Автор: Пользователь скрыл имя, 24 Ноября 2011 в 15:03, реферат
Жылдың аяғына дейінгі жағдайды болжау қиын, бірақ таяу арадағы кезеңге көз жүгіртіп қарасақ, тұрақтылық сақталады. Ұлттық банк рынокта ірі ойыншы ретінде қалып отыр, бірақ теңгеге айтарлықтай қысым болмағандықтан, долларды белгілі бір дәлізде ұстап тұру үшін ешқандай әрекет жасап отырған жоқпыз. Әр айдың ішінде біз долларды сатып аламыз. Мысалы, маусымның соңына дейінгі жағдай бойынша 5 миллиардтан астам доллар сатып алдық. Бұл біріншіден, өткен жылғы тамыз-қыркүйек айларында төмендеген біздің резервімізді толықтыруға, екіншіден, Ұлттық қорға аудару үшін айтарлықтай үлкен соманы конвертациялауға мүмкіндік берді. Жалпы алғанда, теңге бағамын ұстап тұрудағы Ұлттық банктің қатысы өте аз екендігін тағы да қайталап айтамын. Біз теңгенің еркін айырбас бағамының режимін ұстанамыз, яғни теңгенің номиналды бағамының шетелдік валютаға қатысты өсуі ішкі валюта рыногындағы сол валютаға деген сұраныс пен ұсынысқа тәуелді айқындалады. Ұлттық банк теңгенің айырбасталым бағамы бойынша қандай да бір бағдарды ұстанбайды, тек айтарлықтай инфляция мен қаржы рыногындағы тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін өзгерістерге мән береді. Шетел валюталарына қатысты теңгенің бағамы әлемдік валюта және тауар рыноктарындағы жағдайларға, экспортерлердің валюталық табыстарынан алынған түсімдерге, қазақстандық банктердің сыртқы заемдарының көлемі мен басқа да ішкі және сыртқы факторларға тәуелді. Бұл орайда, бір факторлар теңгенің нығаюына, екіншісі - босаңсуына ықпал етеді.
Банк секторындағы жағдайдың жағымсыз өріс алу ықтималдығы өте төмен ? Ә.Сәйденов
АЛМАТЫ. Шілденің 11-і. ҚазАқпарат /Данияр Сиқымбаев/ - Банк секторының ағымдағы жағдайы мен елдің қаржы саласының бірінші жартыжылдықтағы дамуының қысқаша қорытындылары жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Әнуар Сәйденов әңгімелейді. - Жыл басынан бері теңгенің АҚШ доллары бойынша бағамы бір қалыпты қалып отыр. Ұлттық банк теңгенің айырбастау бағамын тұрақтандыру үшін қандай шаралар қолданды? - Шынында да, 2007 жылдың қарашасынан бастап ішкі валюта рыногындағы жағдай тұрақты күйде қалып отыр және теңгенің номиналды бағамы да тар дәлізде ? АҚШ доллары үшін 120-121 теңге болды. Жылдың аяғына дейінгі жағдайды болжау қиын, бірақ таяу арадағы кезеңге көз жүгіртіп қарасақ, тұрақтылық сақталады. Ұлттық банк рынокта ірі ойыншы ретінде қалып отыр, бірақ теңгеге айтарлықтай қысым болмағандықтан, долларды белгілі бір дәлізде ұстап тұру үшін ешқандай әрекет жасап отырған жоқпыз. Әр айдың ішінде біз долларды сатып аламыз. Мысалы, маусымның соңына дейінгі жағдай бойынша 5 миллиардтан астам доллар сатып алдық. Бұл біріншіден, өткен жылғы тамыз-қыркүйек айларында төмендеген біздің резервімізді толықтыруға, екіншіден, Ұлттық қорға аудару үшін айтарлықтай үлкен соманы конвертациялауға мүмкіндік берді. Жалпы алғанда, теңге бағамын ұстап тұрудағы Ұлттық банктің қатысы өте аз екендігін тағы да қайталап айтамын. Біз теңгенің еркін айырбас бағамының режимін ұстанамыз, яғни теңгенің номиналды бағамының шетелдік валютаға қатысты өсуі ішкі валюта рыногындағы сол валютаға деген сұраныс пен ұсынысқа тәуелді айқындалады. Ұлттық банк теңгенің айырбасталым бағамы бойынша қандай да бір бағдарды ұстанбайды, тек айтарлықтай инфляция мен қаржы рыногындағы тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін өзгерістерге мән береді. Шетел валюталарына қатысты теңгенің бағамы әлемдік валюта және