Антропогендік
жер бедері – адамның іс-әрекеті нәтижесінде
өзгерген жер бедерінің пішіні. Оған палеолит, мезолит дәуіріндегі адамдардың тұрақтары, шеберханалары, аңшылық кәсібі кезінде қалдырған
апандары, шұңқырлары мен үңгірлері, т.б.
жатады. Қазіргі кезде Жер шарындағы құрлықтың
46 – 50%-ынан Антропогендік жер бедері байқалады.
Мұндай жер бедері бейберекет және жоспарлы
түрде қалыптасады. Бейберекет Антропогендік
жер бедері адамдардың ауыл шаруашылығын, орманшаруашылығын игеру, тау-кен
өндірісі, жол салу әрекеттері, сондай-ақ
әскери іс-қимылдарының беталды жүргізілуі
нәтижесінде пайда болса, ал жоспарлы
Антропогендік жер бедері қоғамның мақсатына
сәйкес, шаруашылық және әлеуметтік-тұрмыстық
(азаматтық, өнеркәсіптік, әскери және
инженерлік құрылыстар, т.б.) қажетінен
пайда болады. Антропогендік жер бедері
оң (үйінді, дамба, бөгет, т.б. жасау) және теріс (каналдар,
ойыстар мен ұңғымалар, бөгендер, суландыру
жүйесі, карьерлер, т.б.) болып бөлінеді.
Мұндай жер бедерлері табиғи ландшафтты
бұзады. Қазақстанның басым бөлігінде
Антропогендік жер бедері байқалады. Оған
мыңдаған км-ге созылған темір жол бойындағы
үйінділер, тереңд. 700 м-ге жететін (Сарыбай, Қашар, т.б.) және аумағындағы ондаған
км2 болатын (Богатырь, Северный, т.б.) ірі
карьерлер жатады. Антропогендік әрекеттер
келешекте Каспий теңізінің су асты бедеріне
әсерін тигізуі мүмкін. Теңізде аумағы
5 – 7 мың м2 болатын жасанды аралдар жасау жоспары осыны аңғартады.
Жер бедері , рельеф (франц. relіef, лат. relero — көтеремін
деген сөзінен шыққан) — жер бетіндегі құрлықтардың, мұхиттар мен теңіздер түбінің тілімденген пішіндерінің
жиынтығы. Жер бедері тау, жазық, ойпат, таулы
үстірт, төбе, қырқа, аңғар, жыра, т.б. болып келеді. Жер бедері
эндогендік (ішкі) және экзогендік (сыртқы)
күштердің ұзақ уақыт бойы әсер етуі нәтижесінде
пайда болады. Әрбір аймақтың бедері оның геологиялық
құрылысына, ішкі және сыртқы процестердің
біреуінің басым болуына байланысты. Жер
бетінің бұдырлылығы әр түрлі болуы мүмкін,
сондықтан мөлшеріне (масштабына) қарай
Жер бедерін планеталық пішінді (құрлықтар,
мұхит табаны) мегапішінді (тау жүйелері, аумақты
жазық жерлер, мұхит
ойпаттары), макропішінді (жоталар, тауаралық аңғарлар), мезопішіндер
(төбелер, аңғарлар, сай-жыралар), микропішіндер (шұқанақтар, дала бидайықтары) және нанопішіндер (түбіршіктер,төбешіктер) деп бөледі. Осы заманғы Жер
бедері шамамен бұдан 150 млн. жыл бұрын
қалыптасқан. Қазіргі кезде бүкіл құрлықтардың
55%-і таулы және 45%-і жазық өлкелер. Жер
бедерін геоморфология ғылымы зерттейді.