Фольклор

Автор: Пользователь скрыл имя, 16 Декабря 2012 в 10:24, реферат

Краткое описание

«Фольклор» – ағылшын сөзі, «халық даналығы» деген ұғымды береді. Алайда, бұрынғы КСРО-дан басқа өркениетті елдерге «фольклор» кең мағынада түсіндіріледі. Оған халық музыкасын, халық биін, халық өнерін, халық театрын, халық әдебиетін, халық қолөнерін, ырымдармен ғұрыптарды, салттар мен нанымдарды жатқызады. Сол себепті ол елдерде «фольклор» сөзімен қатар көбінесе «этнография» сөзін қолданады, ғылымын «этнология» дейді. Ал, бұрынғы КСРО-ны және социалистік лагерлерьді құрған елдерде «фольклор» терминімен тек халық әдебиетін, дәлірек айтқанда, халықтың ауызша туып, ауызша орындалатын шығармашылығын атау орныққан.

Файлы: 1 файл

Фольклор.doc

— 35.50 Кб (Скачать)

«Фольклор» – ағылшын сөзі, «халық даналығы» деген ұғымды береді. Алайда, бұрынғы КСРО-дан басқа өркениетті елдерге «фольклор» кең мағынада түсіндіріледі. Оған халық музыкасын, халық биін, халық өнерін, халық  театрын, халық әдебиетін, халық  қолөнерін, ырымдармен ғұрыптарды, салттар мен нанымдарды жатқызады. Сол себепті ол елдерде «фольклор» сөзімен қатар көбінесе «этнография» сөзін қолданады, ғылымын «этнология» дейді. Ал, бұрынғы КСРО-ны және социалистік лагерлерьді құрған елдерде «фольклор» терминімен тек халық әдебиетін, дәлірек айтқанда, халықтың ауызша туып, ауызша орындалатын шығармашылығын атау орныққан. Бұл дәстүр ХIХ ғасырдың екінші жартысында Ресейде, ХХ ғасырда соған қараған халықтардың ғылымында орын тепті.Қазақ ғалымдары да осы үрдісті қолдап, фольклорға халық әдебиетін (ақындар поэзиясын да) жатқызу дәстүрін енгізді де, екі атауды аралас қолданып келеді. Бірақ «халық әдебиеті» деген атау әлем қабылдаған «фольклор» ұғымын толық бере алмайды. Мысалы, көркемдігі нашар, өнер деңгейі жоқ ауызша орындалатын шығармалар толық мағынада сөз өнері, яғни, әдебиет бола ала ма? Сол сияқты алуан түрлі ырымдар, салттар мен нанымдар, бата, алғыс, қарғыс, арбау, жауын шақыру, күн жайлату, жарапазандар өз мағынасындағы әдебиет бола қоймас. Ендеше, «халық әдебиеті» дегеннен гөрі, өркениетті мемлекеттер қолданатын «фольклор» терминін қабылдап, орнықтыру жөн сияқты. Ал, «халық әдебиеті» ұғымын синоним ретінде көркем фольклорды, яғни, өнер қасиеті бар шығармаларды сипаттау үшін қолданған орынды болмақ.

 Фольклор  – синкретті, көпфункциялы руханият. Ол әрі танымдық, әрі эстетикалық қызмет атқарады. Фольклор – ежелгі дүниетаным және көне мәдениет, әрі мұра. Фольклор – көп заманның, бірнеше дәуірдің, әр түрлі қоғамның жемісі, сондықтан, ол көпқатпарлы, көпсатылы, көпмағыналы және көпқырлы. Ежелгі замандарда пайда болған ырымдар мен ғұрыптар, діни ұғымдар мен мифтер, — бір жағынан, фольклор, өйткені, олар сол тұстағы адамдардың ауызша шығарып айтқан әңгімелері және іс жүзінде атқарған ырым-кәделері. Бұл тұрғыдан қарағанда, олар- екінші жағынан, сол дәуір қоғамының мәдениеті, себебі сол замандағы адамдар атқарған ырым-кәделер мен әңгіме-мифтер сол қауым үшін мәдени рөл де атқарды. Үшінші жағынан, әр түрлі ырымдар, ғұрыптар, діни нанымдар мен мифтер алғашқы қауым адамының дүниені танып-білу процесінде қалыптасқан руханият еді. Олар, — түптеп келгенде, сол көне дәуір адамдарының дүниетанымы еді.