тауар рыноктарындағы жағдайларға, экспортерлердің валюталық табыстарынан алынған түсімдерге, қазақстандық банктердің сыртқы заемдарының көлемі мен басқа да ішкі және сыртқы факторларға тәуелді. Бұл орайда, бір факторлар теңгенің нығаюына, екіншісі - босаңсуына ықпал етеді. Егер бұл факторлардың барлығын салмақтап көрсек, теңгенің АҚШ долларының бағамына деген күрт өзгеруі үшін себеп жоқ. Шетел валюталары ішкі валюта рыногына ұсынылған шетел валютасын және тиісінше теңгенің тұрақты бағамын қамтамасыз ете отырып, жеткілікті көлемде түсуін жалғастыруда. Мысал келтірейік, маусым айының соңында «Альянс Банк» төлем жасау үшін доллар сатып ала бастады, нәтижесінде валютаға қосымша сұраныс пайда болды. Бірқатар сатушылар осыны пайдаланып, бағамды көтерді. Сондықтан да маусым айының аяғында орын алған доллардың теңгеге қатысты бағамының нығаю үрдісі сұраныстың артуымен байланысты болды. Біздің металл, астық, мұнай өнімдерін экспорттаушыларымыз көріп отырған табыстарды ескеретін, валюта ағымын ескеретін болсақ, жағдай тұрақты болып қала береді және алдағы 2-3 айда теңге бағамы өзгермейді деп ойлаймын. - Биылғы жылы инфляция 7,9 пайыз бен 9,9 пайыз аралығында болады деп күтілуде. Инфляцияның жылдық көрсеткішінің негізгі құлдырауы жаз айының соңынан бастап болжана бастайды. Ұлттық Банктің болжамы сол деңгейде қала береді ме? - Иә, 2008-2009 жылдарға арналған Ақша-несие саясатының негізгі бағыттарына сәйкес Ұлттық банк, 2008 жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 7,9-9,9 пайыз шегінде қалыптасады деп болжап отыр. Және осы болжам бұрынғы деңгейде қала береді. Дегенмен маусым айының көрсеткіштері бізді қуантып отырған жоқ - инфляция 1,2 пайызды құрады. Бағаның өсуіне негізгі үлесті бұрынғысынша азық-түлік өнімдері қосып отыр - былтырғы жылғы кезеңмен салыстырғанда, ағымдағы жылдың маусым айындағы өсім 29 пайыздан астамды құрап отыр. Алаңдатып отырғаны ? маусымдық трендтердің өзгеруі. Бұл жағдай былтыр қалыптасқан, биыл да көрініс қайталанып отыр. Әдетте жаз айында бізде, ең жоқ дегенде, азық-түлік тауарларының бағасы тұрақтанады, бұл негізінен көкөніс пен жеміс бағаларының арзандауымен байланысты. Бірақ осымен, екінші жыл бұл үрдісті байқай алмай отырмыз, бұл жақсы емес. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, инфляция 5,7 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш, 2008 жылдың соңына дейін ешқандай шектен тыс жағдай орын алмаса, инфляцияның болжалды диапазон шегінде қалатындығына үміт береді. 2008 жылы тұтынушылық рыноктағы ахуал орнықты болып отырғандықтан, Ұлттық банк жақын арада инфляция бойынша болжамды қайта қарауды жоспарлап отырған жоқ. - Инфляцияны төмендету үшін ел Үкіметі мен реттеуші органдар қандай шаралар қабылдауда? - Инфляцияны реттеу үшін 2008 жылы бірқатар нормативтік құжаттар әзірленді. Атап айтқанда, наурыз айында - Қазақстан Республикасындағы инфляциялық үдерістерді реттеу жөніндегі 2008-2009 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары қабылданды. Құжатқа сәйкес, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар Қазақстандағы инфляцияның себептеріне талдау жұмыстарын, инфляциялық үдерістерге мониторингтер жүргізуде. Негізгі күш-жігер халық тұтынатын тауарлар мен қызметтердың негізгі тобына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге, ішкі рынокты бірінші кезектегі қажетті тауарлармен толықтыру жөніндегі шараларды қабылдауға, алақол бәсекелестіктің, рынокта өзінің басымдылық жағдайын теріс пайдаланушы