадіріңді келсем білмей кеше гөр, Сенде тудым, сенде өстім. Сенде өлсем арманым жоқ, дер едім» деп перзент сағынышын кір жуып, кіндік қаны тамған мөлдір бастауға қарата үздігіп сарқады. «Алыс жүрсем арманым сен аңсаған» деп атамекенге деген сағыныш сазын, ынтызар махаббатын, іңкәр көңілін, пәк сезімін арнайды. Сондай-ақ, «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» деп тамсана жырлап кетті абыз ақын. «Бір күні от өмірім қалса өшіп, қайран ел туған жерден кетпес көшіп» деп, еске алар қайран еліне сенеді.
Талбесігінде тербеткен, ел-жұртты еркелеткен ақынға табиғат анасы дарындық сыйлағанмен ұзақ өмір қиюға тасбауыр сараңдық жасағаны өкінішті–ақ. Қырықтың қырқасына жеткізбей қыра қанатынан айырыпты. Иә, тағдырдың жазуынан азған пенде жоқ. Бейуақта аһ ұрған ақын жанының бұлқынысы мен бұлтарысы, ақжарма сезімнің дауылы мен жалыны, жанданысы мен таңданысы анық артында қалған маржандай төгілген «әсерлі ән–жырлары мен көкнөсер күйлері» болар. Ақын ойын мұң шалса да, нұрлы үміт пен сенімге қол артады. Ол Қасымның исі қазаққа, келер ұрпаққа қалдырған өсиеті деп білсек керек. Адамдар арасындағы қарым-қатынас жайлы айтқан мына бір толғауы да тебіреніске толы. Өмірден өтер шағында: - Адам тегі айуанмен аталас қой. Тіршілікте біреумен ит болып ырылдастық, біреумен қасқыр болып жұлыстық, түлкі болып алдастық. Одан не шықты!!! Оның арты жақсылыққа жеткізген жоқ. Жақсы көретін де, ұнатпайтын да жолдастарым емес. Барлығы да менің досым болып қалса екен. Көрсем көрдім, көрмесем сәлем де! Бұрынғы өкпе–назымды кімге де болсын кештім, - деп бір жолдасына аманат тапсырып, арылып, аттаныпты есіл ер. Бұдан асқан имангершілік, адамгершілік бола ма? Сүйе білген жүрек кешірімпаз деген осы ғой. Жұмыр басты пендеге ой салар өмірлік ұлағат қой бұл.
- Дүниеге келер әлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын,
Өртке тиген дауылдай өлеңімді
Қасымның өзі емес деп кім айтасың?!
Бұл - Қасымнан қалған мұра сөз. «Адамзат сапарының мейманы» күлдіре де, жылата да білді. Ренішін де, қуанышын да ашық айтты. Қасым өсиеті - білгенге парасат өлшемі. Қасым ақын бізбен бірге. Ол ұрпағымен қастерлі жыр тілінде сөйлесіп тұрғандай. Ғафу ақын: «ол халық көңілінің аласармас құзынан, қия шыңынан күле қарап тұр. Әлі, тұра бермек!» депті. Ол - рас сөз. Қазақ барда Қасым бар.