 Фольклор  – сөз өнері. Өнер болу үшін  ең әуелі көремдік қасиет және  орындаушы мен тыңдаушы болу  керек. Қазақ қоғамында фольклор  осы үш шартты түгел орындаған, тіпті, одан да кең ауқымды қамтыған. Фольклор – әрі әдебиет, әрі театр рөлін атқарды, оның шығарушылары әрі орындаушылары – жыршы мен ақындар, сондай-ақ, тыңдаушылар мен көрермендері болды. Бұл процесте ол ежелден келе жатқан ұғымдар мен нанымдарды, мифтер мен басқа да ескі жанрларды пайдаланып, оларға басқа сипат дарытты, эстетикалық міндет артты. Сөйтіп, алғашқы қауымға тән мифтік сананың жемісі көркем құралға айналды, бейнелілікке және метафораға негіз болды. Осы жолда көркемдік шарттары қарапайымдылықтан күрделілікке ойысты, саналы, мақсатты қиял пайда болып, ғажайыптық сипат алды. Көркем фольклорлық жанрлар туып, қалыптасты, ертегілер, жырлар, дастандар, ең алдымен, эстетикалық, сейілдік, содан соң тәжірбиелік, т.б. мақсат тұтты.

 Сонымен, фольклордың өзіндік табиғаты оның теориясына да өзгеше сипат береді. Фольклор теориясы, ең алдымен, оның әр кезде атқаратын әртүрлі қоғамдық-тұрмыстық міндеті мен танымдық, тәрбиелік және эстетикалық функцияларынан, мақсаттарынан туындайтын мәселелерді қарастырады. Фольклордың тарихын дәуірлеудің өзі мейілінше шартты, өйткені, оның жеке бір шығармасы дәл қай уақытта туды деп қарастыруға әсте болмайды. Фольклордың ең алғашқы нұсқалары қандай болғанын нақтылап анықтау да, сипаттау да қиын. Оның себебі, — біріншіден, адамзаттың ерте замандағы рухани мұрасы бізге сол күйінде жеткен жоқ; екіншіден, ежелгі дәуірдегі руханият бүгінгідей сала-салаға бөлінбей, біртұтас синкретті дүние болған, оның құрамында ырымдар мен ғұрыптар, діни нанымдар мен жәй әңгімелер, мифтер мен арбау, жалыну, жалбарыну, алғыс, қарғыс сияқты алуан түрлі ұғымдар мен нанымдар, түсініктер мен іс-әрекеттер аралас, бір-бірінен ажыратуға келмейтін рухани әлем болған. Сол себепті біз рулық замандағы мәдениет (фольклор ғана емес) деп жиынтық мағынада айтамыз. Осы мәдениеттің, сол арқылы кейбір жанрлардың шығу мезгілін шамалап анықтауға болады. Тарих пен этнология, фольклортану ғылымдарының дәлелдеуі бойынша, адамзаттың рухани мәдениеті есте жоқ ерте заманда орныққан рулық, тайпалық қауымда пайда болғанға ұқсайды.