субъектілердің жолын кесуге, өнім өндірушілер мен тұтынушылардың арасындағы арағайындарды қысқартуға бағытталуда. Үкіметтің инфляцияға қарсы саясатының аясында 2008 жылы сондай-ақ, астық экспортына тыйым салынды, өсімдік майлары мен тоңмайлардың, күріштің қорын толықтыру жөніндегі шаралар жүргізілді. Үкіметтің ағымдағы жылдың мамыр айында мұнай экспортына енгізген кедендік баж салығы жанар-жағармай материалдарының қазақстандық рыногындағы жағдайды орнықтыруға сеп болуы керек. Оған қоса, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауына берілген тапсырмаларға сәйкес, Ұлттық банк 2008 жылы Үкіметпен бірлесе отырып елдегі бағаны тұрақтандыруды қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шараларды жоспарлауда. Әлемдік экономика баяулаған және бірқатар экспорттық тауарлардың бағасы төмендеген жағдайда жүзеге асырылатын тұрақтандырушы іс-қимылдардың жедел жоспары талдап жасалынды. Ұлттық банк өз тарапынан 2008-2009 жылдарға арналған ақша-несие саясатының негізгі бағыттары аясында қаржы секторын қолдау және бағаның тұрақтануын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылдауда. Қысқа мерзімдік ноталар (құнды қағаздар) шығару, банктерден депозиттер тарту, қайта қаржыландыруға заемдар беру - қаржы рыногындағы сыйақы ставкаларын реттеу мен банк ликвидтілігінің (төлем қабілеттілігінің) негізгі операциялары болып табылады. Ұлттық банк мемлекеттік құнды қағаздардың кепілдемесімен қайтарма РЕПО операциялары түрінде банктерге қайта қаржыландыру заемдарын беруді жалғастырады. Қажет болған жағдайда қаржы рыногының орнықтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар күшейтіледі. Бұл жағдайда Ұлттық банк қомақты көлемдегі тікелей ұзақ мерзімдік көмек беруден қалыс қалады. - Екінші деңгейдегі банктер бүгінгі күнгі жағдай бойынша жылдық сыртқы міндеттемелерінің қанша пайызын өтеп болды? Олар өздерінің барлық міндеттемелерін биыл еш іркіліссіз өтей алады ма? ? Ағымдағы жылы банктер 17 миллиард АҚШ долларын өтеуі керек. Бірінші жартыжылдықта жасалған сома алдын-ала есептеулер бойынша 10,5 миллиард долларды құрап отыр, оның ішіне міндеттемелер бойынша сыйақылар да кіреді. Бұл саладағы жағдай бақылауда, бірде-бір банк дефолтқа жол берген жоқ. Төлемдердің көпшілігін біздің банктеріміз 1-2 күн ертерек төлеп отырды. Ең ауыр кезеңнен өттік деп санаймыз. Ликвидтілікпен байланысты жалпы жағдай мен сыртқы міндеттемелерді өтеу үшін қажетті құралдармен байланысты жеке жағдай - қанағаттанарлық. Жылдың екінші жартысы мен келесі жылдың оңай болмайтындығына қарамастан, ешқандай іркілістердің болмайтындығына сенімдімін. Біздің банктеріміз мұның маңызды екенін түсінеді. Сыртқы төлемдер бойынша сәл ғана кідіріс жеке банктің ғана емес, жалпы банк жүйесінің, қаржы жүйесі мен экономиканың жұмысына нұқсан келтіреді. - Ұлттық банк жақында қайта қаржыландыру ставкасын төмендетті. Осы қадамға түсіндірме бере кетсеңіз? - Қайта қаржыландыру ставкасын төмендетудің екіжақты мақсаты болды. Бір жағынан, біз мұның жанама индикатор екенін түсінеміз, бірақ, соған қарамастан, оның экономикадағы ақшаның құнына, банкаралық нарықтағы ставкалардың қалыптасуына белгілі бір әсер ететіні анық. Нәтижесінде қайта қаржыландыру ставкасы несиелердің қарыз алушыларға қандай ставкамен берілетіндігіне де әсер етеді. Сондықтан да, банктердің іскерлік белсенділіктері мен несиелік қарекеттерін қолдау үшін осынау ставканы төмендетуге барып отырмыз. Екінші жағынан, бұл қадам қандай инфляция күтуге болатындығы туралы белгі береді. Біз өз болжамымызды өзгертпейтімізді сөз басында айтқан едім, қайта қаржыландыру ставкасының төмендетілуі осының айғағы. Ол нақты есеп бойынша оң көрсеткіште болуы керек, яғни инфляциядан жоғары, бірақ та, дегенмен, оның көрсеткіштеріне жақын болуы керек. ? Қазақстанның банк жүйесінің ағымдағы жағдайы мен әрі қарай дамуын қалай бағалар едіңіз? Өткен жылдың жаз-күз айларындағы дағдарыстан кейін отандық қаржы жүйесі сауыға алды ма? Standard & Poor's агенттігі жақында өз баспасөз баянында, қазақстандық банктердің активтерінің сапасы анықтаушы рейтингілік фактор бола бастағанын мәлім еткен болатын. - Бастапқы есеңгіреу мен оның салдарын аман-есен жеңдік. Бірақ бұл, барлық проблема шешілді деген сөз емес. Ағымдағы жағдай дамыған сай, сол рейтингілік агенттіктер кеңес жүргізетін жаңа міндеттер туындап отырады. Реттеуші органдардың превентивті шараларының нәтижесі бойынша ликвидтіліктің әлемдік дағдарыс проблемасы банк жүйесінің негізгі көрсеткіштеріне қатты әсер ете қойған жоқ. Атап айтқанда, 2007 жылдың тамыз-желтоқсан айларында банк секторының активтері 4,3 пайызға, ал жыл бойынша ? 31,7 пайызға өсті. 2008 жылдың қаңтар-мамыр айларында активтердің өсімі 2,2 пайызды құрап, 11 938,0 миллиард теңгеге дейін жетті. Екінші деңгейдегі банктердің өз капиталдары бойынша да осындай жағдай қалыптасып отыр. 2007 жылдың тамыз-желтоқсан айларында банк жүйесінің өз капиталының көлемі 11,7 пайызға дейін, ал жыл бойына ? 52,5 пайызға дейін өссе, ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында 6,4 пайызды құрап, 2008 жылғы маусымның 1-індегі жағдай бойынша 1893,5 миллиард теңгеге жетіп отыр. Ликвидтіліктің әлемдік дағдарысы жағдайында банктерге депозиттердің қомақты ағымы тоқтады, әсіресе алғашқы айларда. Дегенмен, «ес жиналғаннан» кейін, 2007 жылдың қараша айынан бастап депозиттер көлемінің өсуі жанданды. 2007 жылдың соңғы 5 айында депозиттердің өсімі 2 пайызды құраса, жылдық өсім 26 пайызды құрады. Ал 2008 жылдың қаңтар-мамыр айларында депозиттер тағы 12,2 пайызға өсіп, маусымның 1-індегі жағдай бойынша 4366,7 миллиард теңгеге жетті. Банк жүйесіндегі қиын жағдай басталғалы бері рейтингілік агенттіктер негізгі назарларын сыртқы төлемдерге аудара бастады. Төлемдердің кестесіне «үңіліп қарап», біздің банктердің төлемдерді қайтару көрсеткішіне және ликвидтілікпен байланысты ахуалға назар аударды. Ликвидтілікпен байланысты жағдайдың бақылауда екендігі және сыртқы төлемдермен ешқандай проблеманың болмайтындығы айқындалып отырғандықтан, рейтингілік агенттіктер енді назарларын несиелік қоржынның сапасына аударып отыр. Бұл - заемшылардың несиенің уақытын өткізіп алумен байланысты үмітсіз несиелер. Мұндай проблемалар бар және Қаржылық бақылау агенттігі айтып отырған тренд - айқын: ешқандай проблема жоқ стандартты несиелердің үлесі төмендеп, күдікті, үмітсіз несиелердің үлесі артып келеді. Бірақ мұның барлығы ақылға сыятын аралық шегінде орын алуда. Мысалы, мамыр айының соңындағы жағдай бойынша үмітсіз несиелердің пайызы жалпы несие қоржынының 2 пайыздан сәл ғана астамын құрап отыр. Бірақ та Қаржылық бақылау агенттігі банктерден жұмыссыз тұрған несиелердің есебінен резервтер құруды талап етуде және біздің банктердегі қор осы мақсат үшін тиімді. Бұл мәселенің Қаржылық бақылау агенттігінің және басқа да мемлекеттік органдардың назарында екенін ескере отырып, белгілі бір шаралардың жүзеге асырылу ықтималдығын жоққа шығармаймын. Рейтингілік агенттіктер бұл саладағы жағдайдың да