 Рулық  заманда пайда болған рухани  мәдениеттің бір саласы – халықтық  білімі мен халықтық өнері.  Кең мағынада алғанда, бұлар  фольклордың түрлері болып саналады. Сондықтан да, әлемдік фольклортануда  оларды музыкалық фольклор, пластикалық фольклор, халықтың қолөнері, халық биі деп атау орныққан. Фольклордың бұл түрлері, сондай-ақ, халық астрономиясы мен календары, қарапайым математика мен механика, халықтық медицина мен мал емдеу ісі, сөз жоқ, өмір тәжірбиесінен туындаған құндылықтар. Аңшылық құрған, мал баққан, егіншілікпен шұғылданған, көшіп-қонып жүрген жұрт табиғаттың алуан сырын, ауа райын, жұлдыздардың жылжу ретін үнемі қадағалап, біліп отырған. Сондықтан олар аспан шырақтары туралы, төрт түлік малдың ерекшеліктері жөнінде, дәнді дақылдардың айырмашылықтары жайында тәжірибелік білім қалыптастырған және неше түрлі әңгіме-жыр шығарған. Халықтың қарапайым математикасы да, механикасы да – күнделікті тіршіліктің қажеттілігінен туған руханият. Малдың есебін білу, жорыққа шығарда адам санын анықтау – халық математикасының негізін құраса, киіз үйді жасау, оны тең-тең етіп, түйеге, көлікке арту, көліктің өзін оңтайлы етіп жасау – қарапайым механиканың түрі. Ендеше, халық қолөнері – фольклордың әрі утилитарлық, әрі эстетикалық қызмет атқаратын түрі.

 Сонымен,  рулық замандағы мәдениет –  ұзақ уақыт бойы қалыптасқан  руханият. Оның салалары мен түрлері  көп. Олар бір бірімен тығыз  байланыста, біртұтас, синкретті жүйе  қалыбында дамып, қоғамның, ой-сананың  жетілуіне сәйкес қарапайымдылықтан көркемділікке қарай күрделі де қиын жолдан өтті.

 Сонау  сақтар заманында туып, кейінгі  дәуірлерге жеткен фольклорлық  шығармалар миф түрінде, аңыз  ретінде ертедегі гректер мен  қытай жазбаларында орын алғанының  арқасында бізге жетіп отыр. Олардың  сюжеттері мен кейіпкерлерінің іс-әрекеттері кейінгі уақытта туған жырлар мен ертегілерде, аңыздауларда көрініс тапқан.

 ХХ ғасырдың 70- жылдарынан бастап фольклор  көркемөнерпаздар үйірмелері, отбасылар  ансамблі, халықтық театрлар түрінде  де көрініс бергені. Олардың репертуарында дәстүрлі фольклормен қатар, әдеби шығармалар да, әуесқой сазгерлер шығарған ән-күйлер де орын алды.

 Қазіргі  таңда ескі халық әндері мен  күйлері де, қолөнер бұйымдары  да жаңа сапада көрінуде, сөйтіп  олар елдің бүгінгі мәдени  қажеттігін өтеп отыр. Әндер мен күйлер жаңаша аранжировкаға түсіп, ұлттық музықалық аспаптар мен техникалық құралдардың қосындысы арқылы соны саздық әуенге, ырғаққа, эстетикалық мәнге ие болды.

 Бізге  жеткен фольклор – жанр жағынан  бай, көркемдігі жағынан кемелденген,  әр алуан қызмет атқаратын рухани мұрамыз және күнделікті тіршілігімізде қолданыста болып, мәдени қажеттігімізді атқарып жүрген ұлттық өнеріміз. Бүгінгі заманға ол көп түрлі, көп сатылы руханият ретінде жетіп отыр. Оның біраз түрі есте жоқ ескі заманда туса, ендігі бір тобы кейінгі дәуірлерде пайда болған. Олар ұзақ тарихи даму жолында бір бірімен араласып, тоғысып, сіңісіп кеткен, сондықтан, олардың әрқайсысын жеке бөліп алып, тек соған ғана тән белгілерді анықтау оңай емес. Сол себепті, ғылымда фольклордың тарихы, оның жанрлық құрамы дегенде басты критерий етіп фольклорлық шығармада белгілі бір дәуірдің шындығымен қатар, санасы, ұғым-түсінігі, наным-сенімі қандай дәрежеде көрсетілетінін, қаншалықты сақталғанын, шығарманың көркемдігі қай дәрежеде екендігін және оның қандай мақсатпен орындалатынын айтады.

 Сонымен  ойымызды қорыта келгенде, жаңа  дәуірде «қазақ фольклоры» нағыз  көркем өнер болып қалыптасып, бізге классикалық мұра, әрі өнер  түрінде жетіп, бүгінгі мәдениеттің  бір бөлігі ретінде өмір сүруде, қоғамға қызмет етуде.


Информация о работе Фольклор