қалыпты екенін көргеннен кейін, өз назарларын басқа проблемаларға аударатын болар. Мысалы, ликвидтілік жағдайы жақсы бірқатар банктер, рейтингілік агенттіктер мен инвесторлардың олардан кіріс туралы сұрай бастағанын айтып отыр. Сондықтан да, банктер шешуі керек мәселелер әрқашан болады, бірақ банк жүйесі бойынша кіріс мәселесі біз үшін оңтайлы мәселе. Өткен жылдың тамыз айында қалыптасқан жағдаймен салыстырғанда, қазіргі жағдайдың оң жақтары неде? Ол кездегі жағдай кенеттен орын алды, АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыс аяқ асты пайда болып, біздің банк жүйемізге қатты соққы берді. Енді ондай «күтпеген теріс жағдайларды» күтуге негіз жоқ. Менің айтпағым, отандық қаржы жүйесіне теріс ықпалын тигізуі мүмкін бағыттарды біздің білетіндігіміз - олар ликвидтілік, несиелік қоржынның сапасы, кіріс мәселесі. Осынау теріс құбылыстарды жеңу үшін, банкирлер мен акционерлердің қандай бағытта жұмыс істеу керектерін біз біліп отырмыз. Және реттеуші органдардың да қай мәселеге назар аудару керектігін білеміз. Осы тұрғыдан алғанда, жағдай оңай емес, бірақ айқын, белгісіздіктен гөрі осы дұрыс. - Қиындықтарға ұшыраған банктердің капиталдарына мемлекеттің қатысуына мүмкіндік беретін «Қаржылық жүйенің орнықтылық мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қандай баға берер едіңіз? Бұл елдің банк жүйесінің дамуына деген Үкіметтің пессимистік көзқарасын көрсетпей ме? - Мен осы жерде жағдай «өте нашар, сол себепті Үкімет нарыққа белсенді түрде кіріп, «проблемалы» банктерді сатып алмақ» деген сыңайдағы бір пікірге түсініктеме бере кеткім келеді. Бұл пікір нақты шындықпен еш қабыспайды. Ал заң жобасы белгілі бір қаржы институтында жағдай шатқаяқтап бара жатқан кезде қолданылуы мүмкін қадамдарды заңнамалық тұрғыдан рәсімдеуге байланысты. Мемлекеттің банк акцияларын толық немесе бөлшектеп сатып алуы антикризистік басқару құралы болып табылады, мұндайда ұзақмерзімді қаржыландыру жүзеге асырылады. Мемлекеттің осылай, яғни қаражат бергеннен гөрі, банк капиталына тікелей қатысу арқылы араласуы банк секторындағы жүйелі проблемалар өзінің асқыну шегіне жеткен жағдайларда, ал оның соңы тұтастай экономика үшін орасан зор тежеліске, әлеуметтік салдарларға әкелетіндей болған кездерде ғана қолданылады. Мемлекеттің банк капиталына қатысуы бойынша тікелей заңнамалық шектеу бұрын да болған емес. Жалпы, өзге мәселелерді былай қойғанда, қаржылық тұрақтылық мәселелері жөніндегі заң жобасы мемлекеттің «проблемалы» банк капиталына қатысуын реттеуді, сондай-ақ жекелеген банктің орнықтылығы нашарлау үдерісі байқалған кезде дер кезінде және жедел араласу үшін реттеуші органдардың құралдарын күшейтуді көздейді. Егер жағдай нашарлай бастаса, қолда заңнамалық және процедуралық мүмкіндіктердің барлығы болуы керек. Өйткені болары болып, бояуы сіңген кезде заң қабылдау кеш болады. Негізінде, теориялық тұрғыдан жағдайдың теріс өріс алу ықтималдығы бар, бірақ іс жүзінде оның ықтималдық пайызы өте төмен, тіпті мүмкін емес деп ойлаймын. Мемлекеттің түрлі жұмыс топтарының аясында антикризистік (дағдарысқа қарсы) құралдарды әзірлеуі қаржы заңнамасындағы әрқилы проблемалық мәселелерді осы тектес заң жобасын енгізу жолымен еңсеру қажеттігін туындатты. Үкімет пен реттеуші органдар кез-келген, соның ішінде жағдайдың асқыну үдерістеріне дайын болуы тиіс, ал мұндай мәселелерді шешу үшін ең кемінде түрлі заңнамалық кедергілер болмауы керек.
Информация о работе Банк секторындағы жағдайдың жағымсыз өріс алу ықтималдығы